Михаил Порфирьевич Вяткин В.В.Бартольдпен келісе отырып: "Жүздердің құрылуына табиғи-географиялық себептермен қатар саяси оқиғалар әсер етті, жекелеген ордалар ерекше саяси одақтар ретінде XVI ғасырдың аяғында қалыптасты", — дейді.
С. Аманжолов: "Қазақ елі, жері үш жүзге моңғолдарға дейінгі кезеңде — X—XII ғасырларда бөлінді", — деп есептейді.
Шығыстанушы Тұрсын Икрамұлы Сұлтанов жүздердің құрылуы жөнінде нақты деректердің тапшылығын айта келіп: "XVI ғасырдың екінші жартысында ұлыс жүйесі біртіндеп жүздерге ауысқан", — деген болжам айтады.
Жүз ұғымының мәні де толық ашылған жоқ. Біраз зерттеушілер қазақтың "жүз" деген сөзін арабтың "джуз" — бір нәрсенің "басты бөлігі", "тармақ" деген сөзімен сәйкестендіреді. Шығыс деректерінде жүздер жөніндегі жанама мәліметтер XVII ғасырдың ортасына қарай кездеседі. Махмүд бен Уәлидің 1634—1641 жылдарда жазылған еңбегінде: "Шайбани хан өлгеннен кейін оның ұлы Баһадүр осы ел мен ұлысқа басшылық ете бастады... ол қыстауы мен жайлауы үшін Ақ Орданы таңдап алды, ол әрі Йүз-Орда ретінде де белгілі", — дейді. Осы деректе кездесетін йүз (жүз) сөзін кейбір зерттеушілер қазақтың жүзімен теңестіреді.