Ақтөбе қаласы.
Амансұлтан Сейдәліқызы ОРАЗАЛИНА,
еңбек ардагері, зейнеткер
ЖАҚСЫДА ЖАТТЫҚ ЖОҚ
Жалғанның көшіне ілескен адам жайында естелік жазудың жақсы жағы – өткен жолдарыңа үңіліп, тамаша кезеңіңді, сол шақта бірге жүрген жайсаң жандарды еске алып, сергіп қаласың. Жүрекке ауыр тиетін тұсы – тірлігіңде есеюіңе, кемелденуіңе септігі тиген сол қадірлі тұлғалардың мәңгілік алыстап кеткенін сезінетінің.
Ақтөбе облысының тарихында өзіндік орны бар азамат, ауыл шаруашылығы өндірісінің шебер ұйымдастырушысы атанған Қияс Сәрсенбаев екеуміз 1945 жылы көңіліміз жарасып, шаңырақ көтердік. Келін болып түскен үйімде бір әкеден жалғыз қалған отағасымнан өзге әке-шешесі, сегіз бауыры бар екен. 1949 жылы Ырғыз аудандық кеңес атқару комитетінің хатшысы болып жүрген Қиекеңді Алматы қаласына, Жоғары партия мектебіне оқуға жіберді. Ойыл ауданынан аудандық партия комитетінің екінші хатшысы Қонақбай Назаров, Шалқардан Әбубәкір Байсалбаев, Тотия Тойбазарова, Зейнолла Садықов отағасыммен бірге оқуға шақырылыпты. Ол кісі маған жазған алғашқы хатында жатақхананың бір бөлмесінде үш адам– өзі, Қонекең, Жұрын аудандық кеңес атқару комитетінің төрағасы болған Почтаренко жатқанын хабарлап еді. Оқуға жүрер алдында Қонақбай ағайға Алғаның мал дайындау конторының директоры болып істейтін жездесі Ғизат:
-Сен отбасыңды Алматыға алып кетіп әуре болма, қанша айтқанмен үлкен шаһар, күнкөріс қиын болады, - деп, келіні Шәрипаны екі баласымен өз үйіне алып қалыпты.
Мен өзім Қиекеңнің оқуы кезінде елдің сол кездегі астанасына бір-ақ рет барғанмын. Онда да Қонекеңмен кездесе алмадым: менен екі күн бұрын каникулға шығып, ауылға кеткен екен. Дегенмен отағасым жаңа танысқан досының жоғары адамгершілігін, кісі жатырқамайтынын, көп жайдан хабардар екенін айтумен болды. Әрине, жағымды сипаттағы мұндай адамды көргенді кім жек көреді дейсің.
Тағдыр өткен ғасырдың елуінші жылдарынан кейін Қонақбай Назаровпен, оның тамаша отбасымен Ырғызда қауышып, араласуымызға мүмкіндік туғызды. Ретімен баяндайын. Отағасым Қиекең Жоғары партия мектебін бітіріп келген соң аудандық кеңес атқару комитетінің төрағалығына сайланды. Ойыл ауданынан келген Серікбай Төлебаев деген азамат – аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы. Неге екені беймәлім, екі басшы да бұл қызметтерін көп атқармай орындарынан босатылды. Отағасым бұдан соң Киров атындағы ұжымшардың төрағасы болып сайланды. Аудандық партия комитетінің бірінші хатшылығын баяғы партия мектебінде бірге оқыған досы Қонақбай Назаров қабылдап алды. Ой, сондағы Қиекеңнің қуанғаны-ай! Қанша айтқанмен жатақханада бір бөлмеде жатып, бір тәрелкеден ас ішкен құрбысы емес пе?! Хатшылық міндетімен шаруашылықтарды аралағанда біздің ауылға келіп, үйімізден дәм татуды, қонуды ойластыратын. Аудан орталығына жұмыс ретімен немесе жиналыс-кеңестерге бара қалса отағасым да сол үйден ас ішіп жүрді. Шолпан қожайынға лайық нағыз әйел екен, айтқанын қалт жібермей орындайды, әлдеқандай пікір туа қалса сол кісіге жақтасады. Отбасында анасы бар, ол кісіге жағдайын жасайды, балаларының оқуын, тәртібін есінен шығармайды, қонақ келсе қабағын шытқан емес.
Жаны жайсаң, ұйымдастырушылық қабілеті күшті, адамдар мүддесін алдыңғы кезекке қоятын Қонақбай Назаров ауданның бірінші басшылығында бір жыл істеді де орнын Ідіріс Ермағамбетовке берді, өзі аупарткомның екінші хатшылығына сайланды, отбасымен отырған үйін сол кісіге босатып беріп, басқа үйге көшті. Бұл қонысы біздің қарттарымызға қалдырып кеткен үйімізге жақын боп шықты. Енді Қонекеңдермен бұрынғыдан да жиірек араласып жүрдік. Отағасым соңындағы бауырларының жайын ойлап, досына: «Шіркін-ай, екеуміз қыз алысып, қыз берісіп, құда болсақ» дейтін. Ырғыздың талғампаз жұрты Назаровтың кісілігін, еңбексүйгіштігін бағалап-ақ жүрді.
Қонекең – өз ұстанымы бар азамат, шындықты сүйеді, ой-пікірін маңайындағыларға тайсалмай тура айтады, әрине бұл жағдай кейбіреулерге ұнамайтыны рас. Назаровтың қабілет-қарымын ескеріп, көп ұзамай облыстық партия комитеті өз аппаратына қызметке шақырды.
Зейнет демалысына шыққан соң Назаровтың отбасы облыс орталығына қоныстанды. Қолында қарт анасы, алты баласы бар ерлі-зайыптыларға үкіметтің үш бөлмелі пәтері тарлық ете бастады. Сөйтіп жүргенде шаңырақтың бір перзенті Елнұрға жиен апасы Мария қамқорлық жасап, облыстық кеңес атқару комитетінің аппаратына қызметке орналастырды, жұмыс орны оған бір бөлмелі пәтер берді. Біз де Ақтөбеге көшіп келіп, баяғы қызмет ретінде сыйласқан адамдармен аралас-құраластығымызды жалғастырдық. Солардың ішінде Қонекең мен Шолпан да болды. Біріміздің үйімізге қонақ келсе екіншімізді бірге шәй ішуге шақырамыз, сырласамыз. Есімде, әлгіде өзім айтып кеткен Марияның институтта оқып жүрген інісі Рақымжан каникулға келгенде жарықтық Қонекең «Жиенім келді» деп, балаша қуанып, ас та төк шәй бергені бар. Дастарқан жанында Шолпан екеуінің мәз-мәйрам болып отырғаны көз алдыма келсе, кәдімгідей босаймын. Кейін Рақымжан да нағашылар үмітін ақтап, абыройлы биіктерден көрінді, Қонекеңнің балаларына дұрыс бағыт сілтеді.
Достарыңызбен бөлісу: |