Жылдардағы ашаршылық куәгерлері сөйлейді Алматы, 2016



бет7/7
Дата15.12.2016
өлшемі5,61 Mb.
#3872
1   2   3   4   5   6   7

Егеубаев Жақсылықбай
Егеубаев Жақсылықбай 1921-ші жылы 19-шы мамырда қазіргі Алматы облысы Кербұлақ ауданының Жоламан ауылында дүниеге келген екен. Атамыз басынан кешкен қиыншылықтарды былай әңгімелейді.

- Әкем тоғыз ағайынды еді. Ал әкемізден біз Бейсембай, Жақсылықбай, Орымбай, Қатымтай, Бөрібай атты бес ұл мен Қыдырбике атты қыз болып тудық.

1928 жылдың жаймашуақ күндері ел ішіндегі байларды кәмпескелеу науқаны қызу жүргізілді. Кәмпескеге ілінетіндердің ішінде ел билеген байлар мен билер, болыстар мен старшындер, сол кездегі әл-ауқаттылар бар. Мен 8 жасымда едім, әкем де кәмпескеге ілініп, мал-мүлкімізден айырылдық.

Әкемнің екі бауыры Кербұлақ ауданындағы Бостан ауылында тұратын. Біз сол ауылға көшетін болып жолға шықтық. Жолда келе жатқанымызда Қыдырбике атты қарындасымыз қатты ауырып, қайтыс болды. Біз жолда қарындасымызды жерледік те ары қарай жүре бердік...

Бостан ауылына да жеттік. Байлардан алынған мал- мүлік белсенділер арқылы колхозшыларға, үкіметке тапсырылды. Бірақ «тапсырылды» деген атақ қана, жырындылардың пайдасына шешіліп, орынсыз, жүйесіз ит рәсуәға ұшырады. «Мұртқа өкпелеп жүргенде, сақал шықты», «Жығылғанның үстіне жұдырық» дегендей 1930-шы жылы бай-кедей демей қазақ елінен ет салығы алынды, мал құны топыраққа айналды. Диқаншылықты кәсіп етіп, жер емшегін емуді енді пайдаланып келе жатқан қазақ үшін малдан айырылу - жаннан айырылумен бірдей болды.

1931-ші жылы мен 10 жаста едім. Ауылдағы ел- жұрт көшіп, Қытай асып кетіп жатты. Біздің әкемізді бауырларымен бірге кеңес үкіметінің белсенділері келіп, «Сендер бидай, мал сатасыңдар!» деп айыптап, « абақтыға жабамыз» деп алып кетті, - деп Жаксылықбай қария терең күрсініп алды.

- Е, балам,- деп әңгімесін қайта бастады шал бірер уақыттан кейін. Біз – шешем, бауырларым – сөйтіп аш қалдық. Шешем байқұс ағам екеуі ертеден қара кешке дейін табандары тілім-тілім болып, масақ теріп әкелетін. Біз олардың алдыларынан шырылдап жүгіріп шығатынбыз...

Мен үйде үш ініме қарап қалатынмын. Бір күні Қатымтай мен Бөрібай катты аштықтан науқастанып шыдамай қайтыс болды. Біз сол жерге екі інімді жерледік...

Адамдар ашыққаннан бірін бірі жеді. Аштықтан қырылған адам сүйектері әр жерде шашылып жатты. Жеуге ештеңе таппағандықтан шөптердің тамырларын кеміріп жеген күндеріміз де болды... Мың өліп, мың тірілген қазағым осындай күндерді де бастан өткерген! - деп өткен өмірін есіне түсірген қарияның жүрегі елжіреп көзіне жас келді.

- Мұндай ашаршылық сендердің бастарыңа бермесін! - деп қарт сөзін аяқтады.

Жазып алған

Асанов Асқар,

Ө.А.Жолдасбеков атындағы экономика

және құқық академиясының 228-ші топ студенті
Сағымбаев Ыбырай
Күләш тәте марқұм әкесі Сағымбаев Ыбырайдың әңгімесін былай баяндайды:

- «Басымызға ашаршылықтың қиың жылдары түскенде жасым он жеті жаста еді», – деген екен Ыбырай ата Күләш тәтеге.

«Әкем белгісіз жоғалып кеткенде, одан он шақты қой, екі жылқы қалған еді. Шешем екеуміз оларды арман қарай асырауға шамамыз жетпеді. Інілерім Ерболат пен Еркебұлан ол кезде 4-6 жаста болған. Шынымды айтсам қолымда бар мал ұрланған соң әйтеуір аштықтан өлмес үшін тамақ табу мүмкіндігі өте аз еді.

Көп ұзамай екі інім де көз жұмды. Біреуге жем болмасын деп ауыл сыртына өз қолыммен көмгенмін. Өмірімнің соңғы күніне дейін ұмытпаймын: Ерболат пен Еркебұланның денелері көмілген жерлерінен ертеңгі күні жоқ болып кетті. Осы көрініс көз алдымда мәңгілік қалды. Осыны түсімде көріп, шошып оянған түндерім осы күнге дейін сансыз болды. Денелерінің қайда кеткенің бір Аллаһ тағала біледі...

Күләш, қызым менің, егер олар аман қалғандай болса, қазір сенде екі ағаң болар еді.»деп әңгіме айтқан Күләш тәтеге.
Жазып алған

Есболов Мақсат,

Ө.А.Жолдасбеков атындағы экономика

және құқық академиясының «Қаржы»

мамандығының 213- топ студенті
Тоқбайқызы Күлжәмилә
«Ұлы жұт» Алматы облысы, Қаратал ауданы, Көпбірлік ауылына да жеткен. Сол нәубетті өз көзімен көрген ауыл тұрғыны Тоқбайқызы Күлжәмилә (1920 жылы туған, 2007 жылы қайтыс болған) апамның баяндап берген әңгімесі келесідей.

- Ол жылдары 11 жасқа шыққан кезім еді...

Сол кезде «Асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын!» деген ұран тастап, өкімет бүкіл ауылдардың малдарын айдап алып кетіп жатты. Сөйтіп аз ғана уақыт ішінде халық ауыр жағдайға ұшырады...

Қыс кезі болатын. Ел көрші ауылдардағы туыс-туысқандарымен қатынас жасап жүріп, нан сұрап әкеп жеп жүрді. Қарақұм мен Көпбірлік арасында ат шанамен қатынас бар. Ары-бері жүргендер жол бойында аштықтың зардабынан өлгендерді шанаға салып, ауылға әкеп тастап кететін. Бір күні тіпті теңіз үстінде мұз болып қатып қалған кемпірді де әкелгені есімде. Әрбір өлікті көрген сайын елдің зәре құты қалмады. Тіпті далаға шығудан қалдық. Үйлердің өзінен де қаншама өлік шығып жататын!..

Бірде апам колхоз бастығынан жылап жүріп, бір дорба бидай сұрап әкелді. Сол дорбадағы бидайды диірменге салып, бір мезгіл аш қарын ашықпасын деп бізге беріп отырды. Соны біраз қорек қылдық...

Бір күні көрші ауыл Байшегірге кеткен көрші ағаның ашыққан балаларымен сол дорбаның ұнын бөліп жеуімізге тура келді. Бір жеті өтті ме, өтпеді ме - әкелері де келді-ау, әйтеуір. Алайда балалары әкесін көріп, шошып кетті. Әкелерінің түрінен түр қалмаған, бет ауызы домбығып, ісіп кеткен. Келе сала ол біздің есік алдына құлады. Оған апам ыстық шай беріп, әрең есін жинатты. Әйелі:

- Нағашыңнан бір нәрсе таба алдың ба? – деп сұрады.

- Үйіне барсам, жып – жылы от жағылған екен,- деп әңгімесін бастады көрші. - Мені көріп нағашым қуанып кетті. Үйі толған ет, қабырға-қабырғасымен бөлінген еттер тіз қатарынан ілініп тұр екен. Бейне бір аштық сол үйден айналып кеткендей. Нағашым: «Отыр, шай іш!», - деді. Шешініп, пештің жанына жылынайын деп барып едім, арғы үйден қанға шалынған екі адамның басын көрдім. Көзім шарасынан шығып кете жаздады, шошып кеттім. Есімді дереу жинап алдым, бәрін де түсіне қойдым. «Далаға шығып келейін» деп сыртқа қалай шыққанымды да білмей қалдым. Зәре-құтым қалмай, жолға түсіп алып, жүре беріппін, - деп көрші әңгімесін аяқтады.

Сөйтсе нағашысы адам етін жеп күнелткен екен. Сондай қиыншылық кездер өтіп жатты...

Бір күні әкем төсек тартып, жатып қалды. Тіпті сөйлеуге шамасы келмеді. Бұл аздай, қиыншылық үсті-үстіне жабыла бастады. Шешемнің көзінен жас тоқтамады. Күн көрісіміз күннен күнге қиындады. Нан тауып әкеп беріп отырған жалғыз әкемізден бір күнде-ақ айырылдық. Жылап-сықтап, қолы қалтыраған шешем екеуміз қораның артынан жер қазып, әкемізді жерледік...

Бүкіл ауыл теңіз бетіне қаптап жабылып, балық аулайтын. Теңіз беті жыпырлаған ел. Әсіресе еркек атаулы теңіз жағасынан шықпайтын кезі еді. Майда шабақтарды ұстап келетін. Біздің аштыққа шыдамағанымызды көріп, шешеміз теңізге шықты. Теңізде ау салып, бір-екі балық аулағанына қуанып, қазанға салып, сорпасын беріп бір тойғызатын. Итшілеп жүріп, шешемізге көмектесу үшін көл жағасына баратынбыз. Сонда жолшыбай әне жерде де, мына жерде өліп жатқан адамдарды көреміз, кейбір шамасы келгендер өліктердің бетін таспен жасырған болады. Көздері жәудіреп, жүруге шамалары келмей қалғандар қаншама десеңізші!.. Еркегі кім, әйелі кім екені белгісіз.

Сол жылдары адамдар аш қасқырмен тең болды. Аштықтың кесірінен теңіз бетінде балыққа таласып, қан жаласып жатқан кездері де болды. Елдің ит-мысық жеген күндері де болды. Ал тірі қалғандардың аштықтан әлсірегендігі сонша өліктерді жерлеуге шамасы келмеді.

Көктем шыққан кезде жер-жерден өлік иісі шыға бастады. Ауылдың әлсіреп біткен кезі еді. Әлі жеткендер шет жақтарға, аудан-қалаларға, тіпті Қытайға көшіп жатты. Сондай сұрапыл кезеңдерде комсомол құтқарушылар келіп, қысты күні әлсіреп жетім қалған балаларды ат шанаға киізге орап отырғызып, аудан орталығына алып кетіп жататын. Оларды аудан орталығындағы панасыздар үйіне апарып орналастырады. Ал ол жерде жататын төсек жоқ...

Сол әкелген киізге төрт бала жаттық. Панасыздар үйіне барып, бір күні ауырып, ауруханаға жатып қалдым. Қанша күн өткенін білмедім, әйтеуір есімді жинағанда, аяқ алыссыз жатқан балаларды көрдім. Кейбір балалар «Өліп барамын, бір уыс сұлы берші, апа!» деп сандырақтап жатады.

Сол бір жылы аштықтан өлудің үш түрі болды:

  1. Үйінен шыға алмай жүріп кету;

  2. Ауыл ішіндегі үйлерден қайыр сұрап жүріп, көшеде өлу;

  3. Адамдардың әбден қалжырап, «Пәлен жерде жекжатым бар, аман қалармын!» деген үмітпен үйден шығып, жолда жан тапсыруы.

Бүгінде ойлап отырсам, сол ашаршылық алапаттың Голощекиннің бүкіл бір халыққа қастандықпен жасаған жауыздық әрекеті екен.
Жазып алған

Ишамбаева Әсем,

Ө.А.Жолдасбеков атындағы

экономика және құқық академиясының

1-курс студенті
Нұрсая Үлкенбайқызы
Біз ағам екеуміз ғана әкеміздің көп баласы ішінен жалғыз қалдық. Әкем Үлкенбай Балхаш ауданының ірі байларының бірі болатын. Үйде сегіз бала болатын: үш қыз, бес ұл, соның ішіндегі ең кенжесі менен кейінгі інім Ілияс еді.

Үйімізде күнде қонақ, жора-жолдастар жиналатын. Әкемнің мәртебесі сондай биік еді, оның байлығына емес, адамгершілігіне достары дән риза болатын.

1929 жылы інім Ілияс дүниеге келгенде, әкем той жасапты, бірақ анамның айтуынша, әкем ұл туғанына риза болған жоқ екен: «Әттең, қыз туғанда ғой, мен әлі де бақытты өмір сүруші едім!.. Енді бала кезімде маған ашқан балдың шындығы шығады ғой». Анам алдында бұл сөзді түсінбепті...

1930 жылы мен бес жаста болатынмын, «біз бір жаққа көшеміз» деген сыбысты ағаларымнан естідім. Ол кезде екі әпкем де тұрмыс құрып, басқа үйлердің түтінін түтетіп отырған. Кешке апыр-топыр етіп әкемнің ағасы Жеңіс келді үйге. Ағаларыма, анама бір жай туралы айтты, анам құлай түсіп жылады. Ағаларым Тілек, Сағи киім-кешектерді жинай бастады, Нұрмұхамбет пен Бауыржан далаға шығып, жолға шығар аттарды дайындай бастады.

Мен анама жүгіріп келдім, анам інім екеумізді құшақтап қатты жылады. «Апа, не болды, неге жылап отырсың?» - деп сұрадым. Анам маған: «Балаларым, бізге кету керек, бір қолайсыз жағдай болды», - деп жауап бере салды. Сөйтіп, қайда, не үшін кетіп бара жатқанымызды түсінбей-ақ қойдым. Далаға шығып, арбаға отырғанымызда, үлкен ағаларым Тілек пен Бауыржан «Біз ертең кездесеміз», деп анамыздың батасын алып, менің маңдайымнан сипап, иіскеп кетті.

Түнде бір қораға келдік, жерге қарасам, үйдегідей оюлы сырмақ та, киіз де жоқ. Мен әбден жылы, жұмсақ төсекте жатып үйренгенмін, «ұйықтамаймын» деп, жылап отырып алдым. Жылай-жылай, шаршағаннан ұйықтап қалыппын...

Мен біреулердің жылаған дауыстарын естіп ояндым. Қарасам, Нұрмұхамбет пен Сағи екеуі ешкім естімесін дегендей ауыздарын жауып жылап отыр екен. «Әкетай, сенсіз қалай боламыз, не істедің соншама, бар жаманшылығың тек адам болып, еліңе көмектескенің бе?!», - деп әкемізді жоқтағанын естіп қалдым. Сол кезде «алтыным, балам» деген сөздерін естімеймін, құшағында еркелеп жатпаймын-ау енді деген сияқты көптеген жайсыз ойлар басыма орала кетті. Не істерімді білмей, шар етіп жылап жібердім... Анам мен ағаларым шошып оянып, қасыма келді. «Әкемді неге жоқтап отырсыңдар?», - деп олардан сұрағанда, «Үйде жалғыз қызсың ғой, саған әкеміздің енді болмайтынын қалай айтамыз?» - деп жауап берді ағаларым.

Түніменен жылап, таң ата көзімді ашсам, қайта жолға шығыппыз. Түске таман Тілек ағам келіп: «Апа, Бауыржанды сақтай алмадым, кешір!» - деді. Менің жүрегім жарыла түсті: «Арамыздан тағы да біреуіміздің кеткені ме? Не болып жатыр, неге қашып бара жатырмыз, неге әкем кетті, неге енді Бауыржанды жоқтап отырсыңдар?» - деп жылап сұрадым. Сонда бар шындықты Тілек ағам айтты: «Біз бай болдық, бізді көре алмады. Солдаттар келіп, әкемізді атып, барлық малымызды айдап кетті». Сол кезден-ақ мен осындай өмірді де, солдаттарды да жек көріп кеттім.

Күндер өтіп жатыр. Қашып келеміз. Қораларда ұйықтаймыз, кейде далада да қонып қалатын күндеріміз болды. Бір түнде бізді екі рет тонап кетті, алдымен киім-кешегімізді, кейін астымыздағы аттарды да алып кетті. Ағаларым бізді барынша қорғады, бірақ қорғаймын деп жүріп Нұрмұхамбет жарақаттанды.

Ашпыз. Ыстық тамақ, нан дегенді ұмыттық...

Бір күні таңертең тұрсам, қар жауып тұр екен. Көз алдыма әкем мен ағаларымның қар түскенде ойнағаны баяу сурет болып өте шықты...

Сол түні інім Ілияс көз жұмды. Оны сол жатқан жерінде көміп кеттік. Артынан Сағи ағам ауыра бастады, сол кезде ол он жаста болатын, күнде жөтелетін. Осындай жағдайларды көре тұра, көзіме жас келе береді. Іштей сезгенім болар, «енді Сағи кетеді» деген ойда болдым.

Көп жол жүрдік, уақыт өтіп жатыр. Бір тоғайға жақындадық, ар жағы үлкен тау. Бұл таудың арғы беті Қытай екен. Тілек пен Нұрмұхамбет Сағиды көтеріп жүретін, оны күнде «Таудың ар жағына жетсек, сені емдеп алармыз, шыдашы», - деп жұбататын. Бірақ тағдыр мұндай үмітке жол бермеді. Қыстың ортасында ағам Сағи көз жұмды...

Қытайдың шекарасынан өтерде қатты боран соқты, жазық далада артымыздан қасқырлар қуды. Тілек ағам мені көтеріп алып, артына қарамай жүгіре жөнелді. Артымыздан анамның «Қаш, балам, мені таста!» - деген сөзін естідім. Артыма қарасам, Нұрмұхамбет анамды сүйреп келеді екен. Қар қалың, қатты жел соғып тұр. Мен «Тоқта, апама барайық!» - дедім. «Таң атысымен апамызды да, Нұрмұхамбетті де алып келеміз, ант етемін!», - деп ентіге айғай салды Тілек.

Мен оның осы сөздеріне қатты сендім, себебі әкеміз «Ант берген адам әрқашан да сөзінде тұру керек, ал тұрмаса, оның өлгені!» дегені есімде болатын. Екеуміз бір үңгірге тығылдық, суық белімнен өтіп кетті, аяғымнан бір етігім жерге түсіп қалған екен. Түнімен ұйықтай алмадық, таңға жуық ағамның көзі ілініп кеткен екен. Мен аяғыма кеудешемді орап, апамдарды іздеуге шықтым.

Мен үшін жүрген жол ұзақ болып көрінді, бірақ сонда да «Нұрсая!» деп айқайлаған ағамның даусы шықты, артыма қарай салсам, Тілек ағам жүгіріп келеді екен. Қасыма жеткенше бірнеше рет құлап, үсті-басы қар-қар болып, ақшақарға ұқсап кетті. Мен түріне қарап күліп жібердім, ал ол ыза болғаны соншалық мені қағып жіберді. «Сені жоғалтып аламын ба деп қатты қорықтым, саған жеткенше жол бітпей қойды ғой!» - деп дір-дір еткен ағам мені қатты құшақтап, жылап жіберді. Апаларды қалдырған жерге келдік, жүрген жерді қар басып тастаған. Ешкімді таппадық. Тілек аға «Кеттік!» деді, ал мен «Берген антың қайда?» деп жылай бастадым, түк шықпады. Оларды көреміз деген үмітіміз үзілді...

Түнеп шыққан үңгірге қайтып барсақ, ішінде Нұрмұхамбет ағамыз бүрісіп жатыр екен. Ағамды көргенде, қатты қуандым, көре сала бас салып бетіне сүйейін деп едім, алдында пышақ тиген жарақатына тағы да қасқырлар із салып кетіпті, сол қолының бұлшық етін жұлып алыпты. Тілек ағам көйлегін шешіп, жыртып, Нұрмұхамбеттің жарасын байлады. Шөлдегенім соншалықты, Тілек маған қар жегізді. Жарақаттанған Нұрмұхамбеттің ыстығы көтеріліп, ол қайта-қайта қарға аунады. Бізбен мүлдем сөйлеспеді, тілін жұтып алғандай болды...

Тау етектерінен өткенімізде, «Қытайға келдік!» деп Тілек мәз болды.- «Енді бізде барлығы да дұрысталады!». Апамды өлердей жақсы көретін Нұрмұхамбет: «Апамды қасқырға жегіздіңдер, қайдан жақсы болар?! Нұрсаяны алып, әрі қарай өздерің барыңдар, мен әкеме, бауырларыма қайтамын!» деп кері бұрылды да, есінен танып, жерге құлады. Тілек ағам Нұрмұхамбетті арқасына алып, мені қолымнан жетектеп, алға қарай жөнелді.

Сөйтіп, Қытайдың бір жайлауына да жеттік. Бұл жерде де оңып тұрған қалың ел жоқ, бірен-саран жанұя отыр екен. Адам жүзін көріп, көзім ашыла бастады. Нұрмұхамбетті осы маңайдың молдасына көрсеттік. Қолында ісік ауруы пайда болыпты. Көршілеріміз қытайлар еді. Нұрмұхамбетті емдеу үшін Боротола қаласына жіберді. Қолындағының барын беріп, аттарын ұсынды. Жолға шығардың алдында екі ай бойы сол жерді мекендедік. Қазақ сияқты киіз үйде тұрады екен, бізге бөліп бергені екі қанатты үй еді.

Боротолаға бардық. Тілек ағам сауатты адам болатын. Арабша білетін, ол аудандық мектепке бастауыш сыныптың мұғалімі болып орналасты. Сол кезден бері араб жазуын танимын, бірақ әлі күнге дейін кирил әрпімен жазуды білмеймін. Ал Нұрмұхамбетке ем жүрмеді. Бір күні Тілек үшеуміз тамыр ұстайтын дәрігерге бардық, оның айтқаны: «Азар болса, бір-екі ай өмір сүреді, бұл баланың дерті қиын: бауыр құрты», - деді. Шынында да, екі жұма төрт күннен кейін, ағам көз жұмды...

Осылайша біз өз елімізден безген қашқын болдық. 1945 жылы елімізге, әкеміз, ағаларымыз жатқан жерге ораламыз деп шештік. Осыншама жыл өтсе де, Тілек ағам әкемнің ағаларын және басқа да туыстарды іздеумен болды.

Жазып алған

Аитов Айдын,

Ө.А.Жолдасбеков атындағы

экономика және құқық академиясы

студенті

Қапсаланов Нұрболат
Мен бұл әңгімені құрбым Шагирова Бақытгүлден «сонау алапат, сұрапыл жылдары өмір сүру маңдайына жазған нағашы атам Қапсаланов Нұрболат ақсақалдың басынан кешкендері» деп естідім.

«Менің атам Қапсаланов Нұрболат Ақсу ауданы, Көкжайдақ ауылында 1915 жылы өмірге келіп, 1988 жылы сол ауылда қайтыс болған. Ол кісінің бір інісі, екі қарындасы болған екен. Әке-шешесі азын-аулақ малдары бар, орта тірліктегі адамдар болыпты.

Осынау зобалаң заман келгенде, кеңес үкіметі малдарын тартып алыпты. Әкесі бір жылқы, сиыр-ешкіні әзер дегенде тығып, бас сауғалап, Қытай жаққа бет алыпты. Дала аптап ыстық, жан-жағында ашаршылықтан жүдеп жадаған жас-кәрі, айнала төмпештен-төмпешке айналған адам сүйектері. Қапыда шаршап ұйықтап кетіп, балалары жоғалтып, енді күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айрылған ата-аналар қаншама еді. Балаларын іздеуге мұршалары да жоқ. Әйтеуір, алдыға жылжи берсек, болашақ болады деген үмітпен жүре берген, жүре берген...

- «Қарасаң, жан түршігеді...» деп айтушы еді атам марқұм...

Ондайлардың ішінде атам да өз жанұясымен ілгері жүріп отырған.

Жолда төртеуі анасының берген бір құртын кезек-кезек сорып, соған тойғандай мәз болады екен. Күндердің күнінде анасы мен қарындастары аштық пен жол ауыртпалығына шыдай алмай, қайтыс болады. Тірі қалғандары оларды жолдың бойына жерлеп, жылай-жылай кете барған. Сөйтіп бұлар әбден титықтаса да, аман-есен Қытайдың бір ауылына да келіп жеткен екен. Барған соң, елмен бірге қиыншылық көріп, тіл үйреніп, аздап жан бағуға кіріскен. Талай азап, ашаршылық көрген атамыздың әкесі үш айдан соң дүниеден қайтыпты. Ол кісі өлер алдында «Бір-біріңнен көз жазып қалмаңдар, тірі болсаңдар туған жерлеріңе, атамекенге қайтыңдар, менің моламнан топырақ алып Отаныма ала барыңдар, аналарыңа, қарындастарыңа Құран бағыштаңдар!» - деп аманат еткен екен...

Марқұм нағашы атам тірі кезінде: «Нанды қадірлеңдер, қастерлеңдер! Біздің көргенімізді сендердің бастарыңа ешқашан бермесін! Әрқашан молшылықта, тоқтықта, өз Отаныңда өмір сүруге жазсын!» деп тілеп отырушы еді, жарықтық.

Жазып алған

Өмірзақова Гүлім
Ө.А.Жолдасбеков атындағы

экономика және құқық академиясы

студенті

Тойшыманова Бақшагүл

(Ақсу ауданы, Сағабүйен ауылы)
Сағабүйен ауылында ашаршылық құрбандарына арналған ескерткіш бар. Бұл ескерткішті орнатқан «Темірлан» шаруа қожалығының төрайымы, бүгінде марқұм болған Әкімова Еркежан еді. Ескерткіштің тасына мынадай сөздер қашалып жазылған: «Бұл жерде 1931-33 жылдары ашаршылық құрбандары жерленген. «Темірлан» шаруа қожалығының төрайымы Әкімқызы Еркежан орнатты. 31.05.2002».




Бұл жерде сонау 30-жылдары жетім балаларға арналған мектеп-интернат ашылған екен. Мал-мүлкін тартып алғаннан соң жаппай қырылған ауыл адамдарынан қалған жетім балалардың паналайтын орны осы интернат еді.

Интернатты да аждаһадай аранын ашқан ажал оты шырмаған. Мұндағы балаларға да аштық келіп жетіпті. Не істерін білмеген интернат қызметкерлері Бүйен өзенінен балық сүзіп, соны балаларға қайнатып беріп, жүректерін жалғапты. Қандай қиындық көрсе де, мұғалімдер мен тәрбиешілер қайсарлық пен табандылық көрсетіп, аштықпен күресіпті. Алайда бүткіл елді жаппай жайлаған аштық интернаттағы қызметкерлер мен балаларды да алып жеді.

Сондай ұстаздардың бірі 50 жылға жуық ұстаздық еңбек жасаған, Ұлы Отан соғысының ардагері Нұрмұханбет Тұрғанбаев атай еді (зейнеткерлікке шығып, кейіннен қайтыс болған).

Ол кісі өз көзімен көрген балалар үйіндегі жан түршігерлік оқиғаларды баяндағанда, көзінен жас тамшылайтын. Аштықтан талықсып өліп бара жатқан сәбилердің жүзіне қарау мүмкін еместігін айтатын. «Әлі күнге дейін тұла бойым түршігеді: интернат жанындағы сайға өлген балалардың денесін топырақпен жасыруға әрең шамамыз келетін. Дәл осы жерде 96 бейкүнә кішкентай ұл-қыздарымыздың сүйегі жатыр»,- деп көрсетіп кетіп еді қарт ұстаз.
Баяхметова Күләш
Ал мына сұқбат Сағабүйен ауылының тұрғыны Баяхметова Күләш апайдан жазылып алынды. Ашаршылық жылдарында ауылымызда жетім балалар үйі болған. Ол үйде шамамен 96 бала болған деседі. Ол үйдің жетекшісі Нұрмұханбет Тұрғанбаев (немесе Тұрғанбек Нұрмұхамбетов) деген кісі болыпты.

Ашаршылық жылдарында сол балалардың бәрі дерлік қайтыс болғанын және Нұрмұханбет балаларды өз қолымен көмгендігі туралы әңгімені ауылдың көп тұрғындары біледі екен. Кейінірек ауылдың кейбір адамдары әрілі-берілі жүргенде, сол жерде балалардың жылағаны мен жанған отты көргендерін айтқан.

Күләш апай бірде осы оқиғаларды өзінің жиен сіңлісі Әкімова Еркежан деген кісіге айтады. Еркежан жеке шаруашылық қожалығының төрайымы болған. 2003 жылы ол кісі ауылда сол балаларға арнап ескерткіш орнатыпты. Ескерткіштің ашылу салтанатына мектеп оқушылары, ауыл тұрғындары және Ақсу ауданының әкімі де қатысқан еді. Ал Күләш апай бір-екі жыл сол жерде наурыз айларында көк көже жасап, Ашаршылықта қаза болған балалардың рухына арнап Құран оқытып, жеті нан таратып тұрады.
Жазып алған

Әбдікеров Жандос

Ө.А.Жолдасбеков атындағы

экономика және құқық академиясы

студенті
Сәлімбеков Бисеке Ыбырайұлы
Сарқан қаласының тұрғыны Сәлімбекова Баян Сүйіншәліқызы апай өзінің күйеуі Сәлімбеков Бисеке Ыбырайұлының (1911жылы туған) басынан өткенін келесідей әңгімелеп берді.

Ашаршылық кезінде Бисекенің әкесі Ыбырай Ақсу ауданының Талас ауылында қоймада күзетші болған екен. Сол жұмыста әкесі қабырғаның саңлауынан сым темірмен бидай тартып, шелектеп жинап алып, сонымен күн көрудің айласын тапқан екен. Осының арқасында жанұясын ашаршылықтан аман қалдырған.

Сол кездерде Бисеке басқа кісілермен бірігіп, аштан өлген адамдардың сүйектерін Сарқанд қаласының көше-көшесінен жинап, көлікке тиеп, айдалаға шұңқырға апарып төкгеді екен. Адамдар аштықтан тышқан да аулап жеген. Бұл жылдары аштықпен қоса шешек, қылша ауруларынан әсіресе бала-шаға қырылып жатты.

Бисекенің әкесінің бәйбішесінен туған Ербосынды бай баласы деп өкімет түрмеге жапқан екен. Осы ағасына қарайлап, Бисеке ешқайда кете алмай, екі жыл елде жүріп қалады. Бисекенің әпкесі де бауырларын қимай, ешқайда бармаған да, ал жездесі болса сол кезде Қытай асып екі рет жол жүріп қайтқан. Қытайда ашаршылықтың болмағанын, ол жердегі қазақтардың жағдайлары жақсы екенін көріп, оны өз жанұясы мен жақындарына айтқан екен.

Содан кейін алты отбасы бар азығын, киімдерін алып, ұзақ жолға шыққан. Бисеке терең сулардан өткен кезде әлсіз адамдарды түгел арқалап арғы жаққа өткізген. Жолда азықтары таусылып, ит-құс жеп кеткен аңдардың қалдығын тереді екен, соны ұсақтап шауып, сорпа қайнатып, бала-шағаға берген. Барар жерлеріне бір күн қалғанда ішер тамақ болмай рауғаш шөбін жинап, соны қайнатып ішкен. Мүмкін тұздың жоқтығынан болар, бәрінің дерлік іштері өткен. Тіпті әбден қауқары кеткен олар жүруге әлі келмей титықтаған бір қарт кісіні талдың көлеңкесіне отырғызып та кеткен екен.

Әйтеуір ілгері жүрген олардың алдынан бір қалың ауыл көрінген. Қуанып, сол жаққа беттерін бұрады. Алдыларынан бір қария шығып, оларды қарсы алады. Жөн сұрасып болған соң бұлар сол кісінің үйіне барады. Ол кісі бәйбішесіне шелекпен айран алдыртады. Айранды әр кесеге бір қасықтан салып, бәріміне таратады. Алғашқылары ішіп жатқан кезде кейінгілердің сілекейі ағып отырған. Ол қарттың бір қасықтап бергені «аштықтан соң тоя ішсе, өліп кете ме» дегені. Содан кейін, тал түбінде қалған бағанағы қартты атпен барып әкеліп, қатара қостырды. Әлгі кісі бізді бір күндей күтіп, ертеңінде олардың әлі бір күндей жүретіндерін айтып, қолдарына бір шелек бидай, бір шелек тары беріп шығарып салған екен. Бисекенің көші Құлжаға бет алып, сол жерге қоныстаныпты.

Бисекенің ағасы Ербосын екі жылдан кейін түрмеден шығыпты. Ол да туыстарының артынан Қытайға қашқан. Қолына екі шөлмекке құйған ішетін аталасын, аз-маз азығын алып, тау асқан. Алайда Ербосын жолда екі аяғының бармақтарын үсітіп алған. Сол жағдайға қарамай, ол да Қытайға жеткен екен...

Жазып алған

Әбішева Ләззат

Ө.А.Жолдасбеков атындағы

экономика және құқық академиясы

студенті
Зейнеп әжей
1931-1932 жылдардағы Ашаршылықты өз көзімен көріп, басынан кещкен ата-әжелер Жетісу өңірінде, соның ішінде Ақсу ауданында көп. Солардың бірі Зейнеп әжей болған екен. Бұл әңгімені мен сол кісінің немересі Орақбаева Нүкен апайдан жазылып алдым.

- Халықтың көбі ашаршылық жылдарында ауылдың ішінде тапа-тал түсте жерге құлап, өліп жатты. Адамдардың денесінен аттап өтіп кететін кездер де болды. Аш адамдар сенделіп, босып жүретін, сол себепті де түтін шығарып, тамақ жасауға да қорқатынбыз. Өйткені «түтін шығып жатқан үйде тамақ бар», деп аш өзегіне түскендер сол үйге бас салатын.

Бірде күн батқан кезде жасы 40-тар шамасындағы әйел адам үйіме қонуға сұранған еді. Тығылып, қараңғы түскенде ғана тамақ пісіруші едік. Аздаған бидайдан ботқа көже жасадық. Әлгі әйел «Мен де тамағымды салып, қайнатып алайыншы», - деді. Мен «Қане, не тамағың бар, көрсетші», - дегенімде, әлгі әйел дорбасының ішінен шығарып, кішкентай баланың қолын көрсетті. Менің зәрем ұшып, қолды қазаныма салдырмадым.

Ол әйелге өзімнің жасаған тамағымнан беріп, таң атқанша көз ілмей отырдым. Таң атқанда оны шығарып салып тұрып, әлгі баланың қолы кімдікі деп сұрадым. Сонда әйел, аштан өлген баласының денесін ел талан-таражға салып, талап алып кеткенін айтып, «өзімнің қолымда қалғаны осы» депті.

Жазып алған

Аязбекова Мейрамгүл

Ө.А.Жолдасбеков атындағы

экономика және құқық академиясы

студенті
Исабаев Шаяхмет
Шаяхмет атам маған келесі әңгімесін айтып берді.

- Сонау ашаршылық жылдарында мен он төрт-он бес жастағы қаршадай ұл едім. Есімде қалғанымды айтайын.

Бір үйде біз екі бала болатынбыз. Әке-шешемнің сол кездегі жас шамалары есімде жоқ. Әйтеуір, олардың «біреу жеп қояды, далаға шықпа!» деген сөздері құлағымнан әлі кетер емес.

Бір күні бауырымды далаға ертіп шықтым, үйде әке-шешем жоқ болатын. Күн күңгірт екен. Бір ойнайтын төбешігіміз болатын, соған қарай бет алдым, қасымды бауырым бар.

Әлгі төбешікке жетер жетпесте кенеттен бір ыңырсыған дауыс естідік. Қасына бара алмадым, алыстан «бұл не болды екен» деп көз салдым. Жерде қапқа ұқсаған бір зат жыбырлайды. Біраз қарап тұрдым, не істерімді білмедім. Бір уақытта қорыққанымнан жылап жібердім, әлгі қап ішіндегі де жылады. Қасына бара алмаймын, әлі баламын ғой (осы жерде атам терең күрсінді), сөйтіп мен де, ол да біраз уақыт жылап тұрдық. Бір кезде әлгі қап ішіндегі тыншығандай болды...

Сол кезде қай жақтан келгенін білмеймін, әкем келіп қалды. Қуанғаным ба, қорқаным ба, әйтеуір әкемді бас салып жылай бердім, әлгі қапты саусағыммен шұқып көрсеттім, сөйлей алмаймын, дәрменім соған ғана жетті. Әкем мені бауырына басып, бір мезгілде өксігімді тоқтатты. «Не болды?» дегендей жүзімді өзіне қаратты. Әлі де дірілдеп тұрмын. Бауырымның қайда қалғанын да білмей қалдым.

Кенеттен бауырым қолы қан-қан болып, бір нәрсені алып келе жатқанын көрдім. Мен одан бетер қорықтым, әкем қарап еді, інішегімнің қолындағысы адамның бір қолы екен. Содан кейін әкем барып қапты ашып еді, әлгі қаптың ішінен бір қолы, екі емшегі кесілген әйел денесін көрдік. Қансырап, өліп кетіпті... Бұл айтқан сөзімнің бәрі де рас, өз көзіммен көргенмін! Мұндай сұмдықты құдай басқа бермесін! (Атам көзіне жас алды).

Ұшы мұжылған кішкентай темір күрегіміз бар еді, сонымен әкем әлгі кісінің денесін арулап, жерге көмді. Бұл әйелдің денесін кім алып келіп тастағаны белгісіз қалды.

Содан біраз күндер өткен соң, «Кім болса да адам ғой», деп әкем әлгі әйелдің басына тас қойды. Сол қабірді күнделікті көріп жүрдім, қорыққаным ойымнан кетпеді. Әкем дұға қылады. Бір күндері әлгі кісінің денесі молада жоқ болып шықты. Аш өзекке түсіп кеткендердің бірі қазып алып кеткен көрінеді...
Жазып алған

Исабаева Дидар

Ө.А.Жолдасбеков атындағы

экономика және құқық академиясы

студенті
Мақұлбекова Бану
Бұл әңгімені менің анам Сапарова Еркеш Машыққызы (1967 жылы туған) көрші апай Мақұлбекова Бану (1920 жылы 14 мамырда туылған – 2007 жылы 6 қыркүйекте қайтыс болған) апайдан естіген. Бұл хикая Шығыс Қазақстан облысы Таскескен ауылында болған екен.

- Отбасымызда сегіз ағайынды болдық, ақырында екеуміз қалдық, туғандарымның барлығы да аштықтан қайтыс болды. Оларды жоқтап, жылайтын уақыт та болмады. Есімде үлкен ағам екеуміздің таңғы сағат үш шамасында қайтыс болған сіңілім мен бауырымды бұрын мал жайылатын жаққа барып, ешкім аяқ баспайтын жерге жерлегеніміз. Ал ең ауыры анамды да сол жерге апарғанымыз болды.

Бауырларымыз бен анамыздың денесін шығарып жүргенде, жасы үлкен бір әйел кісі бізге үңіле қарап отырғанын байқаймыз. Өзі ауру адамға ұқсайды, түсі де өте суық. Бірде жаны ашыды ғой деймін, ол бізді қираған шалаш үйіне шақырып, «жүріңдер!» деп қолымыздан сүйреп ішке кіргізді.

Қазан қайнап жатыр екен, еттің иісі мұрын жарады, қуанғанымыздан жанымызды қоярға жер таппадық. «Қазір келемін» деп, жаңағы әйел далаға шығып кетті. Біз аш болғанымыз соншалықты, шыдамай дәмін татып көрейік деп, қазан қақпағын аша бергенде, қазанның ішінде сорпа бетінде адамның қол-аяғын көріп, шыдай алмай бар даусыммен шыңғырып жібергенімде, әлгі әйел үйге жүгіріп кіріп келді. Есімнен танғандай жерге үнсіз отырып қалдым, әйелге не айтарымды білмедім. Есімді жинап алып, ана әйелден «Адам етін жеуге қалай дәтіңіз барды?» деп сұрадым. Ол күрсіне отырып, «Бұл заманда тірі қалу үшін істемейтінді істейтін болдық қой... Тірі адамды сойып жеп көрмедім. Сендерді аңдып жүргенімді байқаған шығарсыңдар. Жерді қазып...»

Біраз күннен кейін ағам ауырды... Сөйтіп ол да, сәл кейінірек әлгі әйел де дүниеден өтті...

Жазып алған

Серікқожанова Мөлдір

Ө.А.Жолдасбеков атындағы

экономика және құқық академиясы

студенті
Туғанбаев Қызайбек
Сарқан ауданы Аманбөктер ауылының тұрғыны соғыс ардагері, 80-нен асқан қарт атамыз Туғанбаев Қызайбек ашаршылық кезеңін былай деп әңгімелейді.

- 1931-1933 жылғы ашаршылық қазақты дүр сілкіндірді, талай адам ашаршылықтан қырылды. Аналар балаларының аштан қайтыс болғандарын өз көзімен көрді. Аналар балаларынан, балалары аналарынан, әкелерінен, туған-туыстарынан айрылды. Адамдар өлген адамның етін жеген деседі.

Сол жылдарда марқұм жеңгем Сәкужамал апай отбасын сауыншы болып жұмыс істеп, қаншама сиыр сауып, таңның атқанынан кештің батқанына шейін балаларым аштан қатпасын деп жарты литр сүт үшін жұмыс істеген. Сол кезде Сәкужамал апаммен бірге жүрген Әнипа деген әйел өзінің балалары үшін жарты литр сүт ұрлағаны үшін сотталып кеткен екен.

Балалардың қарны ашып, жыламасын деп, қойдың терісін жайып, соның ішіне анамыз бір уыс бидайды жүннің үстіне шашып жіберетін, соны терінің ішінен теріп жейтінбіз. Шешем бір жапырақ бөздің шетіне бір тілім нанды түйіп, аузымызға салып қоятын, соны сорып, жыламай алданып жүрдік.

Сол жылдары біздің ауылда егіншілікпен айналысқан талай адам аман қалған екен, содан біздің ауылымыз Аманбөктер аталып қалған деседі.

Ашаршылықта басқалардан бұрын жас сәби балалар мен қариялар шығынға ұшырады. Аштықтан ісіп кеткен сәбилердің бет келбеттерінде сәбилік сүйкімділіктен із қалмайды екен. Қарындары қампиып, беттерін әжім басып, кәрі ергежейлерге ұқсайды.

Сол ашаршылық жылдары туыс іздеп, жолға шықтым. Төрт-бес шақырым жүріп, аштықтан басым айналып, дел-сал болып тұрғанымда, менің жөнімді сұрап, бір ақсақал былай деді: «Ой, балам, саспа! Анау шөп үйілген үйде нағашың Мұқатайдың үлкен қызы тұрады. Күйеуі ауылдық кеңестің орынбасары. Дүрілдеп тұр. Тамағы тоқ, киімі көк. Сен сонда бар!» -деді. Мен көрсеткен үйге келдім, апайым ренжімеді. Ол кісінің мейірімін көріп, жүрегім орнықты...

Мен Ашаршылықтан солай аман қалып едім...

Жазып алған

Есенова Эльмира

Ө.А.Жолдасбеков атындағы

экономика және құқық академиясы

студенті
Сәдуақасұлы Бабай
Мен Өсек өзенінің бойындағы Талды ауылында 1930 жылы қаңтар айында дүниеге келгем. Ашаршылық жылдары мен небәрі бір жаста едім. Ол жылдардағы оқиға туралы әкем Сәдуақастың айтқан әңгімелері бойынша білемін.

Өкімет қарапайым халықтың мүшкіл күйін көре тұра, оларға қанап, ет салығын жүктеп, ауыр жұмыстарға салған. Жас балалары бар аналар балаларын шапанына орап, жотасына асып, егістікте бидай орған екен.

Аналары жұмысқа кеткен кезде үйде қалған балалары топырақ-құмға аунап жүре берген. Балаларға қарайтын ешкім болмаған. Үйде қалған аш балалар шыбынға дейін ұстап жеген. Кейбіреулер балаларына талқанды, бидайды үгітіп, суға шылап береді екен. Ал ересек балаларға «Сендер тауға барып солқылдақ, қымыздық деген өсімдіктерді теріп, жеңдер» деп жібереді екен.

1931-1932 жылдары көп адамдар дүние салды. Өсек өзенінің бойындағы Талды ауылында да өлген адамдар көп болған. Үлкен кісілердің айтуы бойынша, тіпті ашыққан адамдар мал болсын, аң болсын солардың сүйектерін әкеп, бір қайнатып төгіп, екінші қайнатып сорпа қылып ішкен екен.

Ашаршылық жылдары әкем Сәдуақас совхозда бригадир болып жұмыс жасаған. Күндіз егістікте бидай сепкен. Егістікке бидайды толық емей, сирек, шалаң сеуіп, қалғанын кешке қарай 7-8 үйге бір-екі қасықтап немесе кесемен таратып беріп отырған. Ол кездері күндіз бір жерден түтін шықса, бәле болған. Сондықтан қарапайым халық өз жұмыстарын түнде бітірген. Көпшілік ел жанбағысқа шыдамай, Қытайға өтіп кеткен. Ол жылдары өкіметке жағынушылар, яғни шолақ белсенділер көп болған. Егер артық сөз, артық қимыл жасасаң, бірден түрмеге жауып отырған.

Әкемнің бидайды толық сеппей, оны аш халыққа таратқаны үшін, түрмеге жабу қаупі төніп тұрғандықтан, әкемнің досы Сыдық әкеме арғы бетке өту туралы кеңес айтады. Әкем өкіметтің бүгін болмаса, ертең біліп қоятынын түсініп, сол түні барын жинап, арғы бетке өтпек болады. Әкем Қытайға кетер алдында досына «Осындай жерде қапталған бидайды көміп кеттім. Бәрі тынышталғанда, барып қазып алыңдар» депті де, жолға шығып кеткен екен.

Арғы бетке өтер бойда інім Ескендір екеуіміз ауырып, сол жерде біраз аяңдапты. Аштықтан інім екеуіміздің қол-аяғымыз, денеміз ісіп, тіпті көзіміз жұмылып қалыпты. Інім екеуіміздің ауырғанымызға шыдамай, әкем шұңқыр қазып, бізді тірідей көмбекші болғанда, Сыдық деген кісі әкемді тоқтатып қалған екен. Анам да аш болғандықтан ол кісіден сүт шықпапты, ақыры інім аштықтан қайтыс болыпты. Інімді сол жерге көміп кеткен екен.

Інім өлгеннен кейін, жағдайымыз болмаған соң кері қайтуымызға тура келіпті. Кері қайтып келген соң әкемді қайта жұмысқа алмай қойыпты. Ол жылдары арғы бетке өткендерді немесе өтпекші болғандарды жақтырмайтын. Қайтып келген соң құжаттарды қайтадан қалпына келтіруге тура келді. Сонда маған екі жас қосып, 1932 жылғы деп жаздырыпты. Кейінірек комсомолға қабылдар алдында дәрігерлік тексеруден өткізіп, тісіме, бойыма, түріме қарап 1932 жылғы екеніме әрең сенді.

Кейін шешем Балқия Тұтқабайқызы екі жыл сал болып ауырып, 1935 жылы қайтыс болды. Шешем көз жұмған соң, ауылда адамның жоқтығынан мәйіті 2-3 күн далада тұрып қалған. Ол жылдары тіпті өлгендерді көмуге адам да болмаған екен. Шешемді көмуге көмектесетін адам болмаған соң, шешемнің бауыры Ахметқан мен әкем өздері көмген екен.

Ашаршылық жылдарынан әкем екеуіміз ғана аман-есен өттік. ӘкемСәдуақас 1964-1965 жылдары дүние салды.

Міне осындай қиыншықтарды бастан кешірдім. Қазір, Құдайға шүкір, құрметті зейнеткермін. Зайыбым былтырғы жылы дүниеден озған. Әзіргі өміріме мың да бір шүкіршілік айтамын. Біздің көрген қиыншылықтарымызды ендігі ұрпақ көрмесін!

Жазып алған

Құнанбаева Гүлмира

Ө.А.Жолдасбеков атындағы

экономика және құқық академиясы

студенті
Мұрынова Қайынжамал
Мұрынова Қайынжамал Сейітқызы 1924 жылдың 22 наурызында Сарқан ауданы, Бақалы деген жерінде дүниеге келіп, сол жерде өскен.

- Жанұямызда әкем, шешем және төрт бауырым, екі сіңілім болған. Ең үлкені мен едім. Әкем мен төрт бауырымды түнде екі солдат келіп, «Үйдегі ер адамдарды соғысқа жинап жүрміз, кіші болсын, үлкен болсын, дайындалсын, қазір келіп алып кетеміз», - деп айтып, соғысқа қатысады деп біз көрмеген, білмеген жерге алып кетті. Әкем мен бауырларыма шешем бір шелек бидайды қолына ұстатып қана үлгерді. Сол беттен әкем мен төрт бірдей бауырымды көрген емеспін...

Содан біздің қиын өміріміз басталды. Анам таң атпай, аспанда жұлдыздар жарқырап көрінгенде жұмысқа кетіп, жұлдыздар шыққанда келіп жүретін. Қолына ағаштың қабына ораған бір уыс бидай ұстап келетін, сол бидайды алып келсе, біздің аузымыз бір нәрсеге тиеді де, ал әкелмесе - ол да жоқ.

Үйдің үлкені болған соң, екі сіңлімнің аузын бос қалдырмауға тырыстым. Көмек сұрайтын көршілердің халі де біздікі сияқты. Бар болса -бөлісетінмін, жоқ болса – сұрап, естерін шығармаймын. Ағайын да, туыс-таныстар да өз беттерімен ауыр өмір кешуде еді. Ол заманда керегіңді жүгіріп барып, алып келетін дүкен де жоқ. Қара суды каучукпен ішетінбіз, өзі шыны кесе емес, сүйек кесеге ұқсайды. Бар ыдыс-аяқпен көршілермен бөлісіп тұрамыз.

Анам қойнына тығып, ұрлап әкелген бір уыс бидайын қуырып, кегелі сапқа салып, қара көже жасап ішеміз. Ол кегелі сапты алу үшін кезекке тұрамыз. Сіңлілеріме бидайды қуырып, тонның үстіне шашып, қазіргі күндегі шемішке сияқты, біртіндеп жегіздіріп, алдап, ойнатып отыратынмын. Қарақтарым-ай, бәрін бірден жеп алғылары келеді, мен әдейі «бәрімізге жетсін, таласпаңдар» деп ойын шығарып, біртіндеп ауыздарын жыбырлатып отырсын деп қана жегізетінмін.

Қыста маядан бір-бір аша сабан түсіріп береді, ол тез жанып, тез бітеді. Көктемде өгіз арбамен сасық қурай жинап, үйге тасимыз. Титтей күн шықса, жусан шауып аламыз.

Мал жоқ, айдалада бағып жүрген бір сиыр ғана бар, ол сиырдың иесі көңілі түскенде бізге бір кесе сүт беретін, бермесе - ол да жоқ. Аяқта - керзі бәтеңке, баста - жамалған шыт. Ол шытымыз кірлеген кезде, жуатын сабынымыз да жоқ. Елдің ескі-құсқы киімін киіп жүретінбіз.

Адамдар аштан өліп жатса да, оларды дәстүр бойынша жерлеуге ешкімнің де шамасы жетпейді, қауқары да жоқ. Шамасы жеткендері мәйіттерді тұрлыққа орап (қазіргі замандағы киіз) жерлейтін. Жер қазатын еркек те аз, әйтеуір бір туысқаны, жақыны болса келіп, жылап көмеді...

Біз көрген қиыншылықтың Алла сендерге бір күнін де көрсетпесін!

Жазып алған

Медиева Айжан

Ө.А.Жолдасбеков атындағы

экономика және құқық академиясы

студенті
Алпысбайқызы Күләш
Менің апам Күләш Алпысбайқызының туған жылы белгісіз. Себебі ол кісі хат танымаған. Апамның айтуы бойынша, олардың үлкен отбасы болған, үйінде тоғыз бала болыпты: соның алтауы қыз да, үшеуі ұл болған екен. Апам жетінші бала болған.

Ашаршылық кезінде апамның өзінен үлкен екі әпкесі және ағасы өмірден өтеді. Әкесі қиыншылыққа өте төзімді кісі болған екен. Апамның айтуы бойынша, әкесі балаларына ұнға су қосып, атала жасап, соны қасықтап жегізген. Тіпті есік алдында өсіп тұрған шөптерден бірдеңе жасап, жеген екен. Күн сайын әкесі мен анасының күйі нашарлай беріпті.

Күләш апамның әкесінің өзінен үлкен әпкесі үш баласымен Қытайға қашып кетіпті. Олардың әкелері де әйелі мен баласын алып, Қытайға қарай бет бұрады. Жолға жөнді қамданып шықпаған олардың қолдарында су да болмапты. Қиын сапарда кіші балалары шаршап, ары қарай жүре алмай, аштықтан көз жұмады. Кіші баласын сол жерде көміп, өздері әрі қарай Қытайға жөнеледі. Түнделетіп, тау шатқалынан өтіп, олар Қытай еліне келеді.

Күләш апамның әкесі мен шешесі басқа жақтан көшіп келген қазақтарға келіп қосылады. Кейінірек атам әпкесін табады. Қытайда олардың өмірлері кішкене болса да жақсарады. Елуінші жылдары қазақтар өз еліне оралған кезде, атам мен әжем де Отанына келеді.

Күләш апам кейін тұрмыс құрып, үлкен отбасы болады. Күләш апамның жалғас ұрпағы біз боламыз.

Жазып алған

Тұсбаева Айгерім

Ө.А.Жолдасбеков атындағы

экономика және құқық академиясы

студенті
Сүлейменова Әдеміш
Менің әкем Байқұтмеңденің анасы, яғни менің әжем, Әдеміш Сүлейменова (1905 жылы туған) Ашаршылық кезінде небәрі 27 жаста екен. Менің кішкентай кезімде әжем Әдеміш аштық жылдары туралы өз көзімен көрген, басынан өткен оқиғаларды маған айтып отыратын.

Сол кезде аталарымыз Балқаш көлінің жағалауын мекен етіпті. Аштық басталған жылы бүкіл ауыл болып, олар Балқаш көлінің қамысты жағасынан үдере көше бастаған екен. Жоқшылық сүйектен өтіп, әбден азып-тозған ауылдары тірліктен үміттерін үзбей, тамақ іздеп, аштықтан тірі қалуға жанталасып, Үштөбеге аттанады. Ол кезде Үштөбеде Түрксиб темір жолын төсеу жұмыстары жүріп жатқан еді. Осыны естіген ауылдықтар есін жиып, жолға шығады.

Ілби келе жатқан адамдардың көздері алақтап, аштықтан ісініп, талып құлай беріпті. Тіпті туған баласын тастап кеткен аналар да бар араларында, жанұясының мүшесіне қарайласпай, бас қамын ойлап, алға жоса берген ел. Көмектесетіндей оларда да әл де жоқ еді. Әжемнің айтуынша, жол бойғы азаптан бір ауылдан азғантай ғана адам қалыпты. Кей адамдар жанын сақтау үшін адам етін де жеген екен! Ол кезде ұят, ар, болды ма - белгісіз, ондай адамдар әдейі өлгендердің жанында қалып қойып, солардың етімен жасырын қоректеніп, кейін қатарға қосылып отырған екен. Неткен сұмдық десеңізші! Алайда, сол жылдары бұндай сұмдыққа таң қалуға болмайтын еді. Өйткені аштықтан құр сүлдері қалған адамдардың есі ауысып кетеді екен. Ол кезде бір-бірінің етін жегені жөнінде нақты деректер көп...

Сонымен, араларында менің әжем Әдеміш бар үлкен ауыл тұрғындарының кішкене ғана бөлігі Үштөбеге сүйретіле жүріп, бірнеше күн дегенде зорға жетіпті.

Қаптай көшкен ауылдың, қорымы қалды-ау, о, жалған!

Ардағы кетіп ауылдың, тобыры қалды, о жалған! - деп халық осындай босу туралы зарланыпты. Аш құрсақта қандай әл болсын? Әйтсе де сол кезде адамдардың етін жеген кей адамдар Үштөбеге аман-есен жетіпті. Менің әжем өз жастығының арқасында ғана өлім аузынан аман қалған екен.
Жазып алған

Байболатов Бекзат

Ө.А.Жолдасбеков атындағы

экономика және құқық академиясы

студенті
Алпысбаева Қалия
Шұбартауда 1905 жылы өмірге келіп, Талдықорған облысы, Қаратал ауданы, Ақжар ауылында 1991 жылы дүние салған Алпысбаева Қалияның 1931-33 жылдардағы ашаршылық кезіндегі басынан өткен оқиғалардан үзінді.

- Біздің ел – Арғын, оның ішінде Жалаң деген ру. Күйеуім екі ағайынды еді, ағасы - емші де, менің күйеуім - шаруа баққан момын адам болатұғын. Орташа тұрмысымыз бар еді. Елге келген зобалаң бізді де айналып өтпеді, біздің де малымызды алып, ортаға салды.



Елді аштық жайлағанда, малдан басқа күн көріс жоқ болғандықтан, ішерге тамақ болмай, ел аштан өле бастады. Менің күйеуім және бес бірдей балам аштан өлді, бір үйден өзім ғана тірі қалдым.

Ашыққан ел жөн жоққа боси бастады. Қайнағам «Қалия, мына кетіп бара жатқан елмен, Бөрліге бар, сол жерге орнық, тірі болсам артыңнан мен де барамын», деді. Содан бір топ адам жаяу-жалпы жүріп келеміз, жүрген сайын соңымыз азайып келеді... Сөйтіп Балқаш көліне де жеттік, сол жерден қайық жалдап, күндіз көл шетімен жүзіп, кешке жағаға шығып қонамыз. Олай жасаған себебіміз: жаяу жүруге шамамыз жоқ.

Бір күні кешке дауыл соқты. Сол кезде қайықтағы жүктерімізді суға лақтырып, қайықшымыз бізді тастап, қашып кетті. Енді тағы жаяу жолға шықтық, ішерге тамақ жоқ. Біреудің туырлығын күніне бір қасық бидай үшін үш күн арқаладым. Ол кезде тепсе, темір үзетін жиырма бестегі жасым еді ғой. Әбден ашығып, шаршап, шалдығып келе жатсақ, алдымыздан көк ат мінген кісі шықты. Өңкей аш адам әлгіні қуалап жүріп, ұстап алдық. Ол кісі, кейінірек білдім: «Жаңа тілеу» ауылының бастығы екен, атты тастап, «шыбын жанымды қиыңдаршы!» деп қашып кетті. Әлгі көк атты сойып, етін жеп, әл жинадық. Сөйтіп жүріп, Бөрліге де жеттік-ау, әйтеуір.

Ол жерде орыстар тұрады екен, олар бау-бақша егеді екен. Үй-күйлері жоқ босыған адамдар бақшаға түсеміз. Бұрын көрмеген қиярды отқа көмеміз, қияр пыш етеді де, отымыз сөніп қалады. Асқабақты шикідей жейміз. Қара сораны баулап кептіру үшін бір-біріне сүйеп қояды екен, түнде суыққа тонған біз оны жағып жылынамыз. Сол үшін орыстардан талай ұрыс та естідік, таяқ та жедік, талай рет төбелестік те. Әйтеуір, осылайша күн көріп, жанымыз аман қалды...

Жазып алған

Бесікбаева Әлия

Ө.А.Жолдасбеков атындағы

экономика және құқық академиясы

студенті
Әтекенов Мырзакерім
Талдықорған облысы, Көксу ауданы, Еңбекші ұжымының Кеңарал (бұрынғы Молотов атындағы колхоз) бөлімшесінде 1914 жылы туып, 1992 жылы қайтыс болған Әтекенов Мырзакерімнің әңгімесі.

- Біздің ру - Жалайыр, оның ішінде - Қарашапан елі. Күн көріп отырған малдан айырылдық, елді аштық жайлады, ауылда кісі етін жегендер де бар деп естідік, бірақ өз ондайларды көрген жоқпын.

Талдықорғанда тұратын Солтанбеков Ілімбет деген ағайым бар еді, сол кісі ноғайлармен бірігіп, сауда жасайтын. Өзім ашпын, ауылдағы анам да аш, бірдеңе бола ма деп ауылдан шыққан кісілерге ілесіп, Талдықорғанға сол ағама бардым. Ағамның үйінде бірнеше күн болып, аздаған тамақ алып қайттым.

Ағайым мені біраз жерге дейін шығарып салып, «жолда абайла, біреудің қарасы көрінсе – тығыл», деп кеңес берді. Жол бойы кісінің қарасы көрінсе, тығылып келе жаттым. Бірде көпірдің астына тығылдым. Сөйтсем, ол жерде бір жас келіншек өліп жатыр екен, қойнында екі күлше наны бар. Қорыққаннан зәрем жоқ, көпірдің астынан шыға сала, өкшем өкшеме тимей жүгірдім. Қас қарая мен де жеттім ауылға...

Жазып алған

Бесікбаева Әлия

Ө.А.Жолдасбеков атындағы

экономика және құқық академиясы

студенті
Әтекенова Күләнда
Талдықорған облысы, Қаратал ауданы Бесағаш ауылының тұрғыны, 1917 жылы туып, 1998 жылы дүние салған Әтекенов Күләнданың әңгімесі. Бұл кісі Әтекенов Мырзакерімнің әйелі болған.

- Біз Жалайырдың ішіндегі Андас, оның ішінде Жомарт руынан шыққанбыз. Аштық басталғанда, бір үйде ағайым, жеңгем, інім төртеуіміз тұрушы едік. Ағайымның қайдан алғанын білмеймін, үйде жарты қап бидайы бар еді, онысын үйдің ішінен ұра жасап, соған көміп қойғанбыз. Ел аяғы басылғанда, қол диірменге тартып, ботқа пісіріп, талқан жасап жейтінбіз.

Ашаршылық кезінде адамдар тек аштан ғана өлген жоқ, неше түрлі ауру да тарады. Соның бірі іш өту еді. Менің ағайым, жеңгем, інім де сол іш ауруынан қайтыс болды. Сөйтіп бір әулеттен мен ғана тірі қалдым.
Жазып алған

Бесікбаева Әлия

Ө.А.Жолдасбеков атындағы

экономика және құқық академиясы

студенті
Дәрменбекова Тұрсынжамал Төлеуліқызы
Бұрынғы Қапал, қазіргі Ескелді ауданының Қоңыр ауылында тұратын, Ашаршылықтың ащы дәмін татқан Дәрменбекова Тұрсынжамал Төлеуліқызының (1927 жылы дүниеге келген) үйіне бардым. Амандасып болғаннан кейін, тапалдау ескі үйіне кірдік. Апамыздан:

- Тұрсынжамал апа, ашаршылық кезінде қай жерде тұрып едіңіздер? – деп сұрадым.

Бұл сұрағыма апа терең ойланып, бір күрсініп алды.

- Аштық кезінде Қапал өңіріндегі Ақтасты деген жерде болған едік, шырағым. Бұл үкіметтен жырақ, айдаладағы жер еді, әрі халқы да аз орналасқан.



Сол кезде, міне, шынымды айтайын, қазақты аз да болса аштықтан аман қалдырған тек ауызбіршілік еді. Бірін-бірі жат деп қымсанбаған бір ауылдың тұрғындары бір уыс бидайға аздап сүт қосып, бір шаңыраққа жиналып, шай үстінде соны бөлісіп жеген. Ауылда бір-ақ сиыр болған, одан халық керектісін жаратып, күн көрісін жалғастырған.

Әкем Тілеулі жерге аз ғана егін егетін, күнде соны баптайтын, ал анам бір байдың сауыншысы болған. Сол жұмыстан күнде үйге сүт әкелетін. Сөйтіп жан сақтаппыз.

Тұрсынжамал апа ашаршылық кезінде бес жаста болған екен, одан есінде қалғаны тек қарының ашқаны. Қарынның ашқаны соншалық, тіпті асқазаны құшырлап, жүрегі қарайып, үйінде жата берген екен.


Жазып алған

Нұрлан Жұлдыз

Ө.А.Жолдасбеков атындағы

экономика және құқық академиясы

студенті
Әбдірахманқызы Нұржамал
Содан кейін Тұрсынжамал апамыздың сілтеуі бойынша, мен Қоңыр ауылында тұратын Нұржамал Әбдірахманқызының үйіне бардым. Бұл кісінің айтқан ақиқаты мені тіптен толғандыра түсті.

- Мен 1926 жылы туғанмын. Бес жасқа таяп қалғанымда, әке-шешем аштықтан қаза болып, үйде менен он жас үлкен әпкем Қареке екеуміз ғана қалдық...

Осы сәтте әжей жылап жіберді, көзіндегі жасы бетіне түскен әжім сызықтарымен сырғанап, етегіне домалай берді... Терең күрсінгеннен кейін қария әңгімесін былай деп жалғады:



  • 1932 жылы Қареке мені Мұқыр ауылындағы Жетімдер үйіне өткізеді. Сол үйдің директоры Бәкішев Әбдірахман 1933 жылы мені өз атына жазып алды. Қызым, мен не ананың әлдиін, не әкенің өсиетін, махабатын сезбеген, көрмеген едім, - сол кісі маған әке болды. Төрт-бес жылдан кейін өгей әкемді жетімдер үйінен тамақ ұрлады деп айыптап, қай жерге екені белгісіз, қуалап жібереді. Ал шешемді (ол диірменде жұмыс жасайтын) қырманда бір қап ұн ұрлады деп, төрт айға соттады. Содан не керек, қайтадан жетім болдым. Кейін өзім мықтап бел буып, оқуға түстім. Білімнің арқасында мұғалімдік қызмет атқардым...

Айтқан әңгімелерінен әжелер көзіне жас алып, терең күрсінеді... Менің де жүрегім қарс айырылды...

Жазып алған

Нұрлан Жұлдыз

Ө.А.Жолдасбеков атындағы

экономика және құқық академиясы

студенті
Елікбаева Күлшайым Күздеубайқызы
Анамыз марқұм Күздеубайқызы Күлшайым (1924 жылы өмірге келіп, 1989 жылы қайтыс болған) «Осы қара зауыттың арқасында жан сақтадық қой!..» деп емірене әңгімелегенін талай естігенмін. «Зауыт» дегені - біздің Қарғалы атты ауылымызда (Алматы облысы, Жамбыл ауданы) сонау 1909 жылы орыс фабриканты Шахворостовтың салған Қарғалы шұға комбинаты.

Ел ішінде фабриканы «зауыт» деп зор ілтипатпен атаушы еді. Ауылда тіпті Зауытбек деген есімдер жиі кездесетін... Ауылдың зауытта жұмыс жасайтын тұрғындары өкімет берген паёктың арқасында ашаршылықтан дін аман шққан екен. Сол себепті де өмір жалғап отырған, күнкөріс пен жалақы беріп отырған зауыттың ел арасында беделі аса көтеріңкі еді. Тіпті кейде маған елдің зауытты құдды тірі пенде ретінде танитын болып көрінетін. Ел арасында түнгі уақытта цехтарды аралап жүретін эауыттың «иесі», «аруағы» туралы әңгімелер көптеп таралған да еді. Кейде оны «Қожайын» деп те атайтын, яғни оны Шахворостовпен байланыстыратын...



Елікбаева Күлшайым Күздеубайқызы
Ашаршылық кезінде анам Күлшайым 7-8 жаста екен. Шешесі Мұңтай (ел оны Күлтай деп атайтын) және өгей әкесі Сүлеймен зауытта жұмыс жасап, жалақы орнына қара бидайдың нанын алады екен. Бұған қоса Күлтай әжеміз бір үлкен қара ешкіні асырапты, ашыққан ел ұрлап кетпеуі үшін оны күндіз тоқал тамның төбесінде ұстайды екен, ал кешке ешкіні үйге кіргізіп, кіре беріске байлап қоятын болған...

Анам өзінің шешесін «жеше» деп атайтын.



«Жешем мен ағам күні бойы зауытта жұмыста, үйге тек кешке ғана келеді. Келе сала екеуі тауға шығып кетіп, сол жерден жуа, қымыздық, рауғаш секілді жеуге жарамды шөптерді жинап келетұғын. Содан кейін қара ешкіні сауып, сүтіне әлгі жуаны қосып пісіретін. Ешкі жарықтық күніне 4-5 литрдей сүт беретін... Әйтеуір зауыт пен қара ешкінің арқасында аман қалдық қой... Жешем түнде басқа да қатындармен бірге ауыл маңындағы егістікке барып, сол жерден бидай ұрлайтын. Сүлеймен ағам қара күштің иесі болса да, өте жуас кісі еді. Жешем оның «Ойбай, Күлтай, құрысын! Ұсталсаң – атыласың!» деген байбаламына қарамайтын. Бидайды сүт кезінен бастап тамаққа пайдаланатынбыз: көк кезінде сыртқы қауызымен бірге сүтке пісіріп жейтінбіз, ал бидай піскен кезде дәндерін келіге салып, түні бойы түйіп шығатынбыз. Таңға жуық «милиция мен белсенділер үйден тауып алмасын» деп бидайдың сабаны мен қауызын есіктің алдында ағып жатқан суға ағызып жіберетінбіз...

Төмен жақтан ашыққан адамдар көптеп келуші еді... Олардың жүздері адам шошырлық болатұғын. Олардан қорыққаннан жешем мені және 1928 жылы туған інім Болатбекті (ел Бөкен деп атап кеткен) сенімді көршілерге тапсырып кететін. Бұл адамдар түні бойы үйдің қасын торуылдайтын,есікті қағып жалынатын, көзіміз ұйқыға кеткенше олардың ыңырсыған дауыстарын естуші едік»... деп әңгіме шертетін қайран шешем...
Жазып алған

Әлімов Асхат

Ө.А.Жолдасбеков атындағы

экономика және құқық академиясы

доценті

Бұл жұмыс бізге не берді?..

(Студенттердің ой-толғанысы)
Бұл тақырыпқа мен қалайша келдім...
Адамның ойы бұлт, сөзі жаңбыр, ойы қандай болса, сөзі де сондай болсын. Егерде мен бар ойымды салып айтатын болсам, ол жаңбыр болып, тіптен нөсер болып жауып кетуі мүмкін. Жаңбыр жауса, жер көгеріп, табиғат әлемі әсем күйге бөленеді. Жауынның иісі тынысыңды жақсартып, рахатқа бөлендіреді. Нөсер жауса, топырақты шаңдатып, тысырлатып тыныштықты бұзады, жүректі шымырлатып, тынымсыз ойларға жүгіндіреді. Адам аузынан шыққан сөз де осылай жүрекке әсер ететін шығар. Кейде мен өз ойларымнан жасып, қорқып кетем, өз сезімдерімнен қорқамын...

Жалпы алғанда, мен бұрынырақта 1931-33 жылдардағы ашаршылықтың құрбандары жайлы туралы ойланған емеспін. Оқушы кезімде тарих сабағынан біраз естігенім бар, ол туралы жазылған кітаптарды үстірт шолып шықтым десем де болады. Бірақ бұл мәселеге соншалықты назар аударып, оны санама кіргізген емеспін.

Әрине менде ұлттық сезім болды, оны жоққа шығаруға болмайды. Оған негіз болған мектептегі тарих пәнінің мұғалімі Секен Құдасұлының пікірлері болатын. Ол кісі - нағыз ұлтшыл, патриот, өз ұлтын өте жоғары бағалайтын адамдардың бірі. Менің патриоттық сезімімді де ең алғаш оятқан сол кісі. Ол кісіге менің алғысым шексіз. Мектепте оқып жүргенде мен жәй ғана кітапты алып, оқып шығып, сабақта соны қайталап айтып беріп, тиісті баға алу үшін жүрдім, тереңінен үңілуге тырыспадым. Жәй ғана оқып, «Е, солай болған екен ғой» деп қана қойдым.

Сөйтіп мен уақыт өте келе жоғарғы оқу орнына түстім. Алғашында бізде «Әдебиеттануға кіріспе» деген пән жүрді. «Әдебиет деген адамтану» деген еді бір кезде оқытушымыз Асхат Қамзаұлы. Сол сөзге аса мән бермеген едім, бірақ күнделігіме үлкен әріптермен жазып қойдым. Оқу жылының ортасында ағай Жұлдыз екеумізді шақырып алып, 1931-33 жылдардағы ашаршылық туралы дерек жинауды тапсырып, Алматы қаласында өтетін конференцияға баратынымызды ескертті.

Сол кезде менің үстімнен жәй түскендей күйде болдым, жұмысты неден бастарымды білмей басым қатты. Маған ағайдың берген тапсырмасы онша түсінікті бола қойған жоқ. Себебі дерек жинау қиынға түседі деп ойладым. Ол жылғы аштықты көрген куәгерлер бар ма екен? Ұлы Отан соғысының ардагерлерінің өздері азайып бара жатыр. Ол туралы кітаптан көшіріп жазу оңай, ал өз бетіңше ізденіп жазу менің ойыма кіріп шыққан емес және де мен ондай жұмыспен шұғылданған емеспін.

Сонда да тәуекелге бел буып, дерек жинауды жөн көрдім. Алдымен өзім оқыған шағын аудандағы мектепке бардым. Мектеп директорынан жасы келген қарттардың мекен-жайын сұрап алдым да, сол кісілердің есігін қақтым...

Міне, осы кезден бастап менің бұл тақырыпқа деген назарым ауа бастады. Осы жұмысты жазу барысында менің біраз қиналғаным рас, оны жасыруға болмайды. Қарт аналардың көзіне жас алып, біразға дейін өз-өздеріне келе алмағандары, сондағы менің қалай жұбатарымды білмегенім жаныма қатты батқан еді.

Осының бәрін көре тұра конференцияға дайындаған баяндамамды да ащы сөздермен бастадым. Ол сөздер отты жалын шашып, өз жан дүниеммен арпалысып кеттім. «Тарихты не үшін қопарамыз? Жүрегімізді қан жылату үшін бе?» - деген сұрақтармен басталды бұл күрес. Әсте осы сұрақтар маза бермей талай түндерді ойдың жетегінде өткіздім. Мен бәрібір түкті түсінбегендей болдым, түсініп тұрсам да жүрексіндім.

Осылайша Қазақтың мемлекеттік қыздар педагогикалық институтында өтетін конференцияға да келдік. Сәуір айының бас кезіндегі ауа райы жайлы еді, конференциядағы атмосфера да маған өте ұнады. Себебі аштық жылдары туралы жалғыз біз ғана емес, Қарағанды қаласындағы мектеп оқушылары да зерттеп, дерек жинайды екен. Сондағы менің қуанышым іштей жасырын қалды, шын көңілден риза болдым, қапаландым да, өйткені мен оқушы кезімде осы тақырыпқа салғырттықпен қарап, санама кіргізбегенім үшін қиналдым Ал бұл оқушылар қандай патриот еді, ұлттық рухы қаншама биік десеңші!

Американдық педагог Дэвид Лэндис болса баяндама жасаушыларға қазақ ұлтының басынан кешкен аштық жылдары туралы сұрақтар қойып, осы тұрғыдан біраз зерттемек ойын ашық айтып, қызығушылық танытты. Жарыса сұрақ қойған аудиторияда өзімді жақсы сезіндім. Себебі менің тақырыбым оларды қызықтырды, алаңдатты, олар да бұл туралы білгісі келді.

Осылайша менің ойым одан әрмен ашылып, дәл сол уақытта мен өзімді сол жылғы құрбандардың алдында кінәлі сезіндім. Неге дейсіз ғой? Осы уақытқа дейін менің санамның қараңғылықта болғаны үшін айыптадым өзімді. Халқымның өмір үшін күрескенін, қан жұтып қиналғанын ойласам, қазіргі кездегі рахат өмірімізде еш уайым-қайғысыз, ән салып қалай жүрмекпіз деген ойлар көңілімнен кетпеді. Мен өзіме үлкен жауапкершілік жүктеп, осы құрбандар жайлы айта жүрсем, мүмкін біздің қайғымызды бөлісетін адамдар табылып қалар деп түйдім. Сол жылдардағы адамдардың бәріне ескерткіш орнатып, тіпті ол болмаса да еске түсіретін бір күнді күнтізбенің бетінен белгілеп қойса деп армандадым.

Сол конференциядан кейін менің көзім ашылғандай болды, бұрын бұндай күйде болмаған едім, бұрынғы мен өз отанымның патриотымын деп жар салып, тіпті өлең шығарып жүргенмін. Олардың бүгінгі күнгі патриоттық сезімнің шаңына да жетпейді екенін сезінемін. «Ұлт» сөзінің мағынасын қаншалықты түсінбегенім үшін өзіме іштей налыдым.

Жүрегіме үңіліп, көзімнен жас тамғанымен менің көңілім айдалада қалғандай, тіпті не бар, не жоқ екенімді білмей қалдым. Өз-өзімнен осындай өзгерістерді күтпеп едім. Адам санасы өзімен қатар өсіп отырады екен. Менің көзім соған енді жеткендей. Сезімдерімнің қаншалықты ағыл-тегіл екенін білмеппін. Осы уақытқа дейін өзімді жәй ғана оқушы немесе студент ретінде көргем, қазіргі күйім мүлдем өзгеше. Өзімнен ұлтыма деген сүйіспеншіліктің ұшқынын сезем. Ол ұшқынды әрі қарай жаңартқым келеді.

Жоғарыда айтып кеткен «Әдебиет – адамтану» деген сөздің құдіретін енді түсінгендеймін. Менен тіпті «Сен тіл-әдебиет мамандығында оқисың ғой, тарихта нең бар, не үшін бұл іспен айналысып жүрсің?» - деп сұрағандар да болды. Бұл сұраққа менің де бірден-бір жауабым бар. Әсте олар мына бір нәрсені түсінбейтін сияқты. Менің әдебиет сабақтарында адамтану арқылы рухтың не екенін сезіну арқылы ашаршылық тақырыбының түп қазығын анық түсіндім деп айтар едім. Менің әдебиетке айтар алғысым көп, шексіз, өйткені өзім сол арқылы тарихтың, ата-бабаларымыздың асыл рухын сезіндім.

Әдебиеттану пәнімен қатар бізде философия да оқылды. Жалпы мен философияны өмірге деген көзқарас, дүнитанымыңды кеңейту деп түсінемін. Сол сабақтан Асхат Қамзаұлы бізге межелік бақылауға 1931-33 жылдар аралығындағы ашаршылық туралы деректер жинауды тапсырып еді. Сол кезде менің қуанышымда шек болмады, себебі ол туралы енді студенттердің көбі білетін болады деп түйдім. Бәрі де осы туралы жазып, олардың да ұлттық санасы барынша кеңейеді деген қуаныш орнады жүрегімде, бұл тақырыптың студенттер арасында қозғалып жатқанына риза болдым.

Ұлы философ Сократ айтқандай, мен де «еш нәрсе білмегенімді ғана білемін». Шынымен де тарихтың алапат, зұлым жылдарындағы қайғы-қасіретті біз көрген жоқпыз, білмедік, оны біздің ата-бабаларымыз амалсыздан басынан өткерген. Ал мен болсам сол жылдарда нәубетті қолдан жасаған жүрексіз адамдарды айыптағым келеді.

Саған айтар бір сыры бар мылқау қара тастың да,

Өткен күннің бар белгісі жатыр құмның астында.

Құм астының ата-бабаң құлақ етіп қияқты,

Сенің әрбір қимылыңды тыңдап жатқан сияқты, -

деген Мұхтар Шахановтың сөздері мені терең ойға батырады. «Өлі разы болмай, тірі байымас» деген. Менің көз алдымда ашаршылық құрбандарының бейнесі тұрғандай, олар менің жүрегіме орналасып алғандай. Кеудемде ауыр жүк тұр, оны қалай көтерсем екен? Айдалада жалғыз қалған адамдай, дел-сал болып жүрдім.

«Бұл тақырыптың мен үшін қандай маңызы бар?» - деген сауалға жауап тапқандаймын. Өмірдің өзі сабақ екен, уақыт үйретеді, ол ұмыттырады, қайтадан еске түсіреді, санаңа кіргізеді.

«Өткенде қандай едім, қазір қандаймын?» деген сөзде үлкен мән жатыр. Менің бойымда осы кезге дейін қорқыныш, жүрексіну болса, қазіргі таңда менде ондай сезімдер жоқ. Өйткені мен олардан арылдым деуге тұрарлық. Біз Аллаһ Тағаланың құдіретіне сенеміз, Оның берген өмірін сүріп, ажалымен көз жұмамыз. Ал біреудің құрбаны болып, немесе біреуге қиянат жасау адамға тән емес деп ойлаймын. Сол себепті де зұлмат жылдардың тарих сахынасынан мен мұндалап тұрғанын көре тұра, мен қалайша бейқам жүре алмақпын?! Бейбіт өмірде осындай сұмдыққа жол неліктен берілді екен?! Осы сұрақтар менің санамнан кетер емес. «Қазақты Құдай шыдамнан айырмасын» дейді ақылды адамдар. Бірақта сол шыдамның да шегі бар екенін ескеру керек. Әркімнің өз орны, әр нәрсенің өз жауабы болады. Ал менің сұрақтарымның жауабы неліктен жоқ? Немесе бұл мазалы ойлардан қашан арылмақпын?..

Жоғарыда айтып кеткен «адамтану» деген сөзіне мән берсем, адамды тану үшін психолог болу керек болар, оның жан дүниесіне назар аударып, зерттеп, қарым-қатынас жасай отырып тануға болатын шығар. Алайда бүкіл қазақты тану мүмкін бе? Қазақтың психологиясы неде жатыр? Мен осы сұрақтарға жауап іздеп, өз ұлтымның жан дүниесін түсінгім келеді, сол арқылы бүкіл қазақ халқыма ой тастағым келеді.

Менің бұл тақырыпты жазу барысындағы күйімді ешкім түсінбес десем артық болар еді. Мен бүкіл сезімдерімнің мұхит суындай ұланғайыр екенін білемін. Соларды сыртқа шығарғым келеді. Ал ең бастысы, мен 1931-33 жылдардағы ашаршылықтың болашақ үшін алатын рөлін білуім керек. Ол, біріншіден, тарих; екіншіден, ауыр қасірет; үшіншіден, өтелмеген борышымыз. Өткенді білу болашақты болжау үшін қажет деп білемін. Өз заманында ұлы философ Аристотель «Танығың келсе, күмәндану керек» деп айтып кетсе керек. Еліміздің болашағына осы тұрғыдан күмәнданамын, ертең қандай өзгерістер күтіп тұр екен, соны білгім келеді. Менің ойымша, алға қадымдап басу үшін, өткен қасіреттен арылу қажет.

Дәл қазіргі күнге дейін мен не істерін білмей, қан жылаған көңілімді жұбатумен болсам, қазір нақты жұмыспен айналысудамын. Бұл іс немен аяқталар екен, халқыма титтей де болса көмегім тиер ме екен?

Мен достарыммен осы тақырып аясында біраз сыр шертпек болдым. Адамдардың ойлау үрдісі әртүрлі болады екен. Түсінгісі келіп, қызығушылық танытып жатқандар көп болды: біреулер менің ойымды оқып тұрғандай, өз пікірімен бөлісіп, әңгімеге тартады. Ал кейбіреулердің тіпті білгісі де келмеді. Мені түсінгендерге қуандым, мүлдем назар аударғысы келмейтіндерді көріп қатты қапаландым.

Өмір заңы солай: бірде бар қылса, енді бірде жоқ жасауы мүмкін. Сана-сезіміңді шатастырып, қиналдырып қояды. Алдыңа келген қиындықты жеңу үшін қоғамда адалдық болуы тиіс. Әсіресе қасірет жылдары қиналған жандардың алдында адал болған абзал. Бүкіл қоғам болып олардың қасіретін ескеріп, олардың алдында басымызды иетін болсақ, адалдықтың таңы жарқырап шығатынына сенімдімін.

Осы тақырыптың менің ішкі дұниеме қандай өзгерістер әкелетініне күмәнданушы едім. Ендігі сәтте бұл өзгерістердің маңызы бар екеніне көзім жетті. Бұл жағдайда тағы да уақытты кінәләп шығамын, оның ұстатпай ұшып бара жатқанына таңырқаймын. 1931-33 жылдағы ашаршылықтың болғанын білген әрбір қазақ өз тәубесіне келіп, қазіргі бейқам өмірге бұрынғыдан бетер риза болар деген үміттемін.
Жаппарқұлова Әйгерім

Ө.А.Жолдасбеков атындағы

экономика және құқық академиясы

«Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығының

2-курс студенті


Жан-дүниемнің дамуы
Мен осыдан екі жыл бұрын өзімді тіршілігі күнде қайталана беретін пенденің бірімін деп санайтынмын. Менде не өзгеріс болуы мүмкін? «О, Құдайым, күнделікті тірліктен шаршадым, жалықтым!» - деп өмірімде әйтеуір бір өзгерістің болуын іштей қатты қалайтынмын...

Уақыты келді ме, әлде мені шынымен Алла-Тағала естіді ме, әйтеуір, бір күні өмірім төңкерілді де қалды. Дәлірек айтқанда, өмірім емес, өмірге деген көзқарасым түгел дерлік өзгерді. Құдды бір түнім күнге айналғандай болды. Өміріме серпіліс берген дүмпу былай болып еді...

Мектепті бітіріп, жас түлек атанып, ұшан-теңіз арман-тілектеріммен Талдықорған қаласына аттандым, Ө.А. Жолдасбеков атындағы экономика және құқық академиясына түстім (қазір дәл осы оқу орнында оқитыныма ризамын!).

Күндер болса өз кезегімен өтіп жатты. Алғашқы межелік бақылаулар, емтихандар. Күз ақырындап жылжып, Жаңа жыл да келді. Ал менің күнделікті тірлігім сол қалпы: таңертең сағат жетіде тұрамын, жуынамын, киініп-боянамын, содан сабаққа қарай аяңдаймын. Сабақ аяқталысымен кітапханада отырасың, содан үйге келіп тамақ әзірлеймін. Ауқаттанып, сабақты бір қайтара оқып шығып, ұйқыға еріксіз батамын. Өмір өз ағысымен жүре беретін бірқалыпты құбылыс секілді. Осы үрдіс қана, басқа ештеңе де емес...

Менің өмір жайлы ой-пікірлерім де сол қалпында қала берді. Ендігі арманым - өмірді тыныш қалпы қабылдап, тез уақытымды өткізу еді. Менің ойымда бәрі жоспарлаулы болды: тезірек оқуымды бітіріп, тезірек жұмысқа тұрып, тезірек тұрмысқа шығып, тезірек балаларымды бағып, тезірек дүниеден өту. Қандай ой болмасын, менде «тез» деген ұғым болды және менің ойыма ешбір құндылық, өмірдің мәні, адами қасиет кіріп те шықпапты...

2007 жылдың наурыз айының басында ағайымыз Асхат Қамзаұлы бір топта оқитын құрбым Айкерім екеумізге Алматыға «Сыни ойлауды дамыту» жобасы аясында өткізілетін конференцияға баруға ұсыныс жасады. Екеуміз де оған қуана келістік. Конференция тақырыбы ұлт тағдырын зерттеу мәселесімен байланысты екен. Ал менің білуімше, Асхат ағай баяғыдан 1931-33 жылдардағы ашаршылық мәселесін зерттеумен айналасатын.

Сонымен, ағай бізге осы тақырып бойынша зерттеудің бағыт-бағдарын белгілеп, жұмысқа кірісіп те кеттім... Бірақ жұмыс барысында маған зерттеуші дағдысымен қатар жігерлік те ауадай қажет екенін сәл кейінірек түсіндім.

Алғашқыда ойыма не келді дейсіз ғой? «Ауылға барамын да, тарих пәнінің мұғалімінен бәрін сұрап аламын» деп ойладым. «Содан кейін ашаршылықтың дәмін татқан бір-екі қарттан сұхбат алармын. Жазсам,, айналып келіп сол баяғы тарихты жазармын» деп түйдім.

Жоқ, олай болып шықпады. Дәл осы жұмыс мені өздігімше іздендіріп, мектептен білетін деректерге ғана сүйенбей, тереңірек үңілуді қажет еткен еңбегім болды, өзім үшін ашқан жаңалығы бар тұңғыш жұмысым болды.

Сөйтіп, ат басын кішігірім ауылымызда тұратын, ашаршылықтың дәмін татқан әжелердің үйіне бардым: сол кездердің куәгері болған шалдар тіпті де қалмапты. Сұрақ қою мен үшін оңай: «Ашаршылықты бастан қалай өткіздіңіздер?» деп тарс еткіземін.

Бірақ, әжейлер жауап беруге қатты қиналатын. Көзіне жас алып, біресе әкелерінің қазасын есіне алып, біресе жетімдер үйін есіне алатын... Түк те түсінбеймін. Дал-дұлым шығып, ішіме сұрақтар қаптап кетті. Бір ғана «Аштық кезі сіздің басыңызға қалай тиді?» деген сұрағыма әже ары айналдырып, бері айналдырып, әбден қиналды. Кей кезде олардың кібіртіктеп, мүдіріп қалатынына ызам да келетін...

Сәлден соң әжелердің айтқан әңгімелерінен жаным ауырып, тітіркене бастадым. Мен өзімді құдды сол ашаршылықтағы адамға айнала бастағанымды сезінгендей болдым...

Жүрегім сыздап, қатты қиналдым. Әжелер әңгімелерінің кейіпкерлерімен бірге мен де аш қалдым. Кейде жейтін түгім жоқ, баласын асырай алмайтын халге енген сорлы ана болсам, бірде ғайып болған әке-шешесін жалаңаяқ құмда жүгіріп іздеген, шөлдеген, қарны аш қаршадай бала болдым, кейде өз баласын жұртқа тастап кеткен әке болдым...

Шыны керек, жазып жатып жиіркендім, жаным түршікті, бірақ, неге екенін білмедім, қорықпадым. Ашаршылық туралы білген сайын, біле бергім келді, біле бергім... Тіпті, соншама қазақ қырылған ашаршылықты қолдан жасаған Кеңес өкіметін жек көріп кеттім. Менде кек пен өшпенділік пайда болды. Әрине, уақыт өте оның бекер және дұрыс емес екенін түсіндім. Бірақ бұл дәп сол кездегі көңіл-күйім еді.

Міне, осы кезден бастап, мен жүрген жерімде ашаршылық қасіреті жайлы ел-жұртқа айтатын болдым. Ашаршылықтың ащы дәмі тіліме үйіріліп қалғандай болды...

Конференцияға аз-ақ күн қалды. Әйкерім екеуміз жинақтаған деректерімізді апарып, тағы да Асхат ағаймен ой бөлістік. Ол кісінің былай деп айтқаны есімде: «Бізде ұлттық рух әлсіз, сондықтан да біз өзіміз де әлсізбіз, жуаспыз. Неге? Өйткені біздің намысымыз, күш-жігеріміз сол аштық кезінде құрыған».

Иә, бұл рас. Ағай айтқандай-ақ, батырлық, жігерлік, ұлттық рух деген қасиеттерді біз сол сұрқия 1931-33 жылдары таудай азаматтармен бірге жоғалтқанбыз.

Конференцияда Асхат ағай баяндама жасап, сөзін былай деп аяқтады: «Қазір ешкім ашаршылық туралы айтқысы, тіптен бұл әңгімені қозғағысы да келмейді. Себебі біз әлі де қорқамыз. Біз осының бәрін сыртқа шығаруымыз керек, жан айғайымызды бүкіл әлемге паш еткізуіміз керек. Міне сонда ғана біз қайта төккен намысымызды жинаймыз, ұлттық рухты бірлесе отырып, биікке асқақтатамыз».

Асхат ағаймен бірге менің де жүрек айғайым осылай деп отырды, мен де бұл тақырыпқа салмақпен қарадым. Түстен кейін «Айша Бибі» залындағы симпозиумде сөйлеген сөзімнен кейін біраз жеңілденіп қалдым. Өйткені соңынан тыңдаушылар тарапынан қолдау тапқанымды сездім, оған қатты қуандым, жүрегім орныма түскендей болды, аздап көңілдене бастадым. Тіпті енді ауа жұтып, дем алған сияқты болдым. Бұның бәрі біздің тақырыпқа деген елдің ықыласы мен қолдауының арқасында деп түсіндім.

Сонымен бірге мен біздің бұл еңбегіміз қомақты жұмыстың бір бөлшегі ғана екенін де түсіндім. Нағыз жұмыстың енді ғана басталғанын да сәл кейінірек сездім. Асхат ағай студенгттермен бірігіп, Интернетте ашаршылық туралы сайт ашыпты, «Қазақстан-Заман» газетінің редакторы Ертай Айғалиұлы да осы тақырыпқа ортақ екенін газет басылымдарынан білдім.

Менің өмірімде «тез» деген ұғым жойылды. Мен әлі қаншама жыл өмір сүруім керек! Мен халқыма керек адаммын, менің де қолымнан бір іс келеді. Аштық кезіндегі ата-бабаларымыздың қасіреттерін ойласам, жаным сыздап кетеді. Неше түрлі ой кіреді басыма. Бірақ, «Неге солай істемеді, неге бұлай істемеді?» деуге біздің еш қақымыз жоқ шығар. Не де болса, біз мың өліп, мың тірілген халықпыз ғой. Ендеше, неге мен өлім туралы ойлауым керек? Не үшін тездетуім керек оны? Жоқ, мен бұл өмірді болашақ ұрпақ үшін мәнді де, сәнді қылдырып өткізуге тиістімін!

Конференциядан келгеннен кейін, келе жатқан межелік бақылауларға тапсырмалар ала бастадық. Біреуі тест сұрақтарын беріп жатса, енді кейбір оқытушылар тақырып бойынша тапсырмаларын беріп жатты. Сол сияқты Асхат Қамзаұлы өз сабағынан «Ашаршылық менің ауылымда» тақырыбында жоба дайындауға берді. Қасымдағы студент құрбыларым қайдан аламыз деп дал-дұлдары шықты. Кейбірінен салқындық пен немқұрайлықты байқадым. Барлығына қарап отырып, ішімнен: «Жазыңдар, ізденіңдер, әлі-ақ тітіркене, әрі қызыға жазатын боласыңдар», - дей салдым. Дәл менің осы ойымды Әйкерім топты жинап алып айтты. Қыздар қызыға бастаған сияқты...

Уақыт осылайша өз кезегімен жылжи берді. Құрбыларым менің өзгергеріп кеткенімді айтты. Расында да, мен саяси жаңалықтарды мүмкіндігінше көптеп тыңдауға тырыстым. Тарихты жақсы білетін Нұрдаулет атаммен дауласуға да бардым. Халықты сынай бастадым, кейде еліммен мақтанып та аламын. Иә, мен шынайы патриотқа айналдым. Мен ашаршылық тақырыбына зерттеу жұмыстарын жүргізбей тұрып қандай едім, жұмысты жүргізу барысында қандай болдым және біткенде кімге айналдым? Бұл сұрақтарды мен өзіме қойдым және жауабына таң қалдым.

Мен өзгердім. Маған өзгеріс келді. Дами бастадым, мен өзіндік пікірі бар тұлға ретінде қалыптастым.


Нұрлан Жұлдыз

Ө.А.Жолдасбеков атындағы

экономика және құқық академиясы

«Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығының

2-курс студенті
Ашаршылық туралы студенттердің ой-пікірлері
Асхат ағай бізге «Ашаршылық туралы жазу керек!» деп тапсырма бергенде, мен бірге оқитын студенттермен осы мәселе жайында сұхбат жүргізіп едім. Біз ол кезде 1-курста оқитынбыз.

Айгерім есімді студент қыз былай деп әңгімеледі:

- Ашаршылық туралы бұрын ойламаппын. Бізге Асхат ағай сабақ бергенде, «Ашаршылықтың не қажеті бар, керегі қанша, философияны оқытса болды емес пе?» деп кейідім. «Ол туралы жаздық делік, ал көмегі болар ма екен?» - деп те ойладым. Бірақ жазғаннан кейін, «Шынымен-ақ керек екен ғой!» деп ойладым, өйткені көп нәрсені білдім, көп мәселе жайында ойландым, сол кездегі ашаршылықтың қаншалықты қиын болғанын түсіндім.

Айдос есімді студенттің айтуы бойынша, оған ашаршылық туралы жұмыстың көмегі болған жоқ:

- Жаздық ал, содан бірдеңе өзгерді ме? Есімде жоқ, бірақ межелік бақылау бағасы төмен болды.

Индира есімді студент:

- Кітаптағыны көшіріп бердім, ізденгім келмеді, уақытым да болмады,- деп жауап қатты.

Дидар:


- Ашаршылық туралы өзім жазған жоқпын. Алайда барлығымыз жиылып отырғанда, топтағы бір студент өзінің жазғанын оқып берді. Оның оқығаны маған шын болған оқиға емес, ертегі сияқты көрінді. «Сол кездерде адамның етін шынымен-ақ жегені ме? Сонда адамның хайуан болғаны ма?» - деген сұрақтар мазалады мені.

Айша есімді студент:

- Мен осы жұмысты жаздым, өйткені ол бізге керек, өткенді еске алған есейгеннің белгісі емес пе? Жан-жақтан сұрадым, іздендім, бірақ жазғаным онша жақсы шықпады ғой деймін...

Саян:


- Мен де жаздым, өйткені ағай жазғанымыз кітап болып шығады деп еді ғой. Бірақ кітапты бізге неге көрсетпеді екен? Біздің жазғанымыз кітапқа кірмейтін де шығар деп ойлаймын...

Қайсар есімді студент:

- Шынымды айтсам, жазғым келмеді, межелік бақылау алу үшін ғана амалсыздан жазуға тура келді, бірақ жазғаннан кейін көп ойландым. Маған ол оқиғаларды апам айтып берді, сол үшін ауылға да бардым. Бірақ оның бәріне мен өкінбеймін, өйткені сол қасіретті оқиғалар туралы біреулер менен сұрап қалса, мен бұрынғыдай «Білмеймін!» деп жауап бермей, әңгімелеп бере аламын.

Ерлан есімді жігіт тіпті ренжіді:

- Бұны жазғанша, Аралық мемлекеттік бақылауға (ПГК) дайындалу керек еді? Философияның ашаршылыққа қатысы қанша?..

Ләззат есімді студент:

- Ашаршылық тақырыбы мені оқушы кезімнен қызықтырды, сол себепті де мен бұл жұмысты қуана-қуана жаздым. Маған топтағы қыздардың жазғаны да ұнады. Бірақ қазіргі жастарымыз ашаршылық туралы ойланбайды: «Сол кезде қаншалықты қиын болды?», «Біз кімнің арқасында тірі жүрміз?» деген сұрақтар ешкімді толғандырмайды...

Мақпал:


- Бұрын бұл тақырып туралы онша ойланбаппым, мән де бермедім, сол себепті де ағай тапсырма бергенде жазғым да келмеді... Бірақ іздене жүріп жазғаннан кейін тіпті көзіме еріксіз жас та келді. Сол жұмысымызды өткізетін күні төрт қыз бір үйге бірге қондық та, түні бойы бір-бірімізге жазғанымызды оқыдық. Сол нәубет туралы көп әңгімелестік, көп ойландық. Осы себепті де жұмысты орындау барысында біз көп нәрсені білдік деп ойлаймын. Ашаршылық туралы көптеп айту керек, жастардың көзін ашып, ата-бабамыздың қандай қиын кезеңдерден өткендігін баса жеткізу керек...

Айнұр есімді студент:

- Мен өзім бұл тақырыпқа жазған жоқпын, көшіріп алдым. Алайда ашаршылық туралы тарихтан естуім бар, ол туралы білмеймін деп айтпаймын.

Мұрат:


- Мен басқа бір баяндаманың көшірмесін жасатып алып, соны өткіздім...

Асқар есімді студент:

- Мен ашаршылық туралы жазуды басымды қатырмай кітаптан келтіре салайын дедім. Жұмыстың басын тарих оқулығынан жазып жатқан кезде әкем: «Не жазып отырсың?» - деп сұрады. Мен ашаршылық туралы жазу тапсырмасы берілгендігін айттым. Сөйтсем әкем біздің ауылда ашаршылықтың тарихын біледі екен, сол кісі біраз әңгіме айтып берді. Мен оларды жазып алдым... Неліктен биылғы бірінші курсқа ашаршылық туралы жазуға бермеді екен? Олар да ізденер еді, әйтпесе биылғы бірінші курс студенттері маған мүлдем басқа болып көрінеді...
Мен сұхбатты жүргізген кезде, студенттердің барлығы дерлік «Атымызды шынымен жазбайсын ба? Жазатын болсаң, есімдерімізді өзгертіп жаз!» деп өтінді.


Серікқожанова Мөлдір

Ө.А.Жолдасбеков атындағы

экономика және құқық академиясы

«Экономика және құқық негіздері» мамандығының

2-курс студенті
Асхат Әлімов

ЖОЛСЕРIК




Бұл әңгімені осыдан біраз жыл бұрын жазған едім.

Негізінде марқұм әкемнің өмірі жатыр...

Шал божыны анда-санда сiлкiп қояды... Күрең ат шыбындап, басын шұлғи, өгiз аяңмен iлби басады. Киiзбен күптелген ершiктiң асты қошқылданып тершiген... Күн шыжғырып барады. Жолдың бiр қалыпты бүлкегi Миратты шаршата бастады. Көз тастам жердiң бәрi де селдiр селеу мен сидиған ермен, көгiлдiр жұқа жапырақтары бiр буда түтiнге ұқсаған жиде өскен аласа адыр, жоталар...

Шал әлi де сөйлеп келедi, үнi бiр қалыпты, баяулау не үдеу дегендi бiлмейдi. Құдды өзiмен-өзi сөйлескендей...

- Осы жолмен отыз екiншi жылы Шамалған стансасына шығып едiк, ашаршылықтан қашып... Бiздiң үй түгелiмен үдере көштi. «Қырғыз жақта ел тоқ» дегенді естiп, әкем марқұм: «Ауылда аштан бүгiлгенше, сол жақтан қорек табайық», - деп жолға жинады бәрімізді... Күздiң қара суығы... Жаяу шықтық. Малдың бәрiн колхоз тауысқан, қалғанын жеп бiткенбiз. Ол кезде кеудесінде қыбырлап жаны қалғандар қолдарына шелек ұстап, осы бөлдектерге шығып кеткен... Ол неге десең, iнiне су құйып сарышұнақ ауладық емес пе...

Шалдың әңгiмесiне емiс-емiс құлақ түрiп отырған Мират:

- Бiздiң жақта да ондай болған екен... - дедi.

Шал естімеді.

- Бiр күн жүрiп, әрең жеттiк темiр жолға. Жарым түнде әкем бiр орыс машинистке ақша берiп жүрiп, әрең дегенде тиелдiк қой бiр жүк пойызына. Қолымызда дәнеңе де жоқ, еденде жаттық. Кiшi әкемнiң жесiрi Дүрияның шешеме айтқан сөзi сонда есiмде қалыпты: «Секер жеше-ау, тамның iргесiнде бiр дорба алтын-күмiс қалды ғой көмулi!» деп... Кейiн бiлдiм: елде тiнту жүре бастағанда, кiшi шешем үйдегi барлық сақина, бiлезiк, шолпы, сырғаларды жинап алып, жасырып қойған екен... Қайдағы алтын, жан сауға едi ғой ол кезде!..

...Ауада еш қозғалыс жоқ, тымырсық… Шошақ басты сорайған қамыстар селт етпейдi, тек арбаның сықыры мен күреңдi торыған шыбындардың ызыңы, әуеде безек қаққан бозторғайдың шырылы ғана. Айнала түгел жым-жырт, мүлгiген баябан дала меңiреу. Төбедегi көк ғарыш та немқұрайды, бей-жай...

- Үш күнде әрең қырғыздың Тоқмақ деген қаласына келдiк, әйтеуiр. Жол жөнекей азын-аулақ алып шыққан нанды қореқ еттiк, далаға бой да көрсеткен жоқпыз қорқып: бiреу-мiреу түсiрiп тастай ма деп пойыздан... Мен ұйықтай алмаймын, қарным аш. Ол кезде сегiзден асып, тоғызға кеткен шағым ғой. Қыңсылап, әкемнiң бауырына тығыла берем, әкем кейде ешкiмге көрсетпей бiр жапырақ нан берiп қояды. Нанынан да үмiттiмiн, қорыққаннан да айналшақтаймын. Әкем марқұм өзге балалардан ерен көрушi едi менi. Өзiмнен екi жас кiшi қарындасым бар болса да, мен ыстық едiм оған... Әйт, шу, жануар!..

Шал делбенi жұлқып қалды. Күрең ат желе жөнелгендей болды да, біраз шоқытып, бағанағыдан созып келе жатқан дiмкес әуенiне қайта оралды: басын шұлғи, асықпай, аяңдай бердi алға қарай.

Мират қасында отырған шал жаққа, неге екенiн өзi де бiлмейдi, көз тастауға сескеніп отыр. Аспанға қарады: күн сәске тұсқа көтерiлiп қалыпты. «Сағат он екiден асқан шығар»,- деп жорамалдады, бiрақта қолындағы сағатына қарауға, неге екенін өзі де білмейді, ұялды…

- Ақсақал, атыңыз кiм болады?

Шал сәл үндемей отырды да:

- Темірұлы Қамбар, - дедi.

Сонан соң дауысын сәл көтерiңкiрей ыңылдап кеттi:

- Есiмiм - Қамбар, сұрасаң менiм жайым,

Қарғалы мен Майбұлақ мекен-жайым,

Сергелдең кешiп, тас бұғау құрсанғанмен,

Тәңiрге тәубешiлiк етем дәйiм...

- Е,шырағым- ай, ә! Кештiк қой талай нәрсенi бастан... Өткен нәрсе ылғи қасыңда жүредi емес пе? Ұмыта алмайсың да, одан қашып құтыла алмайсың да... Өзiңмен бiрге көрге алып кететін шығарсың...

- Отағасы, жасыңыз нешеде?- деп сұрады Мират. Даусы бұрынғыдан жұмсақтау шыққан болып көрiндi өзiне.

- Жетпiс жетiдемiн. Жиырма үшiншi доңыз жылымын ғой... Шу, қасқа!- деп атын тағы да бiр шоқытып алды да.

- Әкем марқұмның жасынан асып кеттiм емес пе... Ол кiсi елу тоғызында қайтыс болған едi...

- Бағанағы әңгiмеңiздi жалғастырмадыңыз ғой! – Мират расында да ыстық өтiп кеткендей өзiн бiртүрлi сезiнуде болды. Шал жөткеңкiреп, тамағын бiр қынап алды да, баяғы асығысы жоқ баяу қалыппен әңгiмесiн жалғап кеттi.

- Тоқмаққа келiп, стансадан түссек, бұл жерде де өлiп, әр жерде теңкиiп

жатқан қазақ. Стансаның алдында шайхана бар екен, сол жерден шешемнiң қолындағы бiр алтын сақинасын берiп, нан алып, жүрек жалғадық. Әлi есiмде, шайхана есiгiнде отырған қарындасым шамалас бiр қазақ қызының маған телмiрiп қарағаны. Қасында бiреу сұлап жатты: шешесi ғой деймiн, өлi-тiрi екенiн адам бiлмейдi. Шешем менiң жүзiмдi ол қыздан бұра бердi, ал мен, неге екенiн бiлмеймiн, оған бажырая қарай бердiм, қарай бердiм. Стансадан кетiп бара жатып та әкемнiң қолынан ұстаған қалпы артыма қарай бердiм...

Жол алдағы биiктеу жотаға бет алған соң, шал атын тоқтатып, арбадан түстi де:

- Мына шiркiн бүл төбеге шыға алмас, жаяу жүрейiк. «Жаман атқа қамшының сабы да ауыр» деген емес пе,- деп күлдi.

Мират жаяулата алға адымдады, жолдың ернеуiндегi құм аралас жұмсақ топырақ бор секiлдi аяқ астында үгiтілiп, опырыла бередi. Ол шеткері шығып, жолсызбен жүрдi. Аяқ асты жұмсақ, бейне бiр қалың түктi кiлеммен келе жатқандай болып көрiндi оған. Шал ауыздықтан алып, күреңнiң қасында асықпай адымдап келе жатыр. Әлi де сөйлеп келедi, дауысы манағыдай емес, ендi талмаусырап жетедi Миратқа:

- Содан не керек, Тоқмақта алты айдай өлiмге күнде барғандай болып итпектедiк емес пе?! Қаланың сыртындағы бiр сайда иелерi тастап кеткен кiшкене үйшiктi мекендедiк, есiк-терезесiн алашамен бүркеп тастап. Үлкен ағаларым Мұғали мен Аббас қамыс орып, базарға апарып, солардың тапқан-таянғанына нан сатып алып жүрдiк... Әкем марқұм қатты шөгiп кеттi, қажыған, әлсiреген. Күн ұзақ телмiрiп қана жатқаны сыз еденде. Елдi ойлап, сағынатыны ғой деп ойлаймын қазiр...

«Мына шалың iшiне симай жүрген хикаялардың бәрiн кездейсоқ жүргiншi маған нелiктен ағынан жарылып айтты екен? Менiң тыңдап, я құлақ түрмей отырғаныммен шатағы да болмады емес пе? Маған нақыл айтып, үйретейiн деген ойы да жоқ сияқты: өзiне-өзi айтып келе жатқандай. Бәлкiм, бұрыннан жегiдей жеп жүрген шығар сол өткен күндер»...- деп ойлады Мират шылымын тұтатып.

Қазiр ғана байқады: ақсақал орта бойлыдан сәл аласалау, бiрақ дене бiтiмi тығыз, әлi де суала қоймаған сияқты, аяқ сiлтесi де мығым, шау тартқандарға тән әлжуаздық бiлiнбейдi. «Бұны жетпiс жетiге келдi деп кiм айтар? Оның жасына жетсек, шашылып қалармыз»,- деп ерiксiз мойындады iштен Мират.

- Отыз үшiншi жылдың наурызында бiзге де хабар жеттi: «Калашокиндi орнынан алып тастапты, Қазақстанға ендi Мырзажан деген басшы болыпты. Ел есiн жия бастапты, аузы аққа, қолы нанға тиiптi»,- деп. Ағаларым «қайтамыз» дедi. Шешем марқұм: «Әкелерiң алыс сапарға шыдай алар ма екен? Кiшi балалар мен мына жеңгелерiң де әлсiз»,- деп күмән бiлдiруде болды. Жолды жаяу кешу керектi, өйткенi пойызға күздегiдей ақша да, алтын да жоқ... Тәуекелге бел байлап, Жаратқанға сиынып, шықтық ұзақ жолға...

Шылымның ащы түтiнi Мираттың көмекейiне кетiп қалғандай болып, ол біраз жөткерiңкiредi. Содан соң темекiнiң тұқылын алға қарай шерте лақтырып жiбердi де, iле-шала табанымен жаныштап өттi. Ол шығуға асыққан төбенiң үстiнен тауды сағалаған ауыл да, шөккен бураға ұқсас тау сiлемдерi де айқын көрiндi. Ақсақал атын тоқтатты да, қалпағын шешiп, маңдайындағы шып-шып шыққан тер моншақтарын алақанымен сүрттi де:

- Мiне, батырым, бiздiң ауылдың төбесi де көрiндi. Қазiр ана белден асып, төмен түсемiз де, шеткi көшеге кiремiз,- деп қуана сөйледi.

Шал дән риза сияқты ауылын көргенiне, құдды ұзақ сапардан кейiн оралғандай. Мана өзi емес пе едi таңғы алтыда қоймен бiрге жолға шықтым дегенi...

- Ал ендi қайта отырдық мына қасқаға! - деп ақсақалың бiрiншi болып дөңгелекке аяқ салып, арбаға «Әупiрiм, Алла!» деп көтерiлдi.

Шал ендi ыңылдап, ән тербеткендей болып келедi, жан-жаққа көз жүгiртiп, айналаны қызыға тамашалағандай. Мират тағы да бiр темекiнi тұтатты. Қою түтiндi құшырлана сорды. Жаңағы әңгiменiң аяғын бiлгiсi келдi, бiрақ «Әрі қарай жалғастырыңыз!» деп айтуға, неге екенiн өзi де бiлмейдi, дәтi шыдамады. Өзiне-өзi ызаланып отырды да қойды. Бiр-екi рет оқталып едi, алайда шалдың езуiне үйiрiлген күлкiнi көрiп, батпады...

Ауылдың iшi тып-тыныш. Бұлар ауылдың шетіндегі сыртын жақында ғана әктеген үйдiң маңына тоқтады.

- Бiздiң үй осы, шырақ, - дедi шал.- Үйге түскiн, қонақ бол, балам!

Мират пенжегiн арбадағы шөптiң үстiнен алып жатып:

- Рахмет, ақсақал! - деп иiлдi. - Жұмысым көп, қараңғы түспей атқарып, бүгiн-ақ қайтып кетсем деп едiм Алматыға. Онсыз да көп уақытымды жоғалтып алып едім...

Шал мұны үгiттеп жатпады:

- Ал жақсы, жiгiтiм, онда... Сенiң iздеген үйiң келесi көшемен қиылысар тұста, әне, - қолын шошайтып көрсеттi, - қызыл қаңылтыр шатырлы үй!- деп жөн сiлтедi.

- Қайыр, қош боп тұр, қалқа!- деп қол берместен Мираттың жолсерiгi кiлт бұрылып, қақпадан арсалаңдап жүгiрiп шығып, атасын құшақтай алған он-он екі жас шамасындағы қара домалақ балаға қолындағы дорбасын ұстата бердi.

Олардың шүйiркелесе жарасқан ым-дымдарына құлақ салмастан Мират әлгi көрсеткен үйге қарай асыға адымдай жөнелдi...

«Бүгiнгi күннiң шынында да ешке кетiп, мән-мағынасыз болғаны ма? Жоқ, әлде мен үшiн бiр кәдеге жарар ма екен?»

Кiм бiледi...

2002 жыл


Асхат Әлімовтің «Заң» гәзетінде жарияланған

«Өксікке толы өткенді жылап тұрып еске алайық»

атты мақаласы жайында

ПІКІР
Қазақ халқының басқа да халықтар сияқты өз тарихы, өзінің жүріп өткен жолы бар. Бұл - ақын Ж.Молдағалиев айтқандай, «Мың өліп, мың тірілеген» жол. Қай халық болмасын оның өрлеу, құлдырау, қайта өрлеу, тіпті заман ағысына төтеп бере алмай жер бетінен жойылып кету тарихы бар. Бірақ біздің халқымыздай тағдыр тәлкегіне түсіп, қаншама зұлмат, апаттарды басынан өткеріп, сыналып, шыңдалып бүгінгідей еркін, тәуелсіз күнге жеткен халық көп емес. Бар шындық салыстыру, бәрін қатар қойып саралау арқылы анықталады. Қазақ халқының тарихын жер жүзіндегі басқа да халықтардың тарихымен салыстыра таразыласақ осындай байламға келуге болады.

Асхат Әлімовтің біздің тарихымыздың бір қаралы бетін ашып, ой таразысына өткізуін, мұндай сындарлы істі өскелең ұрпақты тарта отырып жүргізуге ұмтылуын сол тарихымызды таразылау бағытындағы бір сүбелі іс деп бағалау керек. Расында да өткен ғасырдың 1931-33 жылдарында қазақ халқы бастан кешірген ашаршылық туралы өте аз айтылып, аз жазылып келеді. Бұл нәубет әлі өзінің әділ бағасын алған жоқ. Халқымыз талай қилы заманды басынан өткерді, бірақ солардың ішіндегі ең ауыры да, қасіреттісі де 1931-33 жылдардағы ашаршылық.

Тарихта ел басшыларының не қате шешімінен, не қауқарсыздығынан, не білімсіздігінен, не қатігездігінен, не басқыншылық шабуылдардан, не соғыстан халық басына зобалаң орнаған кездер болған. Ал 1931-33 жылдардағы ашаршылық қазақ халқына - өз еркіндігі, тәуелсіздігі жоқ халыққа - сырттан таңылған, турасын айтсақ, қолдан жасалған кесапат еді. Басқаша айту мүмкін емес. Егер қазақ елі Ресейдегі 1917 жылғы революциядан кейін Алашорда партиясының бастауымен өзінің тәуелсіз даму жолына түскенде бұл зұлмат ешқашан болмас еді. Бірақ тарих басқаша шешті. Қазан төңкерісінен кейін билік басына келген большевиктер партиясы Ресейдің отар елдерін өзінің уысынан шығармады, оларға (Финляндиядан басқасына) тәуелсіздік бермеді. Оның орнына Кеңестік Социалистік Республикалар Одағы деген атпен бүркемеленген тоталитарлық мемлекет дүниеге келді.

«Бар дүниені түп тамырымен жоямыз. Содан соң біз өз әлемімізді құрамыз» деп ұрандаған большевиктер қазақ халқының өткенімен, келешегімен санасқан жоқ. Оның болмысына жат тұрмыс салтын, тап күресі деген саяси науқанды күштеп таңды. Халық екіге айрылды. Байлар тап ретінде жойылып, олардың бар малы, дәулеті күштеп тартып алынды. Елдің басты байлығы, күнкөріс көзі – малы әуелде жарлы-жақыбайларға бөлініп беріліп, талан-таражға түссе, кейін Голощекиннің солақай саясатымен олардан да тартылып алынып, бір орталыққа жиналды. Елге бас-көз болып, ағайынның мапақасын айырып беріп отырған дәулет иесі - байлар атылды, айдалды, жер аударылды. Олардың орнын дені шаш ал десе, бас алатын, шаруа жүргізуге ебі жоқ сауатсыз белсенділер басты. Сөйтіп иесіз қалған мал есепсіз шығын болды. Содан кейін амандық сұрасуды әуелі малдан бастайтын қазақтың өзі де қырғынға ұшырады. 1931-33 жылғы ашаршылықтың қысқаша жылнамасы осындай.

Қазір кейбір тарихшылар 1931-33 жылғы ашаршылықты егіннің шықпауынан, құрғақшылықтан деп түсіндіруге тырысады. Қазақтың басында талай жұт, талай қуаңшылық болған. Бірақ тар заманда қолында малы барлар малы жоқтармен бөлісіп жеп, еш ашаршылыққа, күйзеліске ұшырамаған. Көшпелі тұрмыс кешкен қазақ тіпті егіншілкке, отырықшылыққа тәуелді емес те еді. Алайда Голощекин малды көшпенді қазақты осының бәрінен жұрдай етті. «Қазақты отырықшы тұрмысқа бірте-бірте бейімдеу керек, оны жаңа тұрмыс салтына жайымен тарту керек» деген Алаш көсемдерінің пікірі есепке алынбады. Олар да жат элемент ретінде атылды, айдалды.

Асхат Әлімовтің мақаласы осы шындықпен терең астасып жатыр. Онда ұлтымыздың өткеніне терең үңіліп, таразылап, одан тағлым алуға деген ұмтылыс жатыр. 1931-33 жылдардағы ашаршылық шындығы, әсіресе, кейінгі жас ұрпаққа қажет. Сондықтан А. Әлімовтың осы ащы шындықтың бет пердесін ашу жолындағы еңбегін ұлт үшін, оның келешегі үшін пайдалы, керек бастама деп бағалау қажет.

Өткенді ескеру, оны ой елегінен өткізу «Өткеніңді елемесең, келешегіңді болжай алмайсың»,- деген халық даналығымен астасып жатыр. Расында да біз тарихымыздың 1931-33 жылдырдағы ашаршылық сияқты қаралы да қасіретті парақтарына терең үңілмей, зерттемей, оған тиісті бағасын бермей келеміз. Мұның бір себебі өзіміздің салғырттығымыздан десек, екінші бір себеп белгілі бір космополит топтардың: «Бұл біздің бірлігімізге нұқсан келтіреді, ел ішінде дүрбелең туғызады. Бәрі өтті, кетті, қырылғандарды тірілте алмайсың. Қажеті жоқ бос әңгіме» деген керіағар пікірлері, тіпті қарсылықтары. Олар қазақ тарихының бір ғана сәтін пайымдамақ түгіл, қазақи ділді, тілді, дәстүрді, мәдениетті жаңғыртуға да қарсы.

Рас, тәуелсіздік алғаннан бері тарихымыз қайта таразыланып, көптеген жайлардың беті ашылды. Елі үшін еңіреп туған, халқының қамын жеп өткен талай ерлерімізге ескерткіш қойылып жатыр. Мұның бәрі халқымыз үшін, келер ұрпақ үшін қажет тірліктер. Ұрпақ тәрбиесі үшін тарихымыздың жақсы жақтарымен қатар, оның қаралы тұстарын да ашып көрсету, жазықсыз құрбан болған жандарды аза тұту, қастерлеу де ауадай қажет.

«Садақаңды саушылықта бер», - дейді халқымыз. Есімізді жиып, етегімізді жапқан кезде 1931-33 жылдардағы ашаршылық құрбандарына барлық жерде ескерткіш орнатып, оларға гүл шоқтарын қойып, құрбандарға арнап дұға оқытып, ас беру рәсмдерін жасау үшін бір арнайы демалыс күнін белгілеу - күн тәртібінен түпейтін мәселе.

Осы тұрғыдан алғанда А.Әлімовтың көтеріп отырған мәселесі билік тарапынан, бүкіл халқымыздан қолдау табуы тиіс. Мұны ашаршылықтан қаза болған, тіпті көмусіз қалған, үдере ауып, жат елдерде көз жұмған 5 миллион қандастарымыздың аруағы талап етеді.


Орынбай Шәйкенов,

журналист,

Талдықорған

Ертай Айғалиұлы 
XX ғасырда орыс империясы жасаған қанды нәубеттерді, зұлматтарды, қырғындарды ұмытуға қақың жоқ, Алашым!
Біз тәуелсіздігімізді алдық. Бір аллаға шексіз шүкіршілік айтамыз. Өзімізше бүкіл әлем мойындаған мемлекет болдық. Тәубе, тәубе! Бірінші бетте беріліп отырған қанды нәубеттер мен зұлматтардың тізімін бекерге беріп отырған жоқпыз. Кейінгі ұрпақ білсін, есте сақтасын, тәуелсіздігіміздің оп – оңай келмегендігін сезсін деген ниетпен тізбеледік. XX ғасыр қазақ үшін қанды қырғын ғасыры болды. Тек қана шыбындай қырылған жоқпыз, рухымыз сынды, денемізге қан жүгіртіп тұрған рухани байлықтан айрылдық. Орыс империясы жүздеген ұлттар, ұлыстарды жойып жібергенінтарихтан жақсы білеміз. Сол ажал құрсауы, тұзағы біздің мойнымызда да тұрды. Қазақтың жаназасын шығаруға сәл-ақ қалғанда тәуелсіздігіміз келді күндей күліп!

Бүгін назарларыңызға ұсынылып отырған қаратізімнің ішінде ең ауыры, ең зұлматы 1931-33 жылдардағы аштық. Осыдан біраз күн бүрын бір азамат біздің сайтымызға «Геноцид: қазақтың тағдыры бүкіл азаматқа сабақ болсын немесе исі қазаққа үндеу» деген алпыс бетттік мақала жіберіпті. Алып оқыдық. Азаматтың аты-жөні Асхат Әлімов екен. Талдықорған қаласындағы Жолдасбеков атындағы академияның ректоры, филология ғылымдарының кандидаты, доцент. Кәдімгі шұбалыңқы материалдардың бірі ғой деп онша мән берген жоқпын. Бастап оқи бастағаннан бұл мақала өзге, ерекше екенін байқадым. Аштық, репрессия туралы жай ғана мақалаға ұқсамайды.Мұндағы басты ерекшелік аштық жылдарындағы жан төзгісіз оқиғаларды ерінбей жинақтаған. Республикамыздың түпкір-түпкірінде тұратын студенттерді осы адами игі іске жұмылдырған. Міне, азамат! Әрине, біздің тарихшыларымыздың, Үкіметіміздің зор күш бөліп істейтін, жүзеге асыратын игі ісін Асхат жалғыз өзі бастаған. Сол зұлматтың куәгері тәуелсіздік алған кезімізде-ақ сиреп қалғаны шындық болатын. Бірақ бар еді ғой, тірі еді ғой. Жер бетінде миллиондап адамы құрған мұндай зұлмат, қанды қырғын зарды бастан кешкен қандай, қай мемлекет бар. Кейінгі ұрпақ бұл зұлматты білуі, жан дүниесімен сезінуі тиіс екендігі айдан анық нәрсе. Мелекетіміз бұл жөнінде ештеңе жасаған жоқ деп айтуға толық хақымыз бар: 31 мамырды «саяси қуғын-сүргіндерге ұшырағандардың күні» деп жариялады. Алматы қаласының Наурызбай мен Қабанбай көшелерінің қилысына тас қойдық осыдан оншақты жыл бұрын. Астанада, басқа облыстарда да көзге көрінбес орындар, музейлер аштық. Бітті, осыменен. 31 мамырдағы қасірет күні бір автобус адамды тиеп алып Жаңалық ауылындағы арыстарымыз атылған жерге барып келеміз. Бұл біздіңше өте аз.Бүкіл халқымыз болып қаралы күн ретінде атап өтетін, егіле есіңе алатын күн атаусыз өтеді десекте болады.

Асхат бауырымыз, міне осы көкейкесті мәселені түп тамырымен көтерген. «Ұлттық нигилизнің немесе мәңгүрттіктің себебі қайда жатыр? Сонда халқымыз әу бастан осындай ма еді, жоқ әлі де қасиетсіздік кейін жабысқан кесір-кесапат па? Менің ойымша, мұндай ұлттық нигилизнің, мәңгүрттіктің, рухани әлсіреудің (басқаша айтуға болмайды) негізінде әлеуметтік-саяси себептер жатыр»,-деп ол оның себептерін ашуға тырысады. Студенттермен сырласып, олардың осы тұрғыдағы ойларын білгісі келеді.Міне соның бірін келтіре кетелік: «Қазақ қонақжай ,кішіпейіл көнбіс, шыдамды, сабырлы, білімге құштар, кеңпейілді, алайда ол өзіне-өзі немқұрайды, басқаға бейімшіл және өз дәстүрлерін ұстанбайтын халық».

Асхаттың мақсатынан тағы бір үзінді: «Осылайша менің ойымша ашаршылықтан кейін қазақтың өршіл әрі қайсар мінезі де, заңғар идеясы да, асқар рухы да өзгеріп сала берді. Бұдан бастап қазақ қара басының қамын жыртуға кірісті. Осылайша бізде ұлтттық нигилизм белгілері орныға бастады. Нигилизм дегеніңіз жүйке дерті іспеттес. Біз қазақ жүйке ауруына шалдыққанбыз деп айтуға тұрарлық. Әйтпесе өзімді - өзім жақтырмау әдеті қайдан туған? Жақтырмау ғана емес, тіптен бір-бірімізге өшпенділік бар секілді қазақ арасында».

Асхаттың айтып отырғаны орынды дер едім. Сонау биіктен бастап қарапайым бұқарамызға дейін жалтақпыз. Көршіңмен тату бол! Бұл адами заң. Елбасымыздың жүргізіп отырған саясаты дұрыс. Бірақ қазақтың «Еңкейгенге еңкей, шалқайғанға шалқай» деген әпсанасы бар емес пе? Елбасымыз қазақтың өткен ащы, қасіретті тағдырын білетін биліктегі бірден-бір адам.Ал айналасындағы ше?Үкімет басшысы Мәсімов біле ме?Әй, қайдам. Тілін менсінбейтін адам тарихын қайтсын.Қалғандары ше? Олар да Мәсімовпен шамалас. Егер тарихты білсе, қазақтың басынан өткен зұлматтар мен нәубеттерді жүректен өткізе білсе, олар осыларды кейінгі ұрпақты тәрбиелеуге игі шаралар ұйымдастырмас па еді? Өкінішке орай өткен тарихынан мақрұм, халқының басынан кешкенін таразылай алмайтындар қазір билікте отыр. Бірақ бұдан әрі олай өмір сүруге болмайды. Бір мемлекеттің негізгі халқы, өзегі болып отырған ұлттың тағдырына қалай болса солай қарау қылмыс деп есептейміз. Елбасымыз жанына өзінде қазақы адамдарды жанына топтастыру керек.

Ұлтты құрметтеудің жөн жосығы осы екен деп жасанды театрландырылған көріністерді жасаудан қашып, соншама нәубеттерден дертке шалынған қазақты емдеуіміз тиіс.

Асхат айтпақшы, Жер атты ғаламшар бетінен Қазақ ұлты жойлып кетпесін десек, аруақтар алдында кешірілмес күнәға батқымыз келмесе, болашақ ұрпақ алдында еңсеміз биік болсын десек рухымызды көтеру жолында батыл қимылдарға бару керек. Алдымен ұрпағымызға өткен тарихымызды ұмыттырайық. Мысалы, Екінші дүниежүзілік соғыста 6 млн. Еврей қырылды. Олардың Яд Вашем атты мемориалдық кешенін аралап өткен адамның жан дүниесі жылап, түбегейлі өзгеріп шығады екен. Сталинградтағы алып ананың ескеткіші, Санкт-Петербургтағы соғыс мемориалдық кешені адам баласының тәубеге келтіреді.1932-33 жылдардағы ашаршылық Асхат айтқандай ұмытылып барады. 3 млн қазақтың басын жұтқан зобалаңды қалай ұмытуға болады. Ең құрығанда бір күнді аштықтан көз жұмған миллиондарға арнайық, қара жамылайық, қайғырайық. Алып мемориалдық кешен салсақ. Украйындарда да сұмдық ашаршылық болған. Олар бір күнді еске алу күні деп беогілеп, сол күні бүкіл Украина қара жамылады.

Бүгін нөмірімізде ықшамдап жариялап отырған Асхаттың мақаласы үлкен ой салады, толғандырады, көзіңе жас алдырады. «Енді ондай зұлмат қайталанбаса екен»,- деп шын жүрегіңмен бір Алладан тілейсің, тәубеңе келесің.Бұл зұлматты жасағандарға лағынет айтасың. Тәуелсіздігімізді аялайық. Оны сақтау әрбір қазаққа аманат. Сақтау үшін ұлан-ғайыр жұмыстар жасау қажет. Алаш рухын аспандату үшін ешкімге жалтақтамай ұлттық идеялогияны қалыптастырған абзал. Бұдан басқа жол жоқ. Сонда ғана CC ғасыр, одан бұрында кінәсіз шейіт болған бауырларымыздың алдында парызымызды ақтаймыз.


«ҚазақстанZaman» гәзеті,

22 (689), 29 мамыр 2008 жыл



P.S.

Студенттерге үлкен кісілердің әңгімелерін жинау тапсырмасын бердім. Олар бір жылдай ауылдарындағы ашаршылықты бастан шеккендерден интервью алып, маған әкеліп отырды.

«Ашаршылық куәгерлері сөйлейді...» кітабы 2007 жылы аяқталды. Мен студенттердің жинаған деректерін біріктіріп, өңдеп-түзеп, редакцияладым. Таңданғаным: студенттердің басым бөлігі бұл тақырыпқа немқұрайды болды. Менің ішім қан жылап тұрған мәселеге олардың көбісі селт ете қоймады. Кейбіреулерінің тіпті күңкілдеп жатқанын да есіттім: «Ашаршылықтың біздің сабаққа қандай қатысы бар екен? Өткен-кеткенді несіне аршып жүрміз?!». Оларға басты мәселе емтиханды тапсыру болды...

Кітапты басып шығару – өзімнің де қолымнан келетін іс еді. Алайда мені кім таниды? Мен кімді, қанша адамды тыңдата аламын? Осыған күмәным зор болды...

Сол себепті мен кітапты Алматы облысы әкімінің бастамасымен шығатын «Мәдени мұра» атты бағдарлама бойынша шығаруды жөн санадым. Егер бұл кітап облыс әкімі атынан шығарылса, елге тегін таратылса, онда оның салмағы да ауырлап, географиясы да кең болатындығы сөзсіз ғой...

2008 жылдың жазында әкімге хат жаздым. Тәлейіме қарай әкім «Шығарылсын!» деп бұрыштамаға қолын қойып берді. Риза болдым! Алайда хатым әрі қарай облыс әкімшілігінің кабинеттерінде із-түссіз жоғалып кетті. Әрі-бері шенеуніктерден сұрастырып көріп едім, ешкімнен мардымды жауап ала алмадым. Хатым сол кеткеннен, мол кетті. Мүмкін ол кітаптан жергілікті ақын-жазушылардың ткындылары асып кеткен де шығар...

Екінші рет әкімге хат жазуға дәтім бармады. Ұялдым да...

2010 жылдың қаңтарында Абай атындағы университетте сабақ беріп жүрген кезімде атақты тарихшы ағаймен сөйлесіп, сол кісіге кітап жайлы айттым. Тарихшы ағай кітапты оқып шығып, маған кітапты «ректорға айтып, университет атынан шығарып беремін» деп уәде берді. Ғалым ағай сөзінде тұрды: ректорға кіріп, кітапты баспадағы кезекке қойыпты. Риза болдым! Алайда ол кезектің аяғы көрінбей кетті. 2014 жылы бір танысым ол кітапты менің сұрауым бойынша баспаның алдыңғы-кейінгі жоспарларынан іздеп, таба алмады...



Елдің немқұрайдылығына қарап, менде күмән пайда болды: «Бұл кітап ескіріп қалған жоқ па?.. Мүмкін бұл тақырыптың бүгінгі күні қажеті шамалы болар? Керегі не өткен күндердің келеңсіз беттерін парақтап? Оданша тарихтың жеңісті күндерін жырлау керек болар бүгін?»...

Сонда да, бұйырса, биыл осы кітапты өзім шығарамын ба деп отырмын. Елге оны тегін таратамын... Бірақ, Мұқағали айтқандай, «...алайда кімге керек? Жанға шипа іздеймін, тілге дерек...». Ол кітапты кім оқыр екен?..

Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет