Жанғабыл Қабақбаев, Қазақстан Республикасы журналистер Одағының



бет5/8
Дата04.11.2016
өлшемі1,41 Mb.
#111
1   2   3   4   5   6   7   8

Ақтөбе қаласы.

Ақзылманат ХАБИТОВА,

еңбек ардагері, зейнеткер
КӨКІРЕГІ СЫРҒА ТОЛЫ АҒА
Ақтөбе қаласында тұратын қадірлі сіңлілерімнің бірі Елнұры Жидебаева телефонмен қоңырау шалып, өзіне тән биязы үнімен қолқа салды. Бұдан 35 жыл бұрын дүниеден озған әкесі Қонақбай ағамыз бен күні кешеге дейін өзімізбен сыйласып араласқан анасы Шолпан жеңгеміз жайында естелік кітап шығарғысы келеді, соған өзімнің көңілімде қалған жайларды қағазға түсіртуді ойлапты. Несі бар, қуана қол соғатын шаруа. «Бірақ, бірақ...» деймін іштей. Жас болса 84-ке келді. Бір адамға, әсіресе әйелге айтарлықтай ғұмыр. Жылдар өткен сайын сана көмескілене береді екен. Қатар-құрбының негізгі дені кетіп, әр жерде бірлі-жарым замандас қалды. Біздің кезімізде бейнебаянға түсіріп алу, әнгімені жазып алу болған жоқ.

Сөйтсе де бауырлар тілегін жерге тастағым келмей алыста қалған жылдарды ойға оралтуға күш салдым.

2004 жылдың қаңтарында бақилық болған отағасым Мәзжан Хабитов Ұлы Отан соғысының майдандарында ерлікпен шайқасып, елге оралған соң саналы ғұмырын ішкі істер органдарында қызмет етуге арнады. Ойыл, Ырғыз, Степной, Темір аудандарында милиция бөлімінің бастығы болды, Шалқар ауданында күзет бөлімін басқарып, подполковник шенімен отставкаға шықты. 1987 жылы облыс орталығына көшіп келіп, Тургенев көшесіндегі жаңа салынған үйден пәтер алдық. Қазір сол мекен-жайда немерем Әсетпен бірге тұрып жатырмын.

Негізгі әңгімеме оралайын. 1948 жылдың қараша айында шені аға лейтенант отағасымды Ойыл аудандық милиция бөлімінің бастығы қызметіне жіберді. Қонақбай Назаров ағамыз сонда аудандық партия комитетінің екінші хатшысы екен. Тұрақты үй бергенше отбасымыз әзір көшіп барған жоқ. Құзырлы мекемедегі басшы адам емес пе, алдын-ала партиялық құжаттарынан оқып білген болуы керек, Қонекең шалымды үйіне кешкі шәйға шақырыпты. Әңгіме барысында ру сұрасады. Отағасым Шалқар жағын мекен еткен Қабақ руының Құттыбай аталығынан екенін, ал менің яғни Ақтөбеден Ойылға әлі келмеген келіншегінің Тілеу руының Қазыбай аталығынан екенімді, оның ішінде Тәтілден тарайтынымды айтыпты. Арғы-бергі шежіреге жүйрік Қонекең: «Бір жағынан інім болдың, екінші жағынан қарындасымды алып отырған күйеубаласың» деп, қуанышын жасырмапты. Тіпті өзінің қосағы Шолпанды Қабақтың Таласбайынан тарайды деп, одан да жақындатып тастайды. Сталиннің қылышынан қан тамып тұрған кез, біреуі райком хатшысы, екіншісі милиция бастығы. Бұл әңгіме тек үйішілік шеңберден шықпай іште сақталғанын отғасым көпке дейін айтып жүрді.

Араға екі ай салып, келесі жылдың қаңтарында отбасымыз Ойылға көшіп келіп, қоныстанды. Үйімізді әкелуге әкем де келген еді. Қонекең мен жеңгеміз қазақы ғұрыптан жаңылмай шақырып, ерулік берді. Бір шаңырақта бес адам бар екен: ерлі-зайыпты екеуі, жеңгеміздің анасы, яғни Қонекеңе ене Орал апай, қызы Гүлжан үште, ұлы Жалғас бір жаста. Қонекең өте ақкөңіл, арғы жағында ештеңе ұстамайды, қарапайым, үлкенмен де, кішімен де тіл табысқыш жан болды. Бір сүйсінерлігі, Шолпан жеңгей де қосағына сайма-сай кезіккен, қылуасымен де, сөзімен де үйдің шырайын кетірмей сән-салтанатын кіргізіп, өмірден өтті.

Қонекең Ойылда қызмет атқарып жүрген жерінен Алматыға, Жоғары партия мектебіне оқуға кетті де, оны бітірген соң Ырғызда бастапқыда аудандық партия комитетінің екінші хатшысы, көп ұзамай бірінші хатшысы болып сайланды. Отағасымның Ырғызға милиция бөлімнің бастығы қызметіне ауысуына байланысты екі үйдің адамдары киелі өңірде қайта қауыштық. Құдайдың бергенін қарасайшы, бұдан кейін Қарабұтақта тағы араласып, сыйластық, дәлірек айтсам Қонекең – мұнда да аудандық партия комитетінің екінші хатшысы, менің шалым – милиция бастығы, майор. Айтпақшы, Ырғызда тұрғанымызда Жиенбай Шарбақов аудандық кеңес атқару комитетінің төрағасы болып жұмыс істеді. Осы бір сырбаз, қай кезде де кісіге жақсылық жасауға ұмтылып жүретін азаматпен, әйелі Алуашпен танысып-біліскенімізді, Қонекеңнің, Жиекеңнің, біздің отбасыларымыз – үш үй болып, қазан-ошақ ортақтығымен тірлік кешкенімізді Алланың өзі ұсынған баға жетпес байлық деп білемін. Алдыңғы екі азамат, менің шалым, Шолпан жеңгей бұл пәниде жоқ, Алуаш қазіргі күнде Ақтөбеде тұрады, бірімізбен біріміз жиі хабарласып, мүмкіндігімізше бар шәйді бірге бөліп ішіп келеміз.

Ол кездің адамдары да бөлек еді, әжептәуір билігі бар қызметте жүрсек те дүние-мүлікке көп құнықпаппыз, өзге ауданға қызмет ауыстырып бара қалсақ азын-аулақ жүгімізді алдын-ала көлікке тиеп жіберіп, өзіміз соңынан жеңіл машинамен барамыз, бауыр басып қалған мекеніміздің ел-жұрты қимай қоштасып шығарып салады.

Ырғызда бір ғана ұзын көше, адамдары бірін-бірі жақсы танып, туыстай болып кеткен. Қонекеңнің атағын елге танытқан баласы, Қазақстанның мұнай-газ саласында мықты тұлғалардың бірі Болат 1955 жылдың ақпан айында осында дүниеге келді. Шолпанның үйде босанғаны есімде қалыпты. Дастарқанымыз қазіргі кездегідей сықап тұрмаса да көңіл бай, көкірек көтеріңкі, тіпті ханның өзін менсінбейтіндей жағдайдамыз. Қуанышты ортақтасуға Алға қаласынан Қонекеңнің жездесі Ғизат келді. Қожайын анау-мынау адам емес, ауданның басшысы ғой, ол отырғанда именшектейміз, шығып кеткен сәтінде Ғизатты «жезде» деп ортаға аламыз. Жарықтық қонағымыз есесін жібермейді, үй иесі кіріп келгенде:



  • Қонақбай-ау, мына балдыздарым «менің қасыма жат» деп өзара

таласып жатыр. Жалғыз өзім қай жағына боламын? - деп жымияды.

Ағамыз не айтады, сыпайы күліп қана қояды. Ол дәурен қайта келсе, шіркін!

Тағы бір мысал. Мәзжан екеуміздің алғашқы көргеніміз – үш қыз. 1955 жылғы қыркүйекте көңілімізді көктем еткен баламыз Ғафур дүниеге келді. Қолымызда отағасымның күйеуден ерте қалған апасы Ермек бірге тұрады, Шолпан жеңешеміздің анасы Оралмен әзіл-қалжыңы жарасқан адамдар болды. Орал жасының үлкендігін арқа тұтып, әлгі Ермектің атын айтпай «Қыз-ау» дейтін, Апамыз менің босанғанымды айтты, Оралдан сүйінші сұрады. Нәрестенің кіндігін сол кісіге кестірдік, екі жақ та өз мүмкіндігінше кәделерін жасады. Үйімізге келе қалса Ермек апамызға жеңешесі тұрғысында әзілдеп:


  • Некеңді қияйын деп келдім. Мен сенің әмеңгеріңмін ғой, - дейтін.

Мұны айтатын реті – апайдың дүниеден ерте кеткен отағасысы, яғни жездеміз Тілеу руының Қазыбай аталығынан, оның ішінде Қырмаңдай бөлімінен.

Сөйтіп бетке айбар қылып ұстап жүрген Қонекең ағамызға Алла небәрі 65 жас беріпті. Марқұм қайтыс болғанда Шалқарда тұратын біздерге арнайы хабар тиді. Шалымыз екеуміз келіп, отбасына көңіл айттық, қабіріне топырақ салдық.

Қонекеңнің баласы Болат пен біздің ұлымыз Ғафур институтта қатар оқыды, жақсы достық қарым-қатынаста болды. Екеуі жазғы каникул кезінде Шалқар қаласына келіп, біздің үйімізге арнайы сәлем берді. Сонда отағасым өзінің қызмет көлігін беріп, «Шалқар» кеңшарының ауылдарында тұратын ағайын-туыстарына сәлемдесуін ұйымдастырғаны бар. Міне, келешекке жалғасқан жол, жақсы әкеден алған тәлім деп осыны айтады.

Осы естелікті жазып отырғанымда көңілім босап, көзімнің жасына ерік бердім. Жанарымның нақ алдына отағасым Мәзжан, Қонекең ағам мен Шолпан жеңешем, Тәңірім пешенемізге бұйыртқан үш ұл мен үш қыздың ортасында тым ерте бақилық болған екі балам, басқа да сыйласып, араласқан жақсылар мен жайсаңдар тұра қалғаны. Топырақтарың торқа болсын! Біз де Мұқағали ақын айтқандай Өмір атты айдынның жағалауында қалт-құлт етіп тұрмыз ғой.



Ақтөбе қаласы.
Амансұлтан Сейдәліқызы ОРАЗАЛИНА,

еңбек ардагері, зейнеткер
ЖАҚСЫДА ЖАТТЫҚ ЖОҚ
Жалғанның көшіне ілескен адам жайында естелік жазудың жақсы жағы – өткен жолдарыңа үңіліп, тамаша кезеңіңді, сол шақта бірге жүрген жайсаң жандарды еске алып, сергіп қаласың. Жүрекке ауыр тиетін тұсы – тірлігіңде есеюіңе, кемелденуіңе септігі тиген сол қадірлі тұлғалардың мәңгілік алыстап кеткенін сезінетінің.

Ақтөбе облысының тарихында өзіндік орны бар азамат, ауыл шаруашылығы өндірісінің шебер ұйымдастырушысы атанған Қияс Сәрсенбаев екеуміз 1945 жылы көңіліміз жарасып, шаңырақ көтердік. Келін болып түскен үйімде бір әкеден жалғыз қалған отағасымнан өзге әке-шешесі, сегіз бауыры бар екен. 1949 жылы Ырғыз аудандық кеңес атқару комитетінің хатшысы болып жүрген Қиекеңді Алматы қаласына, Жоғары партия мектебіне оқуға жіберді. Ойыл ауданынан аудандық партия комитетінің екінші хатшысы Қонақбай Назаров, Шалқардан Әбубәкір Байсалбаев, Тотия Тойбазарова, Зейнолла Садықов отағасыммен бірге оқуға шақырылыпты. Ол кісі маған жазған алғашқы хатында жатақхананың бір бөлмесінде үш адам– өзі, Қонекең, Жұрын аудандық кеңес атқару комитетінің төрағасы болған Почтаренко жатқанын хабарлап еді. Оқуға жүрер алдында Қонақбай ағайға Алғаның мал дайындау конторының директоры болып істейтін жездесі Ғизат:

-Сен отбасыңды Алматыға алып кетіп әуре болма, қанша айтқанмен үлкен шаһар, күнкөріс қиын болады, - деп, келіні Шәрипаны екі баласымен өз үйіне алып қалыпты.

Мен өзім Қиекеңнің оқуы кезінде елдің сол кездегі астанасына бір-ақ рет барғанмын. Онда да Қонекеңмен кездесе алмадым: менен екі күн бұрын каникулға шығып, ауылға кеткен екен. Дегенмен отағасым жаңа танысқан досының жоғары адамгершілігін, кісі жатырқамайтынын, көп жайдан хабардар екенін айтумен болды. Әрине, жағымды сипаттағы мұндай адамды көргенді кім жек көреді дейсің.

Тағдыр өткен ғасырдың елуінші жылдарынан кейін Қонақбай Назаровпен, оның тамаша отбасымен Ырғызда қауышып, араласуымызға мүмкіндік туғызды. Ретімен баяндайын. Отағасым Қиекең Жоғары партия мектебін бітіріп келген соң аудандық кеңес атқару комитетінің төрағалығына сайланды. Ойыл ауданынан келген Серікбай Төлебаев деген азамат – аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы. Неге екені беймәлім, екі басшы да бұл қызметтерін көп атқармай орындарынан босатылды. Отағасым бұдан соң Киров атындағы ұжымшардың төрағасы болып сайланды. Аудандық партия комитетінің бірінші хатшылығын баяғы партия мектебінде бірге оқыған досы Қонақбай Назаров қабылдап алды. Ой, сондағы Қиекеңнің қуанғаны-ай! Қанша айтқанмен жатақханада бір бөлмеде жатып, бір тәрелкеден ас ішкен құрбысы емес пе?! Хатшылық міндетімен шаруашылықтарды аралағанда біздің ауылға келіп, үйімізден дәм татуды, қонуды ойластыратын. Аудан орталығына жұмыс ретімен немесе жиналыс-кеңестерге бара қалса отағасым да сол үйден ас ішіп жүрді. Шолпан қожайынға лайық нағыз әйел екен, айтқанын қалт жібермей орындайды, әлдеқандай пікір туа қалса сол кісіге жақтасады. Отбасында анасы бар, ол кісіге жағдайын жасайды, балаларының оқуын, тәртібін есінен шығармайды, қонақ келсе қабағын шытқан емес.

Жаны жайсаң, ұйымдастырушылық қабілеті күшті, адамдар мүддесін алдыңғы кезекке қоятын Қонақбай Назаров ауданның бірінші басшылығында бір жыл істеді де орнын Ідіріс Ермағамбетовке берді, өзі аупарткомның екінші хатшылығына сайланды, отбасымен отырған үйін сол кісіге босатып беріп, басқа үйге көшті. Бұл қонысы біздің қарттарымызға қалдырып кеткен үйімізге жақын боп шықты. Енді Қонекеңдермен бұрынғыдан да жиірек араласып жүрдік. Отағасым соңындағы бауырларының жайын ойлап, досына: «Шіркін-ай, екеуміз қыз алысып, қыз берісіп, құда болсақ» дейтін. Ырғыздың талғампаз жұрты Назаровтың кісілігін, еңбексүйгіштігін бағалап-ақ жүрді.

Қонекең – өз ұстанымы бар азамат, шындықты сүйеді, ой-пікірін маңайындағыларға тайсалмай тура айтады, әрине бұл жағдай кейбіреулерге ұнамайтыны рас. Назаровтың қабілет-қарымын ескеріп, көп ұзамай облыстық партия комитеті өз аппаратына қызметке шақырды.

Зейнет демалысына шыққан соң Назаровтың отбасы облыс орталығына қоныстанды. Қолында қарт анасы, алты баласы бар ерлі-зайыптыларға үкіметтің үш бөлмелі пәтері тарлық ете бастады. Сөйтіп жүргенде шаңырақтың бір перзенті Елнұрға жиен апасы Мария қамқорлық жасап, облыстық кеңес атқару комитетінің аппаратына қызметке орналастырды, жұмыс орны оған бір бөлмелі пәтер берді. Біз де Ақтөбеге көшіп келіп, баяғы қызмет ретінде сыйласқан адамдармен аралас-құраластығымызды жалғастырдық. Солардың ішінде Қонекең мен Шолпан да болды. Біріміздің үйімізге қонақ келсе екіншімізді бірге шәй ішуге шақырамыз, сырласамыз. Есімде, әлгіде өзім айтып кеткен Марияның институтта оқып жүрген інісі Рақымжан каникулға келгенде жарықтық Қонекең «Жиенім келді» деп, балаша қуанып, ас та төк шәй бергені бар. Дастарқан жанында Шолпан екеуінің мәз-мәйрам болып отырғаны көз алдыма келсе, кәдімгідей босаймын. Кейін Рақымжан да нағашылар үмітін ақтап, абыройлы биіктерден көрінді, Қонекеңнің балаларына дұрыс бағыт сілтеді.


Ақтөбе қаласы.

Сақтаған БИАХМЕТОВ,

ауыл шаруашылығы өндірісінің

ардагері, зейнеткер
ЖАҚСЫНЫҢ ЖАҚСЫЛЫҒЫН АЙТ...
Әр нәрсенің бір сәті болатыны сияқты менің де көптен ойымда жүрген шаруаны қағазға түсіруімнің орайы енді ғана келді. Жуырда жақын ағайындардың бірінің үйінде қонақтықта отырып, ата қонысымыз Ырғыз өңірінде аудандық партия комитетінің бірінші, екінші хатшысы қызметтерін абыроймен атқарған марқұм Қонақбай Назаровтың балалары әке туралы кітап шығару ниетін қолға алғанын естідік. «Бәрекелді!» дестік. Арада қанша жылдар өтсе де, қоғам адам танымастай өзгеріске түссе де көңіліңде ұялаған, ізгілік шамын жаққан оқиғалар ұмытылмайды екен.

Менің әкем Биахмет Демеуов 1902 жылы дүние есігін ашыпты. Кеңес өкіметі орнағаннан кейін төте оқу жүйесімен сауат ашады. «Октябрь жолы» ұжымшарында басқарма төрағасы, кейін өзіміз туып өскен «Аманкелді» ұжымшарында (қазіргі Толыбай ауылы) көп жылдар ферма меңгерушісі қызметтерін атқарады. 1952-1953 жылдардың қысы қатты болып, аудан шаруашылықтарында қыруар мал шығынға ұшырайды. Жазғытұрым аудан орталығынан шыққан арнайы комиссия мал санағын жүргізіп, шығын мөлшерін анықтайды. Ұжымшардың төрағасы, Социалистік Еңбек Ері Әмірхан Барысбаев абырой-беделді сақтап қалу мақсатында қасындағы жәрдемші-кеңесшілерімен ақылдасқан шығар, малды бір санағаннан кейін әлгі комиссияны айналма жолдармен тағы жүргізіп (уақыт өткізіп), екінші рет санатады. Сөйтіп, бұл жолы пәле-жаладан құтылады. «Елу құлағы елу» деген бар, жасалған әрекет жайлы әңгіме тарап кетіп, қайтадан тергеу амалдары жүргізіледі. Мәселе анықталған соң барлық кінә әкеме жабылады, ауданда сот істі қарап, әкемді алты жылға бас бостандығынан айыруға үкім шығарады.

Ауылдардың арасында қазіргідей байланыс-қатынас жоқ, әкемнің сотталғаны туралы хабар біраз күндерден кейін жетті. Жаманат әңгіме құлағына тиген соң әкемнің 1926 жылы туған немере інісі, Сталин атындағы ұжымшардың бас есепшісі Орынбек Кеңесов ауданға арнайы сапар шегеді. Сол кезеңде аудандық партия комитетінің екінші хатшысы Қонақбай Назаровтың қай мәселеге де байыппен қарап, алдына барған адамның әңгімесін соңына дейін тыңдайтыны, нәтижесінде әділ шешім шығаруға тырысатыны жиі айтылатын. Ағайдың тілек-шағымын асықпай тыңдап:

-Мен бұл іспен жақсы таныспын, ауылдарды аралап жүргенде ағаңның үйінде болғанмын, домбырамен шырқаған әндеріне сүйсінгенбіз, - депті.

Әкемнің жыраулық-әншілік өнері бар еді. Хатшы ағамыздың біздің үйде шәй ішіп, қожайынға ән айтқызғаны менің де есімде қалыпты. Жүзі жылы, сом денелі, ажары сүйсінерліктей, қара торы кісі еді.

Әңгімесін ары қарай жалғастырыпты:

-Ауданда мал шығыны көп, мұндай оқиғалар жалғыз емес. Бірақ мен саған көмектесе алмаймын. Себебі, іс ауданның бірінші басшыларының шешімімен жасалып отыр. Сондықтан құр уақыт өткізбей Ақтөбеге барып, облыстық сотқа шағымдан. Қолымнан келер жәрдемім – өзіміздің аудандағы құқық қорғау органдарының басшыларын шақырып, сені таныстырамын. Нақты жағдайды сол кісілердің өз аузынан естірсің.

Уәдесінде тұрып, кабинетінде әлгі шенеуніктерді ағама жолықтырады да:

-Мына істі білесіздер. Бірақ соншама мал шығынына жалғыз ферма меңгерушісін айыптап, жазаға тарту шындыққа жанаспайды, - дейді.

Келгендер бұл пікірге қарсы ештеңе айта алмай мақұлдағандай кейіп танытыпты.

Сонымен ағайым облыс орталығына арнайы сапар шегеді. Айтқан адамдарына жолығып, істі бұзғызады. Әкеме шартты жаза тағайындалып, екі-үш айдан кейін елге аман-сау оралады, отбасымен қауышады. Кейін ағайдан болған жағдайды естіген біздердің көңілімізде хатшы Қонақбай Назаровтың адамгершілігіне, кісілік жоғары болмысына деген ризашылық орнығып қалды. Арада қанша жылдар өткенімен әңгімені айтудың реті келмей жүрді.

Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарында Ақтөбе қаласында бір тойда болғаным бар. Бір жас жігіт үлкен ағаларымен жылы сөйлесіп, көптің назарын өзіне аударып тұр екен. Жанымда тұрған Ырғыз ауданының азаматтары: «Баяғы Қонақбай Назаровтың ортаншы баласы Болат» деп, сырттай таныстырды. Көптен көңілімде жүрген жылы сезім ойға оралып, жасымның үлкендігіне қарамай өзім арнайы барып сәлемдестім. Кезінде әкесінің менің әкеме жақсылығы туралы баяндап, ризашылығымды жеткіздім. Әрине, асқар тауы жайында айтылған әңгімені кім жек көреді, сыпайы қалыпта рахметін айтты.

«Тектіден текті туады» деген қанатты сөз бар. Сол сияқты ел-жұртына адал қызмет еткен Қонақбай Назаров ағамыздың балаларының ата-ана даңқына шаң жуытпай әдемі басталған жолды сеніммен ілгері алып бара жатқанын естіп қуанып жүрміз. Туды қолдан түсірмей биік ұстап, ұрпақтан ұрпаққа жеткізу бір ғанибет! Әрдайым солай болғай.

Астана қаласы.

57 ЖЫЛДАН КЕЙІНГІ КЕЗДЕСУ
Жүрдек жеңіл көлікте келе жатып, Жалғастың көңілі сан саққа жүгірді. Ырғыз аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы, кейін екінші хатшысы болып жұмыс істеген әкесі Қонақбай Назаров елуінші жылдардың орта тұсында қызмет бабымен өзге ауданға қоныс аударғанда бұл мектептің бірінші класын тамамдапты. Арада ширек ғасырдан астам уақыт өткізіп, Ырғыздың Нұра өңіріне бірнеше досымен балық аулауға келгені бар, онда да аудан орталығына соққан жоқ.

Мына сапардың жөні басқа. Небәрі алпыс бес жыл ғұмыр кешкен әкенің туғанына жүз жыл толуы қарсаңында апасы Гүлжан бас болып, ағайынды сегізі естелік кітап шығаруға ұйғарым жасайды.Ата-ананың көзін көргендер қатары сиреп, әр жерде қадау-қадау қалыпты.Ойласа келе облыстық «Ақтөбе» газетінде, әке-шеше тұрған өңірлердің аудандық газеттерінде арнайы хабарландыру жариялады. Соның нәтижесі, телефонмен қоңырау шалып, дерек берушілер шыға бастады. Ырғызда көнекөз бірнеше адам бар екен.

Ғасырдың екпінді құрылысы - халықаралық Батыс – Еуропа – Батыс Қытай дәлізінің осынау аяқталған бөлігі қиялға қанат бітіреді. Ақтөбеден шыққаннан таспадай тартылған жол кешегі Кеңес Одағы дәуіріндегі ойдым-ойдым шұқырларды ұмыттырып жібергендей.Тіпті өткенді ауызға алып, еске түсірудің өзі ұят сияқты. Жанға жайлы желмаяда келе жатқандайсың. Бас –аяғы үш жарым сағатта халықаралық дәлізден бір жағы Шалқарға, екінші жағы Ырғызға бет алар тұсқа келіп жетті.Ғажап, әлгідегі әсем көңіл су сепкендей басылды. Аудан орталығына жеткізер жиырма шақырым баяғы қалпында: кешегі ырым-жырым жамылғылы көтерме жол,көлік доңғалағына да, моторына да обал.

Қазақ даласында ежелгі тарих куәгері Ырғыздың үлкен-кіші жамағаты қай дәуірде де қонақжай қалпынан жаңылған емес. Аңсап жеткен Жалғас Назаровты қуантқаны осы болды. Аудан әкімі Мейірхан Дуанбеков азаматтың ниетінен хабардар екен.

- Менің ата-әжем Дуанбек пен Ұрқия, әкем Қайырхан сіздің әке-шешеңіздің үйімен көрші тұрған екен, бұл жайында анам Гүләйім өзіңізге айтып берер. Енді бір қызықты айтайын, сол кездері сіздер тұрған үйдің қазіргі қожайыны өзіңізбен мектептің бірінші класында бірге оқыпты,осы аймақтың белгілі азаматтарының бірі. Газеттегі хабарландыруларыңызды оқып, маған айтып еді, қазір апарып таныстырайын,- деді ол.

Амангелді көшесінде №9 үйдің ауласына кірген адам қожайындар шаруақорлығын аңғарар еді, көлденең жатқан ештеңе жоқ, келер қысқа отын қамдалып қойылған. Ұлы Отан соғысынан кейінгі жылдар ішінде салынған үйді күтіп ұстау оңай болмаса керек. Кіргенде ортаңғы бөлмеде былайғы жұрт «контрамарка» атап кеткен темір пеш.

Үй иелері Жоламан Сәрсенов пен әйелі Сәния аузын ашса көмейі көрінетін жандар екен.

- Міне, қызық, Сталин атындағы мектепте бірінші класты бітіргенімізге елу жеті жыл бопты.Мұғаліміміз марқұм Ахмет Сарбөпин ағай еді, екеуміз бір облыстамыз, содан бері кездесуіміздің сәті түспеген. Әке-шешеңізді еске алғанның шапағаты дейік.Өзің баяғы бала кездегіден өзгермепсің, ей, - дейді Жоламан.

Қонақтардың назары темір кешке ауғанын байқаған Сәния айтып жатыр:


  • Үйдің ішінде әр жылдары жөндеу жүргізсек те бұған қол тигізбедік.

Қыстың аязды күндерінде от жағып қоямыз. Жалпы бұл бізге құтты қоныс болды. Жомарт, Мұрат, Еділ деген үш ұлымызды, Жанат, Әсел атты екі қызымызды үйлендірдік, құдайға шүкір, оншақты немереміз бар. Дәм дайындап жүрген келініміз Әсел- мектепте мұғалім, шаңырақтағы бала Еділдің қосағы.

Ақ ниетпен жайылған дастарқан басында екі дос өз жайынан дерек беріп жатыр. Жоламан туып-өскен Ырғыз өңірінде ұзақ жылдар жауапты қызметтер атқарып, таяуда аумақтық ауыл шаруашылығы инспекциясының бастығы қызметінен зейнет демалысына шықты, қазір кәсіподақ саласында жұмыс істейді. Мінезі ашық, ер көңілді азамат мерзімдік басылымдарға материалдар жариялап, ана тілі, ұлттық салт-дәстүрлер жайлы ой-пікірлерін ортаға салады. Жалғас болса – жоғарыда айтылған сегіз ағайындының екіншісі. Назаровтар отбасы Ырғызда тұрғанда өмірге бесінші, алтынші балалар Болат пен Роза келіпті.Қазір бәрі де мамандығы бойынша қызмет атқарып, ақар-шақар ауыл болды, көшке немере-шөберелер тізбегі ілесті. Жалғас бұрынғы Октябрь ауданының «Пролетар» кеңшарында есеп саласында жұмыс істеді, ұзақ жыл бас есепші болды. Әйелі Роза екеуі үш бала тәрбиелеп, осыдан екеуі тұрмысқа шықты. Кенжесі Қазақ – Британ университетін үздік үлгеріммен тамамдады.




У.ЕЛУБАЕВ
(Облыстық «Ақтөбе» газеті 06.09.2012 ж.

113-114 (19649-19650)



Раушан ЕСБЕРГЕНОВА,

еңбек ардагері, зейнеткер
ЕКІ ҮЙДІҢ БІРІ БОП СЫЙЛАСТЫҚ
Алланың берген ғұмырында талай адаммен араласасың: бірімен мектептік шақтарда, енді біреулері есейіп қызмет еткен кезеңде қауышады. Қаншасы бақилық болды десеңізші – оңаша отырғаныңда асыл жүздері жадыңа оралады. Көңіл әлем-жәлем болады. Егілесің, көнесің. Қолдан келер шара жоқ. Сондай тамаша адамдар санатында Қонақбай ағай мен құрбым Шолпан жайында жазып беруді қызы Елнұры өтінген соң ойымда сақталған жайларды қағазға түсірттім.

Әруақ риза болсын, әңгімені әріден бастауды жөн көрдім.

Мен де, отағасым Зейнолла да Ақтөбе қаласындағы №6 орта мектепте оқыдық. Жас айырмашылығымыз – екі-ақ жыл. Зекең шәкірт шағында-ақ оқуға ынтасымен, белсенділігімен көрініп, оқушылар комитетінің төрағасы болды. Құрбым Шолпан өзіммен қарайлас, ол «а» класында, мен «в» класында оқимыз, салмақты, жүктелген қоғамдық тапсырманы беріліп орындайтын қыз екен. Жетінші класты бітірген бойымда апам Кәбира облыстық прокуратура аппаратында қызмет істеп жүрген жерінен Ырғыз ауданына прокурордың көмекшісі болып кетті. Апама серік болып жолға шықтым. Шалқарға дейін пойызбен барып, одан Ырғызға қарай атарбамен бет алдық. Айтпақшы, Шалқардың базарынан шемішке сатып алып, шығып келе жатқанымызда бірнеше жігіт ұшырасқаны. Ішінде мектептік шақтан білетін Зейнолла да бар, аз-кем сөйлесіп адресімізді жазып алдық.

Ер-азаматтар соғыс майданына алынып, кадрлар тапшылығы әбден сезілген шақ. Көп ұзамай Ырғызда аудандық комсомол комитетінің аппаратына есеп секторының меңгерушісі болып бекітілдім. Соғыс та аяқталды, талабыммен Ақтөбе педагогикалық училищесіне оқуға түсіп, бітіріп шықтым. Жолдама Шалқар ауданына берілді.

Осында жұмыс істеп жүріп, аудандық партия комитетінде бөлім меңгерушісі Зейноллаға қайта қауыштым. Екеуміздің тілегіміз жарасып, шаңырақ көтердік.

Отағасымның ағасы Мүтиғолла (есімін туралап атап жібергенімді әруағы кешірер – Р.Е.) Қарабұтақ ауданында аудандық кеңес атқару комитетінің төрағасы, ал Қонақбай ағай аудандық партия комитетінің екінші хатшысы екен. Ағайдың зайыбы баяғы мектептегі құрбым Шолпан болып шықты. Осындай себептермен ағайды, оның отбасын толығырақ біле бастадық.

Тағы да сәйкестік. Өткен ғасырдың елуінші жылдарының басында Ақтөбе облысынан бір топ партия-кеңес органдарының жауапты қызметкерлері Алматыға, Жоғары партия мектебінің күндізгі бөлімінде оқуға жіберіледі ғой. Бұл құрамда Шалқардан Зекең, Қарабұтақтан Қонақбай ағай бар еді. Соғыстан кейінгі уақытта ел басындағы ауыртпалықтарды жеңілдетуге тікелей араласып, есейіп қалған, жастары қарайлас азаматтар. Оның үстіне жатақханада бөлмелері көрші. Сабаққа бірге барып, бірге қайтады, бар тамақты бірге бөліп ішеді. Сыр ортақ, қуаныш-реніштерін ірікпейді. Кішкене болса да жақсы жаңалықтарын атап өтеді екен. Бірде ел жақтан Шолпан апайдың аман-есен босанып, өмірге қыз бала келгені жөнінде хабар жетеді. Ол кезеңде қазіргідей самсап тұрған мейрамхана, дәмхана дегендерің жоқ, барына кіріп шалқып-тасып отыруға қалта көтермейді әрі партиялық тәртіптің қатаң кезі. Қонақбай ағай ақтөбелік достарын бөлмесіне шақырып алып, балалы болу қуанышын атап өтеді. Сәбидің есімі кім болмақ? Арқа-жарқа жігіттер әрқайсысы өз ойындағы есімді қағазға жазып, бүктелген күйінде қалпаққа салыпты. Сонан өздері ұйғарған біреуі тілдей қағаздардың қолына ілікккенін алып шықса «Елнұр» деген есім тұр екен. Жазу иесі біздің Зекең болып шығыпты. Тағы да «жуу». Жарықтық ағай, Зекең және басқалары кейін де бұл жайды сүйсіне айтып жүрді.

Оқу да бітті. Біздер Шалқардамыз, Қонақбай ағайды Ырғыз ауданына басшы қызметке жіберді. Енді сыйластығымыз бұрынғыдан да ұлғая түсті. Яғни ағамыз Ақтөбеге барып-қайту сапарында Шалқар арқылы жүрмей ме?! Сонда орайын келтіріп, үйімізге түсіп, дәм тататын, кейде қонып кетеді. Жаратылысында ақкөңіл, пендеге бөтен ниет ойламайтын адам, келгенінде қуанып қаламыз. Шолпан құрбым да отағасысына сайма-сай, ешқашан асып-тасқанын көрген емеспіз, қазақтың кәдімгі бидайық бәйбішесі. Азаматын күте біледі, балалардың бабын жасап, қонақтың да көңілінен шығады.

Өмір өзің ойлағандай бола бере ме?! 1968 жылы Қарабұтақ ауданында басшы қызметте жүрген сүйікті қосағым Зәкең жасы 43-ке енді ғана толғанда қатал сырқаттан мәңгілікке кете барды. Алды он сегізде, кішісі Тамаша жасжарымда – бес баламен аңырап қалдым. Ел-жұрт жұбатып, жаныма сүйеу болып жытыр. Тірі адам тіршілігін істемей ме, ағайын-туыстың балалар келешегін ойлау жөніндегі ақыл-кеңесімен облыс орталығына қоныс аудардық. Осында баяғы сыралғы Назаровтар отбасымен қайта қауыштық. Қонақбай ағай мен Шолпан келген сәттен ерулік беріп, маңдайымыздан сипады, жабырқағанымызда жұбатты. Дүниеден өткенінше екі үйдің бірі болып, араласып тұрдық. «Жақсыдан шарапат» деген осы. Тәңірінің бергеніне шүкір, ата-анасының ғибратты ісін балалары Гүлжан, Жалғас, Елнұр, Болат, Талғат және басқалары отбасыларымен жалғастырып келеді. Біздің ендігі тілегіміз – Жаббар Ием ұрпағымызды аман сақтап, еш жамандығын көрсетпесін!


Каталог: wp-content -> uploads -> 2013
2013 -> Ф 7 –007-02 Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі
2013 -> Мазмұны Кіріспе–––––––––––––––––––––––– 3-9
2013 -> Мазмұны Кіріспе Тарау -I. Кеңестік шығармашылық интеллигенциясы калыптасуының бастапқы кезеңІ
2013 -> Әл Фараби дүние жүзілік мәдениет пен білімнің Аристотельден кейінгі екінші ұстазы атанған. Ол данышпан философ, энциклопедист ғалым, әдебиетші ақын, математик. Әл Фараби 870 ж
2013 -> Өмірбаяны ІІ негізгі бөлім
2013 -> Ф 15-07 Қазақстан Республикасының білім ЖӘне ғылым министрлігі
2013 -> Кіріспе. Жұмыстың жалпы сипаттамасы. Дипломдық жұмысының өзектілігі
2013 -> 1. 2 "Айқап" журналы және "Қазақстан


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет