1.2 Жүсіп Баласағұнның шығармашылығының жинақталып зерттелуі
Дастанның бізге жеткен үш түрлі нұсқасы бар. Біріншісі қазір Вена қаласындағы Корольдік кітапханада сақтаулы тұрған 1439 жылы көне ұйғыр жазуымен көшірілген Герат нұсқасы болса, екіншісі XIV ғасырдың біріншісі жартысында Мысырда араб әрпімен жазылған Каир жазбасы, ал үшіншісі – XII ғасырда араб әрпімен қағазға түскен Наманган (Ферғана) нұсқасы. Ең толығы әрі жақсы сақталған Наманган (Ферғана) нұсқасы қазір Ташкенттегі Шығыстану ғылыми-зерттеу институтының сирек кітаптар қорында сақталуда.
«Құтты білік» жарыққа шығысымен көп ұзамай-ақ алдымен Орта Азияға, соңынан Азия, Еуропа елдеріне тарап, кеңінен танымал болды. Дастанның басқа тілдерге аударылуына, зерттелуіне, сөйтіп әлемдік руханияттың асыл қазынасына қосылуына В.В.Радлов, С.Е.Малов, Р.Р.Арат, А.Н.Кононов, А.Ділашар, С.Н.Иванов, Н.Гребнев, т.б. елеулі еңбек сіңірілді.
Венгр ғалымы Герман Вамбери (1832-1913) кітаптың бірнеше тарауын неміс тіліне аударып, 1870 жылы Инсбрук қаласында жеке кітап қылып бастырып шығарды. В.В.Радлов (15837-1918) «Құтты білікті» орыс тіліне аудару, зерттеу жұмыстарына өзінің 20 жыл өмірін (1890-1910) арнады. 1942-1943 жылдары дастанның үш нұсқасы үш том болып Стамбул қаласында түрік тілінде шықты. Өзбек ғалымы К.Кәрімов 1971-1972 жылдары өзбек тіліне, бір топ ғалымдар 1984 жылы ұйғыр тіліне аударды. 1971 жылы Н.Гребнев «Бақытты болу ғылымы» деген атпен орыс тіліне еркін тәржіма жасалды. 1983 жылы С.Н.Иванов «Благодатное знание» деген атпен поэзиялық аудармасын орыс оқырмандарына ұсынды. Әдебиеттанушы ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор және ақын Асқар Құрмашұлы Егеубаев бұл дастанды 1986 жылы қазақ тілінде жырлады [11, 74-75бб.].
Ғалымдар осы үш көшірме нұсқасының әрқайсысына тән өзіндік ерекшеліктерді жинақтап отырып, «Құтты білік» дастанының ғылыми негізделген толық мәтінін жасап шықты. Дастанның көне жазбасы табылғанын әлемге тұңғыш рет хабарлап, 1823 жылы «Азия» журналында (Париж) Вена нұсқасынан үзінді жариялаған француз ғалымы Жауберт Амадес еді. Дастанды зерттеу ісіне, әсіресе, түрік ғалымдары Р.Р.Арат (1900-1964), М.Ф.Кепрюлд (1890-1960) және А.Дильгар (1897-1979) көп еңбек сіңірді [12].
«Құтты білік» дастаны ғылымға XIX ғасырдан бастап мәлім бола бастады. Дастанның үш нұсқасы болғаны белгілі. Осы нұсқалардың ішінде Наманган нұсқасы тәуірі әрі XIII-XIV ғасырда көшірілген көне нұсқасы ретінде қаралып жүр.
Бірінші нұсқа – Вена нұсқасы, бұл қолжазба Вена қаласында Корольдік кітапханада сақтаулы. Мұны кейде Герат нұсқасы деп те атайды. Өйткені 1439 жылы Хасан Қара сейіл деген кісі ұйғыр әрпімен дастанды Герат қаласында көшіріп жазыпты. Бұл нұсқаны белгілі түрколог-ғалым Фон Хаммер тапқан. Қолжазба белгісіз себептермен Герат Тоқат қаласына (Түркия) жетеді, одан 1474 жылы Стамбулдан шығады. Хижра бойынша 879 жылы, жылан жылы Тоқаттан Стамбулда Фенаризада Қадиәлі-Әбдіраззақ Шейхзаде бақасы үшін қолдан-қолға көшіп жүрген секілді. Көшірменің 13-14-беттерінде: «Біз Налбанда Хамзадан сатып алдық, Хайрелдин молланың жұма мешітіның жанында делдал Қожа Қажы куәгер деген жазу бар». 1796 жылы елшілікке қызметте жүрген Австрия ғалымы Иосиф Фон Хаммер-Пунгршталь (1774-1856) букинистен сатып алып, Венадағы Король кітапханасына тапсырады. Ол араб, парсы, түркі тілдерінде жазылған қолжазбаларды каталогке енгізіп, соның ішінде «Құтадғу білік» қолжазбасына айрықша тұжырымдама жазып қалдырып, «осы қолжазбаға француз ориенталистерінің көңіл аударғанын талап етемін» деп жазған. 1825 жылы Еуропадағы шығыстану ғылымының үлкен орталығы болып есептелетін «College de Francege» орталығының парсы, араб және түркі тілдері кафедрасының меңгерушісі болып қызмет істейтін П.А.Жобер «Азия» журналында «Ұйғыр әрпімен жазылған қолжазба туралы» атты мақала жариялады. Осы мақаладан соң түркілік «Құтадғу білік» ескерткіші әлем ғалымдарының назарын аудара бастады. Г.Флюгель, И.Н.Березин, Н.И.Ильминский өз еңбектерінде Жүсіп Баласағұнның дастанына ерекше мән беріп қарады. Вена нұсқасын алғаш рет венгр ғалымы Г.Вамбери 1870 жылы Инсбурк қаласында бастырып шығарды. Осыдан кейін ғұмырының ширек бөлігін «Құтты білік» шығармасын зерттеуге арнаған белгілі орыс ғалымы В.В.Радлов 1890 жылы жариялатты.
Екіншісі – Каир нұсқасы. Бұл қолжазба араб әрпімен көшірілген. Оны Каирдағы бір кітапханының сирек кездесетін қолжазбалар қорынан 1896 жылы неміс ғалымы Б.Мориц тапқан. 1898 жылы В.В.Радлов Петербург Ғылым академиясының Азия мұражайы үшін Каир нұсқасының бір данасын көшіртіп алған. Қазір бұл қолжазба Ресей Ғылым академиясы Шығыстану институтының Санкт-Петербург бөлімшесінде сақтаулы.
Үшіншісі – Наманган нұсқасы. Оны 1913 жылы А.Валитов Өзбекстанның Наманган шаһарынан тапқан. «Құтты білік» дастанының араб әрпімен көшірілген әрі толық саналатын осы нұсқасы Өзбекстан Республикасы Ғылым академиясының Әбу Райхан әл-Бируни атындағы Шығыстану институтында сақталып келеді.
Наманган нұсқасы Өзбекстанға Шығыс Түркістаннан келген деген де пікір бар. Шығыс Түркістанда Мірқожа қолында сақталған нұсқа жөнінде «Шынжан әдебиеті мен өнері» журналының 1956 жылғы 5-6 санында мәлімет бар.
Түрік ғалымы решит Рахмети Арат бұл үш нұсқаны ғылыми тұрғыда салыстыра отырып, 1947 жылы жаңа түрік әрпімен «Құтты біліктің» ең дұрыс мәтінін жариялайды.
Сонымен қатар, үш нұсқасын салыстыра келе С.Е.Малов Каир, Наманган нұсқаларының өзара жақындығын айтып, «ал ұйғыр редакциясы (Вена-Ғират) көп жағдайда бұлардан алшақтап кетеді» дей келе, бұл нұсқа «ислам мәдениетінің ұйғыр жазбаларындағы сирек кездесетін ірі ескерткіш» деп бағалаған. В.В.Радлов: «Баласағұн қаласының (Жетісудағы) тұрғыны ретінде автор дастанын әуелінде ұйғыр жазба тілінің әсерінсіз араб тілімен жазған, бірақ поэма бұл ықпалға Қашқарда аяқтап, ханға апарған тұста, ел ішінде тарату үшін ұйғыр әрпімен қайта жыздырғанда ұшыраған», -дейді
[13, 42.].
Дастанның ұйғыр әліппесімен жазылған үшінші нұсқасын да академик В.В. Радлов жазып алып, неміс тіліне аударып бастырған. Кітаптың алғашқы томы 1891 жылы, екінші томы 1910 жылы санкт-Петербургте басылып шықты. Бұл басылым жартылай араб алфавиті, жартылай латын транскрипциясымен берілген еді. Екі жазба да ескі ұйғыр-қарахандар алфавитінің ерекшеліктерін дұрыс бере алмағандықтан, емсілі оқуға қиын, көп жазылуы қате болды. Осы себептен В.В. Радлов нұсқаның оқылуы көптеген қиыншылықтар туғызды.
Наманган нұсқасы арабша сұлыс (құран) хатымен жазылған. Көлемі 223 парақтық қолжазба. Алғашқы беті жоқ. Қолжазбаның сөз лұғаты мен оқылуы жеңілдеу.
«Құтты білік» дастаны 73 тарауға бөлінеді. Бұл тараулардың көлемі бірдей емес. Дастанның кіріспесінде құдай, пайғамбар, оның шаһарярлары дәріптеледі, ғылымның мәні баяндалады. Одан әрі Қашқария хандарының сән-салтанаты жырланады [14, 69-70].
1942-1943 жылы Стамбулда үш нұсқасы тұтас қамтылып үш топ болып басылды, 1971 жылы Ташкентте басылған «Құтты білік» 73 тараудан, 6407 бәйіттен немесе 12814 өлең жолынан тұрады. Өлең өлшемі жағынан ғаруз уәзінінің (мәт уәзіні) мутақариб бахри түрімен жазылған [15, 218-219].
«Құтты білік» дастанын әдебиеттану, тіл білімі, тарих ғылымы тұрғысынан зерттеуге С.Е.Малов, Е.Э.Бертельс, А.Валитова, К.Каримов, С.Маталлибов сияқты ғалымдар үлес қосты.
Қазақтың белгілі ақыны, әрі әдебиет зерттеушісі Асқар Егеубаев «Құтты білік» дастанының қазақ әдебиетінің дамуына идеялық-көркемдік әсері «Дәстүр, поэтика жәнеаударма мәселелері» деген тақырыпқа ғылыми еңбек жазды. Сонымен қатар, Асқар Құрмашұлы Егеубаев ақын ретінде «Құтты білік» дастанын көне түркі тілінен қазіргі қазақ тіліне тұңғыш рет аударып, зерделеп, ғылыми айналымға енгізді. Сонымен қатар, 2004 жылы белгілі ғалым Әбжан Құрышжанұлы дайындаған «Құтты біліктің» ғылыми-поэтикалық аудармасы жарық көрді.
Түркі халықтарына ортақ Жүсіп Баласағұнның мұрасы ежелгі әдебиетіміздегі көркем шығарма ретінде біршама зерттелді. Әдебиет тұрғысынан: Н. Келімбетовтың, М. Мырзахметовтың, Ә. Қоңыратбаевтың, Р. Бердібаевтың, Х.Ж.Сүйіншәлиевтің, Қ.Ө.Өмірәлиевтің, Ә.Б.Дербісалиевтің, М. Әліпханның т.б. еңбектері белгілі [16,151].
Қазақ әдебиеттенде елеулі еңбек сіңірген әдебиеттанушы А.Қ. Егеубаевтың толық аудармасы «Әдеби жәдігерлер» сериясының бесінші томына енгізілді. Онда Жүсіп Баласағұн шығармашылығын зерттеуші ғалым жер-су, жылдық атаулары, мифологиялық және ұғынықсыз сөздер, мәтіндерде кездесетін тарихи тұлғалар мен діни есімдерге түсініктеме берді. Сондай-ақ А.Қ. Егеубаев «Құтты білік» дастаны туралы «Түркі әлемінің ұлы мұрасы»атты мақаласы жарық көрді.
А.А. Валитова Жүсіп Баласағұн шығармашылығы турасында Диплом, мақалалар жазып, сыни мәтінін құрастырды. Дат ғалымы В.Томсон, неміс дәрігері Отто Альбертс, Н.И. Ильминский, Ф.В. Мюллер, А.Лекок және тағы бірқатар зерттеушілер әр түрлі дәрежеде назар аударып, өз пікірлерін білдірген [17, 37-38] .
Соңғы деректерге сүйене отыра 1983 жылы Жүсіп Баласағұнның «Құтты білік» дастанына Жаңа әлем аталатын Тынық мұхитының арғы жағындағы Чикаго университетінің түркітану және исламтану ғылымдарының профессоры Роберт Данкофф еңбектің ағылшын тіліне аудармасын жасап, кіріспе және түсіндірме бөлімдерін де қосқан болатын: Yusuf Khass Hajib, Wisdom of Royal Glory (Kutadgu Bilig): A Turko-Islamic Mirror for Princes, translated, with an introduction and notes, by Robert Dankoff. University of Chicago Press, 1983. Pp. 281. Ал 1980 Р. Данкофф «Journal of Turkish Studies» ғылыми журналының 4-номерінде «On nature in Karakhanide Literature» атты мақаласын жариялады.
Сонымен қатар «Құтты білік» дастанын ағылшын тіліне аударуға ат салысқан Вальтер Мэй, оның аудармасы «Yusuf Balasaguni I. Beneficent knowledge» деп аталып 1998 жылы жарық көрді.
«Құтты білік» дастанын тек қана әдеби мұра деп қарау біржақтылық болар еді. Оның жалпы түрік тілдес халықтар тарихындағы әдебиеттану, тілтану, тарих, мәдени-тарихи қатынастар саласындағы алатын орны, маңызы мен мәнісі аса зор. Бұл тұрғыда қазақ халқының да рухани-кемелдену жолдарының күретамыры Жүсіп Баласағұнның эстетикалық әлемінде жатыр. «Құтты білік» дастанының Орхон-Енесей жазбаларымен V-VIII ғғ.тамырластығы және XIV-XV ғасырлардағы қазақ жырауларының үндестігімен, классикалық қазақ әдебиеті үлгілерімен сабақтастығы өркенді әдеби дәстүр арнасын танытады. Қазақ мақал-мәтелдерімен, қанатты сөздерімен, шешендік сөздерінің табиғатымен, Абай тағылымының, Шәкәрім қажының көркем дүниесінің Жүсіп Баласағұнның рухани-көркемдік әлемімен жарастығын білдіретін желілер өте көп.
Поэманың философиялық-эстетикалық таным өзектері, мәтіннің образды-семантикалық құрылысындағы ерекшеліктер мен заңдылықтар түрік поэзиясының төл сипаттарын саралауға да мүмкіндік береді. Ел ішінде ежелден кең таралған адамшылдық, имандылық хақындағы, өмір, тіршілік жайлы тұжырымдарының, ырым-нанымға, танымға айналып кеткен қағидадай әдет-ғұрып, салттардың бедерлі белгілерінің ескі мұра беттерінен, өлең шумақтарынан, ұшқыр сөздерден, мақал-мәтелдерден көзге жылы ұшырай жамырап көрінуі өзі тарихи көркем танымның, тарихи поэтиканың, тарихи сананың мағыналы заңдылықтары.
«Құтты білік» дастанында қазіргі қазақ әдебиетінде қаз-қалпында жүрген ұшқыр сөз, мақал-мәтелдердің бірқатарын өзбек, қырғыз, татар, ұйғыр халықтарының әдебиетінен де кезіктіреміз.
Осылардың өзі дастанның поэтикасының тарихилығын меңзейді. Бұл орайда И.В. Стеблеваның: «Түркі тіліндегі әдебиеттің алғашқы ерекше туындысы - XI ғасырдағы Жүсіп Баласағұнның «Құтты білік» дастаны болып есептеледі. Осы дастанда айтылған көрсеткіштер XI ғасырдағы Жүсіп Баласағұнның «Құтты білік» дастанын түркі жазба әдебиетінің ең алғашқы классикалық туындысы деп санауға мүмкіншілік беріп, осы еңбектің XX ғасырға дейін көптеген ақындардың шығармашылығына арқау болғандығын көрсетеді», - деген пікірін еске сала кеткенім жөн. Қалай десек те, классикалық түркі поэзиясының тарихы осы «Құтты білік» дастанынан басталатынына күмән жоқ. Осы тұжырымды қолдайтын пікірлер де аз емес-ті. Түрік өлеңінің бір мәуелі бұтағы, түрік өркениетінің құнарлы өлкесінің бірі – қазақ өлеңі, қазақ халқының эстетикалық таным тәжірибесі осынау шоқтықты биіктерден айналып өтпеген, бірге өріліп, бірге көктеген. «Орхон-Енисей жазбалары» мен «Құтты білік» дастаныны сынды көп қырлы жауһарлардың ішкі-сыртқы бітімімен көзге ұрып тұрған қазақтың көркемдік әлемімен сабақтастық заңдылықтарын тереңнен талдап-зерделей түсу қазақ әдебиетінің тарихына да мағыналы да қызықты беттер қосатынына, рухани дүниеміздің тынысын кеңейте түседі. Бұл желілер дастан мен классикалық қазақ әдебиеті шығармаларының арасындағы көркем-эстетикалық таным үрдісінің сабақтастығынан, яғни 1) образдар жүйесі табиғатының бірлігінен, 2) жалпы поэтикасынан, 3)тарихи сана мен тарихи танымның диалектикалық өзектігінен, 4) қоғамдық-әлеуметтік, 5) этникалық түп-тегінің (топырағының) бірегей жаратылысынан тарамдалады.
Түрік жырының тарихи поэтикасынан қазақ поэзиясының бұған дейін ауызға көп алына қоймаған тағы бір түйінді сипатын байқаймыз. Қазақ өлеңін, жалпы түркі поэзиясын былайғы жұрт әйтеуір бір шығыс саздары деп қарайды [18, 16-19].
Жүсіп Баласағұнның өзі «Түсінбес-ау мұны талай түркілер» (16-жол) деп отырған себебі, мына жағдайға байланысты болса керек: Қарахан мемлекетінде 840-1212 жж. Бұрыннан қолданылып жүрген көне ұйғыр жазуы болған. Ол кейінірек араб жазуымен қатар қолданылған, бірақ бірте-бірте ығыса бастаған, кейбір түркі тайпалардың арасында ол жазу XIII ғасырға дейін жеткен. «Құтты біліктің» үш түрлі көшірмесінің біреуі – Вена немесе Ғират нұсқасы – осы көне ұйғыр жазуымен берілген, ал басқа екі көшірмесі – Каир және Наманган нұсқалары – араб жазуымен берілген. Шығарманың түпнұсқасы, яғни ақынның өз қолымен жазылғаны жоғалып кеткен, оның қай жазумен жазылғаны белгісіз. Осы екі түрлі жазудың бірін (ұйғыр) білген түркі қауымдарының өкілдері екінші түрлі жазуды (араб) оқи алмауы мүмкін. Сондықтан, шығарманың «Өкүш түрклер уқмас муның мағнасы» қазақша: «Көп түріктер түсінбес мұның мағынасын» деп отырғаны осы жағдайды, екі түрлі жазу бар екендігін ескергені болуы керек.
Ақынның «Хат білгеннің бәрі бірдей түсінбес» (18-жол) деп отырғаны да екі түрлі жазудың болуы туралы хабар береді. Әрине бұл қолжазбаның ең алғаш қандай жазумен жазылғандығына байланысты. Ал енді, «Хат білгеннің бәрі бірдей түсінбес» деген мәселенің екінші жағы бар болуы мүмкін. Шынына келгенде, бұл дастан анау-мынау сауаты бар кез келген кісінің айтқанын түсінетін, игеріп алып кете қоятындай дүние емес. Ондай оқушы поэманың мәнерлі сөз кестесі мен ішкі астарлы мазмұн тереңдігіне, ой ырғағының үйлесе келіп түзілетін жарасымды үде барысына жету үшін барынша соған назар аударып, аса бір ыждаһатты байыппен оқыса керек. Жеңіл-желпі шығармаларды оқып үйренген кісіге бұл еңбектің ірілік етеді. Білікті парасат пен үлкен талап керек. Сонымен бірге бұл туынды – ақыл-білім деңгейін талап ететін тек көркем әдебиет шығармасы ғана емес, жоғары дәрежелі ғылыми еңбек. Жүсіп Баласағұн бұл шығарманыи «Әке ұлына мирас еткен асырып, Өзі оқыған жұрттан надан жасырып» (14-бәйіт) деген сөзіне үлкен философиялық-танымдық мән бар [19, 36-39].
2 Жүсіп Баласағұнның «Құтты білік» еңбегіндегі афоризмдердің дүниетанымдық мәні
2.1 Қазақ әдебиетінде қазақ дүниетанымының мәні
Орта Азия мен қыпшақ даласы үшін X-XII ғасыр қоғамдық-әлеуметтік, саяси тұрғыдан дамудың жаңа басқышы болды. Бұл кезеңде түркі тілдес халықтардың мәдениеті, әдебиеті, ғылымы едәуір өркендеп өсті. Әсіресе, түркі әдеби тілі жан-жақты дамып, жетіле түсті. Мұның өзі түркі халықтарының, соның ішінде, қазақ, өзбек, ұйғыр, қырғыз, т.б. халықтардың этностық құрамының қалыптаса бастауы мен олардың әлеуметтік-қоғамдық өміріндегі рөлінің біртіндеп артуына байланысты болды.
Орта Азия мен қыпшақ даласына ислам діні келуінің өзі әдебиет әлеміне мүлдем жаңа бағыт-бағдарлама бергендей болды. Енді көркем сөз өнерінде адамгершілік, жеке адамдардың өзара қарым-қатынас нормалары, мораль, этика, таға басқа мәселелерді ислам діні тұрғысынан түсіндіру, уағыздай қажет еді.
Осыдан өмірге дидактикалық сарындағы әдебиеттің келуіне себепші болды.
Дидактикалық әдебиеттің негізгі міндеті – философиялық, моральдық-этикалық және діни идеяларды көпшілік оқырман қауымға уағыздау, насихаттау, ғибрат айту арқылы жеткізу болып табылады. Дидактикалық әдеби туындыларында көркем суретпен бейнелеу, образ жасаудан гөрі баяндау арқылы тұжырым жасау басым болды. Дидактикалық әдебиетте, әсіресе, мақал-мәтелдің, ақыл, нақыл сөздердің, өсиет-ғибрат айтудың рөлі ерекше жоғары болып келеді.
Түркі тілдес халықтардың әдебиетінде дидактикалық сарында жазылған көркем сөз туындыларының ең ғажайып үлгілерінің бірі – Жүсіп Баласағұнның «Құтты білік» дастаны. Дастан өзінен сан ғасыр кейінгі әдебиетке, XV-XVIII ғасырлардағы қазақ жыраулар поэзиясына ықпал жасады [20, 144-145].
Ұлттың ұлылығы ұлықтығынан емес, ұлағаттығынан танылмақ. Ұлтымыз ұлықтарды аз көрген жоқ. Солардың бірі де есте сақталмапты, ұлттың жадында қалмапты. Қалыпты: ұлағатты ұлықтар қалыпты. Нағыз ұлықтар асылдың сынығындай хас ұлықтар қалыпты! Ұлағатты сөз, ұлы қасиеттер қалыпты! Ұлық ұғымының төркініне үңілсек, ежелгі түркі жазуына жүгінеміз, оның ішінде «Құтты білік» беттеріне де көз жүгіртіп байқасақ – ұлы биік, тұлға деген үғымдар кеңінен кездеседі. Заман озғанда, сол заманның адамы да, сол адамның таным да азбай қалсын ба!? Заманның азғаны - сананың азғаны. Кісіліктің кісі киіктеніп жерігені, қағынан, безген киіктей қиыр жайлап, шет қонып кеткені. Ол ең әуелі сол қасиетті ұғымдарды танып-бағалаудан, соларға көзқараспен аңғарылатын сияқты. Қызық құбылу: «Ұлықты» ежелгі түркілер бәз мағынасында ұлы, биік деп түсінеді, біздің заманда «ұлық» деп біледі! «Құт» мәнін ежелгі түркілер білім, бақ-дәулет, жанның семіріп, сананың кемелденуі деп ұғады, ал осы заманда әдетте байлық, барлық, қарын тоқтық, қайғы жоқтық деген мағынада қолданылады. Ал, «ұлық» ұғымы атақты «Құтты білік» дастанының кіріспе тарауында мынадай мағынада кездеседі. «Бұл кітіпты Баласағұнда туған бір сахаба, тақуа кісі жазған. Әмме бұл кітапты Қашқарда тәмәмдап, Машрық мәлігі Табғаш Бұғраханның Құзырына ұсынған. Мәлік оның еңбегін кәдірлеп, жарылқап һәм Ұлықтап Хас Хажиб деген атақ беріп ерекше ілтипат білдірген, сол үшін оны ұлыны ұлыға балап қастерлеген.
Ұлылық – ұлағатта. Ұлағатсыз ұл мұратқа жеткен бе, ұлағатсыз ел мұратқа жеткен бе?! Ұлағатсыз өркені өскен ұрпақ бар ма?!
Талғамсыз – ұрпақ Тұл.
Тұлдың тұрқы – жетімдік.
Тұлдың құлқы – құлқындық.
Тұлдың жұрты – құлдық.
Халық көкірегінде көзі жоқ, көңілінде сергек сезігі жоқ пендені «көргенсіз» -дейді. Көргенділік те сол тағлым, тәлім ұшқындары. Ежелгі мұра тағылымы, халықтың дәстүрлі эстетикасы кейінгі даналық мектебіндей. Рухани жетімдік пен тағлымсыз тасырлықтың ауыр індеті – ілгерідегі тарихи тағдырлардан тараған кісіліктің киелі тұлғаларын түсінбеу, сезінгенмен де селт етіп санадан сарғая сіңіре алмау болып тұрған мына заманда Жүсіп Баласағұнның «Құтты білік» дастаны сөзі асыл, толғамы елдікке кемелдікке бастайтын туынды. Санаға сіңбегеннің адамның тал бойына жарасып, мінез-құлқына дарымайтыны аян. Тысындағы, тұсындағы асыл заттың өзекжардысын өзгеден аршып танудың өзі де сол рухани түйсікке тікелей тәуелді. Бірінсіз бірінің күні қараң. Халық даналығының арналы дариясына жұлдыз болып құйылған түркі дүниесінің даналық эстетикасының әлібімен танымы осы орайда ұлттың дәл бүгінгі арқа сүйер алтын босағасы секілді.
Ұлт мұраты, ұлттың түпкі мақсаты, іздеген иманы – шығарманың идеологиясы болды. Мұрат бітімі ұлттың мінез-құлық, тәлім-тәрбие, таным түйсігінен бастап әл-ауқат, тұрмыс-тіршілік, ішкі-сыртқы қарым-қатынастарына дейін қамтыды.
Ұлттық менталитет деген танымдық ой-сана сарасы осыған сүйеніп барып, жаңғырып, түлеп жаңарады. Осы ретте де, қазақ жұртының тектілігінің күре тамырындай тегін диалектика өрісімен бірге көне түркі мәдениетінен қарастырамыз.
«Құтты білік» дастанының қолжазбалары әр елде, әртүрлі кітапханалар мен архивтерде, шетте өткен көшпелі тағдыр тарихынан бастап, кейіпкерлерінің болмыс, бітіміне дейін айнымайды, халықтың рухани таңдарының баламасындай. Оның әр жолынан, ойларынан елдің елдік мінез-бітімін, арман-мүддесін көрінеді. Осыны «Құтты білік» тағдыры мен тәлімі айғақтай түседі.Бір кереметі, құтты білімді қолына әлі ұстап үлгермеген балғын-балауса буынның бойындағы ана сүтімен дарыған тағлым, адамшылдық қасиеттерінің жүйе-жүйесінің, замандастар тірлігінде қағидаға айналған салт-дәстүр, кісілік қарым-қатынас түзілімдерінің осы көне кітап беттерінен бедерленіп көрінеді. Қазіргі әдебиетімізде, ел-жұрт аузында, халық әдебиеті үлгілерінде тұнып тұрған терең философиялық толғамдардың бастауларын, халықтың таным-нанымының нәрлі өзектерін, мақал-мәтелдердің құнарлы топырағын танығанда эстетикалық түйсіктің табиғилығына, болмысты философиялық танудың құдіретті қуатына тәнті боласыз.
Осынау түркі поэзиясының тұңғыш кітабын көне түркі поэзиясының поэтикалық нышандарын кемел жеткізген ұлы жазу десе де болады. Түркі тектес халықтар поэзиясындағы бұл алтын желінің бір ұшығы сондай тәжік-парсы, бір ұшығы қырғыз, өзбек-ұйғыр, татар, ноғай, тағы басқа ел мен ұлыстардың мәдениетіндегі көркемдік көкжиектермен ұласады. XI ғасырда Шу бойындағы Баласағұн шаһарында жазылып, кейін кең дүниеге танылған ұлағатты әдеби ескерткіш кезінде дат, француз, венгр, австрия, неміс түрік ғалымдарының тесіле зерттегені, кейбір тарауларын түрлі деңгейде аударғандығы оның құндылығының жоғары екендігінің дәлелі. Бірқатар батыс, шығыс ғалымдары біздің түркітанушылардан көп бұрын «Құт дарытатын ілімнің» табиғатын түсінуге барын салған. Осылардың бәрі де Жүсіп Баласағұн дастанының азаматтық, имандылық, кісілік рухын таныта түседі. Адамға тәннің бәріде маған тән, адамшылдық қасиет адам баласының бәріне бірдей етене жақын екендігі аңғарылады.
«Құтты біліктің» әлеуметтік-қоғамдық, эстетикалық, поэтикалық бітімін даралайтын алуан сипатты өзгешеліктердің қатарында туындының тілінен тарайтын күрделі де, қабырғалы бір қасиеті оқшалау көрінеді. Ол осы бір даналық дастанның өз заманындағы өркениеттілік өзектердің жарқын белгілерін бойына сіңіргендігі. Нақ осы сипаттар арқылы ежелгі түркі дүниетанымының тынысын, жалпы адамзат тарихындағы жарты дүниені алып жатқан жұмбағы мол құбылыс ғаламынының жаратылысын тереңдей таныта түседі. Түркі мәдениетіндегі қырық қырлы дәстүр іздерін көзге тосады [21, 52-58].
«Құтты білік» дастанында ақын елдің әкімдерге қоятын және әкімдердің елге қоятын талаптарын ашып айтқан. Дастанда ақын ел билеген әкімге қарата мынадай сөздер айтады: «Ей, әкім, халықтың сенде үш түрлі ақысы бар, сен сол ақыны төле, сөйтіп, өз жаныңа жәбірлік жасама. Бұл ақының бірі: ақшаның нарқын көтеру, ақша құрамындағы алтын мен күмістің үлесін арттыру әрі оның төмендеп кетпеуін қадағалап отыру. Тағы бірі: ел үшін сенімді, берік және әділ заңдар шығар, мұны ел сенен күтеді. Үшіншісі: жолдарды қарақшылардан, адам өлтірушілерден тыныш етіп, сақтай біл».
Бұл пікірлер ақын өмір сүрген дәуірде елдегі ішкі және сыртқы сауданың мейлінше өркендегенін көрсетеді. Ақынның әкімдерге қойған талаптарының екеуі «ақшаның нарқын арттыру», «жолдарды қарақшылардан қору» халықтың талап-тілегі екенінің айғағы.
Сонымен бірге, Жүсіп Баласағұн әкімдер елге мынадай үш талап қоюға құқылы деп есептейді: «Ей елдің көсемі, халықтың өзіңе қойған үш талабын орындағаныңнан кейін, өзің де халықтан төмендегі үш нәрсені талап етуге құқықты боласың: Бірі – сен қандай жарлық (заң) шығарсаң да жұрттың бәрі оны сөзсіз тез орындауы керек. Екіншісі – мемлекет салықтарын өз уақытында жомарттықпен мемлекет қазынасына тапсырып тұрсын. Үшіншісі – бүкіл халық досыңа – дос, дұшпаныңа – дұшпан болуы керек».
Жүсіп Баласағұнның қоғамдық-әлеуметтік көзқарасында елді надандық пен қатыгездік, ұрлық пен маскүнемдік, қанағатсыздық пен әділетсіздік, опасыздық пен өтірік-өсек қара түнектей қаптап алған қилы заманда ақынның адамгершілік, әділет, қанағат, мейірімділік, оқу-білім, ақыл-парасат жөнінде сөз қозғауының өзі прогрессивті құбылыс болды.
«Құтты білік» дастанында ақын әкімдерге шапағаттылық, мейірімділік, жомарттылық, ынсапты болу, мұқтаждықта күнін кешкен жандарға қамқорлық ету жолдарын сілтейді:
Иетим, етсүзүг йа тол толсақиғ,
Иа көзсүз, йа өлдрүм, йама ахсақиғ.
Яғни:
Жетімге, жесірге, үйсізге қарайлас,
Соқырға, қартқа, ақсақ-тоқсаққа көмектес.
Жүсіп Хас Хажиб Баласағұнның өмірге философиялық көзқарасы Әбу Насыр әл-Фараби, Әбу ибн Сина секілді орта ғасыр ақыл-ой алыптарының ықпалымен қалыптасқанын естен шығаруға болмайды. Ақын өзінің ұлы ұстаздары секілді материяның жаралуын рухани күшпен байланыстырып қарайды. Жүсіп Баласағұн сана-сезімді, рухты бірінші орынға қояды.
Осыған орай Жүсіп Баласағұн дүниеде адам зерттеп білмейтін нәрсе жоқ, адамның ақыл-парасаты құдіретті, ол өмірдегі барлық нәрсенің мән мағынасын түсінуге қабілетті деген пікір айтады. Мұның өзі сол заман үшін аса батыл, прогрессивті көзқарас болатын [2, 24-25].
Өлеңмен жазылған бұл дүниетанымдық трактаттың жанрлық ерекшелігі, поэтикасы автордың ақындық талантын, үздік дарыны мен білімділігін де, сол кездегі жазу өнерінің қаншалықты дәрежеде дамығанын да көрсетеді. Әуелі екі кіріспе бөлімінде ақын жаратқанға шүкіршілік етіп, кітаптың жалпы мәнімен таныстырып өтеді. Кіріспеде өлеңмен жазылған нұсқасы текстке үндес, жақын келеді. Соңғы тарауында Жүсіп Хас Хажиб Баласағұн өмірдің өтпелілігін, заманның опасыздығын, достардың жафасын айтып, өзінің кемшілік күнәларына күйініп күңіренеді, кейінгілерге өсиет сөздерін қалдырады.
Жүсіп Баласағұн өз ойларын сол кездегі астрономия, геометрия, математика, медицина, философия ілімдер саласындағы мағұлыматтармен безендіріп отырады. Оларға қатысты тараулар да бар.
«Жеті планета мен он екі шоқ жұлдыз» деген тақырып бойынша «Құтты білік» дастанында былайша берілген:
Секентір – Қоңыржай жұлдыз (орысша: Сатурн);
Оңай – Есекқырған (Юпитер);
Көдүр – Қызыл жұлдыз (Марс);
Йашық – Күн (Солнце);
Севіт – Шолпан (Венера);
Арзу – кіші шолпан (Меркурий);
Йалчық – Ай (Луна)
Он екі шоқ жұлдыздардың тұратын жерін ев (үй) деп атаған. Жоғарыдан (алыстан) төмен қарай )жерге таман жақындай беретін) ретімен беретін жұлдыздардың (електің) аттары (Күн есебі бойынша):
Қозы – Қозы ( Амал, Көкек, Тоқты, орысша: Овен) – 22/03-21/04 арасы.
Уд – Сиыр (Үт, Сәуір, Торпақ – Телец) -22/04-21/05 арасы.
Ерендіз – Зауза (Егіздер – Близницы) – 22/05-21/06 арасы.
Қучық – Шаян (Саратан – Рак) – 22/06-21/07 арасы.
Арслан – Арыстан (Әсет – Лев) – 22/07-21/08 арасы.
Бұғдай башы – Бидай басы (Сүмбіле, Бикеш – Колосья, Дева) -22/08-21/09 арасы.
Үлгү – Таразы (Мизан – Весы) – 22/09-21/10 арасы. Үлгү – қазақша: өлшем, көлем.
Чадан – Шаян (Ақырап, Бүйі – Скорпион) – 22/10-21/11 арасы.
Йа – Қауыс (Мерген – Лук, Стрелец) – 22/11-12 арасы (йа-қазақша: жай, жақ).
Оғлақ – Жәді (Ешкімүйіз – Козерог) – 22/12-21/01 арасы (оғлақ – қазақша: лақ).
Көнек – Қонек (Дәлу, Суқұйғыш – Водолей) – 22/01-21/02 арасы.
Балық – балық (һүт – Рыба) – 22/02-21/03 арасы.
Бұл онекі шоқжұлдыздаң үшеуі оттан жаралған, үшеуі – судан жаралған, үшеуі – желден (хауадан) және үшеуі – топырақтан жаралған. Осыдан барып, ақын әлем дүниесі түзілген деп жазады. Қазақ тілінде алдыңғы үш ай көктемге жатады – Амал, Үт, Зауза; одан кейінгі үш ай –жаз айлары – Саратан, Әсет, Сүмбіле; күз айлары – Таразы, Ақырап, Қауыс; қыс айлары – Жәді, Көнек, һүт жататын жұлдыздар [23, 510-511].
Белгілі бір ойды айтқаннан кейін ақын оны бір дананың, қарияның, не елбасының, не ғалымның сөздерін келтіріп дәлелдеп, түйін жасап отырады. Кейіпкерлердің күн, ай сынды аспан денелеріне орайластырып қойылуының өзінде де мән бар. Бұл тәңіріне пір тұтқан түркі жұртының космологиялық наным-танымына қатысты есімдер. Түркі атауларымен қоса араб, парсы, иран есімдері де кезігеді. Күллі шығыс елдеріне мәлім Нұрышбан, Фаридун, Заххақ, Афрасиаб есімдері қазаққа да мағлұм. Кейіпкерлермен қоса алғанда дастанда аталатын есімдердің ұзын саны отыз екі, ал оның жиырмасы (ішінде Құраннан келтірілгенде есімдер бар) араб-иран есімдері.
51. Бәрінен де Атық ұлы, ірі де,
Хаққа түзу көңіліде ділі де.
53. Сонсоң, Фаруқ еді кісі сарасы,
Ділі-тілі сай, халықтың ең данасы.
55. Үшіншісі – Осман, жомарт, ақылды,
Таңдаулы ер, сақи, кең-мол, асыл-ды.
56. Пида қылды: барша малын, қосты өзін,
Пайғамбар да оған берді қос қызын
57. Әли – сонсоң, жігерлі, мәрт, сері ер-еді,
Жүректі, отты, ақыл-ойы кемел-ді.
238. Не себептен Заһһақ пасық датталды,
Ал Фараидун «жақсы» деген атты алды?
Аудармашы С.М.Ивановтың түсіндіруі бойынша Заһһақ – Иран елінің эпикалық аңыздарында айтылып жүрген легендарлық қаніпезер ел билеуші. Оның екі иығында жылан жатады-мыс, Заһһақ оларды адамның миымен асырайды екен. Фаридунт (Афридун) да – Иранның мифтік билеп-төстеушісі атақты Жәмшидтің тұқымы. Ол Заһһақты тақтан түсіріп тас қамал-үңгірге қамап тастапты.
Жер, ру, ел аттары көптеп аталады. Бірқатар ғұлама ғалымдардағы, жиһангез батырлардың, билеушілердің аттары ауызға алынады, немесе мифтер мен аңыздардағы кең тараған белгілі қасиеттері арқылы меңзеледі.
4710. Қане, әлемді қолына ұстап елірген,
Өзіне шаһар-бекет салған темірден.
Қайда, төбет, дүние кезіп шарлаған,
Қарақұс мініп жасыл көкке самғаған.
Қане, «Тәңір өзіммін» - деп бақырған,
Тәңірі өзін көк теңізге батырған.
Қане, дүние малын жиып алушы,
Байлығымен жер қойнына барушы?!
Қане Туар – Батыс кезіп, барлаушы –
Дүние тұтып, елді алып, жаулаушы.
4715. Қане, асасы жылан болып қолында,
Айырылап теңіз, жүріп өткен оны да.
Қане, дию пері, құсқа, адамға,
Ұлық болған, пейілі таза жаһанға.
Қане, өлікті тірілтіп жан ұшырған,
Ақыры ісін өлім торлап тұтылған.
Қане, адамның таңдаулысы ең ірі,
Құр дүние қалды, толық кеміді.
6547. Хұсырау, иә Қайсарша өмір бастайын,
Шәддәдуше бейіш бағын баптайын.
6548. Ескендірше бар жаһанды алайын,
Нұхтың жасын жасап ұзақ қалайын.
6549. Өзі болып қылышы жайдай Қайдардың,
Рүстемдей даңқпен жерді жайлармын.
6550. Не Иса боп ұшіп көкке шығайын,
Нұшырбайдай әділ заңды құрайын!
Жүсіп Баласағұнның «Құтты білік» дастанындағы осы сипаттардың өзі өркендеген іргелі мәдениеттің, қалыптасқан жазба мәдениетінің мәуесі екендігінің дәлелі. Ақын жалпы дастанның текстінде шамамен төрт жүздей кірме араб, парсы сөздерін қолданған. «Құтты білік» араб, парсы әдебиетінің, мәдениетінің ықпалы, әсері болғанымен де, қоспасы аз, таза түркі тіліндегі шығарма.
Жаратылыстану, математика ілімдеріне қатысты терминдер, ел-жер, кісі аттары да ерте орта ғасыр сипаттарын көзге тосады. Дидактикалық сарындағы ақылман дастанның жанрлық табиғаты тереңнен, әрідегі ғасырлар қойнауындағы өркениет топырағынан тамыр байлағанын шығарма.
Сәлем, мадақ Расулге Ол таңдаған,
Достарына және сәлем сандаған.
Бұл бәйіттегі Ол деген есімдік бас әріппен жазылып Құдай деген сөздің орнына қолданылып отыр. Расулдың достары деп ақын Мұхаммед пайғамбардан кейін халиф болған төрт сахабалар туралы айтады:
Әбу Бәкір (632-634), Омар (634-644), Осман (644-656), Әли (656-61) [ 24, 272-285].
Достарыңызбен бөлісу: |