Жанғабыл Қабақбаев, Қазақстан Республикасы журналистер Одағының



бет2/8
Дата04.11.2016
өлшемі1,41 Mb.
#111
1   2   3   4   5   6   7   8

ЖАЛЫНДЫ СӨЗДІҢ ИЕСІ

Кейіпкеріміз 1944 жылдың мамыр айынан Мәскеу әскери округінің резервінде, ал қыркүйек айынан резервтегі офицерлер құрамының 58 жеке полкінде қызмет етті.

Шекесіне «Құпия» бұрыштамасы соғылған «Офицерлер құрамы резерві 58 жеке полкінің штаттық – лауазымдық кітабы» деп аталатын папка 1945 жылдың 20 наурызы мен желтоқсаны аралығын қамтиды. 66 беттен тұратын құжат гвардия капитаны Қонақбай Назаровты тереңірек білуімізге мүмкіндік туғызды. Ол 2 батальон командирінің саяси бөлім бойынша орынбасары қызметіне тағайындалады. Офицердің тәртіптілігі, семсердей өткір сөздері, іс-қағаздарын жүргізудегі ұқыптылығы, әскери құпияны сақтай білетіндігі қарулас достарын қызықтырған тәрізді. Жаңа лауазымында айлық жалақысы 1200 рубль болып оның ай сайын 36 рублін партиялық мүшелік жарнаға төлеп отырған, ағамыз біршама уақыт полк партия ұйымының хатшысы міндетін де атқарады. Мұны ұйым құжаттарын парторг, капитан Н.В. Агиевтен қабылдап алған акті айғақтайды.

Соғыс болса жаудың өз елі – Германия өңіріне қарай ойысты. Кеңес әскерлері дұшпанға қарсы үсті-үстіне жойқын шабуылдар жасап, Рейхстаг төбесінде КСРО Туын желбіретті. Адамзат тарихында бұл оқиға алтын әріптермен жазылып қалды. Сөйтсе де Назаров сияқты көптеген отандастарымыз Қызыл Армия сапында жауынгерлік қызметті одан әрі жалғастыра берді. 58 полк партбюросының ай сайынғы жоспарын Қонақбайдың өзі жасап, командирдің орынбасары, подполковник Полумордвинов бекітіп отырған. Шілде айында «Жас коммунистер саяси мектептерінің қызметі туралы» баяндаманы, «Комсомолдардың есеп беру сайлау жиналысы шешімдерінің жүзеге асырылуы туралы» полк комсоргының есебін дайындау және талқылауды ұйымдастыру Назаровтың өзіне жүктелген. Партбюроның бес мүшесінің төртеуі – өзге ұлт өкілдері, ішінде жалғыз қазақ Қонақбай ағамыз. 2 батальон партбюросының құрамынан да осындай сипатты аңғардық. Оған тапсырылған 8 – рота коммунистерінің құжаттарының сақталу барысын тексеру жұмысы тиянақты орындалады. Әскердегі коммунистер арасында саяси-тәрбие жұмыстарының жоспар бойынша, жүйелі жүргізілгені сүйсінтеді. Шілде айында клубта жас коммунистердің қатысуымен өткізілген жиналыста Назаров «Қырағы болыңдар» деген тақырыпта баяндама жасайды. Бас қолбасшы И.Сталиннің №20 бұйрығы бойынша жас коммунистермен әңгімелесу және тазалау бағытында жұмыс дер кезінде, сәтті атқарылады. Қонақбай Назаровтың ана тіліне қоса орыс, өзбек, түрікмен, тәжік тілдерін жетік меңгреруі саяси-тәрбие жұмыстарын жүйелі жүргізуіне, офицерлермен және жауынгерлермен ортақ тіл табысуына мүмкіндік берді. Қазақ жігітінің гвардия капитаны шеніне ие болуы, батальонда саяси жетекші қызметін атқаруы – бағалауға тұратын жай. Мұның бәрі Қонақбай Назаровтың елге оралғаннан кейінгі ұзақ жылдарға созылған партиялық қызметінде зор пайдасын тигізді.

Қызыл Армия Бас Саяси Басқармасы бастығының 1945 жылғы 9 тамыздағы жеке құрам бойынша №02387 бұйрығы негізінде офицерлердің үлкен тобы қызметінен босатылып, елге қайтарылады. Олардың ішінде гвардия капитаны Қонақбай Назаров денсаулық жағдайына байланысты Офицерлер құрамы резервінің 58 жеке полкінде батальон командирінің саяси бөлім жөніндегі орынбасары қызметін тапсырады. Сырқаттану туралы №271 куәлігінде сол жақ тізесі жарақат салдарынан сыр бергені, сөйтіп еркін жүріп тұруында шектелу байқалатыны жазылыпты. Аттестаттау қағазында коммунист-офицердің жағымды сипаттары айқын көрсетіліп, қызметіне барлық жағынан қанағаттану лебіздері білдіріледі.

Ұлы Отан соғысына бастан-аяқ қатысып, үш рет жарақат алған гвардия капитаны, II топтағы мүгедек елге келген соң да аз ғана күн тыныстап, еңбекке кірісіп кетеді. Әке-шешеден жастай қалып, зұлмат кезеңдерді басынан өткізген, майдан даласында қан кешіп, мұз жастанған Назаровтың бұлай етпеске қақы жоқ еді. Өзге де тұстастарымен бірге соғыс салған жараны жазуды алдына мұрат етіп қойды, қара жамылған қаншама шаңырақтың түтіні түзу шығуына күш салды.




  1. БЕЙМАЗА ТІРЛІКТІҢ САРДАРЫ

1945 жылдан зейнет демалысына шыққан 1973 жылға дейінгі аралықта Қонақбай ағаның еңбек жолына үңілген адам дәуір қиындықтарын қабақ шытпастан елмен бірге көтергенін аңғарары сөзсіз. Бейбіт тірліктің бұл кезеңі сапырылысқан беймаза құбылыстармен ерекшеленді. Соғыстан кейін халық шаруашылығын қалпына келтіру, ұсақ ұжымшарлардың біріктіріліп кеңшарға айналдырылуы, тың және тыңайған жерлерді игеру ұранымен кең-байтақ қазақ даласына КСРО-ның әр қиырынан көшіп келушілер шоғыры, Хрущевтің тұсындағы жеке қожалықтар малын шектеу – осындай қым-қуыт қарбалас-биліктегі, әсіресе партия-кеңес органдарында басшы қызметтердегі азаматтарға айтарлықтай салмақ түсірді. Кейіпкеріміздің бағына Елубай Бәзімұлы Тайбеков, Рымбек Ильяшев, Мұхамедғали Әленұлы Сужиков, Жұмабай Ақметұлы Тәшенов, Хайролла Сердалыұлы Иманалин сияқты көрнекті қоғам және партия қайраткерлерімен иықтасып жұмыс істеу бұйырды. Майданнан келген бойда облыстық партия комитетінің аппаратына мал шаруашылығы бөлімінде нұсқаушы қызметіне бекіткен бірінші хатшы Елубай Тайбеков кейін 1947 жылы 8 желтоқсанда Ойыл аудандық партия комитетінің екінші хатшылығына жіберіп тұрып, мінездеме береді. Аға буын өкілдері жақсы біледі, бертінге дейін іс-қағаздары орысша жазылып келді, мінездемеден қысқаша үзіндіні сол күйінде бергенді жөн көрдік:

«... С 1945 г. по декабрь 1947 года т. Назаров работал инструктором отдела животноводства обкома КП(б)К. За время работы в обкоме КП(б)К т. Назаров показал себя как способного дисциплинированного работника, оказывал повседневную помощь в работе партийных организаций колхозов и совхозов, мобилизуя массы колхозников на укрепление общественного животноводства.

В 1947 году колхозы области план развития животноводства выполнили по крупному рогатому скоту на 105, 6 %, по лощадям на 102,2 %, по овцам и козам на 111,0 %.

План сдачи государству животноводческой продукции выполнен: молока – 105,1%, мяса – 100,0%, шерсти – 107,1%.»

Ойылда екі жыл қызмет атқарған оны Алматы қаласына Қазақстан Компартиясы Орталық Комитеті жанындағы Жоғары партия мектебіне оқуға жіберер қарсаңда жоғарыда сипатталғандай жағымды мінездемеде облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Рымбек Ильяшевтің қолы бар. Арада жылдар өткен соң 1957 жылы 22 сәуірде облыстық партия комитеті Қонақбай Назаровты СОКП Орталық Комитеті жанындағы Жоғары партия мектебінде сырттай оқуға жібереді. Дәл осы жылы бұған дейін Ойыл, Қарабұтақ, Ырғыз аудандық партия комитеттерінде басшылық қызметтерді атқарған ол облыстық партия комитетінің әкімшілік және сауда-қаржы органдары бөліміне нұсқаушы қызметіне шақырылады.

1953 жылдан 1955 жылға дейін Қазақстан Компартиясы Ырғыз аудандық комитетінің бірінші хатшысы, бұдан соң екі жыл осы ауданда екінші хатшы қызметтерін атқарды.

Қарабұтақ, Ырғыз өңірінде жұмыс істеген кезең тың және тыңайған жерлерді игеру науқанымен есте қалды. Жедел қалыптасып, егінді бітік шығаруымен, мемлекетке сапалы, мол астық тапсыруымен мәлім болған «Северный», «Псков» және басқа кеңшарлардың орталық мекендерін белгілеу, алғашқы қадасын қағу, бейтаныс өлкеге алғаш табаны тиген адамдарды орналастыру сияқты ұшы-қиыры жоқ, көзге көрінбейтін жұмыстардың басы-қасында Назаров пен оның мүдделес замандастары жүрді.

Сол кезеңдегі қажырлы еңбегі бағаланып, КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының 1956 жылғы 10 қазандағы Жарлығымен «Тың және тыңайған жерлерді игергені үшін» медалімен, 1957 жылғы 11 қаңтардағы Жарлығымен Еңбек Қызыл Ту орденімен марапатталды.

Өзін жетімдік бұғалығынан құтқарып, сауатын ашқан Коммунистік партия идеяларына берілгендік пейілімен марқұм қай жұмысты да қорсынбай атқарған және бұл ретте азаматқа мықты демеуші, сенімді серік бола білген Шолпан жеңгеміздің ақ ниетін айтқан дұрыс. Қараңыз: Мұғалжар өңірі мұнай барлау экспедициясы бастығының орынбасары; Темір ауданы бойынша ауыл шаруашылығы өнімдерін сатып алу жөніндегі бас мемлекеттік инспектор; Темір аумақтық колхоз-совхоз басқармасының бас агрономы; осы ауданда Ленин атындағы кеңшар партия комитетінің хатшысы; Шұбарқұдық астық қабылдау пунктінің директоры; Октябрь ауданында «Пролетарий» кеңшары партия комитетінің хатшысы. Қ.Назаров соңғы қызметін 1973 жылдың 26 наурызына дейін атқарып, республикалық дәрежеде дербес зейнет демалысына шықты.

Ойыл, Қарабұтақ, Ырғыз, Темір, Октябрь аудандық партия комитеттерінің мүшесі, бірнеше ауданда аудандық кеңес депутаты болып сайланған Қ.Назаровтың жауынгерлік ерлігі және бейбіт өмірдегі адал еңбегі «II дәрежелі Отан соғысы», «Еңбек Қызыл Ту», «Құрмет белгісі» ордендерімен, «Ерлігі үшін», «Москваны қорғағаны үшін», «1941-1945 жылдарғы Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін», «Еңбекте үздік шыққаны үшін», «В.И.Лениннің туғанына 100 жыл толуы құрметіне. Еңбекте үздік шыққаны үшін» және басқа медальдармен, Грамоталармен марапатталды.

Кейіпкеріміздің адами сипаты, айналасындағы ел-жұртпен қарым-қатынасы, кәсіби шеберлігі жайында осы кітапқа енгізілген замандастарының естелігінде баяндалғандықтан әңгімені қайталауды жөн санамадық.

Ағамыздың ұрпаққа үлгі болар, мақтанышпен айта жүрер өмірі таяуда түсірілген деректі-көркем «Мұнар» фильміне арқау болды. Замандастары, ағайын-туыстары азаматтық бейнесіне қылау түсірмей тірлік кешкен соғыс мүгедегін, партия сарбазын тебіреніспен еске алады.

Қысқасы, Қонақбай Назаров – «Құрыш қазақ» деген бағаға лайық тұлға.




Галина Қонақбайқызы ҚАРАҒҰЛОВА,

көп балалы ана, зейнеткер
БАҚЫТЫМЫЗДЫҢ БАСТАУЫ
Ата-анаға бауырынан өрбіген қай бала да ыстық, сөйтсе де әрқайсысын отбасындағы ерекшеліктеріне қарап атап, бағалайды. Мысалы, «төлбасым», «ортаншым», «кенжем» дегендей. Бірнеше ұлдың ортасында жалғыз қыз өссе «арпа ішінде бір бидай» дейтіні бар. Мен әкем мен шешемнің тұңғышы болғанымды мақтан етемін. Соғыс майданынан елге аман-сау оралған жарықтық қызметін атқара жүріп, болашақ жары – анамызбен кездеседі. Бірін бірі ұғысқан екеуінің сыйластығынан шаңырақты күлкіге толтырып мен келіппін. Қолға түскен жылы-жұмсақты аузыма тосып, қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай алақанда мәпеледі. Нағашы әжемнің көңілі басқа нәрсеге бұрылған сәтте ардақтыларым кезектесе көтеріп, жан сарайын кеңітеді екен. Есейіп, өзім ана, әже болған шағымда бала, немере деген құдіретті ұғымдардың бағасын анық түсінгенімді несіне жасырайын?!

Әкем өмірдің ащы-тұщысын ерте сезінген. Апасы Қаншайым екеуі біріне бірі серік болып, тауқыметті жеңуге тырысқан. «Ол кісінің інісіне ықыласы күшті еді» дейді көргендер. Кейін маған және бауырларыма: «Соғыстан келгенімде мені апам күтіп алып, алғашқы күннен барлық жағдайымды жасады, жұмыстан шаршап оралсам алдымда дастарқан жаюлы тұратын» деп, айтып жүрді. Майдангер әкем 1945 жылдың тамыз айынан 1947 жылдың қазан айына дейінгі аралықта Ақтөбе облыстық партия комитетінің нұсқаушысы болып жұмыс істейді. 1946 жылғы 19 сәуірде Ақтөбе қаласында анам Шолпанға үйленген. Сол кезде ферроқорыту зауытында жұмыс істеп жүрген анам шешесі Оралмен бірге тұрған. Анамыз екеуі танысып, сөз байласқаннан кейін әкем көп ұзамай нағашы әжеме барып: «Мен сенің балаң болғым келеді» депті. Мамам – әжемнің он үш баладан қалған жалғыз қызы. Әжем әкемді күйеу бала демей ақырғы деміне дейін туған баласындай сезінген. Әжем күйеубаласы мен қызының қолында болып, 1973 жылы «Пролетарий» кеңшарында тұрғанда қайтыс болды. Ағайынды сегізіміздің дүниеге келген тұстарын айта кетейін. 1947 жылы Ақтөбе қаласында мен - Галина (Гүлжан), келесі жылы Ойыл селосында інім Жалғас дүниеге келдік. 1949 жылдың 9 қыркүйегінен 1951 жылғы 8 тамыз аралықта Алматыда Жоғары партия мектебінде оқыған әкем отбасын Алғадағы апа-жездесінің қасына әкеліп тастаған. Алғада сіңлім Елнұры, 1953 жылы Қарабұтақ ауданында аупарткомның екінші хатшысы болып тұрғанында Света туды.

Жаны жаннатта болғыр асылымыз Ырғыз ауданында бастапқыда аудандық партия комитетінің бірінші, кейін екінші хатшысы қызметтерін атқарды. Анамның айтуы бойынша әкем тың және тыңайған жерлерді игерудің басы-қасында болған. Үнемі іссапарда жүргендіктен екі-үш ай үйде болмаған кездері жиі қайталаныпты. Байланыс жоқ, күз уақыты. Ырғызда Болат пен Роза, 1961 жылы Темір ауданының Саркөл ауылында Талғат, 1973 жылы Ақтөбе қаласында Анара туды.

Уақыттың ерте есейткенінен шығар, ол кездің адамдары білімін үнемі жетілдіруді, өзгелерден үйренуді дағды қылған. Үйде әкемнің арнайы жұмыс бөлмесі болды. Үстел үстінде одақтық «Правда», «Известия» газеттері, «Огонек», «Партииная жизнь» журналдары, басқа да басылымдар жататын. Бөлме бұрышындағы сөреде – Лениннің, Карл Маркс пен Фридрих Энгельстің философиялық еңбектері, ұлы Абайдың шығармалары.

Кешкі астан соң әкем біздің күнделіктерімізбен танысады, үйге берілген тапсырманы орындауымызға жәрдемдеседі. Сонан соң баяндаманы немесе жиналыс-кеңестерде сөйлейтін сөзін жазуға отырады. Арасында үлкен залдағы диванда домбыраға қосылып, құлаққа жағымды керемет үнімен ән шырқайтыны бар.

Қонақжайлылығы ерекше, үйге келген адамды үлкен-кіші демей қабылдап, тез баурап алады. Анам қабағын шытпастан дастарқанды дәмді тағамдармен толтырып қояды. Әзиз жандардан үлгі алып, тәртіпті, өнегелі болып өспеске біздің қақымыз жоқ еді.

Ырғыз ауданында аупарткомның бірінші хатшысы қызметін атқарған кезеңде үйімізде ер бала дүниеге келді. «Болаттай мықты болсын» деген тілегімен әкем есімін «Болат» деп қойды. Анамыздың құрбылары Алуаш, Ақзылманат, Алтын апайлардың «Кіндігін мен кесемін» деп, өзара таласқандары әлі күнге көз алдымда. Сонда дәрігер кіндігін өзі кесіп: «Әкесіндей үлкен қызметкер болсын, ырымын жасайын» деп, әкеміздің көйлегіне орап алған. Періште аузына салған шығар, Болатжан таудай талабымен елдің аузындағы азаматтар санатына қосылды.

Бала күннен біздің көргеніміз – әкеміздің еңбекқорлығы: уақытпен санаспастан жүктелген шаруаны тиянақты атқарды. Жетім-жесірдің, мүгедек жандардың мұң-мұқтажына барынша көңіл бөліп, тілектерін орындауға күш салатын. Сондай адамдардың талайы: «Әкеңнің жақсылығын ұмыта алмаймыз» деп айтқанда марқайып жүрдік.

Партия мен үкімет абзал жанның еңбегін ескерусіз қалдырған жоқ: орден-медальдармен, грамоталармен марапаттады; республикалық дәрежедегі зейнетақы тағайындап, облыс орталығында жаңадан салынған үйден жайлы пәтер берді. Ақтық сапарды шығарып салу рәсімі де жоғары деңгейде ұйымдастырылды: майдандас достары, еңбекте бірге болған азаматтар, ағайын-туыс, құда-жегжат қатысып, қабіріне топырақ салды.

Кісілікті ғұмырының өлшемі еткен әкеміз бен анамызға жұма сайын дұға бағыштап, кейінгі ұрпағымызға үлгі етіп айтып келеміз. Бұл – перзенттік парызымыз.



Ақтөбе қаласы.

Елнұры Қонақбайқызы ЖИДЕБАЕВА,

еңбек ардагері, зейнеткер,

Қазақ ҚСР оқу-ағарту ісінің үздігі
ОРАЛМАЙСЫҢДАР-АУ...
Мен ел-жұрт қызыға қарап, талай жақсылар мен жайсаңдар сүйсіне дәм татқан берекелі шаңырақта сегіз баланың – үш ұл мен бес қыздың үшіншісімін. Апам Гүлжан, ағам Жалғас, содан кейін мен.

Отбасындағы барлығымызға әкеміз бен анамыздың өзара сыйластығы үлкен сабақ болды. Әрине, өз қатарымыздай біз де еркеледік, балалық жасадық, әйтсе де сотқарлыққа салынған жоқпыз. Әлдеқалай қылығымыз байқала қалса жарықтық анамыздың «Әкең келе жатыр үйге», «Әкеңе айтам» деген сөздері тосқауыл болып тұратын. Екеуі бірін бірі алақанына салып өтті. Олардың отбасылық тірліктері Ұлы Отан соғысының дүрбелеңі енді ғана басылған уақытқа тап келді, онан кейін Хрущев заманының аласапыранын ересек буын ұмыта қойған жоқ. Сонда әкем өзіне жүктелген міндеттерді бұлжытпай орындау ниетімен қайнаған жұмыстардың бел ортасында жүрді, ешбір шарадан қағыс қалған емес. Кезеңнің қалыптастырған қағидасымен жеке мүддені алдыңғы қатарға шығарған жоқ және өзі араласқан мәселені соңына дейін әділ шешуге тырысатын. Қандай жайды да жан-жақты сарапқа салып, нақты ұйғарымға келетін. Белсенді ұстанымын жоғалтпай адамдардың құрметіне бөленуі - бір жағынан анамыздың арқасы деп білемін.

Әкемнің өзімді өзге балаларынан бөле-жара жақсы көргеніне мақтанатынмын. Бауырларымнан бұрын жоғары білім алдым. Еңбек жолымды Ақкемер орта мектебінде мұғалім болып бастап, көп ұзамай облыстық білім басқармасында инспектор қызметіне қабылдануым да – әкемнің арқасы. Қызмет бабымен аудандарға іссапарға жиі шығатынмын. Сол кезеңде Семей облысындағы Шұбартау ауданы мектеп бітірушілерінің бастамасымен қой өсіруші комсомол-жастар бригадаларын құру ұраны көтерілді.Осыған орай алғашқы іссапарым Шалқар ауданына түсті. Әкем алдын-ала ақыл-кеңестерін беріп, сөйлейтін сөзімнің мәтінін де өзі дайындады.

Еңбегім бағаланып, төрт жылдан кейін облыстық кеңес атқару комитеті жанындағы кәмелетке толмаған жасөспірімдер ісі жөніндегі комиссияның жауапты хатшылығына шақырды. Еліміз егемендік алған соң облыс әкімінің аппаратында бас маман, кеңесші қызметтерін атқардым. Жалпы мемлекеттік қызметтегі өтілім 33 жылды құрады. Жасы үлкен ағай-апайлар аты-жөнімді сұрап білген соң «Е, Қонекеңнің баласы екенсің ғой» деп жатады. Жақсы адамның өзі пәниде жоқ болса да қасиеттері тұстастарының, кейінгілердің көкірегінде сақталып қалатынына көзім жетті.

Былайғы жұртқа қатқыл болып көрінетін әкеміз үйде бала-шағаның ортасында мамыражай күйге түсуші еді. Бірімізден соң біріміз тетелес өсіп келе жатқан балаларына соғыс жылдарынан әңгіме айтатын. Төсіндегі тыртықты көріп, жай-жапсарын сұрамаймыз ба?! Кезекті шабуылдардың бірінде жау оғы төсін жалап өткендей болған, әкем ет қызуымен байқамапты. Шамалы уақыт өткен соң белбеуін шешіп қалса купәйкесінің ішінен кесек-кесек ұйыған қан түсіп жатқанын көріпті.

Өзі бір аяғынан сылтып басатын. Бұл да – сұм соғыстың ылаңы. Шабуыл барысында аяғына оқ тиіп, қозғала алмай қалады. Айнала түн құшағында. Атыс саябырлаған шақта әкем соңғы оқты өзіне қалдырыпты. «Не де болса жау қолына тірілей түспейін, қашып шыға алмайтын жағдайда өзімді құрбандыққа шалайын» дейді ғой ішінен күбірлеп. Бір мезетте санитарлар шығып: «Жарақаттанып, тірі қалған адамдар бар ма?» деп айқайлап келеді екен. Талқаны таусылмай тұрғаны, госпитальға жатқызылады. Дәрігерлер аяғын кесу туралы ұйғарымға келгенде әкем қыңыр мінез көрсетіп, келісім бермейді, тіпті сау аяғымен дәрігерді теуіп жіберген көрінеді.

Ардақтыларымыз тал бесіктен жер бесікке дейінгі ғұмырында көпшілдігінен, қонақжайлылығынан арылған жоқ. Ағайын-туыстары, достары, әріптестері үйге әртүрлі мәселелермен келіп, ақыл-кеңес сұрайды. Тіпті мазалап тұрған шаруасы болмаса да сәлем бере келетіндер қаншама?! Әруағыңнан айналайын ата-анамыз солардың ешқайсысын дәрежесіне, жасына бөліп қарамастан жылы шыраймен қабылдап, дастарқанды түрлі тағамдармен түрлендіріп жаяды. Және «шаршадым» деп, қабақ шытпайды.

Тұла бойына ғажайып қасиеттерді сыйғызған әкеміз тым ерте – небәрі алпыс бес жасында бақилық болды. Мен Ақтөбе қаласында анамның қолында тұрып жұмыс істейтінмін. Інім Болат – Ақтөбе мемлекеттік педагогика институтының, сіңлім Роза – Ақтөбе мемлекеттік медицина институтының студенттері. Талғат болса мектептің 10 класында, Анара балалар бақшасында тәрбиеленіп жүр.Ең үлкеніміз Гүлжан мен сіңлім Света теңін тауып, өз алдына тірлік кешуде. Ағам Жалғас Октябрь ауданының «Пролетар» кеңшарында тұрады. Осылай енді ғана жапырағымыз жайылып, өзі тіктеген бәйтеректің саясында ұл-қыздарының рахатын көремін дегенінде әкемізді сұм ажал алып кете барды. Өмірдің мәңгілік емес екенін түйсініп жүрсем де дәл осылай төтеннен үзіледі деген ой басыма келмепті. Суық хабарды алғаш естіген, асқар таудай бейненің қозғалыссыз қалғанын көрген сәтте көшіміз мүлде тоқтағандай сезіндім. «Енді қалай өмір сүреміз?» деген қорқынышты ой сананы билегені рас.

Әкемнің әкесі, яғни атам қатаң адам болған. Әкемнің бір құлағында тесік болатын. Сол кезеңде перзентіне 5-6 жасында баласына көз тимесін деп, бір құлағына сырға салатын болған. Әкем біліп қалып, үйдің төбесіне шығып тығылған. Әкесі қамшымен ұрып, түсіріп алып, бір құлағына сырға салған. 1924 жылы он бір жасында шешесінен айырылған, 1936 жылы әкесі қайтыс болған.

1945 жылы тамыз айында соғыстан аман-сау оралған әкем Алға қаласында тұратын Қаншайым апасының үйіне келеді. Апасы інісін күтіп, күнде пойызға шығады екен. Бір күні қазанның астына от жағып, ас пісіріп жатқанда пойыздан бір солдаттың түсіп келе жатқанын көрген. Жарықтық інісін танып, шаруасын тастай сала жүгірген, сонда көйлегі отқа тиіп, жанып келе жатқанын байқамаған. «Қонақжаным» деп құшақтай алған.

Жыл артынан жыл өтті. Тірлік толассыз ағынды су тәрізді екен, тоқтамай ағып жатады. Соңында қалған біздер есейдік, жүрек қалауымен шаңырақ көтердік. Жарық дүние есігін Назаровтар әулетінің жаңа буыны – немерелер ашты. Пейіште нұры шалқығыр анамыз немерелердің алды үйленгенін көрді, бал күлкілі шөберелер маңдайынан сүйіп, отағасының соңынан мәңгі қонысына аттанды.

Енді міне өзіміз де Әжеміз, Атамыз. Замана көшінен қалмай бұйырған несібені теріп жеп жүрміз. Ортамызда Болат пен Талғат кәсіпкерліктің алуан құпияларын меңгеріп, үлкен аудиторияға мәлім болды. Бұл да – Алланың берген ризығы. Шүкіршілік айтамыз. Әрқайсысымыздың бойымызға жоғары адамгершілік, қарапайымдылық, терең ой, мықтылық, әділеттілік сияқты тамаша қасиеттерін сіңіріп, баға жетпес мұра қалдырған Әкеміз бен Анамызға мәңгілік қарыздармыз. Әлдекім титтей де болса жақсы ісімізге масаттанып, «Назаровтардың ұрпағы ғой» деп жатса біз үшін бақыт та, сыйлықта сол.


Ақтөбе қаласы.

Ғали-Света

САЛИХОВТАР,

еңбек ардагерлері
САРА ЖОЛ СІЛТЕДІ
Мен 1973 жылы Орал қаласындағы ауыл шаруашылығы институтын бітірген соң жолдамамен Октябрь ауданындағы «Пролетарий» кеңшарына келіп агроном болып жұмыс істей бастадым. Көп уақыт өтпестен комсомол ұйымының есеп беру-сайлау жиналысында ұйымның жалақы алмай жұмыс істейтін хатшылығына сайландым. Жаспыз, албыртпыз, қай шаруаға да жапырып жіберердей кірісеміз. Турасын айтқан жөн, комсомол хатшылығы маған көп нәрсені ұқтырды. Сан салалы шаруашылықта ойы, мінез-құлқы, жұмыс істеу қабілеті әрқилы алуан адамдармен ұшырасасың, жиналыстарды дайындау, жүргізу қағидаларын меңгересің, оның үстіне құжаттар толтыруды үйренесің. Комсомол жетекшісіне тікелей басшылық жасап, нұсқау беретін – партком хатшысы. Осылайша Қонақбай Назаров ағайдың тәрбиесінде болдық. Кішіпейіл мінезімен, биязы үнімен ұдайы ақыл-кеңесін берді. Сөйтіп жүргенде ол кісінің қызы Светамен тіл табысып, екеуміз шаңырақ көтердік. Қамқоршым, ұстазым, күні кеше кабинетіне жасқана кіретін Қонақбай ағайға күйеубала болып шыға келдім.

Бұл да – тағдырдың маған ұсынған әдемі сыйы. Қайда жүрсем де қайын-жұртым қолдау жасады, сүйеніш болды. Кеңес Одағына даңқы шыққан «Ақтөбеауылмаш» зауытында қосалқы шаруашылық директоры, кейін зауыт директорының орынбасары қызметтерін атқардым. Абыройсыз болған жоқпын, адал еңбегімнің жемісін көріп отырмын.


***
Папам Қарабұтақ аудандық партия комитетінің екінші хатшысы болып жүрген кезеңде дүние есігін ашыппын. Сол жылы Иосиф Сталин қайтыс болған. Әлемді тітіреткен көсем Кеңес Одағының қай түкпірінде де Тәңірімен тең саналғаны рас. Жарықтық папам «Саған Сталиннің қызының есімін еншілеп, атыңды «Светлана деп қойдым» дейтін. Ата-анамыздың арқасында алаңсыз оқыдық, оқу орнын тамамдап, мамандық иесі атандық.

1972 жылы Ақтөбе кооператив техникумын бітірген соң асқар тауым – әкемнің көмегімен «Ақтөбе» кеңшарында есепші болып орналастым. Бірден-ақ айтқан ақылы – «Айналайын, жұмысыңды ықыласыңмен беріліп, таза істе. Сөйтіп абыройға жетесің». Бірнеше айдан кейін әке-шешеміз тұратын «Пролетарий» кеңшарына селолық кеңес атқару комитетінің есепшілігіне ауыстым. Отбасымыздың тәрбиесі, ата-ананың үлгісі қай ортада да өзіме азық болғанын елжірей еске аламын.

Теңімді тауып, тұрмысқа шықтым. Облыс орталығына көшіп келдік. Енді банкте жұмыс істеу бақыты бұйырды. Өкініштісі – мұнда жауапты қызмет атқарып, құрметке бөленгенімді папам көре алмай кетті, ал анам болса шүкіршілігін айтып, батасын берумен болды.

Ұзақ жылғы мінсіз еңбегім рахатын көрсетті – зейнет демалысындамын. Отағасым Ғали екеуміз үш қызды өсіріп, әрқайсысына шаңырақ көтердік, бес немереміз бар.

Өзара сүйіспеншіліктеріне қылау тигізбей ұрпағына сара жол сілтеген Әке мен Ана рухына дұға бағыштап: «Сіздер есімізде мәңгі сақталасыздар» дейміз.
Ақтөбе қаласы.

Болат Қонақбайұлы НАЗАРОВ,

«ҚазРосГаз» ЖШС бас директорының орынбасары

ӘКЕ...

...Менің ұғымымда әр адам өткен өміріне ой жүгіртеді, сан алуан оқиғаларды санасында жаңғыртады. Өмір өткелдерінен өтіп, келесі қырға көтерілгенде жүріп өткен жолыңа бір зер салу алдағы қадамдарыңа қанат бітіретіндей көрінеді. Бұл, әсіресе орта жастан асып, балаларыңды қанаттандырып, немере сүйе бастаған шақта анық байқалады екен. Ойыңа талай оқиғалар оралып, кейде соны жаза бастағың келеді. Ал, домбыра ұстасаң, немереңе ыңылдап әнші боласың. Ән ырғағымен бірге сан түрлі ой жетелеп, өз өміріңнің сонау балалық бал дәуреніне де бір сәт шегініс жасайсың. Ондайда өзімнің де бала болып, асыл анамның омырауынан иіскеген кездерім есіме оралады. Сол сәтте жүрек қағысым жиілеп, қайта күш алам да «жаратушыма» алғысымды айтам. Әр пенде шыр етіп өмірге келгенде маңдайына жазған тағдыры болады. Біреу көп өмір сүрсе де айналасына белгісіз болып қалады,ал біреу аз болса да халқына қалаулы, еліне елеулі, өз ортасында беделді әрі көпшіл келеді. Болар бала жасынан жақсылыққа жаны жақын болып, жанындағыларға шапағатын тигізеді. Өзі үшін емес, өзгелер үшін өмір сүреді. Қоғамның жақсы болып қалыптасуына осындай тұлғалардың тамшыдай болса да ілтипаты себеп.

Алайда, өткен ғасырдың басында дүниеге келген ұрпақтарға тағдыр қатал қарады десем қателеспеспін. Әсіресе сол бір кеңестік дәуір – қаншама қазақтың тағдырын өзгертті десеңізші. Оның пайдасынан зияны көп болды. Қаншама асылдың ұрпақтарын жұтты. Жазықсыз жандар жапа шекті. Қазақ даласы қорлықтан дамыл таппай, мың өліп, мың тірілген кездері менің әкемнің жастық шағына сәйкес келіпті. Өміріндегі өзгерістердің тікелей байланысты болғаны бізге көп ой салатыны рас. Сол бір өткен кезеңдердің біздің және бізден кейінгі ұрпақтарға сабақ болып қалатыны ақиқат.

Сондықтан әкем Қонақбай Назарұлының өмірі, ой толғамдары мен атқарған қызметі Ұлы Отан соғысы жылдарындағы ерліктерге, тың игеруге сіңірген еңбектерге толы болды. Әкеміз жайында ашық айтып беруді перзенттік парызым деп санаймын. Және менің жазғандарым әкемнің өмірінің сәл ғана бір сәттеріне пара-пар болар. Сондай-ақ өткенге ой жүгірте отырып, әкешімнің қаһармандық істерін артында қалған ұрпағына жеткізуді мақсат еттім. Бүгінгі біз көрген Қазақстан тәуелсіздігінің негізін қалаған сол ұрпақтың қалай өмір сүргендігін және қандай тар жол, тайғақ кешкен кезеңдерін оқығанда болашақ ұрпақтың санасына ой салар деген үміттемін. Мен әкемнің ішкі жан дүниесін толық аша алмасам да, бала мен әкенің арасындағы көзге көріне бермейтін нәзік сүйіспеншілік сезімді білдіргім келді. Кейбір тұстарында мүмкін артық кетермін, мүмкін кемшін түсермін, бірақ жүрек түпкірімнің түбіндегі сағынышымды осылайша басқым келді. Мен үшін әкемнен асқан батыр, адал жан енді табылмас...

Көңіл түскенде айтатын үзік сырларынан ұққаным әкем жас кезінен-ақ қайырымы кем, зұлмат заманда жасымай, өмірден өз орынын табу үшін күрескен. Ата-ананың аяулы алақанын сезінбегенімен ата-баба қасиеті қонған тектілікті өзінен кейінгілерге дарыта білді. Көптеген әділетсіздікті көре жүріп,өмір мектебінде шыңдалып, ерте есейді. Оқыды және өзгелерге дәріс берді. Ат жалын тартып ержеткен шағында бар жақсылықты өзі сүйген еңбегінен тапты. Отанының адал ұлы болды. Отан деген ұғым әкем үшін бәрінен жоғары тұратын. Билікте жүріп, кейбір адамдардың пендешілігін көріп тұрып үндемей қала алмады. Туған жерін, өскен елінің қадірі мен қасиетін жоғары бағалады. Өзге жерде сұлтан болғанша, өз елінде ұлтан болуды таңдады. Бөтен елдің төрт-бес тілін білсе де, ана тілінің дамуына аса назар аударды. Балалары мен ұрпағының білімді болғанын, өзі секілді бірнеше тіл білуін тіледі. Заманына сәйкес орыс тілін жетік меңгерсе де үйде тек қазақ тілінде ғана сөйлеп, қазақша дастан-жырларды айтатын. Халық әндері «Япурай», «Тілеуқабақ» және Абайдың «Көзімнің қарасын» қара домбыраның қағысына қосып айтқаны ерекше сезімге бөлеуші еді. Есеп-қисапты да жақсы шешетін.Оған өмірдің түрлі қиындықтарында дұрыс шешім қабылдайтын қасиеті себепкер болды-ау деп шамалаймын. Шығармашылық ұйымдарының концерттерін жібермей тамашалататын. Ақтөбеге келген концерттік ұжымдардың бәріне үнемі анам екеуі жақсы киініп, жарасымды жұп болып баратын. Әсіресе, гастрольдік сапармен сол кездерде әртістер ауылдарды көп аралайтын еді. «Ел іші - өнер кеніші» демекші, тек ән айтумен шектелмей халық ішіндегі талантты жастарды өздеріне тартып өнерге тәрбиелейтін. Соның арқасында елімізде сол жылдары халық аспаптары оркестрлері көбейіп, жеке әншілер де көріне бастаған болатын. Есімде қалғаны Ленин атындағы совхозда тұрғанымызда Ғарифолла Құрманғалиев бастаған бір топ әртістер біздің үйде болып, дастарханнан дәм татып қонақ болған еді. Біздің үйден үнемі әнші- жыршылар және жазушы-ақындар үзілмейтін. Әкем бұлар халықтың азаматтары, үйден дәм таткандары дұрыс деп отыратын. Сыртынан қарап тұрып әке-шешемізді мақтан тұтатынбыз, өйткені олар елінің нағыз патриоты бола білді.

Ата-ана үшін әр баланың орыны бөлек. Әкем бізге ерекше мән беріп өсірді. Өмірдегі орынымызды табуға бағыт-бағдарын да аяған емес. Ең ғажабы балалардың түрлі саладағы мамандықтарды оқып, меңгеріп өсуіне көңіл бөлді. Бір-бірімізді қайталамауды, әркімнің өзіндік жолы болуын ойластырды. Тіпті сабағымызды қолы қалт етсе бірге дайындайтынбыз. Не істесе де жанын беріп атқаратын. Әдетте үлкендер балалардың тірлігіне араласпайды. Біздің әкеміз болса, керісінше баламен балаша түсінісіп, соны үлкендердің деңгейіне көтеруге тырысатын. Біз шындықты көріп тұрсақ, оны қорықпай, аянбай әділін айтуға үйрендік. Бізді үлкен өмірге қайрап салатын, өзі балажан нағыз қамқор әке еді.



Қайран балалық шақ! Қайран туған жер! Қайран қасиетіңнен айналайын қара шаңырағым. Қасиетіңді қанша айтып жырласам да тауыса алмаймын. Бүгінде сол күндерді сағынам. Әсіресе, жеке қалғанда көп ойланам. Әттең-ай деймін. Әкеммен болған сәттер қайта бір айналып келсе ғой. Әрине білем өмір қайта оралмайтынын. Әр перзент ата-анасын кие тұтады. Олар үшін әке-шешесінің басқан жері мен тұтынған заттары, киген киімі және тұрған үйі ерекше қасиетті. Маған да ата-анамның «Пролетарий» совхозында салған үйі үлкен сарайдай көрінетін. Әлі есімде көктем шыға наурыз көже жасап, көршілерімізбен арқа-жарқа болып көрісіп, жаңа келген жыл басын қуанышпен қарсы алатынбыз. Әрине, қазіргідей мемлекеттік тұрғыда болмаса да отбасымызбен осы мерекені сағына күтетінбіз. Жердің тоңы жібіп егін басталғанда совхоздың жүк машинасына тиелген көшеттерді көше бойы таласа-тармаса алып, әркім есіктерінің алдына отырғызуға асығатын. Мен де көршілермен бірге қолыма ілінген шыбықтың бірін аулаға әкеліп ектім. Бұл 1968 жылдың көктемі еді. Біз де есейдік, мен еккен ағаш та бізбен бірге өсті. Елге барғанда сол бір терек үлкен тарихтың куәсі, өткен өмірді еске түсіретін белгі ретінде ыстық көрінеді. Ол үйде бауырларыммен бірге асыр салып ойнап, оқушылық кезеңнің қызықты шақтары өтті. Төр бөлмеде анам мен әкемнің күлкісі, көңілді бір отырыстары есіме оралады. Әсіресе, мереке күндері терезені ашып қойып сырттан естілген әндерге қосылып айтатын. Әкемнің ерекше дауысы болатын. Ал анам болса ақырын ғана әуендетіп дем беріп қоятын еді. Оған біз де қосыла шырқайтынбыз. Ішімізде әпкеміз Галинаның дауысы мықты шығатын. Ол тіпті жастайынан әнге құмар болды. Бүгінде басымыз біріге қалса әкемнің айтқан әндерін айтамыз. Сол бір әндер арқылы ата-анамызды еске аламыз, сағынышымызды басамыз. Ағайынның бар болғанына не жетсін. Бізді дүниеге әкелген, өсірген әке-шешемізге алғысымыз шексіз. Тәубе дейміз.Сол үйде төртінші кластан мектеп бітіргенше тұрдық. Мектеп бітірісімен ауыл тіршілігіне етене араластым. Совет Армиясына да сол үйден аттандым. Өйткені әкем өзі әскери адам, соғыс ардагері, гвардия капитаны болғандықтан менің де қара жаяу емес, әскери тәртіптің қыр-сырын білетін жинақы, шымыр өзіндей болғанымды қалаған болар. Мен де оған ұқсап бақтым.Әскери өмірден көп нәрсені үйрендім. Отан алдындағы борышымды сонау Европадағы әкемнің соғысқан майдандас достарымен шет жерде әр таңды қиындықпен өткеріп, жеңіспен оралған жерінде атқардым. Алыста жүрсем де әке қамқорлығын үнемі сезініп жүрдім. Әкем сонау Германияға менің әскери бөліміме, оның басшыларына хат жазып хабарласып тұрыпты - оны кейін білдім. Кайран қамқоршым!..Қайда болса да балалар үшін барлық жақсылықты аямады. Сыртымыздан тілеуімізді тілеп жүрді. Әлі күнге дейін аруағымен де қорғап келеді... Зейнетке шығарда, «Ақкемер» станциясынан жіберген бір хатында «Болатым ау, сен оқуың керек, болашақ білімде, өркениет қалада, сондықтан Ақтөбеге көшкелі жатырмыз, ертең сендер студент болғанда қиналмай оқуларың үшін үй аламын. Бұл сендердің болашақтарыңа керек» деп жазып едің - ау, әкешім.

Ақтөбе қаласында алғашқы алған үш бөлмелі үй әлі күнге дейін көзімізге ыстық көрінеді. Сол үйдің қасынан өткен сайын терезесіне бір қарамай өте алмаймын. Әкем терезе жақтауынан ақырын ғана сығалап тұрғандай болады. Тіпті интерьері бүгінгідей есімде. Әр заттың қалай тұрғаны, бөлменің жағымды иісі, ас үйдегі анамның әзірлеген ыстық тоқаштарының дәмін қалай ұмытарсың.

Біз ес білгелі әкемнің жалғыз апасынан басқа ешкімі жоқ. Оның өзіндік себеп - салдары бар. Анам Шолпан да он үш баладан жалғыз қалған екен. Екі мұңлықты құдайдың қосканы да сол болар?! Мың өліп, мың тірілген қазақтың басынан не өтпеді? Әңгір таяқ ойнатқан отарлаушылардың езгісінен басымызды көтеруге, дауысымызды шығаруға қымсынған кез ғой ол заман. Сұм соғыс пен ашаршылықтың құрбандары болған бауырларынайтып екеуі де көз жастарын сығып-сығып алатын. «Адам жаны аспанда» демекші, көңілдеріндегі құсалықтарын жеткізу өте қиын болса керек.Орал әже әкеміздің туған анасындай болды. Шешемнің тірі қалуына да әжемнің еңбегі зор болыпты. Ел жан сауғалап, жан жаққа бытырай бастағанда, әркім әр жаққа пана іздеп жосыған заманда, Ресейге қарай бет алады. Тоқтаған жерлері - Свердловск қаласы. Ол кезде кәзіргідей жайнаған қала жоқ. Ел жаңа өмірге енді үйреніп келе жатқан кезі. Ол жақта да ашаршылықтың ұшқыны белең ала бастаған. Жұрт ұзынқұлақтан естігендерін көзбен көргендей айтып, талай елдің обалына да қалған еді-ау. Жазықсыз жандар бір үзім нан үшін «балапан басына, тұрымтай тұсына» демекші, бет-бетімен тозып кеткен кезді кім ұмытар. Қинала жүріп заводқа қара жұмысқа кіреді. Жолда жоғалтқан балаларын да іздеп арасында шыр қағады. Бір Алладан басқа сыйынар пенде жоқ. Кейде таңға кірпік ілмеген кездері де көп болды. Сөйте жүріп қызы Шолпанды аман алып қалған. Қатарынан қалдырмай анамды орысша оқытып, хат танытып қатарға қосты. Анам орыс әндерін нақышына келтіріп орындайтын, бірақ көп айта бермейтін. Білуімше, орыс әндерін орындаған кезде жастық шақтағы қиыншылықтары еске түсетін болуы керек. Анамның жастық шақтағы көрген қиыншылығынан кейінгі соғыс кезінде көрген азабы мол болды. Ер азаматтар Ұлы Отан соғысында тізеден қан кешіп жүргенде, әйелдер елде еңбек армиясында күндіз-түні талмай Отан үшін еңбек етті. Солардың ішінде менің-де анам Шолпан Ақтөбе «Ферро қорыту» зауытында жұмыс жасаған. Зауыт Ресейден Қазақстанға көшірілгенде зауыт еңбеккерлері сол елде қалып қойғандықтан тұрғылықты жерден жұмысшыларды алған болатын. Олардың ішінде де орысша білетін, хат танитын алғыр жастарды қабылдайтын. Қаршадай қыздардың ішінде анам да таңның атысы-күннің батысымен осы зауытта еңбек етті. Асыл анамның самайындағы ақ шашы мен бетіндегі кейбір әжімі сол соғыс жылдарынан қалған із сияқты. Әкемнің өмір жасы қысқалау болғанымен анам немере, шөберелерін көріп, сексеннен асып дүниеден өтті. Ақ сүтімен нәр беріп өмірге алып келген анамыздың біздерге бергені де, үйреткені де, көңіліне тоқығаны да көп еді. Ұрпақтарына мейірім-шапағатымен қарап, ақ-қараның парқын, ұят-намыстың нарқын ұғындырған жан. Біздерге әке орнына әке болса, ал немерелеріне ата орнына ата бола білді. Нендей жағдай болса да жаймашуақ ақылға салып, жай сөзбен жеткізетін. Келіндерінің көңілдеріне еш қаяу салған жоқ, күңкіл сөз дегенді білмейтін. Құда-құдағиларын құдайындай сыйлайтын. Бір ауыз сөзбен айтсам Анамның жүрген жүрісі, отырысы, тұрысы, адамдық қарым қатынасы, даналық сөздері бір ұлағат тәлім-тәрбие еді.

Әкем Қонақбай қырықтың қырқасына шығып, нағыз толысқан шағында мен дүниеге келдім. Сондықтан отбасымызда орыным бөлек. Анам мені үйде босанды. Дәл сол күні Әкем жол сапарда болыпты. Үйге Алтын, Жәмилә, Аманша, Ақзілманат, Зейнеп, Алуаш шешелеріміз жиналып, қазан жарыс жасаған екен. Көп ұзамай мен де дүние есігін ашыппын. Кіндігімді кесіп көтеріп алған Зейнеп анамыз болды. Ол кісі татар болғанымен қазақ арасына сіңген, іс қимылы ширақ, пысық, қазақтың салт-дәстүрін жақсы білетін. Әкемнің көйлегіне мені орап алып әкесіндей болсын деп ырымдапты. Содан ба үнемі әкем менен үлкен үміт күтті. Жүріс-тұрысымды өзі қадағалап, үнемі ақыл-кеңесін айтудан жалыққан емес. Тай-құлындай бірге өскен ауладағы достарымды да жақсы көретін. Футбол ойнаған біздерге төреші де болып, кейде демеушілік жасап қуантатын. Ол кісінің жеңген жақты ғана емес, жеңілген жақтың өзін қолдап, көңілін демдейтін. Сөйтіп, болашақ жеңістерге жігерін жанитын.

Күн өткен сайын әкемнің бейнесі алыстамай, керісінше жақындай түседі. Есімде қалған әкемнің әрбір қимыл-қозғалысы қымбат, әр іс-әрекеті үлгі-өнеге болып, ойымда сақталып қалыпты. Өмірімнің әр сәтін, әр қадамын, әкемнің ізгі жолымен, сондай-ақ үлгісімен жасаймын.Соның бәрін бүгінгі күнмен таразылап салыстырып көргенімде әкемнің бейнесі одан әрі биіктейді.

Ұлы Отан соғысы кезінде күн демей, түн демей Отан үшін көкірегін отқа тосып, жеңіске жетіп, соғыстан кейін халыққа қызмет етіп, Қазақстан жерінде көптеген халықтың басын қосып, елдімекендер тұрғызып, көмек еткен, әкемді үлгі тұтып келемін.

1972 жылы мектеп бітіргеннен кейін Әкем:

- Балам, сен жоғары оқу орнына түсуін керек,- деді. Ол кезде менің арманым геолог болғым келген. Содан армандаған мамандығыма құжаттарымды тапсырдым, дегенмен сол жылы аталған жоғары оқу орнына түсе алмай, әскерге кеттім. Әкемнің сол бір айтқан сөзі әлі күнге дейін есімде:

- Балам, кез-келген ер азамат әскерге баруы керек. Отан алдында борышын өтеуі тиіс. Сондай-ақ әскерге барып шыңдаласың, ел көресің, жер көресің, бойында патриоттық сезімі оянады,- деген сөздерін жадымда ұстап, сол жылы Германияға әскерге кеттім. Кезінде азат етуге әкеміз қатысқан елдің қаншалық дамығанын өз көзіммен көрдім. Әкейдің жеңісті жорығына куә болғандай күй кештім.

Әкемнің тарихи деректерін дәлелдеу үшін ұрпақтары Мәскеу түбіндегі Подольск қаласындағы әскери мұрағатқа арнайы сұрау салып, хат жаздық. Ол жерден арнайы жауап келді. Қуанышымызда шек болмады. Бірден Мәскеуге әпкем Елнұры, зайыбым Майра үшеуміз жол тарттық. Жеткенше қалай болар екен деп толғаныста болдық. Ойлаған мақсатымыз орындалып, жолымыз болды. Әкемнің біз білмейтін орден мен медалі ғана емес, Алғыс хаттары болғанын білдік. Тіпті, жақсы соғысқаны үшін берілген ақшалай сыйлықтарын алу үшін қойған қол таңбасын өз көзімізбен көрдік. Соғысқа кірердегі жазған өзі туралы өмірбаяны, Талғардағы дайындық кезіндегі кезекшілік кітапшасының қаз қалпында сақталғанына таңдандық. Соғысқа кірер алдындағы тізімдер мен ұрыстан кейінгі жазуларды оқыдық. Біз білмейтін басынан кешкен қиындықтары мен денесіне түскен жаралары баршылық екен. Үш рет ауыржаралы болыпты. Денесінде оқтан қалған тыртықтар барын көрсек те, бізге солардың бірінің сырын айтпайтын мықтылығына қайран қалдық. Біздің балалық жүрегімізге дақ түсірмес үшін жарақаттарын жасыратын болуы керек. Бала болғанан соң не нәрсеге болса да құлағымыз елеңдеп тұратыны бар. Бір көңілденіп отырғанда Алматыдан келген майдандас досы әрі қарамағында связьной болған орыс жігітінің әңгімесін естіген едім. Сонда ол әкеме: «Конакбай Назарович, есіңде ме сені біз ауыр жараланғанда ит шеккен шанаға байлап санчастьқа жібергеніміз» - дейтін. Сонда әкем қарқ - қарқ күліп: «Ол артта қалды ғой. Жақсы адамға жеті қазынаның бірі иттің өзі жақсылық жасайды екен. Қосарланған иттер ормандағы соқпақ жолмен мен жатқан шананы тоқтаусыз сүйреп келеді. Шана биік өскен қарағай діңгегіне анда-сонда соққанын денем сезеді. Көзімді ашсам, санчастьтің алдында жатырмын. Міне ол оқиға осылай болған» деп майдандас досына түсіндіріп жататын. Соғыс туралы әңгімені достарымен ғана бөлісетін. Жай уақытта біз сұрасақ та соғыс туралы айтпауға тырысатын.

Рота командирі саптан шыққанда дереу оның міндетін атқарғаны туралы мәліметті оқығанда ағайынды үшеуміз бір бірімізге қарап таңқалғанымызды жасыра алмадық. Әкеміз 391 атқыштар дивизиясындағы 1278 атқыштар батальонында комиссар әрі командир болғаны жөнінде мәлімет алдық. Бұл Солтүстік-Батыс майданда болған жағдай екен. Әкеміз бұл жауапты қызметті ойдағыдай атқарып, солдаттарды жеңіске жетуге ұйымдастыра білгендігі байқалады. Тәртіп пен жауынгерлік рух қалыптасуына күш салған. Кезекті жараланған соң госпитальде емделіп, сапқа қосылған әкемізді енді Белорусь майданына жібереді. Бұл жолы да комиссар болып, ақыры жау түпкілікті талқандалғанша қолынан қаруын тастамаған. Осы ерліктері үшін әкемізге «Ерлігі үшін», «Екінші дәрежелі Отан соғысы» ордендері мен бірқатар қалаларды азат еткені үшін медальдер беріліпті.

1975 жылы әскерден келгеннен кейін әкем: - Балам, армандаған арманыңды, алға қойған талабыңды жүзеге асыра біл, білімді азамат болуға талпын, - деді. Ал менің ойым геолог болу еді. Осы мақсатпен Алматыдағы политехникалық институтке түсуге дайындалдым. Мен әскерде жүргенде-ақ іштей керек кітаптарды жинап, бір чемодан етіп арқалап келгенмін. Ал әкем Ақтөбеде қалып мұғалім болғанымды қалады. Сөйтіп Ақтөбе пединститутының физика –математика факультетінің студенті болып шыға келдім. Студенттік шақ зымырап өтіп жатты. Әкем «Болатым мұғалім болады», деп қуанып жүрді. Себебі әкем де алғашында еңбек жолын білім беру саласынан бастаған. Ұстаз болу үлкен мәртебе екендігін үнемі мақтанышпен айтып отыратын. Әкем мен үшінші курс оқып жүргенде кенеттен өмірден озды. Бұл біз күтпеген жағдай еді.Әкем айтқандай жоғары оқу орнына оқуға түсіп, 1979 жылы бітіріп, өзімнің ұстанымым бойынша геология - мұнай саласына жұмысқа орналастым.

Әкемнен қалған: «адал бол, адам бол, әділ бол, өмірде тек өз күшіңе сен, жеңілдің астымен, ауырдың үстімен жүрме, жеңіл жолды іздеме, қиындықтарды жеңе біл!» деген ұстанымдарын ұстанып, болашақ өсіп келе жатқан ұл-қыздарыма, жастарға мен де әкем сияқты еліміздің елеулі, халықтың қалаулы азаматы ретінде іс-әрекеттерімен, еңбегімен үлгі болып келемін. Әкемнің өмірлік жасаған еңбектеріне зер салып, барлық мақсатыма өз күшіммен жетудемін.

Ақтөбе облысында «Жаңа жол», «Кеңкияқ» мұнай-кен шығару орнында жұмыс істеп жүргенімде әкемнің көзі көрген ақсақалдар мен үлкен кісілер Назаров Қонақбайдың баласы екенін естігенде, олар әкем туралы мақтан тұтатын көп әңгімелер айтып, қолдап, демеу болатын. Олардың айтқан сөздері мен әңгімелері менің бойыма ой түртіп, әкем туралы көптеген ақпараттар жинадым. Ол ақпараттардың негізі сол әкемнің туған ауылынан бастау алып, кейінгі қызмет еткен жерлерінде елдің ауызында жүрген, аңызға айналған естеліктері. Педучилищеде білім алып ауыл балаларын оқытқан. Одан кейін Әскер қатарына шақырылып, борышын өтеген. Білімін жетілдіру мақсатында Түрікменстанда жүргенінде парсы, түрік тілдеріндегі әдебиеттерді көптеп оқыған. Ал Ташкентте болған кездерінде өзбекшені судай сөйлепті.Соғыс басталғанда Алматыға келіп, әскери дайындық жұмысымен тікелей айналысқанын мұрағат құжаттары дәлелдеп отыр. Әр күндегі атқарған жұмыстары мен ротаның барлық құжаттары сақталған материалдарды көргенде осының бәрін қалай жазып жүрген деп таң қалмастаудан басқа айтарымыз болмады. Поезбен туған жері Ақтөбені басып өтіп, Мәскеуге келіп қайнаған соғыстың ортасынан бір-ақ шыққан. Қырық жыл қырғын болса да ажалды өледі дегендей, әкем бірнеше рет жеңіл, ауыр жараланып, өлім аузынан қайтқаны туралы өз ауызынан естімей, Подольсктегі мұражайдағы шаң басқан архивтерден таптық. Осынша сырын ішіне сақтаған асыл әкемнің біз білмеген қаншама құпиялары өзімен бірге кетті ау шіркін. Ал Жоғары партия мектебінде қол үзбей екі жыл оқығаны кейін ел басқарудағы жұмысын жақсарта түсті. Ол тек әскери қолбасшы ғана емес, бейбіт өмірдің саяси жетекшісі бола білді. Ел экономикасының көтерілуіне аянбай еңбек сіңірді. Сол кезде осындай боламыз, әкеміз туралы кітап жазып, кино түсіреміз деп кім ойлаған. Бәрі тез өткінші екенін адам тірі жүргенде қайдан білсін. Қолда бар алтынның қадірін білмеппіз-ау. Енді әкем жүріп өткен ізінің өшпеген жерлерін тауып, естелік етіп жазып отырмын. Қаншама жаз өтіп, күз келді, қыс болып көктем шықты, тоқтаусы өткен өмір деген осы. Қайда барсам да әкемнің жақсылығы алдымнан өсиет болып, ерлігі өнеге болғаны үшін мақтанамын. Сол қуанышымды, құрметті оқырман, бірінші сізбен бөліссем деймін. Екінші артымнан ерген тұяғым балам Теміржанға жеткіссем деген ниеттемін.

Майра екеуіміз қыздарымыз Жанармен, Әйгерімді, ұлымыз Теміржанды еңбекқор, шыншыл, үлкен жүректі, дархан мінезді етіп тәрбиелеуге бар күшімізді салдық және салып келеміз. Балалар тәрбиесінде ата жолын сақтауда өзі де салихалы, салауатты әке-ананың үлкені болып өскен Майраның еңбегінің көп екенін айтпай кетуіме болмас. Ел салты бойынша біздің қазақ зайыбын көп мақтамайды. Бірақ «жақсының жақсылығын айт, нұры тассын» деген мақал маған ол туралы жаз деп тұрғандай.

Педагогикалық институты қызыл дипломмен бітірген Майра балаларымен бірге мектепті қайта оқыды, Жанар мен Әйгерім Англияда оқығанда олармен бірге ағылшын тілін біршама меңгеріп, балаларына барып тұрды, яғни университетті қатар оқығандай.

Теміржанның қазақ, орыс, ағылшын тілдерін жетік меңгеруінде анасының үлесі мол. Оның сабағын күнде тексереді. Өз басым жұмыстан бос уақытта балаларыммен бірге болып, бірге қыдырамын. Үйде әкенің орны бөлек екенің түсінемін, сондықтан да балаларға қатал талап қойып, әрбір тапсырманы нақтылы уақытында орындауын талап етемін.

Туғаннан ба, тұтынғаннан ба дегендей ата тәрбиесін арқау еткен балаларымыз өмірден өз орындарын табуда, Жанар да, Әйгерім де батыстан білім алып, шығыс тәрбиесімен өсуде. Шетел компанияларында қызмет жасайды. Қазір өз алдарында үй болған. Біздерге үш немере сыйлады. Күйеу балаларымыз Досболат, Алмас заман талабына сай қызмет жасауда. Құда-құдағайымыз Иманалы – Мәкең, Омархан – Раиса - елге қадірлі азамат-азаматшылар. Әкеміз Қонақбай мен шешеміз Шолпанның мәпелеп өсірген төрт қызы мен үш ұлы өз алдарына түтін тұтатып, қызметтерін жасап, немере сүйіп отыр. Барлығымыз жиналғанда балаларымызға әке-анамыздың үлгілері туралы әңгіме қозғап, олардың сол жолымен тәрбеленуін қалайтынымызды айтамыз.

Әрине есейген, заманға сай білім алған, жанаша өмір сүріп жүрген балалардың ата-әжеміздің өмір сүрген уақыты, ортасы басқа ғой деп ойлауы мүмкін деп, оларға «Ескіні еске алмай, жаңа жарыққа шықпайды» деген мақалды естеріне саламыз. Ата-ананы сыйлау әрбір адамның борышы екенін айтып, бір ғұламаның «Аллатағала адамға екі тізе бергенде, біреуін ананың алдына, біреуін әке алдына ғана бүгу үшін берген екен» деген сөздерін ескертеміз.

Осы кісілердің, оның ішінде әкемнің өмірін ұрпағы үлгі етсін деген мақсатта әкемнің өмірі жайлы тарихи шындыққа, мұрағат құжаттарына негізделген «Мұнар» деген фильм дайындаудамыз.

Фильмде атасынан кейінгі басты тұлға шаңырақ жалғастырушы немересі Теміржан. Әкемнің жас кезіндегі ролін суретімен салыстырғанда көшірмесі сияқты немересі ойнайды. Мың айтқанын бір көрген жақсы деп, ол фильмді көпшілік қауым көрер, өз ойларын айтар. Әке туралы әрбір ісін өнеге етіп, әрбір сөзін тұмар етіп, көп жазуға болады.

Мен әкеммен мақтансам, балам Теміржан менімен солай мақтанып маңдайы жарқырап жүрсе екен деймін. Ұлым осы ақпараттармен таныса отыра әкеме арналып шығарылған кітапты оқып, киноны көріп, ол кісінің бойындағы қасиеттерін өзінің бойына сіңіру арқылыер жетіп, әділ, адал, ұстамды, шымыр, беделді азамат болсын деймін.

Әкеміздің туғанына жүз жыл толуына орай үлкен той арнап, мұсылманша құран бағыштап ел болып атап өтсек дейміз. Табиғатынан қайсар, өмірдің сындарына шыңдалып өскен, барлық ұрпақтарын жетілдіріп кеткен асыл жанның өмірі өзгелерге үлгі болсын деймін. Асыл ойлы Әкеміздің ғасыр тойы құтты болсын!


Каталог: wp-content -> uploads -> 2013
2013 -> Ф 7 –007-02 Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі
2013 -> Мазмұны Кіріспе–––––––––––––––––––––––– 3-9
2013 -> Мазмұны Кіріспе Тарау -I. Кеңестік шығармашылық интеллигенциясы калыптасуының бастапқы кезеңІ
2013 -> Әл Фараби дүние жүзілік мәдениет пен білімнің Аристотельден кейінгі екінші ұстазы атанған. Ол данышпан философ, энциклопедист ғалым, әдебиетші ақын, математик. Әл Фараби 870 ж
2013 -> Өмірбаяны ІІ негізгі бөлім
2013 -> Ф 15-07 Қазақстан Республикасының білім ЖӘне ғылым министрлігі
2013 -> Кіріспе. Жұмыстың жалпы сипаттамасы. Дипломдық жұмысының өзектілігі
2013 -> 1. 2 "Айқап" журналы және "Қазақстан


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет