Қызылорда облысының жер – су атаулары қызылорда, 2013 жыл сыр елі қызылорда облысы


Бегішлі – құдық . Қызылқұмның солтүстік-шығыс бөлігінде. Бекежанов Нартай



бет12/14
Дата23.10.2016
өлшемі2,27 Mb.
#63
1   ...   6   7   8   9   10   11   12   13   14

Бегішлі – құдық . Қызылқұмның солтүстік-шығыс бөлігінде.

Бекежанов Нартай ауылы – ауыл, Керделі әкімшілік округінің орталығы. Шиелі кентінен солтүстік–шығысқа қарай 6 км жерде, Телікөл каналының жусан, баялыш, ши аралас өскен құрақты-қамысты аңғарында орналасқан. 1997 жылға дейін Коммунизм ауылы деп аталып келген.Іргесі 1928 жылы қаланды. Күріш өсіруге маманданған бұрынғы «Коммунизм» кеңшары негізінде ауылда бірнеше шаруа қожалықтары құрылған. Ауылға белгілі ақын әрі әнші – Нартай Бекежановтың есімі берілген.

Бектас – ауыл. Шиелі кентінен солтүстік–батысқа қарай 50 км жерде, Сырдария өзеннің оң жағасында. Бұрынғы атауы – Тартоғай ауылы. Кісі есімінен қойылған атау.

Бекі кесенесі – сәулет өнерінің ескерткіші. 19-ғасырдың аяғында тұрғызылған. Телікөл көлінен солтүстік-батысқа қарай 20 км жердегі Құланбай қорымының солтүстік-шығыс бөлігінде. 1981 жылы Қазақстан тарихи және мәдени ескерткіштерді қорғау қоғамының экспедициясы (жетекшісі Ә.Оспанов) зерттеген. Кесене бір бөлмелі. Ауданы 7,55 х 8,15 м. Төртбұрышты жобамен салынған кесененің параболикалық күмбезді мойындыққа орнатылған, жоғары жағы кірпіш арасына қаланған сырғауылдармен белдеуленген. Кесененің сыртқы бұрыштары мұнараланып шығарылған. Оңтүстік-батысында аркалы ойығы, оның екі жағындағы кесене тұғырының төбесіне шығатын баспалдақ белгілері сақталған. Кесене бөлмесі дөңгелек жобалы, төменгі жағы арка тәрізді сегіз қуысқа бөлінген, күмбезі тұғырдан бастап құламалы қалаумен шығарылған. Күмбездің мойындықтан жоғары бөлігінде жарық түсетін төрт ойық бар.

Белгітөбе – төбе. Қызылқұмның солтүстік бөлігінде. Абс. биіктігі - 225 м. Бұл төбеде белгі, таңба болғандықтан қойылған атау болса керек.

Белеңана – Қыпшақ мемлекет тұсында салынған хан сарайының орны. Сарысу өзеннің сағасында, Сіңіртек, Телікөл алабына жақын.

Бестам – канал. Қаратау жотасының батысында, Сырдария алабында. Бұл жерде алғашқы кезде бес қана там болғандықтан қойылған атау.

Бестам – ауыл, Жуантөбе ауылдық округі құрамында. Шиелі кентінен солтүстікке қарай 3 км жерде орналасқан. Ауыл 1997 жылға дейін Ленин ауылы деп аталған. Іргесі 20 ғасырдың 20-жылдары ауыл шаруашылығын ұжымдастыру кезінде қаланған. 1928-96 жылдары күріш өсіретін Ленин атындағы ұжымшар бөлімшесінің орталығы болған

Бидайкөл – ауыл, Гигант ауылдық округінің орталығы. Шиелі кентінен оңтүстік-шығысқа қарай 10 км жерде, Телікөл каналының батыс жағындағы шөлді белдемде орналасқан. 1997 жылға дейін Гигант ауылы деп аталып келеді. Іргесі 1928 жылы осы маңда ұсақ серіктестіктердің бірігуіне байланысты қаланды. «Төңірегінде бидай егілген көл» мәніндегі атау.

Биіксарықұм – қоныс. Қаратау жотасының солтүстік–батысында, Сырдария өзеннің аңғарында.

Ботабай – ауыл, Тартоғай ауылдық округі құрамында. Шиелі кентінен солтүстік–батысқа қарай 57 км, округ орталығы – Тартоғай ауылынан 3 км жерде орналасқан. Іргесі 1928 жылы ауыл шаруашылығын ұжымдастыру кезінде қаланды. 1928-96 жылдары күріш өсіретін «Гигант» ұжымшары бөлімшесінің орталығы болған. Ауыл жанынан Орынбор – Ташкент темір жолы өтеді. Кісі есімінен қойылған атау.

Бөрібай кесенесі – 18 ғасырлардан сақталған сәулет өнері ескерткіші. Сырдария, Шиелі аудандарының шекарасындағы Телікөлдің маңайында. 1988 жылы Алматы сәулет және құрылыс институтының экспедициясы (жетекшісі Е.Бәйтенов) зерттеген. Бөрібай кесенесі – 6х19х33 см шикі кірпіштен тұрғызылған порталды құрылыс. М.Тынышпаевтың айтуынша, кесене Бөрібай батырға арнап салынған болуы керек. Құрылыс сыланбаған. Солтүстік қабырғасы жағындағы бөлмеде жартылай көміліп қалған сағана бар.

Бөрітескен – бұлақ. Қаратау жотасының солтүстік-батыс бөлігінде.

Бұлақтыкөл – қыстау. Қызылқұмның солтүстік–шығысқа өңірінде, Сырдария өзеннің аңғарында. «Бұлағы бар, бұлағы көп көл» мәніндегі атау.

Бұланбай бауы – ауыл, Қарғалы ауылдық округінің орталығы. Шиелі кентінен оңтүстікке қарай 45 км жерде, Қызылқұм құмының қиыр солтүстігінде орналасқан. Ауыл 1997 жылға дейін Қарғалы деп аталған. 1973-96 жылдары қаракөл қойын өсіретін «Қарғалы» кеңшарының орталығы болған. Кісі есімінен қойылған атау.

Бірлестік – ауыл, Сұлутөбе ауылдық округі құрамында. Шиелі кентінен солтүстік–батысқа қарай 85 км жерде орналасқан. Іргесі 1928 жылы қаланған. 1928-96 жылдары күріш өсіретін «Гигант» ұжымшары бөлімшесінің орталығы болған. Кеңес дәуірінде қойылған атау.

Бірінші мамыр – ауыл. Шиелі кентінен солтүстік–батысқа қарай 70 км жерде. 1 мамыр мерекесіне байланысты қойылған атау.

Гигант - ауылдық округі, аудан орталығынан оңтүстікке қарай – 3, Сырдария өзенінен теріскейге қарай 22 шақырым қашықтықта орналасқан.

1905 жылы Орынбор-Ташкент теміржол құрылысы жүргізілгеннен кейін бұл жерге орыс халқы көшіп келіп орналасқан, осы жерде орыс шіркеуі, базары, жетім балалар үйі орын тепкен.

Еңбек Қызыл Ту орденді Гигант колхозының іргетасы 1926 жылы 4 орыс пен 4 қазақ отбасылары бірігіп кооператив құрудан басталған.

Гигант ауылдық округі 1976 жылы Ақмая ауылдық кеңесінен бөлініп, дербес Гигант ауылдық кеңесі болып құрылды. Осыған дейін ауылдық кеңес Ақмая ауылында орналасқан.



Далақұдық – құдық. Қызылқұмның солтүстік–шығыс бөлігінде. Тереңдігі - 24 м, шығымы - 1080 л/с. «Жапан түз, ен даладағы құдық» мәніндегі атау.

Дәуіт – төбе. Шиелі кентінен солтүстікке қарай 71 км жерде, Ақтау жотасында. Абс. биіктігі - 272 м. Кісі есімінен қойылған атау.

Досбол би – ауыл, Ақтоған ауылдық округінің орталығы. Шиелі кентінен солтүстік–батысқа қарай 10 км жерде. 1929 жылдары алдымен «ТОЗ», кейіннен ауыл шаруашылығы артелі болып құрылған. Алғашқы жылдары Телікөл селолық округі болса, 2002 жылдың 26 қаңтарынан бастап өз алдына Ақтоған ауылдық округі болып құрылды. Кісі есімінен қойылған атау.

Ділдан – құдық. Қызылқұмның солтүстік–шығыс бөлігінде. Тереңдігі – 4 м, шығымы - 900 л/с. Кісі есімінен қойылған атау.

Еңбекші - ауыл, ауылдық округ орталығы. Шиелі кентінен солтүстік–шығысқа қарай 10 км жерде. 1929 жылы Еңбекші «ТОЗ» шаруашылығы болып құрылды. 1933 жылы Еңбекшіге «Колхоз» деген атақ берілді. 1950 жылы Еңбекші, Жиделі, Үлгілі колхоздары бірігіп, ірілендірілді. Жаңа колхоздың атын «Молотов» деп атады. 1975 жылы аудан шаруашылықтарында мамандандыру саясаты жүргізілді. «Коммунизм» колхозынан «Еңбекші» бөлімшесі өз алдына отау тігіп, мал шаруашылығымен айналысатын «Еңбекші» қаракөл қой совхозы болды. «Еңбек сүйгіш, еңбекшіл, бейнетқор» мәніндегі атау.

Ережепай – құдық. Қызылқұмның солтүстік–шығыс бөлігінде. Тереңдігі - 11 м, шығымы - 600 л/с.

Ерман – құдық. Дариялық Тақыр жазығының солтүстік–шығыс бөлігінде. Кісі есімінен қойылған атау.

Жағанбай – құдық . Қызылқұмның солтүстік бөлігінде. Кісі есімінен қойылған атау.

Жайылхан – артезиандық құдық. Ащыкөл ойпатының солтүстік – батыс бөлігінде. Кісі есімінен қойылған атау.

Жақаев – ауыл, Иіркөл ауылдық округі орталығы. Шиелі кентінен батысқа қарай 5 км жерде, Сырдарияның оң саласы – Шиелі өзенінің жағалауындағы жусан, сораң, ши өскен құмдақты шалғынды сортаң топарықты шөлді белдемде орналасқан. 1928 жылдан «Қызылту», ал 1997 жылдан Ы.Жақаевтың есімімен аталады.

Жақсықұдық – құдық. Қызылқұмның солтүстік бөлігінде. Жақсы және құдық сөздерінен жасалған. «Суы мол да тұщы құдық» мәніндегі атау.

Жансейіт – ауыл. Шиелі кентінен солтүстік–батысқа қарай 10 км жерде, Сырдария өзеннің аңғарында. Кісі есімінен қойылған атау.

Жаңабай – құдық. Қызылқұмның солтүстік бөлігінде, Сырдария өзеннің аңғарында. Кісі есімінен қойылған атау.

Жаңақұдық – құдық. Қызылқұмның солтүстік бөлігінде, Сырдария өзеннің аңғарында. Жаңа және құдық сөздерінен жасалған. «Суы мол, таза, жаңа қазылған құдық» мәніндегі атау.

Жаңғызжар – қыстау. Дариялық Тақыр жазығының оңтүстік–шығыс бөлігінде. Бұл жерде жалғыз жар бар екендігін білдіретін атау.

Жарты казарма – елді мекен атауы. Ақмая ауылдық округіне қарасты Ақмая елді мекенінің солтүстік беткейінде 1 шақырым қашықтықта орналасқан. Атау ресми берілмеген, шешімі жоқ. Бұрын сол жерде әскерилердің жататын казармасы орналасқан. Өткен жылы тұрғындардың сұрауымен «Жайлытоғай» деген атау сұралып, оң шешімін тапқан. Алайда еліміздің өңірлеріндегі белгілі бір обьектілерге, елді мекендерге атау беру жөніндегі жұмыстардың уақытша тоқтатылуына байланысты бекітілмеуде.

Жаспек – құдық. Қызылқұмның солтүстік бөлігінде.

Жегілгенді – құдық. Қызылқұмның солтүстік бөлігінде, Сырдария өзеннің аңғарында.

Жетімтау – қоныс. Қаратау жотасының солтүстік – батыс бөлігінде. «Жеке, оңаша тұрған тау» не ру атынан қойылған атау.

Жиделіарық - ауыл, Керделі ауылдық округі құрамында. Шиелі кентінен солтүстікке қарай 12 км, Н.Бекежанов ауылынан 8 км жерде, Шиелі – Телікөл каналы бойында орналасқан. Іргесі 1828 жылы қаланды. 1928-96 жылдары күріш өсіретін «Коммунизм» ұжымшары бөлімшесінің орталығы болған.

Жиделі – құдық. Қызылқұмның солтүстік бөлігінде.

Жозоай – құдық. Қаратау жотасының солтүстік–батыс етегінде.

Жорабек – құдық. Дариялық Тақыр жазығының солтүстік–шығысында, Ащыкөл ойпатының батыс бөлігінде. Кісі есімінен қойылған атау.

Жөлек – 19-ғасырдың 1-жартысында Сырдарияның оң жағасында салынған қорған. Қазіргі Шиелі ауданы, Бәйгеқұм темір жол стансасының маңында. Қоқан ханы Омардың тұсында (1809-22) Сырдарияның төменгі ағысы бойын жаулап алу мақсатында іргесі қаланған. Ресей әскерлерінің шабуылынан соң, 1856 жылы бейбіт тұрғындар қорғанды тастап кетуге мәжбүр болды. Жөлекті Ресей әскерлері 1861 жылы жаулап алды. Сол жылы Сырдарияның оң жақ жағалауынан, қорғаннан 1,5 шақырымдай жерден №3 флотиоия, пошта бөлімі, т.б. құрылыстар бой көтере бастады, бірақ су тасқынының салдарынан құрылыстар аяқталмай қалған.

Жөлек – ауыл, ауылдық округтің орталығы. Шиелі кентінен солтүстік–батысқа қарай 30 км жерде, Сырдария өзенінің аңғарындағы қамыс, әр түрлі сораң шөптер өскен шалғынды, саздақ топырақты шөлді белдемде орналасқан. Іргесі 1943 жылы қаракөл қойың өсіретін Сырдария кеңшарының орталығы ретінде қаланған. Оның негізінде 1997 жылдан «Жөлек» акционерлік қоғамы, шаруа қожалықтары жұмыс істейді. «Жылға» деген сөзден бұрмаланып қалыптасқан атау.

Жуантөбе – ауыл. Шиелі кентінен солтүстік–батысқа қарай 40 км жерде, Сырдарияның сол аңғарында.

Жұматайащы – құдық. Қызылқұмның солтүстік–шығыс бөлігінде, Шиелі ауданында. «Жұматайдың ащы құдығы» мәніндегі атау.

Жүсіпназар – құдық. Бетпақдаланың батысында. Кісі есімінен қойылған атау.

Жындытөбе – артезиандық құдық. Ащыкөл ойпатының солтүстік–батыс бөлігінде.

Кірпіш зауыты – Тартоғай ауылдық округі аумағында 1943 жылы Тартоғай қаракөл қой совхозы құрылды. Сол уақыттан бастап, батыс жақ беттен кірпіш шығаратын үлкен зауыт болған. Сол себепті «Кірпіш зауыт» деп аталған. Қазіргі уақытта ЗК 169/4 мекемесі орналасқан.

Қаңтару – құдық. Қызылқұмның солтүстік–шығыс бөлігінде. «Суы құрыған, су шықпайтын құдық» мәніндегі атау.

Қапақұдық – құдық. Қызылқұмның солтүстік–шығыс бөлігінде.

Қарабай – құдық. Қызылқұмның солтүстік бөлігінде. Кісі есімінен қойылған атау.

Қарабек - бейіт. Қаратау жотасының солтүстік–батыс етегінде. Кісі есімінен қойылған атау.

Қарақазған – құдық. Қаратау жотасының солтүстік–батысында. «Қара халық қазған құдық» мәніндегі атау болса керек.

Қарақұм – қоныс. Қызылқұмның солтүстік–шығыс бөлігінде. «Құмды жер» мәніндегі атау.

Қарақшытөбе – төбе. Қызылқұмның солтүстік бөлігінде. Абс. биіктігі - 223 м. «Қарауыл қарайтын төбе» мағынасындағы атау.

Қараманбелгісі – бұлақ. Қаратау жотасының солтүстік-батыс етегінде. Ру атынан қойылған атау.

Қарамұрын – жота. Қаратау жотасының солтүстік–батысында, Сырдария өзеннің аңғарында. Абс. биіктігі - 498 м. Ұқсастыру жолымен қойылған атау, яғни жотаның сырт көрінісіне қарап қойылған.

Қаратай – құдық. Қызылқұмның солтүстік бөлігінде. Кісі есімінен қойылған атау.

Қарғалы – көл. Дариялық Тақыр жазығының шығысында, Ащыкөл ойпатының батыс бөлігінде. Атауды кейбір ғалымдар қарғамен байланыстырып, көл жағалауындағы қарғаның көп болуына орай қойылған десе, түркі тілдерінде харге – «тастақ, тасты өзен» деген мағынаны береді деуші ғалымдар да бар (Э. Мурзаев).

Қарғалы – ауыл, өзімен аттас ауылдық округ орталығы. 1973 жылы «Қарғалы» деген атпен қаракөл қой совхозы құрылды. Қарғалы қаракөл қой совхозына аудан, облыс аумағынан келіп қоныстанып, 30 мыңнан аса қаракөл қойын өсіру мақсатында жұмыстар атқарылды.

Қатынқұдық – құдық. Қаратау жотасының солтүстік–батысында.

Қатыншоқай – құм. Қаратау жотасының солтүстік–батысында. «Аласа құм төбе» мәніндегі атау.

Қойқұдық – құдық. Қызылқұмның солтүстік бөлігінде.

Қосүйеңкі – елді мекен атауы. Еңбекші ауылдық округінің құрамында. Елді мекеннің бұрынғы атауы – Қазанбай. Ол жер 1922-23 жылдары орта жүздің ішіндегі Тарақты руының жайлауы болған. Кейіннен сол жердегі бұлақ басына 2 үйеңкі ағашы егіліп, сол себепті 1930 жылдан бері «Қосүйеңкі» аталып кеткен.

Куром – бейіт. Қаратау жотасының солтүстік-батыс етегінде.

Ишанбану – қыстау. Дариялық Тақыр жазығының оңтүстік-шығыс бөлігінде. «Ишанның бағы» мәніндегі атау.

Иірқұдық – артезиандық құдық. Бетпақдаланың батысында.

Келдігүл – құдық. Қызылқұмның солтүстік бөлігінде. Кісі есімінен қойылған атау.

Киікатқан – артезиандық құдық. Ащыкөл ойпаңының оңтүстік-батысында.

Киікмола – қоныс. Дариялық Тақыр жазығының оңтүстік-шығыс бөлігінде. «Киік қырылған жер» мәніндегі атау.

Коммунизм – қыстау. Қызылқұмның солтүстік-шығыс бөлігінде, Сырдария өзенінің аңғарында.

Көксеңгір – артезиандық құдық. Қаратау жотасының солтүстік-батысында.

Қодаманов – ауыл, Төңкеріс ауылдық округінің орталығы. Шиелі кентінен шығысқа қарай 14 км жерде, бозжусан, баялыш, көкпек, т.б. шөптесіндер өскен бозғылт сұр, шалғынды сұр топырақты шөлдік белдемде орналасқан. Ауыл 1997 жылға дейін «Төңкеріс» деп аталып келді. 1928-96 жылдары күріш өсіретін «Төңкеріс» ұжымшарының орталығы болған. Кісі есімінен қойылған атау.

Қосқарақұм – темір жол бекеті. Шиелі кентінен солтүстік-батысқа қарай 32 км жерде. «Екі Қарақұмның маңындағы бекет» мағынасындағы атау.

Қосқұдық – құдық. Қаратау жотасының солтүстік-батысында.

Қосқұдық – жер атауы. Қызылқұмның солтүстік-шығыс бөлігінде.

Қоспа - өзен. Қаратау жотасының солтүстік-батыс бөлігінде. «Басқа бір өзенге құятын өзен» мәніндегі атау болса керек.

Қоспақбек – құдық. Қаратау жотасы мен Дариялық Тақыр жазығы аралығында. Кісі есімінен қойылған атау.

Қотанқамыс – қоныс. Бетпақдаланың батыс бөлігінде. «Дөңгелене өскен қамысы бар қоныс» мәніндегі атау.

Қошқарбай – қыстау. Қаратау жотасының солтүстік-батысында, Сырдария өзенінің аңғарында. Кісі есімінен қойылған атау.

Қоянды – құдық. Қызылқұмның солтүстік бөлігінде. Бұл жерде қоян көп болғандықтан осы атау берілген.

Құдайберген – құдық. Қызылқұмның солтүстік-шығыс бөлігінде. Кісі есімінен қойылған атау.

Құмсуат – қыстау. Дариялық Тақыр жазығының оңтүстік-шығыс бөлігінде.

Құружайлау – қоныс. Дариялық Тақыр жазығының шығыс бөлігінде. «Сусыз жердегі жайлау» мәніндегі атау.

Қызыл – құдық. Қызылқұмның солтүстік бөлігінде, Сырдария өзенінің аңғарында. Түспен байланысты атау.

Қызылдиқан – ауыл. Шиелі кентінен солтүстік-батысқа қарай 15 км жерде, Телікөл каналының жағасында орналасқан. Ауыл 1975-97 жылдары қаракөл қойын өсіретін «Телікөл» кеңшарының орталығы болып келді.

Қызылжар – құдық. Қаратау жотасының солтүстік-батысында. Тереңдігі – 3 м, шығымы – 150 л/с.

Қызылқайың – ауыл. Шиелі кентінен батысқа қарай 55 км жерде, Сырдария өзенінің жағасында. Бұрынғы атауы – Сырдария ауылы. Сол жерде қайыңның бір түрі «қызылқайыңның» өсуімен байланысты аталуы мүмкін.

Қызылқала – ортағасырлық қалашық орны. Бәйгеқұм темір жол бекетінен 17 км жерде орналасқан. 20 ғасырдың басында Қызылқаланы зерттеген И.А.Кастанье «Мертвые города» деген мақаласында құнды деректер келтіреді. Қалашықта күйдірілген кірпіштен, балшықтан тұрғызылған түрлі ғимарат орындары сақталған.

Қызылқұдық – құдық. Қаратау жотасының солтүстік-батыс етегінде.

Қыпшақадыр – қоныс. Қаратау жотасының солтүстік-батыс етегінде. Ру атынан қойылған атау.

Лесхоз – елді мекен атауы. Алмалы ауылдық округінің құрамында. 1946 жылы аудандық орман шаруашылығы есебінен құрылған. Қазіргі таңда ол елді мекенде 19 жанұя тұрады.

Майлытоғай – ауыл, темір жол бекеті, өзімен аттас ауылдық округ орталығы. Шиелі кентінен солтүстік-батысқа қарай 66 км жерде, Орынбор – Ташкент темір жолы бойында орналасқан. Ауыл 1962-96 жылдары қаракөл қойын өсіретін «Первомайский» кеңшары бөлімшесінің орталығы болған.

Махан – құдық. Қызылқұмның солтүстік бөлігінде. Тереңдігі – 3 м, шығымы – 160 л/с. Кісі есімінен қойылған атау.

Молдатбелгі – төбе. Қызылқұмның солтүстік бөлігінде. Абс. биіктігі – 224 м. «Молдат есімді кісі белгі салған төбе» мағынасындағы атау.

Мұстафа Шоқай – ауыл, Сұлутөбе ауылдық округінің орталығы. Шиелі кентінен солтүстік батысқа қарай 80 км жерде, Сырдария өзенінің оң жақ аңғарында, Ташкент – Орынбор темір жол магистралінің бойында орналасқан. Іргесі осы маңда қаракөл қойын өсіруге арналған кеңшар ретінде 1962 жылы қаланған. Ауыл 2000 жылға дейін Сұлутөбе деп аталып келді.

Қоғам қайраткері М. Шоқайдың құрметіне берілген атау.



Мұстафа Шоқай ескерткіші – монументті өнер туындысы. 1991 жылы Сұлутөбе ауылында (қазіргі М.Шоқай ауылы) Алаш қозғалысының көрнекті қайраткері М. Шоқайға орнатылды. Ескерткіш гипстен құйылып, сырты мыс қаңылтырмен қапталған. Биіктігі – 2,5 м, тұғырының биіктігі – 2 м.

Мырзабек – құдық. Қаратау жотасының солтүстік-батысында, Сырдария өзенінің аңғарында. Кісі есімінен қойылған атау.

Надалы – құдық. Қаратау жотасы мен Дариялық Тақыр жазығы аралығында.

Назар – құдық. Қызылқұмның солтүстік бөлігінде. Кісі есімінен қойылған атау.

Налбай – құдық. Қызылқұмның солтүстік бөлігінде. Кісі есімінен қойылған атау.

Нарөлген - құдық. Қызылқұмның солтүстік-шығыс бөлігінде. Осы жерде нар түйенің өлуіне байланысты қалыптасқан атау.

Нәнсай - өзен атауы. Ұзындығы – 71 км. Қаратаудың солтүстік-батыс етегінен басталып, Сырдария өзеніне жақындап барып, М.Шоқай ауылы маңында тарылады. Нәнсайдың оң жағы жарлы, сол жағының жайылмасы шабындық, жайылым. Нәнсай суы ақпан-сәуір аяғында молдау болады. Көксу (өзені) арнасы Нәнсайға құяды.

Оқшы ата мазары – көне архитектуралық ескерткіш. Шиелі ауданына қарасты 20-разъезде, Жөлек ауылынан 7 км жердегі темір жол торабында орналасқан. Күмбезі, құрылысы жағынан Қарасопы, Асан ата мазарларына ұқсас, бірақ көлемі шағындау. Соңғы жылдары қайта жөндеуден өткен. Мазарға жерленген кісінің шын аты – Ибрахим шайхы, лақап аты – Көгентүп, Оқшы ата – кейін ел қойған есімі. Ә. Қоңыратбаевтың көрсетуінше, Оқшы ата – қару, оқ жасаған оғыз батыры. Кезінде бұл аймақта үлкен шаһар болса, мазардың тұрған жері көне қорым. Архитектуралық жәдігер тарихы 9-10 ғасырлардан бастау алып, белгі 15-16 ғасырларда салынса керек.

Оңтолағай – төбе. Дариялық Тақыр жазығының шығыс бөлігінде. Абс. биіктігі – 139 м. «Оң жақтағы төбе» мәніндегі атау.

Орта – құдық. Қызылқұмның солтүстік бөлігінде. «Суы орта белінен келетін құдық» мәніндегі атау.

Ортақшыл – ауыл, ауылдық округ орталығы. Шиелі кентінен солтүстік-батысқа қарай 25 км жерде, Сырдария өзенінің оң аңғарында орналасқан. Іргесі 1943 жылы құрылған Сырдария ұжымшары негізінде қаланған. 1975-97 жылдары қаракөл қойын өсіретін «Телікөл» кеңшары бөлімшесінің орталығы болған. Кеңес дәуірінде қойылған атау.

Өгейлібұлақ - бұлақ. Қаратау жотасының солтүстік-батыс етегінде.

Парнебек – құдық. Қызылқұмның солтүстік бөлігінде, Сырдария өзенінің аңғарында. Тереңдігі – 9 м, шығымы – 1000 л/с. Кісі есімінен қойылған атау.

Прогресс – ауыл. Шиелі кентінен оңтүстікке қарай 160 км жерде. Кеңес дәуірінде қойылған атау.

Сағатқалған – ауыл орны. Ауыл орны. Қызылқұмның солтүстік бөлігінде.

Сайқұдық – артезиандық құдық. Арысқұмның шығысында. «Сай табанындағы құдық» деген мағынадағы атау.

Сарыкөл – құдық. Қызылқұмның солтүстік бөлігінде, Сырдария өзенінің аңғарында.

Сарысу – құрғақ арна. Дариялық Тақыр жазығының солтүстік-шығысында, Ащыкөл ойпаңының батыс бөлігінде. «Кең су» мәніндегі атау (Е. Қойшыбаев, 1985). Э. Мурзаев (1984) сөздігінде сарысу «майлы, сары балшық, сары саз аралас, мөлдір емес су» делінген.

Сасыққара – төбе. Қаратау жотасының солтүстік-батыс бөлігінде. Абс. биіктігі – 264 м. «Сасық руының төбесі» мәніндегі атау.

Сегіз – қоныс. Дариялық Тақыр жазығының шығысында, Ащыкөл ойпаңының батыс бөлігінде.

Сейсенбай – артезиандық құдық. Қызылқұмның солтүстік-шығыс бөлігінде. Кісі есімінен қойылған атау.

Соркөл – көл. Дариялық Тақыр жазығының шығысында, Ащыкөл ойпаңының батыс бөлігінде.

Сорқұдық – құдық. Қаратау жотасының солтүстік-батысында.

Сұлутөбе – М. Шоқай ауылының (бұрынғы Сұлутөбе кеңшары) шығысындағы биік құм төбе. Ертеде бұл төңірек су табаны болып, су ортасындағы биік арал төбеге құстар қонатын болған. Әсіресе, олардың ішінде аққулар көп болса керек. Сондықтан «Қутөбе» деп те аталған. Кейіннен су тартылып, жер құрғап, айналасына ел қонып көріктенген кезде «Сұлутөбе» аталған. 1905 жылы осы жерден темір жолдың өтуіне байланысты осы аттас темір жол бекеті салынған.

Сүйіндіксай - өзен. Ұзындығы – 66 км, су жинайтын алабы – 666 шаршы км. Қаратаудың батыс бөлігінің салтүстік беткейінен басталып, Ақжайқын көлінің оңтүстігіндегі тақырда тартылып қалады. Арнасы жоғары бөлігінде тар, тік жарлы. Жауын-шашын суымен толығады. Көктемде бір аптадай ғана ағыны болады.

Тағайбектүскен – құдық. Қызылқұмның солтүстік бөлігінде.

Тартоғай – ауыл, темір жол бекеті, өзімен аттас ауылдық округтің орталығы. Шиелі кентінен солтүстік-батысқа қарай 102 км жерде орналасқан. Іргесі 1904 жылы Орынбор – Ташкент темір жолын салуға байланысты қаланған. Тартоғай жанына «Баспақ» каналы өтеді. Атауы осы маңда тораңғыл тоғайының көп өсуіне байланысты аталған

Таштоқ – ауыл. Шиелі кентінен оңтүстік-батысқа қарай 55 км жерде, Сырдария өзенінің сол жағасында.

Телікөл – канал. Дариялық Тақыр жазығының шығыс бөлігінде.

Телікөл – қоныс. Дариялық Тақыр жазығының солтүстік-шығыс бөлігінде.

Топырақ – құдық. Қызылқұмның солтүстік бөлігінде.

Тұрсынбай – артезиандық құдық. Дариялық Тақыр жазығының шығысында, Ащыкөл ойпаңының батыс бөлігінде. Кісі есімінен қойылған атау.

Ұзынқұдық – құдық. Қызылқұмның солтүстік бөлігінде.

Үрмеқұм – қоныс. Қызылқұмның солтүстік-шығыс бөлігінде. «Желдің үріп үюінен пайда болған құмдағы қоныс» мағынасындағы атау.

Шейіт – құдық. Қаратау жотасының солтүстік-батысында.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   6   7   8   9   10   11   12   13   14




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет