3. Коммуникативтік нормалар. Сөз мәдениеті ұғымының коммуникативтік компонентіне қатысты нормаларға ең алдымен тілдің функционалдық ерекшеліктеріне тән нормалар мен қарым-қатынастың прагматикасына тән нормалар жатады. Тілдік нормада коммуникативтік компонент сөз мәдениетін айқындауда ерекше орын алады. Қарым-қатынастың нәтижелі болуы коммуникативтік компонентпен тығыз байланысты. Мысалы, тілдік норманы сақтағанмен, этикет тәртібін бұзылмағанмен тыңдаушыны // оқырманды ескермей, көңілдегідей мәтін құрастыру мүмкін емес. Мұның өзі сөз мәдениетінің коммуникативтік жағын мықтап ескеруді қажет етеді. Бұл ретте тілдің функционалдық тармақтарға тән ерекшеліктері мен қарым-қатынас прагматикасының шарттарымен санасудың керек екенін байқатады.
Тілдің әрбір функционалдық тармақтарының өзді-өзіне тән сипаты бар. Мысалы, тілдік тұлға ғылыми дискурста көбіне “ұғымдармен” (терминдермен) жұмыс істесе, ал ресми дискурста оған дайын штамптар, дайын формулалармен жұмыс істеуіне тура келеді. Ал сондағы дайын сөз үлгілерін, штамптарды сөйлеу тілінде, көркем дискурста, уәжсіз қолдану сөйлеушінің // жазушының функционалдық тармақтардың ерекшелігін ойдағыдай меңгермегенін көрсетеді.
Сөйлеу тілінде функционалдық тармақтар болмайды. Сөз мәдениеті төмендеу адам кез келген коммуникативтік ситуацияда, ресми, бейресми қатынаста бір ғана сөйлеу тілінің нормасымен сөйлей береді, қарым-қатынас ситуациясының парқын ажырата бермейді.
Белгілі бір мәнділікті білдірудің әртүрлі тілдік, стильдік тәсілін, нормаларын меңгерген сайын сөйлеушінің // жазушының сөз саптауында шығармашылық сипат әлдеқайда күшті болады. Қарым-қатынастың барынша тиімді болуына қол жеткізу оңайырақ болады. Бұл ретте функционалды синонимдерді қолдана білудің мәні айрықша. Мысалы, Олимпиядаға Қытай Халық Республикасының спортшылары қызу дайындалуда; Олимпиадаға Қытай спортшылары қызу дайындалып жатыр; Олимпиадаға Қытайдың спортшылары өліп-тіріліп дайындалып жатыр тәрізді функционалдық синонимдердің бірі публицистикалық дискурсына тән болса, екіншісі сөйлеу тілі дискурсына тән екенін аңғару қиын емес. Дегенмен сөз мәдениетіне машықталған, шығармашылық дәстүрі әріден келе жатқан газеттерден өзі кейде сөйлеу тілі элементтері мен кітаби сөзге тән элементтердің парқына бармай, қолдана салатыны байқалып қалады: Олимпиадаға Қытай спортшылары қазір өліп-талып дайындалуда (“Егемен Қазақстан”). Мұндағы өліп-талып сөйлеу тіліне тән бірлік болса, дайындалуда кітаби элемент санатына жатады.
Коммуникативтік ситуация, тілдік емес факторлар – сөз талғауға, олардың басын құрап, сөз саптауға тікелей әсер ететін аса маңызды шарттылық. Мысалы, Алматыда жаңбыр нормадан артық жауды (ресми), Алматыда жаңбыр шелектеп құйды (сөйлеу), Алматыда жаңбыр қатты жауды (бейтарап) дегендердің айырмасы коммуникативтік ситуациямен, яғни “қандай жағдайда”, “қандай мақсатта”, “кімге” деген тілдік емес сыртқы шарттылықпен байланысты.
Тілдік норманың негізгі сипатын ашуда тілдік жүйе – тілдік норма параллеліне сүйену, әрине, жеткіліксіз, сондықтан проф. Р.Сыздық тілдік жүйе – тілдік норма – узус үшендерін бірлікте ала отырып, “узус” деген ұғымды тілдік жүйеден ауытқып кеткен, бірақ дағдыға айналған құбылыс” деп таниды [4, 11]. Мысалы, мынадай сөздерде тілдік “жүйе” мен “узус” сәйкеспейді: -тұса – тұсаула емес, ертте – ерле емес, тізерле – тізеле емес, келтір– келдір емес, қозда – қозыла емес, сөйле – сөзде емес. Тілдік жүйе мен норма сәйкес болса, ерле, тізеле, қозыла болар еді [14, 46]. Бұл жерде жүйеге сәйкес болмаса да, тілдік узус норма деп танылады.
Тілдік жүйе бойынша есептік сан есімдерге қосымша -ыншы, -інші түрінде жалғанады: бесінші, алтыншы, жетінші т.б. осы сияқты жиырманшы болуға тиісті ретік сан есім дағды бойынша жиырмасыншы түрінде қолданып, норма ретінде танылды. Оралман атауы да дағды (узус) бойынша қалыптасқан норма.
“Тілдік және тілдік емес нормадан прагматикалық мақсаттағы ауытқудың түрлері мен типтері” деген тармақта нормадан уәжді ауытқудың түрлері айқындалады.
Белгілі бір нормадан ауытқудың бәрі бірдей теріс әрекет бола бермейді. Белгілі бір коммуникативтік мақсатқа, діттемеге байланысты жөн біле отырып ауытқу прагматикалық мақсатқа тән уәжді ауытқуға жатады да, коммуникативтік әсер-ықпалы ерекше болады.
Тілдік қарым-қатынас кезінде “іріктелген”, “тұрақталған”, “уақыт сынынан өткен” қолданыстағы жүйелер белгілі бір себептен “бұзылып” жатады. Сөз субьектісі реципиентке әсер, ықпал етудің тілдік, риторикалық, стильдік тәсілі мен амалы ретінде сөзді тіркеспейтін сөздермен тіркестіруі, сөзді әдеттегі, үйреншікті мағынасынан өзгеше мәнде жұмсайды, фразеологизм, паремологизмдердің тұрақты құрылымын “бұзып” қолданады, сөзді түрленбейтін қосымшалармен түрлендіреді, орфографиялық, орфоэпиялық тәртіптен ауытқиды. Сөйтіп автор реципиенттің мәтінді қабылдау үрдісіндегі (процесіндегі) автоматизмді “әлсіретуге” тырысады. Белгілі бір мақсатты көздеп, нормадан ауытқуды прагматикалық ауытқу деп аталды.
Достарыңызбен бөлісу: |