Жумадуллаева А. А.,Өтеген Қ. О.,Сыдыкова З. Е. ҚАзақ этнопсихологиясы шымкент 2016



бет10/12
Дата11.02.2018
өлшемі2,48 Mb.
#37507
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   12

4.2 Мақал-мәтелдер халық психологиясының айнасы

Бүкіл халық ұстанатын тәліми нормаларды адамның жан дүниесіне орайластыра баяндайтын қолданбалы мәні зор психология ғылымыньщ бір саласы халықтық психология деп аталады. Мұнда ғасырлар бойы сұрыптала жинақталып, жүйеге түскен ұлттық дәстүр, салт-сана, әдет-ғұрып, ұрпақтан ұрпаққа біртіндеп жалғасатын адамгершілік, ақыл-ой, эстетикалық таным, еңбек, дене тәрбиесі, т. б. нормалар мен принциптер, яғни халықтың жан дүниесі, өзіндік мінез-құлқы, іс-әрекетінің ішкі астарлары сөз болады. Халықтық психология психика мен мінез-құлықтың қанға «сіңген», тез өзгеріп не жоғальш кетпейтін ұлттық бітісі, мезгіл мөлшерімен алғанда ұзақ дәуірдің жемісі.



Ұлттық дәстүр мен садт-сананың адам психологиясынан елеулі орын алатын біркелкі тұрақты құбылыс екендігін әр кездері ғұмыр кешкен ғұламалар ерекше атап көрсеткен еді. Халықтық психология — адамдардың қоғамдық және жеке тәжірибесінен, өмірдегі пайымдауларынан туындайтын қарапайым психологиялық білімдерінің жүйесі. Бұл адам мінез-құлқының көптеген жақтарын қамтып, белгілі этностың өзіне тән психикасы жөнінде біршама мәнді мағлұматтар беретін ілім-білімдердің жүйесі. Әйтсе де, арнайы әділ ғылыми жүйеге негізделмегендіктен, бұлар адам психологиясын жан-жақты ажыратуға жарай бермейді. Мұндай жағдайда біз тек ғылыми психологияның деректеріне ғана сүйенеміз. Халықтық психологияның теориялық мәселелерін зерттеумен этнографиямен сабақтас дамыған этнопсихология дейтін арнаулы ғылым саласы шұғылданады. Этнопсихология — әрбір халықтың рухани әрекетінің (миф, фольклор,. тіл, дәстүр, салт, әдет-ғұрып, дін, т. б.) жемісін сол халықтың психологиясын, сана-сезімін көр-сететін негізігі өлшемдердің бірі деп есептейді. Этнопсихология жеке ғылым ретінде XIX ғасырдың орта шенінде Ресейде, кейінірек Батыс Еуропа елдерінде (Лацариус, Штейнталь, Вундт т.б.) пайда болды. Қазақ топырағында бұл мәселемен көбірек айналысқан Шоқан Уалиханов еді. Оның еңбектерінде «халық рухы» дейтін ұғым жиі кездеседі. Мұны «халықтық психология» ұғымының синонимі деуге болады. Бұл жәйт біртуар қазақ ғалымының сол кездегі еуропалық этнопсихологтардың еңбектерінен хабардар болғандығын жақсы байқатады. Жоғарыда айтқанымыздай, этнопсихология қарастыратын психологиялық жайттар фольклор, ауыз әдебиетінде өлшеусіз мол. Мәселен, қазақ халқының аңыз-әпсана әңгімелерінде, батырлық, эпостарында, ертектері мен салт-сана жырларында, айтыс өнерінің сан алуан түрлерінде адамның (жас, еркек, әйел, ер, кария т. б.) жан-жүйесінің не бір түрлері (ойлау, сөйлеу, қиял, сезім, ерік-жігер) әр кырынан көрініп жатады. Осынау жан куаттарының ішінде адамның ойлау (ой) деп аталатын процесі де жиі көрініс тауып отырады. Ойлау — бұл сұраққа жауап беру қандай болмасын бір мәселені шешумен көрінетін күрделі жан қуаты. Оның бірнеше түрі бар. Соның бірі — продуктивтік ой деп аталады. Ол адамға бұрын-соңды сыры белгісіз, тың мәселелерді шешуде орын алып отырады. Тың мәселелерді шешуде ой жүйелі болуы тиіс. Продуктивтік ой айтыс, жұмбақ шешуде ерекше байқалады. Мәселен, Сапарғали мен Нұржанның жұмбақ айтысы терең ойланып-толғанудың жемісі. Ондағы «Темірден салбыраған иегі бар, сабағы бірі қолда, бірі белде» дейтін Сапарғалидың жұмбағын Нұржан: «Бұл аттың жүгені, тізгіні қолда, шылбыры белде» деп шешеді. Осы жұмбақты құрастырушыда да, оның шешуін тапқан кісіде де күрделі продуктивті ой орын алып отырғаны хақ.

Продуктивті ойлау айтыс өнерінің кез-келген түрінде, әсіресе ұзақ жырмен сөз жарыстаруда ерекше көрінеді. Бұған 1910 жылы Ақмешітте Қаңлы Жүсіп пен Кете Жүсіптердің айтыстарын жатқызуға болады. Айтыста көтеріліп отырған мәселенің мазмұнына ғана емес, оның ұйқасына, сөз саптауына, өрнекті сөзбен мәнерлеп жеткізуіне ерекше мән беріледі. Айтысқа түсушілер кейде бірін-бірі сөзбен қағытып, мінеп-сынаудан да бастайды. Бұл тәсіл тек әріптесін мұқатып, кекету үшін ғана емес, сонымен қатар қарсыласының тұйықтан, қиыншылықтан құтылу жолдарын іздестіруіне кедергі жасап, оның айтайын деп отырған дәлелді жауаптарынан жаңылдыру үшін де қолданылады. Бұл, әрине, қарсы жақтың жағдайын ауырлатып, тұтқиылдан жауап табуды қиындатады. Мұндайда айтыскер «Қалай деп жауап қайтарсам екен, ол қандай жауап айтар екен»,—деп қатты «ойланады. Айтыстың қандай түрі болмасын (жұмбақ айтысы, қыз бен жігіт, ақындар айтысы, т. б.) жан-жақты ойлап-толғануды, ерекше тақырыпты, керемет айлакерлікті қажет етеді. Айтыскерлер сөзім жұртқа қаншалықты әсер етер екен деп, әр сөзін «жеті рет өлшеп, бір рет пішкендей» алдын-ала болжап құрастыруға тырысады, орамды, ұшкыр, кең, сыншыл сөйлемдерді сұрыптап, олардың ішінен әрі дәлелді, әрі салмақты, салиқалы дегендерін іріктеп алады. Өйткені бұлардың аузынан шыққан әрбір сөз «мірдің оғындай» әбден іріктеліп, ой елегінен өткен «қысқа да болса нұсқа», «тайға таңба басқандай» ой түйіндері болып келуі шарт.

Психологиялық мәні жағынан қазақ фольклорыньң түрлі жанрларының ішінде мақал-мәтелдер аса қьізғылықты зерттеу объектісі болып табылады. Бұларда — халықтық өмір туралы сан-алуан пайым-байқауларының, ойға түйгендерінің нақты да дәл сипаттамаларының мәйегі сүзілген. Әрине, осынау халық даналығында шындықты бейнелейтін, білім-іліммен қатар қоршалған орта жөнінде, әсіресе әлеуметтік өмірдің кейбір жақтары туралы жекелеген жаңсақ ойлар да жоқ емес. Бірақ осыған қарамастан бұлар халықтық дүние-танымның, күрделі де қайшылықты даму процестерін негізінен дұрыс көрсетеді. Мақал-мәтелдер адам іс-әрекетінің себебін тікелей бакылау арқылы өзінше түйіндейді. Сондықтан да олар ғылыми бақылаудан өзінің кездейсоқтығымен, арнайы ұйымдастырылып, жоспарланбауымен өзгешеленеді. Алайда өмірде жиі қайталанатын сансыз бақылау күнделікті тәжірибенің өлшемі ретінде қорытыла келе, психологиялық ойдың мәйегіне айналады.

Диалектикалық пікір таластың, ақиқат білімнің, алғашқы көріністері де мақал-мәтелдерде мол. Көшпелілердің сонау ерте дәуірден-ақ бұларды көп біліп әрі оны ақылымен байыптай алатын адамды ерекше қастерлеуі тегін емес. Ондай адам ата-баба даналығының көзіндей саналатын. Мақал-мәтелдер белгілі бір шешім мен істің дұрыстығын анықтайтын логикалық қызметтің эталоны тәрізді адамның ой-әрекеттерінде маңызды роль атқарып отырады. Мәселен, жоғарыда айтқанымыздай, айтыс ақыны өз ойын орынды келтірілген мақалмен көркемдеп шегелей түссе, тыңдаушылар оны өте мәнді дәлел ретінде қабылдайтын. Бұл орай да оның қарсыласы да мақалға жүгінетін. Ал, мұны нақты жағдайға сәйкес өз орнымен қолдана алмаған кісінің ой-өрісі онша жетілмеген жанның қатарына қосылатын. Мақал-мәтелмен нәрленген ой сенімді, нанымды саналатын. Осынау ел-жұрт даналығында тек халықтық психологиялық білімдер ғана көрініс таппай, бұларда қоғамдық-саяси, философиялық, тәліми ойлармен қатар мінез-құлық нормалары да кездесетіндігі даусыз.



Көшпелі тұрмыс салтында мақал-мәтелдер мектеп пен мұғалімнің, кітап пен баспасөздің қызметін алмастырды. Ол айналадағы сыры мол дүние туралы білімнің сұрыпталған жиынтығы, халықтың өзінше шағын ауызша энциклопедиясы ғана емес, ұстаздық, тәлімгерлік роль де атқарады, адам бойындағы барлық жақсылықты асқақтатқыш, жамандықты жерлеп, күлкіге айналдырды. Мұндағы ақыл-кеңестер қысқа да нұсқа, әрі тұжырымды болды. Бұлардың бала тәрбиесіндегі орныда айрықша еді. Халық даналығы ата-анаға ұрпақ тәрбиесі жөнінде өзінен бұрынғылардың моральдық-психологиялық, медициналық-гигиеналық, өнер-сайыскерлік ой-пікірлерін де шоғырландырып,бүкіл халықтың, тәлімдік тәжірибесін мирасқа қалдырып отырды.

Бала ұғымына лайықты пайдалы кеңестерде айналадағы дүние мен адамның өзара қарым-қатынасын әр қырынан қамтыған сан алуан ақпараттар аз болмайтын. Мұнда оқу мен еңбек, ойын мен өнер, сондай-ақ адамның жақсы-жаман қасиеттері, елін сүю, ата-ананы құрметтеу, үлкенді сыйлау, т.б. үлгі-өнегелер бала санасына біртіндеп құйыла беретін. Сондықтан да мақал-мәтелдер қай халықтың болмасын ілкі психологиялық түсінігі болды, оларда казіргі жалпы педагогикалық, жас ерекшелік, медицина, музыка, спорт, қоғамдық психология деректерімен астарлас нақты іс-тәжірибеге негізделген қызықты идеялар топтасқаны хақ. Қазақ мақалдары адамның ішкі жан-дүниесіне терең бойлап, кісінің қарым-қатынасын аша түсуде өнеге мектебі дерлік. Мәселен, халық ұғымында акылдылық — баға жетпес қазына. Бұл туралы халық: «Түйедей бойың болғанша, оймақтай ойың болсын», «Ақыл озбайды, білім тозбайды» дейді. Ақыл-білім, тәжірибе, тәлім-тәрбиенің нәр алатын бастауы. Демек әрбір адам, тіпті күнделікті күйбең тіршілігінде де істі ақылға салып отырмаса болмайды, онсыз мақсатқа жету қиын. Алдағы іс-әрекеттің нәтижелілігін болжау да ақылға байланысты. Мақалдар сөзді салмақтап, ойлана айтуға үйретеді. («Ойнап сөйлесең де ойлап сөйле», «Аңдамай сөйлеген, ауырмай өледі»). Халық даналығы бөспе сөз бен мылжындықты ұнатпай, ондайларды өткір сынға алған («Құрғақ сөз бас ауыртар», «Көп сөз күміс, аз сөз алтын». «Қысыр сөзде қырсық көп», т. б.). Осы айтылғандардың бәрі-бәрі ақыл ой мен зерделіліктің сөйлеу мәдениетімен тығыз ұштасып отыратынын меңзейді.

Жалпы, бейнелі сөз, шешендік өнерге құрмет о бастан-ақ қазақ психологиясына тән сипат. Ш. Уәлиханов «Қазақ шешендікке құмар, ол сөз өнерін, әсіресе әзіл-оспақты қатты сүйеді»,— деп тегін айтпаған.

Адамның жан-дүнесінің тілдегі көрінісі, яғни ой шьндығының сөз арқылы көрінуі де мақал-мәтелдерде кеңінен бейнеленген. Сөз — күшті, куатты, құдіретті қару. «Сөз өнері — дертпен тең». Халқымыз ойға олақ, сөзге шолақ жанды әжуалап, аз сөйлеп, көп ойлап, логикаға жүгініп отыру қажеттігін ерекше ескерткен. Мәселен, тіл тас жарады, тас жармаса, бас жарады», «Сөз сүйектен, таяқ еттен өтеді», «Жылы-жылы сөйлесең, жылан інінен шығады», - «Шешеннің тілі — шебердің бізі», «Жүйелі сөз жүйесін табар», т.б. мысалдар, сөз құдіретінің психологиялық астары қандай болатынын жақсы аңғартады. Сөйтіп, шебер де шешен сөйлей білу адамның асыл қасиеттерінің бірі болып, кісіге психологиялық әсер етудің ерекше тәсілі болып табылған.

Мақал-мәтелдер қоғамдық ой-сананың қалыптасу кезеңдерінен көптеген мәлімет береді. Адам ақылының дамуында оқу, білім мен тәжірибенің, атқаратын ролі зор. Мына төмендегі мақалдар: «Көп жасаған білмейді, көпті көрген біледі», «Оқу — оқу түбі тоқу», «Көп оқыған білмейді, көп тоқыған біледі», «Білімнен асар байлық жоқ», «Көре-көре көсем болады, сөйлей-сөйлей шешен болады», т. б. осы айтылған түйіннің куәсі іспеттес. Халқымыз оқудың табанды еңбек пен маңдай тері төгумен ғана миға қонатынын жақсы түсінген («Оқу инемен құдық қазғандай»). Өйткені оқу табысты болу үшін ынта мен ерік-жігер, ынтызарлық пен құмарлық қажет («Шыдамды еңбек алғыр ой, анық досың біліп қой», «Ықылас пен ынтымақ, бітер іске болсын тап», т.б.). Мақал-мәтелдерде адамның жан қуаттарының бұлардан басқа да толып жатқан жақтары бейнеленген. Бұларды психологиялық тақырып тұрғысынан төмендегіше топтастыруға болады:

1) Психологияның жалпы мәселелері: а) жан қуаттары, олардың ортақ қасиеттері туралы түсінік; ә) өскен орта және тұқым қуалаушылықтың жан құбылыстарына әсері; б) психиканың қалыптасуындағы еңбек, тәжірибе және практиканың ролі; в) ойын, оқу, өнер, еңбек, бұлардың сана-сезімді дамытудағы ролі, т.б.;

2) Сезім мүшелерінің (көз, құлақ, т.б.) шымдалатын орны;

3) Тіл мен сөйлеу, бұлардың тіршілік пен қарым-қатынастағы ролі;

4) Ақыл және ес.

5) Арман мен қиял.

6) Адам эмоциясы мен сезімдері (қорқыныш пен үрей, қайғы мен қуаныш, махаббат пен жек көру, шындық пен өтірік, достық пен жолдастық, т.б.

7) Қажыр-қайрат пен бос белбеу, жүрексіздік.

8) Кісінің жеке-дара ерекшеліктері (мінез, қызығушылық, бейімділік, қабілет, талғам, мұрат, т. б.).

9) Түрлі топ кісілерінің (еркек, әйел, ата-ана, бала-шаға, туыс, жекжат-жұрағат, әкім, т.б.) әлеуметтік-психологиялық ерекшеліктері.

10) Әртүрлі жас мөлшерінің (бала, жасөспірім, ересек, кәмелет, қария, т.б.) психологиялық сипаттары. Ал, кәрілік шақтың рухани (мол тәжірибе, тоқылған ақыл, ескі әдеттің үстемдігі, кінәмшілдік, ұмытшақтық, т.б.) және тән (көз бен құлақтың әлсіреуі, тістің түсуі, бел бүгіліп, қозғалыстың нашарлауы, шаштың ағаруы, әжімнің көбеюі, т.б.) белгілерін саралаған халықтық пайымдар өз алдына бір төбе. Осы айтылғанға «Көңіл қартаймас, көз қартаяр», «Кәрі білгенді, пері білмейді», «Сақалға ақ түсті, көңілге дақ түсті», «Көп жасаған көмбенің үстінен шығады» деген тәрізді мақал-мәтелдер жақсы айғақ.

Мақал-мәтелдерде адамның ес, жан қуаттары жөнінде де аз айтылмаған. Бұлардың ғылыми психологиямен тамаша ұштасып жатуы таңқаларлық. Мәселен, біреу көзбен көру, екінші біреу құлақпен, үшінші адам қозғалыс мүшелерінің қатысуымен, ал төртінші біреу бұларды араластыра есте сақтайтындығын, біреу тез арада есте сақтай алатын болса, екінші біреу бұған ұзақ уақыт машықтанатынын халық даналығы жақсы көрсеткен. Әрине, жалаң еске сақтаумен адам алысқа бара алмайды, ол өз есін, оның басқа қасиеттерімен (беріктік, нақтылық, реакция шапшаңдығы, т.б.) ұштастырғанда ғана бағалы болмақ. Бұл айтқанды «Ақпа құлаққа айтсаң, ағып кетеді, құйма кұлаққа айтсаң қағып алады», «Оқығанына мәз болма, тоқығаныңа мәз бол», т.б. мақалдар жақсы қуаттайды. Немесе, қарт адам жуырда ғана оқыған, естіген, көрген, нәрселерін тез ұмытады, бұл естің әлсіреуіне әкеледі. Осыны «Ер қартайса — жаңылшақ» деген дана сөз де нақтылай түссе, оқығанды миға тоқу да қайталаудың маңызы зор екенін, «бұрынғыны айтпай, соңғысы еске түспейді», «көз көруге, кұлақ естуге тоймайды» дейтін мақалдар қуаттайды. Ал сын көзімен қабылдау естің дамуына елеулі ықпал ететіндігін «Өз қатесін көрмеген, кісі қатесін сезбейді» деп түйіндейді. Есте сақтау да, еске түсіру де материалдың эмоциялық әсерімен байланысты болатындығын, жақсы, шапағаты мол мәселелерді есте мықтап сақтауға меңзейтін мақал-мәтелдер де баршылық. Мақалдарда адамның есте сақтау қабілетіне айрықша баға беріледі, ақылдылық жоғары дәріптеледі.

Мақал-мәтелдерде адам танымының өзге жақтары туралы да қызғылықты ойлар аз емес. Мәселен, арман мен қиялдың адам өміріндегі орны жайында- «арманы жоқ жігіттің дәрмені жоқ» десе, сезім мен ойдың байланысы туралы «аузы күйген үріп ішеді», ал ерік-жігер жөнінде «Талапты бала талпынған құстай, құмары қанбас аспанға ұшпай», әдет пен дағды туралы «Ауру қалса да әдет қалмайды», кұмарлық, бейімділік жайында «Жақсыға жақсы әуес», «Саусағы ұзын биші болар» дейді.

Адам баласы әр түрлі жағдайда тәрбиенің әр алуан әсерінде болып, әр салада қызмет етеді. Осы фактордың бәрі оның жан-дүниесінің қалыптасуында елеулі із қалдырады. Кісі оқу, іздену, тәрбиелену арқылы өзін өзі сомдайды. «Көре-көре көсем болар, сөйлей-сөйлей шешен болар», «Адам туа білмейді, жүре біледі» деу осы айтылғанның дерегі. Халық даналығында адамның моральдық-психологиялық ерекшеліктері жай көрініс таппай, оны қалыптастырудың жолдары да сөз болған, бұларды қалайша тәрбиелеуге болатындығы жайлы түйіндер де айтылады. Мақал-мәтелдерден патриоттық, ерлік, достық, жолдастық, кішіпейілділік, қарапайымдылық, махаббат, сүйіспеншілік, ұстамдылық, шыдамдылық, қайраттылық, табандылық, т.б. Осы іспеттес кісілік қасиеттер жайлы насихат көп ұшырасады. Адам бойындағы жалқаулық («Жұмыссыз жастың жүргені сөкет»), ұшқарлық, тағатсыздық («Сабырлы жетер мұратқа, сабырсыз қалар ұятқа», мақтаншақ, сараңдық, жағымпаздық, т.б. жағымсыз қасиеттерден жирентіп, жақсы мінез-құлық қалыптастыруда еңбектің орны ерекше қастерленеді. «Сақалын сатқан кәріден, еңбегін сатқан бала артық», «Жігіттің күшіне қарама, ісіне қара», «Жігіт түсімен емес, ісімен әдемі», т.б.). Мақал-мәтелдерде көшпелі қауым түсінігіндегі шегелі тұлғаның тұрпаты да сомдалған.

Жас ұрпақты жағымды мінез-құлыққа тәрбиелеудің әртүрлі әдіс-тәсілдерімен қатар, ұстаз, тәлімгерлерге бағышталған мақал-мәтелдер де бір төбе. Баланың алғашқы тәрбиешісі — ата-анасы. Олар өз ақыл, білім, жақсы мінез-құлқымен, қысқасы бар болмыс-бейнесімен баласына үлгі болуға тиіс. «Ұстазы жақсының ұстамы жақсы, «Әкеге қарап ұл өсер, анаға қарап қыз өсер» «Әке балаға сыншы», т.б. «Адам туа жаман емес, жүре жаман»"дейтін мақалдар мінез сипаттары туа бітпей, ортаның ықпалымен бірте-бірте қалыптасады, деген ойды ұқтырады. Егер адамды жақсы жағдайда дұрыс тәрбиелесе, оның жақсы қасиеттерге ие болатыны даусыз. Керісінше, жаман тәрбие жағымсыз қасиетті бойға дарытады. «Баланың тентек болмағы үйінен» деу осыған меңзейді. Кісіліктің қалыптасуында туа біткен қасиеттері де белгілі дәрежеде із қалдыратыны халық даналығынан қалыс қалмаған. («Саусағы ұзын биші болар, құлағы ұзын күйші болар»). Орта, тәрбие және туыстан берілетін қасиеттің арақатынасы да мақалдарда дұрыс көрсетілген. Бірақ халық түсінігінде адам дамуындағы жетекші роль тума қасиетке емес, жүре бара қалыптасатын тәрбиеге тән. («Жақсыдан жаман туады, бір аяқ асқа алғысыз. Жаманнан жақсы туады, атасын айтса нанғысыз», т.б.) Осы іспеттес әр түрлі психологиялық тарихтардан халықтық салт-дәстүр, әдет-ғұрып, ұлттық психология көріністері жақсы аңғарылып тұр. Көшпелі халыққа тән имандылық, ілтипаттық, жанашырлық, сезімталдық, балажандылық, қонақжайлылық, т.б. туралы тамаша түйіндер («Қонақ келсе ет пісер, ет піспесе бет пісер», «Қонақтың алтынын алма, алғысын ал») мен дана сөздер қомақты тақырыптарының бірі. Жақсы, жаман болу тәрбиенің, оқу-білімнің нәтижесі. Әрине, адамның нақты іс-әрекетінің, тыныс-тіршілігінің әсері ерекше маңызды. Қабілет жұрттың бәріне де тән қасиет. Әркім түйсік, ес, ойлау, зейін, қызығу, т.б. арқылы жанын жетілдіре алады, мүлде қабілетсіз, икемсіз адам болмайды. Жан қуатымен сананың қалыптасуында білім, шеберлік, икем, дағды зор роль атқарады. Үнемі өзін өзі тәрбиелеумен шұғылданған адам ғана өз қабілетін жетілдіре алмақ. Өз кемшілігін біліп, жағымсыз қасиеттерден арылу адамның өз қолында.
4.3 Қазақ халқының мінез-құлық ерекшеліктері
Әлемде өзгермейтін, қозғалмайтын еш нәрсе жоқ. Бәрі өзгерісте, қозғалыста. Бірақ, тез өзгеретін немесе ,тез өзгермейтін құбылыстар да бар. Өте баяу өзгеретін құбылыстарға мінез-құлық, тіпті адамның бет әлпеті, дене құрылысы да жатады. Мәселен, соңғы мың жылдықта қазақ халқының негізін құраған ру, тайпалардың антропологиясы біраз өзгерістерге ұшырады. Ұзын бойлы, аққұба болып келетін қыпшақтар басқа да рулар сияқты тапал бойлы, қысқа мойынды, жалпақ бетті монғол типтес болып өзгерді. Тіпті соңғы 50—70 жылда бұрын атқа ұдайы мінгендіктен аяғы доға болып келетін еркек жыныстағылардың аяғы түзуленді, бойы ұзара бастады.

Солардың бәрінің себептері бар. Себепсіз еш нәрсе болмайды. Ол өз алдына әңгіме. Сол сияқты қазақ халқының мінез-құлқы да бірте-бірте өзгеріп келеді. Адамның баяу, немесе шапшаң қозғалуы, мінезінің ашық, немесе тұйық болуы оның тұрған жеріне, өскен ортасына, саяси құрылымға т. б. жағдайларға байланысты.

XVIII ғасырда өмір сүрген француз философы К.А.Гельвеций өзінің «Адам, оның, ақыл-қабілеті және тәрбиесі жайлы» деген еңбегінде: «Тәжірибе дәлелденгендей, халықтардың мінез-құлқы мен ақылы, олардың өкіметінің түр-сипатымен бірге өзгереді, әр қилы өкімет түрлері бір ұлттың мінезін кезекпен бірде көтеріңкі, бірде пәс, бірде тұрақты, бірде тұрақсыз, бірде батыр, бірде осал етеді. Олай болса адамдар не ешқандай мінезге бейімделіп тумайды, немесе тіпті қарама-қарсы бұрыс та дұрыс мінезбен туады. Сондықтан, олар тек тәрбиенің жемісі», — деп жазды. Әрине, К.А.Гельвецийдің айтқандарын сол күйінде қабылдау қиын. Бірақ негізге алуға болады. Олай болса Гельвецийдің, айтқандарының кейбір жақтарын қазақ халқына да қолдануға болады.

Қазақ халқының мінез-құлқы оны қоршаған ортаға — кең далалық кеңістікке, географиялық жағдайға, баққан малға, оның шаруашылығына байланысты қалыптасты. Ғасырлап ен далада мал бағып, қысы-жазы тек мал соңында асықпай көшіп-қону арқылы қалыптасқан қазақтың мінез-құлқы төмендегідей.



Біріншіден, ол ерекше бір жағдай болмаса етек-жеңін жимай, кеңге салып, асықпай, байсалды өмір сүрген, «Асыққан шайтанның ісі» деп қараған. Бұл міне қазақ әйелдеріне де тән болған. Қазақ әйелдері негізінде жәй, сылбыр қимылдайды. Үйді жүгіріп жүріп жинау, қонақты тез күтіп, уақытын алмау деген пиғыл оларда сирек кездеседі. Қонақ үйлерде жұмыс атқаратын кейбір қазақ келіншектерінің қолындағы шүберегі түсіп қала жаздап жүреді. Заттарды ысқылап тазарту, хлор сеуіп жуу күнделікті міндетті дағдыға айналмаған сиякты.

Екіншіден, қазақ әнгімелескенде асықпай, әр нәрсенің мән-жайына жетіп, түсінісуді қажет еткен. Сөйлескенде, ол қашан да әңгіменің түйінін іздеген. Мәселе, көп, немесе аз сөйлеуде емес. Сол көп сөздің тобықтай түйінінде. Қазақ елін әр дәуірде аралап, оның мінез-құлқы жөнінде пікір түйген жолаушылар, қазақ халқын көп сөзді деп түйіндеген. Мәселен, дәл осындай пікірді, басқа емес В. И. Даль айтқан болатын. Бәрінен, қазақ халқы сөзшең екені белгілі. Бірақ бұл оның мылжыңдығы емес. Қазақ сөйлегенде әр сөзге мән беріп, ойлап сөйлеген. «Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні болу керек» деп түсінген, әйтпесе сөз мылжыңға айналады. Олай болса мақсат — көп, не аз сөйлеуде емес, мәнді сөйлеуде.

Үшіншіден, қазақ көп жағдайда қойылған сұраққа тез жауап қайтармаған. Түсінбеген,естімеген адамдай үнсіз қала берген. Сырын білмейтін адам оның бұл мінезін естімеді, тыңдамады деп те ойлаған. Шынында олай емес. Әрбір айтылған сөзді талдап, пайымдап барып жауап қайтаратын болған.

Төртіншіден, қазақ жерін жиһангер, жолаушылар жаз кезінде аралап, қазақтарды ойын-сауықшыл, жұмыс істеуді ұнатпайтын, жалқау халық деп ойлап, солай жазып кеткен. Бұл пікір, әрине, негізсіз де емес. Қазақ халқының сауықшыл болғаны да, жұмыс істемей, қыдырымпаз болғаны да рас. Көшпелі тұрмыста мұның бәрі орынды құбылыс. Елде мал бағудан басқа еңбек жоқ, ол үшін 4—5 адамның жеткілікті екені де рас. Қалғандары теңселіп, ауылдан ауылға қыдырып, әңгіме, сөз іздеуден басқа амалы болмаған. «Қолы бостық, уайымы жоқтық аздырар адам баласын!» деп Абай тегін айтпаған. Абай кәсіп ет, білім ізде, шаруашылықпен айналыс деп шақырды. Бірақ, ол сөз қалың бұқараға жетпеді. Ол да шындық. Ал енді әлгі жиһанкездерге қайта келетін болсақ, олар қазақ халқының қыстағы азабын, ақ түтек боран тозағында киіз үйде тұрып, мал соңында ығып, көшіп жүргендігін көрмеген. Қыстан аман шығу — қазақтың аса басты мұраты еді. Сондықтан, қазақ «Наурызды» ағынан жарылып қуана қарсы алып, бірімен-бірі көрісіп амандасқан.

Бесіншіден, қазақ жаяу жүргенді кемістік деп санаған. Сондықтан барар жері ауыл арасы бір сағаттық жол болса да, өріске кеткен атын кісі жіберіп алдырып, түске дейін сайлап, ерттеп мініп, баратын болған. Ал егер барар жеріне ертемен кетпек болса, атын жайылысқа жібермей, тұсап, не арқандап, үй маңында ұстаған.

Қазақ жылқы малын аса жоғары бағалап, қадірлеген. Мінсең көлік, ішсең ашытқан сүті қымыз, мейірің қанады, жесең тамақ, кисең киім. Қазақ қашаннан жылқы малының тұқымын жақсартып отырған. Жүйрік ат, жақсы қатын, кұмай тазы, қыран бүркіт қашанда ер жігіттің арманы болған. Егер «Жібек жолы» үшін керуеншілерге жоғарыда айтылғандай жылда түйе беріп отырған болса, шет елдерге (Қытай, Индия) қазақ елі жылда 70 мыңға дейін жылқы айдап, сатып отырғанын айтты. Қазақ жасынан атқа мініп үйренген баланы енді жүре бастаған кезден бастап атқа мінгізген. Оны арнайы тойлаған. Ол тойды «тоқым қағар» дейді. Біздің заманымыздың IV ғасырында өмір сүрген Рим тарихшысы Аммиан Марцеллин сол кездегі Азия көшпелілері жөнінде: «Олар жаяу соғысты ұнатпайды. Ат үстінде өте күшті, аттары құйындай ұшады, ат үстінде барлық мәселелері шешіледі, өмірі жаяу жүрмейді, жаумен соғысу да атпен жүргізіледі, ат жалында ұйықтайды, ат үстінде түнейді, сатады, сатып алады, тамақ ішеді» деп жазды. Сондай-ақ қазақта ер жігітті қартайтатын үш нәрсе бар: «Шабан ат, жаман қатын, өтпес пышақ» деген де мақал болған.



Алтыншыдан, қазақ халқының әйелдері басқа отырықшы Орта Азия халықтарына қарағанда коғамдық жиындарға, ойын-сауық, айтыстарға қатысқан. Қазақ әйелдеріне шектен тыс қызғаншақтық көрсетпеген. Қазақ әйелдері көп жағынан еркіндік жағдайда өскен. Бүкіл шығыс әйелдері ішінен Отан соғысы жылдарында Әлия Молдағұлова, Мәншүк Мәметовалардың Кеңестер Одағы Батыры болуы тегін емес. Қазақ әйелдері арасынан ел басқаратындары да шыққан.

Жетіншіден, қазақ кешірімді, кең пейілді болған. Ол ешқашан тарығып, таусылып сөйлемеген. Әр нәрсенің ақырын күткен. Әрине, қылмыс түріне қарай қазақ елінде жазаның әр түрі болған. Айып мал санымен есептелген. 1684—1685 жылдары дүниеге келген Тәуке ханның «Жеті жарғысында» былай деп жазылған: Ердің құны, мәселен — 100 түйе, немесе 1000 қой, әйелдің құны оның тең жартысы — 50 түйе, немесе 500 қой (Балама ретінде келтіре кетейік, бір түйе — үш жылқы, не — 10 қойға тең). Төре мен қожаның құны қарашадан жеті есе артық.

Жазалар түрі туралы қосымша айтпақ болсақ: жазым болған бас бармақ үшін — 100 қой, шынашақ — 20 қой, бір көздің құны — одан да қымбат.

Қылмыстың ауырлығына қарай өлім жазасына әйелдерді де кескен. Мәселен, әйел күйеуін өлтірсе, немесе күйеуінің көзіне шөп салу үстінде ұсталса т.с.с. Бірақ, өлім жазасын хан шешкен.

Сегізінші, қазақ халқының мінезіндегі тағы бір ерекшелік — ол ешбір халықты жатырқамайтыны. Мәселен, кім болмасын, үйіне келіп түссе, ол бай ма, әлде кедей ме, тани ма, жоқ танымай ма, оны жоғарыда айтқандай «қонақ» деп қарап қабыл алған. Қазақ негізінде бауырмал халық. Ол ешбір халықты алаламаған. Әзіл-сықақ ретінде де қазақ кейбір көрші халықтарды сынап күлкіге айналдырған болса, оған да көршілері солай қарап, әзіл айтқан, бұл өмір, бірақ көршілерін жамандаған емес. Қазақтың кең пейілдігі арқасында елге кім келсе де сіңіп, сіңісіп кеткен. Сонымен қатар біріне-бірі өкпелегіш халық. Өкпенің негізі кейде бір атым насыбайда болған. Сондықтан да Ғабит Мүсіреповтың «кең далаға сыимай жүрген жоқпыз, сиыспай жүрміз ғой» дегені дәл келеді.

Тоғызыншы, қазақ арасында да жетім-жесірлер болған. Бірақ, олар жаппай бір қатер болмаса, ешқашан тентіреп, ел аралап, қайыр сұрамаған. Өйткені, қазақтар өз жетім-жесірлерін өздері қамқорлығына алған, қаңғыртпаған. Қазақтағы қайырымдылық оның менталитетінің бір қырына жататын болған. Жасы үлкен кісілер кім болмасын қазақ оларды силаған, сөзін бөлмеген, жолын кеспеген. Келіндер қашан да иіліп сәлем берген. Дәл осындай әдет әлі күнге дейін жапондарда кездеседі. Қазақ арасында жетімдер, асырайтын, қарайтын адамдары жоқ кемпір-шалдар үйі деген атымен болмаған. Сірә, бұл басқа халықтарда да бұрын болмаған тәртіп болса керек.

Оныншы, көшпелі тұрмыс құрған қазақ отырықшы елдер сияқты қала, село, қыстақ болып, бір жерде тұрақталып тұрмағандықтан, кең сахараны жайлаған ел бірін-бірі ажыратып, білу үшін, ол үш (Ұлы, Орта, Кіші) жүзге бөлінген. Ол жүздердің жалпы тұрған аумағы, оған кіретін рулар білетін кісілерге айқын. Сондықтан, кездескен кісімен танысуда қазақ «қай жерден боласың?» деп сұраған. Сол арқылы кез келген адамды адресі арқылы қай жерден келгенін білетін сияқты, руын білу арқылы оның алыс-жақындығын аңғарған. Бірақ та қазақ араласып жатқандықтан, руын білу адамды қашықтатпайды, қайта жақындатады, әйтеуір, бір жағынан алыс емес, жақын боп шығады. «Қазақ бірін-бірі сұрай келіп, қарынбөле боп шығады» деп халық бекерге айт-паған.

Он бірінші, XX ғасырдың 30 жылдарынан бастап мыңдаған жылдар бойы қалыптасқан қазақ өміріне үлкен өзгерістер енді. Ол қала, село, ауылдарда тұратын отырықшы халыкқа айналды. Көшпелі тұрмыс құрып, өріп жүріп мал өсіру келмеске кетті. Өндірісте жұмыс істеу, оны уақытпен есептесуге үйретті. Егін шаруашылығымен айналысу, малды ұстап бағу, шөп дайындау жайбарақаттықты, селтеңдеп бос жүруді, селқостықты көтермейді.

Онымен ұдайы айналысып, уақытпен есептеспей, жұмыс істеу керек. Нарықтық экономикаға көшу қазақ халқының өмір сүру тәсілін, мінез-құлқын, әдет-ғұрпын күрт өзгертуге әкелді. Нарық қатынасы жайбарақаттыққа жол бермейтін, есепсіз, тегін еш нәрсе жоқ екенін түсіне бастады. Ондаған ғасырлар бойында қазақ елі, оның ата-бабалары бес-алты жылда қайталанып отыратын жұрттан, аракідік аштықтан зардап шеккеніне қарамастан нақты қорытындылар шығармай келген болатынды. Нарықтық экономика халық алдына қатаң талап қойды. Пайдасы аз, шығыны көп нәрсемен айналыспау керек екенін ұқтырды. Керек десеңіз колхоз, совхоз тұрмысы да қазақ психологиясын (жан дүниесін) онша өзгерте алмаған болатынды. Нарықтық қатынас бұл жөнінен де үлкен бет бұрыс болды. Ешкімнің сырттай нұсқаусыз адам іштей, өздігінен өз жан дүниесін өзгертуге мәжбүр бола бастады.

Қорыта айтқанда:

1) Қазақ халқы табиғатынан қарапайым. Киген киімі қашанда мол, етек-жеңі кең болып келеді. Бұл оның көшпелі тұрмысына, атқа мініп, түсуіне, жерге молдас құрып отыруына ыңғайлы. Шапанының, тонының, етегі отырған орнына төсек, ердің үстіндегі көпшігі жастық, шапанын көрпе етіп, кез келген жерге, төсек таңдамай керек болса жата кететін. Мінезі де ен даласындай кең жазық, ашық, жайдары. Қазақ ешқашан қысылып, қымтырылмаған. «Қалауын тапса қар жанады» дегендей, қазақ не айтса да қисынын тауып айтуға тырысқан. Сөзге мән берген. Сөзіне қарай кісіге құрмет көрсеткен. Уәжге тұрған. Бұл оның ерекше қимыл қасиеті.

2) Қазақ кекшіл емес. Іштарлық та басқа халықтарға қарағанда, қазақта бәсеңдеу. Көп ішінде біреу мінеп, мінезінің кемістіктерін, шыққан тегін кемсітіп, бетіне басып, өлеңге қосса, шамасы келсе ол табанда жауап қай-тарған. Уәжі күшті болса — жеңген болып есептелген, жеңіліп қалса кек сақтамаған. Сыртқа шығып, айналаға көз салып, көңлі жадырап кететін болған.

3) Қазақ кімнің кім екенін бір ауыз айтқан сөзінен, былайша айтқанда «сөз саптауынан» байқаған. Кісінің ақылын бірден байқау қиын. Ол тереңде жатады. Бірақ оны байқау үшін көп сөйлеудің керегі жоқ. Оны қазақ бір ауыз сөзден байқаған. Орыстарда малға (сиырға, жылқыға, шошқаға) адам аттарын қойған. Қазақтар адам атын малға қойғанды ерсі көріп, ұнатпаған.

4) Қазақтың түсі суық емес, жайдары, беті ашық, бас киімін көзіне түсіріп кимеген. Қазақтың ішкі кең табиғи ақылдылығы, жайдарылығы оның бетінен байқалған. Қазақта бас кесу, дарға асу, зынданға салу деген жаза болмаған. Қазақтағы барлық жаза — айып төлету. Әрине, өлім жазасы да болған, бірақ ол өте сирек және кесектеп өлтірілетін болған.


Каталог: sites -> default -> files -> kitap
kitap -> Л. С. Динашева K. У. Қарабаева Әлемдік өркениеттер тарихы шымкент 2016
kitap -> «Ғылыми педагогикалық зерттеу әдістемесі» пәнінен (дәріс жинағы) Шымкент-2017ж
kitap -> ТҮсіндірме жазба пәнді оқыту
kitap -> ТӨлеген ұ. Ш., Жанысбеков м.Ә. ҚАзақстанның Қазіргі заман тарихы пәнінен студенттердің даярлығын жетілдіру
kitap -> Р. Д. Дарібаева Қазақстандағы педагогика ғылымының дамуы
kitap -> Естественные и педагогические науки
kitap -> Қалмұрзаев қ. С, Орынбасар қ. О., Рахымбаев б. О. ҚАзақ КҮресінің ОҚыту әдістемесі
kitap -> ТҮсіндірме жазба пәнді оқыту


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   12




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет