Парсы тілінен енген сөздер. Парсы тілінен енген сөздер мен араб тілінен енген сөздер, әдетте, араб – парсы болып бірге қаралады, десек те, қазақ тілі үшін екі тілмен болған тілдік қатынастың сипаты да, мәні де екі түрлі. Парсылармен түркі халқының қатынасы көне кезеңдерден бастау алады. Тіпті сонау Томирис, Зарина заманаларынан бастап – ақ екі халық арасында саяси, әлеуметтік, мәдени терең байланыс болғаны анық, содан бастап кей заттық ұғымдар парсы тілінен қазаққа, қазақ тілінен парсыға ене бастаған. Жазу – сызудың кемдеу дамыған кезінде, негізінен, ауызша енген парсы сөздері дыбыстық жағынан қазақ тілінің ішкі заңдылықтарына икемделіп, мағыналық тұрғыдан дамып әбден сіңіп кеткен. Сондықтан да қазіргі қазақ тілінде парсы тілінен енген деп танылатын сөздерді төл тілдік бірліктерден ажырату оңай бола қоймайды, олар тіліміздің дыбыстық заңдылықтарымен сипатталып, грамматикалық құрылымын қабылдап, сөзжасамдық тәсілдермен екіншілік мағына туғызып, сөздікке реестр ретінде еніп, морфологиялық жағынан толық түрлене алатын қабілетке ие.
Достарыңызбен бөлісу: |