8-БӨЛІМ. ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ САЛАСЫНДАҒЫ БІЛІМ БЕРУ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМИ ҚЫЗМЕТ 29-тарау. ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ САЛАСЫНДАҒЫ БІЛІМ БЕРУ ҚЫЗМЕТІ 175-бап. Денсаулық сақтау саласындағы білім беру қызметі 1. Денсаулық сақтау жүйесі үшін кәсіптік ғылыми-педагог, медицина және фармацевтика кадрларын даярлау, олардың біліктілігін арттыру және қайта даярлау денсаулық сақтау саласындағы білім беру қызметінің міндеттері болып табылады.
2. Денсаулық сақтау саласындағы білім беру қызметі Қазақстан Республикасының білім беру саласындағы заңнамасына сәйкес техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары, жоғары оқу орнынан кейінгі және қосымша білім беру бағдарламаларын іске асыратын медициналық және фармацевтикалық білім беру ұйымдарында және білім беру ұйымдарының медициналық және фармацевтикалық факультеттерінде жүзеге асырылады. Клиникалық базалардың - медициналық білім беру ұйымдарының клиникалық бөлімшелерінің, сондай-ақ медициналық білім беру ұйымдарымен шарт бойынша медицина және фармацевтика кадрларын даярлау үшін тиісті жағдайлар жасайтын денсаулық сақтау ұйымдарының болуы медициналық білім беру бағдарламаларын іске асырудың міндетті шарты болып табылады.
3. Мемлекеттік жалпыға міндетті стандарттар мен медициналық және фармацевтикалық мамандықтар бойынша үлгілік кәсіптік оқу бағдарламаларын, сондай-ақ жоғары медициналық білім беру ұйымдарының клиникалық базалары туралы ережені, оларға қойылатын талаптарды уәкілетті орган бекітеді.
4. Техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары, жоғары оқу орнынан кейінгі және қосымша білімнің білім беру бағдарламаларын игерген адамдар үшін мемлекеттік үлгідегі білім туралы құжат, ал клиникалық мамандықтар бойынша маман сертификаты да олардың медициналық ұйымдарда қызметке орналасуы үшін негіз болып табылады.
5. Жоғары оқу орнынан кейінгі медициналық және фармацевтикалық білім резидентураны, магистратураны және докторантураны қамтиды. Резидентура туралы ережені уәкілетті орган бекітеді.
6. Қосымша білім беру қосымша білімнің білім беру оқу бағдарламаларын іске асыратын медициналық білім беру және ғылыми ұйымдарда жүзеге асырылады.
Медицина және фармацевтика кадрларының біліктілігін арттыру және оларды қайта даярлау қосымша білім берудің негізгі нысандары болып табылады. Медицина және фармацевтика кадрларының біліктілігін арттыру және оларды қайта даярлау тәртібін уәкілетті орган айқындайды.
7. Медицина және фармацевтика кадрларын даярлауды жоспарлауды уәкілетті орган, сондай-ақ денсаулық сақтауды мемлекеттік басқарудың жергілікті органдары саланың қажеттіліктерін ескере отырып, өз өкілеттіктері шегінде жүзеге асырады.
176-бап. Денсаулық сақтау саласындағы мамандар үшін біліктілік емтихандары 1. Денсаулық сақтау саласындағы мамандар үшін біліктілік емтихандары орта (техникалық және кәсіптік), орта білімнен кейінгі, жоғары медициналық білімі бар адамдардың кәсіптік медициналық қызметті жүзеге асыруға дайындығын айқындау мақсатында өткізіледі.
2. Денсаулық сақтау саласындағы мамандар үшін біліктілік емтихандары:
1) медицина қызметкерлерінің клиникалық мамандыққа сәйкестігін айқындау және оларға тиісті маман сертификатын беріп, клиникалық практикаға (пациенттермен жұмысқа) жіберу үшін - міндетті біліктілік емтихандары;
2) тиісті біліктілік санаты берілетін мамандардың кәсіптік деңгейін айқындау үшін - ерікті біліктілік емтихандары болып бөлінеді.
3. Тиісті маман сертификаты болмаған, сондай-ақ оның қолданылу мерзімі өткен жағдайда, жеке тұлғаға клиникалық практикамен айналысуға тыйым салынады.
4. Денсаулық сақтау саласындағы мамандар үшін біліктілік емтихандарын өткізудің тәртібі мен мерзімдерін уәкілетті орган айқындайды.
5. Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерлерде медициналық білім мен біліктілік санаттарын алған адамдарды денсаулық сақтау саласындағы мамандарға арналған біліктілік емтихандарына жіберудің тәртібі мен шарттарын уәкілетті орган айқындайды.
6. Денсаулық сақтау саласындағы ұлттық холдингте және оның еншiлес ұйымдарында, сондай-ақ «Назарбаев Университетінде» немесе оның медициналық ұйымдарында медициналық қызметпен айналысу құқығын беретін немесе кәсiптік медициналық қызметтi жүзеге асыруға шақырылған мамандардың шетелде алған бiлiктiлiк санатын куәландыратын құжат Қазақстан Республикасының аумағында қолданылатын санат берілмей-ақ маман сертификатына теңестіріледі.
Ескерту. 176-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 2011.01.19 N 395-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.
177-бап. Қазақстан Республикасы дәрігерінің анты Жоғары білім беру ұйымдарын медициналық мамандықтар бойынша оқып бітірген түлектер мынадай мазмұндағы Қазақстан Республикасы дәрігерінің антын қабылдайды: "Дәрігердің құрметті атағын ала отырып, өз ұстаздарым мен әріптестерімнің алдында өзімді азаматтардың денсаулығын сақтауға бар болмысыммен бағыштап, дәрігерлік ұлы іске адал әрі қалтқысыз қызмет етуге салтанатты түрде ант етемін. Өз қызметімде денсаулығы ең жоғары құндылық болып табылатын өз пациенттерімнің мүдделерін ғана басшылыққа аламын деп ант етемін. Жасына, жынысына, ұлтына, діни сеніміне, әлеуметтік жағдайы мен азаматтығына қарамастан, мұқтаж болған әрбір адамға бірдей ынта-жігермен және шыдамдылықпен медициналық көмек көрсетуге ант етемін. Дәрігерлік құпияны сақтауға, оны ешқашан пайдакүнемдік мақсатта пайдаланбауға ант етемін. Өз білімім мен дағдыларымды ұдайы жетілдіруге, өзіме де, өз шәкірттеріме де талапшыл болуға, ешқашан риясыз көмек көрсетуден бас тартпауға және егер оны пациенттің мүддесі талап етсе, әріптестеріммен кеңесуге ант етемін. Қазақстандық медицинаның игі дәстүрлерін сақтауға және байытуға, мені дәрігерлік өнерге баулыған адамдарға алғыс білдіре отырып, оларды құрметтеуге ант етемін.".