2.2 Жүсіп Баласағұнның «Құтты білік» еңбегі көркемдік айшықтарының көрінісі
Өзінің этикалық принциптері жағынан ол Орта азиялық әдет нормаларын негізге алады. Дастанның мазмұны түсінікті, құрылысы қарапайым. Дастан оқиғасына аз ғана топ адам қатысады. Шығарма сюжеті осы адамдардың өзара әңгімелесуі, сөйлесуі, кеңесуі арқылы дамиды: данышпан Одгурмыштың Әлікбекке айтатын ақылдары немесе Карун мен Шеддед араларындағы кеңес сөздер ретінде келеді.
Поэманың құрылысындағы бір ерекшелік деп оның диалогқа құрылуы болып табылады. Бұл әдебиеттегі муназар формасы екенін бір дәлелдесе, екіншіден, ауыз әдебиетіндегі айтыс жанрының да мол әсерін танытады. Сонымен дастан өзінің стилі жағынан «Құтты білік» дәстүр мен ауыз әдебиеті үлгісін ұштастырған еңбек болып табылады. Онан Орта Азия тұрғындары мәдениеті мен көшпелі тайпалардың мінез-құлқы, көркемдік талғамы байқалады.
Поэма 73 тарауға бөлінеді. Алғашқы тарауында дәстүр бойынша құдайға сыйыну орын алады. Ақыл мен білімнің маңызы, сөз өнері, шешендік дәріптеледі. Күндудының билігі әңгімеленіп, нағыз әділ адам бейнесі жасалады. Мұнда адал би болса екен деген арман қозғалып, ақылды, әділ басшы идеалы суреттеледі. Айтолды мен Күнтудылар осындай адамдар еді делініп, олар Бограханға ақылшы етіп көрсетіледі.
Поэманың негізгі тарауларында ақыл, өсиет, тәлім, тәртіп уағыздалады. Ханның өз қарамағындағыларға қамқор болуы тіленеді. Ол өз отбасында, қонақта, елшілері мен қызметкерлері арасында қандай істер істеу керектігі, өзін қалай ұстаса жақсы болады деген сұрақтарға жауап беріледі.
«Құтты білік» дастанының тіл көркемдігін арнайы зерттеген А.А.Валитова дастан стилінің біркелкі емес екенін, оның әрбір бөлімі өзінің көркемдігі жағынан әр алуан екендігін атап көрсетеді. «Дастан стиліне дидактикалық ғақлия, философиялық поэзия мен публицистикалық аңыздау тән, оның көркемдік құны да осынысында», - дейді зерттеуші.
Дастанда дәулетқұмарлық,дүниеқорлық, байлық, мансапқа құштарлық та сыналады.
Дастан негізінен екі жолды шумақтардан тұрады. Оның сөздері қазіргі тілімізге аудармасыз да түсінікті.
Ауыздан бірде от, бірде су шығар,
Бірі жанса, бірі сөндірер.
Аққан су ол – жақсы сөз,
Қайда ақса, сонда гүл өсер...
Осы мысал болған өлең жолдары ақыл беріп, білімді болуға, ақылмен іс қылуға, сөз күшін бағалауға үндейді.
«Құтты білік» шығармасында Богра ханға арналып айтылған мақтаулармен бірге басқа да көптеген нақылдар бар. Ондахан өз тұсындағы қоғамдық топтарға қалай қарауға тиіс, олардың хандықтың нығая түсуіне қаншалықты пайдасы тимек деген сұрауларға жауап беріледі. Оның ішінде керуеншілер, саяхатшылар, егіншілер, малшылар, қолөнершілер жайы, шаруалар мұңы туралы айтылады. Оларға адамша қарап, олармен санасып отырса ғана ханның даңқы аса береді дейді ол.
Саяхатшы, керуенші
Алыс жерде жүрмесе,
Інжуді кім табар еді?
Олардың бәрін ішке алып,
Аралассаң қажет табылар.
Солармен ғана, сенсеңіз,
Даңқыңыз жұртқа жайылар, -
деп поэманың авторы Бограханға сауда-саяхат адамдарымен санасып, сыйласып отыруды ұсынады. Осындай ақылды Жүсіп Баласағұн шеберлер, ұсталар, ершілер, тасшылар, оқшылар, шешендер, қолбасылар турасында да айтады.
«Адамның тағы бір түрі шебер, өмір қаражатын табу үшін, олар қолдан өнер шығарады. Бұлардың бәрі саған қажетті адамдар. Өзіңе тарт, олар саған пайда келтіреді» деп үгіттейді.
Ауыл шаруашылығы кәсібіндегі егіншілер мен малшылар туралы автор осындай ақыл айтып, ханның бұларсыз күні жоқ екенін, сондықтан бұларға тиесілі түрде қарау керектігін ескертеді.
Бограхан елді басқару әдісі мен жаулап алған жерлерге тәртіп орнату тәсілдері жөнінде де ақыл айтылады. Елді өз қолында ұстау үшін бірыңғай күш қолдану, қылыш жұмсай жеткіліксіз, қол астындағы халыққа ақыл-айламен айтқаныңды істете білу қажет деген пікір білдіреді.
Қылыш ел тоздырар һәм бұдұн қазалар,
Ел тозар һәм қазына азар...
Әркім туған нәрсе өлуі керек
Әр нәрсенің аяғы тәмәм болмақ.
дей келіп, адам баласы ізгі ниетте болуы тиіс, өлім хақ, тірлікте қаншама асып-тасқанмен түбі бір өлім, онан да ел-жұрттың қамын ойла, дүниеқорлыққа салынба деген тұжырым жасалады. «Кісілігімен атын көтереді кісі», дейді ол.
Адамға ақылмен іс қылу ең ардақты қасиет, ал ақылсымақ адам – жеміссіз ағаш, ол ешкімге пайда бермейді. Ел бірлігі нығайса, хан билігі күшеймек, ел бірлігі ең жақсы қорғаның; аш-жалаңашқа қарас деп үгіт айтады. Жүсіптің бұл пікірлері оның моральдық көзқарасын танытады. Ең алдымен, елге, халыққа жайлы болып, адамшылыққа сай іс қылуды аңсайды. Ел дәулетін арттыратын кәсіп иелеріне дұрыс қарауға шақырады.
Зерттеушілердің пікіріне қарағанда, «Құтты білік» шығармасы әлемдік әдебиеттің елеулі ескерткіші. Ол Орта Азия халықтарына ортақ қазына. Бұл – жазба әдебиетіміздің XI ғасырдағы ортақ үлгісі екенін сипаттайтын шығарма.
1890 жылы академик В.В.Радлов өзінің түсіндірме сөздігінде бұл дастанға жоғары баға береді. Оның бір кездегі тарихи оқиғалар негізінде туған әдеби шығарма екенін айта келіп, дастанды бастан-аяқ екі жолды 11 буынды өлеңмен жазылған ғибрат сөз, шебер афоризм деп мақтаған.
Шығыс зерттеушісі В.В. Бартольд Жүсіп Баласағұн дастанына көңіл бөліп, оның маңызын ерекші атаған. Онда парсының дидактикалық әдебиетінің әсері бар және автор жергілікті түрік халықтарының нақыл сөздерін, ауыз әдебиетінің образдарын жақсы пайдаланған деп көрсетті.
Е.Э. Бертельс өз еңбектерінде Баласағұн дастанының ерекшеліктері туралы сөз қозғап, оның жазба әдебиет пен ауыз әдебиеті негізінде жазылған шығарма екенін атап өтеді, онда ескі түрік эпосының әсері де айқын деп таниды. Ол: «Баласағұн өз поэмасын көшпелілер талабына сай жазған... Поэманы түгелдей қарахандақтар тілегін көрсететін шығарма деуге болмайды. Дастанда дәстүрге көп көңіл бөлінген. Автор билердің табына жатпайды. Үстем тап өкілдерінің сөзін қолдаса да, адамгершілік идеясын жоғары көтеріп, әділдік, ұстамдылықты әр уақыт ханнан талап етеді. Дегенмен, Бартольд та, Бертельс те «Құтты біліктің» мазмұнын терең тексермей, оны не Иран әдебиетінің үлгісі деп танып, не бір ғана көшпелі елдің тұрмысымен байланыстырмақшы болған. Шынына келгенде, «Құтты білік» шығармасы қала тұрмысы мен бақташылық тұрмыс қатар айтылып отырады. Тіпті қала тұрмысы мен мемлекет идеясы басымырақ деуге болады. Мұнда көбірек ұшырайтын адамдар қалада тұратын әкімдер, саудагерлер, шеберлер, оқымыстылар, олармен бірге мал өсіретін бақташылар, егіншілер. Сондықтан бұл шығарманы егіншілік-отырықшылық пен мал өсірушілк тұрмысын бірдей қамтыған шығарма деген орынды.
Ескерткіштің тілі турасында да Бертельс өз пікірін айқан. «Құтты білік» дастанын зерттеуші ғалымдар оның тілін шартты түрде ұйғыр тілі деп атап жүр. Дұрысы, оның тілі түрік тілдерінің шығыс тобына жатады, яғни қазіргі өзбек, қазақ, қырғыз тілдеріне жақындығы бар, бірақ түрікмен және азербайжан тілдеріне жақын емес дейді зерттеуші.
«Құтты білік» поэмасын зерттеп, келелі пікір қозғап жүрген А.А. Валитова «бұл дастан тек Орта Азия мен Шығыс Түркістанның XI ғасырдағы қоғамдық санасы мен тілін зерттеу үшін керек ескерткіш ғана емес, бұған қоса ол көп жерлерде әлі эстетикалық маңызын жоймаған еңбек, қазірдің өзінде де ол оқушылардың назарын аудара алады», - дейді.
Жыраудың тілінде арыстандай айбатты, сауысқандай сақ, түлкідей айлакер, данышпандай ақылды, меруерттей көрікті деген сияқты теңеулер қолданылады. Басқа да қанатты тіркестер, ойлы тұжырымдар көп.
Осы ертезамандық ескерткіштің тілін арнайы даярлығы жоқ оқырман түсіне бермейді. Сондықтан ескерткіштер тілін қазіргі тіл талабымен қарамай, оның ерекшелігін ескере отыру қажет.
Өзінің философиялық лирикаларында дастан авторы кәрілікке қарсы пікірлер айтады. Бұл Орта Азия әдебиетіндегі дәстүрлі форма болатын. Рудаки, Ессауиден бастап біраз ақын кәрілік туралы өлеңдер шығарған.
Осы сияқты, қазақ әдебиетінде сақталып қалған «Наурыз» жырларына ұқсас көктем жыры, табиғатты суреттеу кездеседі. Көктем табиғаты жібекке, түрлі әшекейлі бұйымға салыстырылып, көтеріңкі жырланады. Көгі мен көлі мол шексіз дала, аспанмен таласқан кең алқапты заңғар таулар, көктем табиғатының көз тұтар көркі өте тартымды және адам баласы мен жан-жануардың шат көңіл-күйіне бөлене сипатталады.
С.Е. Малов «Құтты білік» дастанының мазмұны туралы бір маңызды еркертпе жасайды. Ол Жүсіп Хас Хажибтің шығармасы «Құтты біліктің» ішінде «Көктем сипаты» бөлімі ерекше көркем шыққан дей келіп, осы бөлімнің «қанат қақты, қайнады» деп басталатын жолдарын қазақ ақыны Шәңгерей Бөкеев өлеңімен салыстырады. Шәңгерей Көлборсыны, оның бетінде дамылсыз қанат қаққан құстарды бейнелеуі, Жүсіп Баласағұн шығармасына үндестік белгісі деп таныған.
«Құтты біліктің» мазмұнында қазіргі қазақ түсінігіне қонымды жолдар аз емес, әсіресе, Айтолды мен Әлікбек арасындағы кеңестер осындай ақыл, өсиет, нақылдарға толы:
Тумақтың өлмегі бар.
Тәңірдің қалағаны болмағы бар.
Өмір деген өткінші желдей асар.
Оны кім тоқтатып күшін басар.[30, 44-47].
«Құтты білік» шығармасын жазу үстінде Жүсіп өзі пайдаланған әдебиеттер көзінен де мол хабардар етеді. Жүсіп Баласағұн заманында әдебиеттерді пайдалану жолы көбінесе «дана айтады, білген айтады,ябғу сөзі, түрікше сөз, шайыр айтады, тәжік ғалымы айтады» түрінде сілтеме жасауымен нақтылы деректер көзінен мәлімет беріп отырады. Дастанда пайдаланылған әдебиеттерге сілтеме жасаудың бұл түрі екі жүзден асып жатуы жете көңіл қойылып, арнайы зерттеген кісі көп шындықтың төркінін аша алады. Жүсіп әсіресе халық ауыз әдебиеті үлгілерін барынша мол пайдаланғаны дастандағы кісі аттары, аңыз-әңгімелер, мақал-мәтелдер, шешендік сөздерден де көрінеді. Мысалға алар болсақ: қазақтың «Сөздің көркі – мақал», «Ауру қалса де, әдет қалмайды», «Қартайғанда дәулет бер, жастығымда бейнет бер», «Есік көргенді алма, бесік көргенді ал» деген секілді мақал-мәтелдердің арғы төркіні тым алыста жатқандығынан хабар береді [31, 24-26].
«Құтты білік»дастанының басты идеясы төрт принципке негізделіп жазылған. Біріншісі, мемлекетті дұрыс басқару үшін қара қылды қақ жаратындай әділ заңның болуы. Жүсіп әділдіктің бейнесі ретінде Күнтуды патшаны көрсетеді.
Екіншісі, бақ-дәулет, яғни елге құт қонсын деген тілек. Бақ-дәулет мәселесі дастанда патшаның уәзірі Айтолды бейнесі арқылы жырға қосылған.
Үшіншісі, ақыл-парасат. Ақыл-парасаттың қоғамдық рөлі уәзірдің баласы Ұғдүлміш бейнесінде жырланады.
Төртіншісі, қанағат-ынсап мәселесі. Бұл мәселе дастанда уәзірдің туысы, дәруіш Одгүрміш бейнесі арқылы әңгіме болады.
Композициялық құрылысы жағынан дастан 6520 бәйіттен (екі жолдық өлең) тұрады. Бұл – 13 000 өлең жолы деген сөз. Соның бәрі 85 тарауға бөліп берілген. Шығарманың негізгі бөлімдері екі жолдық месневи түрінде жазылған. [32, 21-35].
«Құтты білік» дастанының жазылу тілінде шығыс әсіресе, араб-парсы сөздері жоқ емес. Дастан хасида стилімен жазылған. Хан-хақандарға арналған бұл шығарманың көтеріңкі, хасида стилімен жазылуы – заңды құбылыс. Солай бола тұра «Құтты білік» дастаны салт жырларының дәстүрі басым шығарма. Сондықтан Жүсіп Баласағұнның шығармасында бір ғана шығыс әсері үстем деуге болмайды. Түркі тілдес тайпалардың тіліндегі сан түрлі тұрмыс-салт жырлары сол кездің өзінде-ақ аз болмаған. Олар айтыс, толғау түрінде айтылған. Толғауларда халықтың мұң-мұқтажы мен ой-арманы жырланса, Жүсіп Баласағұнның шығармасында көбіне хан-хақандар ортасының салты жырланады. Осы орайда белгілі шығыстанушы ғалым Е.Бертельстің «Құтты білік» дастанын «Қабуснама» жазбасымен салыстырады. Кейбір зерттеушілер оны орыстың ертедегі «Домосрой» үлгісіндегі әдебиетке теңеді. Жүсіп Баласағұнның шығармасындағы реализм сарыны, мазмұны байлығы жағынан «Қабуснама» және «Домосрой» кітаптарынан анағұрлым тереңірек.
«Құтты білік» дастанын зерттеушілер оның жазу стиліне қатысты парсы әдебиетіне еліктеуден туған деген пікір ұзақ уақыт айтып, ғылыми ізденістерге жол бермей келген. Е.Бертельс: «Дастанның өлең өлшемі сол кезде қалыптаса бастаған түркі тайпалардың қара өлең не болмаса 7-8 буынды жыр үлгісіне ұқсамайды, Жүсіп иран әдебиетіндегі мүтәкарриб өлшеуін қолданған», - дейді. Бұлай болғанда, Жүсіп түркі әдебиетіндегі өлшеуді алмай, парсы әдебиетіндегі үлгіні алған болып шығады. Фирдоусидің «Шаһнамасы» осы өлшемде жазылған. Бірақ Жүсіп дастанының тілін, өлең өлшеуін бұлайша бағалаудың ғылыми негізі мен шындығы шамалы. Себебі, мүтәкарриб – түркі әдебиетінде қолданылған өлшеу емес. Дегенмен де, «Құтты білік» мазмұны да, тілі де, өлшеуі де В.В. Радлов жинап бастырған «Оғызнама» аңызына жуық келеді. «Оғызнама» дастанындағы:
Бір кіз бар эрді, жалғуз олтурур эрді.
Жакші көрүклүг бір кіз эрді.
Ануң көзу көктүн көкрәк эрди, - деген жолдар мен
«Құтты білік» шығармасындағы:
Янут ерді Ұділміш айди сөзің,
Ешитим ешітсің ажурма юзің, - деген жыр жолдарының айырмасы жоқ есепті. Соңғы мысалды мүтәкарриб өлшеуі деп айту қиын. Мұның әр жолы – үш бунақтан құралған 11 (4-3-4) буынды өлең. Бұл сол кездегі түркі поэзиясында кездесетін қара өлең өлшеуіне сай келеді. Оны:
Не пайда ғұламалар тіл қатпаса,
Білімін жиып-терген бос сақтаса, - деген жолдар да анықтайды.
«Құтты білік» дастанының тіл ерекшіліктері тұсында да араб-парсы әсерін асыра бағалаушылар аз болмады. Олардың ішінде осы шығарманы жаңалық емес, парсы әдебиетінің көшірмесі дегендер де болды. Ондай зерттеушілер өз пікірлерін дастандағы ислам әсерін, араб-парсы сөздерін дәлел ретінде тартады. Бұл түркі әдебиетін ислам ұғымындағы мазмұны бір, түрі бөлек басқа тілде жазылған әдебиет деп танудан туған ұғым болды. Олар араб, парсы, түркі тіліндегі әдебиетті бірыңғай ислам дәстүрі деп қарап, түркі поэзиясын ислам әдебиетінің үшінші тілі ретінде бағалады.
Мұндай пікірлерге қарсы қоярлық дәлелдер аз емес. «Құтты білік» және сол заманғы түркі әдебиетіндегі туындылар бір ғана ислам мәдениетінің жемісі деуге болмайды. Өйткені бұл әдеби жазба мұралардың басты тақырыбы дін емес, түркі тайпалардың әлеуметтік өмірі, тұрмыс-салты екендігінде дау жоқ. Жүсіп араб және парсы сөздерін орынсыз қолданбайды тек ретіне қарай, тың мағыналы лұғат болмаған жерде ғана қолданғандығы көрінеді.
Сән аймыш бул сөзбарша андағ тутур,
Ақийқат көру барша тілдағ турур, -
деген жолда бір ғана (хақиқат) араб сөзі бар. Тынысбек Қоңыратбаевтың айтуынша, «Құтты білік» дастанының тілі ежелгі қарлұқ, ұйғыр, үйсін, оғыз тілдерінің үлгісіне жуық келеді. Ажурма, аймыш,оғдурмыш дейтін сөздер – ескі оғыз тілінің үлгісі. «Оғуш» Орхон дәуірлерінің жазуларында кезігеді. дастанның тілінде оғыз, ұйғыр тілдеріне сай келетін барыс, табыс, тәуелдеу жалғаулары көбірек кездеседі: юзің, Ұғдырмышқа т.б. Жазғызақ «ж»орнына «и», «с» орнына «ш», «з» дыбыстары көбірек қолданылады. Бұл дыбыстар да түркі тілдеріне тән белгілер [33, 13-14].
Ал, шындығында, қазақ жыры әу бастан абстракциялық солықтаулардан ада, бедерлі де тегеурінді, берік бітімді поэзия. Керісінше, әсем саз, әсіре сыршылдықты ғана күйттеп кетпейтін, ойшыл және нақты-бейне поэзия үлгісі. Осы сипаттарды әсіресе ежелгі түрік жырларынан, оның ішінде «Құтты білік» дастанынан жақсы пайымдауға болады. Түрік-қазақ поэзиясына ежелден етене тән сипаттар: метафора өзегіндегі нақтылық, дәлділік, ой-толғам желісіндегі өмірлік тәжірибе, тұрмыс-тіршілік диалектикасынан туған айқындық, троптар жүйесіндегі қолмен қойғандай тиянақтылық – осылардың бәрі де араб-парсы саздары басым көрінетін жалпы шығыс әлемінің көркемдік-эстетикалық шарттылықтарынан мүлде бөлек қасиеттер. Поэтика тарихындағы әр кезеңде әрқилы көрінгендігімен, бұл сипаттардың өзегі бір көркемдік заңдылықтары қазақ поэзиясының бұрын-соңды ерекше қасиет-қисындарын, ішкі-сыртқы өлеңдік табиғатын, дүние поэзиясы алдындағы өз үнін айқын, ашық танытады. Мысалы, дастандағы:
Арыстан мінсең, қылышыңды қамшы қыл!
Жауды көрсе – ердің жүзі қызарар,
Жауға кірсе – жердің жүзі қызарар!
Таяқты жауға темір қалқан дайында! –
деген жолдарда хас поэзия емес деп ата алмаймыз. Олай болса осындай бітімді жыр үлгісін басқа дүние поэзиясын кездестіре алмаймыз. Бұдан да әсерлі, бұдан да қуатты поэтикалық тізілімдер болуы мүмкін, бірақ мына жаратылыс қайталанбайтын қуатты, күрделі құбылыс.
Ұлттық бояуы қанық осындай поэзия үлгілерін бес ғасыр жырауларынын да аса жиі кездестіреміз.
Поэтикалық дәстүрдің осы арнасының өзі-ақ қазіргі қазақ жырының тарихи поэтика заңдылықтарын тереңнен аша түсетін толымды үрдіс. «Құтты білік» - дәстүр, поэтикалық таным биігін білдіретін арнайы дәстүр.
Бұл сипаттама этикалық-даналық дастанның өз заманындағы, өзінен бұрынға көркемдік, философиялық үрдіспен, кейінгі өзіне тектес әдеби-эстетикалық өркендермен тікелей тамырластығынан, рухани үндестігінен танылады. Жүсіп Баласағұнның дүниетаным, біліктілік тұрғыда сол кездегі әлемге мәлім ойшылдармен қанаттас түсіп отыратындығы көрініп тұрады. Неміс зерттеушісі, дәрігер Отто Альбертстің: «Юсуф в молодые годы являлся наследователем и даже учеником Авиценны», - деп топшылануы тегіннен-тегін емес. Егер ілім философиясынан андай аналогияларды іздер болсақ, «Құтты білік» дастанындағы әлеуметтік ойлар желісін ағылшын Адам Смиттің «Богатство народов» (1775 ж.) атты әйгілі де абыройлы еңбегінің үндес идеяларымен ұштастыруға болады. Бірақ рухы туыс Күлтегін жазуларымен, Аристотельден кейінгі «екінші ұстаз» Әбу Насыр әл-Фараби даналығымен, қазақ бес ғасыр ойшылдарымен, Ұлы Абай философиясымен табиғи жақындығы әлдеқайда берік, жанды жалғастық ретінде қадірлі. Дана Фарабидің қуатты қоғам, бақытты мемлекет туралы толғаныстары дүниежүзі ойшылдарынан лайықты бағасын алған. Осы әл-Фараби даналық ойлары мен Жүсіп Баласағұнның әлеуметтік-эстетикалық көзқарастарының сабақтастық желісі айқын аңғарылады. Фараби әлеуметтік трактаттарында ақыл, білім, ғылымның пайдасын, адамның құт-бақытты, жақсы әкімдердің құлық-табиғаты туралы көзқарастарын білдірсе, «Құтты білік» дастанында осынау әлеуметтік мәні терең ой-толғамдар өлеңмен, дидактикалық поэзия үлгісімен көркем жырланады. Әбу Насыр әл-Фарабидің «Қайырымды қала тұрғындарының көзқарастары», «Данышпандықтың маржаны», «Бақытқа жету жайында», «Мемлекет қайраткерлерінің нақыл сөздері», «Ақылдың мәні туралы трактат» тағы басқа әйгілі туындыларының ой-идеяларымен «Құтты білік» дастанындағы аналогиялық толғам, философиялық түйіндер бір мәдениеттің, бір өркениеттің, заман мен әлеуметтік жағдай ғана емес, бір тектес ел-жұрт тіршілігі тұтастырған бір дүниетанымның жемістері. Екі ғұламаның ел, ел басы, қоғам туралы ой-толғамдары бір арнадан тоғысып отырады. Екеуі де адамгершілікті, имандылықты, мейірім-рахымшылықты адам баласының асыл қасиеті ретінде жоғары қояды. Парасат, білімді адамшылықтың алды деп таниды. Барша жұртты тең көруді, тең көріп, еңбегі мен парасат пайымына қарай бағалауды парық деп біледі. Әлеуметтік салмағы зор «Құтты білік» дастанының көркемдік-танымдық сипаттары, күллі қасиеті өз тұсындағы, өзіне дейінгі ойшылдар мен зерттеушілердің талантты туындыларымен астастыра қарағанда кемелдене, барынша айқындала түседі. Жүсіп Баласағұнның көркемдік әлемі осындай тектес құбылыстармен сабақтастыра қарағанда ғана қатпарланып, даралана көрінеді. Бұлардың арасында ірі көркемдік-танымдық құбылыстардың басын тоғыстырған үлкен мәдени-шығармашылық заңдылық бар. Қандай да құбылыстың, болмысқа эстетикалық көзқарастың ішкі табиғаты, белгілі бір дәстүр өзегінде түзілген, өсіп-өнген топырағы болатыны белгілі. Классикалық көне түрік поэзиясының алғашқы кітабына да осы тұрғыда қараған жөн. Осыншама кемел де келісті поэзия шығармасы, келісті кітап бірден дүниеге келе қоймағаны күмәнсіз. Бұл орайда түрік дүниесінің біртуар айтулы құбылыстарынң ішкі дәстүрлі байланыстарына зерделей үңіліп, тереңінен талдауды қажет ететін тұтас бір этностың этнологиялық өркендеу желілері қойындасып жатқан күрделі жүйе. Сол құнарды топырақтың қазіргі алуан түсті, түбі бір, топырағы ортақ түркі тілдес халықтардың кейінгі мәдениетіне ұласу тұсындағы жұмбақтары қызық та мәнді- мағыналы мәселелер. Жүсіп Баласағұнның творчествосы үлкен бір кезеңді сан қырынан танылатын бірегей бітімді туынды. Дастан Орхон-Енисей жазбалары тарихи ескерткіштері болуымен қатар, поэзия туындысы екендігі анық. М.О.Әуезов: «Осынау өзіндік көркем мәнері басым, көркемдік өрнектерінің түйінді заңдылықтары айқын дерлік жырларының көркемдік-эстетикалық нышандарының кейініректегі «Құтты білік» сияқты шығармалардан бой көрсетуі тұтас бір әдеби дәстүрдің болғандығының бір айғағы.
Дастанның өз заманының ескерткіші болғандықтан, рухының, сөз орамдарының, тілдік-стильдік ерекшеліктерінің тектестігі анық. Оның сыртында ел, жер, кісі аттары, бірқатар тұрақты сөз тіркестері, ой орамдары, тарихи кезең мен әлеумет сипаттарын білдіретін ұғымдар Жүсіп Баласағұнның дастанында кезігіп отырады. Олар ономастикалық, антропоним сөздер, жүздеген жекелеген сөз, тілімізге қазіргі таңда да жиі қолданылып келеді. Сына жазулары мен «Құтты білік» арасындағы дәстүрлі байланысты тек қана түркі сөздерінің біртектілігінің лексикалық бейнелігінен ғана емес, поэтикасынан, көркемдік заңдылық шарттарынан да танимыз. Орхон-Енисей жазбалары – тарихи шежіре, жылнама рухындағы шағын дастандар. «Құтты білік» -этика-философиялық дастан. Руна жазуындағы жырлардың эпостық сазы, рухы қазақ эпосы мен батырлар жырымен үндесетін болса, бір жағынан , тілге тиек етіп отырған дастанмен де етене қойындасып кетеді. Мәселен, түркілердің көркемдік таным дүниесіне тән үлгідегі бір ғана дәстүрлі эпитеттерден-ақ «алып ер», «қара жер», «шырын сөз», «қызыл қан», «қара тер», «қасиетті жер-су» деген ортақ заңдылықты, жаратылысынан біткен жақындықты алуға болады.
Жүсіп Баласағұн «Құтты білік» шығармасының алғашқы тарауларында әуелі әуе, көк, жер, арасында адам жаратылғанын айтады. Қазақ зерттеушісі Н.Келімбетов «Қазақ әдебиетінің ежелгі дәуірі» атты еңбегінде И.Н. Стеблеваның зерттеулеріне сілтеме жасай отырып, Орхон-Енисей жазуларының композициялық құрылымының принципті белгілерін талдап көрсеткен: «Ежелгі түркі поэзиясына тән дәстүр бойынща, осындай әрбір циклдің өзі міндетті түрде үш элементтен түратын болған: 1.Оқиғаның басталуы; 2.Оқиғаның желісі біртіндеп ұлғаюы; 3.Осы циклде айтылуы керек ой-пікірлердің түйіні . Осындай сюжеттік реттілік «Құтты білік» дастанында да байқалады. Бірқатар бәйіттерде, кітап ішіндегі тарауларда, кітаптың тұтастығында тұйықталып отыратын сюжеттік заңдылық сақталған. Олар оқиғаның, ойдың басталуы мен дамуы, өрбуі, айтпақ болған түйін, тиянағы.
Аю, түлкі, бөрі, қозы, арыстан т.б. хайуанаттар жаратылысының ерекшеліктерін адамның әр түрлі мінез-құлқын бітімін таңбалайтын баламалар ретінде сипаттап қолдану да дастанның поэтикалық тарихилығының мысалдары болады:
1040. Құт дарыды, өсті халық өрісі,
Бірге жусап, өрді қозы, бөрісі.
449. Тәртіп орнап жұрт байыды, білісті,
Бөрі мен қой бірге тұрып су ішті.
2310. Қарысқанда – керек ірбіз білегі,
Жауласқанда – арыстанның жүрегі.
Доңыздай доң, аш бөрідей азулы,
Ызалы аюдай, дәл қодастай ашулы.
Аяр болса қызыл түлкі секілді,
Кекшіл болса хас бурадай кесірлі, -
секілді бәйіттердегі теңеулерде Жүсіп Балсағұнның дала поэзиясының малсақ қауым түйсігіне жақын жерлерін білдірсе:
1218. Сабаз ердің сөзін ұқ та, біле бір:
«Сабар етсең – бұзылған іс түзелер!
Сабырлы ер өз тілегенін табады,
Сабырлы аушы, шыдаса ақ құс алады!» -
деп, адамшылық, қайсарлық, табандылық, сабырлылық, кісілік сияқты қасиеттердің пайдасын ақ құс деп мұратына жеткендігін және де жететінін бейнелеп жеткізеді.
«Құтты білік», бір жағынан, ақылнама өсиет сөз. Өмірдің өз табиғатынан, тұрмыс толғамдарынан туған даналық. Сол ақыл сөз, тағылымды толғаныстар уақыт өте келе түрленіп, құбылып, мақал-мәтелдерге, нақыл, қанатты тіркестерге айналған. Он ғасыр бойына мәйегін сақтап, сүйегін бұзбай, қазіргі қазақ тілінің шұрайына айналу үрдісі айтуға ғана жеңіл трансформация. Оның үстіне, «Құтты білік» дастанындағы қанатты сөздердің бәрін Жүсіптің ғана төлтумасы деп айта алмаймыз. Бүкіл бітімімен, поэтикалық айшықтарымен сол заманның түркі жұртының тіл байлығынан алынғаны да баршылық. Бұл пікірді М.Қашқаридың сөзінен тірек еткен дұрыс болады. Ол өзінің атақты сөздігінде: «мен ең бір қызыл сөзге жүйрік түркілердің бірімін, бәрінен жақсы түсінісемін, бәрінен жақсы түсінемін, тегімнен ең бір жауынгер, өжетпін, ең бір озығымын, - дей отырып, - түркілердің күллі шаһарларын да, сахараларын да бастан-аяқ аралап шықтым. Түркілердің түркімен, оғыз, шығыл, йағма, қырғыздардың сөздерін анықтап шығып, олардан үйрендім, пайдаландым. Сонымен, олардың әрбірінің тілі менің діліме етене жақсы үйреністі. Мен оны мұқият реттеп, әбден тәртіпке салып шықтым. Әрі бітпес-түгесілмес бір байлық болып қалсын деп, ұлы тәңірге сыйынып, бұл кітапты түзеп шықтым да, оған «Диуани лұғат-ит-әлтүрки» - «Түркі тілдер диуаны» деп ат қойдым», - деп жазады. Осы саралап талдауларға қарағанда, Жүсіп Баласағұнның шығармасындағы айтылған «хан тілінде», «хақан тілінде» деген тіркестерге назар аударсақ, жалпы түркі қауымына ортақ мемлекеттік тіл ұғымы болуы мүмкін. Осы дастандағы афоризмдердің бүгінге жету жолын, түрлену үрдісінің көріністерін шартты түрде былай жіктеуге болады:
Жұмырланып, жетіліп тілдің поэтикалық ерекшеліктерімен ұшқырланып мақал-мәтелге, шешендік сөзге, қанатты сөзге, өнегелік шағын шумақ, жырларға айналып, халық санасына, әдебиетке шығармашылықпен сіңу арқылы жеткен толғамдар; Мысалы:
5217. Шайтан ісі – абдыраған, асыққан,
Асыққан іс ығын бермей жасытқан .
Қазақ мақалы: «Асыққан – шайтанның ісі»;
533. Кісі сүйсе айыбы асыл көрінер,
Сүймесе егер, асылы айып көрінер.
Халық мақалы: «Сүйгеніңнің шұнақтығы байқалмас»
Түпнұсқадағы сол күйінде, қаз-қалпында сақталған ұлағат, өсиет сөздер; Мысалы: «Ұлық болсаң, кішік бол» 4532.
«Ақыл көркі – тіл, тілдің көркі – сөз,
Адам көркі – жүз, жүздің көркі – көз» 274.
Мағынасы, мәні, өзігіндегі нәрі, өміршең қағидасы жаңы сөз тіркесімен, жаңа үлгімен жеткен ой-толғамдар; Мысалы:
4116. Өзіңнен де зорлар сөзін қозғаса,
Құлағың сал, сөйлеп әуре болма аса.
Мақал: «Аузы қисық болса да, байдың ұлы сөйлесін»
Абай: «Күштілерім сөз атса, бас изеймін шыбындап»
3667. Ас – арқауың, онсыз күнің қараңғы,
Құлқын-өңеш билемесін адамды.
Мәтел: «Ас – адамның арқауы»
«Құлқының құлы»
Халықтың наным-сеніміне, ырым-нанымына, салт-дәстүрі мен әдеп-танымының көрінісіне айналған, тұрмыс, этика шарттарына сіңген ұлағат, өсиет сөздер; Мысалы:
4130. Қол созба асқа, тұрған кісі алдында,
Ал, ей, зерек, қойған асты алдыңа
4129. Оң қолмен ал қойған асты алдыңа
4132. Әйелдердей түсіп кетпе қызығып,
Әйелдердей және қалма сызылып.
Тіршілік-тұрмыстың үлкенді-кішілі заңдылықтарына айналған рәсімдер; Мысалы:
4212. Өсекшеге араласпа жақындап,
Өсекшінің өртер тілі лапылдап
4615. Аузыңды бақ, өнер содан кесел де!
4604. Әдептінің түр-түсі де әдепті.
3878. Айтарыңды сайлап сөйле жүректі ер!
3880. Сөйлемесең, сөзің саған құл болар,
Сөйлеп қойсаң, сені өзі құл қылар...
3705. Көңіл жақын болса, жақын алыс жер,
Көңілді бақ, алыс кейде қарыс жер!
Халық даналығына ұласып, ұлттық парасат-сана қисындарымен суарылып, мазмұнын байытқан толғаныстар. Мысалы:
1274. Тіршілікке алданбағын, өшеді,
Дүниеге алданбағын көшеді!
929. Жамандықты қусаң, азап шегесің,
Жамандыққа жақсылық қыл жеңесің!
159. Ақыл – бұйда, ере түссең- жетелер,
Сөйтіп арыз-тілегіне жетеді ер...
934. Ақылдылық – асылы ізгі жандардың,
Кішілікте кісілік бар, аңғарған...
Дастанның ойлары, насихат-уәзипалары осылайша алуан қырымен халқымыздың тұрмысына, салт-дәтүріне, санасына, әдебиетіне сіңіп, кең таралып кеткен. Шығарманың халық рухына осыншама қойындасып, біте қайнасып, өлмейтін өрелі сөзге айналуға сирек құбылыс. Бір жағынан, толғам тереңдігі, көркемдік шындықтың әлеуеті тәнті етсе, екінші жағынан, халықтың өр тәжерибесін, халықтың өз рухани тірлігінен еркін алып қолданған, игерген даналық сөздері, мақал-мәтелдері тілге орамды, жүрекке тиіп, баурап алады. Ойды ой жаңғыртып, ойды ой дамытып, сан ғасырлық әдеби көркем таным диалектикасын алға тартады. Шешендік сөздердің жанрлық табиғатынан байқалатын ой мен сөздің өзгеше ұшқыр жарастығынан туған ақылман түйіндеулер де орта ғасыр шығармасына жат емес.
Қазіргі қазақ әдебиетінің алуан қырлы жанрлық нышандарының бірқатар алғашқы белгілерін де осындай ежелгі дәуірдің құнарлы көркем дүниелерінен көреміз. Шешендік сөздердің, жұбату мен жоқтаудың, естіртудің, көңіл айтудың, түс жорудың, жоғарыда көрсетілген мақал-мәтел, афоризмдердің, өсиет сөздің, батырлық жырдың алғашқы түрлік, жанрлық белгілері. «Құтты білік» дастанының тағы бір маңызды қызметін аша түседі [34].
Текстің кез-келген жолдарынан афоризмге тән ұшқырлық, қанатты сөзге тән ұтымдылық көрініп тұрады. Кестелі сөз, көркем ой... Көркем ойдың төлтумасы көркем тіл. Троптардың басым көпшілігі ежелгі түркілердің нанымына, дәстүріне, көшпенді жұрттың тіршілік санасына жақын ұтымдардардан туындайды. Заман бояуларын қанық түсіреді. Бәйіттердің структуралық түзілімдері, ырғақ-сазы қанатты сөздерге, мақал-мәтелдің поэтикалық бітіміне іштартып тұрады. Ішкі ұйқастар мен үндестік үйлесім, сөздің поэтикалық трансформациясы, жалпы ой үлгілерінің ұшқырлығы және қанатты сөздердің, шешендік сөздердің бітіміне, философиялық түйіндеулеріне жақын, тұтасып келуі шығарманың тұтас стиліне, бейнелеу жүйесіне ерекшелік, белгілі бір поэтикалық тұтастық, теңесулері дәл де нақты. Бұл түркі өлеңінің тарихи қағидасы. Мысалы:
180. Тоғұғлы өлүр көр калыр белгүсүз,
Сөзүң езгү сөзлә өзүң өлгүсүз.
Ішкі мағыналық қуатына келер болсақ: Туған - өлер, селгісіз болып қалар, сөзіңді өзің өлмейтіндей жақсылап айт. Өмірдің өзіндей шынайы да қарапайым. Мақал, нақыл сөздер көбінесе айыспалы келер шақпен айтылып, әруақытқа да тән әрекет, ой-тұжырымды білдіріп тұрады. Бәйіттерде баяндауыштар үнемі бастайыштан кейін түскен шумақтар да баршылық.
Поэма ассонанс, аллитерация, анафора, символика, эпифора, қала берді полиптотон сынды суреткерлік айшықтарға бай. Ақын ішкі ұйқасқа, ішкі үндестікке жиі барады. Бәйіттің басындағы ассонанс, аллитерация ауық-ауық сөз арасындағы, сөз ішіндегі аллитерацияға ұласып кетеді.
187. Сеңә сөзлә дім мен сөзүм ай оқұл,
Сеңә берді бұ пәнд өзүм ай оқұл, -
алдыңғы, әрі соңғы сөздерді, бунақтарды тұтас, қаусыра ұйқастырады. Өлең техникасы аса жетік, еркін барынша табиғи таланттылықпен түрлендіреді. Алғашқы тармақтың соңғы сөздерін келесі тармақтың басында қайыра қайталау арқылы поэтикалық экспрессия тудыру үлгісін де кездестіреміз.
190. Кісіден кісіге өсиет сөз ол.
Өсеит сөзді ұстанса, жүз пайда ол.
Бұл үлгі қазіргі поэзияда М. Мақатаев, Қ. Салықов шығармашылығында да кездеседі.
Аллегория, гипербола, контраст, лаконизм, символ секілді әдеби мәнердің кесімді классикалық үлгілеріне үндесетін ақындық өрнектер уақыт көшінде жасымай, тотығып күңгір тартпай, саф алтындай сақталып жеткендігі өлең сөздің өлмейтіндігін дәлеледейді.
Образдың түзу әдістерінде де өзіндік ерекшеліктер басым. Көне дастан бір қарағанда қарапайым тілмен жазылғандай көрінгендігімен, жалпы көркемдік әсері тегеурінді, өзінше бір поэтикалық ойлау жүйесі көзге ұрып тұрған ескерткіш. Бейнелеп ойлап, бейнелеп сөйлеуге бейнелеп көру – эстетикалық талғам биігінің, тереңде тебіреністі философиялық толғаныстың жемісі. Негізінен лаконизм кездессе де, бұл көргенді көргендей жеткізетін қарадүрсін көшірме емес, күрделі бейнелердің астауынан туған поэтикалық сурет.
2354. Арыстан мінсең қылышыңды қамшы қыл.
Таяқты жауға темір қалқан дайында.
Бұл бәйіттен қарапайымдылығына да, көркемдік қуатына да күмән тудыра алмаймыз. Ал қарттық жайында айтылған шумақтарында:
371. Жебедей ем, иілдім садақтайын,
370. Жас кезде у ішсем де шырын еді,
У қылды ішкен асты бүгін енді, -
деп, ойын сомдай түсірген. Сүйікте де суретті, ішкі жігерде (динамикаға) бай, бейнелі тіркестер тасқа түскен таңбадай санаға жазылып қалады:
262. Білім сізге төрден орын болса, көр:
Төр-босаға, ал босаға болды төр.
164. Тіл – арыстан есік баққан ашулы.
159. Ақыл – бұйда, ере түссең –жетелер.
532. Сүйіктіңнің міні – басты қадірі.
988. Надан, пасық сөзге өгіздей жайылар,
Тойса, ыңқылдап – жатып күйіс қайырар.
1132. Бұл тіршілік көрген түстей өтеді.
1840. Білім деген шым бүркеген бір теңіз,
Бұрқырар су аяқ басып жүрсеңіз.
Бұл бәйіттер поэзия шығармасының ғана зерделі емес, көркем ойлап, келістіріп сөйлеудің көрнекті үлгісі. Ел тұрмысы мен тарихи-мәдени танымының жанды көрінісі. Күрделі ойлар – жұрттың барлығына бірдей етене жақын түсінікті бейнелеулер. Бар болмысымен жүрекке шұғыл жетіп, санаға сіңіп қалатын толғамдар. Қылыш, қамшы, таяқ, қалқан, жебе, садақ, шырын, у, құл, төр,босаға, бұйда, өгіздей жайылып күйіс қайыру, шым тағы басқа сөздердің әрқайсысы сахара халқының ұғымына өз бояуымен, астарлы һәм тұрмыстық сан алуан мағыналарымен әсерлі поэтикалық ассоциация туғызады. Мәселен, «төр» мен «босаға» ұғымдары қазақ халқына ұлан-ғайыр танымдық ойларға ұштасып кетеді. «Өгіздей жайылып, күйіс қайыру» малсақ халықтың миына жедел жететін сурет. Ақын шығарманың ең әуелі халыққа қажеттігін жақсы түсінген, сөйтіп елдің психологиялық ерекшеліктерін, рухани-эстетикалық тәжірибесіне иек артқан. Халықтың жан дүниесіне жақын келіп, түсінушіліктің өзінше бір психологиялық «кілтін» ұстаған. Керек жерінде градация, гипербола, гротеск, литота, ирония, сарказм сипаттарын астастыра, бірін-бірімен күшейте қолданады. Күрделі шеберлік. Адамды түнек үйге теңеу, бұрын да қазір де кездеспеген, кездесе бермейтін тапқырлық. Сондай-ақ, дәстүрлі троптардан, дәстүрлі заңдылықтардан шығып, өзінше тың өрнектер түзуімен шығарманың көркемдік-эстетикалық құдіретін, өміршеңдігін күшейте түскен.
249. Есіздік от ол от күйүіргән болүр.
Йолында кечік йоқ өтүлгән болүр.
Жамандық от ол от күйдірер болар....
74. Көкіш түрна көктә үнүн йаңқүлар,
Тізілміш тәтір-тәг үчар йалпүнар.
Көкіш тырна көкте үні саңқылдап,
Түйелердей тізіліп желпініп ұшар.
Ай дүниә йамалы ұлұқлұққа көрк,
Ай мүлкәтқа нұо ай йайық құтқа өрк
Ай – дүние жамалы, ұлықтың көркі,
Мемлекетке – нұр, өткінші құтақа – тізгін.
Йақыз йер бақыр болмақынша қызыл
Қоңыр жер мыстай қызыл болғанша
Жамандықты отқа, бәлеге, өрке балау, көктегі тырналардың түйелердің тізілген керуенге ұқсауы (яғни, ақырзаман болғанша...) - бәрі де ақындық қиял мен өмірдегі табиғи құбылыс, заңдылықтарының ұштасуы, содан туған тірі суреттер. Гипербола ірі кескіндеуде халық әдебиетіне өте жақын қасиет. «Құтты білікте» осындай кесек поэтикалық бейнелерді оқыған сайын тілге халық эпосындағы биік ақындық самғаулар көп қолданылады.
«Құтты білік» шығармасында орынсыз әсерлеу, өмір шындығынан алыс толғамдардың әсте кездесе бермейді. «Құтты білік» поэзия туындысы болса да, реалистік қалыптарды қатаң сақтай алған, тіршілік диалектикасына негізделген, мейлінше табиғи шыншыл шығарма. Әйгілі Фирдоуси, Науаи, Низами, Хафиз сияқты Шығыс жұлдыздары шығармаларында кездесе беретін гиперболалық самғаулар Жүсіп Баласағұнда жоқ. Дастан –реалистік поэзия әрі философиялық-эстетикалық трактат. Аталған ерекшеліктер «Құтты білік» дастанында ақындық әсерлеулер шектен шығып кетпейтін, байсалды да ішті абстракциялық шарықтауларға мүлде қиыспайтын өзгеше бітімді зерлендірулер.
Дастанның көркемдік қасиеттерінің ішінде күрделі троптармен қатар локанизмнің, әсіресе, қысқа да нұсқа қанатты сөздерге қатысты мол ұшырасатынын білдіре отыра, образдардың автологиялық жаратылысын атап көрсетуге болады. Автология, яғни – сөздің тура мағынасында әрі өлең жанрының көркемдік-эстетикалық қуатын жасытпай қолданылуы. «Құтты білік» дастанында алуан қырлы көркемдік желілердің арасында айрықша басым көрінгені де, әрі күшті, әсерлі шыққаны да осы автологиялық мәнер.
3377. Егер, ұл-қыз ізгі, сүйкімді боса,
Тілегің де сондай болар.
Егер жаман болса, сені ұлытар,
Өзің өлсең, сені тез ұмытар.
Жаман атқа, қырғысқа қалдырар,
Сені сөгіп, жатың бас көтерер.
Ол ұл-қыз – жау, жау неге керек,
Жаусыз тірлік бәрінен ізгірек.(жақсырақ). (Асқар Егеубаевтың жолма-жол аудармасы)
Әр сөз өз мағынасында қолданылған. Өлең шырайы сөздердің төл мағынасынан, ақындық қисыннан ұшқындап тұр. Төрт бәйітте басталуы, шарықтау нүктесі, түйіні бар бір ғана ой айтылған. Кішігірім сюжет шеңбері бар. Поэтикалық қуат, әсер –ой қозғалысында, сөз мағыналарының құбылуы мен контрасты қалтарыстарында. Таза поэзия. Ойдың, жан дүниенің поэзиясы.
2873. Ақылды кісіден кісілік келер,
Білікті – кісілер кісісі болар.
Небәрі үш-ақ сөз. Ақыл – Кісі – Білім. Айтпағы ұшан-теңіз. Тағылымы – мәңгілік.
Бұл дүние тұзды судан аумайды.
Ішсең – тілің құрғап, шһлің қанбайды.
Құрғақ құмға ұқсас екен бұл адам,
Дария құйсын тоймайды көз сұғанақ.
Кірді сумен жуады,
Су кірлесе немен жуады.
Бекке қатер ауыздан (астан) болар,
Аспазды ісін істегендікім күзетер.
Осы жолдарда қолданылған сөздер ой өрнегін оздырып тұр.
Риторика даналық жыр жанрында үйлесіп-ақ түсетіні анық байқалады. Табиғат лирикасының тамаша нұсқалары жаратылыстың өзіндей бір туар сұлу сезім суреттерімен баурайды. Жарқын жаз жайлы төртінші тарау, Күнтудыны сипаттайтын тараудың алғашқы бәйіттері
398-410, соңғы тараулардағы түс, жоқтау сарындары, өкініш тебіреністері ақындық шеберліктің шын биіктері! Ал мынадай поэзиялық жәуһарлар мәңгі ескірмейтін жолдар:
Бұл кәрі жаһан құлқы жалған, байқасаң,
Қылығы – қыз (тәрізді), жасы ұзақ (кәрі)...
Бақсаң, құлқы қыз секілді,
Қылғы қылықты, сүйкімді,
Сүйіндірер (сүйдірер), ұстамаққа
Ұмсынсаң қолын бермес...
жалған дүниенің ең бір дәл, ең бір ықшам мінездемесі шығар.
Бір ғана «ақыл» ұғымының өзіне біршама мағына сиғызады. Ақыл –шырақ, Ақыл – жан, Ақыл – тірлік, Ақыл – сөз, Ақыл – кісен... Қаншама сипат берілген. Енді бірде дүниені аждаһаға теңейді:
6389. Өзі өсіріп, Өзі баптап, семіртер,
Өзі сорып, әлсіретіп жем етер!
Ақындық ойымен, бейнелі тіліменен Жүсіп Баласағұнның еңбегі өзіне тән көркемдік ерекшеліктерін құрайды [35]. «Құтты білік» дастанын жырлаған кемеңгер ақын түркі тілдес халықтардың ауыз әдебиетінің кәусар бұлағынан еркін сусындады. Сол арқылы ақын халық фольклорының қыруар мол мүмкіндіктерін – көріктеу құралдарын, мақал-мәтелдерін, қанатты сөздерін афоризмдерді, фразеологиялық сөз тіркестерін жазба әдебиетінің тәжірибесімен ұштастыра білді.
Жүсіп Баласағұн «Құтты білік» шығармасында метафора, аллегория, гипербола, меңзеп яғни астарлап сөйлеу сияқты көріктеу құралдарын аса шеберлікпен, білгірлікпен пайдаланып отырады. Сондықтан дастандағы сан қилы адам бейнелері, табиғат көріністері, қаһармандардың көңіл күйі мейлінше айқын, әсерлі шыққан.
Ақын табиғаттың құбылыстарын, жан-жануарлардың кейбір қасиеттерін адам мінез-құлқына ұқсата отырып, қаһарманның көркем бейнесін айқындай түсті. Сондай-ақ адамға тән қаситеттерді ақын табиғат көріністеріне теңеу арқылы далаларды, асқар тауларды, тілсіз өзен-көлдерді тірі жандай жандандырды, құбылтты, адамның өзіне ұқсата бейнеледі. Мұның бәрін ол асқан ақындық шеберлікпен, шабытпен, өз қаһармандардың ішкі жан дүниесіне терең поэтикалық барлау жасау арқылы суреттейді.
Қара жер ағы кетіп, жұпар шашты,
Безенбек болып дүние көркін ашты.
Қаһарлы қысты қуды көктем лебі,
Жарқын жаз дәулет құрды, өктемдеді.
Қу ағаштар жасыл тонын жамылды,
Безеніп: көк, жасыл, сары тағынды.
Қаз, үйрек, шіл, аққулар қалықтады,
Қиқулап, биік-төмен шарықтады.
Қайсысы ұшып, қайсыбірі қонады,
Бірі ойнаса, бірі суға қанады.
Ақын көгілдір көктем көріністерін осылайша жырлай отырып, көктемнің жер бетін тегіс әлемді киіндіру үшін келгенін, көктем самалы адамдарды әбден мезі еткен қысты қуып шыққанын, кең жазира даланың қызыл-жасыл гүлге оранғанын, аспандағы бұлттар от шашып ойнағанын, нөсер жаңбыр жерге нәр беріп жауғанын нағыз сөз зергері ретінде шеберлікпен суреттейді.
Жүсіп Баласағұн ойшыл ақын ретінде түркі тектес халықтардың тағдырын табиғаттың осындай көктемгі жандану, ояну, қайта түлеу кезіндегі көріністеріне астарлап, меңзеп теңейді.
Дастанда әсіресе мал бағумен айналысатын ру-тайпалардың күнделікті тұрмыс-тіршілігіне қатысты афоризмдер, бейнелі сөздер, теңеулер, бейнелер көп ұшырайды. Мінез-құлқы әр түрлі адамның бейнесін жасау кезінде ақын қой, қасқыр, жылқы, сұңқар секілді жан-жануарларды, жайлаулар мен шөлдерді көбірек ауызға алады.
Малшылар бар берекелі іс тындырған,
Күллі жылқы алдарында мыңғырған.
4440 Бәрі ақкөңіл, шыншыл, елдің адалы,
Адамдарға жоқ салмағы, залалы.
Жемек, кимек, мінбек – айғыр, байталдар,
Киіз, сырмақ, перде – құрсаң үйге құт.
Бұл адамдар құтты жандар пайдалы,
Бұларды датұтқын жақсы жайдары.
Жастық шақтың жайқалған көктемі зымырап өте шығып, кәріліктің қаһарлы қысы қалай келгенін адам сезбей де қалатынын ақын зор шеберлікпен жеткізген:
Қара жұмыр басыма ақты жолаттым,
Толған айдай жүзімді қайда жоғалттым?
Көктем едім мың гүл-шешек гүлдеген,
Қазан түсіп, құртты бәрін, тонаттым.
Текке өткен түрлігімді сағынып,
Көзден қанды жасым ақты қамығып!
Жүсіп Баласағұн адам өмірінің түрлі белестерін, өтпелі кезеңдерін тереңінен толғап, зор шеберлікпен бейнелеп береді:
Асқан адам қырықтың қырқасынан,
Айрылар жастық шақ, сырласынан.
Елу жасым мені де құрсауға алды,
Қарға түстес басымдықырау шалды.
«Кел! Кел!» - деп үні алпыс жастың,
Жолында ажал жапаса тартынбаспын.
Алпысты ассаң – шілденің аптабынан,
Аттадым де қысқы аяз қақпанына.
Елі-отыз жиғанды кері алады,
Алпыс қолын тигізсе нең қалады?!
Ей, елу, менде қалған өшің бар ма?
Етке-жеңді жұлмалап, есімді алды!
Кетті шаттық, ләззаттың түні болды,
Жігіттіктің оты өшіп, күлі қалды.
Жүсіп Баласағұнның осы бәйіттерінде айтылған адам баласының өмір белестері, жастық шақтың қызықтары мен кәріліктің қиындықтары жайлы ойларын қазақ ақын-жазушыларының поэзиясында мазмұны жағынан еш өзгеріссіз сол күйінде қайталанып, жырланып келеді. Жүсіп Баласағұнның жырларындағы этикалық-дидактикалық мазмұндағы ой-пікір толғаныстары, афоризмдер қай қоғамның шындығына да сай келеді. Сол себепті әр заманда осы тақырыпта ақындар мен жазушылар шығармашылығында жалғасын тауып отырады.
Ғұлама ақын жастық шақ пен кәрілік жайлы толғана отырып, жастарға өнеге мен үлгі берерліктей ғибратты сөз айтудың борышы деп сезінген. Жүсіп Баласағұн «Құтты білік» дастанында кәріліктің қадір-қасиеті мен кедергі-қиындығы жайлы терең ойлы моральдық-этикалық тұжырымдар жасайды әрі өз ойын поэтикалық тұрғыдан барынша шебер жеткізе алды. Ақын «жастығымда бойым оқтай, көңілім садақтай» еді дей келе, қартайғанда «кісенсіз-ақ жүре алмай қалдым, ешнәрсені көре алмай қалдым» деп мұңға батады.
Жүсіп Баласағұн «елу жас мені мықтап құрсауға алды, қарға түстес басымды қырау шалды», «алпыс жас қолын тигізгенде, тұла бойымда от-жалыннан не қалды» дейді.
Осылайша Жүсіп Баласағұнның «Құтты білік» дастанында айтылған ақыл-парасат, оқу-білім, бала тәрбиесі, адамдардың өзара қарым-қатынасындағы ізеттілік, тілге сақ болу керектігі, қарттарға құрмет, ел басқаратын әкімдерге қажетті ізгі қасиеттер, тағы басқа адами қасиеттер жайындағы моральдық, этикалық, дидактикалық, философиялық пікір-тұжырымдар қазақ халқына біткен ақын-жыраулар поэзиясында өзінің көркемдік жалғасын тапты [36, 196-215].
Достарыңызбен бөлісу: |