Ақтөбе қаласы.
Мақсот САЛИХОВ,
еңбек ардагері, зейнеткер
ЖАҚСЫ ҚҰДА ТУЫСТАН АРТЫҚ
Кім-кімді де білуің үшін онымен сыйласып, араласудың маңызы зор. Біздің отбасымыздың Назаровтар әулетімен құдандалығы бар. Әрине, жегжаттар арасында алыс-беріс, өзара шақырыспа дегендер болары анық. Сондайда көңілге түйгенім – марқұм Қонақбай құда тек өз мүддесін емес, ағайын-туыстың, жегжаттың қамын ойлаған, ұлтын жанындай сүйген қалпында өмірден өтті. Өмірбаянының өзі күрделі кезеңдермен көмкерілген, елдің басына төнген қандай қиын шақтардан тысқары қалмапты. Соғыс майданында, бейбіт еңбектің барлық сатыларында адалдығымен, принциптілігімен құрметке бөленді. Адамдарды алаламай бауырына тартып сөйлесетін. Бұл қасиеті партия органдарындағы жауапты қызметтерде септігін тигізді. Қонекеңмен дидарласып, әңгімелескенде ойымызды іркілмей ақтарып, жеңілдеп қалатынбыз.
Құдағиымыз Шолпан да отағасыға лайық жан еді. Осынау ғажайып шаңырақтағы сыйластық қазір балаларына, немерелеріне ауысты. Сүйінішті көріністер сипатын жоғалтпай ұрпақтан ұрпаққа жалғаса берсін деген тілек айтамыз.
Ақтөбе қаласы.
Дәметкен ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ АЛДИЯРКЕЛІНІ,
көп балалы ана, Кеңес саудасының үздігі, зейнеткер
МАҚТАУҒА ЛАЙЫҚ ЖАНДАР
Әр отбасының шаңырақ көтеруіне себепші жайлар болады. Үлкен қызымыз Майра Қонақбай ағаның баласы Болатпен Ақтөбе мемлекеттік педагогика институтында оқып жүргенде танысқан екен. Содан өзара сөз байласып, диплом алған соң қызметке орналасады. Болат – мұнай-газ институтында ғылыми қызметкер, Майра – Ақтөбе мәдени-ағарту училищесінде оқытушы.
Қазақтың әдемі дәстүрімен үйімізге жігіт аулы жағынан құдалар келіп, жол-жоралғысын жасады. Болаттың әкесі Қонақбай Назаров бірнеше жыл бұрын қайтыс болған. Облыста, бірнеше ауданда жауапты қызметтер атқарып, елдің сыйлы азаматы атанғанын естіп жүретінбіз. 1981 жылы екі баланың үйлену тойын жасағаннан кейін құдаларымыз көп ұзатпай бізді шәй-су ішуге шақырмай ма?! Кіріп барған бойда төргі бөлменің қабырғасында ілулі тұрған қожайынның суретіне көзім түсті. Мен:
-Бұл ағайды бұрыннан танимын ғой, - дедім.
Мәнісі былай еді. Отағасым Шындәулет Алдияров Гурьев (қазіргі Атырау – Д.Т.) облысының Маңғыстау, Ақтөбе облысының Қобда, Ленин (қазіргі Қарғалы – Д.Т.) аудандарында прокурор болып қызмет атқарды. Әрине, отбасымызбен көшіп барып, қоныстанамыз. Мен барған жерімізде аудандық тұтынушылар қоғамында бас тауаржүргізушімін әрі біріктірілген кәсіподақ комитетіне төрайым болдым.
1975 жылы отағасым Ақтөбе облысы прокурорының орынбасары болып тағайындалды да облыс орталығына көшіп келдік. Мен қалалық сауда мекемесінің шаруашылық есептегі №6 бөлімшесінде (оған «Балалар әлемі» дүкені және басқа бірнеше дүкендер қарайтын) тауар жүргізуші болып орналастым, бастауыш партия ұйымының хатшылығына сайландым. Партия ұйымының есебінде екі зейнеткер бар. Бұдан бұрын лауазымды орынтақтарда болып, тәртіпке әбден шыңдалған. Жиналыстарға уақытында келіп қатысады, әңгімеге орынсыз араласпайды. Екеудің бірі – болашақта құда болған ауылдың иесі Қонақбай ағай. Өзін мәдениетті ұстайды, мінез-қылығы сүйкімді. Сөйлеген сөзінен бай тәжірибе жинақтағаны, халықпен тікелей қызмет істеп, ысылғаны көрініп тұрады. Алдымызда не тұрғанын білмейміз ғой, сыпайы амандасумен шектелдік.
Кейін алыс-беріс басталып, шақырыспалар жасалған соң құдамыздың Шектінің Тілеу руынан, оның ішінде Дәулей аталығынан, құдағиымыз Шолпанның Қабақ руынан, оның Таласбай аталығынан екенін білдік. Мен де Шекті Тілеудің Әлдебердісінен тарайтын Құлтуманың қызымын, әйгілі Таразы ақынның сіңлісімін. Содан көңіліміз жарасып, Шолпан құдағиға «Сен – менің жеңгемсің» деп, әзіл айтатынды шығардым. Ол кісі дүниеден озғанша 27 жыл бойына «ища» деспей тату-тәтті өмір сүрдік. Қонақтыққа бірге барамыз, жаз айларында курорт-санаторийлерге демалуға да бірге барып жүрдік. Сонда қасымыздағылар: «Сіздер апалы-сіңілі сияқтысыздар, тіпті жақсы жеңге мен жақсы қайынсіңліні көргендей боламыз» дейтін. Менің қасымда отағасым бар, ал Шолпан жеңгей жалғыз. Шәкең де «құдағай» демей «Шөке» дейді, марқұм бізді інісіндей-сіңлісіндей көрді.
1982 жылы ортақ немереміз Жанар дүниеге келді. «Шөке, сіз балаға менен гөрі көп қарайсыз, суға түсіресіз» дейтінмін.
-Ертең қызымыз бойжетіп, тұрмысқа шыққанда артынан бірге барамыз, - деп қоямын.
Сонда жарықтық:
-Менен гөрі жастаусың ғой, сен барасың. Қызығын алдымен әке-шешесі көрсін, - деп отыратын.
Періште аузына салып, қабыл болған шығар, біз Жанардан Қайсар есімді шөбере көріп отырмыз. Болат пен Майраның Теміржан атты ұлы биыл 16-ға толды, қазіргі күнде қолымызда бізді бағып отырған кенжеміз Мәліктің Әділжан деген ұлы бар. Кішкентай кезінде екеуінің бірге түскен суреті бар, бірінен бірі айнымайды. Суреттің сыртына атасы былай деп жазған:
Теміржан мен Әділжан – қос немерем, құлыным,
Баласы бір қызымның, екіншісі ұлымның.
Айырмашылығы жоқ мен үшін,
Нағыз менің шындығым.
Өз қызының баласын бөлек санап,
Жиен деп бұрып айтқан бұрынғым.
Суретіне қарасам егіз қозы секілді,
Бірдей қылып өсірген бастарында шаштарын.
Егіз туған қозы да кетеді кейде ұқсамай
Немерелерім айнымайды ол суретте беттері.
Шолпан құдағи Жанардың Лондон қаласында оқып, университет бітіргенін, қызметке орналасқанын көрді. Текті әулеттен шыққанын жүріс-тұрысымен, әдемі қылуасымен көрсетіп, бізді қуантып қояды. Алғашқы жалақысын алғаннан кейін Әжесіне, біздерге тартымды сыйлықтар әкеліп, ұсынды.
Айта кетер жай – отағасым Шәкеңнің заң органдарында қызмет атқарғанына 55 жыл болды. Зейнет демалысына шыққаннан кейін де қарап отырмай қорғаушы болып жүр. Өмірлік бай тәжірибесін орынды пайдалана біледі. Сөзге шешен, табан астында суырып салып, өлеңмен бата береді. Өзіміздің сыйлы болғанымыз ғой, Ырғыз, Әйтеке би аудандарындағы ағайын-туыстармен араласып отырамыз. Қонақбай ағай кезінде бұл өңірлерде басшы қызметтерде болған, көнекөз қариялардан ағамыздың көшелілігі, кішіпейілділігі туралы әңгімені көп естиміз. Халыққа қамқорлығы көп болған, әділдікті сүйген. Төлебай ағайдың үйіндегі жаны жаннатта болғыр Расбек анамыз кездескен жерде «Қайнағамыздың біздерге жасаған жақсылығы өте көп» деп айтумен болды. «Біз үйленгенімізде қазақы дәстүрмен бірінші төсегімізді Шөкең шешейіміз салып беріп еді, содан үбірлі-шүбірлі болдық, тату тірлік кештік» деп те қояды. Әрине, мұндай әңгіме шынайы сүйіспеншіліктен туындайды. Ақкемер ауылының үлкендері де Қонекеңнің отбасының қонақжайлылығын, үйіне келген адамды жатырқамай төрін ұсынатынын жыр қылып отырады. Сол баталардың дарығаны – ерлі-зайыптылар соңындағы сегіз бала сегіз ауыл болды, немере-шөберелердің өздері – бір қауым ел.
Қазір Жалғаспен-Розамен ағалы-інілі, апалы-сіңлілі сияқты болып кеттік. Ұлдың кенжесі Талғат үйімізге келе қалса «Шаңырақтағы құда» деп төрден орын береміз. Болат пен Майрамыздың үш немересі бар, ата-әже деген мәртебелі санатқа ие.
Иә, Қонекең туралы қанша әңгіме айтсақ та сияды. Қай жерде қандай қызмет атқарсын, Алғыс хаттарға, грамоталарға ие болған, орден-медальдармен марапатталған. «Жақсы адам көзден кетсе де көңілден кетпейді» деген ұғымның ақиқаттығын түсініп отырмыз. Жақсының жақсылығын айтып, иманын тасытар әңгіме ол адамды көрмесең де көңілге көргендей із қалдырады екен. Біз де осындай күйде болдық. Аудандардың басшылығында жүріп, қарапайым болуы – кемеліне келіп тұрып, кемерінен аспағаны. «Құда-құдағиымыз өнегелі жандар болған екен» деп, масаттанып қаламыз. Майрамызға Шолпан құдағи бақилық болар алдында ақ батасын беріп, маңдайынан сүйді. Бұл көрініс ұмытылар ма?!
Шүкір, балалары Әке атағын жерге түсірген жоқ. Соңғы тұрған қонысы Ақкемерде көшеге асфальт төселуі, мектептің жылу жүйесінің жаңартылуы, Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне обелиск орнатылуы – ата-ана берген тәрбиенің жемісі. Барлық жерде осындай игі дәстүрлер қанат жайса ел мәртебесі биіктей түсері сөзсіз.
Аллатағала алдарыңнан жарылқап, иманың жолдасың болсын, қараңғы түндерің жарық болсын! Ұрпағыңды желеп-жебеп жатқайсыңдар!
Ақтөбе қаласы.
Мұрат Абдушевич АЛМАҒАМБЕТОВ
еңбек ардагері, зейнеткер
ҰРПАҚҚА ҮЛГІ БОЛҒАН
Ата-бабамыз ежелден адамдардың бірін бірін құрметтеуін, жақсылығы болса асырып, жамандығын жасыра сөйлеуін өсиет еткен. Ғибратты көріністерден үлгі ала жүру қандай ғанибет! Бұл – тәуелсіз мемлекетіміздің баяндылығы үшін де керек құбылыс. Кейде тұстастарымыздың жамандығын қазбалап, әңгіме қылып жатамыз, сөйтіп сыйластық жібін үзуге дейін барамыз.
Құдам Қонақбай Назаровты 1972 жылдан бастап жақсы білдім. Қабілет-қарымы мол, ақыл-ойы терең азамат еді. Ісіне адал қарайтын, жауапкершілікті жадынан шығарған емес. Ерекше қасиеті ағайын-туыстың араласып, қатысқанын жақсы көрді. Үлкен қызметтерде жүрген шағында айналасындағыларға қамқорлық жасаудан танған жоқ. Осындай жомарт жүректі адаммен жегжат болғанымды мақтаныш тұтамын.
Қонекең келместің кемесіне мінгелі қаншама уақыт болды. Сонда да жарқын бейнесі, ұлағатты әңгімелері санамызда сайрап тұр.
-Өлді деуге бола ма, ойлаңдаршы,
Өлмейтұғын артына сөз қалдырған, -
деген ұлы Абай сөзі осындай жандарға арнап айтылған сияқты.
Ақкемер селосы.
Мұғалжар ауданы.
Гүләйім МОЛЫБАЕВА,
еңбек ардагері, зейнеткер
ТӘҢІР ХАҚЫН ҰҒЫНҒАН КӨРШІЛЕР
Шынымды айтайын, мен Қонақбай ағай мен Шолпан апай жайында бала кезімде сырттай естігенім болмаса өзім жүздескен емеспін. Былайғы жұрт біздің атамекеніміз – Ырғызда соғыстан кейінгі жылдарда басшылық жасаған адамдардың ішінде алдымен Социалистік Еңбек Ері Нұрқасым Бердіқұловтың, сосын Қонақбай Назаровтың кісілігін көп айтар еді. Қазақуар, ел жағдайымен санасып, мүмкіндігінше қол ұшын беруге даяр адамдар екен, күрмеуі көп мәселелерге келгенде түйінін шешуге қабілеттілігімен бедел алыпты. Отағасым Қайырхан екеуміз 1959 жылы шаңырақ көтерген соң жаңа қонысымда ерлі-зайыпты аға-апаларым Қонақбай мен Шолпанның адамгершілік келбеті, жақсы істері туралы тұшымды әңгімелер естідім. Себебі біздің үй мен Назаровтың шаңырағы араcында бөгде ешкім жоқ, көрші болыпты. Атам Дуанбек – қара жұмыстың адамы, әңгімеге шорқақ. Ал енем Ұрқия сырт адамға қатаңдау болып корінгенімен кісі көңілін тапқыш, шапшаң қимылдайтын, сөйлеп тұрған, өзгеден жақсылығын аямайтын кісі еді. Жаңа түскен келін – мені бауырына тартып, бар білгенін үйретті, ағынан жарылып әңгімесін айтатын. Қонақбай ағай «азамат» деген бағаға лайықты, менмендігі жоқ, кішіпейіл кісі болған. Бір қасиеті –өз айтқанын болдыруға тырысқан, қасындағы қосағы Шолпан апамыз өте сабырлы, ақжарқын, қолындағы барын маңайындағыларға бөліп беруге даяр көрінеді. Қожайынның мейірімділігіне мысал – ата-енемнің өтінішімен орта мектепті енді ғана бітірген баласы Қайырханның өзі оқыған мектебінде аға пионер вожатыйы болып жұмыс істеуіне ықпал етіпті. Іргелес отырған екі үйдің қожайындары бірін бірі шақырыспадан қалдырмайды. Шолпан апай «лауазымды адамның әйелімін» демей енемді оңаша шайға шақырып, екеуара сырласып жүріпті. Қонақүй, мейрамхана дегендерің жоқ кезең, ауданға сырт өңірлерден қонақ келе қалса көрші ағамыз ретін келтіріп, үйінен дәм татыратын көрінеді. Сонда сыбай-салтаң жүрген отағасым әңгіме айтқызбастан малын сойып берсе, енем ішек-қарнын аршып, дастарқан құралдарын жасаудың басы-қасында жүреді екен. Мұндай пейілді Шолпан апай дер кезінде ескеріп, үйімізге сыбаға беріп жібереді. Қонақбай ағай атама шашын ұстарамен қырғызып алдыруды дағдыға айналдырыпты. Әрине, ұзын бірнеше көшесі бар шағын, қазақы мекен – Ырғызда мұндай қарым-қатынасты көре алмай пыш-пыш әңгіме айтушылар да болады ғой. Ата-енем, отағасым ондай қызғанышқа елең етпестен көп сырды ішіне сақтай біліпті. Көршінің аузы берік болғаны басшы адамға да тиімді емес пе?! Жақсы көргенінің белгісі – Шолпан апай Ырғызда дүниеге келген перзенті Болатқа енемді көрсетіп, құлағына «Мынау да – сенің апаң» деп, сыбырлайды екен. Осындай тамаша, жүрегі жұмсақ адамдар турасында әңгіме қозғағанда «Көрші ақы – Тәңір хақы» деген ғибратты пікір тіл ұшына келеді. Елге төрелік жүргізген, көргені көп адамдармен көрші етіп, әулетіміздің өрісін кеңейтуге ықпал жасаған Жаратқан Жаббар Иеме марқұм ата-енемнің, отағасымның атынан рахмет айтып, Қонақбай ағай мен Шолпан апайдың рухына дұға бағыштаймын! Жаны жайсаң адамдар батасының қабыл болғаны ғой – Қайырхан екеумізге Алла берген алты баланың бесеуін (бір бала ертерек бақиға жөнелді – Г.М.) үйлендіріп, немереден шөбере сүйіп отырмын. Бәріміздің ата қонысымыз - Ырғыз ауданында үзіліссіз алтыншы жыл әкім болып келе жатқан балам Мейірхан мен келінім Миуаның қолындамын. Ештеңеден алаңым жоқ. Тәңірім, елімді аман, аспанымды ашық қыла көр!
Ырғыз селосы.
Жомарт БЕКЖАНОВ,
еңбек ардагері, зейнеткер
АҒАНЫҢ ҚАМҚОР АЛАҚАНЫ
Әр қоғамның өзіндік бағыт-бағдары, ерекшеліктері бар. Тек оны жан-жақты срапқа салып, пайдалы тұстарын келешекке жаратқан жөн сияқты. Соның бірі – жоғары немесе арнаулы оқу орнын бітірген адамға дипломмен бірге жұмыс орнына жолдаманың берілуі еді, яғни сол тәртіпті орындаған маман үшін ешқандай алаң жоқ. Әрине, жеке немесе отбасы жағдайлары кедергі болатынын да ескеру керек.
Мен 1962 жылы Ақтөбе кооператив колледжінің бухгалтерлік бөлімін бітіргенімде қолыма берілген жолдамада Қарағанды облыстық тұтынушылар одағының қарауында жұмыс істеуім жазылыпты. Оның үстіне «Дипломыңды сол барған жағыңнан аласың» деді де, жол шығынына отыз сом берді. Отбасымда анамның ауыратынын, ұзақ жол жүруге денсаулығым көтермейтінін (аяғымды ақсап басатынман – Ж.Б.) айтып, өзімнің облысымда жұмыс істеу ретімен облыстық тұтынушылар одағының төрағасына арыз жаздым. Бұл жақтан шешілмеген республикалық тұтынушылар қоғамдары одағына шағымдандым.
Жолын білетін ағалар сілтеуімен облыстық кеңес атқару комитеті төрағасының жеке қабылдауында болдым. Бұйырған да, сұраған да емес, «Отбасы жағдайым мен денсаулық ретімді ескерсеңдер» деп, көңіл жықпас сөзбен жазылған хатым шешімін таппады.
Сөйтіп жүріп техникумның тауар жүргізушілер даярлайтын бөліміне құжат тапсырып, оқуымды жалғастыруым керек деген шешімге келдім. Шалқар ауданындағы ауылыма барсам, «Сенделуіңе қарағанда оқуын келістіре алмаған ғой деулері мүмкін» дедім де екі айдай уақытымды Ақтөбе қаласында тұратын ағам Сағынай Қорғамбаевтың үйінде жатып өткіздім.
Марқұм ағам да, жеңешем де – ақкөңіл, қонақжай адамдар. Үйге жан-жақтан келім-кетмді адамдар көп. Бірде жас тоқтатқан екі азамат келіп қонды. Облыстық партия комитетінің кезекті пленумынан шыққан екен. Үй иесімен әңгімелерінде пленумның шешімдері, жарыссөзде сөйлегендер көтерген мәселелер, ауылдардың әлеуметтік жағдайы, кадр мәселесі турасында ой қозғайды. Арасында Шалқар ауданының маған таныс ауылдары, Ұлықұм, Кішіқұм, Аяққұм, Маяқұм ауызға ілігіп қалады. Арғы-бергі аталарымыздың есімдерін естіп қаламын. Дастарқан шетінде отырып, ұйықтамай тыңдаймын. Темекілері таусылғанда мені жұмсайды, әкеліп бере қоямын. Шалқардың бұйрат-бұйрат құмдарында туып-өскенін, Сағынай ағама туыстық жақындығы бар екенін сеземін. Орталарында еркін сөйлеп, ойларын мақұлдатып отырған аға бір кезде қожайыннан:
-Мына бала кім? – деп сұрады.
Сәкең: «Сейіт ағаның баласы» деді де, оқу бітіргенімді, мамандық бойынша жұмыстың реті болмай тұрғанын айтты.
-Мен Қонақбай деген ағаң боламын, бірнеше жыл бұрын Ырғыздан Шалқарға өтіп бара жатып, ауылдағы ағайынның амандығын білуге Жылтырға соққанмын. Ауылда басшылары болмай Сейіт ағаның үйіне кіріп сәлемдестім. Жеңгеміздің шәй қамдайын деген ниетіне асығыс екенімді айтып, ағарған қосылған бидай көжеден екі «колхоз» кесесін ішкен едім. «Сәкеңе сәлем айт, шәй ішіп кетті дерсің, болмаса аға ренжіп қалар» дегенмін. Сенің кездескенің жақсы болды, мәселең ертең шешіледі, Ғафис Қижанов деген – жақсы досым, менің сөзімді жерге тастамайды. Алаңдама, інім, демала бер, - деді әлгі қонақ.
Ішім бірден қабылдамады, сенімнен күдік басым. Бірақ, ертеңіне шәйді ішіп болған соң маған «Інім, жүр» деді.
Облыстық тұтынушылар одағы басқармасының әкімшілік кеңсесіне елдік. Қонақбай ағам мені төрағаның қабылдау бөлмесінде қалдырды да өзі төраға кабинетіне кіріп кетті. Ұзақ отырдым, шығатын емес. Бөлмеде бастыққа кірушілер қатары көбейіп барады. Әр тұстан күңкіл әңгімелер шығып жатыр. Біреуі шамданып: «Кіріп кеткен қай құдай?» десе, екіншісі: «Шәй-суы таусылған біреу де» дейді. Хатшы қыз болса:
-Өзім де түсінбедім. Әкесінің үйіне келгендей аты-жөнін айтпастан рұқсатсыз кіріп кетті, - дейді.
Әйтеуір бір уақытта ағамыз шығып, маған тағы да «Жүр» деді. Төменгі қабатқа түскен соң:
-Енді сені облпотребсоюз да, Казпотребсоюзда іздемейді. Қазір кешікпей облыстық ауыл шаруашылығы стансасына барасың. Сонда сені рабкооптың председателі күтіп отырады, «Бухгалтер паевого стола» деген қызметке алады. Бәрі келісілді. Жолын білетін бе едің, қалқам, - деп шығарып салды.
Нұсқаған жеріне келсем, айтқанындай жұмысшылар кооперациясының төрағасы күтіп отыр екен.Әртүрлі мағынада сұрақтарын қойып:
-Құжаттарыңды толтыр. Счетовод-кассир деген қызметке аламыз. Ол үшін материалдық-қаржылық жауапкершілікті сезіну шартына отырамыз. Мені ертеден бері қанша жолымнан қалдырдың? – деп, ренішін жұқалап білдірді де аға есепшіге тапсырма беріп, шығып кетті.
«Счетовод-кассирі несі, оның үстіне «шартқа отырасың» дейді. Қорқынышты екен. Рахметімді айтып, кете берсем қайтеді?» деген суық ой санамда сумаң ете қалды. Бір жағынан есіме екі айдай бос жүргенім, жан-жаққа жазған арыз-шағымдарымның іске аспағаны оралды. «Қонақбай ағаның бір сағат отырып, елді қамап қойып, тауып берген қызметінен бас тартқаным қалай? Кездесе қойса ағаға не деймін? Бұдан арғы жағдайды өзі бақылауына алатынын айтты ғой» дедім де, тәуекелге бел буып, келісімді бердім.
Осылайша Қонекеңнің қамқорлығымен жұмысқа тырнақ іліктіргеннен кейін алты ай өткен соң аға есепшілікке жоғарыладым. Әртүрлі салада 25 жыл бас есепші болдым, 15 жыл Қаржы министрлігінің бас бақылаушысы қызметін атқардым. Мұның бәрі – әруағыңнан айналайын Қонақбай ағамның арқасы. Өмір жолымның дұрыс қалыптасуыма негіз қалап берген азамат пейілін қалай ұмытармын?!
Өзі өмірден өтіп кетсе де үнемі еске алып жүремін. Жеке іс қағаздарымды толтырарда, өмірбаяныма еңбек жолымды 1962 жылы облыстық тәжірибе стансасының жұмысшылар кооперациясынан бастағанымды жазарда періште нұры шалқығыр ағамның Қижановқа: «Ініме жұмыстың орайын келтірмей кабинетіңнен шықпаймын» деп айтқаны көз алдыма елестейді. Кейін кездескен сайын Сағынай ағамнан:
-Сейіттің баласының жұмысы қалай? – деп сұрайды екен.
-Жас бала ғой, шалағайлық жасамасын, сауда жұмысы мұқияттылықты, дәлдікті талап етеді. Айтарсың, - депті.
«Айқасып қоярда-қоймай жұмысқа орналастырдым, сонымен шаруа бітті» демей сұрастырып жүргені – азаматтың бауырмалдығына, қамқорлығына, өзі бастаған істі соңына жеткізбей тынбайтындығына дәлел. Елдегі ағайын-туысқа «Қонақбай ағам жұмысқа тұрғызды» деп, хабарлағанымда жарықтық әкем: «азамат ерғой» десе, ағам Қанаш: «Қонақбай – нар ғой» деп бағалапты.
«Ақтөбе» энциклопедиясы жарық көрген соң туыс ағалар мен азаматтардың аттарын іздедім. Ұлы Отан соғысының ардагері, Қарабұтақ, Ойыл, Ырғыз аудандық партия комитетінде екінші хатшы, бірінші хатшы қызметін атқарған, артына жылы сөздер қалдырған, екінші дәрежелі Ұлы Отан соғысы, Еңбек Қызыл Ту, «Құрмет белгісі» ордендерімен, 10 жауынгерлік және еңбек майданының медальдарымен марапатталған, запастағы полковник Қонақбай аға өкінішке орай кітапқа енбей қалғанда, ішімнің удай ашығаны рас.
Оның есесіне Төлебай Құрманалин ағаның «Өмір өткелдері» естелігінде Қонақбай аға туралы «Рухымыз ұқсас еді» деген бөлім беріліп, өткен өмір жолы туралы қысқа болса да нұсқалы түрде жазылған, ағамызға тиесілі баға берілген, оған көпшілік азсынбаса көпсінбейді.
Тағы да Қонақбай ағаны есіме түсірген ағаның баласы Талғатпен жұмыс бабында кездесіп, танысқаным бар. Тумалығымызды, Қонақбай ағаның маған жасаған жақсылығын айтқанмын. Кейіннен атаның ұрпақтарының тізімін жинау мақсатында облыс аудандарын, Жаманқала қаласын аралайтынымды айтқында жол шығыныңа деп сөзге келмей қалтасынан қаржысын суырып бергенде, «Ата көрген оқ жонар» деген аталы сөздің тегін емес екенін, «Тағы да соғарсың» дегені әке жолын қуғанын көрсетсе керек.
Үлкендер қашан да үлкендігін көрсетіп, кейінгіге жол көрсететін әдет- ғұрып бар. Бірде Бәтима жеңешем (Қорғамбаев Сағынайдың әйелі): «өзің білесің, кейінгі кезде ағаң жоқ болса да, жеңгелерің мен апаларыңмен «компанияласпын»,солардың басын қосып шәй бермекшімін, соған келін екеуің тез жет, біріншіден қвзмет жасаайсыңдар, екіншіден көрмеген апа-жеңгелерің бар танысасың» деді. Келсек, оннан аса апа жеңге, уақытында атқамінген азаматтардың қосақтары, арасында Алтын Сазанбаева, Жәмила Қалпенова, Қоңыр Өскенбаева апайлар, Сақып Садықова, Шолпан Назарова тағы басқалары бар. Міне осы отырыста Шолпан жеңгеммен танысып, шалының маған көрсеткен жақсылығын айттым. Жеңешем: «Ағаң кімге қамқоршы болмады, жақсы сөздер өмірден өтсе де, айтылғаны көңілді көтерді, жанға жалау болады екен» деді.
Жас келіп, зейнеткерліктің нанын жеп отырған уақыттарда төселген жазушы – журналист болмасаң да, қарап отырмай жақсылығын отбасың мен өзің көрген аға-азаматтар туралы жазсам ба деп өз жоспарымды жасап, 5-6 азаматтың аты-жөнін тізімдеп қойғанмын, оның екі-үшеуі Шалқардың «Шежірелі өлке» газетінде жарық көрді. Әрине тізімде Қонақбай ағамның да аты бар еді. «Ақтөбе» газетінде «Естелік кітап шығарсақ дейміз» деген Қонақбай балалары Жалғас, Елнұр бауырларымның мақаласын көргенде, «тілегенге – сұраған» дегендей, қолыма ыждағаттап қалам алуға тура келді. Асқар таудай ағамыз жүз жасқа тола алдында, күні бұрын қамданып, әкенің көзін көрген, дәмдес, жұмыстас болғандардың есіне салып, сапалы кітап шығаруды ұйғарғандарын құптай отырып, қысқа болса да шын көңілмен ойларымды хатқа түсірдім.
Хромтау қаласы.
Бибізада КӨЗДІБАЕВА,
Қазақ телевидениесіне еңбегі сіңген
журналист, еңбек ардагері
ҮЛКЕН ЖҮРЕКТІ АЗАМАТ
Өмір дегенің бір күндік сәуле сияқты. Пәниден бақиға біреу ерте, біреу кеш өтіп жатыр. Сонау жылдары Отан қорғаған, ел басқарған, халық қадірлеген нарқасқа азаматтар, асыл апа-ағалар өмірден озды. Бірақ, олардың ерлік еңбектері, жарқын бейне-келбеттері, алып тұлғасы көпшілік есінде мәңгі сақталады. Солардың бірі – Ұлы Отан соғысының ардагері, бейбіт өмірдің белсенді ұйымдастырушысы, артына өшпес із қалдырған ақкөңіл аға Қонақбай Назаров.
Бүгінгі сәнді де бақытты тұрмыс, салтанатты өмір сол асыл да ақжарқын азамат-ерлеріміздің арқасында деп білемін. Біз бұған шүкіршілік етіп, бейбітшілік әкелген боздақтар рухына бас иіп, тағзым етеміз.
Ұлы Отан соғысынан аман-сау оралған Қонақбай Назаров туған елге, халыққа адал қызмет көрсетті. Партия органдарында, ауыл шаруашылығы саласында қажырлы еңбек етіп, абыройға бөленді. Шаңырақ көтеріп, жар сүйіп, ұл-қыз өсірді. Елдің қалаулысы, дос-жолдастың қадірлісі болды.
Терең білімінің, ұйымдастырушылық қабілетінің кемелдігі арқасында Ойыл, Қарабұтақ, Ырғыз аудандарында лауазымды қызметтер атқарды. Елге қамқоршы, жастарға ақылшы болып, еңбекке, турашылдыққа, шыншылдыққа баулыды. Ауыл шаруашылығының білікті де, шебер жетекшісі замандастарының тұрмысын жақсартуына жол ашты. Егіншілер мен механизаторлардың ерен еңбегін жоғары бағалап, оларды үнемі қолдап отырды.
Мен Қонақбай ағаны Темір қаласында 1961-1962 жылдары ауыл шаруашылығы саласында еңбек етіп жүргенінде көрдім. Әкем Сәрсенбай Көздібаев милиция бөлімін басқаратын еді. Екі азамат бір-бірімен сырлас, пікірлес болып, отбасылық әдемі қарым-қатынасты орнықтырды. Мен ол жылдары Алматы қаласында С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінде (қазір Әл-Фараби атында – Б.К.) оқитынмын.
Қонақбай ағай көп жылдар Октябрь ауданының Ленин атындағы және «Пролетарий» кеңшарларында партком хатшысы болып жұмыс істеді, зейнет демалысына осы қызметтен шықты. Кеңестік дәуірдің ұнамды сипаты – егін орағы және төл алу науқандары аяқталған соң облыстық слет өткізілетін. Осы жиындарға озат диқандар мен малшыларды шаруашылық басшысы мен партком хатшысы әкелетін. Біз – Ақтөбе теледидарының журналистері сол озаттарды түсіріп, арна арқылы сөйлетеміз. Өзіміз танитын басшы азаматтарды хабарға шақырып, сұхбат аламыз. Сондай сәттерде менің көзіме Қонақбай ағай оттай басылып, қасына жүгіріп баратын едім. Ол кісі ақжарқын пейілмен айналып-толғанып «қарындасым» деп қарсы алатын. Ғұмырымда жаны жайсаң, адамгершіліктің асыл келбетін биік ұстайтын, үнемі айналасына шуағын шашып жүретін үлкен жүректі азаматтармен сырлас болғанымды мақтаныш-мәртебе санаймын.
«Елдің атын ері шығарады, Ердің атын елі шығарады,» деген халық даналығы бар. Сол сияқты еңбек еткен жеріне, халқына қадірлі болған Қонақбай ағаға небәрі 65 жас бұйырған екен. Қысқа ғұмырында Шолпан жеңгеймен екеуі тату-тәтті ғұмыр кешіп, бауырынан сегіз перзент өрбітті. Ұлды ұяға, қызды қияға ұшырып, немере-шөбере сүйді, соның қызығына бөленді. «Әке көрген оқ жонар» дегендей інілеріміз Жалғас, Болат, Талғат – үлкен азаматтар, қатарларының алды. Қыздары да бір-бір шаңырақ иелері. Ұрпақ жалғастығы деген осы. Үлкен жүректі асыл ағаның жаны жаннатта болсын!
Достарыңызбен бөлісу: |