Жаппарқұлова Анар Абусайылқызы
ОҚМПИ Қазақ және әлем әдебиеті кафедрасының аға оқытушысы, ф.ғ.к. Шымкент қаласы.
Майлықожа ақынның шығармашылық ықпалы
В данной статье анализируется влияние творчества Майлыкожи Султанкожа на других поэтов, высказывается мнение о творчестве известного поэта Майлыкожи Султанкожа современных
поэтов и ученых-исследователей.
Майлықожа Сұлтанқожаұлының шығармашылығы туралы пікірлер Ж.Камалованың «Ақылбек Сабалұлының әдеби мұрасы» [1], З.Оразбекованың «Мұсабек Байзақұлының ақындық мұрасы» [2], С.Өмірзақовтың «Мәди Меркішұлының әдеби мұрасы» [3], Г.Есіркепованың «Қазақ поэзиясына Шығыс классикалық әдебиетінің ықпалы» [4], Ұ.Байбосынованың «Сыр бойы ақын-жыраулары шығармашылығындағы ислам тақырыбы» [5], Д.Сатемированың «Қарасақал Ерімбеттің әдеби мұрасы және ақындық орта дәстүрі» [6] атты кандидаттық диссертацияларда да біршама айтылады.
Сыр өңірінің әйгілі ақыны Нартай Бекежанов та Майлықожаның өнеріне қанық, өлеңдеріне тәнті болады.
Майлыекең осы өлеңмен малды болды,
Ақынның айтып жүрген алды болды.
Өлеңді кәсіп етіп өткен ақын,
Осындай үлгі пішіп салды жолды [7, 141 б.].
М.Сұлтанқожаұлының араласқан ақындары мен үйренген ақындары жөніндегі тарихи мәліметтердің біреулері толық болғанымен, кейбіреулері бірді-екілі пікірлердің аясында ғана қалып қойған. Солардың бірегейі жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың өз өлеңдерінде айтылатын, Майлықожа ақынды пір тұтқаны жөніндегі деректер. Бұл деректің ауқымын кеңейтетін пікірлер, ғылыми зерттеулерде жоқтың қасы. Мәселен, ғалым Бейсенбай Кенжебаев Жамбыл Жабаев туралы «Жарқын бейне» атты естелігінде ХХ ғасырдың Гомері атанған ақынның Майлықожа туралы сағынышпен еске алған әңгімесін былайша баяндайды: «Ертеде сенің аулыңда болғанмын. Ол жиырма бес жасар кезім еді. О, шіркін дүние, балалық-ай. Түркістанды қоныстап қалған Нұртаза есімді ағайын бар еді. Соның үйіне түстім. Оңтүстік ақындарын көрейін деген көңілде арман бар. Әсіресе Шәді төреге жолықсам деймін. Үйіне іздеп барып едік, ол кісі үйінде болмай шықты. Әзірет Сұлтанды аралап көрдік. Екі-үш күннен кейін Түркістандағы бір тойда Майлықожа, Балқы Базарға кездесіп думанда бірге болдық. Сол жолы Құлыншақтан «Шора батырды тыңдап, үйрендім. Ертеңіне Базармен айтысып қалдым. Айтыс аяғы бәдікке айналып бара жатыр еді, жұрт екеумізді қой-қойлап аяғында әзер тоқтатты. Майлықожа: «Балам, сенікі жөн, тоқта енді» деп арқамнан қақты. Мен сол сапар Майлықожаны ұстаз тұтып қайттым дейді Жәкең. Біз қарияның әңгімесін ұйып тыңдадық» [8, 268 б.].
Жамбылдың Майлықожаны ұстаз тұтып, одан ақындықтың қыр-сырын, түрлі ғашықтық, батырлық жырларды үйреніп, өнеріне тәнті болғандығы турасында Н.Төреқұловтың «Жүз жасаған бәйтерек» [9, 49], Мырзатай Жолдасбековтың «Жүз жыл жырлаған жүрек» [10, 50] деп аталатын зерттеу еңбектерінде де молынан айтылады. Сондықтан да Жамбыл Жабаев:
Майлықожа, Құлыншақ
Пірім еді бас ұрған.
Айтқандары нұсқа еді,
Жаралған сөзі асылдан, –
деп Майлықожаның есімін асқақтата түсетін аса құнды маржан сөз қалдырды.
Қаратаудың белгілі жүйрігі Мұсабек Байзақұлы да Майлықожа, Мәделіқожа сынды замандастарының халық сүйген қадірлі өнер иесі екендіктерін мойындаған.
Мәделі өтті қожада, Майлы ақын,
Тегіс білді аттарын алыс – жақын.
Жақсысына әр елдің қадірлі боп,
Шайырлықтың олар да көрді дәрпін [11, 27 б.], –
деп ел құрметтеген Майлықожаның есімін, ақындық атағын алыс та, жақын да жатқа білетіндігін мақтанышпен айтады.
Ақын, сазгер, жыршы Кенен Әзірбаевтың да Майлықожа шығармашылығына үлкен құрметпен қарағандығын:
Мәделі, Майлықожа, Майкөт ақын,
Шығарған өнерімен жұртқа даңқын,- [12, 133 б.].
деген өлең жолдарынан анық аңғарамыз.
Белгілі ақын, жыршы Сұлтанбек Аққожаевтың :
Ақын ед Майлықожа Арыстағы,
Бәйге алған жүйрік еді жарыстағы.
Өзі ақын, өзі қожа, өзі молда,
Тынбаған өле-өлгенше шабыстары [13, 844 б.].
деген жыр жолдарынан Майлықожаның заманында елдің ықыласына бөленіп, айтқан асыл сөздері халық жадында мәңгілік жатталып қалған жүйрік ақын болғандығына шек келтірмейміз.
Майлықожа мұрасы туралы ұзақ уақыт бойы етек алып келген кереғар пікірлердің айтылу себебі де ақын шығармаларының әлеуметтік маңызының күрделілігінде. Майлықожа белгілі бір таптың сойылын соққан саяз ойлы ақын емес. Ол қалың қауымға ортақ мұңды, ел басына түскен ауыр күйді жыр еткен қайраткер ақын.
Майлықожа Сұлтанқожаұлының өмірі мен шығармашылығы туралы деректерді, бұрын-соңды жазылған зерттеу еңбектерді саралай келе біз ақынның шығармашылық мұрасы туралы зерттеліп, зерделенбей, басы ашық күйде қалған мәселелердің мол екендігіне көз жеткіздік. Ақынның өлеңдері мен толғаулары ертерек баспа бетін көріп, суырыпсалмалық өнері мен жыршылық даңқы да қазақ, қырғыз, өзбек арасында кеңінен танымал болды. Өзбектің атақты ақындары Майлықожадан «Қыз жібек», «Көрұғлы» сияқты жырларды жаттап үйренді. Осындай сан түрлі қабілет иесі Майлықожа мұрасының зерттелуі Кеңестік кезеңде өте баяу жүргізілді. Ақынның термелері мен толғаулары ел ішінде үлкен құрметпен үздіксіз орындалып жүргенімен, шығармашылық мұрасын зерттеп, зерделеуге қолдау көрсетілмеді. Мұның бәрінің негізгі себебі Майлықожа өлеңдерінің алмастай өткірлігі мен қоғам дертін ашып көрсете білген шыншылдығында, ислам дінінің құндылықтарын насихаттауында деп тұжырымдауға толық негіз бар.
Профессор Х.Сүйіншәлиевтің: «Туған халқының басынан кешкен қайғылы, қасіретті тұстарын шынайылықпен суреттей білген күрескер ақын- жазушылар есімдері жат идеяның жыршылары деп тарихтан аттары өшірілді. Олардың халық қайғысын, мұң-шерін, азаттық армандарын жырлаған шығармаларына шындықты бұрмалау, ескіні жоқтау, феодалдық құрылысты аңсау деген айдарлар таңылып, өртеліп, орта ғасыр инквизициясы әрекеттерінен бетер қылмыстарға жол берілді. Осының салдарынан өз халқының көне мәдени мұраларын зерттеу, тану ізденістері тоқырады немесе мүлде ғылымға жат бағытта солшылдық, тұрпайылық, әкімшілік тұрғысында өріс алды» [14, 183], - деген пікірі Майлықожа шығармашылығына да қатысты.
Біз ақын шығармаларының осы уақытқа дейінгі зерттелу тарихына үңілдік. Бір айта кетерлік мәселе, жоғарыда көрсетілген азды-көпті зерттеу еңбектерде ақын мұрасына қатысты тұшымды ой, жылы пікірлер айтылғанымен ол еңбектердің бәрі де айтулы жүйріктің ақындық тұлғасын, шығармашылық ерекшелігін жан-жақты ашып көрсетіп бере алмады. Бұған кеңестік кезеңдегі идеология басты себеп болды. Майлықожа Сұлтанқожаұлының соңына қалдырған әдеби мұрасының ауқымы өте кең. Оның шығармаларын арнайы зерттеу, ақынның саяси-әлеуметтік тақырыпқа бағышталған өлеңдері мен терме-толғауларын, діни көзқарасын, шығармаларының жанрлық ерекшелігін, тәлім-тәрбиелік тағылымы мол туындыларын бүгінгі жаңа көзқарас тұрғысынан талдап, шынайы бағасын беру – әдебиетіміздегі өзекті мәселелердің бірі екендігі даусыз.
Пайдаланылған әдебиеттер:
Камалова Ж. Ақылбек Сабалұлының әдеби мұрасы: филол.ғыл. канд. ... дис. – Түркістан, 1999. - 140 б.
Оразбекова З. Мұсабек Байзақұлының ақындық мұрасы: филол.ғыл.канд. ... дисс. – Түркістан, 1999. - 125 б.
Өмірзақов С. Мәди Меркішұлының әдеби мұрасы: филол. ғыл. канд. ... автореф. - Түркістан, 2002. – 28б.
Есіркепова Г. Қазақ поэзиясына Шығыс классикалық әдебиетінің ықпалы: филол. ғыл. канд. ... автореф. – Алматы, 2002.- 25 б.
Байбосынова Ұ. Сыр бойы ақын-жыраулары шығармашылындағы ислам тақырыбы: филол. ғыл. канд. ... дисс. - Алматы, 2006. - 24 б.
Сатемирова Д. Қарасақал Ерімбеттің әдеби мұрасы және ақындық орта дәстүрі. - Алматы: Мерей, 2000. – 156 б.
Бекежанов Н. Аманат. – Алматы: Жазушы, 1990. – 253б.
Дастан ата. Жамбыл Жабаев туралы естеліктер. Құрастырған Төреқұлов Н. - Алматы: Жазушы, 1989. - 416 б.
Төреқұлов Н. Жүз жасаған бәйтерек. - Алматы: Жалын, 1989.– 240 б.
Жолдасбеков М. Жүз жыл жырлаған жүрек. - Алматы: Жазушы,1992. - 320 б.
Мұсабек Байзақұлы. Өткен күндер. Құр. Тоққожаев М, Оспанұлы Ә. - Алматы: Жазушы, 1987. – 128 б.
Әзірбаев К. Таңдамалы екі томдық шығармалар жинағы. – Алматы, 1984. – Т. 1. - 360 б.
Майлықожа. Жинап, құрастырған әдебиетші Ә.Оспанұлы. - Алматы, 2005. – 864 б.
Сүйіншәлиев Х. ХІХ ғасырдағы қазақ әдебиеті. – Алматы, 1992.
Достарыңызбен бөлісу: |