Сурет 15 – Ланцетниктер эмбриогенезі 1 – 5 - жұмыртқаның бөлшектенуі; 6 – бластула; 7-8 – гаструланың түзілуі; 9-13 – алғашқы органогенез.
Нерв түтігінің қалыптасуымен бірге ішкі ұрықтық жапырақшада да елеулі өзгерістер жүреді: одан бірте-бірте келешек ішкі мүшелердің материалдары бөлінеді. Хорданың бастамасы майысып, жалпы пластинкадан бөлінеді де ішінде қуысы жоқ тығыз цилиндр тәрізді жіпше күйінде хордаға айналады.
Хорданың пайда болуымен бір кезде мезодерманың оқшаулануы жүреді. Ланцетникте мезодерма энтероцельдік әдіспен пайда болады. Бұл әдісті алғаш рет А.О.Ковалевский жазған болатын. Мезодермалық қапшықтың қуысы целом немесе дененің екінші қуысы деп аталатын ерекше қуысқа айналады. Ішкі ұрықтық жапырақшаның екі жағынан іші қуыс қалта тәрізді өсінділердің түзілуімен басталады. Бірте-бірте өсіп энтодермадан бөлінеді. Мезодермалық қапшықтар тері эктодермасы мен энтодермалық ішек түтігінің арасын қуалап өсіп, ұрық орта сызығының шамасында түйіседі, түйіскен жері тесіліп оң және сол целомдар қосылады да біртұтас целомдық қуысқа айналады. Хорда мен мезодерма бөлініп жеке шыққаннан кейін энтодерманың шеттері түйісіп тұйық ішек түтігін құрайды. Осы процеспен бірге мезодерманың сегменттерге бөлінуі мен жіктелуі басталады. Оң және сол мезодермалық қалталар сегменттерге бөлінеді. Сегменттерге бөліну ұрықтың бас бөлімінен басталып құйрық бөліміне таралады. Сегменттер арқа бөлігі – сомиттерге және құрсақ бөлігі – спланхнотомға бөлінеді. Тұлға бұлшық еттері дамитын сомиттер бір - бірінен оқшауланған күйінде қалады, ал спланхнотомдар қосылып кетеді, бірақ қуысы (целом) сақталады. Ұрық өседі, ішек түтігінің бас бөлігінде ауызы, артқы ұшында аналь тесігі пайда болады. Ұрық личинкаға айналады. Ланцетниктердің личинкалық кезеңі үш айға созылады. Осы мерзімде органдардың дамуы мен ұлпалардың жіктелуі аяқталады, личинкадан бірте- бірте ересек жануар пайда болады.