ЖҰмыстың жалпы сипаттамасы


Ғылыми жұмыстың теориялық және әдістемелік негіздері



бет2/4
Дата05.11.2016
өлшемі0,72 Mb.
#715
1   2   3   4

Ғылыми жұмыстың теориялық және әдістемелік негіздері.    Диссертациялық жұмыстың теориялық және әдістемелік негізі ретінде қазақ әдебиеттанушылары мен шетел ғалымдары ұсынған ғылыми еңбектер қолданылды. Диссертацияның зерттеу объектілерін түсінуде, әдеби және поэтикалық талдау жасауда біз белгілі әдебиеттанушы-ғалымдар А.Байтұрсынов, Ә.Марғұлан, М.Әуезов, С.Мұқанов, Қ.Жұмалиев, Х.Сүйіншіәлиев,  С.Қирабаев, З.Ахметов, З.Қабдолов, Р.Нұрғалиев, М.Базарбаев, Ш.Елеукенов, Ә.Нарымбетов, М.Жармұхамедұлы, М.Мырзахметұлы, Ж.Ысмағұлов, Н.Келімбетов, А.Еспенбетов, Ө.Күмісбаев, С.Дәуітов, Б.Майтанов, А.Қыраубаева, А.Ісімақова, Б.Әбдіғазиев, И.Жеменей, т.б еңбектері мен ой-тұжырымдары әдістемелік бағыт-бағдар ретінде пайдаланылды.

Зерттеудің теориялық және тәжірибелік маңызы. Қазақ әдебиеті мен поэзиясындағы Шәкәрім шығармашылығының алатын орнын көрсету. Шәкәрім поэтикасы қазақ сөз өнерін, өлең өрнегін, көркем ойды және көркем бейнелеуді жаңа деңгейге көтергені ақиқат. Шәкәрім поэзиясының басты қасиеті оның философиялық мазмұндылығы. Ақын қазақ өлең өнерінде пәлсапалық қағидаларды ұсына біледі. Шәкәрім поэзиясынан қазақ әдебиеттану ғылымында дәстүрлі фольклордың, жыраулық әдебиеттің, Шығыс пен батыс поэзиясының қазақтың өлең өнерінің қалыптасуы мен дамуына әсерлерін, ықпалын көруге болады. Шәкәрім әлемдік әдеби процестен тәлім ала отырып, ақындық өнердің шыңы Абай поэзиясынан үлгі алды. Абай мен Шәкәрім ақындығындағы тақырыптық, жанрлық, стильдік және мазмұндық сабақтастық қазақ поэзиясында қайталанбас құбылыс. Бұл құбылыстың қазіргі қазақ әдебиетінің дамуындағы маңызы өте зор. Себебі, қазақтың өлең өнерінің тек сапасын арттыруда Абай мен Шәкәрім үлгісі бірінші орында тұрады.

Зерттеудің нысанасы, деректілік негізі. Шәкәрім Құдайбердіұлы шығармаларының поэтикалық ерекшеліктерін анықтау. Өлеңдері мен  дастандарының көркемдік әсемдігін, терең ойшылдығын, сыншылдығы мен шыншылдығының табиғатын көрсету болып табылады.

Зерттеудің дерек көзі ретінде Шәкәрім Құдайбердіұлының баспалардан жарық көрген шығармаларының жинақтары, Қазақстан Республикасының Ұлттық мұрағат қорларында сақталған құжаттары, Республика кітапханалары қорларында сақталған Шәкәрім шығармаларының қолжазбалары, Шәкәрім туралы оның туыстарының жеке иелігінен алынған түрлі қолжазбалар, деректер және естеліктер пайдаланылды.



Зерттеудің әдістері. Әдебиеттану ғылымына тән кешенділік, жүйелілік, салыстырмалық, объективті-аналитикалық, тарихи тұрғыдан жүйелі талдау, жинақтау, қорыту әдіс-тәсілдері басшылыққа алынды. Сонымен бірге зерттеу барысында салыстырмалы әдістер көбірек қолданылды. Сонымен қатар, отандық әдебиеттану ғылымының тұжырым байыптаулары, поэзияның табиғатын, эпика жанрлары, дастан, поэмалардың жанрлық-стильдік, көркемдік-эстетикалық ерекшеліктерін қарастырған ғылыми еңбектер диссертациялық жұмысымыздың негізгі методологиялық әрі теориялық негізі ретінде қарастырылады.

Зерттеу жұмысының жариялануы мен сарапталуы. Диссертация  М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының абайтану және жаңа әдебиет пен қазіргі қазақ әдебиеті бөлімдерінің біріккен мәжілісінен және осы институттың Ғылыми кеңесі талқылауынан өтті. Зерттеу тақырыбына байланысты мақалалар Қазақстан Республикасы Білім және ғылым саласындағы қадағалау және аттестаттау комитеті бекіткен ғылыми басылымдарда жарияланды. Жұмыстың негізгі мазмұны Халықаралық және республикалық ғылыми-теориялық конференцияларда баяндалып, ғылыми жинақтарға енді. Жұмыс мазмұны бойынша 30-дан аса мақала, 1 оқулық және 2 монография жарық көрді.

Жұмыстың құрылымы.  Зерттеу жұмысы кіріспеден, қорытындыдан және үш бөлім мен пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады.
НЕГІЗГІ БӨЛІМ
Диссертациялық жұмыстың кіріспесінде зерттеу тақырыбының жалпы сипаттамасы, өзектілігі, зерттеудің дерек көздері, мақсаты мен дерек көздері, зерттеудің негізгі нысаны, жұмыста қолданылған әдістемелер негізі, зерттеудің ғылыми жаңалығы, қорғауға ұсынылатын негізгі тұжырымдар, зерттеудің теориялық және практикалық құндылығы, жұмыс нәтижелерінің талқылануы мен жариялану туралы мағлұмат беріледі.

«Шәкәрім поэзиясындағы жаңашылдық» атты бірінші бөлімде ұлттық өлең дәстүрінің үлгісін жаңаша мазмұндау мен көркемдеудегі, оның өлшем ырғақтарын түрлендірудегі сан қилы әдіс-тәсілдер  ақын поэзиясының жаңаша қыры ретінде дәлелденді. Көркем сөз шеберінің көркемдік құралдарды құбылта пайдалануға шеберлігі адамның ішкі әлемінің сапалы жақтарын баса көрсетіп, өлең өрнегімен жүйелеуден көрінді. Ақынның ой елегінен өткізген пайымдаулары барлық қоршаған орта, дін, діл, өлім, өмір, махаббат жайлы танымы шығармашылығының негізгі арқауына айналған. Бүкіл жаратылысқа махаббат көзімен қарау, адамды сүю, Алланы сүю, қоршаған ортаға деген құрмет осылармен үйлесімділікте ғұмыр кешу – ақынның басты принциптерінің бірі. Қазақ поэзиясына жаңа өрнек берген ақын шығармашылығының бастау алар көзі, ұлттық әдебиетіміздің қайнар бұлағы болған түркі әлемінің, шығыс поэзиясының ықпалы да, қазақ ауыз әдебиетінің озық дәстүрлері де  ақын поэзиясының табысты өркендеп дамуына үлкен әсер еткен арналар. Шәкәрім Абай мектебінен тағылым тәрбие ала отырып, қазақ поэзиясын мазмұны мен түр жағынан  кеңеюіне ықпал етті.

 Яғни,  адамгершілік, гуманистік, ағартушылық, демократиялық және діни философиялық мәселелердің Шәкәрім өлеңдерінде синтезделініп көрініс табуы – қазақ поэзиясына енгізілген тың жаңалық. Ақынның көптеген өлеңдерін философиялық лирика ретінде бағалауға болады. Өлеңдері мен дастандарында әлеуметтік шындыққа адекватты, сол кезеңдегі тарихи дәуірге саяси өзгерістерге сәйкес келетін терең психологизм де бар. Шығармаларының негізгі кейіпкерлері – сол тұстағы қоғамдық ортадан алынған шынайы образдар. Олардың сезімі, жандүниесі, өмір құбылыстарын түсінуі, адами күйзелісі өмірде болып жатқан шындықтармен  қабаттасып жатады. Шәкәрім поэзиясының тағы бір ерекшелігі –  кез-келген адам санасы қабылдай  бермейтін терең болмысты құбылыстарды таңдауға баруы. Бұл ретте ақын поэзиясы Абайдың философиялық поэзиясымен сабақтасып жатыр.

 Бұл бөлімде ақын шығармашылығының көркемдік, дәстүрлік негіздерінің көзі анықталып, оның әлемдік поэзияның озық үлгілерін қазақ поэзиясына алып келуі жөнінде ой қорытылады.

Шәкәрімнің көркемдік поэтикасы – қазақ әдебиетінде жаңа бағыт пен жаңа үлгі ретінде дәлелденіп, ондағы қоғамдық рухани өмір туралы, руханияттың адамзатты тәрбиелеудегі орны туралы ерекше қайталанбас формалардың мәні сараланды.

Жеке тұлға танымын талдаудағы психологизм арқылы Шәкәрім өзінің сыншылдық, әрі реалистік поэзиясының бітімін қалыптастырып, өзіндік дербес ойлары арқылы ұлттық деңгейден, ғаламдық ақыл- ой деңгейіне көтеріледі.

Поэзиясының жанрлық, сюжеттік, композициялық ерекшеліктері әсіресе дастандарынан анық көрінеді. Ондағы кейіпкерлерінің мінез-құлқы, дүниетанымы, өмірмен біртұтас байланыста, тек қана өзінің ішкі дүниесін жаңғырту, дамыту арқылы іске асатындығына ден қояды.

Шәкәрім поэзиясының көркемдік поэтикасын сюжеттік-композициялық, стилдік, интонациялық, образдық ерекшеліктерінен көруге болады. Поэтикалық талдау Шәкәрім өлеңдерінің рухани-эмоциялық энергиясын ғана емес, олардың тәлімдік және танымдық байлықтарын, мүмкіндіктерін ашуға жол ашады.

Ақын адамның ішкі әлемінің күрделілігі және құндылығын ішкі сапа мәселелерімен бірлестіре көрсетеді:


Дұрыс деме құры ойлап,

Ақылға сынат, сабыр қыл.

Жығылмайтын дәлел тап,

Бірезу болма өзімшіл.


Мініңді тапса кім сынап,

Аяғына бар, жығыл.

«Қап, бәлем» деп кекті ұнап,

Сақтай көрме ойға зіл [52, Б. 92-93].


Осындағы «бірезу», «кекті» болу сынды жағымсыз ұғымдар арқылы, аз сөзге көп мағына сыйғыза білген. Адам мінезіне қатысты әртүрлі бейнелі образдарды ақын шығармаларынан көптеп кездестіруге болады:
Сөз, мінезі құбылса,

Ар, иманы жоқ деп біл.

Аулақта жемтік сыдырса,

 Оны ойыңмен айуан қыл.


Дұспанға да бол әділ,

Түсірме ойға тат пен ніл.

Ұмытпа болсаң біздің ұл,

Осы өлеңді құлаққа іл [52, Б. 93].


Бірінші шумақта сөз бен мінездің құбылуын арсыздықпен, имансыздыққа балаған ақын, арсыз, имансыз жандарды айуанға теңейді. Досың түгіл, дұспаныңа әділ болу керектігін үлгі тұтқан ақын оқырманына өз өсиетін көркем жеткізе білген. Бұл – қазақ поэзиясындағы өсиет өлеңдердің жаңаша түрге енуі.

Шәкәрім шығармашылығында адамгершілік, ізгілік мәселелері халқымыздың ғасырлар бойы келе жатқан ұлттық құндылықтарымызбен тамырластықта алынып, көркемдік-эстетикалық мәні мен өлең өрнегіндегі өзіндік үні айқын  айшықталады. Ұрпақ бойындағы ізгілікті, адамгершілікті жаңғыртуды көксеген ақын «ар-ұждан» мәселесін ең алдыңғы кезекке шығара отырып:

Еңбекпенен,

өрнекпенен,

Өнер ойға тоқылса,

Жайнар көңіл,

қайнар өмір,

Ар білімі оқылса – [52, Б. 266 ].- деп тұжырымдайды.


Ақын осы өлеңінде қазақ поэзиясына Абай алып келген түр жаңалығын жалғастыра отырып, оны түрлендіре пайдаланған. Алғашқы екі тармақты ұйқасқа құрған ақын әрбір үшінші тармақты басқа ұйқасқа тізген. Өлеңнің алғашқы алты тармағындағы сөз кестесі кейінгі жолдарда мүлде басқа түрге ие. 7-16 тармақтардың кестесі мүлде басқа болып келеді де, өлеңнің соңғы алты шумағы әдепкі қайталауды сақтайды. Міне, осындай бір өлеңнің ішінен тармақ, буын, ұйқас құбылуы да қазақ поэзиясын түрі жағынан байытары даусыз. 

Адамның ішкі жан-дүниесі, рухани құндылықтары жайындағы өлеңдерінде де Абай қалыптастырған идеялық-мазмұндық және көркемдік-стильдік дәстүрді жалғастырып, қазақ поэзиясының эстетикалық, танымдық деңгейін көтереді.


Еңбекке шыда ебін тап та,

Сабырдың түбі – сары алтын.

Өзімшіл болма, көпті ардақта,

Адамның бәрі – өз халқың.

Нысап пен мейірім, әділетті

Жаныңдай көріп жан сақта,

Ол жолда өлсек, неміз кетті

Мақсұтқа жетпей қалсақ та [52, 34 б.].


Ақынның оқырманын ойшылдыққа шақыратын дүниетанымдық көзқарастарға құрылған өлеңдерінде ақын терең сыршылдықпен қатар өлеңнің әуезді ұйқасы мен ырғағына аса талғампаздықпен қарайды.

Оның шығармаларындағы терең астармен өріліп отыратын терең ойдың астарын түсіне білген жөн. Бір қарағанда жаратылыс туралы айтылғандай көрінгенмен, мына жолдардан астарлы саясатты байқауға болады:


Табылмас анық азат адам,

Жаралыс билер заманды.

Көрсетер мұқтаж, азап саған,

Тартқызар өмір жазаңды.


Құлданар сені күшті өкімет,

Ноқтасыз еркін ел таппай,

Қорлықта жылап, зарла да өт,

Бостандық болар жер таппай [52, 32 б.].


Мұнда патша өкіметінің қол астындағы отар елдерін бұғауда ұстауы, яғни күшті мемлекеттің ұсақ ұлттар мен әлсіз елдерді отарлау жүйесіне ақынның адам және қоғам, қоғамдық орта жайындағы көзқарастары емеурін арқылы беріледі.
Өкімет өшсе, залымдар  көп,

Арлыға өмір сүргізбес.

Қарулы қасқыр құдайың боп,

Азаттық жолмен жүргізбес [52, 32 б.].


Шығыс, Батыс, орыс әдебиетінің озық үлгілерімен таныс болған ақын, қазақ өлеңіне жаңа мазмұн мен жаңа өрнек алып келіп поэзияға үлкен талаптар қоя білді. Осындағы «қарулы қасқыр» – отарлаушылардың көркем образы. Олардың қорқау қасқырлар сынды ашқарақтығын ақын осылайша бейнеледі. Бұл да ақын қаламына тәне бейнелі образ. Қазақ елінің еркіндігін аңсаған ақын шығармасының негізгі идеясы – тәуелсіздік.
Жан деген не

Мүлде өле ме,

Шын жоғалып сөне ме?

Жоғары өрлеп,

Дене жөндеп

Және мен деп келе ме? [52, 150 б.].

– деп, ақын өмір мен өлім туралы өлеңінде  қазақ поэзиясын түрлендіріп, идеялық соны жаңалық алып келді. Өлең Абайдың үлгісімен («Сегіз аяқ») жазылып түр жағынан жаңалық енгізбегенімен мазмұн тереңдігімен ерекшеленеді. Қазақ өлеңінің құрылысы мен өлшемін түрлендіруімен, жаңаша түр мен мазмұн әкелуімен ақын өлеңдері өміршең. Поэзияға  жоғары талап қоя білген ол өлең өрнегінің кестесін өзгеге ұқсатпай салады. Өзі көтеріп отырған мәселені нақты да, жинақы көрсете біледі.

Ақын бейнелеген лирикалық кейіпкерінің басты міндеті – рухани жан дүниесін байыту, ізгі істерді қолдау, ар-ұжданы жоғары болу.  Яғни мінез-құлқы, болмыс-бітімі жағынан әділет пен арды ту еткен, елі мен жерін сүйген, жаратушысына жақын жандар. Шәкәрімнің ақындық жеке қолтаңбасы әсіресе лирикалық кейіпкер бейнесін сомдағанда дараланады. «Шын нұр», «шын асық», «таза ой», «таза жан», «тәтті тіл», «от жүрек» т.б. сөз тіркестерін қолдану арқылы кейіпкер психологиясын, оның адамгершілік сапасын айқындап көрсетіп отырады. Ақынның танымында адам өте күрделі, ол тек қана табиғи жаратылыс қана емес, сонымен қоса оның рухани жан әлемі күрделі құбылыс. Қазақтың дәстүрлі поэзиясындағы адам мен табиғат тұтастығын, жаңаша сипатта тереңдете отырып небір бейнелі сөздер мен метафораларды түрлендіріп қолданады.

Табиғаттың күйін, тынысын адам тіршілігіне ұқсату арқылы образды суреттер жасайды. Ақын поэзиясындағы образдылықты «сұм жүректің оянбауы», «жебір ұлық қылдай іс», «өлі жүрек», «көңілдің қабағы салбырады», «әділетсіз залым», «азат ақыл», «күншіл мұндар» сынды сөз тіркестерінен де көруге болады. «Қабағынан қар жауған қараңғы бұлт, «Жаралы біздің көңілге бір тамбады сіркіреп», т.б. сияқты бейнелі тіркестер арқылы қазақ поэзиясына жаңа бір психологиялық оралымдар енгізген. Адам ішкі дүниесіне терең бойлап, мінез-құлықтың әсерін аша көрсету  арқылы жүрегінде жақсылыққа орын жоқ, өз мінін көрмейтін, өтірікпен күн өткізген адамдардың образын да шебер сомдайды.

Енді бір өлеңдерінде «күншіл мұндар», «өлі жүрек» метафорасын қолданып адамның кері кеткен кейпін берсе, «алжасқан ми», «тозған ой», «жалқау тартқан ой» сияқты теңеулер арқылы кейіпкерлер жандүниесіне тереңдей енеді.  Ақын осы секілді қазақ поэзиясында бұрын қолдана қоймаған сөз тіркестерін жиі қолданады. «Өлі жүрек» тіркесі жөнінде М.Базарбаев: «Тас бауыр», «тас жүрек» деудің орнына «өлі жүрек» деуі (өзімшіл мұндарды) поэзияда ауыспалы мағынасында бұрын кездесе бермейтін жаңалық (өлген адам, немесе, сезімсіз суынған жүрек жайында талай айтылуы мүмкін, яғни өзінің тіке мағынасында: бірақ адам бейнесін беру үшін айтылған түрін кездестірген емеспіз)» [42, Б. 249-250], – деген болатын. Ақын жаңа сөз тіркестерін, метафора, теңдеулерді қолданғанда образдарды сомдай түсіп, ойдың, ұғымдардың мәнісін тереңдетіп, адам, қоғам, табиғат болмыстарын нақыштауға көмекші құрал қылып алып отырады. Сондай-ақ ақын «ақыл» ұғымын түрлендіріп, сөз тіркестерін жаңаша өрнекпен әрлеп отырады. «Аз ақыл», «сұм ақыл», «саяз ақыл», немесе «таза ақыл», «шын ақыл» т.б. Ақын  «Ақыл» ұғымының өзін екі сападан көрсетеді. Ең негізгісі  адам болмасындағы «таза ақыл» категориясы деп түйеді ол. Оның мәнін «Таза ақыл ақты барлайды, Дәлелсіз сөзді алмайды», – деп аша түседі.

Ол адамзат баласын таза ақыл билесе ғана, өмірі мәнді болады деген ойды ұсынады. Осы арқылы қазақ поэзиясында философиялық дүниетанымдық жүйенің жаңа лебін алып келгені анық байқалады.
Рух деген дінсіз таза ақыл,

Мінсіздің ісі шын мақұл.

Айуандағы ақыл ол емес.

Аз ғана сөзім – аз нақыл,

Құраныңды оқы нанбасаң [53, 231 б.].
Оған ақынның мына жыр жолдары дәлел: «Ақылдың көзін байлама, Білгіш деп басшы сайлама». Ал, «ақылдың көзін байлама» сынды оралымдардан ақынның көзге көрінбейтін дерексіз заттарға жан бітіруі, яғни кейіптеуге баруы байқалады. Ақын «Шалғыншы ойым ақылға, Ақылым тоқтап мақұлға» немесе «терең ой», «шалғыншы ой» т.б. сияқты сөз тіркестерін ақыл мен ой ұғымдарының байланысын ашуда пайдаланып отырады:
Қош бол,

Терең ойым,

Әлемді шарлаған

Қиын іске әдейі арнаған [53, 223 б.].


Әрбір іс-әрекетте ой мен ақылдың рөліне терең мән беріп «ой» ұғымын жоғары қояды. «Ой» ұғымының мәнін ашуда да жаңа тіркестерді қолдану арқылы философиялық пайымдар жасап, қазақ поэзиясының мазмұны мен түріне жаңалық енгізеді.

Абайдан бастау алған, жандүние сапасын арттыру,  бейнелі тіркестер арқылы адамның рухани әлемін бейнелеудегі жаңа үрдістер ақынның өмірлік ұстанымы адам түземек идеяларына негізделеді.

Мысалы, «нұр» – метафорасын қолдану арқылы қазақ өлеңінің көркемдік жүйесіне өрнек қосса, «Жар» – абстрактылы ұғымы да символ ретінде қолданылған.

Сопылық сарынның ақын танымына тигізген ықпалынан туған терең мазмұнды «жар», «нұр» сөздерінің көркемдік сипаты әсіресе  «Иманым» атты жинаққа енген өлеңдерінде кеңінен қолданылып, ақынның суреткерлік талантын танытатын қасиетке айналды.

«Ақ жүрек», «ақ ниет», «ар-ұждан», «таза ақыл», «шатақ дін», таза дін, т.б. тіркестер мазмұнға сай бейнелі түрде қолданылады. «Айнымайтын ақ жүрек» оралымында «ақ жүрек» сөзінен, белгілі бір тас түйін бұлжымайтын ұғым жасап, қазақ сөз өнерімен дүниетанымына тұжырым мен ғибратты сөз енгізді.

«Шын таза жан» ақын поэзиясында адам болмысын бейнелеудегі тыңнан әкелген лирикалық кейіпкері деуге болады. Себебі,  «Шын таза жан» – жаратушының махаббатына бөленген жан. Осы кейіпкердің сапасын танытуда ақын Қасиетті құрандағы ілімге жүгінген. Өйткені, ақынның сомдаған «Шын таза жан» бейнесі – «таза ақыл» мен «ақ жүрек», «ақ ниет» тәңірісіне құлшылық қылатын рухани таза адам.

Ақын «Көз» сөзінде түрлендіріп  «көңіл көзі», «іш көзі», «кеудесінде болса көз», «жан көретін көз керек», «көкірек көзің», «қайғырған біздің көңілден», т.б. тіркестер арқылы жаңа эпитет, теңеу, метафораларды қалыптастырған.

Халықтық жыр-толғаулардағы қасиеттерді Шәкәрім ақын «Ескі ақындық» атты өлеңінде әсем өрнекпен бедерлеп,  бүкіл жыраулар поэзиясының болмысын ашады. Жыраулық поэзия табиғатына тән қыранның ұшқаны, ақ бөкеннің желісі, тұлпардың жүрісін, сағымдай желдің құбылуын жыраулар дәстүрінен үзілмеген алтын арқауды дәлелдейді:


Ойлай келсек, ескі жыр,

Салады тұлпар жүрісін,

Міне, байқа мұнысын.

Кейде жорға, кейде жел,

Бұлдыр қағып асар бел [53, 141 б.].
Шәкәрім өлеңдері сапалы қасиеттерге басымдық беріп жағымсыз қылықты қалай жоюдың жолдарын көрсетеді. Ақын үшін руханилық сапаны арттырудың бірден бір жолы – өзін-өзі  тануы. Ізгілікке кедергі  болатын ішкі дүниедегі нашар белгілерді жоюдың жолдарын да ақын поэтикалық өрнекпен көркемдеген. Ол адамның салдыр-салақтығы, жалқаулық, ашу сияқты психологиялық күйлердің адами қасиеттерді тұмшалайтын жағымсыздығын ашады.
Еріншектіктен – салақтық,

Салақтықтан – надандық...

Бірінен-бірі туады,

Жоғалар сүйтіп адамдық [53, 102 б.].


Адамның өзін-өзі жеңіп тәннің емес, жанның тілегін орындауын көксеген ақын осындай баяндаулар арқылы поэтикалық айшықты да әсерлі образдарын туындатады.

Сондай-ақ ақын сөздің мәні мен маңызына айрықша мән беріп, жоғары талап қоя білген. Ақын ұғымында сөз құдіретті, ерекше – бір әлем. Сөз адам өмірін айшықтайтын әрі адам танымын танытатын дүние. Әрбір өлеңінде сөзге байыппен қараған суреткер сөз астарының небір мән-мағыналарын ашып немесе ауыспалы мәндегі түсінік танымды ұштайтын қолданыстарды орнымен де пайдаланған.


Шошыма, достым, сөзімнен,

Сөз – Құдайдан шыққан бу.

Ұқпасаң, көр өзіңнен,

Жұтқызайын нұрлы су [52,  286 б.].


Шәкәрімнің сөз құдіретіне қояр талабы Абайдың «тілге жеңіл, жүрекке жылы тиер» талабын тереңдете түседі.
Тәтті сөз бен түзу ой –

Тағдыр сыйы емес пе?

Әуре қылма, жаным, қой,

Мені күндеп егеспе! [52,  123 б.].


Он бір буынды дәстүрлі қара өлең үлгісімен жазылған өлеңнің түрі жағынан жаңалығы болмағанмен ақынның көтеріп отырған мәселесі, ұстанымы мен мақсаты терең де мәнді. Ол өлең өлшеміне қояр талабын былайша өрнектейді:
Қауымның қалауына тап келгендей,

Болғанын, болашағын айт көргендей.

Керістен тартып жырды жебелі оқтай,

Дәл тигіз қалағанға қас мергендей [53, 139 б.].


Ақын өз талабында ақындық дүниенің қыр-сырына терең бойлауды міндеттейді, өзінің өмір жайындағы түсінігін, ұстанымын көкейтесті арман-мақсаттарын бір ауыз өлең шумағына сыйғызып, шеберлік танытады. Өлеңнің сөзі мен түрін, ырғағы мен бунағының қатар жымдасып келіп, тыңдаушысына жетуіне айрықша мән беретін ақын:
Үйіріліп көкейіне ұйып жатсын,

Тазартып жүрек кірін жуып жатсын.

Қаңсыған шөл даланы қанықтырып,

Жыр тасып, дариядай құйып жатсын, – деп түйіндейді  [53, 140 б.].

Осы шумақтың өзінен ақынның өлеңге, ақынға артар жүгінің салмақтылығы көрінеді.  Ахмет Байтұрсынов ұсынған өлеңнің түр – тұрпаты мен айшығы, көркемдік кестесі жөніндегі пікірлерін Шәкәрім ақын өз шығармаларында мұқият сақтап отырған. Өлең сөзінің қуаттылығы ақынның жүрегінен шығып, ары мен адамшылығын айқындап жататындықтан өміршеңдік сипат иеленген:
Арыңның болсын өлең айнасындай,

Көрікті, көптің ортақ пайдасындай.

Жосылып жатсын артта жортқан жолы,

Арынды асқақ өзеннің арнасындай [53, 140 б.], – дейді ақын.


Яғни Шәкәрім өлең өнерін өзі ғана биік деңгейге көтеріп қоймай, өлең жазуды көпшілік жүрегіне жету үшін өлең ұйқасы мен әдемі әуезділігі, ырғағы мен тақырыбы, іші мен сырты тең келетін көркем дүние жасау жауапкершілігін ақындарға жүктейді. Абай ұстанған «іші алтын, сырты күміс» өлең үйлесімін Шәкәрім де өзіндік өрнегімен тереңдеткен. Осылайша Шәкәрім ақын қазақ поэзиясында қалыптасқан дәстүрлі поэзияны жаңа мазмұн, соны түр жаңалығымен байытты.

«Шәкәрімнің ақындық әлемі» атты екінші бөлімде ақын поэтикасының рухани бастауларының мән-маңызы қарастырылады. Сонымен бірге бұл тарауда  мәтіндік тұрғыдан өзгешелігі бар «Қорқыттың сарыны» сынды өлеңдері де сөз болды [54, 224]. Қорқыт сарынындағы өмірдің мәні мен адамды сүюге құлшынысын арттыратын күші – саналы адамның жүрегіне қозғау салар күшімен ғұмырлы дүние екендігі де қарастырылды.

 Өмір мен өлім жайын толғау арқылы Қорқыт бабаның өмірді сүю философиясын Шәкәрім ақын кейінгіге үлгі етеді. «Мен өлсем, сарын жоғалар, Қимадым көміп тастарға» деп Қорқыт танымын өлең кестесіне салғанда да, ақын сопылық сипаттағы астарлы да, бейнелі сөз бен ұғымдарға бой ұрады [53, 225 б.]. Шәкәрім «Қорқыт сарынында» адамды рухани жоғары деңгейге көтеретін, рухани тазару, дұрыстық, хақиқат жолы деген үлкен ізгілік танымы жатыр Қорқыттың өмір сүру философиясын таяныш еткен ақын өмір мәнін кетірер залалды мінездерге қарсы көзқарасын осы сарынмен білдіреді:

Басайын қобыз пернесін!

Монтаны талай мұңдар бар.

Нәпсіге ерген сұмдар бар,

Адамды аңша аулатқан.

Алдамшы, арсыз жандар бар,

Ондайлар маған келмесін [52, 157].


Шәкәрімнің өмірлік көзқарастарының қалыптасуында Шығыс дүлдүлі Хафиз тағылымының да орны зор. Шәкәрімнің «Иманым» атты топтама өлендерінде сопылық сарын мен сопылық таным қазақи жүйеге сай жүйеленген:
Кел, аяқшы, қымыз кұй,

Көпке бер де, маған бер.

Махаббат салды ауыр күй,

Жан кысылып, ақты тер [52, 148 б.].


Осы өлеңнің соңында Шәкәрім Хожа Хафизден аударудың мәні бүгінгі қоғам қажеттілігінен туған рухани сұраныс екенін, арақты-қымыз деп т.б. сөздерді қазақ ұғымына сай алғанын жазады [52. 149 б.].  Осы үлгіде жазылған ақынның «Кел, аяқшы қымыз құй», «Кешегі басшы піріміз», «Қорқыт, Қожа Хафиз түсіме енді», «Көрініске шоқынған», «Мәжілісінде досыңның», т.б. «Қожа Хафиз сөзінен» деп берген топтама өлеңдері бар.         Шәкәрім Хафиз өлеңдерін зерделей отырып Шығыс шайырының дүниетанымдық ой тереңдігін, хақты сүю, адамшылық, махаббат, дүние, ғалам жайлы ойлар желісінен өзіне жақындық, оның ішінде рухани үндестік табады. Өйткені Хафиз ғазалдарында Хаққа деген махаббатты, дүние жалған, адам жан дүниесінің күрделілігі, тазалық жолы, өмір, өлім, жан тазалығын жырлайды.

Дегенмен ақын сопылық қалыпта емес, қазақи өлеңге, қазақи ұғымға сай, ұлттық поэзия тудырып оқырманына ұсынған. Сопылық поэзияның бай мазмұны мен түрі қазақ ақындарының жақсы мен жаманды сынау, ізгілікті насихаттау, адам өмірінің мәнділігі, өмір мен өлім жайында, алланың құдыреттілігін баяндаудағы шығыстық әдеби тәсілдер мен амалдарды көркемдік құрал ретінде пайдаланған. Осылайша ақын қазақ поэзиясын мазмұн мен түр жағынан, танымдық, тәлімдік жағынан сапасын арттырған. Сопылық танымның қыр-сырын терең білген Шәкәрім де қазақ поэзиясының кеңістігін кеңейтіп «Иманым» атты  жинағында астарлы сөз тіркестерін қолдану арқылы жаңа мағыналық айшықпен ажар қосқан. Ол осындағы өлендердің әр шумағы мен тармағындағы тың теңеулер мен метафора,  символдарды ұлттық тілдің лексикалық байлығымен, шығыс әдебиетінің классикалық тәжірибесімен ұштастырып, қазақи ұлттық дүниетаным аясын ұлғайтқандығымен сипатталады.


Жар сипатын білсеңіз де,

Нәпсің өлмей, деме Жар.

 «Сен – Жарым» деп алдаған еп,

Тиеді оқ боп кеудеңе  [52, 231-232 б.].


Қазақ ақындары Құран іліміндегі тамаша қағидаларды, қазақ қауымына өлеңмен жеткізе білген. Олар өз шығармашылықтарында ізгілікті, адамгершілікті, әділетті, махаббатты бейнелеуде әуезді, бейнелі өрнектерді де орны-орнымен пайдалана алды. Әсіресе, Шәкәрім ақынның келер ұрпаққа мұра етіп қалдырған дүниелерінің денінде сопылық шығыс әдебиетінің терең де бейнелі тұстары бар.

Шәкәрім – өлеңге аса құрметпен қарағандығы тіршілік, қоғам, адам, өлең, өнер және кәсіп, еңбек жайындағы өлең нақыштарын «қиыннан қиыстырып», ерекше өрнек салуынан және ырғағына күшті тегеурін мен бай мазмұн енгізгенінен көруге болады.

Шәкәрімнің поэма жанрындағы шығармалары «Еңлік – Кебек» «Әңгіме алдында аз сөз», «Нартайлақ пен Айсұлу» поэмасы «Әңгіменің сыры», «Дубровский» «Сөз алдынан» деген сөз басымен басталады. Бұларға ортақ жай – аталған поэмалардың сөз басы философиялық толғаммен басталып, онда ақынның адам, өмір, қоғам жайындағы дүниетанымдық толғамдары көрініс тапқан. Эпикалық туындылары осылайша бастау – ақын қаламына тән ерекшелік.

Абайдан кейінгі Пушкин шығармаларының қазақ тіліндегі көркем аудармасын жасауда Шәкәрім шоқтығы биік. Ақын Пушкиннің «Дубровский» мен «Метель» әңгімесін 1908-1912 жылдарда өлеңмен  еркін аударғанда әрбір сөзінің мәніне терең үңіліп айрықша мән берген. Оның түпкі идеясына, ақындық иіріміне терең сезімталдықпен қарап жалпы адамзаттық мәселелерді қозғайтын ойларымен өз жандүниесі де үйлесім тапқан.

«Сөз алдында» адам баласының ежелгі дәуірінен бастап, бүгінге дейінгі кезеңіне шолу жасалып, жер жүзінде болған неше түрлі алапат оқиғалар мен адам баласының бойындағы жат мінездер тілге тиек болады. Бұлардың бәрін тізіп отырғандағы міндетін ақын:
Мақсұтым: ғибрат үшін айта кетпек,

Адамға үлкен міндет – талап етпек.

Орыс айтты, оны ұғып болмас демей,

Жаһат қылса, әр іске адам жетпек, – деп түсіндіреді.


Ақын бұл шығарманы жазуының мақсатын ашып, бірақ мұны қазақтың бәрінің бірдей қабылдай алмайтындығын да ескертеді [53, 412 б.]. Еркін аударма арқылы да ақын өзінің көркемдік-эстетикалық шеберлігін ұлттық дүние танымымызға түсінікті баламалар мен әдіс-тәсілдер сипатындағы жаңаша сөз қолданыстарымен толықтырды. Сөз басының әрбір жолы пәлсапаға құрылып, ақынның өмір, дүние жайындағы  танымдық көзқарасын айқындайды. Поэманың негізгі мазмұнын да осы жүйемен бастайды:
Жер айналмай тұрмайды дүние жай,

Келер, кетер адамзат із қалдырмай.

Сол өткен көп заманның бір кезінде,

Болыпты Троекуров деген бір бай [53, 412 б.].


Осындағы «келер, кетер» сынды бір-біріне қарама-қарсы кереғар ұғымдарды қатар салыстыра қолдану – Шәкәрімнің поэзиясында жиі кездесетін көркемдік тәсіл. Осылайша ақын шағын лирикалық өлеңдеріндегі терең ойлы пәлсапаларын өлең  өрнегі арқылы жеткізе білу шеберлігін дастандарында одан әрі жетілдіре түседі. Ол – дастан сюжетін шебер құрудың озық үлгісін көрсеткен көркем сөз шебері.
Ақылсыз мал мен мансап кім екенін,

Сырты – адам, іші – шошқа, сұм екенін,

Алла сүймек, ар сүймек, адам сүймек,

Ұқтырар адамдықтың шын екенін [53, 412 б.].


– деген шумақтардан ақын қаламына тән көркемдік шеберліктерді санамалап көрсетуге болады. Осындағы «ақылсыз мал», «сырты – адам», «іші – шошқа» сынды бейнелі образдар ақынның «арлы адам», «толық адам» деген ұстанымдарына қарама-қарсы бейнелер. Шумақтың соңғы екі жолында ақыннның бүкіл шығармасына арқау еткен «арлы адам», «иманды адам» образын суреттеген дүниетанымы айқын көрінеді. Шәкәрім түпнұсқадан алшақ кетпей, ұлттық сипатқа, ұлттық ұғымға сай еркін аударған. Сонымен қоса ақын  мұрасын өз жүрегінен, өз талғамынан өткізе білген. Ол Пушкин туындысын қазақ поэзиясына тән, шынайы да, шыншыл түрде, төл туынды ретінде сөйлетті.

Ақын шығарманы сөзбе сөз емес, негізгі ойды тұтастай сақтай отырып еркін аударған. Шәкәрім Пушкин шығармашылығының идеяларына ғана емес, оның әділетсіздік, надандық пен зұлымдық, сонымен қатар, адамгершілік, әділет, махаббат, ар сияқты адам жан дүниесіне терең үңілуіне қызыққан.

  

Дубровский мал сүймей, адам сүйгіш



Қиянат, залымдықты көрсе күйгіш.

«Мал сақтама, ар сақта» деп ойлайды.

Адамдық әділетті ерте түйгіш – дейтін жолдары [53, 413 б.]
«Малым жанымның садақасы, Жаным арымның садақасы» деген халық даналығын ұстана отырып, тәржіманы ұлттық дүниетанымға негіздеген. Яғни, Шәкәрімнің Пушкин шығармашылығын тәржімалауда бейнелі де әдемі қазақи нақышпен еркін де, жатық туынды жасауы қазақ поэзиясын тақырыптық, мазмұндық жағынан да жаңаша бір белеске көтерді.

Ақын монолог, диалог, кейіпкер сөзі, авторлық баяндау сынды көркемдік компоненттерді дастанда негізгі кейіпкерлер бейнесін ашуда шебер қолдана білген.

Надандау Троекуров ғылымға олақ,

Сүйтсе-дағы қадірі елге мол-ақ,

«Сүйек қайда көп болса, ит сонда», – деп,

Үйінен үзілмейді мың-сан қонақ [53, 414 б.],

– деген авторлық баяндаудың өзі-ақ оның кім екендігінен мол хабар береді.

Абай мен Шәкәрімнің аудармалары жөнінде А.Исмакова: «Иное предпочтение обнаруживается в казахских переводах. Не случайно обращение Абая к переводу реалистического романа А.С.Пушкина «Евгений Онегин», Ш.Кудайбердиева к «Дубровскому» рассказам Л.Н.Толстого. При этом мы знаем также, что сюжеты романов Дюма еще во времена детства Абая рассказывались степными «әңгімеші», как необыкновенные «әңгіме» о дальних странах. Этих имен достаточно, чтобы понять и определить другой настрой казахской литературы», – деп ой тұжырымдайды [50, 134 б.].

Ол ұстазы Абай салған сара жолды дамытып, өрісін кеңейткен, шәкірттік ізетінен еш уақытта жаңылмаған. Ақынның «Жастарға» деген өлеңінде Абай тағылымына деген адалдығы айқын аңғарылады. Мұнда Абайдың рухани тұлғасы сомдалып, оның биік болашағымен даналығы жастарға үлгі етіледі. Шәкәрім поэзиясында Абай бейнесі – үнемі даналықтың, ізгіліктің, адамшылықтың үлгісі:
Мынау Абай – бір ғалым жол шығарлық,

Замандасы болмады сөзді ұғарлық.

Амалы жоқ, айналды енді бізге,

Күн туды етегіне жабысарлық [53, 33 б.].

-деген жолдарда Абай халықтың рухани әлемін түзетуші, ой-санасына білім, ғылым, ақыл, әділдікті мұрат етуші ретінде танылады. Шәкәрім ақын Абай тұлғасын болашақ ұрпақ санасына жеткізуде оның  ұстанған мақсатын, шығармашылық бағытын, рухын терең түсіне отырып оны көркем бейнелей білген.

Абай шығармаларының өзегіндегі адам тәрбиесі, Алланы сүю, халықтық тәрбие болашағы, ел бостандығы, рухани дамуға қол жеткізу мәселелерін де Шәкәрім ақын өзінше өрбітеді:


Ақыл жоқ бұл қазақта ойға ұнарлық,

Өзін-өзі тексеріп, бой сынарлық.

Білім іздеп білуге кесел болар,

Көрсеқызар, көзі ашық бос құмарлық [52, 33 б.].


Адам бойындағы имандылық қасиеттердің туындауын адамгершілік ақыл-ой, білім, еңбек бәрі де ізгілікке ден қойған жастар бойынан табылса деген пайымдау да – Абай үлгісі. Екі ақын да адам бойындағы жағымсыз мінездерді жоюдың жолы ретінде білімді, ақылды, еңбекті бірінші кезекке қояды. Көрсеқызарлық, арамдық, залымдық, өтірік, өсек, надандық – адамның ізгі  қасиетін тежейтін залалды іс. Бұл тек қана жекенің іс-әрекеті ғана емес,  халық бойынан аулақ, сылып тастайтын зиянкес екендігін баса айтады. Ендеше, осылардан арылтатын құралдың бірі – Абайдың рухани дүниесі, Абайдың ізгілік жолымен жүріп, тағлымын тану дейді Шәкәрім. Ақыл, жүрек, ақжүрек, ой ұғымдарының дәріптелуі – Абай көркемдеп, келістіре жырлаған үрдістің заңды жалғасы. Шәкәрім шығармаларындағы философиялық көзқарас, дүниетаным мәселесінде Алла, жан, өлім, өмір, адамгершілік туралы ойлары да Абай дәстүрінің ықпалы екеніне дау жоқ. Абай көркемдеген «толық адам» бейнесi – алланы сүйген, адамзатты сүйген, әдiлеттi ту еткен махаббат иесі ретінде сомдалған. Алайда «толық, түзу адам» дәрежесiне әулие, хакiмдер, пайғамбарлар ғана жеткен десек те адам баласына Аллаға құлшылық ету, iшкi дүниесін жетілдіру, қанағат, рахым, мейiрiм, ынсаб қасиеттерін ұстану – адами қағидалардың негізі.  Сондықтан да ақын «Ақыл, қайрат, жүректi бiрдей ұста, Сонда толық боласың елден бөлек» – деп тұжырымдайды.

Шәкәрім өлеңдері ащы шындық пен оптимистік үнге толы. Ақыл-ой, сезім деңгейі ерекшеленіп, дербестік дәрежеге жеткен, дараланған тұлға бейнесін, ісләмдік діни пәлсапа мен қоса ғылыми тұжырымдар, абстракциялық ойлау мен логикалық жүйені біріктірген, рухани таза жанды дәріптеген:

Айнымайтын ақ жүрек пен

Таза ақылды адамның,

Таппасы жоқ бұл өмірде.

Осынымды ұқ, балам! [52, 270 б.] 

       

Екі ғұлама көзқарастарындағы ортақ желі – өлім мен өмір жайлы тәлім. Адам мен болмысты Жаратушы бір құдай, діндер қанша көп болса да, адамзат әртүрлі болса да, барлық шындықтың бір себебі – Жаратушы. Жаратушы мейірімді және жомарт деген ойлардың сабақтастығы анық аңғарылады.

Ал Шәкәрім жан мен тән жайында сөз қозғағанда, жан мәселесіне айрықша мән береді. Абай ұғымында «ақыл мен жан – мен өзім», Шәкәрім болса «Ақылды жан, тән қамы үшін жұмсап жүр. Соған қызмет етеді» деген ұғым басым. Өмір жайындағы Абай толғаныстары мен ойларын Шәкәрім өзгеше сипатта суреттейд. «Ойлай берсең, у екен» – дейтін Абай тұжырымдары Шәкәрім толғамында:

Кейбіреулер жазады: «Қу өмір» – деп,

«Тұрағы жоқ алдамшы су өмір» – деп,

«Көрген қызық, қылған іс-бәрі де ұмыт,

Иә, көлеңке, яки түс, у өмір» - деп сипатталып, өмірді терең түсінуге, адам баласына мінді өз бойыннан іздеуге міндеттейді.

Қанша тілегіңе жетсең де, бақытқа кенеліп шаттансаң да ғұмыр қысқа барар жерің – біреу. Адамның жалған дүниеде мазмұнды өмір сүруінің маңыздылығын өмірдің қас-қағым сәттей өтінішті екендігі жайында ой қорытады:

Суынан да

Уынан да


Құтылармыз жоқ болып [53, 94 б.].
Осы мазмұны терең өлеңінде ақын ұғынықты оймен қоса, әдемі табиғат көрінісін бейнелейді. Бұнда негізгі ой адам өмірінің қысқалығы, алайда оны мағыналы өткізу маңызды екендігі айтылады.

Сондай-ақ Шәкәрімнің «жан» ұғымына тереңінен қарап, Абай қара сөздеріндегі үлгіні парасаттылықпен, байыппен пайымдап, зерделеуі «Жан мен Һәм көңіл», «Тәңір мен жан», «Тіршілік, жан туралы», «Мен адамның таппадым ақылдысын» т.б. өлеңдерінде ой айқын байқалса Шәкәрімнің «Тіршілік жан туралы», «Дін», «Мақтау мен сөгіс», «Талап пен ақыл», «Өмір», т.б. өлеңдерінде Абай зерделеген шындықтарды жаңаша пайымдай білді. Халыққа ғибрат ұсынған данышпандардың екеуі де түзу тіршілік жасаудың жолы  білім, біліктілік пен адалдық, тазалық екендігін алға тартып, адам баласының бір-біріне мейірімді, қайырымды болуын тәңір алдындағы парызы деп есептейді. Қашаннан да қазақ халқының берекесін алып, құтын қашырып келе жатқан кемшіліктер – күншілдік, іштарлық, бақталастық жалқаулық екенін айтуда да ойлары үндеседі.  

Ақынның өмірлік қағидалары, жалпы өз өмірі жайында мағлұмат беретін «Мұтылғанның өмірі» атты шығармасының лирикалық кейіпкері – ақынның өзі. Мұнда ақынның өмірі, қоғамға, адамға деген көзқарастары мен ақынның поэзиядағы өзіне тән даралығы мен көркемдік әлем жүйесі ерекшеленген. Ақынның өз жүрегіне үңілуі, жандүниесі арқылы өзін таныту, сонымен қоса ақынның тұлғалық сипаты дараланады. Адамның жас ерекшеліктерін, ондағы адам өмірін, адам психологиясын зерделеп, зерттеп, сонымен қоса, ақынның тыныс-тіршілігі суреттеледі. Балалық кезең бес жас пен он бес жас аралығында күндіз-түні ойынға тоймаған, алып-ұшпа бала көңіл мен бозбала жасқа жеткенде кейіпкердің білім, ғылымның маңызына мән берген кезеңін көреміз. Одан әрі Мұтылған тағдыры қазақ халқының әлеуметтік тарихының ерекшеліктері және адам мен қоғам қатынасындағы маңызды мәселелері арқылы көркем өрнек тапқан. Мұнда кейіпкердің өмір мен танымын, ішкі рухани сілкінісін баяндау және терең психологиялық сараптама маңызды роль атқарып тұр. Шәкәрім авторлық баяндауды монолог түрінде құрған. Автор өз идеясын Мұтылғанның монологы арқылы шебер бейнелеген. Ақынның көркемдік талабы жоғары. Шеберлігі мен көркемдік талғамы ақынның Мұтылған образын жаңаша қырынан аша отырып, қазақ поэзиясына адамның ішкі әлемі мен қоғам, өмір, заманның тұтас картинасын енгізген.

Шәкәрім поэзиясының негізгі арқауы – адам болмысы. Ол адамды физиологиялық, психологиялық, этикалық, эстетикалық және философиялық әлеуметтік құбылыс ретінде үнемі зерттеген. Ақын адам болашағына, оның рухани ішкі әлеміне және қуатына сенеді.

Жаратушы, жан, табиғат, қоғам мәселелерін сөз еткенде ақын, ондағы адам орнын ізденіспен көрсетеді. Осы мәселеде ақын өзінің көп сұрақтарына жауапты таба біледі.

Тiршiлiк, адам, жан, жаратушы, ғалам жайлы ой толғаған Шәкәрiм ақынның шығармашылығы өзiнен кейiнгi қалған ұрпаққа бай қазына болып қала бермек.

Шәкәрiм – ақыл-ой, сезiм деңгейi ерекшеленiп, дербестiк дәрежеге жеткен, дараланған тұлғалық бейнесiмен, исламдық дiни пәлсапа мен қоса ғылыми тұжырымдар, абстракциялық ойлау мен логикалық жүйенi бiрiктiрген, рухани таза жан.

Абай толық адам болу үшiн керектi адами сабырлы ақыл, қажырлы қайрат, ыстық жүрек қажет дейді. Оның бiреуі кем болса, толық адам деп есептемейді. Ал Шәкәрiм  бұл тақырыпты өзiнше жаңа қырыннан көрсетуге ұмтылған:

«Мейiрiм», «Ынсап», «Әдiлет»,

«Шыдам», «Шыншыл», «Харакет»,

Түп қазығы: «Ақ ниет» –

Бұл жетеуiн ел қылу [52, 237 б.].


Абай талап, шыдам, қайрат, жұрек, ақыл сияқты адами сапалардың қатар болуын, адам бойынан бiрдей көрiнуiн қаласа, Шәкәрiмде, бұлармен қатар мейiрiм, ынсап, әдiлет, ақ ниет сияқты сапалық қасиеттердi уағыздау басым. Адами қасиеттердiң түп қазығын ол адалдық пен ақ ниетке келiп тiрейдi.

Адамның жан тазалығы, руханилығы оның болмыс кейпiнiң тартымдылығына әкелетiндiгiн дәлелдейдi Шәкәрiм. Ал шын әдiлет, шын махаббат адамға жаратушыны сүю арқылы, халықты сүю арқылы келедi, – дейдi ақын.

 «Ақ жүрек» ұғымы да Шәкәрiм өлеңдерiнде терең ойларды, идеяларды синтездеген ұғым. Бұл ұғым ақынның көптеген өлеңдерiнде кездеседi. Ақ жүректi адам тек әдiлет пен шындықты қалайтын адам. Ақ жүректi адам ешкiмдi алдамайды, өтiрiк айтпайды, сатқындық жасамайды. Әдiлеттiң ақ жолынан ауытқымайды. Адамзатты жақсылық пен өркениетке тек ақ жүректi адамдар ғана жетелейдi деп есептейдi ақын.

«Арлы ақыл» – жақсылық пен әдiлет жолына қызмет ететiн ақыл. Шын ақыл жаманшылықтан аулақ болады. Арлы ақылы бар азамат өмiрiнiң мәнiн елiне, жерiне қызмет ету деп бiледi. Арлы ақыл бiлiмдi, iскерлiктi, өнердi жасампаздық пен игiлiк жолына бағыттайды. Арлы ақыл иесi халқының бүгiнi мен келешегi үшiн қызмет етушi азамат деп бiледi.

Адал еңбек, ақ жүрек, арлы ақыл бар жерде адам нәпсiсiне ие болады, әдiлетсiздiкке, арамдыққа, өтiрiкке, алдауға тосқауыл қояды. Осы үш құндылық арқылы адам түзу жолға түседi. Адам жөнделсе - қоғам мен өмiр жөнделедi, жаратушыны шын сүю басталады деп тұжырымдайды. Мына бiр өлеңiнде ақын:

Ескiден қалған сөз терiп,

Өз ойымнан өң берiп,

Үйретудi жөн көрiп,

Түзетпек едiм адамды [52, 105 б.]
деп өзiнiң iзгiлiктi мақсатын ашып айтады.
Айла күш – айуандықтың ең жаманы,

Боқты боқпен жуғанмен ел түзелмес

Ар түзейтiн бiр ғылым табылмаса,

Зұлымдықты жалғанда әдiл жеңбес [52, 86 б.].


Мұнда ақын адамның бойында әдiлет, мейiрiм, ынсап, ақ жүрек, таза ақыл болмайынша, зұлымдық, әдiлетсiздiктер, соғыстар, зиянды қару-жарақтар, мейiрімсiздiктер, озбырлықтың жойылмайтынын дәлелдеп көрсетедi.

Шәкәрiм адам өмiрiн түзетерлiк әдiлет, ынсап, мейiрiм сияқты қасиеттердiң маңыздылығы қиянатқа жол бермейтiн бiрден-бiр құрал деп есептейдi. Сонымен қоса, iшкi дүниенiң мазмұндылығын адамды нәпсi сияқты тән құмарлығын тиюға одан бойды алшақ ұстауға тиiмдi жолдың бiрi деп, мына өлеңiнде былай дейдi:


Адамның сыртқы дене жаралысы,

Нәпсiсi айуанмен анық теңдес,

Бөлектігi – жалғыз-ақ таза ақылда,

Әлiң келсе, жол тап та осыны емдес! [52, 86 б.].

Шәкәрiм ақыл ұғымына терең мән бере отырып, таза ақыл ұғымын ұсынады.

Ақын «көз» ұғымын да жандандырып, бейнелі образ жасайды: «Бас көзiмен қарасаң, нәпсi – жалған, Анық ақыл көзiмен қарағанда, Өзiн берер қалыңға ол қызды алған [52, 50 б.] – дейдi.

Сондай-ақ ақын әдеттегі «ынсап», «нәпсі» ұғымдарына да жаңаша мән-мағына үстейді: «Нәпсi үйiнде байлаулы Ынсап жатыр, Мұның емiн, тегiнде, сол аша алған [52, 50 б.]. Яғни нәпсiнi тұсаулайтын – «ынсап». Өзiнiң iшкi жаман әрекеттерiне тосқауыл қоя алмаған адам нәпсiсiне де тосқауыл қоя алмайды. Ынсап, ұят, ар, сабыр, мейiрiм, талап сияқты тағылымды қасиеттердi дамыту арқылы нәпсiге тежеу салады.  Ақынның дерексіз заттарға жан бітіріп кейіптеуі – оның негізгі көркемдік жетістіктерінің бірі.

Шәкәрімнің алдына қойған үлкен мақсатының бірі – «түзу адам» мәселесі. Мұны ашудың оңай емес екенін ақын жақсы түсінген. Сондықтан ақын ең бірінші өзіне үлкен талап қояды, онысы білімін арттыру, көп іздену, еңбектену. Поэзиясындағы «түзу адам», «шын таза жан», «жақсы адам» ұғымдарының мәнін ашып, оларға үнемі баға беріп отырады. Осы ұғымдарды ашу ақынға оңай түспеді. Өлең сөзіне айрықша мән берген ақын, шығыс шайырларының өлең үлгісіне, қазақтың төл поэзиясына, орыс поэзиясының озық үлгісіне ден қойып, оны поэзиясында орнымен пайдалана білді. «Жақсы адам», «таза жан», «түзу адам» образдарын жасауда небір әдемі сөз қолданыстарын пайдаланады. Мысалы: «Шын таза жан», «таза ақыл», «таза ой», «шын сыр» сынды тіркестер бар.

Ақын поэзиясындағы сұлу да, әсерлі қолданыстар, логикалық дәлдік пен ойлау, тұжырым жасауда ақындық болмыс пен дүниетаным ерекшелігі көрінеді. Өлең өнерінің сыр, сымбатын, айшығы мен мазмұнын бірлікте ұстап көркемдеуде ақынның «сырлы сөзім сырды ашты» деген ойлы да, әуезді де, мазмұнды оралымы ақынның поэтикасының ерекшелігін танытатын дүниелер. Осы тараптан ақынның поэма жанрында да қазақ әдебиетіне, поэзиясына қомақты туындылар әкелгені сөзсіз. Оның «Еңлік-Кебек» поэмасы мазмұн мен түр жағынан, жанрлық деңгейімен сюжеті қызық, тақырыбы мен идеясы зор туынды.

Шәкәрімнің қазақ ұғымына жатық бай тілмен берілген әдемі сөз қолданыстарымен ойлы образдар мен сезімге толы өлең өрісінің бір ерекшелігі поэманың соңында тақырыпты қорытындылап, өз ойын айтып отырады. Мәселен:


Жігіттер, ендігі сөз  – менің сөзім,

Мәжнүннен аз-ақ кейін көрген күнім.

Мен ондай қызға ғашық болмасам да,

Ғарыппың дерті қалың, шын осыным [52, 396 б.].


Осындағы «ғарыппын» деген сөз әдетте сопылық поэзияға тән сөз саптау. Иассауидің «Диуани хикметінде» жиі қолданылады. Аллаға ғашықтық, «дидар көруге» ұмтылыс, міне, осы кезеңдегі терең толғанысты көрсететін сопылық поэзияның бейнелі де, астарлы сөздерін ақын орынды пайдалана білген. Осылайша «ғарыппын», «дерттімін» сөздерін ақын өзінің халқына деген махаббатын бейнелеуде өте орынды қолданған.

Мұнда Мәжнүннің бейнесін беруде әділеттілік пен мейірімділік, тазалық ұғымдары арқылы идеалды, кіршіксіз таза жан бейнесін жасайды. Мәжнүн бейнесі – ақын поэзиясының, шығармашылығының өн бойында көтерілген «таза жан» ұғымының толымды толық образға айналған үлгісі. «Шын таза жан тазалықпен, Тәңірісіне бармақ ол» деген жолдар – ақынның шағын лирикаларындағы ойдың заңды жалғасы. Ақын негізгі кейіпкерлер арқылы өмір, дүние, болмыс, жан, махаббат, жаратушы жөніндегі дүниетанымын өзінің өмірлік мақсат мүдделерін айқындап көрсетеді.

Шәкәрімнің поэмалары – қазақ поэзиясында орны бөлек, ерекше туындылар. Оның қаламынан туған «Қалқаман-Мамыр», «Еңлік-Кебек», «Нартайлақ пен Айсұлу» поэмаларының өзіне дейінгі дастандардан өзгешелігі – мәселені фольклорлық не таза романтикалық түрде шешпей, жазба әдебиетке тән күрделі проблемаларды қоюымен қатар, оларды тарихи-әлеуметтік, әдеби-эстетикалық талаптарға сәйкес  шешуінде. «Қалқаман-Мамыр» мен «Еңлік-Кебек» – қазақ әдебиеті тарихында бұрын болып көрмеген құбылыс, жаңа әдеби дәуірді туғызған шығармалар. Бұл поэмалар дәстүрлі махаббат тақырыбына арналғанымен, тақырып пен сюжетті меңгеруі жөнінде өзіндік дүниетанымын, қазақ қоғамына тән реалистік бағытын байқатты» [34, 11 б.].

Мысалы «Еңлік – Кебек» поэмасында жеке адамның жалпының шешіміне қарсылығы өлімге әкеліп тірейді. Өлім көпшілік қауым қолымен жасалады. Ақынның таза ойшылдық философиялық көзқарасы, тұжырымы поэманың прологы іспеттес. Осы шығармада дерексіз «ақыл» сөзін ақын деректі затқа балай отырып, бейнелі образ жасайды. Осындай бейнелі образдар мен айшықтауларды әрбір өлең жолынан келтіруге болады. Мұндай көркемдік компоненттерді орынды қолдану – шығарманың көркемдік сапасын арттыра түскен. «Ақылдың» адам өміріндегі маңыздылығын, мәнін айқындау үшін Шәкәрімде «таза ақыл» деген тіркес жиі қолданылады.

Шәкәрім дастандарындағы пролог пен эпилогтың атқарар міндетіне ақын мұрасын зерттеушілер де жетькілікті дәрежеде мән берген болатын. Поэмадағы «бал аштыру» эпизоды Кебектің тағдырына тікелей қатысты. Болашақ жайында болжау жасау, болатын оқиғаны алдын-ала біліп отыру тәсілі де ауыз әдебиетінен келе жатқан көркемдік әдіс. Ақын осы тәсілді дастанда ұтымды пайдаланған.

Р.Нұрғалиевтің: «Қазақ дастанында «Еңлік-Кебек», «Қалқаман-Мамырдан» кейін диалогты кең пайдалану дәстүрі қалыптаса бастады», [41, 240 б.] – деп тұжырымдағанындай поэмада диалогтың орны ерекше. Екі кейіпкердің диалогы қазақ өмірі мен дәстүр, ғұрпын, екеуінің ішкі әлемін айқындауда маңызды орын алып тұр. Сонымен қоса, кейіпкерлер диалогында небір бейнелі оралымдар автордың танымы мен көркемдік шеберлігін танытады.

«Өнімсіз іс болмайды өмірге сеп», «Жақсы әйел жаман ерді түзетпей ме?», «Әрекетсіз отырмақ дұрыс болса», «Аз күндік арам жүріс аужал емес», «Тең көрмесең телміртіп тентіретпе», «Келер істі жалғыз-ақ алла білер», «Бұлт шықпай жауа ма құры желге», «Ындыңмен ұнатсаң, бер қолыңды», «Ақыл салып бармағын сау қылуға» т.б. деген оралымдар қыз бен жігіт диалогында көптеп кездеседі. Диалог-кейіпкерлердің адамгершілік пен адалдық, әділет махаббат жолындағы қиыншылықтарын, адами, имандылық жөніндегі ойларын автордың танымдық деңгейін танытуда зор қызмет атқарып тұр.

Адамның ішкі психологизмін көркем бейнелеуде дилогқа құрылған кейіпкерлер сұхбаты, мұңы, олардың ішкі әлемі, қоршаған орта әсері поэманың көркемдігін аша түседі. Ақын адам жан-дүниесінің қалтарыстарын, қат-қабат адам мінездерінің қайшылықты сәттерін, қоғам мен заман шындығын бірлестіріп, сан алуан түрлі салыстырулар мен пайымдаулар арқылы шындық картинасын түзеді.  Негізгі оқиғаны бастамас бұрын оған дейінгі уақытқа шегініс жасау – ақын қаламына тән негізгі көркемдік ерекшеліктің бірі. Осы тәсіл арқылы Нартайлақ пен Айсұлудың арғы аталары арқылы толық қанды мағлұмат береді. Алда болатын оқиғаның бір сырын айта отырып, оқушысын соның сырын білуге ынтықтыру көркем шығарманың негізгі жетістігі болса, автор осы тәсілді ұтымды пайдалана білген. Ақын:


Мен бардым сол Ақтасқа түлкі қағып,

Үңгірде өткенді ойлап тұрдым бағып.

Тастағы қырау еріп күн нұрымен,

Тастан да, көзімнен де жас кетті ағып [52, 312 б.].

– дей отырып, оқиғаның  күрделі де трагедиялы екендігін алдын-ала байқатады.

Дастанның көркемдік кестесін толықтыра түсетін әдістің бірі – кейіпкер сөзі мен автор сөзін орын-орнымен пайдалану. Ақын негізгі оқиға желісін  автор сөзімен толықтырып отырады.

 Нартайлақ – үлкен махаббат иесі. Автор оның бойындағы сүйген жарға деген адал сезімін, бойындағы адамгершілік қасиеттерін  жастарға үлгі етеді. Кейіпкер сөзі мен диалогтың дастандағы көркемдік қызметі кейіпкер жан-дүниесін аша түседі. Оған Барғана мен Күнсұлу арасындағы диалог мысал бола алады.

Сондай-ақ кейіпкерлер мінезін ашуда, қазақтың тұрмысын, мал шаруашылығымен айналысқан тіршіліктен аз-маз белгілер, салт-дәстүрлерді аңғартатын сөздер, бейнелі оралымдар эпитет, теңеу,  метафоралар жиі ұшырайды.

Дастандағы кейіпкер сөзінен авторлық ұстаным айқын танылады. Ақынның кейіпкері  – құран негізін білетін, имандылығы күшті, түсінік-танымы терең адам. Өлім аузында жатқан Мамыр бойындағы сабырлылық, өлімді заңдылық деп қабылдау, артында қалған Қалқаманға өмір тілеу, Көкенайға барар жерінің бір екенін ескерту, иманын үйіру – оның бейнесін толықтырар сурет. Дастандағы шымыр құрылған диалог пен кейіпкер сөзінен заман келбетін, адамдардың ішкі жан дүниесіндегі әртүрлі сезім күйлерін (психологизмін), оқиғаның шиеліскен тартысын айқындауға болады.

Осындағы «Аз ақыл» тіркесі адамның ішкі сапасының дұрыстығы мен кері жақтарын ашып, айқындап көрсетуде орынды қолданылады. «Ақыл» сөзінің өзін жақсы сапада және кері істерге бұратын бағытта да болатынын көрсетеді. Ақын мазмұнды бейнелі де, әсерлі тілмен ой мен тілдің үйлесімділігін сапалық дәрежеде береді. Әрбір шумақты образдылылық пен беріп, ұғымның мәнін, мазмұнын әсерлілікпен жеткізеді. Өлеңдердің әр шумағындағы сөз бен ойдың жымдасуын сөз сұлулығымен мазмұн тереңдігінен келісімділікті көреміз.

Дастандарындағы  эпилог та, пролог та негізгі оқиғаға қызмет жасайтындықтан, олардың екеуі де негізгі оқиғаны толықтара түседі. Мұндағы ақыл, тағдыр, нұр, тән, жан деген әрбір жеке ұғым терең мағыналы, мазмұнды кең шеберлі танымдық дүние әдемі поэтикалы бейнелі суретпен өлең өрнегін жасап тұр.

Яғни, ақын поэзиясының басты кейіпкері адамның ішкі жан дүниесінің құндылықтары әртүрлі образды түрге еніп, ақын поэтикасының көркемдік келбетінің ерекшелігін айқындайды да, әрбір ұғым, категория бір-бір образды поэтикалы күйге түседі. Мәселен: ақыл, жан, тән, нұр, зұлымдық, айла, тағдыр бейнелі образға еніп әрқайсысын жеке әрекетпен сипатқа ие болады.


Сөйтіп ақыл бере алмай адал көмек,

Зұлымдықпен адамды адам жемек.

Адал еңбек, ақ пейіл, мейірім жоқ –

Осы болар таза ақыл өлді демек.


Сондықтан адам – залым, әлемге жай

Ебін тапса, қоймайды ешкімді сау [52, 156 б.].


Әсіресе ақын поэзиясында адал еңбек, ақ пейіл, мейірім концепциясы осы өлеңінде шешімді роль атқарып тұрғаны анық.

Шәкәрімнің Меккеге  қажылық сапарынан кейінгі жазылған өлеңдерінде өзгеше бір сипат көрініс тапқан. Бұл әсіресе, «Иманым» атты жинағындағы өлеңдерінің сыры мен мазмұнынан, ақындық шеберлігінен танылады.

Сопылық ұғым, түсініктерді ой қорында қорытып ұлттық туынды ретінде тудырып, әдеби поэзиялық, поэтикалық өлең өрнегін салады.

Бұл тақырыпта ой-танымды ұштайтын терең мағыналы өлеңдері арқылы жаратушы, махаббат, имандылық, ізгілік, т.б. мәселелерін жырлайды.


Өмір сырын көздесең,

Жарға шоқын, жаннан без.

Сыр қаласын іздесең,

Сырлы сұлу тамнан без, [52, 229 б.]

деген терең мәнді өлеңдерінде астарлы да, бейнелі мағыналы ой мен сөздің сабақтастығы көрінеді.

Ол ізгілік жолындағы таза ниетті, жаратушысын сүйетін, мейірім мен тәубәшіл, қанағат иесі ретіндегі бейнесін ақын «шын таза жан» деген кейіпкері дәрежесінде береді. Ал енді зұлымдық пен айланы, нәпсі мен байлыққа құмартқан, өтірікші, күншіл адам кейіпіне «ақ жүрек пен таза ақыл», адал еңбектің иесін қарсы қояды.

Жалпы, «махаббат дертіне» шалдығу, «ғаріптік күй» кешу, санаға салмақ түсіріп, жүрегіне мұң мен зар шектіру жан әлеміңді байлап, матап өз кеңістігіне қарай үйіріп жететін ғаламат бір күшке тең құбылыс. Шәкәрім жырлаған Мәжнүн бейнесінде бұл фәниден рахат таба алмаған жұмбақ жан бейнесінде сомдалып, осы халге түсуіне себеп – Ләйліге ыстық ықылас пен құдіретті сезімнің әсерінен пендеуи тіршілік рахатын тәрк еткен, мәңгілік махаббат дертіне бөленген бақытты жан образы көрінеді.

Бұл тұрғыда Шәкәрімнің сопылық дүниетанымы, сопылық поэзияның өрнегі анық көрінеді. Қос ғашықтың ішкі дерттерінің күштілігі соншалық, олар нәпсілік құмарлықтан жан ләззатын жоғары қояды; қандайда пенделіктен ада, биік бір рухани тазалық қана олардың махаббат құштарлығын тояттатып, бақытқа кенелтеді. Адамгершілікті, руханилықты, сопылықты дәріптеуде Шәкәрім теңізден маржан сүзгендей небір астарлы сөздерді  тамаша пайдаланып, өз шеберлігін айқын таныта білген. Сондай-ақ, Шәкәрім ақын бұл қасиетті «іштегі от», «іштегі жалын», «іштегі дерт» сөздері арқылы да көрсете білген: «Іштегі ғашықтықтың қызуы өтіп, Ләйлінің бара жатыр үсті жанып». «Ләйлі-Мәжнүн» дастаны – он бір буынмен жазылған поэтикалық қолданыстар мен бейнелі оралымдарға бай туынды.

Өлең өрнегіндегі сұлу да, әсерлі қолданыстар, өлең өнерінің сыр, сымбатын, айшығы мен мазмұнын бірлікте ұстап көркемдеуде ақынның «Сырлы сөзім  сырды ашты» деген ойлы да, әуезді де мазмұнды оралымы ақынның поэтикалық ерекшелігін танытады. Әрбір жеке сөздердің мағыналық құрылымын кеңейте отырып, ақын жаңа сөз тіркестерімен жаңа ұғымдар жасайды. «Шын асық», «шын нұр», «таза ой», «таза жан», «тәтті тіл», «от жүрек», т.б. сөз тіркестерін жеке сөздер мағынасынан кең ұғымдар бейнелілік пен жаңа поэтикалық образдар жасайды.

Поэмалар сюжеті кейіпкерлердің ішкі психологиясына, жан бостандығы, махаббат, адалдық, әділеттілік іздеуге құрылған. Поэмаларында тұрмыстық, күйінің белгілері аз көрініс береді, тіптен жоққа тән. Адамдар қарым-қатынастары тұрмыстық деңгейде емес, кейіпкерлердің рухани дүниесін, еркіндігін ашуға бетбұрыс жасаған туындылар. Кейіпкерлер іс-әрекетінен адами ішкі қалыптың сапалы тұстарын айқындайды. Ақын қай тақырыпты алса да махаббат мәселесін алғы кезекке шығарып, махаббат мәнін ашуда Аллаға, адамға, елге, жалпы адамзатқа, жерге, елге, деген ақын жүрегінің ыстық ықыласы мен ізгілігін танытады.

Оның бірде-бір басты кейіпкері қоғам ағымының, қоршаған ортаның ықпалына кіріптар емес. Себебі, олар рухани жан дүниенің деңгейімен ғана іс-әрекетке баратын, өмірлік көзқарастары адам сүюге, жаратушыға деген ықыласқа ден қойған жандар. Өйткені ақынның дүниетанымымен көзқарастары, ақындық принциптері мен көркемдік әлемі суреткердің өзіндік даралық дүниесін аңғартады. Ақынның қолтаңбасы өзгеше.

Ақын бірде-бір кейіпкерінің сыртқы портретін ұзақ суреттемейді. Қысқа ғана суреттеп, келте қайырып отырады. Себебі, ақын кейіпкерлерінің ішкі жан дүниесіне терең мән береді. Ішкі дүниені суреттегенде ой дүниеге, ішкі танымға, оның небір қалтарыстары мен сырларына үңіледі. Ақынның шеберлік әлемінің небір ой образдар мен тәсілдерді әдемі қолдана білгеніне тәнті боласыз.

Шәкәрім поэмаларында кейіпкерлерінің рухани әлемін, оның жан күйзелісін, психологиясын, терең сезімдерін, қоғамдық құбылыстармен салыстырып көрсете білген. Адамның даму, жетілу, рухани әлемі, өзін-өзі тану деңгейінде ақын поэма сюжетінде жатық берген. Себебі, ақын адамның күрделі де, құбылмалы жан әлемінде махаббаттың, ізгіліктің рухани тазалықтың, қоғам, заман ауқымынан биіктігін дәлелдей көрсеткен.

Аң да, құс та, жел де, ай да, жұлдыз да Мәжнүн дертіне қосылып жабырқайды, мұңаяды. Мәжнүн ішіндегі дертінен өзі айрылғысы келмейді. Ол осы күйіп-жанған, зарланған, есі ауған күйінен, бейнетінен ләззат алып, бақытқа кенелді. Өзі бар ішкі болмысымен, бар жан-тәнімен осы күйді қалайды. «Жолдасым – бейнет болсын, жауым – рахат» деген Мәжнүн махаббат күйіндегі халінен, өзіне ғана аян жан ләззаты мен рахатынан жұбаныш табады. Сонымен, Мәжнүн бейнесінен жаратқанның махаббат сипатынан нәр алған, адамның ең бір сәби кезеңіндегі қалпын, жан тазалығын, пәктігін сақтаудың да белгісін көруге болады. Мұндағы «Ішкі от», «іштегі дерт» «іштегі жалын», «ішкі қайғы», т.б. тіркестер адамның ғашықтық кейпін суреттеуде кейіпкердің жан дүниесін, сезім күйін аша түскен.

Иассауидің Аллаға ғашық болудың жолдарын қиыншылығын, мехнатын суреттейтін «іштегі от,» «ғашық дерті», «ғашық оты» т.б. сияқты тіркестер де поэмада ғашықтық сезімнің мәнін ашуда ұлттық қолданыс табады. «Ғарыппін», «дерттімін» дейтін сопыларға тән бейнелі сөздің Ләйлі мен Мәжнүн монологында жиі қолданылса «ғаріп» сөзі бірде кейіпкер сөзі ретінде, енді бірде автор сөзі ретінде пайдаланып отырады. Бұл сөзді кімнің аузына салса да ақын сол кейіпкерлердің жай-күйін білдіріп отырады. Ғашықтардың «ғаріп» күйге түскенін жырлаған Шәкәрім ақын өзін де «ғарып» санайды. Дастанда адам сезімін жеткізуде табиғат көрінісі маңызды орын алады. Кейіпкерлердің ішкі иірімдерін көркем игерудің тетігі ретінде табиғатпен тілдестіру ерекше қызмет атқарып табиғатпен кейіпкерлердің жан толқыныстары арасында ерекше байланыс көрінеді.

Сондай-ақ ақын бір-біріне кереғар ұғымдарды параллел қолдануға шебер. Дос пен жау, жақсы мен жаман, ащы мен тұщы, қыс пен жаз, т.б. кереғар ұғымдарды бірін-бірі толықтыру үшін қатар пайдаланып отырады да  «Жақсы» сөзінің мәнін арттырады. Адамның ішкі сезімін суреттегенде адамшылық пен арлылық, ізгілік, махаббат, сабырлылықты, осыларға қайшы келетін нәпсі, құмарлық, ашу, еріншектік сияқты адами сапаны кері кетіретін ұғымдармен үнемі теке-тірестіріп, салыстырып, сақтандырып отырады. Бұл – ақын поэзиясына ғана тән өрнек пен нақыш.

Ақын поэзиясының көркемдік дәрежесін арттыратын адамның ішкі әлемі мен сыртқы дүниенің әдемілік, нәзіктік пен ізгілік, зұлымдық пен әділетсіздіктер қатар түзіліп, салыстырылып, осылардың толық картинасын ашу мақсатында ақын шеберлігі мен дүниетаным кеңістігі айқын көрініс береді. Оның шығармашылығы адам болмысының жаратушымен жарасымдылық табудың, табиғатпен үйлесімділік табудың көздерін көрсететін үлкен арнаның бірі екенін аңғарамыз. Ақын поэзиясы мен философиясы жаратушыны сүю арқылы адам мінін түзеуді үйретеді.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет