Назар аударыңыз!
Аталған бұйрық бойынша 9-сыныпқа арналған «Қазақ әдебиеті» пәнінің үлгілік оқу бағдарламасында К. Гамсунның «Аштық» романының орнына Қажығали Мұхамбетқалиевтің «Тар кезең» романы енгізілді.
Жалпы білім беретін мектептерде әдебиетті оқытуда қазақ әдебиетінің мазмұнын, стилін, идеяларын және жанрын бағалай білуге, талдау жасауға, шығармашылық ойлау дағдыларын дамытуға баса назар аударылады.
Пәннің оқу бағдарламасы «шиыршық» қағидаты негізінде әзірленген, яғни оқу мақсаттары мен тақырыптардың басым көпшілігі белгілі бір оқу кезеңінен кейін (оқу жылы барысында немесе келесі сыныптарда) білім мен дағдының көлемі көбірек, тереңірек, күрделірек деңгейде қайта қарастырылады.
Әр сынып бойынша дағдыларды қалыптастырып, дамыту үшін оқу мақсаттарының жүйесі берілген.
Ұзақ мерзімді жоспар оқу бағдарламасының құрамына енгізілді және ұзақ мерзімді жоспарда әр сынып бойынша қамтылатын шығармалар, сағат саны, оқу мақсаттары нақты көрсетілді.
«Қазақ әдебиеті» пәнін оқытудың мақсаты – оқушылардың бойында гуманистік, адамгершілік-эстетикалық, ұлттық құндылықтарды тәрбиелеу; ұлттық әдеби туындылармен қатар әлем әдебиеті туындыларымен таныстыру; көркем шығарманы тануда қажетті біліммен қаруландыра отырып, шығарманы мазмұн мен түр бірлігінде көркемдік тұтастық пен көркемдік бейнені талдау, жинақтай білу, шығарма идеясын, жазушы ұстанымын бағалай білу дағдыларын қалыптастыру.
«Қазақ әдебиеті» пәні әдебиетті өнердің басқа салаларымен (кескін, театр, кино, музыка) салыстыра қарастырып, өз ойын еркін, дәлелді, сараптай, салыстыра отырып жеткізе білетін тұлғаның қалыптасуына үлес қосады. Сонымен қатар әдебиетті «Қазақ тілі», «Тарих», «Орыс әдебиеті», «География» пәндері, мәдени, қоғамдық және тәрбиелік шаралармен байланыстыра отырып, жүзеге асыру көзделеді.
Негізгі орта білім берудің (жаңартылған мазмұнның) үлгілік оқу жоспарына сәйкес оқу жүктемесінің көлемі:
1) 5-сынып – аптасына 2 сағат, оқу жылында – 68 сағат;
2) 6-сынып – аптасына 2 сағат, оқу жылында – 68 сағат;
3) 7-сынып – аптасына 2 сағат, оқу жылында – 68сағат;
4) 8-сынып – аптасына 3 сағат, оқу жылында – 102 сағат;
5) 9-сынып – аптасына 3 сағат, оқу жылында – 102 сағат.
«Қазақ әдебиеті» пәнінің оқу бағдарламасы үш негізгі дағдыны басшылыққа алады:
түсіну және жауап беру;
анализ және интерпретация;
бағалау және салыстыру.
«Түсіну және жауап беру» бөлімі аясындағы бөлімшелер білім алушылардың төмендегі дағдыларды үйренуіне мүмкіндік береді:
- көркем шығарманың мазмұны мен пішінін анықтау және талдау;
- әдеби шығарманың тұжырымдамасын айқындай білу;
- көркем шығармадағы образды ашу және сипаттау;
- шығарма үзінділерімен жұмыс істеу дағдыларын дамыту.
«Анализ және интерпретация» бойынша:
- әдеби шығарманың композициясын, композициялық амал-тәсілдерді талдау;
- шығармадағы автор бейнесін анықтау, оның рөлін талдау;
- көркем шығарманың тілін, көркемдегіш құралдардың қолданысын талдау;
- көркемдегіш құралдарды пайдалана отырып, шығармашылық жұмыс жазу.
«Бағалау және салыстыру» бойынша:
- шығарманың тарихи және көркемдік құндылығына баға беру;
- әдеби шығармаларды заманауи тұрғыда салыстырып, жаңашылдығына баға беру;
- шығарманың құндылығын талдап, әдеби эссе жазу;
- әдеби шығармаларды талдап, салыстыра отырып, сыни шолу және сыни мақала жазу дағдыларын дамыту.
Қазақ әдебиеті туындылары жасөспірімдердің рухани қажеттіліктері мен даму мүмкіндіктеріне сәйкестендіріле, қазақша ойлау және сөйлеу, жазу, тыңдағанын түсіну, монолог, диалог, пікірталас жасау дағдыларын қалыптастырып, талдап, тану негізіне сәйкес құрылған.
Үлгілік бағдарламада көркем шығарма санының аз болуы ұлттық құндылықтарымыздың оқушы бойына сіңірілуіне еш кедергі келтірмейтінін, ғылыми таным мен түсінік, салт-дәстүр мен ұлттық сана әдеби туындыларды талдап, зерделеп және бағалап, зерттей оқу арқылы ғана көңілге тоқылатынын ескеру керек.
Қазақ әдебиетінің әр кезеңінде жазылып, өзінің көркем құндылығын жоғалтпай келе жатқан туындылармен танысу арқылы оқушы әдеби талдау, сыни ойлау қабілеттеріне ие болып, шығармашылдық ізденіске қадам басады. Оқу мақсаттары белгілі бір тарау бойынша ұзақ мерзімді жоспарда көрсетілген тізімге сай жүзеге асады.
«Қазақ әдебиеті» пәні бойынша жиынтық бағалау саны
Оқу пәнінен әр тоқсан сайын бөлім/ортақ тақырып бойынша жиынтық бағалау (БЖБ) және тоқсандық жиынтық бағалау (ТЖБ) өткізу қарастырылған. Төменде 40-кестеде оқу пәнінен бөлім/ортақ тақырып бойынша жиынтық бағалау (БЖБ) рәсімдерінің нақты саны көрсетілген.
40-кесте. «Қазақ әдебиеті» пәні бойынша жиынтық бағалау саны.
Сынып
|
Бөлім/ортақ тақырып бойынша жиынтық бағалау саны
|
1-тоқсан
|
2-тоқсан
|
3-тоқсан
|
4-тоқсан
|
5-сынып
|
2
|
2
|
2
|
2
|
6-сынып
|
2
|
2
|
2
|
2
|
7-сынып
|
2
|
2
|
2
|
2
|
8-сынып
|
2
|
2
|
2
|
2
|
9-сынып
|
2
|
2
|
2
|
2
|
Негізгі орта білім беру деңгейінің 6 және 7-сыныптарында «Қазақ әдебиеті» пәнінің базалық мазмұнына «Өлкетану» материалдары кіріктірілген.
Өлкетану – бұл туған өлкенің тарихы, табиғаты мен экологиясы, экономикалық, әлеуметтік-құқықтық дамуы, рухани шыққан тегі, әдебиеті және көркемөнері. Өлкетану өзіңнің туған жерінді аялауды, сүюді ғана үйретіп қоймайды, сондай-ақ ол туралы білуіңді, тарихқа, өнерге, әдебиетке қызығушылық танытуға, мәдениет деңгейін көтеруге үйретеді.
Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында әзірленген «Өлкетану» материалдарын оқыту:
- білім алушылардың ежелгі дәуірден бастап қазіргі уақытқа дейінгі туған жер аумағында болып жатқан тарихи процестердің негізгі кезеңдері мен ерекшеліктері туралы білім қалыптастыру;
- туған өлкенің табиғи байлықтары, тарихи ескерткіштері және мәдени нысандары туралы білімдерін кеңейту;
- туған өлкенің дәстүрлі қолөнері, мәдени және әдеби мұралары мен өңір мақтанышына айналған адамдар туралы білімдерін кеңейту;
- туған өлкенің бірегей табиғаты, тарихы мен мәдениетіне деген құрмет сезімдеріне тәрбиелеу; оларды қорғауға жауапкершіліктерін арттыруға бағытталған.
Өлкетану материалдары 6, 7-сыныптарда 2 сағаттан 4 сағат көлемінде оқытылады. Өлкетану материалдары оқу бағдарламасының базалық білім мазмұны мен ұзақ мерзімді жоспардың 3 және 4-тоқсандарына енгізілді. Оқу бағдарламасы бойынша тоқсандағы бөлімдер мен бөлім ішіндегі тақырыптар бойынша сағат сандарын бөлу мұғалімнің еркінде болғандықтан «Өлкетану» материалдарын кіріктіріп оқыту ұсынылады.
Достарыңызбен бөлісу: |