Қызылорда облысының жер – су атаулары қызылорда, 2013 жыл сыр елі қызылорда облысы



бет11/14
Дата23.10.2016
өлшемі2,27 Mb.
#63
1   ...   6   7   8   9   10   11   12   13   14

Қалғандария – елді мекен. Қалғандария атауының мағынасы: «Сырдария өзенінің бөлініп қалған тармағы, бөлігі», сол себептен Қалғансу, Қалғандария деп аталса керек.

Қалжан ахун – ауыл, өзімен аттас ауылдық округтің орталығы. Тереңөзек кентінен оңтүстік-батысқа қарай 37 км жерде, Сырдария өзенінің сол жағалауында, сарсазан, қарабарақ, бұйырғын, баялыш, т.б. сораң шөптесін өскен қуаң шөлді белдемде орналасқан. 1967-97 жылдары күріш өсіретін Ильич атындағы кеңшардың орталығы болып келді. 1997 жылдан бастап Мәлібаев атындағы кеңшардан бөлініп шықты.

Қалжан ахун мешіті – сәулет өнерінің ескерткіші. Діни ғұлама Қалжан ахун Бөлекбайұлы салдырған. Іргетасы 1902 жылы қаланған. 1922-30 жылдары алғашқыда «Ақжол» мектеп-интернаты, кейін жеті жылдық мектеп болды. 1937 жылы кеңес белсенділері бұзған. 1989 жылы мешіт облыстық тарих және мәдениет ескерткіштерін қорғау қоғамының есебіне алынған. Қазір Жалағаш пен Сырдария аудандарының тұрғындары қамқорлыққа алған.

Қалмас – құдық. Дариялық Тақыр жазығының солтүстік-шығыс бөлігінде.

Қамысбұлақ – бұлақ. Арысқұмның оңтүстік-шығыс бөлігінде. Бұлақ маңында қамыс көп өскендіктен қалыптасқан атау.

Каналықұдық – құдық. Дариялық Тақыр жазығында, Сырдария өзенінің аңғарында.

Қарабұлақ – құдық. Арысқұмның оңтүстік-шығыс бөлігінде. Бұлақ қыста да қатпай, алыстан қарағанда жағалауындағы аппақ қардан ерекше боп қарайып ағып жатқандықтан осылай аталса керек.

Қарадария – құрғақ арна. Жаңадария өзенінің алабында, Қызылқұмның солтүстік бөлігінде. Түркі-иран тілдеріндегі «үлкен өзен» мәніндегі атау.

Қаракемпір, Қаракемер – жер атауы, қоныс. Дариялық Тақыр жазығының солтүстігіндегі қыратты жазық дала. Даланың солтүстігін плейстоценбор кезеңдерінен түзілген (Саралаң, Сарыалаң) қыратты өңірі және Телікөл көлі аралығындағы жазық далаға ұласады. Дала Қызылорда қаласынан 65 км жерде жатыр. Бұрын малшылар мал жайылымына пайдаланған. Атаудың бірінші сыңарындағы қара сөзі бұл жерде «үлкен», «зор» мәнінде қолданылып тұрса, екінші сыңарындағы иран тіліндегі кемер – «бір жақ қабағы биік су орған арна» мағынасындағы сөз. Яғни, атау мағынасы: «су орын кеткен үлкен, кең арна, қарайып жатқан тік қабақ» дегенді білдіргендей.

Қаракөл – көл. Дариялық Тақыр жазығының оңтүстік-батысында, Қараөзек тарамының бойында.

Қарақасқа – қыстау. Жаңадария өзенінің аңғарында, Қызылқұмның солтүстік бөлігінде. Өсімдігі өте сирек, қарайып жататын жер болғандықтан берілген атау.

Қарамола – артезиандық құдық. Дариялық Тақыр жазығының солтүстік-шығыс бөлігінде. «Қалың мола» мағынасындағы атау.

Қаязды – көл атауы. Сырдария ауданы жерінде, Жалағаш кентінен солтүстікке қарай 22 км жерде, Сырдарияның тармағы – Қараөзектің аңғары бойында теңіз деңгейінен 50,3 м жоғарыда жатыр. Аумағы – 2,3 шаршы км, ұзындығы – 2,9 км, ені – 1,3 км, ең терең жері – 5,0 м, суының көлемі – 12,4 млн. текше метр. Көлде қамыс, қоға көп өскен, әсіресе, оңтүстігі ну тоғай. Жаз айларында су деңгейі түскен кезде көлдің шығысы мен батысы екіге бөлініп қалады.

Қоғалыкөл – ауыл, ауылдық округ орталығы. Тереңөзек кентінен оңтүстік-шығысқа қарай 45 км жерде, сарсазан, қамыс, құрақ, т.б. шөптесін өскен Сырдария аңғарының бозғылт сұр, шалғынды сұр топырақты шөлдік белдемінде орналасқан. 1957-72 жылдары Октябрь ұжымшарының, 1972-95 жылдары күріш өсіретін Жамбыл кеңшарының орталығы болып келді. Көл маңында қоға көп өсетін болғандықтан қойылған атау.

Қожақазған – құдық. Қызылқұмның солтүстік бөлігінде, Жаңадария өзенінің аңғарында.

Қоныстөбе – төбе. Қызылқұмның солтүстік бөлігінде. Абс. биіктігі – 134 м. «Маңына жылда ел қонатын төбе» мәніндегі атау.

Қосқақ – артезиандық құдық. Арысқұм құмының солтүстігінде. Ғ.Қоңқашбаевтың айтуынша, қақ – «көктемгі жаңбырдың суының не қар ерігеннен пайда болған су негізінде тоқтаған кішігірім көлшіктер».

Қосқұдық – құдық. Арысқұм құмының батыс бөлігінде.

Құламбай – құдық. Дариялық Тақыр жазығының солтүстік-шығыс бөлігінде. Кісі есімінен қойылған атау.

Қызқұдық – құдық. Қызылқұмның солтүстік бөлігінде, Сырдария өзенінің аңғарында. Тереңдігі – 5 м, шығымы – 150 л/с.

Қызылқия – қоныс. Арысқұм құмының солтүстік-батысында. Бұл қиялау жердің топырағы жоса сияқты қызарып жатқандықтан осылай аталса керек.

Қылы – артезиандық құдық. Арысқұмның оңтүстік-шығыс бөлігінде. «Қылы – екі алапты қосып тұрған ені тар, қысталаң жер, қылта» (ҚТТС).

Лайкөл – көл. Дариялық Тақыр жазығының оңтүстік-батысында, Қараөзек тарамының бойында.

Майжарма – канал. Тереңөзек кентінің ортасымен ағады. 1939-40 жылдары салынған. Ұзындығы – 20 км. бастауын Сырдария өзенінен алып, бірнеше тармақтарға бөлінеді. Тереңдігі – 2 м, 1-6 м. Канал суы Тереңөзек кенті шаруашылықтарына және егістік алқаптарды суару үшін пайдаланылады.

Майлықұм – темір жол бекеті. Тереңөзек кентінен шығысқа қарай 8 км жерде.

Мақсұт – құдық. Жаңадария өзенінің аңғарында, Қызылқұмның солтүстік бөлігінде. Кісі есімінен қойылған атау.

Масақұдық – құдық. Қызылқұмның солтүстік бөлігінде. Тереңдігі – 6 м, шығымы – 220 л/с.

Мәлібаев – ауыл, Тереңөзек кенттік округі құрамында. Тереңөзек кентінен батысқа қарай 4 км жерде орналасқан. Іргесі 1929 жылы қаланып, 1964 жылы кеңшар орталығы болды. 1939-92 жылдары «Қызыл диқан» деп аталып, 1992 жылдан Мәлібаев ауылы деп аталады. Кісі есімінен қойылған атау.

Мемлекет – канал. Қызылорда қаласының оңтүстігінде, Сырдария алабында.

Моторлы – құдық. Қызылқұмның солтүстік бөлігінде. Тереңдігі – 9 м, шығымы – 300 л/с. «Су көтеретін моторы бар құдық» мағынасындағы атау.

Мүлкалан күмбезі, Молда Калан мазары – 16-ғасырда жеткен сәулет өнері ескерткіші. Сырдария ауданына қарасты Іңкәрдария ауылынан оңтүстік-батысқа қарай 3 км жерде, Жаңадария өзенінің жағасында орналасқан. Мүлкалан күмбезі маңдайшалы-күмбезді құрылыс қатарына жатады. Шаршы пішіндес, ауданы – 9,23 х 9,23 м, биіктігі – 5 м, күйдірілген кірпіштен өрілген. Күмбез құрылысында аркалы желкендер және импостар салу әдісі қолданылған. Ескерткіштің ішкі қабырғалары гипспен сыланған. Мазардың іргесіне қамыс төселіп, ішіне алты кісінің қабірі орналастырылған. 1982 жылы республикалық маңызы бар тарихи және мәдени ескерткіштер тізіміне енгізілді.

Нағанай – құдық. Қызылқұмның солтүстік бөлігінде. Ру атынан қойылған атау.

Ноғайқара – қыстау. Дариялық Тақыр жазығының оңтүстік-шығысында, Сырдария өзенінің аңғарында. Кісі есімінен қойылған атау.

Нұрасор – құдық. Дариялық Тақыр жазығының солтүстігінде. «Соры бар аңғардағы құдық» мағынасындағы атау.

Нұржан – артезиандық құдық. Арысқұм құмының солтүстігінде. Кісі есімінен қойылған атау.

Ортатұтқын – құрғақ арна. Арысқұм құмының солтүстік шығысында. Орта және тұтқын сөздерінен жасалған. Оның құрамындағы тұтқын сөзі тұт (етістіктің бұйрық рай тұлғасы) – қын (қосымша). Тілімізде тұт «ұста, тос, тоқта, қарма» мағыналарын білдіреді. Демек, Ортатұтқын «орта тұста тоқтап, тосылып, бөгеліп қалған арна» дегенге саяды.

Ошақты – көл. Ошақты көл аталуы көлдің айналасын Ошақты тайпасының иеленіп, көл жағалауына қыстау салып, қыс қыстап, шөбін шауып, суын пайдаланып, ұзақ уақыт атажұрт етуіне байланысты болған.

Пішмөнтай – артезиандық құдық. Бетпақдаланың солтүстік-батысында. Кісі есімінен қойылған атау.

Сайқон – қыстау. Қызылорда қаласының оңтүстігінде, Қызылқұмның солтүстік бөлігінде. «Сайдағы қыстау» мәніндегі атау.

Сайқұдық – құдық. Жаңадария өзенінің аңғарында, Қызылқұмның солтүстік бөлігінде.

Сарыапан – қоныс. Арысқұмның шығысында.

Сарыапан – құдық. Арысқұмның шығысында.

Сарыбұлақ – бұлақ. Арысқұм құмының солтүстік-шығысында. «Үлкен бұлақ, суы мол бұлақ» мәніндегі атау.

Сарықамыс – көл. Қызылорда қаласының оңтүстігінде, Сырдария алабында. Сары және қамыс сөздерінен жасалған. «Үлкен алқапты, көп жерді алып жатқан қалың қамыс» мәніндегі атау болса керек.

С. Сейфуллин – ауыл, ауылдық округ орталығы. Тереңөзек кентінен солтүстік-батысқа қарай 7 км жерде. Ауылдың іргетасы ХХ ғасырдың басындағы 1929-1933 жылдар аралығындағы күштеп ұжымдастыру кезеңінде қаланды. 1975 жылы «С. Сейфуллин» атындағы совхоз болып құрылды. Совхоз негізінен күріш өсірумен және мал шаруашылығымен айналысты. Кісі есімінен қойылған атау.

Сенгірлек – құдық. Бетпақдаланың солтүстік-батысында. «Сенгірлек қалың өскен жердегі құдық» мәніндегі атау.

Сордың – артезиандық құдық. Бетпақдаланың солтүстік-батысында.

Сырлытам – ХІІІ ғасырдың аяғында қабір басына тұрғызылған мемориалды белгі, архитектуралық ескерткіш. Қызылорда қаласынан оңтүстік-батысқа қарай 105 шақырым, Іңкәрдария ауылынан 30 шақырым жерде. Сырлытам тарихы сонау ХІІІ ғасырдан басталады. Бұл кезең Жанкент түркімендер Мервке ауысып, Дәуқара аймағына қазақ пен қарақалпақтар ірге тебе бастаған. 1800 жылға дейін Сыр бойындағы дария бойын, ондағы қалаларды қарақалпақтар басқарған. Сырлытам аталып келген Баршын-қыз мазары ХІІІ ғасырдың туындысы. Ескерткіш портал күмбезді, шаршы үлгімен қызыл кірпіштен тұрғызылған. Биіктігі 10 метр шамасында. Текшеленіп келген астыңғы негізі шеңберлі барабан арқылы күмбез орналасқан. Қасбеті босағасында монументі бағанасы бар еңселі порталмен нақышталған.

Тасқара – артезиандық құдық. Арысқұм құмының солтүстігінде. Атаудың топонимдік мағынасы: «қарайған, биіктеу тас жынысты төбе» немесе кісі есімінен қойылған атау.

Тасқұдық – құдық. Арысқұмның оңтүстігінде, Сырдария.

Тектұрмас – төбе. Қызылқұмның солтүстік бөлігінде. Абс. биіктігі – 135 м.

Телікөл – көл атауы. Сырдария және Шиелі аудандары жерінде. Дариялықтақыр жазығы мен Ащыкөл ойысы аралығында, теңіз деңгейінен 128 м биіктікте жатыр. Көлдің ауданы – 8,0 шаршы км, ені – 1,1 км. Су жинайтын алабының аумағы – 81,0 шаршы км. Жағалауы жайпақ және ашық. Батыс жағалауының біраз бөлігін қамыс, құрақ басқан. Түбі тегіс, саз балшықты, тұнбалы. Көл қазаншұңқырын өзімен аттас қоныс қоршап жатыр. Шығысындағы Ащыкөл сазды-батпақты ойысқа және Телікөлге, кейбір жылдары Сарысу өзеніне құяды. Сырдариядан Телікөл (Шиелі-Телікөл) каналы тартылған. Көл жағалауы шабындық және жайылым. «Бір заманда екі өзен құйған (Шу мен Сарысу) ортақ көл» мәніндегі атау.

Тереңөзек – Сырдария ауданының әкімшілік орталығы, (1997 жылдан) кент. Облыс орталығы – Қызылорда қаласынан солтүстік-батысқа қарай 52 км жерде, Сырдария өзенінің жағалауында орналасқан. Іргесі 1906 жылы Орынбор-Ташкент темір жолының салынуына байланысты қаланған. Кент 1995 жылға дейін өзімен аттас мал бордақылайтын кеңшардың орталығы болған. Одан басқа Жаңадария орман шаруашылығы аудандық тұрмыстық қызмет көрсету №10 кәсіптік-техникалық мектебінің орталығы болған. Кенттегі темір жол стансасының ғимараты архитектуралық ескерткіштер тізіміне енгізілген.

Тоғызбай – көл. Дариялық Тақыр жазығының оңтүстік-шығысында, Сырдария алабында. Ру атынан не кісі есімінен қойылған атау.

Тораңғыл – ауыл орны. Қызылорда қаласынан оңтүстікке қарай 26 км жерде.

Тораңғылсай – өзен. Сырдария өзені бойында, ұзындығы – 92 км. Қарашоқы ауылынан басталып, Қурайлы ауылының оңтүстігінде 44 км жерде тартылып қалады. Қар, жаңбыр суымен арнасы толығады. Жазда суы тартылып қалады. Айналасында сораң шөп өседі.

Тораңғылытүпкен – қоныс. Арысқұмның шығыс бөлігінде.

Төбеқорған – төбе. Қызылқұмның солтүстік бөлігінде, Сырдария өзенінің аңғарында. Абс. биіктігі – 142 м.

Тұщықұдық – құдық. Қызылқұмның солтүстік бөлігінде. Тереңдігі – 15 м, шығымы – 450 л/с.

Шаған – ауыл, өзімен аттас ауылдық округ орталығы, Қызылорда облысындағы ең ірі елді мекендер қатарына жатады. Ауыл облыс орталығынан 60 шақырым, аудан орталығынан 20 шақырым және темір жолдан 20 шақырым қашықтықта орналасқан. Іргесі 1928 жылы қаланған. 1937 жылы «Контонская коммуна», 1939 жылы К.Маркс ұжымшары болып құрылды. 1950 жылы «Красная Заря» ұжымшары аталды және оған 1958 жылы Жамбыл мен Ворошилов атындағы ұжымшарлар қосылды. 1961-96 жылдары күріш өсіретін «Тереңөзек» кеңшарының орталығы болған. Жерінің көлемі 24 279 га, оның ішінде елді мекен жері – 326 га. Моңғолдың чагаан – «ақ» мәніндегі сөзі екенін, ал оның қазақ тіліндегі шаңқан – «аппақ», «ақ түс» мәні де бар екені де белгілі.

Шоқыбұлақ – артезиандық құдық. Арысқұм құмының солтүстігінде. «Шоқы етегіндегі бұлақ» мәніндегі атау.

Шіркейлі – ауыл, өзімен аттас ауылдық округтің орталығы. Тереңөзек кентінен шығысқа қарай 4 км жерде орналасқан. Ауыл 1997 жылға дейін Қызылту деп аталып келген. 1967-96 жылдары күріш өсіретін кеңшардың орталығы болған.

Шіркейлі - өзен. Ұзындығы – 94,2 км. Сырдария өзенінің алабында, Қызылжарма бекеті тұсында Сырдариядан екі тармақ болып бөлініп, Сарыкөлден солтүстікке қарай 0,3 км жерде тартылады. Жағалауында қамыс өседі, мал жайылады.
Ілиясов.Н. – ауыл, өзімен аттас ауылдық округтің орталығы. Қызылорда қаласынан батысқа қарай 50 км, Тереңөзек кентінен оңтүстік-шығысқа қарай 30 км жерде, Мәдениет каналының бойында орналасқан. Ауыл 1966-96 жылдары бұрынғы Тереңөзек ауданының күріш өсіретін Қазақ КСР-не 50 жыл атындағы кеңшардың орталығы болып келген. Кісі есімінен қойылған атау.

Іңкәрдария – ауыл, өзімен аттас ауылдық округтің орталығы. Тереңөзек кентінен оңтүстікке қарай 58 км жерде, Жаңадария өзенінің сол аңғарында. 1964 жылы ҚССР Министрлер кеңесі қаулысының негізінде қаракөл қой шаруашылығын дамыту мақсатында Іңкәрдария қаракөл қой совхозы болып құрылған. 1963-96 жылдары қаракөл қойын өсіретін өзімен аттас кеңшардың орталығы болған. Ауыл Қызылқұм қойнауында, аудан орталы Тереңөзек қыстағынан 70 шақырым қашықтықта орналасқан. Шаруашылықтың алғашқы тұрағы Мүлкілән әулие мазары жанына орналасуы жобаланған.
ШИЕЛІ АУДАНЫ БОЙЫНША
ШИЕЛІ – облыстың шығысында орналасқан әкімшілік-аумақтық бөлініс. 1938 жылы құрылған. Жер аумағы – 34,3 мың шаршы шақырым. Тұрғыны – 76 445 адам. Оның 73555-і қазақ, 1478-і орыс, 889-ы кәріс, қалғаны өзге ұлт өкілдері. Халықтың орташа тығыздығы – 1 шаршы шақырымға шаққанда 2,2 адамнан келеді. Аудандағы 40 елді мекен 1 кенттік және 14 ауылдық округке біріктірілген. Аудан орталығы – Шиелі кенті. Аудан орталығынан Қызылорда қаласына дейінгі ара қашықтық – 128 шақырым.

Ауданның жер бедері, негізінен, жазық дала. Солтүстіктен оңтүстікке қарай 345 шақырымға, батыстан шығысқа қарай 115 шақырымға созылып жатыр. Оңтүстігін Қызылқұм құмды алқабы, солтүстік-шығысына Қаратау жотасының қиыр солтүстік-батыс бөлігі кіреді. Ауданның ең биік жері де (873) осында. Жота аласа келген бірнеше сілемдерден (Қарамұрын, Дәуіт, т.б.) тұрады. Жотаның солтүстігіне батпақты-сазды Ащыкөл ойысының батыс бөлігі кіріп жатыр. Оның қиыр батысында Қатыншоқай құмы орналасқан. Қызылқұм атырабында мал жайылымына қолайлы қыстаулар (Қарақшытөбе, Әмірбек, Үрмеқұм, т.б.) мен құдықтар (Әбдірахман, Әндіжан, Шекара, Ноғайқұдық, т.б.) бар. Жер қойнауынан алтын, ванадий, уран кентастары және құрылыс материалдарының кен орындары барланған. Климаты тым континенттік. Жауын-шашынның жылдық орташа мөлшері – 130-200 мм. Аудан жерімен Сырдария өзені және оның тармақтары ағып өтеді. Сырдариядан Телікөлге дейін Шиелі – Телікөл каналы тартылған. Телікөл көлі мен Ащыкөл ойысы аралығында бірнеше артезиан (Жайылхан, Жындытөбе, Тұрсынбай, Сайқұдық, т.б.) және жай құдықтар (Қарақазған, Қызылжар, т.б.) бар. Қарамұрын тауының солтүстік баурайында суы емге шипа Ақжарбұлақ бастауы (бұлағы) орналасқан. Ащыкөл ойысының батысында Злиха метерологиялық стансасы жұмыс істейді.

Аудан жерімен Орынбор – Ташкент темір жолының 120 шақырым бөлігі, Қызылорда – Шымкент автомобильді магистралі өтеді.

Шиелі ауданында ХІҮ-ХҮ ғасырларда Қожаберген жырау мен Айша қыз өмір сүрген. Көненің көзі саналатын Мортық, Оқшы ата, Асан ата, Ес абыз, Қабыл ата, Бақты ата кесенелері мен «Ақ бикеш», «Жүніс әулие», «Дәуіт», «Бес қыз», «Жаппасбай» сияқты мешіттері, т.б. тарихи-археологиялық ескерткіштер бар. Өңірден Бала би, Досбол, Торғай, Тұрсынбай сынды датқалар мен Жаназар батыр сияқты тарихи тұлғалар шыққан.



Ақдала - көл. Қызылқұмның солтүстік–шығыс бөлігінде, Сырдария өзеннің бойында. Ақ – «тап-таза тақыр», «кең, үлкен», ал дала – «кең байтақ, шексіз жер, құла дүз» мағыналарын береді. Яғни «орманы, тау-тасы, қыр-қыраты не бұталы өсімдігі жоқ ашық кең дала, құла дүз» мәніндегі атау.

Ақжарбұлақ – бұлақ. Қаратау жотасының солтүстік–батыс бөлігінде. Бұлақ ақ керіш топырақты жер етегінде орналасқандықтан берілген атау.

Аққұдық – құдық. Қызылқұмның солтүстік–шығыс бөлігінде.

Ақмая – ауыл, округ орталығы. Шиелі кентінен оңтүстік–шығысқа қарай 15 км жерде, Төлікөл арнасының батыс жақ жағасындағы шөл белдемінде орналасқан. 1973 жылға дейін ұжымшар орталығы, 1997 жылға дейін «Авангард» күріш кеңшары мен Ақмая ауылдық кеңесінің орталығы болып келді. Мұнда күріш және мал өсірумен айналысатын шаруа қожалықтары ұйымдастырылған. Бұл атау ақ түйенің атынан қойылған атау болса керек.

Ақмая – темір жол бекеті. Шиелі кентінен оңтүстік–шығысқа қарай 8 км жерде. Ауыл атынан қойылған атау.

Ақөзек – арық. Қызылқұмның солтүстік–шығыс бөлігінде, Сырдария өзеннің аңғарында. Топонимдік мағынасы: «ақ, таза сай», «ақ тасты аңғар», «құрғақ арна» деген мағынаға сәйкес.

Ақтай кесенесі – сәулет өнері ескерткіші. Сарысу өзенінің төменгі жағында, Телікөлдің маңайында, Жезқазған – Қызылорда автомобиль жолынан 40 км жерде 1928 жылы күйдірілген кірпіштен салынған. Кесененің компазициясы 19 ғасырдағы Сарысу бойындағы сәулет ғимараттары сияқты бір-біріне жалғастыра салынған күмбезді екі бөлме түрінде. Екі бөлік те шаршы жобада, үлкені көрхана, екібелдеу түрінде қаланған және әр белдеу кемерлене шығарылған. Ортасында маңдайшасын әшекейлеген кіретін ойығы бар кіші бөлік екі деңгейде салынған. Төменгі деңгей көрханаға баратын жол есепті, жоғарғы деңгей зияратхана. Бөлмелер әктелмеген.

Ақтам – ауыл. Шиелі кентінен оңтүстікке қарай 25 км жерде. Атаудың топонимдік мағынасы: «сырттан әкпен сылаған ақ үй», яғни бұл жерде ақ тамның болуымен байланысты аталғаны байқалады.

Ақтау – жота. Қаратау жотасының батысында, Сырдария өзеннің аңғарында. Тау жыныстарының ағарған түр-түсіне қарай қойылған атау.

Алғабас – ауыл, Жуантөбе ауылдық округінің орталығы. Шиелі кентінен солтүстікке қарай 11 км жерде, Телікөл каналының бойында орналасқан. Іргесі 1928 жылы бірнеше шағын артельдер ретінде қаланған. 1936-96 жылдары күріш өсіретін ұжымшардың орталығы болған. «Ілгері ұмтыл, алға қарай жүр, талаптанып еңбек ет» мәнінде кеңес дәуірінде қойылған атау.

Алмалы – ауыл, өзімен аттас ауылдық округ орталығы. Шиелі кентінен батысқа қарай 30 км жерде, Сырдарияның оң жағалық аңғарында орналасқан. Іргесі 1952 жылы алма, жүзім көшеттерін жергілікті жерде өндіретін «питомник» ретінде қаланған. 1992 жылға дейін «Плодоягодное ауылы деп аталған. 1976-96 жылдары «Шиелі» жеміс-жидек кеңшарының орталығы болып келді. «Алмасы көп, алма мол өскен жер» мәніндегі атау.

Алтықұдық – артезиандық құдық. Дариялық Тақыр жазығының солтүстік–шығысында, Ащыкөл ойпаңының батыс бөлігінде.

Арыслан – құдық. Қызылқұмның солтүстік бөлігінде. Кісі есімінен қойылған атау.

Асан ата – кесене. «Бәйгеқұм» кеңшарынан 5 км жердегі «Жеті әулие» қорымында орналасқан. Жергілікті халық оны Асан Қайғы есімімен байланыстырады. «Жеті әулие» қорымында Оқшы ата, Абыз ата, Қыш ата, Қайып ата кесенелерімен қатар орналасқан. Асан ата кесенесін «Іңкәрдария» ұжымшарының жанындағы Сырлытам ескерткішімен салыстыруға болады. Бұл порталды-күмбезді құрылыс, қызыл кірпіштен шаршы үлгіде (9,5х10,5) салынған. Кесене күйдірілген тақта кірпіштен қаланған. Шаршы үлгіде, аумағы – 11,5х7,30, биіктігі – 7,60 м. Іргеліктен 3 м жоғары кірпіштерді тігінен өріп, белдеу жасаған. Асан ата кесенесін 1982 жылы мемлекеттік қорғауға алынған.

Ащыкөл – сор. Бетпақдаланың батыс бөлігінде.

Ащықұдық – қыстау. Дариялық Тақыр жазығының оңтүстік –шығыс бөлігінде.

Әбілда Тәжібаев – ауыл, Телікөл ауылдық округінің орталығы. Шиелі кентінен солтүстік-батысқа қарай 12 км жерде орналасқан. Ауыл 2000 жылға дейін «Қызыл диқан» деп аталған. 1975-96 жылдары қаракөл қойын өсіретін «Телікөл» кеңшарының орталығы болған. Ақын, қоғам қайраткері Әбілда Тәжібаевтың құрметіне берілген атау.

Әбдіраман – құдық. Қызылқұмның солтүстік бөлігінде. Тереңдігі - 6 м, шығымы - 160 л/с. Кісі есімінен қойылған атау.

Әлиев – құдық. Қызылқұмның солтүстік–шығыс бөлігінде. Кісі есімінен қойылған атау.

Әлімхан – құдық. Қызылқұмның солтүстік бөлігінде. Кісі есімінен қойылған атау.

Әмірбек – құдық. Қызылқұмның солтүстік–шығыс бөлігінде. Тереңдігі - 5 м, шығымы - 800 л/с. Кісі есімінен қойылған атау болса керек.

Әндіжан – құдық. Қызылқұмның солтүстік бөлігінде. Тереңдігі - 34 м, шығымы - 500 л/с. Кісі есімінен қойылған атау.

Байсын – ауыл, Иіркөл ауылдық округі құрамында. Шиелі кентінен оңтүстікке қарай 4 км жерде, Сырдария өзенінің Шилі тармағы жағалауында орналасқан. Іргесі 1928 жылы «Жаңатұрмыс» ұжымшары негізінде қаланған. 1996 жылға дейін Жаңатұрмыс ауылы деп аталып, ЫВ.Жақаев атындағы ұжымшар бөлімшесінің орталығы болған. Кісі есімінен қойылған атау.

Бала би – ауыл, Талаптан ауылдық округінің орталығы. Шиелі кентінен солтүстік–батысқа қарай 31 км жерде орналасқан. Ауыл 1997 жылға дейін Талаптан ауылы деп аталады. 1973-96 жылдары қаракөл қойын өсіретін Қазақстанның 30 жылдығы атындағы кеңшардың орталығы болған. Кісі есімінен қойылған атау.

Бала би кесенесі – Оқшы ата қорымының қасында. Кесене 6 қырлы етіп күйген кірпіштен өрілген, биіктігі – 6 метр. Бала би шешен ойға жүйрік, тілге шебер, тапқыр, маңызды мәселелер шешуде адамгершілігімен көптің көкейінен шығып отырған. Шешендік сөздерінің әсерлі де ұлағатты, ұтымдылығы мен тапқырлығы тыңдаушыларын таң қалдырған. Осындай үлгілі істерімен би Сыр елінің құрмет-мақтанышына айналған.

Бала би Түркістан мен Сыр бойындағы қазақ руларын билеп-төстеген Қоқан хандығына, одан кейін Ресейдің отаршылдық саясатына қарсы Досбол бимен бір ниетте, бір тілекте болды.



Бақтысай – темір жол бекеті. Шиелі кентінен солтүстік–батысқа қарай 41 км жерде.

Баштан – құдық. Қызылқұмның солтүстік–шығыс бөлігінде. Шығымы - 180 л/с. Кісі есімінен қойылған атау.

Бәйгеқұм – ауыл, темір жол бекеті, ауылдық округ орталығы. Шиелі кентінен солтүстік–батысқа қарай 28 км жерде, Сырдария өзенінің оң жағалауында орналасқан. Ауыл 1978-96 жылдары көкөніс-бақша өсіру бағытындағы өзімен аттас кеңшардың орталығы болған. Бәйгеқұм арқылы Шымкент – Қызылорда темір жолы өтеді.

Бәтеш қыстауы – архитектуралық ескерткіш. Қызылорда қаласының солтүстік-шығысында, Сарысу өзенінің оң жақ жағалауында орналасқан. Кесе-көлденең қабырғалармен бөлінген, бір-бірімен өзара қатынасатын үш бөлмеден тұратын тікбұрышты құрылыс. Кірер есік ортаңғы бөлмеден шығарылған, оң жағында пештің қираған орны бар. Құрылыс жазық шатырмен жабылған. Терезе ойығының үстіне аркалы қалқан салынған. Қабырға ернеуі өрнектелген. Жерасты қабаты бар. Құрылыс күйдірілген кірпіштен 1902-04 жылдары тұрғызылған, қазір жартылай қираған. Оны атақты құрылыс шебері Бәтеш Бәйменов салған.

Бәтеш төртқұлағы – шамамен 20-ғасырдың бас кезінде салынған ескерткіш. Сарысу өзенінің төменгі сағасында, Қызылорда қаласының солтүстік-шығысында, Бәтеш қыстауының маңайында орналасқан. Құрылыс шығыңқы бедерлермен бөлінген төртбұрышты дуал. Табаны айнала қоршалған, ал дуалдың сырт ернеуі әшекейленген.Есігі оңтүстік-шығысқа қарайды, бұрыштарында кірпіштен қаланған бағаналар, ішінде батыс жақ қабырғасына жанастырыла тұрғызылған қабір бар. Бәтеш төртқұлағы күйдірілген кірпіштен тұрғызылған.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   6   7   8   9   10   11   12   13   14




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет