Ұйымдардағы негізгі құралдардың пайдалану барысында табиғи және сапалық жағынан тозатындығы алдыңғы бөлімдерде сөз етілді. Бүтін бөлігі, яғни табиғи пішінінің барлық тетіктері бір мезгілде, бір уақытта іске жарамсыз болып қалмағанымен, негізгі құралдардың бір бөлшегінің жарамсыз болып, соның себебінен негізгі құрал істен шығуы (пайдалануға жарамсыз болып тұруы) мүмкін. Тіпті іске жарамды болғанның өзінде кейбір бөлшектерінің тозуының әсерінен өнім өндіру қабілетінің азаюы да ғажап емес. Сонымен қатар сапалық жағынан тоза бастаған кейбір негізгі құралдарды да толығымен ауыстыруға кәсіпорынның қаржылық жағынан мүмкіндігі болмай, пайдаланып жүруі мүмкін. Кәсіпорындар өздерінің негізгі құралдарың пайдалану мерзімі уақытынан бұрын жоғарыда айтылғандай тозып, істен шығып қалмау үшін белгілі бір уақыт аралығында жөндеп отырады. Негізгі құралдарға жүргізілетін жөндеу жұмыстары өзінің ұйымдастырылуына қарай жай (немесе оны ағымдағы деп те атайды) және күрделі деп аталатын екі түрге бөлінеді.
Достарыңызбен бөлісу: |