Қызылорда облысының жер – су атаулары қызылорда, 2013 жыл сыр елі қызылорда облысы



бет2/14
Дата23.10.2016
өлшемі2,27 Mb.
#63
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   14

Арал ауданы - Қызылорда облысының солтүстік-батысында орналасқан әкімшілік-аумақтық бөлініс. Аудан 1929 жылы құрылған. Орталығы - Арал қаласы 1938 жылы қала мәртебесін алған. Жерінің аумағы - 5554574 га, жалпы ауданы бойынша 24,4 %-ды құрайды. Ауданда 73 160 адам тұрады (11,4 %), халқының тығыздығы 1 шаршы метрге - 6,2 адамнан келеді. Аудандағы 58 елді мекен 1 қалалық, 2 кенттік және 12 ауылдық округке біріктірілген. Ауданның облыс орталығымен ара қашықтығы - 448 шақырым.

Ауданның климаты тым континенттік, жазық және шөлейтті, жазда +43 градус ыстық, қыста күшті жел мен дауылдан тұратын -39 градусқа дейін аязды болып келеді.

Аудан батысы мен солтүстігінде Ақтөбе облысының Шалқар, Ырғыз аудандарымен, солтүстік-шығысында Қарағанды облысының Ұлытау ауданымен, шығысында облыстың Қазалы ауданымен, оңтүстігінде Қарақалпақ Республикасымен шектеседі. Аудан аумағы толығымен дерлік Тұран ойпатының солтүстігінде, Арал ойысында жатыр. Солтүстік-батысында біршама көтеріңкі, аласа келген қыраттар мен таулар орналасқан. Аудан жерінің ең биік жері – Шевченко шығанағынан солтүстік-батыста жатқан тау (324 м). Солтүстігінде Алтыншоқысу (249 м), Тербенбес (208 м), Көлқарашоқы (240 м), Көкарал түбегінде Дәуіт (161 м), Көктырнақ түбегінде Үшшоқы (188 м) таулары орналасқан. Бірнеше ірі құмды алқаптар бар. Олар – солтүстік-батысындағы Кіші Борсық құмы, солтүстігінде Баршақұм, орталық бөлігінде Арал Қарақұмы, Жіңішкеқұм, Дарбас құмы. Арал теңізі жағалауында Көкарал, Көктырнақ, Барсакелмес, Шұбартарауыз, Құланды түбектері, Чернышев, Тұщыбас, Шевченко, Бутаков, Сарышығанақ шығанақтары және Берг мойнағы орналасқан. Түбектерде Изенарал, Ұзынарал, Қаратөбе, Домалақ, Айдарлы, т.б. мүйістер бар. Ауданды екі бөліп Аралға құятын Сырдария өзені ағып жатыр. Оның атырауында аудандағы көлдердің басым бөлігі орналасқан. Ірілері: Қамыстыбас, Тұщыбас, Шөмішкөл, Ақшатау көлдері, т.б. Атырауынан біршама алыста жатқан көлдерге Жақсықылыш көлі жатады.

Арал ауданының географиялық жағдайы Арал теңізімен тікелей байланысты. Аудан халқы балық, мал шаруашылығы және тұз өндірумен айналысады. Тұз өндірісі Арал теңізінің солтүстік жағасында орналасқан Арал қаласынан 21 шақырым жерде Жақсықылыш деп аталатын жерде өндіріледі. Сонымен қатар, кварц құмынан шыны жасау өндірісі дамып келеді.

Ауданда «Барсакелмес» табиғи мемлекеттік қорығы орналасқан. Қорық 1939 жылы құрылған. Қорықтың жалпы ауданы - 160826 га. Қорықта сирек кездесетін жануарлар мен өсімдіктердің кейбір түрлері бар. Мысалы, құлан, киік, тасбақа, жылан, құстар және т.б.

Арал ауданының балықшылары қиын кезеңдерде ашаршылыққа ұшыраған Повольжия тұрғындарына 14 вагон балық жіберіп көмектескен.



Абай – ауыл, округ орталығы. Ауданның қиыр солтүстік-шығысында, Арал қаласынан 110 км жерде, Баршақұм құмының орталық бөлігінде, шөл белдемінде орналасқан. Іргесі 1930 жылы қаланған. 1957 жылға дейін қаракөл қойын өсіретін «Қарақұм» кеңшары мен ауылдық кеңестің орталығы болып келді. Ауылда және округке қарасты Ерімбетжаға, Көкаша, Қаратерең ауылдарында шаруа қожалықтары жұмыс істейді.

Айғырбайтал – төбе. Арал теңізінен солтүстік–шығысқа қарай, Алтыншоқысу жотасында. Абс. биіктігі – 212 м.

Айғырбұлақ – бұлақ. Арал теңізінен солтүстік–шығысқа қарай, Алтыншоқысу жотасында. «Үлкен бұлақ» мәнінде қалыптасқан атау.

Айдаркөл – көл. Әйтеке би кентінен батысқа қарай 62 км жерде, Сырдария өзенінің аңғарында.

Айдарлы – мүйіс. Арал теңізінің солтүстік–шығыс бөлігінде. Бұл атау жердің, төбе мен шоқының биіктігін айдарға теңеуден қойылған. Яғни, «биік жер, шоқы, төбе, биік жота» не «қамыстан айдары бар жер» мәніндегі атау.

Айдарлы – құдық. Арал Қарақұмында.

Аймандай – құдық. Баршақұмның оңтүстік–батыс бөлігінде. Кісі есімінен қойылған атау.

Айтбай – құдық. Арал Қарақұмының оңтүстік–батыс бөлігінде. Тереңдігі 2 м, шығымы 240 л/с. Ру атынан қойылған атау.

Ақбай – ауыл, Қамыстыбас ауылдық округінің құрамында. Аудан орталығы – Арал қаласынан оңтүстікке қарай 85 км, округ орталығы – Қамыстыбас ауылынан оңтүстік-шығысқа қарай 10 км жерде, Басықара каналының бойында орналасқан. 1996 жылға дейін қаракөл қойын өсіретін кеңшардың орталығы болып, ауыл Ақирек деп аталған. Кеңшар негізінде Ақбайда шаруа қожалықтары жұмыс істейді.

Ақбасты – қоныс. Арал теңізінің шығыс жағалауында. Өсімдік атынан қойылған атау.

Ақбасты – ауыл. Арал қаласынан оңтүстік–батысқа қарай 220 км қашықтықта, Көкарал түбегінде.

Ақбасты – бұрынғы арал атауы. Арал теңізінің шығысында, жағалаудан 12 км қашықтықта, солтүстік-батыстан оңтүстік-шығысқа қарай созылып жатыр. Жерінің ауданы – 8 шаршы км, ұзындығы – 10 км-ге жуық, ені – 1,3 км. Ақбастының жер бедері жазық, құмдақты шөгінділерден түзілген. Ақбасты теңіз суының саяздануына бацланысты көршілес жатқан Қосарал, Құсжетпес, (Көзжетпес) Қараарал және Орысқамыс аралдарымен бірігіп, теңіз жағалауына айналған. Ақбасты аралы туралы алғашқы мәліметтер Л. Берг экспедициясынан кейін жинақтала бастады.

Ақбауыр – төбе. Арал теңізінің солтүстігінде. Абс. биіктігі - 199 м. Ақ және бауыр сөздерінің бірігуінен жасалған атау. «Бауыры ақ тау, төбе» мәніндегі атау.

Ақбауыр – қыстау. Арал теңізінің солтүстігінде.

Ақберген – қыстау. Баршақұмның оңтүстік–батыс бөлігінде. Кісі есімінен қойылған атау.

Ақбике – жер атауы. Бөген аулының солтүстік бетінде, қазір ел қоныстанбайтын құм төбе. Онда ілгеріде Нұрбай байдың бәйбішесі Ақбике жылқы шаруашылығын басқарып отырған. Сол себепті бұл төбе Ақбике деп аталады.

Ақбөгет – көл. Әйтеке би кентінен батысқа қарай 66 шақырым жерде, Сырдария өзенінің аңғарында.

Ақеспе – ауыл. Арал қаласынан батысқа қарай 88,5 шақырым жерде, Арал теңізінің аңғарында. «Жағасының топырағы ақ, жазда құрғап қалатын өзен маңындағы ауыл» болғандықтан берілген атау болса керек.

Ақирек ауылдық округі – 2005 жылы құрылған. Округ орталығы – Ақбай ауылы. Жер көлемі – 39 861 га. Елді мекендегі халық саны – 924 адам.

Ауылдық округ облыс орталығынан – 356 шақырым, аудан орталығынан – 90 шақырым қашықтықта орналасқан. Ауылдық округтің шығысы Қазалы ауданымен шектеседі. Оңтүстігі мен оңтүстік-батысында Бекбауыл ауылдық округінің жері. Батысында Қамбаш ауылдық округі орналасқан. Ауылдық округтен 13 шақырым қашықтықта Ақирек тауында Арыстанбаб түнеуханасы бар.



Ақкөл – жер атауы. Қардың еріген суының, жауған жаңбыр суының жиналып, көл болған жері. Бұл су көл болып ұзақ сақталған. Сол кездегі тұрғындар бұл жерге қауын-қарбыз, тары егіп тіршілік жасаған.

Ақкөл – Арал теңізінде, Қаратерең түбегі мен Тоқпан теліміндегі қолтық. Қолтықтың аумағы – 22,0 мың га. Теңіз суы толық кезде Ақкөлдің балығы мол, жағалауының шөбі шүйгін, әрі малға жайылым болды. Сырдария тасығанда ғана Ақкөлді жергілікті тұрғындар суын шаруашылыққа пайдаланды. Қазір қолтықта су жоқ.



Аққұдық – құдық. Арал қаласынан оңтүстік–шығысқа қарай 46 км жерде.

Аққұдық – құдық. Арал теңізінің солтүстік–шығыс бөлігінде, Көктырнақ түбегінде.

Аққұдық – құдық. Арал теңізінің солтүстік–шығысында.

Аққұдық – құдық. Арал теңізінің солтүстік–шығысында, Көкарал түбегінде.

Аққұйма – құдық. Сексеуіл ауылынан оңтүстікке қарай 7 км жерде.

Аққұлақ – ауыл. Арал қаласынан оңтүстікке қарай 82 км жерде, Сырдария өзенінің бойында, Арал ауданында. Өсімдік (белянка) атынан қойылған атау.

Аққұлақ – елді мекен. Атаудың бірінші сыңарындағы ақ сын есім топонимдер құрамында келгенде «кең-байтақ, үлкен, зор», «таза», «мөлдір», «тұнық» мағыналарын білдіреді. Ал атаудың екінші сыңарындағы құлақ географиялық термин әрі жалпы есім (аппелятив) ретінде түркі тілдерінде гидронимдік мәніндегі атаулар құрамында жиі қолданылады. Яғни, құлақ – «арықтағы суды жырып әкететін кішкене тоспа».

Осы жерде дене тұрқы 13-28 см., құйрығының ұзындығы 150-200 гр. Сусар тұқымдас, көбіне құмдауыт, шөлейт не өзен, көл жағасындағы қамыстар мен жықпыл тастар арасында жүретін кішкентай жыртқыш аң болады екен. Жер аты сол аңның атынан қойылып, кейін сол жерге орналасқан елді мекен атын иеленуі де мүмкін.



Ақлақ тоспасы – Сырдарияның Кіші Арал теңізіне құяр сағасындағы бөгет. Ақлақ тоспасы Кіші Арал теңізін сумен толықтыру мақсатында салына бастады. 2006 жылы іске қосылған. Тоспаға баратын жолдың ұзындығы – 19,5 км, ені – 12 м, биіктігі – 5,5 м, радиусы – 9 м үш су өткізгіш (жібергіш) тесігі бар. Тоспа іске қосылғанда теңіз жағалауындағы құрғақ көлдер мен қолтықтар суға толады деп жоспарлап салынған.

Ақмұрын – құдық. Арал теңізінің солтүстік-шығыс жағалауында.

Ақтабай – сай. Арал теңізінің солтүстігінде. Кісі есімінен қойылған атау.

Ақтабанқұм – құм. Арал теңізінің солтүстік-шығысында. Құм топырағының не тасының ақ, тазалығымен байланысты қойылған атау.

Ақтақыр – төбе. Арал Қарақұмының батыс бөлігінде. Абс. биіктігі – 107 м. «Өсімдікке өте кедей, не тауы, не тасы, не ағашы жоқ, жалаң тақыр жер» мәніндегі атау.

Ақтан – құдық. Арал қаласынан оңтүстік-шығысқа қарай 46 км жерде. Тереңдігі – 2 м, шығымы – 100 л/с. Кісі есімінен қойылған атау.

Ақшатау – көл. Арал ауданындағы Бекбаулы темір жол бекетінен батысқа қарай 24 км жерде орналасқан. Аумағы - 25,5 шаршы км, ұзындығы – 7,7, км, ені – 5-7 км, ең терең жері – 2,5 метрге жуық. Ақша және тау сөздерінен жасалған. «Ақ, ақшыл болып көрінген, шаңқан тау» мәніндегі атау. Тау атынан көлге берілген болса керек. Суы кермек. Ақшатау Сырдариямен арна арқылы жалғасады. Батыс жағалауында қалың қамыс өседі.

Алтықұдық – темір жол бекеті. Арал қаласынан оңтүстік-шығысқа қарай 6 км жерде. Бұл жерде алты құдық болғандығын аңғартатын атау.

Алтынбай – қыстау. Баршақұмның оңтүстігінде. Кісі есімінен қойылған атау.

Алтыншаған – құдық. Арал теңізінің солтүстік-шығысында, Баршақұмның батыс бөлігінде.

Алтыншоқысу – жота. Арал теңізінің солтүстігінде, Тұран ойпатында. «Алтынды, жақсы төбеден, шоқыдан ағатын су» мәніндегі атау.

Амангелді – қыстау. Арал теңізінің шығысында, Сырдария өзенінің аңғарында. Кісі есімінен қойылған атау.

Аманөткел – ауыл, округ орталығы. Арал қаласынан оңтүстікке қарай 96 км жерде, Сырдария өзенінің жағасында орналасқан. Ауыл 1962 жылы балық аулау базасының орталығы болды.

Арал – теңіз. Өзбекстан мен Қазақстан (Қызылорда және Ақтөбе облыстарында) жерінде, Тұран ойпатының шөлді белдемінде, Үстірттің шығыс шетінде орналасқан. Алабындағы қарқынды антропогендік әрекеттерге дейін (1960-70 ж) дүние жүзілік деңгейінен 53,0 м биіктікте жатқан. Алабындағы шаруашылық мақсаттарға үздіксіз су алу барысында 1998 жылы теңіз деңгейі 18 метрге төмендеді (1997 ж). Нәтижесінде теңіз 2 су қоймаға – Үлкен Арал және Кіші Арал болып бөлініп қалды. Арал теңізі көне замандардан белгілі. Ежелгі гректер мен Римдіктер теңізді Каспийдің «сақ шығанағы» деп есептесе, А.Македонский кезінде Окс теңізі (Окс – Сырдарияның грекше аты) деп атаған. Кейін Птолемей оның географиялық орнын анықтаған. Арал теңізінің Хорезм теңізі, Жент теңізі, Кердері теңізі сияқты аттары да бар. 1850 жылы теңіздің алғашқы толық картасы жасалды. Арал теңізіне Орталық Азияның 2 аса ірі өзендері (Әмудария мен Сырдария) құяды. 1970 жылдан бастап көлге құятын өзен ағындысы жоққа тән болғандықтан, булануға кеткен шығынды толтыруға шамасы жетпейді, сондықтан теңіз суы жылдан жылға тартылып келеді. Алғаш Әмударияның атыру тұсы Арал теңізі аталып, кейін теңіз түгелімен Арал аталған. Ен жазық далада оғаш, жеке, дара арал іспеттес тұрған теңіз болғандықтан қойылған атау.

Арал Қарақұмы – құмды алқап. Арал теңізі мен Торғай үстіртінің аралығын, Ақтөбе, Қарағанды және Қызылорда облыстары аумағының бір бөлігін алып жатыр. Ауданы 35 мың шаршы км шамасында. Алқап беті солтүстіктен оңтүстікке қарай бірте-бірте аласарып, Арал теңізі маңында жағалық құм белдеуіне ұласады. Біртұтас құм алқабы ойысты жеке бөліктерге бөлшектенген. Құм алқабы бор және палеоген жыныстарының үгілуінің нәтижесінде түзілген. Одан жоғары Көлқұдыққұм, Жіңішкеқұм, Алайғырқұм, Үлкенқұм орналасқан. Арал Қарақұмы жер асты суына бай. Тұщы су жер бетінен 2-3 м тереңдікте, ал артезиан суы бор және палеоген жыныстары қабаттарында 100-200 м тереңдікте жатыр.

Аралқұм – жер атауы. Арал қаласынан шығысқа қарай 40 км жерде орналасқан. Жерінің климаты өте қатаң. Ауаның температурасы +10С-тан жоғары болатын кезең 175-195 күн. Аралқұм аймағында көне заманнан қалған бұйрат және жады бұйратты құмдарына тән өсімдіктер қара сексеуіл аралас жүзгін, баялыш, жусан мен эфермелер өседі. Аралқұм жерінен темір жол өтеді. Мұнда осы аттас темір жол станциясы бар. Жер аумағы – 5836 га, оның 4923 га-сы қырдың жайылымы.

Аралқұм – ауыл, темір жол бекеті, Аралқұм ауылдық округінің орталығы. Арал қаласынан оңтүстік-шығысқа қарай 37 км жерде. Арал – «өзен, көл, дария ортасындағы алаң, өсімдікті, орманды жер» және құм – «ұсақ тас, қиыршықтар» сөздерінен жасалған атау. Топонимдік мағынасы: «Кең жазық, ен даладағы құмды жерде кездесетін үйінді төбе құмдар».

Арал ойысы – жер атауы. Арал теңізінің ойпатын және оның солтүстігін, шығысы мен оңтүстік-шығысын алып жатқан мезозой-кайнозой шөгінділерінен түзілген тектоникалық құрылым, геоморфиялық тұрғыдан алғанда солтүстік Қызылқұмға жалғасып жатқан ойпат. Тұран плитасының құрамына енеді. Ауданы – 350 мың шаршы км шамасында. Ойыстың Юра мен бор шөгінділерінде мұнай мен газ, палеоген жыныстарында қоңыр көмір, темір кендері кездеседі, сондай-ақ жерасты суының мол қоры бар.

Арал тұз кендері – жер атауы, Арал теңізі алабындағы түбіне тұздар шөккен көлдер. Тұз кені негізінен Болғасынтұз, Қорғантұз, Жақсықылыш, Кішкенетұз, Бұғажайлы (Арыс көлі), Қаратұз ойпаттарындағы көлдерде орналасқан. Олардан галит, тенардит, мирабилит, эпсомит, астраханит тұздары өндіріледі. Аталған тұздардың ішінде тенардит барлық көлдерден алынып біткен. Оның 20-ғасырдың соңғы жылдарындағы жаңадан шөгуі бірнеше мм-ден аспайды. Арал тұз кендерін игеру көп қаржы, материал және еңбекті талап етпейді. Олардағы әр түрлі пішінді және өлшемді кен шоғырлары тұздардың бірнеше түрінен тұрады. Сондықтан мұндай көп құрамды шикізатты кешенді игеру өте тиімді.

Астаусор – жер атауы. Бұл жерді жағалай үлкен сор болған. Бұрын «Жігер» колхозы деп аталып, 50-60 үй мекен еткен. Сордың болуына байланысты Астаусор деп аталған. Манасбай Оралбайдың мынадай өлеңі бар: «Астаусор деген қала бар, Мәскеуменен пара-пар...»

Ауан (Аван) – Кіші Арал теңізінің оңтүстігінде, Көкарал түбегінің солтүстігіндегі жер атауы. Жерінің аумағы – 0,3 мың шаршы км. 20-ғасырдың басында осы өңірге жер аударылған орыс, қалмақ, неміс, кәріс, т.б. ұлт өкілдері тұрған. Ертеректе мұндағы тұрғындар теңіз жағасынан естілетін әуенді (дыбысты) «обен» деп атаған. Жергілікті халық балық аулаумен айналысқан. Балық қабылдау пункті жұмыс істеген. Жер бедері жазық, құмдақты. Арал теңізінің тартылуына байланысты қазір Ауан құрлыққа айналған. Тұрғылықты халық көшіп кеткен.

Аша – құдық. Қаратүп түбегінде.

Ащықұдық – құдық. Арал теңізінің солтүстік-шығыс бөлігінде, Көктырнақ түбегінде. Ащы және құдық сөздерінен жасалған атау. Бұл сайда ащы сор көп болғандықтан осылайша аталса керек.

Әлибай – құдық. Баршақұмның оңтүстік-батыс бөлігінде. Кісі есімінен қойылған атау.

Әулие – қыстау. Баршақұмның оңтүстік-батыс бөлігінде.

Байқұн – бұлақ. Арал теңізінің солтүстік-шығыс жағалауында.

Байталыбұлақ – құдық. Арал теңізінің солтүстік-шығысында. «Байталы деген кісінің бұлағы» мәніндегі атау.

Байшора – мүйіс. Көктырнақ түбегінің шығыс бөлігінде. Ру атынан қойылған атау.

Балғабай каналы – жарма және Тұщы көлдерінің жүйесі. Балғабай Жолшыұлы атақты Нұржан Ишан атаның (1840-1922) әкесі.

Барсакелмес – түбек. Арал теңізінің солтүстік-шығыс бөлігінде. Теңіз суы тартылғанға дейін ұзындығы - 28 км , енді жері - 8 км, ауданы - 133 шаршы км арал болған (1987ж). Түбек ендік бағытта созылып жатыр. Жер қыртысы неоген шөгінділерінің сазды тақтатас және мергель тау жыныстарынан тұрады. Оның бетін төрттік кезеңнің шөгінділері жапқан. Жер бедері дөңесті-белесті болып келеді. Абс. биіктігі – 113 м (Шағалалы төбесі). Атаудың шығу тарихы жөніндегі аңыздардың бірінде: сол аралды қыстап шығуға барғандардың, қапелімде мұз түсіп кеткендіктен, құрлыққа қайта алмай қалғандығы жайлы айтылады. Сол себепті де Барсакелмес деп аталып кеткен.

Барсакелмес қорығы – жер атауы, Арал теңізінің солтүстік-батыс бөлігінде орналасқан. 1939 жылы ұйымдастырылды. Жер аумағы – 20 мың га. Қорық жерінің негізі – құммен қоршалған саз топырақты сортаң шөл.

Баршақұм – құмды алқап. Арал Қарақұмының солтүстігінде орналасқан. Алқап Арал ауданында солтүстік-батыстан оңтүстік-шығысқа қарай 110 км-ге созылып жатыр, енді жері – 40 км, аумағы – 1,7 мың шаршы км, абс. биіктігі – 112 м. Құм төбелері арасында Берді, Аймаңдай, т.б. құдықтар және Бөбешек, Мейірман, Жылданды, Манасбай, Көкқабақ қыстаулары кездеседі.

Басбақ – төбе. Арал теңізінің солтүстік-шығысында, Баршақұмның батыс бөлігінде. Абс. биіктігі – 108 м.

Баян – көл. Арал Қарақұмының оңтүстік-батыс бөлігінде, Сырдария алабында. Кісі есімінен қойылған атау.

Бегім ана мұнарасы – шамамен 10-12 ғасырлардан сақталған сәулет өнері ескерткіші. Жаңақұрылыс ауылынан оңтүстікке қарай 35 км жерде. 1979 жылы Қазақстан тарих және мәдениет ескерткіштерін қорғау қоғамының экспедициясы (жетекшісі Ә. Оспанов) зерттеген. Аңыз бойынша, Бегім ана Жанкент әмірінің әйелі, нақақ жаланың құрбаны болған. Мұнара шикі кірпіштен тұрғызылған, екі қатар күйдірілген кірпішпен қапталған. Биіктігі – 10,5 м. Мұнара ескерткіш үшін не әлдебір белгі беруге, қарауыл қарау үшін салынуы мүмкін деген болжам бар.

Безымянный – мүйіс, қоржынды түбегінің оңтүстігінде.

Бекбауыл (Бекбаулы) – ауыл, темір жол стансасы. Қамыстыбас ауылдық округі құрамында, Арал қаласынан оңтүстік-шығысқа қарай 25 км жерде орналасқан. Іргесі 1904 жылы Ташкент-Орынбор темір жолын салуға байланысты қаланды. Бекбауыл арқылы Қызылорда – Ақтөбе темір жолы мен автомобиль жолы өтеді. Кісі есімімен қойылған. Бекбауыл – Жанқожа батырдың немере інісі, батыр, би болған кісі.

Бектай – қыстау. Арал Қарақұмының оңтүстік-батыс бөлігінде, Сырдария өзенінің аңғарында. Кісі есімінен қойылған атау.

Бекетай – канал атауы. «Тұщы көлдері» жүйесіне су жіберуге арналған. Бұл канал Бөген балық зауыты кезінде қазылған. Кісі атынан қойылған. Бекетай Қатпаұлы сол маңға жерленген.

Бектеміс – құдық. Арал теңізінің солтүстік-шығысында, Баршақұмның батыс бөлігінде. Кісі есімінен қойылған атау.

Берді – құдық. Арал теңізінің солтүстік-шығысында, Баршақұмның батыс бөлігінде. Тереңдігі – 2 м, шығымы – 80 л/с. Кісі есімінен қойылған атау.

Бердікөл – Қосаман ауылының оңтүстік-шығыс жақ бетінде төбенің басында кішігірім көнеден келе жатқан қорымы бар жер аты. Бұл – Жақайым тайпасының Игілік аталығы ұрпақтарының қорымы. Осы төбенің басында Берді деген кісінің мүрдесі жатса керек. Көне көз қариялардың айтуы бойынша, 18-ғасырдың соңы мен 19-ғасырдың басында өмір сүрген Берді өзінің өлер шағын алдын ала біліп: «Мен өлгеннен соң денемді Төртқара тайпасының шекарасына жақын қойыңдар, себебі ертең артымдағы ұрпағыма жер дауы туындаған сәтте талас болмасын», – деген өсиет қалдырса керек. Сол бейітке онша қашық емес, өткен ғасырдың 80-жылдары Арал-Сарбұлақ су көтеру бекеті орналасқан.

Бердікөл – көл. Арал теңізінің солтүстік-шығыс жағалауында.

Бикмана – бейіт. Арал теңізінің шығысында, Сырдария өзенінің аңғарында. Кісі есімінен қойылған атау.

Бозғұл – көл. Арал теңізінің солтүстік-шығыс жағалауында. Ру атынан қойылған атау.

Боранбай – қыстау. Арал Қарақұмының оңтүстігінде. Кісі есімінен қойылған атау.

Боранқұл – қыстау. Арал теңізінің солтүстік-шығысында, Баршақұм өңірінде. Кісі есімінен қойылған атау.



Бөбешік – қыстау. Арал теңізінің солтүстік–шығысында, Баршақұмның батыс бөлігінде.

Бөген – ауылдық округ орталығы. Арал қаласынан оңтүстік-батысқа қарай 85 км жерде, Арал теңізінің аңғарында. Бөген ауылының бастапқы атауы «Қалия» (Ғалия болуы да мүмкін). Қалия ХҮІІІ ғасырда өмір сүрген атақты Нұрбай байдың екінші әйелі. Бөген сөзі су қоймасы дегенді білдіреді. Кеңес өкіметі орнаған соң Бөген атауы «Көнебөген» атауына көшкен. Уақыт өте келе «Қалияға» ел қоныстанып, «Қалия» Бөген ауылы деп аталып кеткен.

Бөгеткөл – жайлау. Арал теңізінің солтүстік-шығысында.

Бөген – көл. Арал Қарақұмының оңтүстік-батыс бөлігінде, Арал теңізінің солтүстік-шығыс алабында.

Бутаков – шығанақ. Арал теңізінің қиыр солтүстігінде, Шұбартарауыз және Көктырнақ түбектері аралығында орналасқан. 1997 жылғы деректер бойынша Бутаков шығанағының ұзындығы - 20 км, теңізге шығар жерінің ені – 3-4 км. Арал теңізін зерттеуші А.И.Бутаковтың құрметіне қойылған атау.

Бұзауөлген – құдық. Арал Қарақұмының батыс бөлігінде. Осы құдыққа бұзау түсіп өлгендіктен қойылған атау.

Бұлтық – төбе. Арал теңізінің солтүстік-шығыс бөлігінде, Көктырнақ түбегінде. Абс. биіктігі – 149 м.

Бұралған – құдық. Арал Қарақұмының батыс бөлігінде.

Бірқопай – көл. Құланды түбегінде.

Возрождение – арал. Арал теңізінің батыс бөлігінде орналасқан. Солтүстіктен оңтүстікке қарай 150 км-ге созылған, енді жері – 60 км-ге жуық, абс. биіктігі – 93 м. Возрождение Кеңес үкіметі кезінде химиялық-бактериялық қарудың сынақ алаңы болған. Аралды орыс зерттеушісі А.Н.Бутаков 1848 жылы алғаш рет сипаттап жазған.

Даулықсай – сай. Арал теңізінің солтүстігінде. «Дау руының сайы» мәніндегі атау.

Дәуқара – бұлақ. Құланды түбегінде. Ру атынан не кісі атынан қойылған атау.

Дәуқараның тұзы – көл. Құланды түбегінде.

Дәулетжаға – төбе. Арал қаласынан солтүстік-батысқа қарай 115 км жерде. Абс. биіктігі – 136 м. «Дәулеттің төбесі» мәніндегі атау болса керек.

Дәуіт – төбе. Арал теңізінің солтүстік-шығыс жағалауында, Арал Қарақұмында. Абс. биіктігі – 161 м.

Дерім – қыстау. Баршақұмның оңтүстігінде.

Домалақ – тұйық көл. Арал Қарақұмының оңтүстік-батыс бөлігінде, Сырдария өзенінің оң жағасында, Кіші Борсық және Арал Қарақұмы аралығында теңіз деңгейінен 69 м жоғары орналасқан. Оның аумағы – 35,2 шаршы км, ұзындығы – 10,3 км, енді жері – 6,5 км. Қар және жерасты суымен толысады. Жазда мүлдем тартылып қалады. Суы тұзды, көктемде мал ішеді. Алабы шабындық ретінде пайдаланылады. Көлдің сыртқы көрінісіне сай қойылған болу керек.

Домалақ – мүйіс. Арал теңізінің солтүстік-шығыс бөлігінде, Көкарал түбегінде.

Достан – бұлақ. Арал теңізінің солтүстігінде. Кісі есімінен қойылған атау.

Дөңгелексор – қыстау. Баршақұмның оңтүстік-батыс бөлігінде. «Дөңгелене біткен сортаңды жер» мәніндегі атау.

Егізек – қоныс. Арал теңізінің солтүстігінде. Кісі есімінен қойылған атау.

Екінші Аралқұм – қыстау. Баршақұмның оңтүстігінде.

Ерсары – құдық. Арал Қарақұмының солтүстігінде. Кісі есімінен қойылған атау.

Ерімбетжаға – қыстау. Баршақұмның оңтүстігінде. «Ерімбеттің жағадағы қыстауы» мәніндегі атауы.

Есетқұм – құм. Арал теңізінің солтүстік-шығысында. «Есеттің құмы» мәніндегі атау.

Ескене – қыстау. Арал теңізінің солтүстік-шығысында, Баршақұмның батыс бөлігінде. Кісі есімінен қойылған атау.

Ескіқамыстыбас – қыстау. Арал қаласынан оңтүстікке қарай, Қамыстыбас көлінің аңғарында.

Ескіұра – ауыл. Әйтеке би кентінен солтүстік-батысқа қарай 40 км жерде. «Ескі жерден қазылған жабық көмбе» мәніндегі атау.

Жақас – қыстау. Арал теңізінің солтүстік-шығысында, Баршақұм өңірінде. Кісі есімінен қойылған атау.

Жақсықылыш – жота ( қыратты тау жұрнағы) . Солтүстік Арал маңында орналасқан. Абс. биіктігі - 110 м, ұзындығы - 28 км, ені - 5-10 км. «Жақсы мекен» ұғымындағы атау. «Жақсыға» қосарланған «қылыш» сыңары: «тар өткел» , әйтеуір сондай бір тар, қысалаң, қылталы жерге тән ұғым. Қазақша қылы сөзіне кішірейткіш - ша қосымшасы жалғанған тұлға (диал.), келе-келе аяққы а дыбысының жартылай естілуі немесе соңғы ы дыбысы әсерінен, мүлде естілмей (айтылмай да) қалуы заңды құбылыс. Қылыш (а) – «тар арық».




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   14




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет