Жас ұрпақты тәрбиелеудегі ұлттық ойындардың РӨлі мен мәНІ



Дата17.06.2018
өлшемі63,5 Kb.
#42666
ЖАС ҰРПАҚТЫ ТӘРБИЕЛЕУДЕГІ ҰЛТТЫҚ ОЙЫНДАРДЫҢ РӨЛІ МЕН МӘНІ
Медетова Арайлым Қарасайқызы

Информатика пәнінің оқытушысы
«Ойынсыз ақыл-ойдың қалыпты дамуы да жоқ және болуы да мүмкін емес.

Ойын дүниеге қарай үлкен жарық терезе іспетті, ол арқылы баланың рухани сезімі

жасампаз өмірімен ұштасып, өзін қоршаған дүние туралы түсінік алады.

Ойын дегеніміз ұшқын, білімге құмарлық пен еліктеудің маздап жанар оты»

В.А.Сухомлинский
Тәрбие – аға ұрпақтың тәжірибесін кейінгі буынға меңгертіп, олардың сана – сезімін, жағымды мінез – құлқын дамытушы.

Тәрбиенің мақсаты адам бойында ізгілік, инабаттылық қасиеттерін және тіршілікке қажетті дағдылар қалыптастыру болып табылады.

Халқымыздың тарихи-мәдени мұраларының түрлері сан алуан. Солардың қай-қайсысы да адамға, соның игілігіне қызмет етуге бағытталған.

Осындай аса құнды мәдени игіліктердің бірі – ұлт ойындары. Бүгінде ойынды халық педагогикасының құрамды бір бөлігі деп тегін айтпаса керек, адам баласы жасаған жеті кереметтің қатарына сегізінші етіп ойынның аталып жүруі де жайдан-жай емес.

Қазақ халқының тарихи көне жырларының, эпостары мен лиро-эпостарының қай-қайсысын алап қарасақ та, олардың өн бойынан халықтың ұлттық ойындарының, әдет-ғұрып салттарының алуан түрлерін кездестіреміз. Ол ол ма, осы жырлардың негізгі кейіпкерлері – болашақ ел қорғаушы батыр, жауынгер, халық қайраткері, ойын үстінде көрінеді. Сол ойын арқылы шынығып, өзінің бойындағы табиғи дарынын шыңдай түседі. Ойынға халық ерекше мән берген. Сондықтан халық оған тек ойын-сауық, көңіл көтеретін орын деп қана қарамаған. Ең бастысы – ел қорғауға қабілетті болашақ қайраткер, өзінің осы қабілетін шаршы топтың алдында, баршаға тең (досқа да, дұшпанға да) еркін бәсекеде жеңіп алуға тиіс болған. Сондай-ақ талапты жас ойын өнеріне өзінен жасы үлкен, танымал ұстаздан үйреніп, жаттығатынын, аянбай тер төгетінін байқаймыз.

Ұлт ойындары атадан балаға, үлкеннен кішіге мұра болып жалғасып отырған және халықтың дәстүрлі шаруашылық, мәдени, өнер тіршілігінің жиынтық бейнесі көрінісі де болған. Әрине, ойын өнер ретінде әдебиет пен мәдениеттің сан алуан түрлерімен қабысып, астасып келіп, бірін-бірі толықтырып, байыта түседі.

Ойын тек жас адамның дене күш-қуатын молайтып, оны шапшаңдыққа, дәлдікке, т.б. ғана тәрбиелеп қоймай, оның ақыл-ойының толысуына, есейіп өсуге де пайдасын тигізеді.

Манашұлы Тұяқбай жырында:

«Балалармен ойнайды,

Ойнап жүріп ол бала

Кеудеге ақыл ойлайды», – деп түйіндейді.

Мұндай мысалдарды халық ауыз әдебиетінен көптеп келтіруге болады. Бұдан көретініміз ойын тек көңіл көтеру мен ермек үшін жасалмаған, қайта белгілі бір халықтың әлеуметтік-экономикалық дамудың төменгі сатысында тұрған кезінде, жазу өнері әлі дамымаған, оқу орны болмаған кезде, өз ұрпақтарын өмірге әзірлеу мүмкіншіліктерін пайдаланатын бірден-бір тәрбелік іс-әрекет қызметін атқарған. Сонымен бірге ойын сол халықтың өзінің ішкі байланысын ғана емес, басқа халықтармен де ұлтаралық қатынастарының негізін қалаған. Ойынға жиналатын орын халықтың сан алуан өнерінің де сарапқа түсетін жері болған. Сөйтіп, ол ғасырлар бойы қоғамдық тәрбиенің баға жетпес жемісті қызметін атқарған.

Қазақтың ұлттық ойындарының қоғамдық және әлеуметтік маңызы зор. Себебі, ұлттық ойындар қазақ халқының ежелгі мәдениеті мен өнерінің де ешкімнен кем болмағанын байқатады. Ата – бабаларымыз ұлттық ойындар арқылы ұрпақтың мықты әрі жігерлі болып өсуіне ықпал етіп, олардың береке – бірлігі мен ынтымағын жарастырып отырған.шындығына келсек, өмір сүруімізде ұлттық ойындардың атқаратын міндеті айрықша. Басқаны былай қойғанда, әр ұлттық ойын оған қатысушыны өмір сүруге бейімдеп қана қоймай, қиындықтан қорықпай, оған қарсы тұра білуге үйретеді.

Бір ойын шеберлік пен ептілікке, енді біреуі талғампаздыққа, енді бірі қиын қыстау кезеңде тез шешім қабылдап, оңтайлы жол табуға баулиды. Оның үстіне ұлттық ойындардан спорт пен патриоттық тәрбие айқын аңғарылады. Қазақтың ұлттық ойындары болып саналатын тоғызқұмалақ, жамбы ату, аударыспақ, хан дойбысы сынды түрлі дәрежедегі спорттық сайыстарға қысылмай қоссақ, ештеңеден ұтылмаймыз. Мәселен жамбы ату бүгінгі күніолимпиадалық ойындардағы спорт санатына енген биатлоннан еш кем емес. Тек біздің тиісті орындар осы сынды ұлттық спорттық ойындарымыздың мән – мағынасын терең түсініп, оны шетелдіктерге дұрыс жеткізу керек деп ойлаймын.


ЖАМБЫ АТУ БИАТЛОН





Ғалымдардың пайымдауынша, ата-бабаларымыздан бізге жеткен ұлттық ойындарымыздың тарихы Қазақстан жерінде б.з.б. бірінші мың жылдықта - ақ қалыптасқан. Олардың ішінде тоғызқұмалақ, асық ойындары Азия елдерінде тайпалық одақтар мен алғашқы мемлекеттерде кеңінен тарады. Біздің қоғамымыздағы ұлттық ойындардың негізгі, шығу тегі халқымыздың көшпелі дәстүрлі шаруашылық қарекеттерінен бастау алады. Бұлардың көбісі мал шаруашылығына , аңшылыққа, жаугершілікке негізделген.

Қазақ халқының өмірде болып жатқан сан қилы оқиғаларды бастан аяқ баяндап беретін ғасырлар бойы бірге жасасып келген әдет-ғұрып ойындары бар. Қазақ халқының ұлттық ойындары көпшілік жағдайда үлкен тойларда, мерекелерде, думандарда ойналатын болған.

Қазақтың ұлттық ойындары бес түрге бөлінеді. Олар: малға байланысты, түрлі заттармен ойналатын, зеректікті, ептілікті және икемділікті қажет ететін, соңғы кезде қалыптасқан ойындар.

Қазақтың ұлттық ойындары ерлікті, өжеттілікті, батылдылықты, шапшаңдылықты, ептілікті, тапқырлықты, табандылықты, байсалдылықты, т.б. мінез-құлықтың ерекшеліктерімен бірге күш-қуат молдылығын, білек күшін, дененің сомдалып шынығуын қажет етеді. Сонымен бірге бұл ойындар әділдік пен адамгершіліктің жоғарғы принцптеріне негізделген.

Қазақтың ұлттық ойындары: көкпар, күрес, теңге алу, қыз қуу, алтыбақан, жамбы ату, асық ойнау, тоғызқұмалақ т.б.спорттық сипатпен бірге үлкен тәрбиелік маңызға да ие болды.

Малға байланысты ойын түрлері:


  • Көкпар

Шығыс пен Орта Азия халықтарына ежелден-ақ таныс ойын.

«Зұлымдық атаулының аты өшсін» деген сеніммен қара ешкі сойылып додаға салынады. Ойынның тәртібі мынандай: көкпаршылар алаңды айнала тұрады да, қолында көкпары бар төреші алаң ортасына серкешті тастап, «баста» деген әмір берсе, даяр тұрған жігіттер лап қойып, ептісі іліп алады. Оны белгілеген межеге, не сыйлы бір үйге апарады. Ол үйде де қарымтада қарап қалмай, жігіттерді риза етуге тырысады.



  • Қыз қуу

Қыз қуу — қазақ халқының өте көне ойындарының бірі. Ол республикамыздың халықтарының арасында кеңінен тараған ұлттық ат ойыны тобына жатады. Сонау ертеден келе жатқан спорт ойыны, ертеде «Қыз қашар», «Қыз қуалар» деп аталғаны болмаса, біздің заманымызға дейін оншама өзгеріссіз жеткенін атап өтуіміз керек. Бұл жарыс өзінің түрі жағынан біздің заманымыздан бұрын қандай болса, қазірде сол күйінде қалды. Сол заманғы тәртіп бойынша жарыс жігіт пеноның қалыңдығы арасында өткізілген (біздің заманымыздан бұрын VIII—VII ғасырларда Қазақстанның территориясын жайлаған кейбір рулардың арасында осындай тәртіп болған). Егер жігіт жарыста жеңілсе, ол өзіне қойылатын талапты ақтай алмағаны үшін оның қызбен некелесуге құқы болмаған. Ертедегі аңыз-ертегілерге қарағанда, қазақтарда тағы бір мынадай әдет-ғұрып болған. Осы әдет бойынша жарысқа екі рудың қыз бен жігіті түскен. Жігіттің жеңілуі оған салынатын айыппен қоса, өз руында еті тірі жігіт пен жүйрік атының жоқтығы үлкен кемістік болып табылған. Егер қыз жеңілген деп табылса, оның жағының келісімі бойынша, ешқандай қалыңсыз-ақ ол жеңген жігітке тұрмысқа шығады.

Түрлі заттармен ойналатын ойын түрлері:

  • Асық ойыны

Қазақ халқында ертеден келе жатқан ойындардың бір түрі- ол «асық ойындары». Халық арасында асық ойындарының бірнеше түрі болған. Бұл ойынды тек асығы бар жас ер балалар ғана ойнаған. Асық ойнаушылардың саны 4-8 ге дейін барады. Бұл ойының мақсаты –асық ұтып алу.

Ойын ережесі: Көнге барлық ойыншы бір-бірден асық тігеді. Содан соң бір бала ойыншылардың кім-кімнен кейін ойнау керек екен кезектерін анықтау үшін басқалардың сақасын жинап алып иіреді. Иірген кезде алшы түскен сақаның иесі-бірінші, тәйке түскеннің иесі-екінші, бүк түскендікі-үшінші, шік түскендікі-төртінші болады.



  • Алтыбақан ойыны

Алтыбақан ойыны көбіне жазды күні ауылдың сыртында өтеді. Алтыбақан құру үшін әрқайсысының ұзындығы 3-4 метрдей 6 салма мен жуандау бір бел ағаш және жуан ағаш керек. 3-3 тен алты ағаштың бір жақ басынан байлайды. Солай екеуін екі жерге тұрғызып, ортасынан көлденең бел ағашты жоғары қисайтып тұрғызып байлайды. Ортасынан бел ағаштың екі жағынан арқан байлайды. Содан соң алтыбақанды тебушілер отыратын, болмаса, аяғынан тұратын орындық ретінде көлденең тақтай кигізеді. Әдет бойынша алтыбақанды жұп болып қыз бен жігіт тебеді екен. Міне сол себепті алтыбақан аталған екен.

Зеректікке байланысты ойын түрлері:

  • Тоғызқұмалақ

Келесі терең ойды талап ететін, ойнасаң қызығына ешбір қанбайтын, халық даналығынан шыққан ойындардың бірі –ол «тоғызқұмалақ» ойыны. Тоғызқұмалақ-қазақ халқының ертеден келе жатқан есеп ойыны. Өйткені бұл ойын тақ сандар мен жұп сандардың өзара тартысына құралған. Бұл күндері тоғызқұмалақ ойыны арнаулы тақтада ойналады. Бұл тақтаның ойып жасалған он сегіз ұясы-шұңқыр бар. Әрбір ойыншының тоғыз-тоғыздан отауы, құмалақ жинайтын бір-бір қазаны болады. Отаулар тоғыз тоғыздан қарама-қарсы түске боялып қойылады. Мысалы, қызыл мен көк, ақ пен қара. Отаулардағы құмалақтардың құмалақтардың барлығы да тоғыз-тоғыздан болады, яғни тақ сандар. Ойын осы тақ сандармен басталады. Ойыншы солдан оңға қарай кез келген отаудан бастап жүреді. Тоғызқұмалақ ойыны, негізінен, Орталық Азияда кеңнен тараған. Қазақ пен қырғыз мемлекеттерінде республикалық, халықаралық жарыстар өтіп тұрады. Қазіргі уақытты бұл ойын жақсы дамып келеді.

  • Сақина салу ойыны

Тағы да бір қызықты ойын ол «сақина салу». Қазақ топырағында ертеден келе жатқан ойының бірі. Оған 8-10 шақты жастар қатынасады. Тізіліп отырған жастардың біріне сақина салушы сақинаны білдірмей тастайды. Ойынды жүргізуші ойынға қатысушыларды айналып өткен соң «сақинам, сақинам ортаға шық» дейді. Әлгі сақина салған адам ешкімге білдірмей тез арада ортаға ұмтылып шығуы керек. Ал егер ол ешбір адамға білдірмей ортаға кедергісіз шықса онда ол адам сақинаны салып, жүргізуші болады, егер шыға алмаса қайта орнына отырады.

Ептілікті және икемділікті қажет ететін ойын түрлері:

  • Арқан тартыс ойыны

Тағы да бір сондай ойындардың бірі ол «арқан тартысу». Бұл ойында екі топ адамдары бір-бірімен күш сынасады екен. Екі топқа адам тең бөлініп, ортаға сызық белгілеп, арқан тартысады. Арқанды өз өзіне тартып алған топ күшті, жігерлі топ болып саналады.

  • Аударыспақ ойыны

Енді осы тойларда ойналатын ойындардың бірі ол-«аударыспақ» ойыны. Ол қазақ халқында ертеден келе жатқан ойындардың бір түрі. Ойын ережесі бойынша екі атты арасы 40-50 адымдай екі көмбеде тұрып ойын жүргізушінің берген белгісінен кейін 1-1 не қарама-қарсы шаба жөнеледі. Екі аттының бірі аттың үстінен аударылып, түссе сол адам жеңілді деген сөз.

  • Қол күрес ойыны

Өте қызықты ойын екен. Енді міне осындай қызықты ойындардың бірі ол-«қол күрестіру» ойыны. Онда екі адамның күш сынасуы байқалады. Ортаға екі ер баланы шақырып, осы ойынды көрсетіп, кімнің күшті екенін анықтайды.

Осы ұлттық ойындарды насихаттау мақсатында өзім жетекшілік ететін №93 «Автокөліктерге техникалық қызмет көрсету, жөндеу және пайдалану» тобында «Қазақтың ұлттық ойындары» тақырыбында тәрбие сағатын өткіздім. Тәрбие сағат барысында ұлттық ойындардың түрлеріне тоқталып, топ ішінде төмендегі ойын түрлерінен жарыс ұйымдастырдым.

  • тоғызқұмалақ

  • қол күрес

  • асық ойыны

Нәтижесінде «Тоғызқұмалақ» ойыны бойынша Байәділ Әміржан, «Қол күрес» ойынында Амандос Саян, «Асық» ойынынан Сламғали Асылхан өз ептіліктерін көрсетті. Сонымен қатар, кейбір тәрбие сағаттарын өту барысында ұлттық ойындардың элементтерін пайдаланып жүрмін.

Колледж базасында ұлттық ойындар тек Наурыз мерекесінде ғана ойнатылады. Көптеген атаулы күндерге орай көбіне футбол, волейбол, баскетбол ойындары ұйымдастырылады. Ал, сол ойындардың орнына неге ұлттық ойындарды ұйымдастыруды дәстүрге айналдырмасқа?!

Ең бастысы, өзге ұлтқа өзеуремей, өзіміздің ұлттық төл ойындарымыздың беделін көтере білсек болғаны.

В.А.Сухомлинскийдің сөзімен айтқанда «Ойынсыз ақыл-ойдың қалыпты дамуы да жоқ және болуы да мүмкін емес. Ойын дүниеге қарай үлкен жарық терезе іспетті, ол арқылы баланың рухани сезімі жасампаз өмірімен ұштасып, өзін қоршаған дүние туралы түсінік алады. Ойын дегеніміз ұшқын, білімге құмарлық пен еліктеудің маздап жанар оты». Қорыта айтқанда, ұлттық ойындар – ата-бабамыздан бізге келіп жеткен, өткен мен бүгінді байланыстыратын баға жетпес байлығымыз, асыл қазынамыз. Сондықтан оны үйренудің, күнделікті тұрмыста пайдаланудың заманымызға сай ұрпақ тәрбиелеуде пайдасы орасан зор. Ойын баланың алдынан өмірдің есігін ашып, оның шығармашылық қабілетін оятып, бүкіл өміріне ұштаса береді. Сонымен қатар ойын – тыныс кең, алысқа меңзейтін, ойдан-ойға жетелейтін, адамға қиял мен қанат бітіретін ғажайып нәрсе, ақыл-ой жетекшісі, денсаулық кепілі, өмір тынысы демекпін.

Сонау ғасырлар қойнауынан жаңа заманға сол қалпында жеткен ұлттық ойындарымызды өзіміз түгендемесек, кім түгендейді? Тәрбиелік мәні зор ұлттық ойындарымызды бүгінгі ұрпақтың бойына сіңіру жолында барлығымыз бір кісідей еңбек етейік. Сонда ғана болашақ ұрпақ ұлт тамырынан ажырамайды.

ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР

1. Құрманбаева С.К. Ұлттық ойындардың бүгіні мен келешегі / Қазақстан мектебі. - Алматы, 2004.

2. Несіпбаев Б.К. Ұлт мәдениеті мен өнері / Білім. - Алматы, 2003.

3. Атабаев А.С. Ұлттық ойындар - халық мұрасы /Ұлт тағылымы. – Алматы, 2006.

4. Наурызбаев Ж. Ұлттық мектептің ұлы мұраты / Ана тілі. - Алматы 1995.

5. Сағындықов Е. Қазақтың ұлттық ойындары / Оқулық. - Алматы, 1991.

6. Төтенаев Б. Қазақтың ұлттық ойындары / Оқулық. - Алматы, 1994.

7. Сыныптағы тәрбие /республикалық ғылыми - әдістемелік журнал - №4, 2012жыл



Ж О С П А Р Ы

І. КІРІСПЕ
ҚАЗАҚТЫҢ ҰЛТТЫҚ ОЙЫНДАРЫ-ХАЛҚЫМЫЗДЫҢ МӘДЕНИ АСЫЛ МҰРАСЫ
ІІ. НЕГІЗГІ БӨЛІМ
2.1 ҰЛТТЫҚ ОЙЫНДАРДЫҢ ТӘРБИЕЛІК МӘНІ
2.2. ҰЛТТЫҚ ОЙЫНДАРДЫҢ ТҮРЛЕРІ


    1. ҰЛТТЫҚ ОЙЫНДАР ТУРАЛЫ ӨЗ ІС – ТӘЖІРИБЕМНЕН


ІІІ. ҚОРЫТЫНДЫ
ҰЛТТЫҚ ОЙЫНДАР – АТА – БАБАМЫЗДАН КЕЛЕ ЖАТҚАН АСЫЛ ҚАЗЫНА
ІҮ. ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР

Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі

Қызылорда облысының білім басқармасы

Қазалы аграрлы – техникалық колледжі


«Үздік топ кураторы - 2013 » байқауы

ТАҚЫРЫБЫ:


ЖАС ҰРПАҚТЫ ТӘРБИЕЛЕУДЕГІ ҰЛТТЫҚ ОЙЫНДАРДЫҢ РӨЛІ МЕН МӘНІ

Медетова Арайлым Қарасайқызы

Информатика пәнінің оқытушысы

ҚАЗАЛЫ ҚАЛАСЫ, 2013

Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет