Жай жөндеу дегеніміз негізгі құралдардың тозып, істен шыққан бөлшегін жұмыс үдерісі барысында ауыстыру немесе оны қалпына келтіру болып табылады. Бұл жөндеуге майлау, сырлау тағы да басқа жөндеу жұмыстары жатады.
Ал негізгі құралдарға жүргізілетін күрделі жөндеу дегеніміз алдын ала жоспарланып, сапалық және табиғи тозған негізгі құралдардың бөлшектерін толығымен ауыстырып, оларды түгелдей жаңартуды айтады. Бұндай жөндеуге жұмсалынған шығындар тек объектінің жағдайын, қызмет атқару мерзімін, өндірістік қуатын, тағы да басқа көрсеткіштерін арттырғанда ғана оның яғни негізгі құралдың бастапқы құнын өсіреді. Яғни күрделі жөндеу үшін шығарылған шығындар сомасы негізгі құралдардың бастапқы құнына қосылып, активтің болашақта табыс әкелуі көзделеді.
Ал ағымдағы жөндеуге жұмсалған шығындар мен негізгі құралдардың бастапқы құнына қосылмайтын күрделі жөндеу үшін шыққан шығындар сомасы ұйымның ағымдағы шығыны болып есептеледі.
Егер негізгі құралдарды ұйым өз күшімен жөндейтін болса, бұл шаруашылық тәсілімен жүргізілген жөндеу болып табылады.
Ал кәсіпорындар өзінің негізгі құралдарын жөндеуге арнайы жабдықталған, яғни осындай мақсатқа арналған ұйымдарды қарастыратын болса, бұл жөндеудің мердігерлік әдісі болып есептеледі. Басқа ұйымдарға өзінің негізгі құралдарын жөндету барысында кәсіпорындар мердігерлік ұйыммен кслісімшарт жасасады. Ол шартта жөндеу үшін керекті материалдар мен қай ұйымның қамтамасыз ететіндігі, жөндеу жүргізу мерзімі, жөндеу жұмысының құны, есеп айырысу тәртібі, тағы да басқа жағдайлар (талаптар) көрсетіледі.
Жөндеу жүргізілген негізгі құралдарды кәсіпорындағы тағайыңдалған комиссия мүшелерінің шешімімен қабылдап алады. Ондай негізгі құралдарды қабылдау барысында үлгілі түрі НҚ-2-ші "Жөнделген, қайта құрылған және жаңартылған объектілерді қабылдау-тапсыру актісі" толтырылады. Кәсіпорындарда негізгі құралдардың төлқұжаттарына және олардың түгендеу карточкаларына негізгі құралдарға жүргізілген жөндеуге байланысты тиісті деректер (өзгертулер мен толықтырулар) жазылуы тиіс. Бұл толтырылатын актілермен басқа да құжаттар ұйымның бухгалтериясында сақталады. Егер негізгі құралдарды жөндеу мердігерлік әдіспен жүргізілетін болса, онда жоғарыда аталған негізгі құралдарды жөндеуден кейін қабылдап алу үшін толтырылатын үлгілі түрі НҚ-2 "Жөнделген, қайта құрылған және жаңартылған обьектілерді қабылдау-тапсыру актісі" екі дана етіліп толтырылады да, екінші данасы негізгі құралдарға жөндеу жүргізген кәсіпорынға беріледі. Ұйымдарда негізгі құралдарды жөндеу шаруашылық әдіспен, яғни кәсіпорынның өз күшімен жүргізілетін болса, онда ол үшін жұмсалған, шыққан шығындар:
"Аяқталмаған құрылыс",
"Тауарларды (жұмыстарды, қызметтерді) сату жөніндегі шығындар",
"Жалпы және әкімшілік шығындар",
"Негізгі құралдарды жөндеу" үстеме шығындары, деп аталатын шоттардың тиістілерінің дебетіне, ал мына төмендегі:
"Материалдар"
"Бюджетпен есеп айырысу"
"Еншілес (тәуелді) серіктестіктердің несиелік борышы"
"Бюджеттен тыс төлемдер бойынша есеп айырысу"
"Жабдықтаушылар және мердігерлермен есеп айырысу"
"Басқадай несиелік борышпен есептеулер" деп аталатын шоттың тиістілерінің кредитіне жазылады.
Егер жөндеу жұмысын мердігерлер жүргізген жағдайда жөндеу құнының сомасына жоғарыда көрсетілген шығындар шоттарының тиістілері дебеттелініп, "Жабдықтаушылар және мердігерлермен есеп айырысу" шоты (кредиттелінеді).
Негізгі құралдарды жөндеу үшін жұмсалатын, шығарылатын шығындарды өнімнің (жұмыстың, қызметтің) өзіндік құнына бірқалыпты кірістіруді, яғни қосып отыруды қамтамасыз ету үшін кәсіпорындар жөндеу қорын (резервтер) құруларына болады. Әсіресе жөндеу қорын (резервті) құру маусыммен жұмыс істейтін ұйымдар үшін тиімді болып табылады. Бұл айтылған жөндеу қоры оның бекітілген мөлшердегі сомасын ай сайын өндіріс шығыңдарына қосу арқылы жасалады. Бұл жағдайда қордың сомасы ай сайын:
" Тауарларды (жұмысты, қызметті) сату жөніндегі шығындар"
"Жалпы және әкімшілік шығындар"
"Негізгі құралдарды жөндеу" үстеме шығыны деп аталатын шоттардың тиістілерінің дебетіне
"Басқадай кредиторлық борыштар мен есептелген төлемдер"
деп аталатын шоттың кредитіне жазылады. Ал негізгі құралдарға жөндеу жүргізілген уақытында бұл резервтегі қордың жұмсалуына төмендегідей бухгалтерлік жазу жазылады. Егер негізгі құралдарды жөндеу шаруашылық әдіспен, яғни субъектінің өз күшімен жүргізілсе, "Қосалқы өндірістер" шоты кредиттелініп, "Басқадай кредиторлық борыштар мен есептелген төлемдер" шоты дебеттелінеді. Ал егер негізгі құралдарды жөндеу мердігерлік әдіспен жүргізілсе, "Өнім беруші және мердігерлермен есеп айырысу" шоты кредиттелініп, "Басқадай кредиторлық борыштар мен есептелген төлемдер" шоты дебеттелінеді. Жыл соңында (аяғында) "Басқадай кредиторлық борыштар мен есептелген төлемдер" — деп аталатын шотта ешқандай қалдық қалмауы керек.
Достарыңызбен бөлісу: |