2.3 Жүсіп Баласағұнның «Құтты білік» еңбегіндегі тіл мәселесі
Жүсіп Баласағұн әдептіліктің сан түрін жырлай келіп, солардың ішіндегі ең бастысы – тіл әдептілігі деген қорытынды жасайды. Дастанның бір тарауы, яғни жетінші тарауы түгелдей осы мәселеге – тіл әдептілігіне, мәнерлі, мәнді, сыпайы сөйлей білу өнеріне арналған. Ақын оқырманын абайлап, ойланып-толғанып барып сөйлеуге, тілге сақ болуға шақырады. Қысқаша әрі мазмұнды сөйлей білу әдептіліктің басы деген тұжырым жасайды:
162. Ақыл, білім, тілмашы – тіл, бұл кепіл,
Жарық төгіп, елжіретер тіл деп біл!
Тіл қадірлі етер, ерге бақ қонар,
Қор қылар тіл, кететұғын бас болар.
Тіл – арыстан есік баққан ашулы,
Сақ болмасаң, жұтар, ерім басыңды!
166. Тілімнен көп жапа шектім, есебім:
Бас кесілмес үшін тілді кесемін!
Сөзіңді бақ, басың кесіп алмасын,
Тіліңді бақ, тісің сынып қалмасын!
170. Біліп айтқан сөз – білікті саналар,
Біліксіз сөз басыңды жеп, табалар.
Көрген емен көбік сөзбен оңғанды,
Тобықтай түй тоқсан ауыз толғамды!
Сөз кісіні ұлы қылар, бек қылар,
Көп сөз басты қара жерге кеп тығар.
Көп сөйлесең, «Езбесің» - деп жек көрер,
Сөйлемесең, «Мылқау» - екен деп сөгер!
175. Бұлай болса, тең ортасы – керегің,
Тілгеұстамды болсаң, өсер беделің!
Тіліңді бақ, басың аман болады,
Сөзді қысқа айт, жасың ұзақ болады.
190. Қалар мұра – сөз – кісіден кісіге.
Сөзді мұра тұтсаң, пайда ісіңе. [37, 93-96.].
Жүсіп Баласағұнның тілдің қадір-қасиеті жайындағы тұжырымдары, сондай-ақ тілдің пайдасы мен зияны жайындағы ой-пікірлері, әрқашанда абайлап сөйлеу керектігі туралы ескертпелері қазақ ақын-жырауларының жыр-толғауларында қайталанып, түрі мен мазмұны жағынан жаңа тарихи жағдайда бейімделе түсті.
178. Зияны көп, пайдасы мол – атқарар,
Сондықтан тіл мақталар да, датталар!
Біліп сөйле, сөзіңді сөл, өң болсын,
Сөздің түпсіз қараңғыға, көз болсын!
(Тауып сөйле сөзің оңды, жөн болсын,
Сөзің, басыр адамдарға көз болсын!)
Білексіздер өзі нағыз басырдың,
Білім үйрен, надан, көзің ашылсын!
(Біліксіздер – надан көзін байлаған,
Білімдіден өнеге ал, ей надан!) –
дейді Жүсіп Баласағұн «Құтты білік» шығармасының тілге арналған тарауында.
Мәселен, Шал ақын «адамды тіршілікте тебіренетін» тіл туралы айта келіп:
Ойласаң, мың бір пәле тілден туған,
Шешендер топ ішінде тілді буған,
Бір адам қателікпен сөз сөйлесе,
Жабылып мың бір пәле соны қуған, -
дейді.
Сондай-ақ ақын Ақмолла Мұхамедиярұлы өлеңдерінде адамның мінез-құлқы, ақыл-парасаты мен зияны жайлы жиі айтылады:
Шіркін, тілден тамар шәрбат мүләйім.
Мақсатым сол – сөз тебірентсем әрдайым.
Бердің, тәңірім, тілге бізге сөйле деп,
Тура жолға тілді баста ылайым![38. 211-212].
Тіл турасын келгенде ақын-жырауларға сипаттама беретін тарау өте маңызды. Жүсіп Баласағұн ақындық өнерді жоғары бағалайды, ақын тілін өткір қылышқа теңейді. Ақындарды ел үшін еңбек еткен адамның атын мәңгі сақтаушылар, даңқын асырушылар деп, ханға олардың өткір сөзіне ренжімей, қошаметтеп, көтермелеп, бағалай біл деп ақыл береді. Ақындар сөзін кең таратып, сұрағанын тартынбай беріп, өз сөзіңді сөйлетуге күш сал дейді [39, 271-286].
Енді ақынға бірақ назар салайық,
Өлең сөзді құдірет тұтқан халайық.
Олар шебер мақтауға да, даттауға,
Сөзі ыңғайлы жұрт жадына сақтауға.
Сәулелі сөз күндей шыққан шығыстан,
Шаштан нәзік, өткір алмас қылыштан.
Тілімді алсаң, ақындарды ұқ әуелі,
Ұғынықты сонда әр жырдың әуені.
Теңіздегі лағыл, маржан – өлең де,
Таба алмайды сүңгімеген тереңге.
Ақын сөзі қандай үлкен жанды да,
Масқаралар халайықтың алдында.
Ақын сөзі – жүрегімен сенсе шын,
Көтереді бишараның еңсесін. [40, 195-196]
Дастан авторы тілдің маңызын түсіндіруге талай тапқыр сөздер қолданған. Тауып айтқан сөз ақылдылық куәсі, ал ақылды сөз адамға бақыт, жұғымсыз сөз адамға қасірет әкеледі, сондықтан, адамның өз тілі өзіне бірде дос, бірде қас, тіліңе сақ бол, әр сөзді ойлап айт, сөзге мән бермесең басың кетеді, -деген. Қазақтың мақалдарында: «Адам тілі тас жарар, тас жармаса бас жарар», - дейді. Болмаса: «Ауру – адамның өз тілінен». Бұл нақылдардың барлығы, әрине, «Құтты білік» шығармасында жазылғандай, ерте заманнан мирас болған, бір арнаға түскен алтын ойлар. Олардың түбегейлі сарыны адамды адастырмау, оны тежеп ойға түсіру, ақыл мен іс істеуге шақыру.
Дастанның «Білім және шешендік туралы» тарауында да тілдің маңызы турасында мынандай ақыл сөздер кездеседі:
«Тіл адамды көкке көтереді, сол арқылы ол бақытқа жетеді. Сондай-ақ адам өз тілінен жаза да тартады, басын да жояды. Тіл – арыстан, ол босаңда жатыр, сақ бол одан, ол алдамшы, басыңды алып түсуі де мүмкін. Мазаңды ала берсе, тіліңді кес. Сақтанып сөйлесең басың өзіңде қалар. Сақтық қылсаң тіліңе, бұзылмайды тісің де. Жақсы болғың келсе, жаман сөз айтпа. Көп сөйлеме, аз сөйле. Он мың сөздің түйінін он сөзбен шеш. Адам екі нәрсеге қарымайды: бірі – ізгі ісі, екіншісі – ізгі сөзі. Адам өледі, сөзі қалады, сөзімен бірге өзі қалады. Өлмей өмір сүре бергің келсе, жақсы іс пен дана сөз қалдыр. Адам көркі – сөз. Адамның сәні бетінде, беттің сәні көзінде. Ой көркі – ақыл, сөз көркі – нақыл» [41, 41-43].
Қоғамның, тіршілік-танымның әр сәтіне, әр құбылысына Жүсіп Баласағұнның өз түйіні, айқын көзқарасы, байсалды байламы бар. Адалдық, тіл, білім, ерлік, ездік, байлық, мәрттік, махаббат сынды терең мағыналы астарлармен, аллегориялық парықтаулармен өмірдің мәні зерделене түседі. Сипаты айқын, сырлары қанық. Тіл өнеріне арнайы жеке бір тарау арнаған ғұлама көлемді дастанның әр тұсында түркі тіліне ерекше құрмет сезіммен тебіренеді. Дастанның соңғы қорытынды тарауларында да «түркі тілін үркек, тағы киіктей сылап, сипап қолыма үйреттім, мәнерлеп зерделедім, тіздім, сөйтіп осы сөздерді жазғандығы туралы айтады.
Шығарманың сексен бес тарауының әрқайсысы бір-бір мәнді мағыналы тақырыпқа арналған да, сол тақырып аясы, ақынның көзқарасы ұтымды тіл, бедерлі оймен нақышталған. «Адам баласының қадір-қасиеті біліммен, ақылмен екендігі айтылатын» алтыншы тарауда:
155. Ақылды ұғар, білімділер біледі,
Түгел болар білімді есті тілегі! –
деп қайырады. Білімсіздік, надандық – кесел, дерт. Дертіңді емде, көзің ашылсын дейді. Ал жетінші тарауда тұтастай «Тіл өнерінің қасиет-сипаты мен пайда, зияны айтылады»:
168. Жұрттың тілі удай, сөйтіп шет қылар,
Кісі құлықы сұм, етіңді жеп тынар.
Білім берді, біліктіөткір тіл берді,
Тіл иесі, басыңды бақ, біл денді!
Тілесең сен есендікте жүруді,
Жаман сөзге қимылдатпа тіліңді.
Жүсіп Баласағұн шығармасында ақыл, білім мәні туралы айта келе, сол ақылмен білімнің көрінісін білдіретін тіл турасын небір зерделі ой кестесін төгеді. Бірде қазақ халқына әдебиеттегі мақал-мәтел, қанатты сөздерге етене жақын, құлаққа жылы тиетін ұшқыр тіркестермен жаныңды баурап әкетеді, сәл турасында тосын,тапқыр ой ұшқындарын оқырман назарына ұсынады.
Көп сөйлеуден артық пайда көрмедім,
Және сөйлеп және ештеңе өнбеді.
Көп сөйлеме, аз айт бір-ер түйінін,
Бір сөзбен шеш түмән сөздің түйінін.
Осы тараулардың мән-мағынасы локанизм:
175. «Тілге ұстамды болсаң, өсер беделің!»,
176. «Тіліңді бақ, басың аман болады,
Сөзді қысқа айт, жасың ұзақ болады!» деп түйеді. Басты пәлеге душар ететін тіл демекші, қызыл тілдің де қырық қасиеттерін санаға сіңере түседі.
170. «Біліп айтқан сөз даналық деседі,
Білімсіз сөз қайран басты кеседі!».
Адамды хайуаннан ажырататын осы асыл тілді, асыл сөзді, толғамды тілді ұлына өсиет етіп, атадан балаға мирасқа тапсырады.
185. Күллі сөзді жисаң да, ақылды асырмас.
Керек сөзді сөйлер кісі, жасырмас.
Сөзді ұлыма арнадым мен, ер-батыр,
Ұлым, тыңда, менде алтын кен жатыр.
Саған арнап сөз сөйледім, ей , ұлым,
Өсиетімді қабыл алғын, құлыным!
Күміс, алтын қалса менен сендерге,
Оларды сен бұл сөзіме теңгерме!
Күмісті іске тұтсаң – бітіп қалады,
Сөзімді іске – күміс табады....
Осы мысал болған жолдардан-ақ, ойшыл ақынның, сол кезеңдегі оқымысты хакімдердің орта ғасырдың өзінде тіл өнеріне қаншалықты мән бергендігін аңдауға болады. Шығарма ел басыларына, хан құзырына ақыл-кеңес ретінде жазылғанын, мемлекет түзетуге аса қажетт мәселелердің жеке-жеке талғанын ескерсек, тіл, білім, рухани дүние хақындағы ақын толғамдарының әлеуметтік-танымдық мағынасы барынша жарқырай түседі. Парасат, білім, тіл, сана жайында ғұлама ақын ауқымды дастанының әр тұсында қайта-қайта оралып, әлсін-әлсін тиянақтап, пысықтап отырады. Соның бәрінде тілдің қасиетін, білімнің қадірін әмәнда асқақтата, жарық дүниедегі асылдың асылына балап толғайды.
180. Туған өлер, көрсең қалар белгісіз,
Сөзіңді ізгі сөйле, өлсең де өлгісіз!
Қос нәрсені шалмас қарттық құрығы,
Бірі – ізгі сөз, бірі ізгі қылығы!
Туған адам өліп сөзі қалады,
Өзі кетіп, ізгі аты қалады!
Тіршілікте келсе өзіңнің өлмегің –
Сөз, құлқыңды жақсарт, онда, ей, бегім?!
Тілді сөктім, һәм мадақтап демедім,
Мұның – сөздің сырын ұқсын дегенім.
Жүсіп Баласағұн өз дастанында өнегелі, шешен тілімен тауып айтқан сөздің салмағы туралы, оның турашылдығы жайында терең ойларды келтіреді.
Елік ерік бермей, қалай бастайын,
Бектің жүзін көрсе, құлы қаймыған.
Айтолды айтты: - Білсең, ей Бек, жайды ұғар,
Сауал болмай, қалай жауап тастайын?
960. Білікті сөз – тіні барлық дауаның:
«Шықпасын тез сауалынан – жауабың!»
Кім шақырсын – болғаны бір керегің –
Айтпай ма екен дерегі мен себебін.
Жөн-жосықсыз сөзге кірмеу – білгенім,
Жөніңді біл! – десе, - жерге кіргенің.
Қадірлі артпас жел үрген құр көзеден,
Сөз сұрамай, бектерге тіл безеген.
Осы ойларымен ерекшелене келе, ойшыл ақыл сөзің-сөзін іріктеп, ой елегенін өткізіп, таңдаулы ойды сөзбен білдіру керектігінің маңызын алдыға ұсынады.
Айтолды айтты: - Білер сөздің киесін,
Толғаған жан тауып тілдің жүйесін.
985. Сөздердің бірі – қоқыс, бірі – қақ,
Наданды жұрт теңер малға тіліжоқ!
Желбуаз сөз – қара құлық айғағы,
Ойсыз басқа түсер қаңғып қайдағы.
Көпірме сөз – басқа пәле төндірер,
Есті сөзден, құрығына ел жөн білер.
Надан, пасық – сөзге өгіздей жайылар,
Тойса, ыңқылдап жатып – күйіс қайырар.
Сәл тойынса, тіл қайырар, жата қап,
Сондықтан да малды мал деп атаған.
Ақын фиолософ адамдарды екі топқа бөліп, оларға сипаттама беруде тілге аса ерекше назар аударады:
990. Ақылды адам қарын бақпас, ой бағар,
Жан семіртер, ойсеміртер, ойланар...
Тән семіртер – нәр ауыздан сіңеді,
Жан семіртер – сөз құлақтан кіреді.
Білімдінің бар екі ерек белгісі,
Жүзі жарқын оны білген ер кісі.
Тілі мен нәпсі, тия алған бұл екеуін,
Қолын алар қазынанның жетеуін.
Білікті жан билер тіл мен құлқынын,
Бұл екеуін тиған, құлы жұртының!
Жүсіп Хас Хажиб қазақ халқындағы көп сөйлемеу, сөзді қысқа қайыру, даналарды тыңдай білу деген ұғымдарды да ұмытпай шығармада уәзірдің атынан дәулетті ханға жеткізеді.
«Айтар сөзді сыйлап алғын ақылмен,
Жауабың дөп, қатар түссін нақылмен.
Көп тыңдай біл, аз сөулеп тез түсіндір,
Ниет қып, ой мен сезім күшін біл!
Ұлықтарды тыңдап, түйіп жадыңа,
Кішілерге дарыт, жетсін бағына.
1015. Көп тыңдай біл, сөздеріңді таңдай біл,
Ізгі ойларды әз жүрекке жалғай біл!
Көп сөйлеген мылжың, дана болмайды,
Көп тыңдаған халық ойын толғайды.
Білікті жан – тілін білім билеген,
Түкті сезбес текке білін білеген! [42, 61-63].
2.4 Жүсіп Баласағұнның «Құтты білік» еңбегіндегі этика-эстетика мәселесі
«Құтты білік» дастаны көтерген ең басты мәселе тәлім-тәрбие, оның ішінде этикалық және эстетикалық тәрбиені атап айтады. Дастанда жастарды тәрбиелеуді сөз ететін арнайы тараулары бар. Алайда тәлім-тәрбие мәселесі дастанда бастан-аяқ барлық мәселелелрге қатысты түрде қайталанып отырады. Адам бойындағы жақсы мінез-құлық, әдептілік, кішіпейілділік, ең алдымен адамның тәлім-тәрбиесіне байланысты деп көрсетеді. Сол себепті жас нәресте өмірге келісімен-ақ оны дұрыс тәрбиелеу – әке-шешенің қасиетті борышы екенін жырға қосқан:
Ай маңдайлы ұл-қыз туса алдыңда,
Үйіңде өсір, бөтен жерге қалдырма.
Ұл-қызыңа әдеп үйрет, білім бер,
Қос жалғанды бірдей көріп, күлімдер.
Ұлыңа әйел әпер, қызды ерге бер,
Қайғы-мұңсыз тіршілікке не тең келер!
Ұлды үйрет күллі өнер-білімге,
Онымен мал-дүние табар түбінде.
Бақ ұлыңды бекерге бос жүрмесін,
Бейбастық боп кетер бекер жүргесін.
Жүсіп Баласағұнның «Құтты білік» дастанында адам туғаннан ақылды, білімді болып тумайтынын, естіп, көріп барып қана ақыл-парасаты артатынын оқырманға асқан шеберлікпен жеткізеді:
Ешкім іштен данышпан боп тумайды,
Сөйлеуді, ақылды біртіндеп үйренеді.
Адам үйрене келе білімді болады,
Әрбірісті білімді адам тындырады.
«Құтты білік» дастанындағы осы бәйіттеріндегі моральдық-этикалық ой-тұжырымдардың қайнар бастаулары Әл-Фарабидің «Интелект» (сөзінің) мағынасы жайында» деп аталытын философиялық трактатында жатқанын аңғару қиын емес. Фараби «жүре келе дарыған интелект туралы айта келе, ешкім анасынан данышпан болып туылмайтынын, интелектің өзі жүре келе, естіп, көріп барып қана дамитынын ескертеді. Дәл осы тұжырымды араға ғасырлар сала Абайдың «Он тоғызыншы сөзінен» өзінің логикалық жалғасын тапты.
Жүсіп Баласағұн өз оқырманын әдептілікке, кішіпейілділікке, мейірімділікке, имандылыққа шақырады. Сондай-ақ ол кісіні адамгершілік арнасына шығарып, жұртқа әдепсіз, дөрекі, надан етіп көрсететін кейбір мінез-құлықтарға көркем сөзбен сипаттама береді. Мұндай жағымсыз мінездер: мал-мүлікке тоймайтын ашкөздік, сараңдық, мейірімсіздік, ашушаңдық, т.б. қасиеттер деп көрсетеді. Әке-шешеден тәрбие көрген, әдепті жандар қашанда нәпсісін тия білетін, жомарт, бауырмал, сабырлы, инабатты болып келетінін айтады.
Сол замандағы Қарахан мемлекеті алғашқы болып ислам дінін қабылдаған қағанаттардың бірі болатын. Сол Қарахан әулеті билік жүргізген дәуірде «аз халықты көп еткен», «кедей халықты бай еткен» деген секілді қағандарды мадақтап жырға қосты. Бұл тарихи заңдылық болды. Өз дәуірінің этикалық, адамгершілік нормаларының заңдық кодексі болып табылатын «Құтты білік» дастанында елдің қамын ойлаған игілікті істерін мадақтап көрсету дәстүрі жалғаса түсті:
Халық байып, елдің дәулеті арта түсті,
Жұрттың бәрі Елікті (әміршіні) мадақтады.
Халық еркіндік алғанда –қайғы-қасірет қашады,
Ол жерде қой мен қасқыр бірге өмір сүре береді.
Қалалар көбейді, ұлыстар байыды,
Қазына күміс пен алтынға толды.
Түркілер Қарахан мемлекетік бірлестігін ұйымдастыру барысында Түрік қағанаты тұсындағы жетістіктер мен кемшіліктерді ескерген. Баласағұн елдің іргесін берік сақтау үшін заңды бұзбау қажеттігі ерекше атап айтылады. Сондай-ақ халық зорлық-зомбылыққа көнбейтіндігі ескертіледі. Белгілі тарихшы С.Г. Кляшторный Жүсіп Баласағұн шығармасының Қарахан мемлекетінің ата заңы қызметін атқарғандығын алға тартады. Осы дастанға сүйене патшадан бастап қойшыға дейінгі елдегі барлық адамдардың міндетін, мінез-құлқы нормаларын айқындап береді.
Қоғамдағы барлық мүшелер заң алдында бәрі бірдей дәрежеде жауапты болуы тиіс деген ойды алға салады:
Әділдіктің кеспей жаза, тоқтамын,
Құл ма, бекпе, еш айырма жоқ маған.
Заң алдындабәрі бірдей мен үшін,
Кесем әділ, болмайды ешбір келісім.
Біл, әділ заң – басшылықтың тұғыры,
Заң бар жерде – берік елдің жұлыны.
Бектік берік – әділ заңның жөнімен,
Бұра тартсаң – абыройың төгілер.
Бек заң жолын төрелікте ұстаса,
Бар тілекке жетер қолы, қысқасы.
Шынында да «Құтты білік» дастаны ислам дәуірінің моральдық-этикалық нормасын бейнелеген заң тәріздес, заңмен пара-пар болды. Ал осы заңның орындалуын Жүсіп Хас Хажиб патшадан да, қарапайым диқаннан да, бек пен әскер басынан да бірдей талап етті:
Зорлық – жалы, өртеп кетер бәрін де,
Заң – игілік, жанды судай нәр берер.
Елді ұзақ билегің келсе,
Халықты заң жолымен басқар.
Заң іске асса – ел жайнар,
Зорлық көрсе – ел де, әлем де қиналар.
Бүкіл мемлекетті басқарып отырған патшаның есімі Күнтуды болып, мұның өзі аллегориялық тұрғыдан әділдікті, шындықты бейнелеп көрсетеді. Ал патшаның уәзірі Айтолыды бақыттың, дәулеттің символы ретінде көрсетіледі. Дастанда аспандағы айдың дөңгеленіп толуы елдің бақ-дәулетінің кемелденуінің белгісі ретінде суреттеледі. Өгдүлміш («Мақтауға тұрарлық») – ақыл-парасаттың бейнесі ретінде алынған. Ол – уәзірдің баласы. Одғұрмыш «Оятушы» бейнесі әрбір адамға қолда барға қанағат ете білу керек деген қағиданы білдіреді. Сонымен қатар Одғұрмыш болашақтығы өмір – о дүниедегі «ақырет» тіршілікті аңғартатын дәруіш бейнесінде алынған. Дастанның мораль, әдептілік, тәлім-тәрбие мәселесін арнайы сөз ететін тараулары бар. Соның өзінде де дастанның өн бойындағы барлық оқиғаларда ақын этикалық-дидактикалық мәселелермен тікелей байланыстыра отырып жырлайды. «Құтты білік» дастаны сюжеттік желісі негізінен шығармадағы төрт қасиеттің, төрт қаһарманның өзара әңгімесінен, сұрақ-жауаптарынан, олардың бір-біріне жазған хаттарынан өрбиді. Дастанның 14-20-тараулары Күнтуды мен Айтолдының өзара әңгімесі болып келеді. Ал Айтолды мен Одғұрмыш арасындағы сұхбат шығарманың 21-22-тарауларында баяндалады. Күнтуды мен Өгдүлміштің диалогы ақын 21-38 және 72-тарауларын арнаған. Кейін Өгдүлміш пен Одғұрмыш 40-44, 46-47-тарауларда, Күнтуды мен Одғұрмыш арасындағы әңгіме 70-71-тарауларда, Айтолдының Күнтудыға жазған хаты 23-тарауда, Күнтудының Одғұрмышқа жолдаған хаты 39, 45-тарауларда, Одғұрмыштың Күнтудыға арнаған сәлем хаты 44-тарауда баяндалады.
Жүсіп Баласағұн ел басқарған патшадан бастап, аспазға дейінгі барлық хан сарайы қызметкерлерінің түр-сипаты, мінез-құлқы, ақыл-парсаты, міндеттері, жауапкершілігі қандай болу керектігін жеке-жеке баяндап шығады. Ақын әңгімені патшаның өзінен бастайды. Ел-жұртты басқаратын адам – ақыл-парасаты ұшан теңіз, ниеті түзу, сөзі шырын, өнер мен білімге жетік, қолы ашық, пейілі кең, кек сақтамайтын болу шарт деп біледі. Білім мен өнерден құралақан жандар әділ билік жүргізе алмайтындығын басып айтады. Жүсіп Баласағұн ел басқаратын әміршіге, бекке мейлінше жоғары талаптар қояды. Бүкіл елге билік жүргізетін адам ақыл-парасаты мол, білімі терең, өнермен білімді жоғары бағалайтын, кішіпейіл, ақкөңіл, жомарт, қарапайым халықтың қамын ойлайтын, «көзі - тоқ», «сөзі – шоқ», «тілі майда» жан болуы тиіс. Сонда ғана мемлекет гүлденіп, қазынасы алтын-күміске толады, халық бақытты болады деген пікір айтады:
Ақылды бар, ақымақ бар, бар ғалым,
Бай-кедей бар, надан, аңқау, бар залым.
Бәрін соның алаламай бөлектеп,
Басқаратын қандай болу керек Бек?
Елі гүлдеп, байып бектің бағына,
Даңқы тарап, өссе халық саны да!
Қазына толып, күміс судай ағылса,
Шоқтығы өсіп, күшіне әлем табынса.
Әскер толып, тұрса күші дігірлеп,
Тұрмыс, заңды тураласа іліммен.
Бектің аты бір жаһанға тараса,
Күн-күн сайын құты артса тамаша.
Бектік үшін туған олар анадан,
Бектік сүтпен, іспен бойға тараған.
Бектің ісі тек бектердің еншісі –
Бектер ісін, ұғар бекке тең кісі.
Бек халықты тек білікпен сендірер,
Барлығы да ақылына жеңдірер.
Бек дегенің білікпенен берік тұр,
Білік кетсе, бек қалады – желік құр.
Жүсіп Баласағұн елді басқарған әміршінің қадір-қасиетіне, мінез-құлқына, қоғамдағы рөліне қатысты аталған қасиеттерден басқа да көптеген талаптар қояды. Алайда ел басқарған адам қанша зерек, қанша іскер болса да, күллі мемелекетті, барлық істі жалғыз өзі ойдағыдай басқара алмайды. Мемлекеттің күш-қуатын нығайтып, ұлыстар мен кенттерді гүлдендіре түсу үшін әкімшілік нығайтып, ел дәулеті еселеп артуы үшін патшаға істің көзін білетін адал, білімді көмекшілер керек. Ақын мұндай көмекшілердің бірі – әміршінің кеңесшісі, оның көрер көзі, естер құлағы саналатын адамы, елдегі барлық істі қадағалап отыратын уәзір екендігі айтылады. Ең бастасы – уәзір мемлекет басшысынң жарлығын халыққа, ал халықтың талап-тілегін әміршіге жеткізіп отырады. Әмірше мен қарапайым халық арасындағы қайшылықты да дер кезінде үйлестіріп, кілтін тауып шешіп отыратын да сол уәзір:
Бекке уәзір керек, істің ұйтқысы,
Жақсы болса – тыныш бектің ұйқысы.
Көтереді ол бектің ауыр жүгін де,
Бекітетін бектікті өзі түбінде.
Білігі мол, ойы терең теңіздей,
Іс бітірсе «кешіктірдің» дегізбей.
Дінге берік, болсын әрі иман, ар,
Сонда халық сенер, ерер, аланар.
Бектен кейін елдің басшы иесі,
Бекке істе көп көмегі тиесі.
Ақ ниетті, ақ жүректі тектілер,
Жұртын қолдап, елді ұшпаққа жеткізер.
Қылығы адал, тіліне сай көңілі,
Шыншыл, арлы, Күн сипатты көрігі.
Уәзірі ізгі болса – ел бағы ашылар,
Құтты халық бектің даңқын асырар.
Дәуір үні болған кемеңгер жыраулар – ханның шешімін бұқара халыққа, ал халықтың талап-тілегін, уәжін ханға жеткізуші дәнекер буын іспеттес болды. Сөйтіп, ел басқарған хандарға, сұлтандарға ақыл-кеңес беріп, оларға бағыт-бағдар сілтеп отыру дәстүрін қазақ жыраулары жалғастыра түсті.
Жүсіп Баласағұн елді басқару ісінде уәзірімен терезесі тең тұратын қызмет иесі әскербасы, әскери қолбасшы, ел қорғаған батырлар деп біледі. Ақын уәзір мен әскербасының міндеттері, ел басқарудағы олардың атқаратын рөлі мен қоғамдағы орны туралы айта келіп, уәзір мен әскербасын бір аттың басына салынған жалғыз шылбырдың екі жақ тізгініне ұқсатады. Бұлардың бірі – елді қалам-қағазбен басқарса, екіншісі – қылышпен жөнсіздерді жөнге салады. Жүсіп Баласағұн өз дастанында әскербасы болу үшін қажетті қадір-қасиет, ақыл-парасат, мінез-құлық туралы айта келіп, шынайы қолбасшының жарқын бейнесін жасайды:
Сөзсіз бекке қажет мықты қолбасы,
Ұйқы қашып, сассын жаудың ордасы.
Мұндай іске жігіт керек құрыштай,
Жарқылдаған жалаң өткір қылыштай.
Әскер бастап, атойнатпаө қиын-ды,
Шерік бастап, жай жайратпақ қиын-ды.
Мейірімді де болу керек қолбасы,
Сонда ғана сүйер батыр жолдасы.
Жүрек керек, ерлік керек, тағы ақыл,
Қайрат, жүрек – әскерде екі қанатың.
Елді сыртқы жаудан қорғау, халқы үшін қан майданға жасқанбай шыққан батырлардың ерлігін мадақтау қазақ ақын-жыраулары поэзиясында кең орын алды. «Құтты білік» дастанында ерлік бейнесі, өр тұлғасы, асқақ рухты дәріптейді.
Сонымен қатар дастанда Жүсіп Баласағұн әмірші «елік», уәзір және қолбасы қандай болу керектігімен шектелмейді. Ақын елші, кеңсе қағаздарын жазатын адам, қазына ісін басқарушы кісі, аспаз, диқан, малшы, тағы да басқаларға қажетті қасиеттерді, мінез-құлықты толықтай сипаттап береді. Мәселен, ақын елшіге қойылатын көп талаптарды тізіп айтады. Елші болатын адам ақыл мен парасаты жоғары, көптеген тілдер білетін, әскери өнерді жақсы меңгерген, жұлдызға қарап түнде жол табатын, ат құлағында ойнайтын, өз айтқанына өзгені сендіре білетін, суда жақсы жүзетін, өзі көрікті, шешен болуы тиістігін айтады:
Елші – ерекше, барлық елдің сарасы,
Артық біткен білім, ақыл-сансы.
Құдайдың ең асыл құлы – елшілер,
Ізгілерде ақылды, ұлы – елшілер.
Талай ізгі істі солар тындырар,
Ақылымен жауыздықты сындырар.
Зерек біліп, сөздің тысын, ішін де,
Түзей алса, елдің бұзық ісін де.
Сұқ көзділер көзін ашып қарамас,
Ондай пенде елшілікке жарамас.
Түрлі өнерді біліп алса шетінен –
Парасаттың нұры ойнар бетінен.
Кітапты оқып, сөздің мәнін түсінсе,
Өлеңді ұғып, ойды өлеңге түсірсе.
Жұлдыз танып, жори білсе түсті де,
Сөзі дәл кеп, емдесе оның үстіне.
Аңшы болса, ат құлағында ойнаса,
Құралайды көзден атып қоймаса.
Тілін ашса, сайрап кетсе сан түрлі,
Жазбаларды, білсе әріптісан түрлі.
Елші ердің төрт құбыласы тең болсын,
Елде кісі, сыртта бүтін ел болсын! –
дейді.
«Құтты білік» дастанының авторы терең ойлы ақын кедейлер, аш-жалаңаштар, жетім-жесірлер, кемтар жандар туралы айта келіп, ел билеген әкімдерді шапағатты, мейірімді, жомарт, ынсапты болуға, мал-дүниесін мұқтаж жандарға үлестіріп беруге үндейді:
Кездестірсең кедей жанды жолыңда,
Тамағын бер, сусын ішкіз, тілектерін орында.
Жүсіп Баласағұн өзінің «Құтты білік» дастанында жақсылық пен жамандық, әдептілік пен дөрекілік, шындық пен өтірік, аңқаулықпен аярлық сынды өзара қарама-қарсы қойып салыстыра жырлау арқылы оқырманға осы қарама-қайшылықтар арасында таңдау жасауға мүмкіндік береді. Сол арқылы ақын айтар ойын тереңдете түседі. Мәселен, ақын: ауырмас – денсаулықтың қадірін білмейді, өлім болмаса –тірі кездің қадірін түсінбейді, қайғысыз адам қуаныш сезімінің құдіретін толық сезіне алмайды деген секілді бірқатар дүниетанымдық пікірлерін қозғайды.
Дастанда ғұлама ақын ерекше мән беріп, зор шабытпен жазған аса маңызды дүниетанымдық мәселелердің бірі – адамдардың бірін-бірі құрметтеуі, ізет көрсетуі, сыйлауы болып табылады. Ақын жастардың қарттарға, қариялардың жастарға, әкімдердің өз қол астындағы қызметшілеріне, жалшылардың өз қожаларына, балалардың өз әке-шешесіне, ата-ананың өз перзенттеріне деген ізгі құрметі қандай болу керек деген сауалға жауап береді. Соның өзінде, Жүсіп Баласағұн жастардың әке-шешесіне көрсететін құрметімен қызметін аса киелі құбылыс деп қарайды. Ақын баланың әке алдындағы парызын ислам дінінің қағида-ережелерімен байланысты түрде алып түсіндіреді [43, 210-211].
Дана ойшыл, көбіне-көп, қыз бала тәрбиесінің қиындығы мен күрделілігін баса айтады. Адам өмірінде эстетикалық тәрбие зор рөл атқарады. Әсемдікті көре, түсіне және бағалай алу, жасай алу адамнң рухани өмірін байытады, қызғылықты етеді, оған ең жоғары деңгейде рухани ләззат алу мүмкіндігін береді. Осы тұрғыдан алғанда Жүсіп Баласағұн отбасы жайлы айтылған бәйіттері афоризм ретінде өте құнды болып табылады:
Адал жарда болмас ізі күдіктің,
Бақыты сол, байлығы сол жігіттің.
Жаны сұлу – нұр құяды жаныңа,
Мейірім, мінез, шаттық тіле жарыңа.
Құлай сүйген, жаны таза, ақылды,
Жақсы әйел құрметті етер атыңды.
Шын ойласаң ошағыңның ырысын,
Адал жарың – байлығың да, тынысың, -
деп жырлап, ерлі-зайыптылардың бір-біріне адалдығының, отбасында сақталуы тиіс этикалық, эстетикалық құндылықтардың маңыздылығын айқын көрсеткен.
Жүсіп Баласағұн дастанды үйлену, жар таңдау, бала тәрбиелеу жайларына көп аялдап, өз танымын білдіріп отырған. Мысалы «Қандай әйел алу керектігін айтады» деген тарауында жастардың өміріндегі ең жауапты жар таңдау кезеңіне арнайы тоқталады. Жүсіптің айтуынша, жастар төрт нәрсеге құштар болатынын, бірақ дәулеттінің қызын алсаң құл боласың, сұлуды алсаң күлкі боласың, тектіні алсаң қор боласың, төркіні зорды алсаң күшік күйеу боларсың деп ескертеді.
4475 Әйел алмақ болсаң егер, қарарсың,
Жеті бағып, таңдаулысын аларсың.
Жақсы болсын тегі, заты, ұрығы,
Пәк, ұяты, болсын жанның тұныңы.
Дұрыс үйдің қызын ал, қол тимеген,
Сенен өзге еркек жүзін көрмеген.
Сені сүйіп, басқа жанды білмесін,
Жаман, тексіз қылық іспен жүрмесін.
Тегі өзіңнен төмен қызыды аларсың,
Асыл текке өзің құл боп қаларсың.
Көркін қуып, алма қылқы кемісті,
Құлықы жақсы болса – кемел келісті!
Әйел алсаң төртбелгісін көздеші,
Бұл төртеуден кездеспейді өзгесі:
Бай әйелді біреу іздеп жүреді,
Енді біреу сұлуға көз тігеді.
Бірі тілер тұқымы асыл, тектіні,
Қуаныш боп ұлықтыығы, бектігі.
Бірі нәзік, ақылдысын таңдайды,
Оны тапса, көңілде алаң қалмайды.
Таңдаулысын айтайын мен бұлардың,
Әйелалсаң, түргін маған құлағың:
«Ай, таңдаушы, бай әйелден үміткер,
Құлы болып қалма оның, білікті ер.
Көңілі мүлік болып, тілін ұзартар,
Көтерерсің – болса малға құмартар.
Кісі ізгісі, гөзәлді іздеп шоларсың,
Сұлуды алма, елге күлкі боларсың.
Шырайлыны күллі ел сүйер, жақтар мың,
Оны хақтың құдіретімен сақтарсың...
Асыл текті, бек әйелді таңдарсың,
Өміріңді қор қып, талды қармарсың.
Осылайша ол осы төрт сипат бір басынан табылар ақылды, мінезді, ұяты бар, ата-ананың қызын ал деп кеңес береді.
Осы ойды Абай Құнанбаеватың «Жігіттер, ойын арзан, күлкі қымбат» өлеңіндегі мына жолдарынан кездестіруге болады:
Әйел жақсы болмайды көркіменен,
Мінезіне көзжетпейкөңіл бөлме...
Жасаулы деп, малды де байдан алма,
Кедей қызы арзан деп құмарланба...
Ары бар, ақылы бар, ұяты бар
Ата-ананың қызынан ғапыл қалма.
Жүсіп Баласағұн шынай көркемдікті адамның рухани жан дүниесі мен эстетикалық сұлулығын көрсететін белгі деп санайды.
Кемеңгер ғалым:
Қос нәрсені шалмас қарттық құрығы,
Бірі – ізгі сөз, бірі ізгі құлығы, - деп, екі жақсы қасиеттің бір адамның бойынан табылуын көздейді, осы екеуі қатар өрістесе, адамның жан дүниесінің таза, сұлу болатынын уағыздайды.
Сондай-ақ ер-азамат халқын ізгі қылық, ізгі сөзімен жарылқай білсе ғана адамдық бет-бейнесі ашылатынын, ер адамның жан дүниесінің сұлулығы осындай істерімен көрінетінін, оның азаматтық тұлғасының биіктігін осылайша дәлелдей алатындығын айтады.
«Құтты білік» шығармасы құтты қоғам құру, елді көркейту мақсаты үнемі алғашқы кезекке шығарылады. Жүсіп Баласағұн «кедейді орташаға, орташаны байға» жеткізіп, бекті құтайтуды, халықтың әл-ауқатын жақсартып, ырысын арттыруды басты міндет етіп ұсынады:
Жақсыларды көтер жебеп еңсесін,
Жамандардан бүтін сақта ел шетін.
Нәсіп көріп алма қарғыс, назаны,
Зұлым заңмен боларсың ел мазағы.
Ақылымды көкірекке түй, біліп,
Берік, ұзақ сонда бектік, билігің.
Қандай мәселе туралы толғанса да, дана ойшыл адамды бақытсыздыққа ұшырататын зорлық-зомбылық атаулыға, қорлау мен арамдыққа, қулық-сұмдыққа қарсы шығып отырады. Өзі дүниенің мәнді тұғыры деп білген асыл қасиеттерді насихаттайды:
Бай бол, кедей бол – адамшылықтан айныма.
Туған екенсің, әйтеуір өлетінің де айқын.
Оған қарап түңілме, азғындама.
Адам бол, дамшылық ғұмыр кеш.
Ақынның «Құтты білік» еңбегіндегі адамдарды жаман қылықтардан жирендіріп, жақсылыққа үндейтін ақыл, білім, тіл, жақсы мінез, сұлулық жайлы ойлары Алла тағала есімімен және Қасиетті Құран ғибратымен үндесе келген. Мәселен: Жүсіп Баласағұн:
Тәңірі адамдарды жаратты, үздік етті,
Оған өнер, білім, ақыл берді.
Көңіл берді, әрі тілін сайратты,
Ұят берді, мінезі мен қылығы сынық, - деп жырлап, мінезі сынық адамның жан дүниесінің бай келетіндігін меңзейді. «Адамдардың артықшылығы өнері, білімі болса, ол – адамның өз қажеттіліктері үшін таптырмайтын қасиет», - дей отырып, адамдарды осы асыл қасиеттерді бойына жинақтауға шақырады. Яғни, бұл ойлардағы басты мақсат – адамның өзін-өзі тәрбиелеуі [44, 48-49].
Қазіргі қазақ тілінде және халақтық эстетикада тұрақты мағыналық баламалар бірік қалаптасқан, белгілі бір символдық мәні ежелден қанық «чақ», «көк», «қызыл», «қара», «жасыл» түсьер бояу реңдеріне қарай қалыптасқан поэтикалық қызметіне орай ақ құс, ақ сүт, қара зәңгі, қара түн, жер мыстай қызыл болғанша, жердің жүзі қызарар... тәрізді теңеулер жиі қолданылады. Осының бәрінен де халық санасындағы сіңген негізгі мағынасына қосарлы символдық мәні, семантикалық астары бар. Мысалы, ақ пен қара күні бүгінге дейін екі түрлі мағынаның баламасы болып келеді. Қазіргі әдеби тілімізде афоризмдерге айналған тұрақты тіркестер: «ұйқы – өлім», «ұйқы – ғафылдық» :
5267 Бұл ғафылдық ұйқымен ес тандырар,
Ұйықтаған жан күллі істі қалдырар.
(Ұйқы талай ерді торға түсірді,
Ұйқы – өлім, өлі қайтсін ісіңді!)
Болмаса – адам – бұл ғафылдық қинамақ,
Періште боп, қылар еді ибадат!
«асыққан шайтан ісі»
5218 Діннің ісін асып-сасып атқарма,
Аптыққан жан істен пайда таққан ба?
«немене ексең, ертең соның өнеді» -
4733 Егін жай бір бұл дүние көлемі,
Немене ексең соның ертең өнеді.
Жақсы ұрықтан жақсы өніп толады,
Сол жақсылық киім, тамақ болады.
Жаман ұрық ексең, жаман өседі,
Жаман жүк боп, мойныңа ертең кеседі.
секілді баламалар да дастан беттерінен жиі кеөзге түседі [45, 198-204].
Достарыңызбен бөлісу: |