Көмекейдің қабырғасы үш қабықшадан тұрады: шырышты, фиброзды-шеміршекті, адвентициальды (1 сурет).
Шырышты қабықша көп қатарлы кірпікшелі эпителиймен қапталған. Тек шын дыбыс байламдары көпқабатты мүйізденбейтін жазық эпителиймен қапталған. Шырышты қабықшаның меншікті табақшасы борпылдақ талшықты дәнекер тінінен тұрады, эластикалық талшықтары басым, әрі ретсіз орналасады. Көмекейдің ортаңғы бөліміндегі шырышты қабықша қатпарлары шын және жалған дыбыс байламдарын құрайды. Шын дыбыс байламдарынан жоғары және төмен ақуызды-шырышты бездер орналасады. Дыбыс байламдарының көлденең-жолақты бұлшық ет тінінің жиырылуы олардың арасындағы қуыстың көлемін және дыбыс тембрін өзгертеді. Жас балаларда жалған дыбыс байламдарында көптеген қан тамырлары болады, олар қабыну кезінде қанға тез толып, тыныс алуды қиындатады.