Жылдардағы ашаршылық куәгерлері сөйлейді Алматы, 2016



бет6/7
Дата15.12.2016
өлшемі5,61 Mb.
#3872
1   2   3   4   5   6   7
Түсіпбекқызы Рысалды
Жас кезінде басынан өткізген азапты күндерінің сол бір қиын сәттерін, оқта-текте болмаса, есінен шығара бастаған қарт ана Тілебалды жайында келіні Рысалдының аузынан жазып алғанмын бұл әңгімені. Ол кісілер қазіргі уақытта Шығыс Қазақстан облысының Ұржар ауданында тұрады...

«Бізді қанша жасар дейсің, бала-шағаның арасында бақытты болсаң да, қатарың кетекен соң, ауылда кіріп шығар өрісің тарылады екен. Ертеде бір кедейдің шалы:

- «Ағаның үйі Ақ Жайық, бармай кетсек - бізде айып, інінің үйі індікеш, шақырусыз кіре алмай, қылып жүрміз күнді кеш», – деген екен.

«Қарағымның ғұмыры ұзақ болып, солардың алдында кетсем - арман не?! Менің өмірімнің қимас күндері болмаған соң, ондай өмірді ойға алғанның өзі де азаппен тең болар. Әрине, ондай ғұмырды жан баласының басына бермесін де, ондай балалық шақты баламыздың баласы көрмесін деңдер. Дұшпаныма да тілемеймін ондай күнді. Ақыл-есімнің барында ауыл-аймаққа абыройлы кезімде, бала-шағамның қызығын көрдім, енді бүгін алсаң да арман жоқ, ей, Аллам!» - деп отыратын енем.

Менің әкем Түсіпбек деген кісі, кедей болған адам. Кедей болғанда, нағыз сіңірі шыққан, тігерге тұяқ бітпеген, өмір бойы жоқшылықпен күні өткен жан болған.

Марқұм әкем мен есімді біліп қалғанда қайтты да өмірден, өз аузынан естіген аз ғана әңгімем жадымда сақталып қалыпты. Бала жастағы ұмытылмайды ғой, алдымен сол әкемнен естігенімді айтайын.

Әкемнің өзі кіндікте жалғыз болыпты. Әке-шешесінің барында сауын сиыр, мінер ат, аздаған қозы-лақтан құр алақан болмаған. Бірақ бай есігінде жүрген жалшыда «мынау менікі» дейтін, еншісіне басар малы бола ма? Әкем есейе келе, әкесінен айрылып, екі жылдан кейін шешесін де жерлейді. Сөйтіп, жаңа өсіп келе жатқан жас жігіт бар малынан айрылады.

Сол күнде әкем жас дейтін жас та емес, аттай жиырманың жетеуінде екен. Бірақ күйі жоқ кедей жігіт ол күнде үйлене ала ма? Кемпір-шалдың барында жағдайы келмей, «қалыңға» толар малы жоқ, келін түсіріп, қызығын көрсете алмапты. Бір үйде жалғыз өзі қалған соң, төрт қанат қараша лашықты жығып, жер төлінің төбесіне жинап тастайды да өзі Оспан байдың жылқышыларының қасына барып бірге тұрады. Ол кеткен соң, «келін алар күн болса» деп анасының азын-аулақ жиған-терген шыт-шыпырын байдың бәйбішесі өз мүлкіндей көңілі жеткендерге үлестіріп жоқ қылады. Аяқ-табақ, қазан-ошақ дегендерің де кез-келгеннің қолында кетеді. Жаз шығып, жер-аяғы кеңігенде, әкем үйінде түк те қалмағанын өзі көріпті.

Содан соң «Қой, бәрінен айырылған екенмін, ең болмаса ата-анамның көзіндей болған қара шыңырақ қалсын», - деп киіз үйін қасына тасып алыпты.

«Жасың болса біразға келді. Өз алдыңа үй болып, түтін түтететін кезің келді. Мына еңбек ақыңды ал да, өз теңіңе үйлен»,- дейтін жылы сөз бай мен бәйбішенің де аузынан шықпайды. Сөйтіп жүріп, бай жылқысының соңында он жылға жуық ғұмыры тағы да жалғыз өтеді.

Әкем көп ойланып, «Осы менікі не жүріс», – деп байға барады. Барып он жылға тиесілі еңбегін сұрайды. Үй болғысы келетін көңілін айтады. Болмаса, жөнімді табамын, Сіздің несиеңізге қарап аз жүргенім жоқ. Маған да келешек керек,- деп отырып алған соң қарулы жігіттен мың жарым жылқысы бар байға айрыла қою оңайға соқсын ба, сол жерде екеуі келісіп, он жылғы еңбек ақысына екі тай, бір жабағы, бір бұзаулы сиыр береді. Оспан бай өз босағасындағы күтушісіне үйлендірмекші болыпты, сөйтіп әкемді өз жалдығына қалдырмақ ойы болған ғой, бірақ әкем көнбепті.

Өзімен көп жылдар «қостас» жылқы соңында жүрген Мерген деген кедейдің Ақбала деген қарындасына сөз салады.

Сол күнде, қыздай тиген байы өліп, шешем Ақбала жиырма тоғыз жасында ағасының үйіне қайтып келіп отырған кезі екен. Анам бет біткеннің көріктісі болған. Сондықтан да болар, өзі кедей жігіттің қарындасы болғанымен, он бес жасында оған көрші ауылдың қырықтан асқан бір байының ықыласы ауады да, аз-кем қалың төлеп, әйел үстіне әйелдікке алады. Байдың бұрын екі әйелі бар екен. Күйеулерінің әрі жас, әрі сұлу тоқал алғанын көре алмайды, қызғанады. Бірақ қолдарынан байға істер қайраты болмаған соң, бар өштерін Ақбаладан алады.

Ауылдан басқа жаққа бай шығып кетсе, жаңа түскен жас келіншекті ауыр жұмысқа салып, бәйбішелері күндіз-түні үй көрсетпейді. Бай үйінде болған күнде де екі бәйбіше Ақбаланы күндіз қой соңына, кешке күзетке қойып, қарсылық көрсетсе, таяқтап ұрады екен. Даладан әбден шаршап келгенде, үйде де тыным болмайды. Қос бәйбіше жұмсаудан көз ашырмайтын өздерінің күтушілеріне бостандық беріп, шешемді түн жарымына дейін үй тірлігіне салып қояды. Қабырғасы қатып, бұғанасы бекіп те болмаған қарындасының көргені қорлық боп жүргенін көре тұрса да, артында қалған жалғыз ағасының қолынан келер қайран жоқ. Жаман байға қайрат көрсетіп, қарындасының басына азаттық сұрай алмайды. Сұраса да бай ауылының беделді азаматтары теңдік бермейді.

- Бай сенің қарындасыңды үлде мен бүлдеге орап отырғызып қою үшін алды ғой деп пе едің, текті жердің қыздары қос бәйбішесіне қолбала керек болған соң алды. Қалыңы төленген қарындасыңның байдың босағасында өлсе де құны жоқтаусыз,- деп өзін келемеждеп қайтарады.

«Аузы қисық болса да байдың баласы сөйлесін», –деген заман малды мен әлдінікі болған соң, кедей ағасының қолынан келер шара жоқ.

Сөйтіп, ауыр жұмыс, қасірет-қайғыдан анамның бетін уақыт жетпей әжім торлап, баяғы ажар-көркінен ада боп, тез қартайып шыға келеді.

Ақылы көзіндегі бай енді Ақбаладан жери бастайды. Күндіз-түні күтіммен сыланып-сипанып отырған қос бәйбішесін қайта тауып, Ақбаламен ісі болмай кетеді. Арада жылға жуық уақыт өткенде бара-сала төсекпен көтерген Ақбала бір күні арыстай ұл туады. Бірақ малға да, басқаға да тоқ бай анаммен де, оның баласымен де жұмысы болмайды.

Бай алғаш Ақбаланы әйелдікке алуын алып, үйіне келген соң қос қатынның тегеуріне төзе алмай, араға жарты жыл толар толмастан Ақбаланы талақ тастаған. Содан күң орнына жұмысқа салып жүрген ғой. Ақбаланың іші біліне бастағанда, бай енді бұл қатынға бұл үйде тұратын не қалды, қарамағымдағы Жұман қойшыға беремін, енді соған-ақ әйел болсын деп жүрген екен. Баласының мұнысын естіп, байдың анасы қайырымды кісі болса керек:

- Оттама, тәйт! Саған жап-жас аруды талақ таста деген мен жоқ. Енді болары болды, бояуы сіңді. Саған әйеліңе қайта үйлен деп айта алмаймын. Ол енді шариғат қоспайтын жұмыс. Саған әйел болмаса да, ішіндегі немерем өзімдікі, көзім тірісінде «ата» атандырып, сүйегімді сындырып, жат босағада тірі жетім етер жәйім жоқ. Ақбала босанып, баласын емшектен суалтқанша, осы босағадан кетпейді. Жібермеймін,- депті.

Міне, содан Ақбала байдың босағасында қалады.

Жастың аты жас, жабырқаулы жалғыз жүргеннен сәби де болса, жас нәрестесімен бір рулы елдей болып, өзімен-өзі оңаша қараша отауда өмір сүруге қолы, өз-өзін күтініп қарауға шамасы келген соң Ақбала бұрынғыдай қыз қалпына қайта келіп, құлпырып шыға келеді.

Оны көрген бай өткендегі ісіне опық жеп, өз бармағын өзі тістейді. Ол күнде “талақ тастадым” деген жалғыз ауыз сөзден кейін ерлі-зайыптыға өмір бойы қайта табысу жоқ. Ондай адам Құран жолымен Құдай алдында ауыр жазаға тартылады. Оның үстіне мұндай заңды, тәртіпті жандары қалмай қолдап келген байлар үшін де қарабет болып, антын қайта бұза салу да оңай емес. Ақбаладан айырылмаудың амалын тауып, өзінен туған ұлы үшін бай оны күтуші есебінде қолынан шығармай ұстайды. Ақыры жап-жас, он жеті жасар анамды өзіне де, өзгеге де жоқ етіп, ер баласын босағасынан аттатпай, оңаша үйде он жылдан астам уақыт тұтқында ұстайды. Баласын тастап, анасы кетпейтінін біліп.

Баласы онға толғанда, бай қайтыс болады. Күйеуі өлсе де, қос бәйбішенің әлі де ерден көңілі қалмаған болуы керек. Күйеуінің бірге туған екі бауырларына, екі қайнысына тимекші болады да, Ақбаладан құтылуды ойлайды. Байдың жылы өткен соң екі бәйбіше ауыл ақсақалдарына сөз салады.

- Байдың артында қалған балалары әлі жас. Мал-мүлкімізге иелік етер ер азамат керек. «Әйел ерден кетсе де, елден кетпес» деген. Байдың өзімен бірге туған екі інісі бар, біздің жолдығымызды жасап, ағасының орнына екеуі екі үйге иелік ете ме, жоқ бізге ұлықсатын бере ме? - дейді.

Ауыл ақсақалдары жиылып:

- Ертеден келе жатқан дәстүрімізден аттамайық. Өлген тіріліп келмейді, тірі адам тіршілігін істеу керек. Аға өлсе - жеңге мұра. Байекеңнің жоғын пайдаланып, төркіндері көшіріп алып кетсе, не істейсіңдер? Екеуің ағаларыңды жоқтатпай орнына ие болыңдар,- деп шешіпті.

Жасы үлкен інісі:

- Жә, ағайын, алда-жалда солай болып жатса, біз де сендерден шығып кетпей-ақ қоялық. Балалардан қашып қайда барамыз. Бірақ біздің мынадай шартымыз бар. Нағыз жеңгелерімізге үйлендіріп болсаңдар, ана ең кіші әйел Ақбаланы - ініме, ортаншы әйелін маған қосыңдар. Бәйбішенің басына бостандық беріңдер. Осы күз ұлы үйленгелі отыр, келесі жаз қызын ұзатамыз. Енді ол кісі бізді әурелеп не етеді дейді.

Үлкен қайнысының сөзін ағайындардан ара-кідік естігенде, бәйбіше жарылып кете жаздапты.

- Ағасының көзі тірісінде талақ тастаған қатыны ақ некелі менен артық болған екен ғой! Әдіре қалғырдың жастығы мен ажары болар діңкелерін құртып отырғаны! Қанша құлқындары құрыса да, жолдығымды «тексіз», некесіз тоқалға беріп, намысымды аяққа бастырмаспын,- деп түнде ашулы бәйбіше Ақбаланың үйін жықтырады да, түйеге арттырып ағасының қолына әкелдіріп тастапты.

Содан анам оннан астам жыл қорлықта ұстаған «бұғаудан» құтылғанына қуанып, мәз болыпты. Оның үстіне өзінің ұл мен қызы жеткілікті бәйбіше Ақбаладан туған ұлды алып қалмайды, өз бауырында келеді. Бірақ он бір-он екілерге келген, бай ауылға үйреніп қалған бала, кедей ауылға үйренбейді.

Бай тірісінде Ақбаланың ажар-көркінің құлы болып, осы баланы сылтау етіп, баласына жиі барып, ұлын бауырына тартқыштап жүрген екен. Тіпті сол бәйбішесінің үйінде отырып-ақ, ұлды төсіне мінгізіп, еркелетіп, өзге балаларынан ерекше бағалаған дейді. Шешесі бөлек ұл мен қыздар әкесін қызғанып та жүріпті. Бірақ, кейін келе-келе бұған да көздері үйреніп, бір енеден туған қозыдай, бір-біріне бауыр басып кетеді.

Сөйткен байдың кенже ұлы, құртымдайынан бауырында өскен анасын қимай, нағашы жұртына ілесіп келгенімен, мұнда тұрғысы келмейді. Бәйбіше адамнан ұялып, құдайынан қорыққанынан екеуіне еншіге бір інген, бір құнан берген екен. Сол құнанды ерттеп мініп, ата қонысын іздеп, жас бала жолға шығып кеткен. Ауыл арасы бір күндік жер екен. Жиенінің туыстарын іздеп қашқанын естіген Ақбаланың ағасы:

- Қой, мұны елге қайырып әкелмесек, болмайды. Жалғыз қарындасым іш құса боп, қалған өмірі жылаумен өтер, - деп артынан екі-үш адам болып қуа шығады.

Нағашысы жиенінің жолда жатқан өлі денесін алып келеді. Астындағы атына қызығып жол тосқан қарақшылар өлтірді ме, жоқ болмаса, ауылға келе жатыр дегенді естіп, бәйбішелердің жансызы жазым қылды ма, ешкім білмейді. Жаңа-жаңа өзімен өзі болып, төркініме келіп, құрылған тұзақтан құтылдым ба деп жүргенде, баласының қазасы анасына ауыр тиіпті. Сөйтіп, бар қызығынан айырылған қаралы анамызға сол кезде әкеміздің көзі түсіп жүріпті. Оспан байдан алған он жылдық еңбек ақысын Ақбаланың ағасына әкеліп тапсырады да, қарындасын сұрайды.

-Жарайды, қарындасым жақында ғана жалғызынан, алданышынан айырылып, көзі жасты, көңілі қаралы болып отырғанда, «Мынау сенің теңің еді, мен сені осы жігітке бергелі отырмын», деп қалай айтамын? Бұрынғы көрген күніңді көре тұр. Араға жыл сал, сосын Ақбаламен өзің сөйлес. Егер екеуің жарасып жатсаңдар, менен қарсылық болмайды,- дейді ағасы.

Күндерден күн өтіп, Ақбаланың жарасы жазылмағанымен, қайғылы күні қашықтай келе, әкем анама сөз салады. «Өлген артынан өлмек жоқ», жалғыз ұлынан айырылып, туған ағасының қолында жылдан аса отырған Ақбала әкеме «кет әрі» демейді. Өйткені туған ағадан қиянат көрмесе де, жеңгесі отызға келіп қолына қарап отырған қайын сіңлісін енді қайтіп күйеу алмайтындай көрген. Шеттеніп, жақтырмайтын сыңайын таныған соң, Ақбала аға-жеңгесінің арасына кірбің келтірмей, жолымды табайын деп әкеме келісімін беріпті.

Сөйтіп әкем мен анам қосылады. Бірақ, ешқайда кетпейді, әкем қайнағасымен бірлесіп, Оспан байдың жылқысын бағып жүре беріпті. Әкем мен шешем бала сүйе алмай жүріпті. Анам отыз жетіге, әкем қырық беске келгенше, үйінен жас нәрестенің іңгәлеген даусы естілмейді. Бірақ өздері сүйіп қосылған соң, бірінің көңілін бірі қалдырмай, баласыз тұрған жеті-сегіз жылдың ішінде «сен-мен» деген тілге келіспейді. Іштерінен тынып, бірін-бірі сырттай аяп жүріп жатқанда, бір күні мен келіппін жарық дүниеге.

Өзі есейіп үйленген, өзі жалғыз әрі бір перзентке зарығып, жасы елуге келіп қалғанда, шөлдеп жүріп көрген соң, әкем мені қыз екен деп қарамайды. Әкем марқұм есі кете қуанып, баяғы Оспан байдан алған еңбекақысынан қалған жалғыз биесін, жаны садақа деп шалып жіберіп, өзі қатарлы кедей-кепшіктерге қолынан келгенше той-томалағын жасап тарқатады. Сосын, бір жеті өткен соң, мені бесікке саларда өзім Құдайдан тілеп жүргенде көріп едім, аты Тілебалды болсыншы деп атымды қойғызады.

Міне, мен сол ата-анамның көптен күтіп жүріп көрген жалғызы екенмін. Менен кейін бала сүюді тағдыр жазбапты. Барымтаның заманы мен бидің заманы болды да, біз сияқты кедейдің балаларының көргені қорлық, арқалағаны азап болды ғой. Ішсе тамаққа, кисе киімге жарымадық. Бала болып, құмарымыз қанып ойнаудың орнына, таңның атуы, күннің батуы, бір асам етті, бір үзім нанды үнем көріп, бай үйінің босағасын күзететін едік. Сонда бәйбішелер көріп қалса, иттен жаман тепкілеп, қуып тастайтын. Бала құрсағы ашыққан соң, нені тыңдасын, «сүйекпен ұрған ит қыңсыламайдының» керімен қайта сол босағаны аңдитынбыз.

Өйтпегенде қайтесің. Ол күнде, кедей сорлының үйінде түйір дән болмайды. Қайдан болсын. Байлары қоралаған қойымен, үйір-үйі жылқысының қамы үшін қысы-жазы бір жерге тұрақтамай, жайылым қуып көшіп жүреді де, кедейлер ауыл, үй болып жұртта қалады, отырықшы өмір сүрмеген соң, егін салуды білмейді, сол себепті ашығады.

Байлар болса бала-шағасы мен келген қонағы үшін қалаға мал айдатып, отырықшы орыс байларынан тары мен бидайды, астықтарды қажетінше сатып алып, келер жазға жететіндей етіп өзара бөлісіп, сатып алып қалады. Кедей сорлыларда ол да жоқ, бар болғаны бай малының емшегін сауып, сүтін ішкендеріне мәз. Сондықтан да тары-талқан аңсаған бала көңілі ай-шайға қаратпай, жетелеп апарып, байдың босағасынан бірақ шығаратын.

Менің жеті жасар кезімде екі арысымнан да айырылып, аңырап жалғыз қалдым ғой. Мені жеті жасар күнімде айдалада ашық аспан астында жападан жалғыз жетім қалсам да, сол жазмыштың бұйрығы ғой, дәм-тұзым таусылмапты.

Ол екі сорлы Ашаршылықтың құрбаны болды...

Қай жылы екенін білмеймін, бір жылы қуаңшылық болып, жазда жаңбыр жаумады. Жер біткен қурап кетті. Әкем марқұм сонда:

- Ойпырмай, мұның түбі қалай болар екен?! Тек жақсылыққа соқса игі, шөптің қурап, жердің шаңдатқаны да ештеңе емес. Шыңырау құдықтардың сулары тартылып кетті. Жылқы біткеннің әрі оты, әрі суы қанбайтын бір керімге қалдық,- деп анама айтып отыратынын еститінмін.

Жалғыз-жарым қарасына қыс түссе, бір тал шөп таба алмаған кедей байқұстар қыс ортасы болмай бар малдарын сойып алып, келер жылға тұяқсыз қалды. Жер басы қарая салысымен жан-жаққа кәсіп іздеп, қатын- баласын ертіп шұбап кетіп жатты.

Ол кезде кедей түгілі қыс бойы жайылыс қуып мал соңында киіз үймен көшіп жүретін байлар да қысқы қора салмай, шөп үймейтін салдыр-салақтықтарының арқасында әкем жалда жүрген Оспан байдың бар малы сол қыста қырылып қалды. Келер жылы жазғытұрым өрістің бойы көтеремнен өлген қойлар, ірі қара мен жылқының өліктерінен сасып кетті. Бір айналдырса, шыр айналдырады деген, қыста жауған қардың суы қайда кеткенін кім білсін, әйтеуір, жер басы қарая, күн жылына келе күн тағы да дауылдатып, шаңдатты. Сөйтіп екі жыл қатар соққан қуаңшылық бар күнін осы малға артып, киім, тамағын сол малдан көріп отырған қазақ ауылын қан қақсатты да кетті. Бір жұттық байдың малына қарап отырған бүкіл елдің аузы кеуіп-ақ шыға келді. Оспан байда ақшалай, алтындай, астықтай қанша қордың барын кім білген. Әйтеуір, елдің көргені, қоралаған қойы мен үйір жылқысы сол қыста қырылып қалды, келер жылға тігерге тұяқ қалмады.

Өмір бойы бай үйінің қалған-құтқанын киіп-ішіп күнелтіп жүрген әкем мен шешемнің аштықтан ауыздары кеуіп, жұмыссыздықтан екі қолдары алдарына симайтын болды.

Содан, «көппен көрген ұлы той» деп жөн-жөніне тарап-тарап, кетіп жатқан көп жалшылардың бірі болып, әкем де бізді ілестіріп жолға шықты. Шешем ауылдан кеткісі келмеді, «Тілебалды ұзақ жүрісті көтере ала ма, онан да елде қалған азғана ауылмен бірге күнелтіс қамын ойлансақ қайтеді», - деп.

- Менің де ойлап жүргенім осы жалғызымның қамы ғой, өзіміздің боларымыз болды. Бұдан артық бізге байлық та, жарлық та болмас. Ендігі қалған жерде жалғызымды қор қылмай, отырықшы орыс кедейлерінің арасына апарып, тұрақтап оқытамын. Солармен бірге еңбек етемін,- деді әкем.

Ол менің жетіні толтырып, сегізге аяқ басқан жылым. Содан бір үйдегі айналдырған үш адам бір-бірімізді жетелеп, жолға шықтық.

Мен еркелігім бе, әлде бұрын-соңды ондай алысқа ұзап жаяу жүрісті көрмегендігім бе, келе-келе салт басымды да алып жүре алмай, жүк үстіне жүк болып, әкем сорлының арқасына мінемін.

Ондайда ол кісі қабақ шытудың орнына «Ой, садағаң кетейін, құлдығым, шаршаған ғой, келе ғой! Мін менің арқама!»,- деп бір қамқор көңілімен аялаудан шаршамайды. Мен де ұялмаймын. Қайта анам сорлы:

- Ей, Тілебалды-ай, әкеңді аямаймысың?! Түссеңші енді, шаршаттың ғой, темірден жасалса да, -деп түсіріп алады.

Содан жүріп келеміз, қанша жүргенімізді кім білсін, әйтеуір таңның атысы, күннің батысы жүріс. Неше күн жүргенімізді де білмеймін, көрген көздің қиянаты жоқ, талай ауылдарды артқа тастадық. Елсіз-күнсіз айдалаға да түнедік. Әбден қалжырадық. Әрі-бері жүрген соң, демалуды сылтау еткен әкем мен анам да отырған жерлерінде қисая кететінді шығарды. Сөйтіп келе жатқанда әкемнің бір күні түнде қол-аяғы күп болып ісіп шығып, ертесіне жүруге жарамай қалды...

Айдала ашық аспанның астында, мүгедек әкемнің қасында, қаршадай қызы мен әйелі қалдық. Жол жүруге ауру аяқтың әлі келмейді. Әкем қанша ұлықсатын берсе де, тастап кетуге шешем екеуміздің көзіміз қимайды. «Қарының ашқанда, қара су көрінім жерге апарады» деген бе, әлде аш адам шөлдеуік келе ме, жолдың жиегіндегі көшпелілер қазған, терең құдықтың суық суын әкем екеуміз ішіп аламыз да, алданып жата береміз.

Ақыры бұл тірлік әкемнің төзімін тауысса керек, шешеме:

- Не ойланғаның бар, жарқыным. Менің жатысым болса мынау, амалым бар ма? Әйтпесе «Берейін деген құлына әкеліп тастайды жолына, бермейін деген құлына, іздесе таптырмайды пұлына»,- дегендей, ендігі жерде Тәңір менің тілегімді бермейтін деген болар. «Адам күні адаммен» деп, сенен жалғыз тілегім болсын, бәріміз бірдей қырылғанша, енді екеуің маған қарайламаңдар! Осы жылдың сорабынан айырылмай жүре берсеңдер, көп ұзамай алдарыңнан орыстың поселкесі шығады. Аман-есен, соған бір жетіп алсаңдар, орыс мұжықтары сендерді өлтірмейтін еді-ау! Тез жөнеліңдер! - деді.

Анам:

- Астапыралла, атай көрме, басымызға қиындық түскенде, бірімізді-біріміз айдалаға тастап, мына шынашақтай қызбен мені қайда барып жетісер деп отырсың. «Өлсек көріміз, шықсақ төріміз бірге болсын» деп, енді мені неге орындалмас тілекке қолқалайсың,- деп жылап қоя берді.

- Сені тастап ешқайда кетпейміз, - деп мен де еңіреп жылап жатырмын.

Ақыры әкемді тастап екеуміз де ешқайда кетпедік. Күн деген ыстық. Жата-жата жамбас ауырады. Оның үстіне азық та таусылуға таянса керек. Құмаршықтының талқанын күніге үш мезгіл қара суға былғап қоректенеміз. Әкем сорлы анамның суға былғап, берген жартымсыз талқанын аузына салмайтын болды. Үш тостағанға шылап берген талқанның бар қызығын мен көремін. Өйткені әкем өзінің тиесілі талқанын маған беретін. Ал мен болсам, «өзің неге жемейсің?» деуге де жарамайтынмын, апыл-құпыл, асып-сасып екі қарпығанда-ақ әлгі талқанды жоқ қыламын.

Сөйтіп асыраған ардақты атаның баласы едік, қайтейін, бірақ жанына арашасы бола алмадық. Әкем әбден жүдеді. Әбден жүдегенде, қос ұрты суалып, көзі шүңірейіп, танауы қусырылып, терісі, еті қашқан соң, сүйегіне жабысып қалады екен. Сонан соң бір қараға жеткізсем аман қалар деп, бір күні кешке қарай, түнгі салқынмен шешем әкемнің шекпеніне барымызды салды да үстіне әкемді жатқызып алып, екеулеп сүйрей бастадық. Күндіз, аптап ыстықта тырп етерге халіміз жоқ, түнде қай уақытқа дейін жүргенімізді кім білсін.

Анам сорлы сәл жүргеннен кейін сүрініп құлайтынды көбейтіп жіберді. Сонда да «жазған құлға шаршау бар ма» деп әкемнің сәл ыңырсыған даусы шықса болды, қасынан табылып, аузына қара су болса да тамызып, басында отырады.

Сөйтіп жүргенде, жол азық еткен құмаршықтың талқаны да таусыла бастады. Өліп-талып бір ауылға жеттік-ау. Өмірі киіз үйден басқа ештеңе көрмегендіктен бе, анам екеуміздің қиық төбелі, көздері жылтыраған тастан салған үйлерді көргенде, «Бұған қайдан келдік?» деп анам байғұс зарлап қоя берді.

Діңкесі құрып жатқан әкем сорлы бар қуатын жинағандай ернін азар жыбырлатып:

- Е, құлыным, неге жылайсың?- деп шүңгірейген көзін әзер ашып, айналасына қарап, - Үф, Тәңірі-ай, тілегімді берген екен. Енді жұбанарсың,-деді де ақтық рет аузын бір ашып, жүре берді.

Міне, шырақтарым, әкем марқұм сонда аурудан емес, аштықтан өлді.

Орыс ауылында Алексей, Марфа дегендердің үйінде тұрдық. Шешем екеумізге қамқор болып, Алексей мен Марфаның шаруасы да біздің елдегі кедейлеріміз сияқты шағын екен. Мал дегеннен, 5-6 мегежін, бір торай, бір пар өгізі мен «Мая» атты емшегі жер сызған жалғыз сиыры, бір мініс аты бар еді. Қашанна отырықшылыққа үйренген орыс кедейлері бір ғана мал емшегін емес, жер емшегін де емеді екен.

Біздің Алексейдің де күнелтіс көзінің байлығы осы жер ана болды. Жаңағы бір пар өгізімен көктем шыға, өзіне қажетті жерді жалғыз түренмен жыртып, қолда бар тұқымын сеуіп тастаған Алексей, соған қоса судың жағасын ала бақша салып тастайды екен. Дегенмен кешегі күні аштықтың ала дауылынан құтылғанымызбен менің бала көңілімде де, анамның жүрегінде де Алексейдің ақ нанына тойынған сайын:

- Әттең, көкем де біз сияқты осы ауылға аман жеткенде ғой, өлмей тірі қалатын еді,- деген өкініш көпке дейін, тіпті қашан сол Алексейдің босағасынан аттап кеткенше есімнен кетпей жүрді.

Есімнен кетпей жүрді деймін-ау, оның естен сірә да қалып, ұмыт кезі болар ма? Ең жаны ашыр жақыныңның ауырмай-сырқамай көз жұмғаннан жаман нәрсе болар ма?!. Қазақтың «Әкең аштан өліп пе еді?!» деген жаман мақалы да осыдан қалған болса керек. Менің жалғыз түйір дәнге зар болып өлген әкемнің сол бір кезі көз алдымда көлбең қағып, өмір бойы өзегімді өртеп, күні бүгінге дейін кеткен емес, қарақтарым.

Алексей мен Марфа үйінде жайлы орналасып, ашыққанда емеспіз, сөйте тұра анам елге баруды жөн көрді. Алексей мен Марфаның тағы бір жыл қала тұруына көнбеді. Анам екеуміз ауылға арбамен жеттік.

Ауылдың жағдайы да мәз емес екен. Келгеніміз де құрсын, баяғы Алексей айтқандай біздің ауылдың, ауыл дейтін сиқы қалмапты. Анам байғұстың жалғыз ағасы бар еді. Ол елде болмай шықты, ауыл адамдарының айтуына қарағанда, ол кісі де біздің артымыздан көп ұзамай, қатын-баласын алып кеткен екен, содан оралмапты. Тірі ме, өлі ме, ешкімнің хабар-ошары жоқ. Не керек, баяғы ауылдың түрі жоқ. Анам енді осы жерге келгеніне өкінді. Сонымен ел-ел деп емешесі үзіліп, түн ұйқысын төрт бөліп келген шешемнің елдің сиқын көргенде жүрегі шәйіліп, не істерге айла-амал таппай, бұрынғыдан да жаман ұнжырғасы түсіп-ақ кетті. Ендігі қалған жерде мені өлтіріп алармын деп қауіптенді ме, ауылда бір жетіден артық болмай, Алексейді іздеп, келген ізімізбен қайта жолға шықтық.

Күн адамның апшысын қуырып, биыл да баяғы әкем сияқты бәріміз жолға шығатындай ысып тұр. Әкем жалшылықта болған бай ішер азығымыз болағн бір қап астықты жолда бізді тонап, тартып алды. Қалған бидайды күнігі екі-үш мезгіл аузымызға шикідей салып шайнаймыз да, суын сорып, жүрек жалғаймыз. Сөйтіп жүргенде, менен әл кетті. Екі аяғым жүруге жарамай, күлдіреп қалды. Шешем арқалап алды. Қанша жүргенімізді, ол жерге қалай жеткенімізді мен білмеймін, кейін Марфа мен Алексейден естігенім: сол хутордың жекеменшік малын бағатын Микола деген жалғыз басты орыс шал бар еді. Міне, сол кісі ертеңгісін малын өріске айдап шықса, ауылдан түстік жерде сиырлар өкіріп-бақырып, топталып қалған соң барса, жолдың жиегінде өліп жатқан анам екеумізді көрді. Бізді танып, Алексей мен Марфаға хабар береді.

Қанша дегенмен әкемнің де, анамның да тілегі дұрыс адамдар болды. Тағы да баяғы Алексей мен Марфа бүкіл ауылдастарымен жабылып, өлген анамды әкемнің қасына апарып жерледі. Кейін есейе келе Марфадан естігенім, бұлар анам екеумізді тауып алғанда, менің аузымда кір-кір сулы шүберек жатады, қойнымнан да сондай кір шүберекке түйген бір уыс ақ бидай шығады. Әбден тірі екеніме көзі жетіп, кеудемде шыбыным бар екенін білген Алексей менің қарысып қалған жағымды ашып, әлгі шүберекті суырып алса, түйген шикі бидайдың жармасы бар екен. Шамасы, анам сорлы жүрегім үзіліп кетпесін деп аузыма салғаны ғой деп түйдік.

Сонда өзінің де аман қалуына болар ма еді, егер менің қойныма тыққан бір уыс бидайды өзі алып жегенінде.

Міне, қарақтарым, ана деген асыл адамның, жан жүрегін жарып шыққан балапанына аяр ештеңесі жоқ екенін мен алғаш сонда көріп білгенмін. «Балам, баланың қадірін балалы болғанда білерсің», дегендей, алғашқы тұңғыш баламды сүйгенде, сол анамның бауырмалдығы өз басымда да болды. Ананың баладан аяр жаны жоқ қашанда. Ұшқан құс, жүгірген аңға дейін сол баласы үшін отқа да, суға да түседі. Сол сияқты менің анам да жалғыз уыс дәнін өзі жемей, менің тірі қалуыма септігі тие ме деп, өз жанын құрбан еткен.

Кім біледі, шынында да сол бойда менің өмірімді сақтап жеткізген, аузымдағы бір шөкім шикі бидайдың дәні болар?..

Қалайша осы дәннің құрбаны болмайын, қарақтарым-ау, осы бір уыс бидайға қолы жетпей, сол бір сұрқия заманында ата-анам аштан өлсе?!. Сол бір уыс дән өз өмірімді сақтап қалып, арманда қалдырған көзіндей, өзімнің жапырағымды жайып, сендерді сүйуге жеткізген жоқ па?

- Төгілген дәнді, шашылған нанның қиқымын көрсем, өзімді-өзім ұстай алмай қалатын сондай жаман әдетім бар, қарағым. Тағдыр талайларыңа тап қылған бақтарыңды көпсінбесін! Бар бола бер, мол бола беріңдер! Жалғыз ғана тілегім: нан мен дәнді ысырап жасай көрмеңдер, қарақтарым! - деп енем көзіне жас ала әңгімесін еске алушы еді.

Сонау аштықта көрген балалық шағының ащы шақтарын асылай әңгімелеп:

-Қарақтарым, нан атасы - дән, нан қоқымын, дәнді ысырап етпеңдер! - деп өз ақылын айтудан жалыққан емес қарт ана.

Жазып алған

Қошманова Жазира

Ө.А.Жолдасбеков атындағы

экономика және құқық академиясы

студенті
Қанапиянов Тоқтарбай
1931-1932 жылдардағы Ашаршылықты басынан өткерген Ұлы Отан соғысының ардагері Қанапиянов Тоқтарбай атамыздың айтуынша, Ашаршылық өкіметтің халыққа деген қастандығы еді...

- Ол кезде мен бала едім. Бірақ үйдің ересегі болғандықтан, біраз нәрсе есімде қалыпты... Жанұяда үш бала едік. Ата-анамыз бір дәу қазанға су қайнататын, оған бір ғана кесе бидай салатын. Сосын оны кетерде бөтелкелерге құйып кететін. Кейбір күндерде сол бидайдың 200-300 грамын қуырып, бізге бір уыстан бөліп беретін. Ал өздері «балаларым аман болсын» деп, тірлік жасап, бар азығын бізге беруге тырысты. Кейде құс атып жейтін. Міне, сондай қиыншылықтар басымыздан өтті...


Жазып алған

Байсалбекова Индира,

Ө.А.Жолдасбеков атындағы

экономика және құқық академиясы

«Қаржы» мамандығының 1-курс студенті
Құбылысова Зейнеп Кәрімқызы
Мен, Бердиярова Әлия, Балқаш жағасындағы Көпбірлік ауылында тұрамын. Сол жерде тұрған ашаршылық зардаптарының қиыншылықтарын көрген нағашы әжем Құбылысова Зейнеп Кәрімқызының айтқан хикаясын баяндап бергім келеді. Бұл әңгімені маған анамның үлкен әпкесі айтып берген.

- Балқаш өңіріне ісініп кеткен және ескі-құсқы киген аш адамдар, көбінесе қазақтар, әртүрлі аудандардан ағылып келіп жатты. Ауыл солармен толып кетті.

Адам айтқысыз қайыршылық етек алды. Әр үйге күн сайын ондаған аш адамдар келіп-кетуде. Олардың арасынан әртүрлі жастардағы адамдарды: жастарды, кәрілерді, балаларды көруге болады. Емдеу мекемелері аштан өлгендерге толып кетті. Ашаршылықтың салдарынан жұқпалы аурулар тарады. Ауыл ішінде және төңірегінде панасыз қалып үсіп қалған, аштықтан өлген адамдардың денелері ана жер-мына жерде табылады...

Бір үзім нан сұрап келген адамдардың қолдарын жайған күйінде өліп кеткендері қаншама!.. Шанаға заттарын, жиһаздарын тиеп, олардың үстіне жол бойында қайтыс болған баласының өлігін тиеген қазақ әулеттерін жиі кездестіруге болады. Мекемелерде үсікке ұрынған аш балаларын тастап кетушілер де бар. Адасып қалған, тоңып-жаураған, жадап-жүдеген, аштықтың салдарынан ісініп кеткен әртүрлі жастардағы балаларды ауылда күн сайын ондап ұшыратуға болады. Олардың барлығы да бір ауыздан: «Әкем өлді, шешем өлді, үйіміз жоқ, бір тілім нан да жоқ!» деп айтатын...

Аштық пен індеттен өлгелі жатқандарды, үйдің ішінен, ауласынан табылған өліктерді ылғи көресің, оларды көрген сәтте шошисың. Балалар, әйтеуір, күніне бір-ақ рет аз мөлшерде ботқа немесе сорпа мен бір үзім нан алады. Көзге түртсе көргісіз қараңғы бөлмелерде лас киімдерімен еденде, пештің үстіне жатады, жылайды, ал кейбіреулері аштықтан ыңырсиды, қырылдайды.

Жағдай осылайша өте ауыр болған... Балаларға қарайтын әйелдер келесі күні-ақ қашып кеткен. Қайыршылық етек алды. Аштыққа душар болған, әлсіреген адамдар жол бойында қайтыс болып жатыр. Үйді-үйді аралап, бір үзім нан үшін өз үйлерінен кетіп, басқа ауылдарға босып кеткендер қаншама! Өлтіруден, кәмпескелеуден, мүлкін тонаудан қорқып үріккен халық қайыр сұрап, бөтен өлкеге, ауылға, басы ауған жаққа қаңғып жүре берді...

Барлық жерлерді өлім жайлаған, халық қырылып жатыр, егін шықпай қалған, ал мемлекет тарапынан колхозшылар астықпен жабдықталмаған: халық ішер ас жоқ болып, қорексіз отырған. Базар саудасы, еркін сауда сол жылдары болмады, себебі оларға жергілікті жерлерде тыйым салынған еді. Кейбіреулер өзгенің мүлкісін тонаумен айналысты. Ел колхоз егініне түсіп, масақты көктей жұлуда...

Аштықпен қоса адамдар киім-кешектің жоқтығынан зардап шегуде болатын. Әке-шешесі аштықтан балаларын тастап, өздері кетіп қалған жағдайлар болды. Ал балалардың хал-жағдайы өте мүшкіл. Тазалықтың жоқтығы жұқпалы аурулардың таралуына жол ашты (қара шешек, сүзек, қантышқақ): балалардың ішінде іш өту дертіне шалдықпағаны жоқ. Балалар шетіней береді, көбісі ауырады. Ауылда бір әйел екі баласын мұз ойығына тастап кеткенін білемін..

Әкем де, үлкен ағаларым да ашаршылықтан қайтыс болды. Мені анам тәрбиелеп, күтіп, тамағымды тауып беріп асыраған. Анам өзінің туыстарымен қосылып, барлығы бір үйде екі-үш жанұя тұрып, өмір сүрдік. Қиын болса да анам ашаршылыққа төзе білді...

Мен өзімнің тірі қалғаныма, өмір сүргеніме және өзімнен кейін ұрпақ қалдырғанына қуанамын, - деп әңгімелеуші еді әжем...

Ол кісі Балқаш көлі жағасындағы өзінің туып-өскен ауылы Көпірлікте қайтыс болды. Әпкемнің нағашы әжем туралы айтқан әңгімесі мәңгі есімде қалатынына сенімдімін.



Жазып алған

Бердиярова Әлия,

Ө.А.Жолдасбеков атындағы

экономика және құқық академиясының

1-курс студенті
Айнаева Жәми
Жанадилова Күләш апай былай деп сыр шертеді:

- Бұл әңгіме Ашаршылықтың бірде-бір куәсі болған менің шешемнің апасы Айнаева Жәми апаның басынан өткен оқиғасы болмақ.

Жәми апаның туған жылдары белгісіз, өйткені ол жылдары қарапайым халық әріп танымаған дейді. Ол кісінің жанұясында бір бастарына жетерлік малы арқасында дәулетті болған. Олар қазіргі Райымбек ауданына қарасты Шыбышы тауында тұрған.

Сол ашаршылық жылдарында атамыз өте пысық адам болғандықтан, өз балаларын еш ашықтырмай, ашаршылықтан аман-есен алып шыққан екен. Менің шешем 5-6 жас шамасында болған екен. Жәми апамен бірге аштықтан іштері кеуіп ісіп, қырылып қалған адамдарды көрген. Оларды арбаға бір-бірден тиеп алып, бір шұңқырға апарып төккендерін де көрген. Бірақ кішкентай болғандықтан, олар оны түсіне қоймапты. Ал Жәми апасы оларды тысқа шығуға рұқсат етпей, үйде қамап отырғызыпты.

Бұл кісілердің малдары болғандықтан, олар басқаларға да көмектесіпті, бірақ барлық ауылдың тірі қалуына көмектесе алмаған. Сондайлардың бірі апаларымыздың көршісі болған. Оны өз балалары тастап кетіп қалғандықтан, ол өлгелі жатқанда апаларым оны үйіне алып келіп, тірі алып қалған екен.

Аштықтан әбден қалжыраған ел бірінің етін бірі жеген, бірақ бұл да оларға ас болмаған. Өлік сасыған далаға адам етімен қоректенген құтырған қасқырлар да қаптап кетіпті. Содан кейін апамдар басқа таудың арасына көшіп кеткен екен.

Сол жерде атамыз таудың бір қуысында азын-аулақ малдарын жайып, өлместің күнін көрген. Әрине ол кезде шөп те тапшы болған, бірақ атам өзінің шеберлігінің арқасында сол малдарымен күнелткен. Осындай қиын күндердің бірінде апам жақын маңда белгісіз біреулердің жүргендігін естіп, астың барлығын жер астына тығып, үйдегі екі баласы мен әлі де әлін жинай алмай жүрген көршінің бетіне күл жағып, оларды сабанға орап, өлгелі жатқан адам кейпіне салып қойған екен. Жаңағы белгісіз адамдар жер үйге кіріп келгенде, апам өзін өлтіретінін біліп қорқады. Бұлар апамнан басқа бір тілде бірдеңе сұрайды. Ал апам болса қорқыныштан ештеңе жауап бере алмапты. Белгісіз адамдар жаңағы балалар мен көрші кісіні көргенде оларды аяп, біраз тамақтарын қалдырып, үйден үндемей шығып кетсе керек...

- Мұндай қиыншылықтар ендігі өмірімізге кедергі келтірмесе деп тілеймін. Келесі ұрпағы үшін күрескен ата-бабаларымыздың есімі мен олардың көрген қиыншылықтары да әрқашан жадымызда жаттаулы, оларды әр кез құрметтеп, қадір тұтамыз, - деп аяқтады әңгімесін Күләш апай.


Жазып алған

Жақсылық Арайлым,

Ө.А.Жолдасбеков атындағы

экономика және құқық академиясы





«Құқықтану» мамандығының 1-курс студенті

Тоқбай Аманқұлұлы
Алматы облысы, Қаратал ауданы, Үштөбе қаласында туратын менің кіші әкем Тоқбай Аманқұлұлы 1931-1933 жылдардағы ашаршылықты былай деп еске алады:

Ескелді-би, Балпық-би бабаларымыз Сыр бойынан елін көшіріп келгенде Бәйшегір бабамның ұрпақтары, «әрбір ши түбінде бір табақ ет, Балқаш көлінің тереңінде таусылмас маржаны, балығы бар, елімнің ырысы екен, елім тоқ болады екен» - деп, осы Қаратал өзенінің бойын Балқаш көлінің кұйғанына дейін таңдап алыпты дейді .

Бәйшегірдің ұрпақтары Мықтыбек, Тілеуқұл бабаларымыз, Мықтыбектің баласы Бақай батыр, қазақ халқына аты белгілі Жәлменде-би, оның баласы Пышан - Қаңғай деген жерге қоныстанады. Солармен бірге сол Қаңғайды менің төртінші атам –Байтерек те мекен еткен екен. Бәйшегірден Байтерекке дейін менің аталарым төменгідей жалғасады: Бәйшегірден Тынымбет туады, одан Тағымбет, Тағымбеттен Жоламан, Жоламаннан Жанту туады, Жантудан Байтерек туады.

Менің бабам - Мазабек, Жылқайдар атамның әкесі, алты ағайынды болған екен: Мазабек, Тазабек, Тастан, Аманқұл, Смағұл және Бейсенбай. Ашаршылық жылдары олар Қаратал өзенінің бойында «Қаңғай» деген құтты қонысын тастап, Талдықорғанға қарай жаяу-жалпы босыған көрінеді. Мазабек, Тазабек, Тастан бала-шағасымен Ешкіөлмес тауының бөктеріне жетеді. Ал Аманқұл, Смағұл, Бейсенбай Үштөбе қаласының маңайындағы қазіргі Новый мир ауылына әрең-әрең жетіп, сол жерде қалады.

Бұл жерге келгеннен кейін темір жолды жағалап, қайыр тілейді. Баспана да жоқ жардың астын паналайды. Аштықтан бала-шаға қырыла бастайды, Бейсенбай қайтыс болады. Аманқұл да өлім аузында жатқаннан кейін, інісі Смағұл өз басын өлімге тігіп, бір түні ат ұрлауға барған жерінде, кімді-кім аяған заман, Смағұлды аттың иесі атып өлтіреді...

Көп ұзамай Аманқұл да қайтыс болады. Аманқұлдың төрт баласы бар екен - Ақбай, Ақбар, Тоқбай, Қазтай деген. Әке-шешелері қайтыс болғаннан кейін Тоқбай мен Қазтайды детдомға алып кетеді. «Ақбай мен Ақбар туралы осыдан кейін ешқандай хабарым жоқ. Ашаршылық жылдары аштан өлген болар», - дейді үлкен бауырлары туралы Тоқбай атай.

Балалар үйі қазіргі Көксу ауданының Талапты ауылында болған болуы керек, ел ашаршылықтан шыққаннан кейін Тоқбайды іздеп жүріп, 5-6 жылдан кейін Аманқұлмен бірге туған Мазабектің үлкен баласы Жылқайдар тауып алады да бауырына басады. Ал Қазтай болса детдомда жүргенде қайтыс болады.

Ел ашаршылықтан шыққаннан кейін төменгі Қараталдың Балқаш көліне құйғанында балық колхоздары ұйымдаса бастайды. Сол кезде Сарыесік, кейіннен Киров атындағы колхозда Кенебай әкеміз (Жантумен бірге туған Бармақтың балалары) бастық болыпты. Жұмыс күші аз, колхозға мүшелер тарту керек заман. Қыстың көзі қырауда, Кенебай әкеміз ,әйелі Рабиғамен екеуі екі ат шанамен келіп Ешкіөлмес тауының бөктерінде қоныс теуіп отырған Мазабек балалары Жылқайдар мен Игенбайды «бірге боламыз» деп көшіріп алып кетіпті.

Содан бастап Жылқайдар мен Игенбай бала-шағасымен Балқаш көлінің жағасында өмір сүріп, өніп-өсті. Топырақ сол жерден бұйырды, екеуі де Көпбірлік ауылында жерленген.

1931-1933 жылдардағы нәубат, ашаршылық қырғыны тек бір ғана Аманқұл атамыздың отбасынан оншақты адамның қаза болуына әкеліп соқса, ал жалпы қазақ халқының басына түскен «ақырзаман» болмағанда немене?! Одан бері 70 жылдан астам уақыт өтсе де, сол нәубаттың запыраны осы уақытқа дейін әлсін-әлсін ауызға келеді.

Неге дейсіз ғой? Тоқбай атамыз әке-шешесінің, бауырларының сүйегінің қайда қалғанын осы күнге дейін білмейді. Аруаққа құрмет көрсетіп, басына белгі қоя алмады, аруақтарына арнап Құран оқыса да көңілі пәс екенін налып отырып әкемнің інісі, кіші әкем Тоқбай қария өз әңгімесін аяқтады.

Жазып алған

Мазабеков Марсұлан

Ө.А.Жолдасбеков атындағы

экономика және құқық академиясы

студенті
Ахметжанов Әнуарбек

Ахметжанова Ляззат Ануарбекқызының (жасы 40) әңгімесінен:

- Менің әкем, Ахметжанов Ануарбек, 1924 жылы Ақсу ауданы, Абакумовка деп аталатын 11-ші ауыл деген жерде дүниеге келген (қазіргі Жансүгіров ауылы).

Әкем 1931 жылы ашаршылық басталғанда, 7 жасында болған еді. Ол кісі былай айтатын:

- Қазақ халқының басына өте қиын жағдай туған жылдарды басымыздан өткіздік. Ауылдың талай тұрғындары аштықтан қырылып, босып, тентіреп, басқа елдерге қашып, оған қоса өкімет көбісін жала жауып, ату жазасына кесті.

Солардың ішінде анам Фатиманың әке-шешесі де бар еді. Менің шешем, Ахметжанова Фатима, 1932 жылы дүниеге келген. Ол кісінің әкесі сол жылдары, яғни 1932 жылы, бидай тарататын жерде жұмыс істеп жүргенде бидай ұрлады деп жала жабылып, ату жазасына кесілген.

Шешесі күйеуінің ату жазасына кесілгеннен кейін бір жетіден соң кешке тамақ іздеп жүріп, адам жегіштерге ұрынып, олар оны жеп қойған. Фатима шешем туа сала жетім қалған. Шешем өзінің әке-шешесі кім болғандығын, олардың есімдерін де білмейді. Оның басынан көптеген қиыншылықтар өткен. Оны шешемнің сіңілілері Қапия, Сапия деген кісілер асырап алған.

Әкем бұл әңгімелерді кішкентай кезімнен бастап айтатын. Осы әңгімелерден жүрегім ауырып, көңілді қорқыныш сезім билейтін. Сонан кейін мен әкеме «бұл туралы айтпаңыз, түнде түсіме кіреді» деп айтатынмын. Әкем соғыс ардагері. Ол кісі үйге қонаққа келген кісілермен осы жылдар туралы көп әңгімелесетін.

Әкем осыдан екі жыл бұрын қайтыс болып кетті. Ол кісі тірі болғанда сол жылдар туралы көптеген ақпараттар алуға болар еді.

Жазып алған

Майемгенов Ерлан

Ө.А.Жолдасбеков атындағы

экономика және құқық академиясы

студенті
Фарида апай
Ашаршылық жайында біраз мағлұматтар алсам деген оймен апамды әңгімеге тартқан едім. Ол кісінің есімі Фарида.

- Біріншіден, апа, өзіңіз туралы қысқаша айтып, таныстырып өтсеңіз.

- Е,шырағым, өзіме келер болсам, мен 1925 жылы 8-наурызда дүниеге келдім. Үйде баладан бауырымыз екеуміз ғана едік. Ес білгелі жанұямызбен дінге берік болып, бір Аллаға сыйынушы едік. Әкем ауылдың үлкен молдасы. Мен 7 жасымнан бастап намаз оқып, ораза ұстайтынмын. Биыл, міне, жасым 81-де.

- Біздің бүгінгі көтеріп отырған мәселеміз Ашаршылық жайында. Сол туралы айтып берсеңіз.

Бұл сұрақ апамызды толғандырды ма, ол қалтасынан орамалын алып, қатпарланған бетін сүртіп, ауыр күрсінді де, сөзін әрмен қарай жалғастырды.

- Ашаршылық деп жатырсың ғой. Оны білгенің жөн, балам. Естір құлақ болса, айтар сөзім дайын.

Мен ол кезде жасым 7-8 жас шамасында болсам керек. Баламыз ғой, бірақ санамыз анағұрлым жоғары болатын. Әке-шешеміз де бізді бала демейтін. Жұмысқа ерте орналасқандықтан ба, жоқ, әлде әкеміздің қатал мінезінен қорыққандықтан ба, әйтеуір білмедім, бір жарқырап күліп, бала болып ойнап жүрмеуші едік.

Орып кеткен бидайдың артынан масақ теретінбіз. Шөптен көже жасап ішетінбіз. Үйге күндіз кіре бермеуші едік, кірсек қарынымыз ашып, асқазанымыз шұрқырап, басымыз айналып, өзегіміздің талатынын білеміз де, кері айналып, шығып кететінбіз. Шешем бізді ойлап, атасынан нан ұрлап, болмаса бидай ұрлап әкелетін. Далада оны-мұны жұмыстар жасап, кештің батуын күтетінбіз. Қараңғы түссе әке-шешеміздің әкелген бір аяқ бидайын дереу қуырып жеп, жатып қалатынбыз. Азанда масақ теруге шығып кететінбіз.

- Кешіріңіз, ойыңызды бөлгенім үшін, сөзіңіз аузыңызда. Осы жерде бір сұрақ туады. Жоғарыда айтып өттіңіз ғой «намаз оқимын, ораза ұстаймын» деп, сонда ұстаған оразаңызға, оқыған намазыңызға Ашаршылықтың кесірі тиді ме?

- Әрине тиді, бірақ біз дінді одан да жоғары қойдық. Күндіз бес уақыт намазымызды қате жібермейтінбіз. Құран мен нанның қасиеті бірдей ғой. Құранды аяғыңың астына қойып нанды алуға болады дейді ғой.

Балам, саған мына бір шынында да болған оқиғаны аңыз қылып айтайын. Бірде кесапат әйел баласының құйрығын нанмен сүрткен екен, сонда Алла- Тағала жердегі жайқалған бидайды көкке ұшырып әкетіп бара жатқан екен. Сол кезде ит тұрып, «Мені қайда тастадың, менің ырыздығым қайда?» деп Құдайға жалбарынып жылаған екен дейді. Сонда Жаратушымыз:

- Сен аузыңды толтыра қапсырып тістеп қал, сол сенің несібең!- деген екен.

Мына жеп отырған нанымыз «иттің ырыздығы» деген сөзде содан қалса керек.

Сол жылы ең алғаш ораза ұстадым, үйде бір сиырымыз, екі саулық қойымыз болатұғын. Жерге дән қалмаған соң, әкем бір саулықты сойды, соның етін талшықтап, өлмес әл-ауқат құрып жүрдік. Үйде артық бидай қалса, көршілерге таратып немесе үйге шақырып, шуылдасып жүретінбіз.

Жаздыгүні күн ұзақ, өзі ыстық және тіпті ауыр болатын бізге. Ерніміз кезеріп, ішіміз бұралып жүретінбіз. Көп балалы отбасыларға тіптен қиын еді. Бытырап жан-жаққа жаяу кететін еді. Сол жылдары бидай аз шықты, кейбір жерлерде мүлдем шықпады. Шыққан бидайды байларымыз қамбаға салып отырды, қалғанын малдарына берді. Ес білгелі көрген-білгенім осы .

- Сізге қояр менің соңғы сауалым. Сол кезде қайтыс болған ата-әжелерімізге, аға-қарындастарымызға кейініректе ас беріп, Құран бағыштадыңыздар ма?

- Онсыз бола ма. «Өлі риза болмай, тірі байымайды» деген сөз бар қазақта. Жыл сайын ас беріп, құран оқытып, бейіттің басына барып, мал сойып еске алып отырамыз. Бейіт басына барған сайын өткенді еске алып, енді келер ұрпағымызға аштықтың жетпеуін тілейміз.

- Апа, әңгімеңізге көп-көп рахмет! Деніңізге Алла қуат берсін. Ашаршылық туралы біраз өзекті сыр шерттіңіз.

Жазып алған

Қарлығаш Сәрсенбаева

Ө.А.Жолдасбеков атындағы

экономика және құқық академиясы

студенті
Еділұлы Кәсілің
Сол қатыгез кезең ешкімге аяушылық көрсетпеді. Қаншама халық қырылды, қаншасы босып басқа елдерге бастарын сауғалап кетті. Міне солардың ішінде менің де атам болған екен.

Атамның айтқан бір әңгімесі бар еді. Ол әңгімесі маған сол кезде қорқынышты аңыз сияқты көрінетін. Атам қазір 76 жаста, аты Кәсілің Еділұлы, 1932 жылғы. Ашаршылықтың ащы дәмін татпаса да, қиыншылығын көрген екен. Атамның әкесі 1896 жылы дүниеге келген екен. Аты Еділ, руы -найман, Семей өңірінде тұрған деседі.

Атама бұл әңгімені ағалары айтып беріпті. 1929 жылдары байлардың малдарын кәмпескелеп, ауылдарды біріктіре бастағанда, Еділ атамыз оған көне алмай, туыстарын жинап алып Қытайға қашпақшы болған екен. Бірақ ол шарасы іске аспай қалып, қаша алмай қалады. Араға бір жыл салып атамыз әрекетін тағы да қайталайды...

Кәсілің атамның ағасы Аутәліп ол кезде ес жияр 14-тегі бала екен. Аутәліптың айтуынша, 1929 жылдардан бастап Еділ ата шаңырағына көп соққы тиген, мал-мүлкінен, баласы мен әкесінен айрылған екен. Ашаршылық олардың да төрінде болған. Емшектегі кішкене баласы аштыққа шыдай алмай өліп кетіпті.

Қыстың қақаған суығы да келісіп алғандай қатты тиіпті. Малдары суыққа, аштыққа шыдамай, жаппай қырылған. Аталарымыз күнде қорқыныш, үреймен есікке қарайды екен. «Есіктен,- дейді атам, - өлім әкелушілерді және мал-мүлікті тәркілеп жүргендерді ғана күтіп отырасың, көрші үйлердің есігін қағып, бір-бірінен нан сұрап жургендерді көресің».

Аштықта сойып жер малы, бір тілім нансыз қалған олар, амалсыздан туған жерлерін тастап Қытайға, Алтай өңіріне кеткен екен. Жолда қаншама қиыншылық көріп, өліп-талып жеткенде, ол жақтан да тыныштық таппапты. Сөйтіп атамның әкесі Монғолияның таулы жеріне бет алып, сол жерден пана тапқан екен.

Қазақ халқы 1991 жылы егемендігін алғаннан кейін, туған елге- туған жерге жол ашылып көшіп келген екен. Міне, атам Еділ ұлы Кәсіліңнің әңгімесі осындай.

Жазып алған

Мамық Алтын

Ө.А.Жолдасбеков атындағы

экономика және құқық академиясы

студенті
Көпбосынов Кеңесбай
Көпбосынов Кеңесбай Алматы облысы, Балхаш ауданы, № 1 Көкжиде ауылында туған. Сол кісіден естіген әңгімені келтірейін.

Біздің № 10 ауылда «Ақкөл» совхозы болды, онда «Ойбай, шеңгел» деген жер бар. Ол неге солай атанды десек, шеңгел қалың болып жолдың екі жағында өседі екен. 1931-1933 ашаршылық кезінде осы жолмен келе жатқан жаяу адам болсын немесе атты жолаушы болсын, соларды атып өлтіріп, етін жеген деген әңгіме ел арасында көп айтылатын. Сол себептен адам өлер алдында тосыннан болған оқиғадан «Ойбай!» деп құлап өледі екен. Содан «Ойбай, шеңгел» деп аталып кетіпті.

Жазып алған

Шолақов Бекзат

Ө.А.Жолдасбеков атындағы

экономика және құқық академиясы

студенті

Бекеұлы Қайыпбай
Менің нағашы атамның аты Қайыпбай. Ол кісі қазір 70 жаста (1938 туған). Оның әкесі Беке, руы – суан, оның ішіндегі ақша.Осы Беке атамның ашаршылық кезіндегі көрген оқиғаларын менің анама және тағы да басқа кішкентай немерелеріне әңгімелеп берген. Соларды келтірейін...

Жаркент өңірі Ынталы ауылында туған атам Ашаршылық кезінде 30-35 жас аралығында екен. Атам аңшылықпен айналысқан. Өзінің жанұясын, туыстарын аң атып асыраған. Аң еті арқылы Ашаршылықта өздерін аман алып қалған.

Атамның айтуы бойынша, көптеген бай-ауқатты адамдар өздерінің мүліктерін сақтап қаламыз деп Қытай еліне тау арқылы өтіп кеткен. Ал кейбіреулері бір биік таудан аса алмай аштықтан өлген. Қазіргі кезде Жаркент өңіріндегі ол тауды «Адам қырылған» деп атайды. Сол таудан әлі күнге дейін адам сүйектерін , байлардың тыққан алтын, күміс, тағы да басқа асыл тастарын табуға болады дейді ел.

Атамның айтуы бойынша, кейбір адамдар бір-бірінің етін жеп, өлген малдардың сүйектерін теріп алып, оны әбден қайнатып, сорпасын ішкен екен. Адамардың бір-бірінің етін жеуі мүмкін дегенге көп адамдар бүгінде сене бермейді. Бірақ сол кездегі ашаршылықтан адамдар адам етін жеуге мәжбүр болған.

Менің атамның сол кезде өте нашар тұратын көршілері болған. Олардың жанұясында бес адам болған. Екі ұлы, келіні және немересі, кәрі аналары болған. Кәрі аналары аштыққа шыдай алмай қайтыс болады. Ал балалары анасын көмудің орнына, оның етін пісіріп жеген екен. Сол оқиғаны үйіндегі кішкентай немересі көрші балаларға айтып қояды, содан бұл оқиғаны бүкіл ауыл естиді. Көптеген адамдар болған жағдайға теріс қарап, кемпірдің балаларының маңына жолауға қорыққан. Ал кейбіреулері аштықтан қиналғандықтан көршілерінің істерін қайталаған дейді атам...

Жазып алған

Тиынова Самал

Ө.А.Жолдасбеков атындағы

экономика және құқық академиясы

студенті

Сармекеева Мазтай
Бұл менің әжем Сармекеева Мазтайдың (1915-2004) маған өзінің тірі кезіндегі айтқан әңгімесі. Әжем сол кезде Қаратал ауданы, Үштөбе қаласы маңында тұрған екен.

- 1931-1933 жылдар аралығында қанша қазақ отбасы ашаршылық зардабын тартты десеңізші!.. Бұл қазақ халқына келген өте ауыр да қатал кезең болатын. Қара суға жете алмаған ел қара нанын аңсаумен күн өткізіп, оған да жете алмай, көбісі дүние салып жатты. Өлген адамдардың денелерін ауылдардан жинап, мекендердің шет жағына апарып төгіп жатты. Қаңсырап қаншама отау бос қалды, қаншама бала жетім болып, қаншама әйел жесір қалды!.. Көптеген жанұялар тамақ таппай, түгелімен қырылып жатты. Адамдар бір-бірін жеуге дейін барды. Барлық адамдар қара нан, қатықсыз қара быламық, сүтсіз қара шайға ғана қарап қалған. Әбден әлсіреп кеткен қалқандай қазақ балаларына неше түрлі аурулар жабысты. Олардың біразы жетімдер үйіне аман жеткізіліп жатты, бірақ олар да сол баяғы аштықтан қырылып жатты...

Мен сол кезде бар-жоғы 15 жаста едім. Бауырларымнан, анамнан, әкемнен ерте айрылдым. Етек-жеңім ырым-жырым, мен жетім күшікке ұқсап быламығы не аталасы бар үйдің босағасынан шықпаймын мөлиіп. Бірер қасық бермейінше үйдің адамдарына көзімді сатып, пештің түбінде тіленіп, қылқиып отырып алатынмын. Сосын көне киіз, көр-жер жатқан пештің есік жақтағы қуысына барып, түнеп шығатынмын. Осылайша дірдек қағып, бүрсеңдеп, ауыл кеземін, түтін аңдимын. Күн санап ондай үйлер де азая бастады.

Бір күндері кейде қатарынан дым сызбайтын халға жетіп қалатынмын. Ақырында шер көкірек, қу жетімдік әбден титықтатып, аштан әлім бітіп, көзім қарауытып, есім бірде бар, бірде кірмей, тек кірпігім ғана қимылдап, бас сауғалап басқа бір жаққа көшіп кеткен үйдің тастанды күшігіне ұқсап, құрым киіздің ортасында шала жансар жатқан жерімнен ересек біреудің тауып алып, сыртта тұрған шанаға салғанын, үстіме киіз жапқанын еміс-еміс білемін. Сөйтіп мен де балалар үйіне жеткізілдім...

Мұнда мен қыс күндері өлген панасыз балаларды тоң болып қатып қалған жерді қазып, қаза алмаған жағдайда қардың астына көме берген жерді де көрдім. Көктем шыға далаға шыққанымда көргенім: ана көшеде аштан өлып жатқан шал, мына бұрышта өлім аузында ыңырысыған кемпір, келесі бір қиылыста терісі сүйегіне жабысқан кішкентай баласын алдына алып, қайыр сұрап отырған әйел...

Мен енді туған ауылыма қарай бет бұрдым, жолда бір үйді көрдім, «Кішкене дем бассам ба екен», деп ішімнен ойлап, сол үйге кірейін деп жылжыдым. Үйдің ішіне кірсем, үлкен қазанда бұрқылдаған еттің иісін бірден сездім. Үйдің іші тым-тырыс екен, «Мұнда кім бар?» деп сұрағанымда, даладан екі адам кіріп келді. Екеуі де әлсіз көрінеді. Екеуі маған қарай ұмтылды, мен қашайын деп жүгіріп едім, екеуі екі таяқты бұрыштан алып, маған қарай ұмтылды. Мен шошығаннан бұрқылдаған қазанның қақпағын алайын деп жүгірдім, қазанды ашсам, қайнап жатқан нәрестенің денесін көрдім. Қақпақпен қорғанып жүріп, үйден қашып шықтым. Жанағы екі адам артымнан жүгіріп, біраз жерге келгенде екеуі де құлап, ілесе алмай қалды.

Мен ауылыма жетуге біраз қалдым, ауыл жаққа қарасам, адамдар көрінбейді. Мен ауылға жеткен соң барлық үйлерді аралап, әр үйде өліп жатқан адамдарды көрдім. Ауылда барлығы да қырылып қалыпты...

Аранын ашқан аштықта бір тайпа ел қырылған, азын-аулақ тірі қалғандары жан-жаққа босып кеткен. 1957 жылға дейін, яғни ширек ғасыр бойы, ауыл қаңсырап бос жатты.

Аңырап адам кетті, қаңырап дала қалды...

Жоғарыда жазылған менің он бес жасар жетімнің сол жылдары өз басымнан кешкендерім, өз көзіммен көрген сұмдықтарым, соншама жылдардан кейін есімде қалғандары. Сол кезде біздің ауыл сияқты қазақтың мыңдаған ауылдарында, жүздеген аудандары мен ондаған облыстарында не болып, не қойып жатқанын кім білсін?!. Ол туралы ешқандай мағлұмат, дерек қалмаған, сақталмаған.

Жазып алған

Тоғызбаева Шолпан,

Ө.А.Жолдасбеков атындағы

экономика және құқық академиясы

«Құқықтану» мамандығының 1-курс студенті
Туғанбаева Қамила
Алматы облысы Қаратал ауданы, Қаңбақты ауылдық округының Алмалы ауылының тұрғыны 1914 жылы туылған Туғанбаева Қамила 1931-1933 жылдары 16-17 жастағы бойжеткен қыз екен. Ол кісі өзінің басынан өткенін былайша әңгімелейді:

- Бұл өңірдегі халық мал бағады. Өкімет келіп қолдағы жалғыз сиырға дейін малды тартып алып, айдап әкетті. Халық қиналып қалды. Елдің біразы Қаратал мен теңіз жағалап, балық аулап күн көрді.

Елдің көбі қазіргі Алмалы ауылынан 170 шақырым жердегі Үштөбе теміржол станциясына қарай босыды. Үштөбеде ол кезде ет комбинаты мен күріш егетін егіс даласы бар үлкен елді мекен болатын. Олар қазір де бар. Сонда жұмыс бар деген соң біз де: әке-шешем, бауырым Әбутәліп төртеуміз Үштөбеге қарай жолға шықтық..

- Сол бір қиын кез болды ғой!- деп көзіне мөлдіреп келген жасты қарт ана жасыра алмады.

Әке-шешем сол жақта, яғни Үштөбеде, қайтыс болды. Ол жақтың да адамдары жетісіп жатқан жоқ екен. Халық аш. Аш адамдар жан-жақтан күнде ағылып келіп жатады. Бойнаның (мал соятын орын) маңында қырылып жатқан адамдар. Мен күріш тазалаушы болып жұмыс істедім. Бауырымды балалар үйіне өткіздім. Ол менен үш жас кіші болатын. Жазда оларды Алматыға алып кетті деп естідім. Күзге қарай қайтып келді.

Олар Алматыға барғанда бас киімдерінің жыртығына алма тығып сатып, жан сақтайды екен. Күзде келгенде алма сатып, жинаған ақшаларын маған беріп жатыр. Балалар үйіндегілердің айналысатын ісі - егістіктен масақ теріп, соны пісіріп, тағам қылады екен.

Інімнің әңгімесі. Сол жылы қасқыр да көп болып, олар да адамдарды жеді. Балалар масақты теріп, от жағып, отты айнала қоршай тамақты пісіріп отырғанда, айнала отырған балалардың бірі Төлтайды қасқыр іліп алып тұра безеді, қайта сол жерде отырған балалар шуылдап жүріп Төлтайды аман алып қалыпты.

Мен Үштөбеде жүріп, елде «Көпбірлік» колхозының ашылғанын естіп, төрт адаммен бірігіп, ауылға қайттым. «Көпбірлік» колхозына келіп, артелге жұмысқа кірдім. Күні-түнімен теңіздің үстінде балық аулап, сүзекі тартамыз, әйтеуір қарның тоқ, ел қатарына сөйтіп жүріп қосылдық қой. Біраз ес жинаған соң, балалар үйіне хат жазып, бауырым Қарымсақов Әбутәліпті іздеттім. Хат жазғаннан кейін, он күн өтпестен жауабы келіп, бауырымның мекен-жайын содан алдым. Сөйтіп, бауырымды тауып алдым, бірге болдық, кейін ол оқуға түсіп қалаға кетті, ал мен күйеуге шығып, осы ауылда қалдым. Сөйтіп, жылдар зулап өте берді, өте берді.

Міне, қазір 94 жастамын. Ауылдың үлкен ақсақалдары менің баламмен қатарлас. Көзімнің нашарлау көретіндігі болмаса, әлі де далаға өзім шығып-кіремін! - деп аяқтады өзінің сөзін қарт ана.

Жазып алған

Манапбай Айна

Ө.А.Жолдасбеков атындағы

экономика және құқық академиясы

студенті
Нұрбаева Аққайша Қалиасқарқызы
«Өлі риза болмай, тірі жарымас», «Аштықта жеген құйқаңды тоқтықта ұмытпа» сияқты қазақтың өмір тәжірибесінен қалған дана сөздері көп. Осыған орай ел жұртшылығының жыл сайын 31-мамырды Ұлы Нәубет құрбандарын аза тұту күні ретінде атап өтеді. Әйтсе де, кейбір адамдардың, әсіресе сол кездердің куәсі болған үлкен кісілердің «Қалғанын келістіріп, сүйегі қурап қалған аруақтарды азалау қалып па?!» деген ғайбат сөздер айтатыны қынжылтады.

1931-1933 жылдардағы Ашаршылық нәубетін бастан кешірген жандардың бірі Сарқан қаласының тұрғаны Нұрбаева Аққайша Қалиасқарқызымен кездесіп, қазақтың қаралы жылдары туралы өзінің көрген-білгендерін әңгімелеуін сұрадым.



- Қайсыбір халықтың болмасын бастарынан талай нәубеттер өтті. Бірақ олар басынан өткен мұндай қайғылы оқиғаларды әрдайым естерінде ұстап, ұрпақтан-ұрпаққа қалдырып отырады. Ал біздің қазақ халқы болса осы тұрғыда кешірілмес енжарлық танытады.

Біз тіпті 31-мамырды Республика Жоғарғы Кеңесі атап өту жөнінде қаулы қабылдаса да, бұл күнді ұмтып кете жаздадық. Алдағы уақытта бұл күнде аза тұту әр отбасы, ошақ қасында да өткені абзал. Себебі сол ұлы нәубетте құрбан болғандар бұлардың бәрінде де кездеседі. Сондықтан ең болмаса жеті шелпек пісіріп, аруақтарға бағыштау – бәріміздің де борышымыз...

- «Ұжымдастыру» деген желеумен қолдағы малды сыпырып алудың аяғы мешін, тауық жылдарына ұласып, ел арасын ашаршылық жайлағанда біздің отбасы Аманбөктер совхозында тұратын нағашым Құрманбайдың үйіне барып еді. Алайда оның да шиеттей бала-шағасының көріп отырған күндері өлмешінің аз-ақ алдында екен. Әкем мен шешем «аштан өлсек біз өлейік, тек сен тірі қал» деп 10 жасар мені нағашымның қолына тастап, өздері әрі қарай кетті. Кейін нағашымнан олардың қазіргі Матай кентінде аштықтан өлгендерін естідім...



Бір күні нағашым «қалада құрият бар екен, өкімет аштан өлтірмейді, сені соған тапсырайын» деп, мені өзім құралпы аш балаларды жинап жатқан жерге әкеліп тапсырды. 800-дей жиналған баланы байлардан қалған үйлерге орналастырды.

Жан сақтарлық қана тамақтың түрі – тас бұршақ, қара нан. Бір тілім нанның жұқалығы сондай, қолға ұстап тұрғанда өз салмағымен сынып кетеді. Оны да есік алдынан ересек балалар қағып алып жейді. Кейде бұрын егілген егістікке барып, сол жердің ара-арасында қалып қойған бидай, арпа дәндерін жинап, соларды азық ететінбіз. 1932 жылдан 1933 жылға қараған қыста жер қазып, балалардың денелерін көмуге мүмкіншілік болмағансын жетімдер үйінің шаруашылық меңгерушісі күн сайын балалардың өліктерін погребке тастай беріпті. Егер нәубет құрбандарына белгі орнатса, сол қыршын кеткендердің мүрделері көмілген жер дұрыс болар еді.

Балалардың барлығы қазақ балалары, бір-ақ орыс баласы болды, оның өзі тірі қалды. Тірі қалған балалар кейін ер жеткесін Ұлы Отан соғысына қатысып, көпшілігі сонда опат болды...

Ұлы нәубеттің бүгінгі тірі куәсі Аққайша Қалиасқарқызының балалық шағындағы тартқан азабы – сол кездегі қазақ балаларының азабы болған. Тарих сол кездегі солардың тағдырына тап келтіргенде, бізді сол кездің жария болған кезеңіне келтіріп отыр. Оқулықтарда жазылмай, кейінгі ұрпақтан көлегейленген бұл нәубетті бәріміз ұдайы еске ұстап, аза тұтуымыз керек.



Жазып алған

Тұрыспекова Балжан,

Ө.А.Жолдасбеков атындағы

экономика және құқық академиясы

«Қаржы» мамандығының 1-курс студенті
Кәрімұлы Әскен
Қиын жылдарды өз көзімен көрмесе де, әкесінен өз құлағымен естіген біздің жерлесіміз, Кәрімұлы Әскен атамыздың сол қиын-қышар жылдардағы болған оқиғаның біріне тоқталсақ.

«...Әкемнің аты - Кәрім, ол 1906 жылы Балқаш ауданында туған еді. Отбасында 12 бала болған екен. Әкем сол он екі баланың алтыншысы. Ол кездерде қайтсем де дүниеге әкелген балаларын жеткізіп-тәрбиелеймін деп жүгірген атам байлардың ірі қара малын (сиырларын) бағып жүріпті, әжем болса кешке дейін үй шаруашылығымен айналысып, он екеуіне қарап, тамақ пісіріп отырған екен.

Әкем еске түскен кездерінде әңгімелерін анда-санда айтып, бір көңілі босап отыратын. Әкемнің айтуы бойынша, тып-тыныш өмір сүріп отырған қазақтардың күй-жайын құртқан құрғыр орыстар!. Әкем 80 жыл ұзақ өмірінде жұтшылықты да, соғысты да көрген адам болатын. Өзі соғыс ардагері, екінші топ мүгедегі болатын. Айтуы бойынша, соғыста су жұтып, немістерге қарсы шыға алған, ал ашаршылық кездерінде, дұшпанға қарсы шықпақ түгілі, өздері жүнжіп, шөп тамырларын жеп тірі қалған екен.

Атамның біраз малы болыпты. Күні кешкіге дейін әкем ағаларымен сол малды бағып, күндерін өткізіп жүрген балалар қатарында болыпты. Шұбыраған малдардың ішінде әкемнің дәу Көк сиыр деп аталатын сиыры болған екен. Атам мен әжемнің айтуы бойынша, әкем кіші кезінде сол бұзауға ғана көңіл аударған екен. Ол кезде кім білсін, оның кейін біздің жанұямызды құтқарып, шөлдерін қандырып, ауыздарын жібітетінін...

Қиын жылдарда орыстар келгенде, біздің ойнап-күліп, жүгіріп жүрген күніміз бірден тыйылды. Есімдегісі, оңбаған Голощекин қыстыңғы күні барлық қойлардың жүнін қырқытып, не елге жоқ, не жеуге жоқ қылдырып, бәрін құртқандығы. Малымыз бір мезетте күрт азайды. Әкем айтушы еді: «Мен өлсем де, кейін сендердің бәріңді жеткізетін осы мал, соған дұрыс қараңдар, күтіңдер, ұрлатпаңдар!». Енді сол малды ешкімге ұрлатпай-ақ көзімізше өзі қырды...

Кім білсін, сондай көп малдың ішінде көк сиырдың ғана тірі қалып, аштан бұралып, тоңып жатқанымызда көк сиыр сүтін беріп, суық болғанда бізді жылытатынын. Кейінгі кезде ешқандай күші жоқ болса да бізге жылуын берген. Жеуге тамақ жоқ болғанда, ішуге су болмағанда, көк сиыр сүтін берген.

Күндер өте ең сұмдық іс басталды. Аштықтан бұралып, алдымен қарындасым, оның артынан бауырым кетті. Жалғыз сиырдың бір құлағын кесіп жеп, қайнатып сорпасын ішкенбіз. Міне, сондай қиыншылық көрдік. Қасиетті малымның етін жеймін деп, соңымнан еріп жүрген бауырым да кетті о дүниеге. «Осының бәріне кінәлі болған орыс оңбағандарға қарсы шығамын!» - деп кіжініп, кегін алуға кеткен әлсіз әкем де оралмады...

Соныменен анам екеуіміз ғана, аман қалдық. Анам ауырып, шамасы болмаса да, тырысып, талпынысып, жанталасып жүріп тірі қалдық.

Масақ теріп, оны келіге салып үгітіп, талқан қылып жейміз. Сонымен қатар шөп жеп, өсіп тұрған ағаштардың жапырақтарында қалған су тамшыларымен ауыздарын жібітіп, тірі қалдық.

Бұндай сұмдықты көзбен көрмей-ақ, құлақпен естігеннің өзі қандай қорқынышты! Әуелі, әкемнің айтуы бойынша, кейінірек өлген адамдарды қазанға салып, қайнатып жеген жанұялар да болыпты. Қандай жұтшылық, өзінің ішінен шыққан адамды қазанға салып қайнату дегенің! Үйде біреу әлсіреп, ауырса, аш отырған туысқаны қуанады екен. Ол кездерде қарынның ашқаны соншалықты, анаң қайсы, әкең қайсы, сол сияқты інің, қарындасың қайсы екенін ажырату мүмкін болмаған екен.

«Астыққа бай болған қазақ, егілген астыққа дейін айрылып, аяғы соның жемісін де жемеген. Ағып жатқан өзенге барлық жиған тергендерін, өсіріп-еккен егіндерін лақтырған оңбаған орыстар, аш жатқан қазақтарды аяғымен теуіп, Голощекиннің айтқанымен жүрді!» - деп айтып отыратын әкем. Менің ойымша, әкеме атам барлығын айтпаған секілді, қаншама жыл көрген қиыншылықтарын, ауыртпашылықтарын ұмытуға тырысты...

Аш-жалаңаш адамдардың дала төсінде босып сандалып жүргендері, олардың даладағы атқұлақ пен сарышұнақтарды түк қоймай жеп қойғаны жан түршігерліктей.

Жазып алған

Смағұлова Әсел

Ө.А.Жолдасбеков атындағы

экономика және құқық академиясы

«Қаржы» мамандығының 217 топ студенті

Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет