Қызылорда облысының жер – су атаулары қызылорда, 2013 жыл сыр елі қызылорда облысы



бет14/14
Дата23.10.2016
өлшемі2,27 Mb.
#63
1   ...   6   7   8   9   10   11   12   13   14

Кемпірүңгір – үңгір атауы. Қаратау жотасында, бесарық өзенінің бойында орналасқан. Аңыз бойынша, ертеректе жау шапқыншылығы кезінде сол үңгірде тығылып, бір кемпір паналаған екен. Соған байланысты үңгір «Кемпірүңгір» аталып кеткен.

Кеңес – ауыл, Бесарық ауылдық округі құрамында. Жаңақорған кентінен оңтүстік-шығысқа қарай 80 км жерде, Қаратау жотасының сайлы-жыралы келген тау алды жазығында, Бесарық өзенінің бойында орналасқан. Ауыл 1977-96 жылдары бау-бақша өсірумен айналысатын «Юбилейный» кеңшарының орталығы болған. Кеңшар негізінде Кеңесте шаруа қожалықтары жұмыс істейді. Кеңес дәуірінде қойылған атау.

Көккесене – күмбез, жер атауы. Көккесененің орны Төменарық темір жол стансасының солтүстік күншығысынан 5 шақырымдай жерде, қазіргі «Қожамберді» ауылында. Академик Ә. Марғұлан қаланың атақты болуының себебі, Алпамыс батырдың жұбайы Баршын сұлудың (Гүлбаршынның) есімімен аталуында екендігін айтады. Көккесене, тарихи деректерге қарағанда, осы Баршын сұлудың кесенесі екендігін көрсетеді. Көккесене ХІ ғасырларда салжук-Хорезм шах заманындағы сәулет өнері үлгісімен (биік мұнара) тұрғызылған сәулетті күмбез.

Көктөбе – ауыл, ауылдық округ. Аудан орталығынан 110 шақырымдай қашықтықта, Сырдария өзенінің сол жақ жағалауында орналасқан. Ауыл 1962-96 жылдары қаракөл қойын өсіретін «Түркістан» кеңшары бөлімшесінің орталығы болған. Бөлімше негізінде Көктөбеде шаруа қожалықтары жұмыс істейді. Көктөбе атауы жердің атына байланысты қойылған, «биік төбе» мәніндегі атау немесе төбе тасы не өсімдігі көк болғандықтан берілген атау.

Ауылдық округ 2004 жылы жаңадан құрылды. Округке қарасты жалпы жер аумағы 3741 га көлемді алып жатыр.



Көлтоған – су қоймасы. Қаратау жотасының батысында, Сырдария алабында. Көктем айларында Ақүйік өзені Сырдарияға құятын болған. Көктемгі тасқын суды жинап, жазда егіншілікпен айналысу үшін 20-ғасырдың басында, шамамен 1920-30 жылдары қолайлы жерден ұзындығы 1 шақырымдай болатын бөгет соғып, үлкен су қоймасын жасаған, оны «Көлтоған» деп атаған. Бұл тоғанды күні бүгінге дейін Бірлік ауылының халқы пайдаланып келеді. «Қолдан жасалған көл» мәніндегі атау.

Кітәнұшқан – Қаратау жотасындағы шың. Кітән деген кісі бүркіттің ұясын аламын деп сол шыңнан құлап кеткен деген аңыз бар.

Қадырбек – құдық. Қызылқұмның солтүстік-шығыс бөлігінде. Кісі есімінен қойылған атау.

Қайнарбұлақ – ауыл. Жаңақорған кентінен оңтүстік-шығысқа қарай 35 км жерде.

Қалғансыр – ауыл. Қандөз ауылдық округіндегі Қандөз ауылынан солтүстік-шығысқа қарай 12 шақырым қашықтықта орналасқан. Бұл атау Қалған және сыр деген атаулардың бірігуінен жасалған. Қалғансыр ауылы аумағында ерте кезде Сыр бойында әр жерлерде 3-4 отбасыдан орналасқан тұрғындар болған. Сол елді мекенде қалған елді Сыр бойында қалған ел деп атап кеткендіктен Қалғансыр деген атау шықты деген аңыз бар.

Қандөз – ауыл, өзімен аттас ауылдық округтің орталығы. Жаңақорған кентінен оңтүстік-шығысқа қарай 88 км жерде, бұйырғын, тасбұйырғын, күйреуік, т.б. сораң шөптер өскен Сыр бойының қуаң жазығында орналасқан. Ауыл 1997 жылға дейін Түркістан деп аталып келген. 1964-1997 жылдары қаракөл қойын өсіретін Түркістан кеңшарының орталығы болған. Қандөз ауылдық округі Қандөз, Қалғансыр, Қашқанкөл елді мекендерін қамтиды. Ауылдық округ облыс әкімдігі мен облыстық мәслихаттың біріккен шешімімен 2002 жылы ашылған. Округке қарасты жалпы жер көлемі 6642 га шаршы шақырым қашықтықты алып жатыр. Елді мекен негізінен егін және мал шаруашылығына бейімделген.

Қандыарал – Жаңақорған ауданының оңтүстік-шығысында орналасқан жайылма көл. Көлдің айналасы тораңғылды-жиделі тоғай, су жиегі қопалы-қамысты, батпақты. Суы тұщы, биологиялық алуан түрлілігі мол. Көктемде көл айдыны маусымдық құстарға толады. Құстардан аққұтан, сарықұтан, бірқазан, қасқалдақ, үйрек, т.б. ұшырасады. Көлден балық аулау, өсіру қолға алынған.

Қандықұдық – жер атауы. Бұлай аталуының топонимдік мағынасы: «суы мол құдық» дегенге толық сай келетіндей.

Қандымсай – құдық. Қызылқұмның солтүстік-шығыс бөлігінде.

Қаңбақты – құдық. Қызылқұмның солтүстік-шығыс бөлігінде.

Қарасопы күмбезі – 18-19 ғасырларда салынған архитектуралық ескерткіш. Аудан орталығынан оңтүстік-шығысқа қарай 5 км жерде, Сырдарияның жағасында орналасқан. Биіктігі – 9 м, үстінде 8 айшығы бар, шағын екі бөлмеден тұрады. Қабір жатқан бөлменің аумағы – 12,34 х 8,70 м, қосалқы бөлме аумағы – 6,50 х 5 м. Есігі құбылаға қараған, алдында Қарасопы бейіті бар. Қарасопы күмбезі ислам сәулет өнері үлгісінде салынған. Осы аймақтағы Қорасан Ата, Қылышты Ата, Айқожа, т.б. тарихи жәдігерлер олардың көшпелі өзбектер дәуіріне қатысын байқатады. Қарасопы күмбезі арнайы зерттелмеген. Ескерткіш 1982 жылы мемлекеттік қорғауға алынған.

Қарақұм – Қожакент елді мекенінің батыс жағында орналасқан үлкен құм төбе. Бұл жер елге жазда жайлау, қыста қыстау болған. Шаруаға жайлы болғандықтан осы жер Қарақұм төбесі деп аталып кеткен.

Қарауылтөбе – төбе, жер атауы. Жаугершілік заманда белгі беру үшін, үлкен қалаларды жаудан қорғау мақсатында жау қарасы көрінген уақытта төбе басына от жағу арқылы Сауран сияқты үлкен қалаларға белгі беріп отырған. Сондықтан осы төбені Қарауылтөбе деп атаған.

Қаратөбе - ауылдық округ орталығы,

Қараша – ауыл. Жаңақорған кентінен оңтүстікке қарай 19 км жерде. Ру атынан қойылған атау.

Қараша – құдық. Қызылқұмның солтүстік-шығыс бөлігінде.

Қаратөбе – ауыл, өзімен аттас ауылдық округінің орталығы. 29280 га жер көлемін алып жатыр. Ауылдық округ 1993 жылы ашылған, Қаратөбе елді мекенін қамтиды. Ауылдық округтің географиялық жағдайы негізінен ауыл шаруашылығына бейімделген. Қаратөбе елді мекені аудан орталығынан 80 шақырымдай қашықтықта, Келінтөбе каналының жағалауында орналасқан. Ауыл 1964-96 жылдары күріш өсіретін «Келінтөбе» кеңшары бөлімшесінің орталығы болған. Оның негізінде Қаратөбеде шаруа қожалықтары жұмыс істейді.

Қатынқамал – тарихи үңгір. Қосүйеңкі ауылының шығыс жағында 40 км жерде, Бірлік елді мекені орталығынан 20 шақырымдай қашықтықта. Қатынқамалға нақты ғылыми зерттеу жұмыстары жүргізілмеген. Жол жобасын білетін жергілікті тұрғындар болмаса, сырт адамдар бұл үңгірге жете алмаған. Аңыз бойынша осы үңгірге жоңғар шапқыншылығы кезінде әйелдер мен жас балалар жасырынған. Қазақ жауынгерлері жеңіліске ұшыраған соң жоңғарлар Қатынқамалды тауып алып, жасырынған адамдарды түгелдей қырып тастаған. Бұл атау жаудан қорғану жолында балаларын үңгірге қамап, өздері жауға қарсы тұрған, сол жолда құрбан болған аналардың ерлігін паш еткен атау екені байқалады. Содан бері бұл үңгір «Қатынқамал» атанған.

Қауық – ауыл, Кейден ауылдық округінің құрамында. Аталу себебі – дария жағасы қалың тоғай, шеңгел, жыңғыл қау болып өскен, елге ық-пана болған. Содан Қау (ну)-ық (пана) болып аталып кеткен.

Қашқанкөл – ауыл, Қандөз ауылдық округінің құрамында. Қашқанкөл ауылы Қандөз ауылынан 3 шақырым қашықтықта орналасқан. Қандөз ауылына Сырдария өзенінен бөлініп шыққан кішігірім канал келіп құйылып тұрған. Сол каналдан және ауылдың жоғарғы жағынан аққан су Қашқанкөл ауылының орнындағы көлге құйылады. Содан Қашқанкөл ауылының орны көл болып жатқан. Сол себепті Қашқанкөл деген атау шыққан.

Қожакент – ауыл, округ орталығы. Жаңақорған кентінен оңтүстікке қарай 38 км жерде, Сырдарияның сол жағалық аңғарында орналасқан. Ауыл 1991 жылға дейін «Октябрь» деп, одан кейін «Миялы» деп аталған. 1967-96 жылдары күріш өсіретін 23-партсъезд атындағы кеңшардың орталығы болған. Ру атынан қойылған атау. Сыр бойына ислам діні мен мәдениетін ҮІІІ-ІХ ғасырларда алғаш алып келген ірі дін өкілдерінің ұрпақтары шоғырланған ауыл болғандықтан осылай аталған. Елді мекен аумағында «Имаш» көлі, «Молдақорған» қорғаны, «Алғыр - салғыр» бекінісі, «Тарауыз» тоғаны, «Беларық», «Шолақарық» секілді тарихи орындар бар.

Қожамберді – ауыл, ауылдық округ. Төменарық ауылдық округі құрамында. Қожамберді ауылдық округі Қожамберді елді мекенін қамтиды. 1928 жылы «Қандыарал» колхозы болып құрылып, 1949 жылы Елтай колхозы мен Қандыарал колхозы қосылып, «Коммунизм» колхозы деп аталған. 1993 жылы ауыл сол өңірден шыққан Қожамберді батырдың есімімен аталды. 2004 жылы 13 желтоқсанда Төменарық ауылдық округінен бөлініп, Қожамберді ауылдық округі болып құрылды. Ауылдық округ төңірегінде Баршынкент, Көккесене тарихи орындары бар.

Қойлақы ата ескерткіші – 13-ғасырда қойылған. Қойлақы ата 12-13 ғасырларда өмір сүрген. Ескерткіш Қожакент елді мекенінен 11 км жерде орналасқан. Қызыл граниттен жасалынып, жоғары жағы өрнектеліп, арабша жазулар жазылған. Алты қырлы, қалыңдығы – 55 см, биіктігі – 2 м.

Қойлық – құдық. Қызылқұмның солтүстік-шығыс бөлігінде. «Қой суаратын құдық» деген мәндегі атау.

Қорасан ата мазары, Әбдіжәлел баб мазары - 14-ғасыр сәулет өнерінің ескерткіші. 19-ғасырда қайта салынған. Қарасопы кесенесінен батысқа қарай 35 км жерде. Шикі кірпіштен, кейін күйдірілген кірпіштен салынған. Бөлмелері бір-бірімен жалғаспаған. Бас қасбет дәліз арқылы күмбезі шағын бөлмемен тұйықталған. Қорасан ата сағанасының есігі батысқа қараған бөлмеде. Аңызға қарағанда, Қорасан ата діни қайраткер ретінде танылған.

Қостораңғыл – жер атауы. Байырғы уақытта Сырдарияның бойынан 1 км жерден бір адамның мәйіті қойылған жерден 2 қостораңғыл ағашы шыққан. Сол себептен, Қостораңғыл деп аталып кеткен.

Қосүйеңкі – ауыл, ауылдық округ. Жаңақорған кентінен шығысқа қарай 48 км, округ орталығы – Бірлік ауылынан 32 км жерде, Қаратау жотасының оңтүстік беткейінде орналасқан. Ауыл 1957-1994 жылдары қаракөл қойын өсіретін «Бірлік» кеңшарының бөлімшесі болған. Ақтөбе деп аталатын бұлақтың жанында екі үйеңкі ағашы болған. «Қосүйеңкі» атауының шығу тарихы осы екі үйеңкімен байланысты.Кезіндегі «Ынтымақ», «Талдысу», «Қосүйеңкі» колхоздары біріктіріліп, 1954 жылы «Қазақстанның 30 жылдығы» колхозы құрылады. Колхоздың орталығы Қосүйеңкі елді мекені. 2004 жылы 13 желтоқсанда Қосүйеңкі ауылдық округі құрылды. Қосүйеңкі ауылы «Қайнар» бұлағын жағалай орналасқан.

Құлантақыр - қоныс. Қызылқұмның солтүстік-шығыс бөлігінде.

Құмиян қаласы – ортағасырлық қала орны. 7-ғасырда өмір сүрген. Сырдарияның сол жақ бетінде Келінтөбе елді мекенінен батысқа қарай 10 км-дей жерде орналасқан. Қала үйіндіге айналып, сыртындағы кесек қорғаны құлаған, кейбір бұрыштары жартылай қалған. Кесек қорған үсті төрт аттылы кісі сыятындай қалыңдықта жасалған. Шыңғысхан шапқыншылығынан қайта бой көтеріп дами алмаған ежелгі қала орны. Кісі есімінен қойылған атау болуы мүмкін.

Құрмантай – қоныс. Қызылқұмның солтүстік-шығыс бөлігінде. Кісі есімінен қойылған атау.

Құрмантай – құдық. Қызылқұмның солтүстік-шығыс бөлігінде.

Құттықожа – ауыл, Шалқия кенттік әкімдігі құрамында. Жаңақорған кентінен шығысқа қарай 18 км жерде, Ақұйық өзеннің жағасында орналасқан. Ауыл 1992 жылға дейін Ленин ауылы деп аталды. Ауылда Шалқия кенішіне қарасты кәсіпорындар орналасқан. Кісі есімінен қойылған атау.

Қылауыз ата кесенесі - Әбдіғаппар елді мекенінен 10-11 шақырымдай жерде орналасқан. Бұрынғы күмбезді кесенесі тозып, 1996 жылы күйдірілген қыштан күмбезді кесене тұрғызды. Көлемі 6 х 8 м, биіктігі – 4,5 м. Қылауыз ата ХІІ ғасырларда өмір сүрген кісі. Кесене жергілікті маңызы бар тарихи-мәдени ескерткіштердің бірі.

Қылышты ата кесенесі – орта ғасырлық ескерткіш. Аудан орталығынан 30 км, Қыркеңсе елді мекеніне 7-8 км жерде орналасқан. Қылышты ата аруақты адам болған, ХІ – ХІІ ғасырларда өмір сүрген. Бұрынғы кесенесі құлап қалғандықтан ұрпақтары 1992 жылы ақ қыштан өріп, темір қаңылтыр күмбезді кесене тұрғызды. Кесененің ауданы – 6 х 6 м, биіктігі – 4 м.

Қырөзгент - Өзгент ауылынан оңтүстік-батысқа қарай 18 км, Сырдарияның сол жағында орналасқан ортағасырлық қала орны. Қырөзгент қаласы жазба деректерде Аққорған қаласына қатысты бірге айтылады. Қырөзгент қаласының бекінісі мен дуалды қорғаны 14 мыңдық әскерге төтеп берген. Қаланың орнын алғаш В. А. Каллаур көрсетіп, 1970 жылдары Отырар археологиялық экспедициясы топографиялық жоспарын жасады. Қаланың топографиялық жоспары – көп бұрышты төбе бейнелі, мұнаралы, қабырғалар солтүстігін оңтүстікке қарай 250-300 м және жұмыр бұрышты 50-70 м кесінділер орны бар. Олардың қиылысқан жерлері дөңгелек мұнаралармен нығайтылған. Мұнаралар саны – 15. Тегеуірінді мұнаралар, әсіресе, шығыс, батыс, оңтүстік жақтағы бұрыштарда тұрғызылған. Кебірленіп құлаған дуалды қабырғаларының қалыңдығы – 10-15 м. Мұнаралар сыртқа қарай 10 м шығыңқы. Қала дуалын айналдыра кеңдігі – 10 м, тереңдігі – 2 м ор қазылған. Басты кірер қақпаның биіктігі – 8-10 м. Ол қаланың шығыс бөлігінде орналасқан. Бау-бақша, су жүйелері, шеберхана және көше іздері байқалады.

Қыркеңсе – ауылдық округ орталығы. Округ аймағы тарихи орындарға бай. Бұл аймақ – Төлек-Ата, Қылышты-Ата, Қылауыз-Ата, Омар-Ата, Қорасан-Ата, Бақсайыс-Ата мекендеген киелі өңір.

Төңкерістен кейін, яғни 1927 жылы сол кездегі саясатқа байланысты аудан басшылары көшіп-қонып жүрген елді жинап, «артель» боп бірігуге шақырған. Сөйтіп, ойдағы-қырдағы ағайындар жиналып, «Сырдария» өзенінің Қызылқұм жиегіндегі «Құмтөбе» (Майқұмшық деп те атаған) жерінде бас қосып, колхоз болып бірігеді. Колхозға қырдағы кеңсе, яғни «Қыркеңсе» деген атау беріледі.



Қыраш – ауыл, ауылдық округ орталығы. 1927 жылы «Тоқтамыс» колхозы болып құрылып, кейінен «Қызыл мақташы» аталған. Қыраш ауылдық округі 2005 жылы ақпан айында құрылды. Орталығы - Қыраш ауылы. Ауылдық округ 18451 га жер көлемін қамтиды, елді мекен аудан орталығына 30 шақырымдай жерде тау беткейде орналасқан. Қыраш елді мекенінің табиғаты мал шарушылығына бейімделген.

Манап – ауылдық округ, 2005 жылдың ақпанында құрылды. Ауылдық округке Манап ауылы, Талап бекеті елді мекендері қарайды. Ауылдық округтің орталығының көне атауы «Ескі Талап» болатын, Қазақстанның халық ақыны Манап Көкеновтің есімімен елді мекен атауы 1997 жылы 27 желтоқсанда «Манап ауылы» болып, ауылдық округтің атауы Манап ауылдық округі болып қайта өзгертілді.

М. Нәлібаев – ауылдық округ атауы. Қазіргі «М. Нәлібаев» елді мекенінің орнында осы жердің байырғы тұрғындары 40-50 отбасы тіршілік жасаған, бұған дейінгі алғашқы кезде елді мекендегілерді ХІХ ғасырдың басында «Роман тамы», «Шәлімбет тақыры», «Бұйра баба» тұрғындары деп атап келген. Ұлы Отан соғысы басталғанға дейін тіршілік жасаған тұрғындардың біраз бөлігі «Қыр Өзгент» маңында соғысқа қажетті оқ-дәрі дайындаумен айналысқан. Ауыл «Ақжол» аталды. 2005 жылы ауылдық округке белгілі еңбек және соғыс ардагері Машбек Нәлібаевтың есімі берілді.

Молдақорған – бекініс, жер атауы. Қожакент ауылының солтүстік батыс бөлігінде, егіс алқаптарынан кейін орналасқан. Жаугершілік замандарда жаулардан қорғанатын қорған, бекініс болған, шамамен ХҮІІІ-ХІХ ғасырларда салынған. Қазіргі таңда орнында үйінді топырақтар мен құлаған дуалдар бар.

Мұзхана – 1905 жылы Төменарық елді мекенінде салынған. Вокзал аумағында орналасқан. Күйдірілген кірпіштен цемент-топырақ қосындысымен өрілген, тік бұрышты құрылыс. Мұзхана екі бөліктен тұрады: жерастылық және жербетілік. Жерасты бөлігі паралепипедке ұқсас. Қабырға қалыңдығы екі қыштан өрілген, ішкі биіктігі – 3,60 м, тереңдігі – 3 м. Жалпы құрылыс көлемі – 197,505 текше метр. Мұзхана жергілікті маңызы бар тарихи-мәдени ескерткіштердің бірі.

Обқара – бұлақ. Қаратау жотасының солтүстік-батыс етегінде. «Суы терең бұлақ» мағынасындағы атау.

Ордакент – қала орны. Жаңақорған темір жол стансасынан солтүстікке қарай 5-6 км жерде. 1967 жылы Отырар археологиялық экспедициясы (жетекшісі К.А.Ақышев) барлау жұмыстарын жүргізген. Қала орны диаметрі – 100 м болатын сопақша төбе. Шетінің биіктігі – 4-5 м, орта бөлігі – 6-7 м-ге дейін. Қазба жұмыстары барысында қолдан жасалған қыш ыдыстар, астық, су сақтайтын үлкен хұмдар, құмыралар, құмғандар, т.б. заттардың сынықтары табылған. Бұл заттарға қарағанда Ордакент б.з. 1-ғасырында бой көтеріп, 8-ғасырға дейін жеткен, тұрғындары егін егіп, мал шаруашылығымен айналысқандығы аңғарылады.

Орымбек – құдық. Қызылқұмның солтүстік-шығыс бөлігінде. Кісі есімінен қойылған атау.

Өгізмүйіз – төбе. Қаратау жотасының батысында, Сырдария өзеннің аңғарында. Абс. биіктігі - 449 м. Төбенің сыртқы көрінісі өгіздің мүйізін ұқсағандықтан қойылған атау.

Өзгент – көл. Қызылқұмның солтүстік-шығысында, Сырдария өзеннің бойында. Байырғы «оғыздардың кенті» деген атаудың өзгерген тұлғасы болу керек.

Өзгент – ауылдық округ, Өзгент, Ақсуат елді мекендерін қамтиды. Өзгент ауылдық округі 1993 жылы құрылды. Өзгент атауы «Оғыз» және «Кент» деген атаулардан алынған. Өзгент шаһары-сол кездердегі Сыр бойындағы тарихи оқиғаларға толы қалалардың бірі болған. Жаңақорған кентінен оңтүстікке қарай 20 км жерде, Өзгент көлінің жағасында.

Өзгент – қалашық орны. Қазіргі Өзгент ауылының солтүстік батысында 15 шақырым жерде. Қала шамамен 10-12 ғасырларға тән құрылыс, Ұлы Жібек жолының бойында жатыр. Көлемі шамамен бір шаршы шақырым. Қала ортағасырлық үлгіде. Топырақ үйіліп, оның үстіне биік қорған тұрғызылған. Қорған ішінде терең зындандардың орны бар, қақпаның орны сақталған. Қаланың сыртында егіншілікпен айналысқан арықтардың сілемі жатыр.

Қаланың Өзгент аталуының себебі, кезінде оғыз тайпаларының қаласы (астанасы) болды ма деген болжам бар.



Палапан төбе – жер атауы. Байырғы кездегі дария бойын жағалайтын Жібек жолында жол бағдарын анықтайтын төбе болса керек. Өйткені төбенің үстінде үш ағаш, от жағар астауы бар.

Садбан тамы, өзегі – ойпатты жер, сай. Қожакент елді мекенінің солтүстік батысында орналасқан. Елге беделді, көзі ашық Садбан деген қария кісінің атымен аталған. Кешегі ашаршылық кезінде елді бастап, қазіргі Өзбекстан жеріне көп елді орналастырып, елге пайдасы тигендіктен осы күнге дейін Садбан тамы аталып келген.

Сатымсай – темір жол бекеті. Жаңақорған кентінен оңтүстік-шығысқа қарай 57 км жерде. «Сатымның сайы» мәніндегі атау.

Сауран – ежелгі қала орны. Тарихшылардың айтуынша ҮІ ғасырларда пайда болған. Сауран қаласы ХҮІІІ ғасырларда жоңғарлардың шапқыншылығына ұшырап, одан кейін Қоқан хандығының езгісіне түскен. Қазіргі кезде Сауран қаласының құлаған қабырғалары мен мұнара белгілері, қорған ішінде уатылған қыш сынықтары шашылып жатыр.

Сортөбе – Сырдария жағасындағы шағын қыстақ. Қазіргі кезде дария суы шайып кеткен. Сортөбені айнала тұрғылықты ел қоныстанып отырған.

Сунақ ата – ауыл, округ орталығы. Сунақата, Еңбек елді мекендерін қамтиды. Жаңақорған кентінен солтүстік-батысқа қарай 35 км жерде орналасқан. Ауыл 1965-96 жылдары күріш өсіретін өзімен аттас кеңшардың орталығы болған. Ауылдық округ облыс әкімдігі мен облыстық мәслихаттың біріккен шешімімен 1993 жылы ашылды. Елді мекен аумағында Ақорда мемлекетінің астанасы болған Сығанақ қалашығы мен мешіт медресе тарихи орындары бар.

Сунақ ата кесенесі – аудан орталығынан солтүстік-батысқа қарай 30 шақырым жерде, Москва – Пекин күре жолының бойында, Сунақ ата елді мекенінде орналасқан. Кесене биіктігі – 12 метр. Кесене жергілікті маңызы бар тарихи-мәдени ескерткіштердің бірі.

Сүттіқұдық – ауыл, ауылдық округ 2002 жылы құрылған. Сүттіқұдық ауылдық округі Тақыркөл елді мекенін қамтиды. Округ атауы кезндегі суы тұщы, әрі мол құдық атауына байланысты «Сүттіқұдық» деп қойылған. Округтің орталығы - Тақыркөл ауылы. 1930 жылы Тақыркөл колхозы болған. Географиялық жағдайы егін және мал шаруашылығына бейімделген.

Осында Аралбай деген дәулеті шалқыған, кісілігі мол, кезінде мектеп ұстаған кісі мал шаруашылығымен айналысқан. Малды суғару үшін қазған құдығынан қанша су тартса да, суы азаймаған. Көрші отырған ағайындардың құдықтарының суы таусылып, малдары суға қанбағасын үлкен қариялар балаларына «малдарың суға қанбаса, Анай Аралбайдың «сүтті» құдығына барыңдар» деп отырған. Содан ол жер «Сүттіқұдық» аталып кеткен екен.



Сығанақ, Сунақ шаһары – ортағасырлық қала орны. Ұлы Жібек жолының бойында жатқан басты қалалардың бірі. Төменарық темір жол стансасының солтүстік-батыс жағында 10 км жерде орналасқан. Қаланы 1867 жылы П.И.Лерх, 1906-07 жылдары И.А.Кастанье, 1947 жылы Оңтүстік Қазақстан археологиялық экспедициясы (жетекшісі А.Н.Бернштам) зерттеген. 17-18 ғасырларда қала бірнеше рет жоңғар шапқыншылығына ұшырап, осы шапқыншылықтар және басқа да әр түрлі себептерден қала бірте-бірте өзінің өмір сүруін тоқтатты. Қаланың қазіргі орны – Сунақ ата деп аталады. Сығанақ қаласының бұл күндегі орны – «Сунақата» елді мекені орталығынан солтүстік-батысқа қарай екі шақырымдай жерде 7-8 гектардай алқапты алып, шөккен түйедей болып үйіліп жатқан бес бұрышты төбе. Қаланың жалпы аумағы 20 гектардай жерді алып жатыр.

Тайпақ – жер атауы. Қарақалпақтың бір атасының көбейіп, бір тайпа елге айналған қонысы болған. Сол себепті бұл жер «Тайпақ» аталып кеткен.

Тақыркөл – ауыл, Сүттіқұдық ауылдық округінің орталығы. Жаңақорған кентінен солтүстік-батысқа қарай 30 км жерде. Ауыл 2000 жылға дейін Қызыл Жұлдыз ауылы деп аталған. Іргесі 1930 жылы қаланған. 1962-96 жылдары қаракөл қойын өсіретін «Қызыл жұлдыз» кеңшарының орталығы болған. Кеңшар негізінде Тақыркөлде шаруа қожалықтары құрылды. Ең жақын темір жол стансасы – Төменарық (5 км). «Айналасында ешқандай өсімдік өспейтін тақыр көл» деген мағынадағы сөз.

Талап - ауыл, темір жол бекеті, ауылдық округ. Талап ауылдық округі 2005 жылы 7 сәуірде Бесарық ауылдық округі құрамынан бөлініп, ауылдық округ болып құрылды. Орталығы – Бесарық бекеті. Округке сондай-ақ Сатымсай елді мекені қарайды. Жаңақорған кентінен оңтүстік-шығысқа қарай 37 км жерде. Елді мекен табиғаты мал шаруашылығына бейімді. Кеңес дәуірінде қойылған «талаптан ұмтыл», «ілгері бас» мәніндегі атау. Ауылдық округ аумағында республикалық тарихи-мәдени ескерткіштер қатарына жатқызылған Ақтас, Айқожа әулиелердің кесенелері орналасқан.

Таңбалы тас – мемлекеттің қорғауындағы жер. Қаратау жотасындағы тастың бетіне адамдар мен түрлі аңдардың суреттері салынған. Қазір ол жерге белгі қойылған.



Тарауыз – тоған. 1927-28 жылдары осындағы тұрғылықты халық ауылдарды суландыру кезінде көктемгі дария суы тасуы кезінде Қойлақы көліне жиналған суды кері ағып кетпеуі үшін тоған жасаған, сол тоған Тарауыз аталып кеткен. Себебі, көлдегі судың кері қарай дарияға қайта құятын жерін тарылтып, бөгеп қойып, көл суын жаз айларында пайдаланған.

Теріскен – тұзды көл. Орынбор – Ташкент темір жолы бойында, Жаңақорған кентінің оңтүстігінде орналасқан. Суы тұзды, құрамында калий, магний, натрий және хлор, т.б. элемент иондары кездеседі. Сондықтан көлдің табанындағы батпақтың емдік қасиеті мол. Теріскен көлінің шипалы балшығы мен тұзды суы негізінде 1918 жылы Жаңақорған санаторийі ашылды. 2-дүниежүзілік соғыс жылдарында мұнда әскери госпиталь орналасып, мыңнан аса жаралы жауынгерлер емделді.

Тоғантолыс – көл. Қаратау жотасының батысында, Сырдария алабында. Көл тоғаннан пайда болғандықтан осылай аталып кеткен болу керек.

Тоқпақсалы – жота. Қаратау жотасының батыс бөлігінде. Тоқпақ және салы руларының атынан қойылған топоним.

Тоқтамыс – ауыл орны. Жаңақорған кентінен шығысқа қарай 30 км жерде. Кісі есімінен қойылған атау.

Тоқтамыссай - өзен. Сырдария алабында, Жаңақорған ауданы жерімен ағады. Ұзындығы – 54 км. Қаратаудың оңтүстік-батыс беткейінен басталып, Шортан көліне құяды. Аңғары астау тәрізді. Жауын-шашын, жерасты суымен толығады. Соңғы жылдары көлге жетпей, құмға сіңіп кететін болды. Өзен бойында қамыс, тоғай, тікенді бұталар өседі. Егін суарылады.

Төлек ата кесенесі – орта ғасыр ескерткіші. Аудан орталығынан 30 км жерде, Қырөзгент пен Қылауыз Ата арасында, Қылышты Ата кесенесімен бір жерде орналасқан. Төлек ата 11-12 ғасырларда өмір сүрген. Төлек атадан төрт ата найман тарайды. Ол кісі Қылышты атаға өкіл бала болып тәрбиесін алған. Қылышты ата өзінің қызын беріп, күйеу бала еткен. Төлек Ата кесенесінің ауданы – 6 х 6 м, биіктігі - 4 м.

Төлеуберген – құдық. Қызылқұмның солтүстік-шығыс бөлігінде. Тереңдігі - 20 м, шығымы - 400 л/с. Кісі есімінен қойылған атау.

Төменарық – ауыл, темір жол бекеті, өзімен аттас ауылдық округ орталығы. Жаңақорған кентінен батысқа қарай 25 км жерде орналасқан. Іргесі 1930 жылы қаланды. 1978-96 жылдары бау-бақша өсірумен айналысатын «Алмалы» кеңшарының орталығы болған. Төменарық ауылдық округі облыс әкімдігі мен облыстық мәслихаттың біріккен шешімімен 2002 жылы ашылған. Ауылдық округ аумағы 12458 га жерді қамтиды. Орталығы -Төменарық ауылы. Төменарық елді мекені Сырдария жағалауы мен темір жол бойында орналасқан. Елді мекенде жергілікті маңызы бар тарихи-мәдени ескерткіштер тізіміне енгізілген «Мұзхана», «Төменарық су қыспақты мұнарасы» бар.

Төменарық каналы – жасанды су арнасы. Төменарық ауылының оңтүстік-шығысындағы Қандыарал көлінен (Сырдария жайылмасында) басталып, Қожамберді ауылына дейін созылып жатыр. Ұзындығы – 1,7 км, су өткізу мүмкіндігі – секундына 3 текше метр.

Түгіскен – ауыл, Аққорған ауылдық округінің орталығы. Жаңақорған кентінен оңтүстік-шығысқа қарай 45 км жерде, Сырдария өзенінің сол жағалық жайылмасында орналасқан. Ауыл 1967-96 жылдары күріш өсіретін өзімен аттас кеңшардың орталығы болған. Кеңшар негізінде Түгіскенде ЖШС және бірнеше шаруа қожалықтары жұмыс істейді.

Ұялы – ауыл. Жаңақорған кентінен оңтүстікке қарай 120 км-дей қашықтықта, Қызылқұмның солтүстік-шығыс бөлігінде.

Шалқия – кент. Жаңақорған кентінен солтүстік-шығысқа қарай 12 км жерде, Өгіз-мүйіз тауының оңтүстік етегіндегі сайлы-жыралы келген тау алды жазығында орналасқан. Кентте полиметалл кендерін өндіретін кеніш басқармасы орналасқан. Шалқия кентінің атауы осы өңірдегі Шалғая деген өзеннің атауымен аталған, кейіннен атауы Шалқия болып кеткен. Шалқия кенті әкімдігі 1986 жылы құрылған. Кент әкімінің қамтуында Құттықожа, Шалқия елді мекендері қамтылған.

Шалқия - кент, 2002 жылы құрылған, Шалқия, Құттықожа елді мекендерін қамтиды. Кент аудан орталығынан 7-8 шақырым жерде тау беткей бөлігінде орналасқан. Аумағында «Тау самалы» балалар тынығу лагері бар, сондай-ақ түрлі рудалар мен қазба байлықтар өндіретін кен өндіру орындары бар аймақ.

Шалқия – кен орны. Қаратау жотасының батысында, Сырдария өзенінің аңғарында, Жаңақорған кентінен шығысқа қарай 20 км жерде орналасқан. Кен орнын 1963 жылы Қаратау геологиялық зерттеу партиясы барлаған. Одан өндіруге болатын 15 элемент түрі анықталып, қоры 300 000 тоннаға бағаланды. 1975 жылдан кенішті қазу, бұрғылау жұмысы жаңарып, Жаңақорған стансасынан Шалқия кен орнына қарай темір жол тартылды. Игеру жұмыстарымен 1985 жылдан бастап «Ашполиметалл» комбинаты айналысты. Шал сөзінің атаулардағы берер мағынасы «ақ», «боз» екендігін ескерсек, Шалқия атауы тау жынысының, жер бетінің ақтеңбілденген бозғылт түсіне қарай қойылған. Топонимдік мағынасы: «ақшыл, бозғылт, кезеңді қия тау, осы тау маңындағы елді мекен».

Шарапат – құдық. Қызылқұмның солтүстік-шығыс бөлігінде. Кісі есімінен қойылған атау.

Шоқтал – көл. Қызылқұмның солтүстік-шығысында, Сырдария өзенінің бойында. Көл жағасында бір топ талдың өсуіне орай қойылған атау.

Шолақ - өзен. Сырдария алабында, Жаңақорған ауданы жерімен ағады. Бастауын Қаратау жотасының солтүстік-батыс етегінен алады. «Ұзаққа ақпайтын, қысқа, келте өзен» мәніндегі атау.

Шолақарық – арық. Қалғын көлінен егін егуге пайдалану үшін қазылған арық. Діттеген жеріне дейін жетпегендіктен Шолақарық аталып кеткен. Бітпей қалған себебі: Ұлы Отан соғысы басталып кеткен.

Шопанкөл – Қожакент елді мекенінің оңтүстік батысында орналасқан үлкен ойпатты жер. Бұл жерге жаңбыр мен қардан жиналған судан көл құрап, көктем мезгілінде шопандар малдарын суғаратын болған. Сол себепті Шопанкөл аталып кеткен.

Шұқырой – көл. Қаратау жотасының батысында, Сырдария алабында.

Шымқорған – Жаңадария өзені бойындағы қорған. 1818-19 жылдары салынған. Дуалының биіктігі – 8 м болған. Бекіністің төрт бұрышында мұнаралар орнатылған, айналасы екі қатар ормен және сумен қоршалған. Бекіністің оқ-дәрі, қару-жарақ сақтайтын ұңғыма орны сақталған.

Ызғар – ауыл орны. Жаңақорған кентінен солтүстік-батысқа қарай 4 км жерде. «Ызғарлы, қара суық жел тұратын жер» мәніндегі атау.

Ызакөл – Қойлақы көлі мен Қойлақы ата әулиесінің батыс жағындағы ойпат жер. Көл суға шіреп толғанда, ыза су пайда болғандықтан солай аталған.

ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР


  1. «Жеріңнің аты – еліңнің хаты» энциклопедиялық-анықтамалық.

Алматы, 2006 жыл, «Аруна» баспасы, 526 – 562 беттер.

  1. «Тарихи жер-су аттарының түптөркіні». Телғожа Жанұзақ.

Алматы, 2010 жыл.

  1. Ономастикалық хабаршы, 2005 жыл, №1 (3)

  2. Мемлекеттік тіл және ономастика. Қызылорда, «Тұмар» баспасы, 2010 жыл.

  3. Қазақ ономастикасы. Телғожа Жанұзақ. Алматы, 2006 жыл, І том.

  4. Ономастика: Бүгіні мен болашағы. Республикалық ғылыми-практикалық конференцияның материалдары. Астана, 2002 жыл.

  5. «Қазақ ономастикасы: басым бағыттар мен үлгілі үрдістер». Халықаралық ғылыми-теориялық конференцияның материалдары. Астана, 2010 жыл.

  6. «Сыр елі». Қызылорда облысының энциклопедиясы. Алматы, «Қазақ энциклопедиясы» ЖШС, 2005 жыл.

  7. Жаңақорған: тарихнама. Адырбек Сопыбеков. «Кітап» ЖШС, Шымкент, 2008 жыл.

  8. «Тамыры терең, тарихы кенен - ҚАЗАЛЫ». Алматы, «Телеарна» баспасы, 2008 жыл.

  9. «Маржаны Сырдың ШИЕЛІ». «Жебе» баспа үйі, 2009 жыл.

  10. «Қазақстан географиялық атаулары: Алматы облысы». Т.Жанұзақ. Алматы, «Арыс» баспасы 2005 жыл.







Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   6   7   8   9   10   11   12   13   14




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет