Жертөледегі жазу



бет12/36
Дата06.02.2022
өлшемі5,73 Mb.
#34113
1   ...   8   9   10   11   12   13   14   15   ...   36
ОН БІРІНШІ ТАРАУ
ЖОЛБАРЫС ТЕРIСIН ЖАМЫЛҒАН «БАҺАДҮРЛЕР»
Кенет дыр еткен машина дыбысы естiлдi де, желке тұсына күркiреп кеп тоқтады. Үлкен машина. Сарт-сұрт есiк ашылып-жабылды. Iле қасат қарды қарш-қарш басқан аяқ дыбысы құлағын шақты. Бiреу емес, бiрнеше адам. Көрмесе де ту сыртымен сезiп жатыр. Нәлi қаққан керзi етiктiң өкшесiн қадап басып осылай қарай беттеп келедi. Жон арқасын жiгiнен сөгiп аяз қарып өттi. Қолға түскен көжектей тұлабойы дiр-дiр. Тұра зытқанмен, қуғыншы болса, адымын аштыра ма. Бәлкiм, бейсауыт бiреулер шығар өз бетiмен жүрген? Сөйткенше болған жоқ, дүрс-дүрс басқан керзi етiктер таптап өтердей төнiп келiп тоқтай қалды да:
– Ах, с-сука! – дедi шiңкiлдек дауыс кiжiне ысылдап. – Тығылған жерiн. Тұр, кәне жаныңның барында!
Ерiксiз жалт қараса, арықтың жиегiнде төне түсiп зiңгiттей-зiңгiттей үш жiгiт тұр қос мықынын таянып, Үстерiне әуе десантының жасыл теңбiл күртесiн киген. Сәбира көзi бақырайған күйi есiнен танып қалғандай. Тырп ете алса кәне. Құзғынның тұяғындай арбиған саусақтар шеңгелдей қысып, жатқан орнынан суырып алды, аш күшiкше қыңсылатып. Табанына тiк қонып үлгiрген жоқ, бiреуi «жүр!» деп желкесiнен түйiп кеп қалғанда етпетiнен омақасты. Үйiндiге басымен кiрiп кеттi ме, аузы-мұрнына қар кептелдi. Жалма-жан тұрам дей бергенде бiр жалпақ табан бөксесiнен жерге жапсыра басып, «тұр!» деп ақырды мазақ қылған дауыспен. Бiрi боқтап, бiрi шиқылдап күлiп мәз. Қыз не қыларын бiлмей қыстығып:
– Скотина!.. Ирод! – дедi көзiнен от шаша. «Қарды жентектеп ап бетiне персе ме екен мына иттiң? Бiрақ «мә, ұр» деп былшиған бетiн тосып тұрар деймiсiң!» Кеудесiн серпи көтерiп, құлашын сермеп қалды – алақан қыры керзi етiктiң қонышына сарт еттi. «Қара дiңгек» тапжылар емес. «Қиын қылдың» дегендей жымқырылған жұқа ерiннiң жiгi бiр бүлк еттi де қойды. Керзi етiк бiрақ, жаулап алған «жотасында» көп тұрақтаған жоқ, сырғып төмен түскен бойда тонның етегiне тұмсығын тығып төңкере серпiген. Көк юбканың астынан жiгiнен сөгiлiп бұлтиған қос дөңестi көрiп көзi шұбартқан пәтшағар: «Ничего!» дедi жабайылана күлiп. Ақ тонның етегiнен ақ құйын үйiре шиыршық атып ұшып тұрған қызға үш еркек үш жағынан қолын созды – бүргелi, шүйгелi келе жатқан құзғынның қанды шеңгелi. Бiрi алқымына, бiрi қолтығына, ендi бiрi шашана жармасты шап берiп. Сәнге бiткен қайран қара шашы сор болды. Тарақ батпай қобыраған қалың шашты өрiп-баптау бiр азап, өзге қыздар сияқты шолтиып желкеден қиып тастауға сан рет оқталғанда апасының: «балам, ақымақтық жасап, шашыңды кеспе, бағың қайтады» дегенi қолбайлау болған. Сөйтсе, мiне, бағы емес, сорына сақтап келiптi ғой! Сары жендет жiбектей төгiлген сүмбiл шашын бiлегiне шиыршықтай орап, жұлқа тартқанда аяз буған көк аспанға сансыз жұлдыз ойнап шыға келдi. Жо-жоқ, кiшi бесiнде адасқан қайдағы жұлдыз. Бұл оның көзiнiң оты едi жарқ етiп шашыраған. «Жiберiңдер, өзiм жүрем!» дедi шыңғырып. Әрине, өзi жүретiнiн, жәй жүрмей, құрдай жорғалайтынын бiледi. Бiрақ неге жiберсiн. Оларға жұлмалап-жұлқып қорлау керек қой. Әйтпесе көңiл көншiп, айыз қана ма! Мысық екеш мысықтың өзi тырнағына iлiккен тышқанды бiрден мыти салмай, бiр қоя берiп, бiр ұстап, ана бейшараның қалтырап зәресi ұшқанын көрiп әбден азаптап барып жөнелтетiн жерiне жөнелтпей ме. Оның жаныңда бұлар жолбарыс емес пе – үстерiнде теңбiл-теңбiл сарыжағал күрте. Жо-жоқ, жолбарыс терiсiн жамылған «батырлар!» Дырылдатып сүйреген күйi темiр қорапты машинаның артқы есiгiне атты да жiбердi, құм толтырған қаптай. Сырғып барып қарақұсымен iргенi сарт сүзген. Көзi қарауытып, құлағы шыңылдап кеттi. Қалың шаш пен тонның жағасы болмағанда миы аузына түсер ме едi, лақ етiп.
Ала-көлеңкеге көзi үйренiп, айналасы айқындалған сәтте назары еденге түсiп едi, басының зеңiгенiн тарс ұмытып, безгек буғандай тұлабойы қалшылдап қоя бердi. Тақтайдың бетi жоса-жоса жұққан қан. Әлi кеппеген. Ұзынды-қысқалы қара шаш. Шегенiң басы, тақтайдың жарығына iлiнiп, сырттан ескен лепке желп-желп етедi.
Көкiрегiнде бас көтерген небiр сойқанды күдiктi бетбақтырмай қуып, «суға кеткен тал қармайдының» керiмен, «бәлкiм ағызып-тамызып жаңа сойылған малдың етiн тасыды ма екен, мынау шаш емес, жылқының жал-құйрығынан түскен қыл-қыбыр шығар?» деп өзiн-өзi алдарқатып әлек.
Салдыр-күлдiр есiк жабылды. Бұның жүйкесiн тырнаған қанжоса еденнiң бетiн лақ етiп көлеңке шайды. Бiрақ көз бедерiндегi сурет өшер емес. Санасын үрей буып, жанбастай жылжыған күйi бұрышқа тығылды. Қол созымдағы кiр тұтқан, ұлтарақтай ғана сопақша терезеден сыздықтаған өлiмшi жарықтан қорап iшi емiс-емiс бұлаңытады. Қаңылтырмен қапталған жып-жылмағай қабырғадан басқа көз тұрақтар тұлдыр жоқ. Аузы-мұрны бiтеу темiр табыт. Табан асты солқ-солқ етiп, арлы-берлi теңселе жөнелгенде, «мына құрғыр дыбыссыз жүрiп бара ма, әлде құлағым бiтелiп қалды ма?» деп ойлаған. Сөйтсе кабинаға сығылыса мiнiп жатқандардың салмағының дүмпуi екен. Iле алдыңғы жақтан бас сиярдай кiшкене қақпақ ашылды да, жарықпен жарыса темекiнiң ащы иiсi iшке лап қойды. Мотор от алды. Қыздың сақылдаған тiсiн одан ары сақылдатып машинаның алып денесi қалшылдап қоя бердi. Рульдегi отырған қушық жаурынды қалпағын желкесiне қарай ысырып, қасындағыға иек қақты: – Ну, куда прикажешь? Опять туда что ли... в яму? Иә, қайда бұйырасың? Тағы да анда апарамыз ба... шұңқырға?
– Нет, мусора мало! Жоқ, қоқсық аз! – деп анау, «қалай тауып айттым ә» деген кiсiше, шоферға бұрылмай, оң жақтағыны бас-көз жоқ иықтан салып қалып, өз-өзiнен дарылдай күлдi. Сонан соң: – Между прочем, мордочка ничего! Былай, өңi тәуiр екен! – дедi дауысын құбылтып.
– Не только там!.. Басқа жерi де жаман емес!.. – Бағанағы жәдiгөй шiңкiл шәңк етiп, таңдайындағы тәттiсi ерiп бара жатқандай тамсанып қойды.
– Пойдет!.. Жарап тұр.
Одан арғы сөз құлағына жеткен жоқ, машина ышқына гүрiлдеп, оңды-соңды шайқалақтап кеттi.
«Мыналардiкi не сандырақ? «Шұңқыр», «Қоқсық» дейдi. Сонда қоқыс таситын машинаға салып алып келе ме?» Өз-өзiнен жиiркенiп, лоқсып құса жаздасын. Танауын делдитiп, сескене иiс тартып көрiп едi, ондай секемдi ештеңе сезiлмейдi. Түсiнсе бұйырмасын. Әлде өздерi ғана ұғар әскери атау ма екен. Асылы, солай шығар. Әйтпесе, «шұңқыр», «қоқыстың» бұл жерде не қатысы бар? Ойы ойран-ботқа. Құйғытқан машина көше-көшенi қуалап бұрылған сайын еден бетiмен сырғып барып, бiресе ана бұрышқа, бiресе мына бұрышқа соғылады. Қарманарлық тұлдыр жоқ. Жандәрмен сипаланғанда қаңылтырдың шетi мен тақтайдың жаңқасы сойып көбесi дал-дұл. Ми шаққан сан алуан сауал адыра қалған. Қараңғыда дамылсыз шайқаудан басы шыркөбелек айналып, қолқасын суыра лоқсып-лоқсып жiбердi...


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   8   9   10   11   12   13   14   15   ...   36




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет