«Дене шынықтыру» оқу пәні – бұл дене шынықтыру қызметі, оқушылардың дене және психикалық саулығын сақтау туралы білімдер жүйесі.
Пәнді оқыту тұлғаны қалыптастыру, адамның танымдық белсенділігінің дамуына бағытталған. Оқу бағдарламасының мазмұны оқушы, қоғам мен жанұя сұраныстарын ескере, қазіргі педагогикалық ғылым жетістіктерін айқындайды
Оқыту мақсаты:
- өз денсаулықтарына ықтиярлықпен қараудың қажеттілігін және қимыл-қозғалыс негіздерін игеру арқылы оқушылардың дене мәдениетін қалыптастыру;
- физикалық және психикалық қасиеттерінің толық дамуын;
- салауатты өмір салтын ұйымдастыруда дене тәрбиесі құралдарын шығармашылық жолмен қолдану.
Оқыту міндеттері:
- денсаулықты нығайту, ағзаның қызметтік мүмкіндіктерін арттыру және негізгі физикалық (дене) қасиеттерін дамыту;
- дамыту және сауықтыру бағытындағы дене жаттығулары, базалық спорт түрлерінің іс-қимыл әдістері мен техникасы арқылы қимылдық тәжірибені байыту, қимыл-қозғалыс мәдениетін қалыптастыру;
- дене шынықтыру және спорт туралы, олардың тарихы, қазіргі дамуы және салауатты өмір салтын қалыптастырудағы рөлі туралы білімдерді игеру;
- өз денсаулықтарына ықтиярлықпен қарау, денсаулықты сақтау мен нығайту қажеттілігін қалыптастыруға тәрбиелеу;
- тұлғаны оң қасиеттерге тәрбиелеу, оқу және жарыс әрекеттерінде ұжымдық әрекеттестік пен ынтымақтастықтың межелерін сақтау.
Оқу бағдарламасы екі бөлімнен тұрады: «Дене шынықтыру туралы білім» (ақпараттық компонент), «Денені жетілдіру» (әрекеттік компонент).
«Дене шынықтыру туралы білім» бөлімінің мазмұнында адамның таным белсенділігінің дамуы туралы негізгі түсініктері және қауіпсіздік техникасын қадағалау мен талап етудің ережелері берілсе, «Денені жетілдіру» бөлімінде оқушылардың дене дайындығын арттыруға бағытталған және жалпы дене шынықтыру дайындығын жетілдіру құралдары туралы мәліметтер берілген.
Дене шынықтыру дайындығын жетілдіру құралдары ретінде бағдарламаға айқындалған маңызы бар базалық спорт түрлерінен (жүзу, шаңғымен жарысу,
спорттық ойындар, жеңіл атлетика, акробатика элементтерімен гимнастика) дене шынықтыру жаттығулары мен қозғалыс әрекеттері берілген. Қазақстандағы дене шынықтыру туралы тарихи ерекшеліктерді ашатын «Ұлттық ойындар» тақырыбы енгізілді.
Сабақтарда тұлғаның жеке қасиеттерін және зерттеушілік дағдыларын дамытуға бағытталған мақсаттар жүзеге асырылады, бұл мақсаттар оқылатын музыка өнері туындылары бойынша зерттеу жұмыстарын жүргізу барысында орындалады.
Бағдарламаның ұйымдастыру-әдістемелік талаптары:
- мұғалім өз тәжірибесіне сүйеніп, балалармен нақты жағдайдағы жұмыс дағдысына байланысты ұсынылған бағдарламаның қай бөлімін болмасын өзінің материалдарымен толықтыруға (оқушыларға қойылатын негізгі талаптарды жүзеге асыру барысында) құқылы;
- «Гимнастика» тарауын («Жалпы дамытатын жаттығулар» және «Ырғақты гимнастика» бөлімдерін) меңгертуде қатаң тәртіпті сақтау міндетті емес;
- мұғалім апта кестесіндегі сабақ санына сәйкес балалардың даярлығы мен сабақтың нақты жағдайына қарай өз жұмысын ұйымдастырады;
- оқушылардың тактикалық ойлауын дамытуға, дене қасиеттерін тәрбиелеуге әсерін ескере отырып, ең оңтайлы қозғалыс ойындарының мазмұны болуы қажет;
- оқушылардың қозғалыс ойындарын игеруін тексеру мақсатында бақылау-сынақ алу сабақтары өткізілуі тиіс;
- дене шынықтыру сабақтарының тиімділігі екі параметр бойынша бағаланады: а) жекелеген бақылау нормативтерінің нәтижелері; ә) мұғалімнің таңдауы бойынша (Президент сынамалары нормативтерін орындау нәтижелері).
«Шаңғы дайындығы» және «Жүзу» тараулары бойынша сабақтарды толық мәнінде жүргізуге мүмкіндігі жоқ республиканың аймақтарында оларды алмастыру ұсынылады. Мектеп ұжымының педагогикалық кеңесінің шешімі бойынша бұл сабақтар тиісінше дала жарысымен (кросс дайындығымен) және гимнастикамен (ырғақты, атлетикалық, кәсіби-қолданбалы) алмастырылуы мүмкін.
Оқу жылы ішінде 4 реттен кем емес жалпы мектептік «Денсаулық күні» өткізіледі және каникул кезінде ұйымдастырылады.
«Дене шынықтыру» пәнін оқыту барысында оқушыларды топқа бөлу медициналық тексерістің нәтижесі көрсетілген анықтаманың негізінде іске асырылады.
Оқушылардың дене шынықтыру бойынша үй тапсырмасын орындаулары оқу процесінің қажетті элементтерінің бірі болып саналады. Дұрыс ұйымдастырылған жағдайда, үй тапсырмасы сабақта алынған білімді бекітуге және тереңдетуге, сабақта қарастырылған тақырыптарға қызығушылықтарын қалыптастыруға (қозғалыстарды қайталау, гимнастика жасау және т.б.) мүмкіндік береді. Үй тапсырмасын тұжырымдау барысында оқушылардың жеке және жас ерекшеліктерін ескеру қажет.
«Дене шынықтыру» пәні сабақтарын ұйымдастыру және өткізу мәселелері
бойынша мұғалімдерге әдістемелік көмек көрсету мақсатында Ұлттық ғылыми-практикалық дене тәрбиесі орталығы әдістемелік құралдар әзірлеп, орталықтың сайтына орналастырған (www.nnpcfk.kz).
«ҚР бастауыш, негізгі орта, жалпы орта білім берудің үлгілік оқу жоспарларын бекіту туралы» ҚР БҒМ 2012 жылғы 8 қарашадағы №500 бұйрығына өзгерістер енгізу туралы» ҚР БҒМ 2013 жылғы 25 шілдедегі №296 бұйрығымен бекітілген үлгілік оқу жоспарына сәйкес «Дене шынықтыру» пәні бойынша 5-9-сыныптарда оқу жүктемесінің көлемі:
5-сынып – аптасына 3 сағат, жылына барлығы – 102 сағатты;
6-сынып – аптасына 3 сағат, жылына барлығы – 102 сағатты;
7-сынып – аптасына 3 сағат, жылына барлығы – 102 сағатты;
8-сынып – аптасына 3 сағат, жылына барлығы – 102 сағатты;
9-сынып – аптасына 3 сағат, жылына барлығы – 102 сағатты құрайды.