Ағайын-туған. Жақын туыс, бауырлас адамдар.
Ағайын-туған адамдар. Туыстығы басым, жақын адамдар. Таулар, Сулар, Аралдар. Ағайын-туған адамдар. Қамыстар, Шилер, Бейіттер. Қажыған күйлер, кейіптер («Менің Отаным»). Ағайын-туған адамдар: 9.
Ағат. Жаңсақ, жаңылыс, теріс, қате. Соғыстан соғыс... Соғысқан кімдер? Есіңде, досым, сені мен біздер. Болса да ісің ағат тым, Амал не, маған оқ аттың («Неміс жұмысшысына хат»). Ағат: 12, 129.
Ағатай. Жасы үлкен ер адамды, болмаса туған ағаны не туысқанды құрметтеп сыйлағанда немесе оған жалынғанда айтылатын сыпайы қаратпа атауыш. Жойқын дейді?! Жойқын деген жалған ғой. Жорамалмен жойқын болып қалған ғой. Ағатай-ау, Әму деген, расында, Жойқын емес, жүйткіп жатқан арман ғой («Жойқын дейді?!»). Ағатай-ау: 107.
Ағаш. Әртүрлі тұрмыстық бұйымдар, жиһаз жасау мен құрылыста және отын ретінде қолданылатын діңі қатты жуан өсімдік. Алдымда менің адасып кеткен тұр арман, Айыру қиын бейнесін сұрғылт мұнардан. Жетілмей жатып жемісін мұның кім алған? Алдымда менің ағаш тұр көктей қуарған («Жырласам ба екен»). Ағаш: 85; ағашпен: 109; ағаштар: 125.
Мама ағаш. Окказ. Ат байлайтын ағаш, діңгек. Ақтабан атым қайда ала қашпа, Тарт көлденең, байлама мама ағашқа. Ей, бала, ағаңменен жағаласпа, Бала деген артына қарамас па? («Шүу, жануар»). Мама ағашқа: 47.
Ағыл-тегіл. Көл-көсір, орасан мол, асып-тасқан. Дала, рақмет саған! Ырыс қосып жатырсың ырысыма, Ағыл-тегіл жүректен нұр ұшыра, Алтыныңды толтырып уысыма, Дала, рақмет саған! («Рахмет, дала»). Ағыл-тегіл: 46, 89.
Ағыл-тегіл еңіреді [еңіреп жылады]. Егіліп жылады, көз жасын көл қылды, етегі жасқа толды. Армандап Адам сұрады, Ақ таулар – іштен тынады, Азан сап тұрып ақ бұлттар, Ағыл да тегіл жылады. Ақ нөсер, бар ма арманың?.. («Арманың бар ма?»). Ағыл да тегіл жылады: 135.
Ағынды. Ағыны қатты, ағысты. Мен оның күнін сүйем, түнін сүйем, Ағынды өзен, асқар тау, гүлін сүйем. Мен оның қасиетті тілін сүйем, Мен оның құдіретті үнін сүйем («Отан»). Ағынды: 64.
Ағыс. Ағым, қозғалыс, тарам. Жылдар, жылдар... Қаншама алыстадың, Қаншама өзен өзгертті ағыстарын. Уақыт озды, сен бірақ қалыспадың, Уа, армысың, арысым, данышпаным! («Дала данышпаны»). Ағыстарын: 38.
Ағыт. Босату, шешу. Әзіл қолмен әзер-әзер төс қалтасын ағытты, Қанға тиген орамалды уысына алыпты («Бөз орамал»). Ағытты: 99; ағытып: 127.
Ада. Түк жоқ, жұрдай, құр алақан. Мұрша берме ойлауға, сарқырама, Қысыр ойды түгесші, сарқып ада. Тасқа біткен бір шоқ гүл, кеудеме біт, Таста нең бар мейрімсіз, қалтырама («Сағындым ғой»). Ада: 126.
Адал. Ар-ұяты күшті, ақ ниетті, таза (адам). Мақұл дейін, кінә өзімде, өзіме айып тағайын, Ақ жаныма, пәк жаныма қалай күйе жағайын. Адалсың ба, қолыңды бер, сенен тәлім алайын, Арамсың ба, аулақ-аулақ маңайымнан, ағайын! («Міне, тағы ашу келіп алқымыма тығылды»). Адалым-ай: 105; адалсың: 79.
Достарыңызбен бөлісу: |