Адресатфакторын ескеру сөздің (речь) тілдік құрылымына енетін таңбаларды дұрыс, тиімді, діттеген мақсатқа орай таңдауға ықпал етеді. Когнитивтік санасында белгілі бір ой-пікір, сезім тілдік тұрғыдан объективтенгенге дейін адресант адресаттың әлеуметтік статусы, жас, жыныс ерекшелігі, таныс, бейтаныстығы т.б. жөнінде азды-көпті “байыптап” алады. Адресант-автордың бұл “байыптауы” коммуникацияның құрылымына кіреді. Адресат факторы, әсіресе сөйлеген (жазған) сөздің орындылығы деген коммуникативтік сапаны айқындап тұрады. Сөйлеген (жазған) сөздің тілдік құрылымы қаншалықты дұрыс, шеберлігі жағынан мінсіз болғанмен, адресат факторының ескерілмей қалуы сөздің коммуникативтік сапасын төмендетіп, тілдік қарым-қатынасқа кедергі келтіруі мүмкін.
Адресат факторының функционалдық стильдердің бәрінде бірдей еместігі байқалады. Әсіресе сөйлеу тілінде, ауызша сөзде адресат факторына мән берудің өзінше ерекшелігі бар, өйткені адресаттың әлеуметтік сипатына бетпе-бет сөзде ерекше мән беріледі; шаршысөзде, радио=,телехабарларда адресат факторына ерекше көңіл бөлуге тура келеді: адресат (көпшілік) айтылған сөзді ықыласпен тыңдап отыр ма, әлде сөзден жалыға бастады ма? Адресаттың сөзге деген ынта-зейіні, сөйлеушіге деген назары коммуникатордың үнемі бақылауында болып отыруға тиіс; көрермен, тыңдармандарды коммуникатор экран, қабылдағыш алдынан кетіп қалмай, қызыға тыңдау үшін сөзді диалогтендіру, интимдендіру сияқты тілдік тәсілдерді қолдануға мәжбүр болады.
Сондай-ақ іскери сөзде де адресат факторының өзіндік функциясы бар. Сөйлеуші адресаттың әлеуметтік рөліне қарай сөзді демократияландырып, я болмаса әкімшілдендіріп отырады немесе тепе-теңдікті (паритеттілікті) сақтайды.
Адресат факторы көркем әдебиет стилінде де ескеріледі. Қайсібір көркем сөз шеберлерінің шығармаларында автор арнайы тілдік тәсілдер арқылы оқырманмен сырласып отырғандай, оқырманның жанында отырғандай әсер қалдырады.
Ғылыми стильде адресат факторы “маман” – “маман” деген формулаға сай қолданылады, адресаттың білім деңгейлері шамалас болады, екеуіне де ортақ білім қоры болады.
Сөз актісінде екі сана – адресанттың және адресаттың санасы жұмыс істейді. Осы екі сананың мүмкіндігінше бір-біріне сәйкес келуі коммуникацияның сәтті болуына оң әсерін тигізеді [9, 136].
Сөз авторы өзінің санасында қорытылып, өңделген ақпаратты кодқа салады. Ал адресант кодқа салынған әртүрлі ақпаратты (мазмұндық, эмоционалдық, бағалауыштық т.б.) мүмкіндігінше дұрыс ашуға тырысады. Автордың когнитивтік санасында өңделген ақпарат пен адресаттың санасында қабылданған ақпарат мүмкіндігінше алшақ болмауға тиіс. Ол үшін автор мен адресаттың білім қорында біршама ортақтық болуға тиіс. Алайда тілдік ұжым мүшелерінің когнитивтік санасындағы білім қорының құрылымы күрделі болып келеді. Олар тілдік білім, тілдік емес білім, аялық білімдеп үлкен үш топқа бөлінеді.