Жумадуллаева А. А.,Өтеген Қ. О.,Сыдыкова З. Е. ҚАзақ этнопсихологиясы шымкент 2016



бет11/12
Дата11.02.2018
өлшемі2,48 Mb.
#37507
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   12

4.4 Қазақтың ұлттық мінез бітістері
Бұл - өте күрделі, әлде де толық зерттеліп, шешімін таппай келе жатқан мәселе. Осы жәйтті жақсы аңғарған Н.Назарбаев былай дейді: "Менің ойымша, қазақтардың қайталанбас этикалық, психологиялық әлемі әлі жете зерттелмей, зерделенбей жатқан тылсым дүние".

Ғасырлар бойы көшіп-қонып жүрген халық өзі өмір сүрген ортаның әлеуметтік-экономикалық жағдайларына, мәдениеті мен тарихына, табиғатына орайлас жас буынға тәлім-тәрбие берудің айрықша талап-тілектерін дүниеге әкелді. Мәселен, бұлар жас адамның жұртқа танымал моральдық-психологиялық нормасын "сегіз қырлы, бір сырлы" делінетін қанатты нақыл сөздермен қисындады. Осынау аталы сөздің мән-мағынасы мыналар еді: көшпелі мал шаруашылығын жете игеру; еңбек сүйгіштікпен қиыншылыққа төзе білу; ел намысын қорғау; жаудан беті қайтпау; ата тегін жадында сақтау; сөз асылын қастерлеу; тапқырлық пен алғырлық, ат құлағында ойнау; ата салтын бұзбау (жасы үлкенді сыйлау, құдайы қонақтың меселін қайтармау, көрші хақын жемеу, т.б.).

Көшпелі өмір тіршілігі қара күшке мығым, қиыншылыққа төзімді, кұбылмалы табиғат жағдайына тез икемделгіш болумен бірге, жан-жүйесі жағынан да жан-жақты жетілген, кемел адамдарды қалыптастырды. Үйде де, түзде де бала ес білгеннен бастап із кесіп, жол қарап, жұлдыз санап өсті. Олардың көзі қырағы, құлағы сақ, қияндағыны шалатын болды. Аң аулап, мал бағып, күнделікті күйбең тіршілікпен жүрсе де жас өскін ақынның сөзін, жыраудың жырын, әншінің әні мен әуенін қалт жібермей тыңдап, ел аузындағы ұтымды мақал мен мәтелді, ертек пен жұмбақты, терме мен шежірені жадында сақтап, халық даналығын өзіне рухани азық етіп отырды. Әрдайым көшіп-қонуға дайын отырған қазақтар үшін аң-құс аулау, мал күзету, жау түсіру тұрмыстың дағдылы машығына айналды. Әрбір көшпенді әрі жауынгер, әрі малшы, әрі шаңырақ иесі болып саналды. Осы айтқанымыздың дәлелі болып табылатын кейіннен мақал болып кеткен "Өнерді үйрен де, жирен", "Жігітке жетпіс өнер де аз", "Шебердің қолы ортақ", "Жауда жүрсе ат ойнатқан батырым, үйде жүрсе, құрт қайнатқан батырым" сияқты бес аспап адамның психологиясы жайлы қанатты сөздер біздің заманымызға дейін жетті. Көшпелі қауым бірін-бірі жақсы білді, әр адамның қадір-қасиеті, оның жасына, жол-жоралғысына, әлеуметтік ортадан алатын орнына қарай белгіленіп отырды. Мұндай қауымдастық адамаралық қатынастарды қаршадайдан көріп өскен бала да өсе, ержете келе ортақ мүдделілікті, көзқарас сәйкестілігін, кісілік белгісін, түсініп, жеке бастың өзіне бұра тартуына мүмкіндік бермеді. Психологиялық тұрғыдан "бірауызды" болып қауымдасқан жандар үнемі өздерінің рулық одағына етене сіңіскен салттар мен дәстүрлерді ұстанды. Осыған орай көшпелі тұрмыс тәліміне лайықталған бата беру, ант ішіп ақталу, айтысқа, дау-дамайға төрелік айту сияқты этностық таптаурындар (стереотип) кең өріс алды. Әрине, осы топтық санамен бірге әркімнің жеке басының әлеуметтік және биосфералық факторларға орайлас жеке-дара, жас, жыныс ерекшеліктерінің де болатындығы еске алынды. Мәселен, көшпелі халық қыз баланы ерекше қадірлеп, қастерлеп, әлпештеді. Оны әдемілік пен әдептіліктің, сұлулық пен іңкәрліктің символы деп, ал мінезі жайсаң, әдепті жігітті "қыз мінезді жігіт екен" дейтін болды.

Отансүйгіштік. Халқымыз кір жуып, кіндік кескен атамекенін аялап, елінің тілі мен мәдениетін, әдебиеті мен тарихын, біртуар аяулы перзенттерін мақтан тұтып, қадірлеп-қастерлеуді ұрпағына аманат еткен.

Бізде қай жүзге жататындығы, қай рудан екеніңді білу ес жиып, есейгеннің белгісіндей дей отыра, мұның түпкі мақсат-мұраты біреу, ол ынтымақты ел болуға бағытталған. Еразамат үшін туған халқын жан-тәнімен сүю, оның шаруашылығы мен мәдениетінің өркендеп, көркеюіне бар күш-жігерімен білімін, еңбегін жұмсап, үлес қосу перзенттік парыз болған. Қаз дауысты Қазыбек би: "Алтын ұяң - Отан қымбат, туып - өскен елің қымбат, кіндік кесіп, кір жуған жерің қымбат"-деп тебіренген ғой. Қазақ елі – біздің Отанымыз, атамекеніміз, қастерлеп келе жатқан туған жеріміз. Осы жерді жан-тәнімен сүйетіндер де, оны көздің қарашығындай қорғап, сақтайтындар да ең алдымен қазақ халқы, оның сендердей ізбасарлары. Қаршадайынан өз отбасын, әкесі мен шешесін, бауырлары мен туған-туысқандарын қастерлеп, қадір тұтқан адам ғана есейе келе туған халқы мен ел-жұртын, атамекенін шын көңілмен сүйетін болады. Өйткені халқымыз "Отан отбасынан басталады", деп бекерге айтпаған. Ата-анасын, өз үрім-бұтағын жанындай жақсы көріп сүймеген баланың ел-жұртын, халқы мен ұлтын сүйетін толыққанды азамат болуы екіталай. Ұлтжанды кісінің имандылық — адамгершілік қасиеттері, сондай-ақ, оның жекжат-жұрағатқа деген оңды көзқарасынан да жақсы байқалады.

Қазақ елінің кез келген перзенті жұмыр жердің қай бұрышында жүрсе де өзінің іс-әрекеті мен мінез-құлқынан өз ұлты мен халқына деген сүйіспеншілік қасиеттерін тайға таңба басқандай айқын байқатып отыруы тиіс. Бұл үшін ата-бабалардың тарихы мен шежіресін біліп, оларды талдап таратуға ерекше мән берген абзал. Аталас ағайындарының аты-жөнін жүйелеп, оларды саусақпен санағандай айқын ажырата білу кім-кімге де болса жарасымды адамгершілік сипат.

Намысқойлық. Бұл - әр этностың өз халқының ар-ожданын, имандылық қадір-қасиетін көздің қарашығындай сақтай білуінен, қажетті жерінде бұл үшін жанын пида етуден көрінетін қасиет.

Қазақ халқы өзінің ұлы мен қызын қаршадайынан намысқойлыққа баулып, Отанына, кір жуытпай, кіндік кескен жеріне дақ түсірмеуді қатты ескерткен, "арым жанымның садағасы"- деп, ар-намысты бәрінен де жоғары бағалаған.



Мағжан Жұмабаевтың "Батыр Баян" поэмасындағы Баян батырдың інісі Ноян жастық пен махаббаттың сезім күшін ақылға жеңдіре алмай, қолға тұтқын болып түскен қызбен бірге қалмақ еліне қашып кеткенін білесіздер. Ағайын-туысқандарының "елін сатып кетті" деген бір ауыз сөзі намысына

тиген Баян батыр оларды қуып жетіп, өлтіреді ғой. Кешегі Ұлы Отан соғысы кезінде өз ұлтының намысын қызғыштай қорыған қазақ жауынгерлері қаншама. Атақты Бауыржан Момышұлы, Қасым Қайсенов, Рахымжан Қошқарбаевтың намыс сезімі қандай жоғары деңгейде болғаны белгілі. Осы соғыста жүзге жуық қазақ жауынгерлерінің Совет Одағының Батыры атағын алуы да ұлттық намысқойлығымыздың белгісі емес пе? Қазақ халқының арғы-бергі тарихынан мұндай мысалды көптеп табуға болады. Мәселен, 1986 жылғы 17-18 желтоқсанда қазақ жастары жүрек әмірімен ұлттық намысты қорғап, халқымыздың ардагер ұлы Дінмұхамед Қонаев (1912-1993) жұмыстан алынғанда оның орнына Қазақстанның басшысы қазақ ұлтынан, не болмаса қазақстандық болсын деп заңды талап қойған жоқ па? Осынау әділетті талап-тілек аяққа тапталып, арты қанды қырғынға ұласып, қаншама адам қаза болды. Қазақ қыздарына қол жұмсап жатқан қарулы милиция қызметкерлерінің анайы ісіне шыдай алмаған Қайрат Рысқұлбеков, жігіттік намыспен арашаға түскені үшін аяусыз жазаланып, өмірін қиды. Ол өлімге қасқая қарсы қарап тұрып, тергеушілер алдында басын имеді. Оның "Атам десең атыңдар, Еркек тоқты құрбандық"- деген сөзі кейін нақылға айналып, ұлт намысын қозғаудың тамаша ұраны болды. Қайраттың осынау жүректілігі ұрпақтан-ұрпаққа үлгі боларлық, ұлттық намысты жанынан артық бағалаудың тамаша үлгісі.

Өз ұрпағын ата-баба рухында тәрбиелеп, ұлттық намысты ту етіп ұстаған халқымыз "қоянды қамыс өлтіреді, ерді намыс өлтіреді" дегенді үнемі еске салып келді. Қазақ жесірін өгейсітпеген, жетімін шеттетпеген аса бауырмал халық. Қазірде туған жұртының әдет-ғұрпынан, дәстүр-салтынан бейхабар кейбіреулер имандылықтан мәңгүрттікке қарай бет алуда. Ал, мейірімсіздік пен қатыгездік сондайлардан шығады. Ұлтымыз арақ ішімдігін "харам" деп, оны тоғыз жаудың (жалқаулық, аңқаулық, жасқаншақтық, суайттық, өсекшілдік, мақтаншақтық, бөспелік) біріне жатқызған ғой. Қазіргі кезде сырахана мен дүңгіршектердің айналасынан шықпайтын қазақтың кейбір ұл-қыздарына көз түскенде, жігерің құм болып, санаң сарсылып

олардың осынау қылықтары ұлттық намысқа тиіп, зығырданымыз қайнап жүрген жоқ па?



Шешендік. Халқымыздың жайсаң психологиясын аса биіктен көрсететін ұлттық ерекшеліктерінің бірі - суырып салма шешендік. Бейнелі, астарлы тұспалдап айтатын шешендік сөзге аса үйір халық екендігіміз жайлы ғұлама-ғалым Шоқан Уәлиханов: "қазақ шешендікке құмар, сөз өнерін, әсіресе әзіл-оспақты жаны сүйеді" - деп, кезінде айтқан еді. Халқымыз "Тіл тас жарады, тас жармаса бас жарады", "Жылы-жылы сөйлесең, жылан іннен шығады" - деп, сөз құдіретінің психологиялық астарын жақсы аңғарған. Шебер де, шешен сөйлей білу - адамның асыл қасиеттерінің бірі есептелініп, мұны олар өзгелерге психологиялық жағынан әсер етудің ерекше құралы, тәсілі деп те санаған.

Шешендік өнер дарыған кісі отаншыл, елінің салт-санасын, әдет-ғұрпын жетік білетін ұшқыр ойлы, "орақ ауыз, от тілді, күміс көмей" болып келеді. Ол халқының бастан өткізген "тар жол, тайғақ кешулерін", арман-тілегін, мұң-зарын, өмірлік құндылықтарын бірер тіркеспен ғана "мірдің оғындай", "тайға таңба басқандай" етіп, яғни "тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін" ғана айтады. Халқымыздың осынау тамаша қасиетін кезінде тіпті бізге оң қабақпен қарамайтындар да көре білген.

Бір көргенін жазбай танып, ілезде жаттап ала қоятын, өз ойын екінші адамға жеңіл де жедел түсіндіре алатын осынау қарапайым халықтың асқан зеректігіне қазақ даласында болған шет жұрттықтар ауыздарының суы құрып, қайран қалып отырған ғой. Олар қыр халқының, сондай-ақ ыстық-суыққа аса шыдамдылығын, қиыншылыққа төзімділігін айтудан жалықпаған. Мәселен, поляк зиялысы А. Янушкевич (1803-1857) бұл жөнінде былай деп жазыпты:

"Қазақтардың ақыл-ой қабілетінің кереметтігіне барған сайын менің көзім жетуде. Сөздері қандай жеңіл. Әр қайсысы айтайын деген ойын түсіндіруге де, қарсыласының дәлеліне бірден тойтарыс беруге де керемет шебер". Осынау ұлттық тамаша қасиетімізден қазіргідей тіл жұтаңдығына кезіккен алмағайып заманда, айырылып қалмай, оның тұтас көлемін көздің қарашығындай сақтай алмасақ - бұдан ұлттық намысқа нұқсан келетіні хақ. Олай болса, еңбектеген баладан еңкейген кәріге дейін туған тілімізді ардақтап, оның қадір-қасиетін мақтан тұтып, соның көсегесін көгерту жолында жатпай-тұрмай әрекет етуміз қажет.



Әдептілік. Бұл - халқымыздың ұлттық психологиясының өзегі, имандылық пен адамгершілігінің басты белгісі, оның ғасырлар бойы қалыптасқан қоғамдық санасының практикалық көрінісі, барлық кісілік қасиеттердің жиынтығы. Әрине, "Тауына қарай аңы, заманына қарай заңы", "Әр елдің салты басқа, иті қара қасқа" дегендей, әдептіліктің әр елде тарихи, әлеуметтік өзіндік ерекшеліктері де болғандығы белгілі. Ал, қазақ халқының әдеп сақтау дәстүрі ешбір тапты, ұлтты, нәсіл мен жыныс айырмашылықтарын алаламайды. Онда релятивизм, абсолютизм, антитеза дегендер кездеспейді.

Әдеп сақтау отбасында, ауыл-аймақ, ел-жұртта қалыптасқан мінез-құлық нормаларын бұзбауға міндеттейді. Мұны бұзған адамға қауымдастық атынан сол ұжымның өкілі өз пікірін айтуға, тіпті тыйым салуға да ерікті, өйткені әдеп сақтау - әлеуметтік дәстүр.

Әдеп сақтаудың экологиялық астары да бар. Әдепті адам табиғаттың досы, оны қызғыштай қорғай да біледі. Табиғаттың әсемдігі мен сұлулығына, әдемілігіне әрбір адам зиян келтірмеуге тиіс. Мәселен, суды ластау, талды кесу, қайнардың көзін ашпау, жолдағы тасты алып тастамау, көкті жұлу, аққуды ату, құдыққа түкіру - барып тұрған әдепсіздік. Әдеп сақтау - мінез-құлық пен қарым-қатынастың қалыптасқан, халықтың өзіндік мінез-құлық кодексі. Осы ереже бұзылса, халықтық дәстүр де бұзылады, ұлттық намысқа нұқсан келеді. Әдеп сақтау - халықтық рәсімге, жол-жоралғыға, тәртіпке құлдық етіп, еріксіз бағыну емес, бұл ата дәстүрді құрметтеу, қастерлеу, дәл айтқанда адамгершілік борышты өтеу. "Әдептілік - әдемілік" дейді халық. Әдептілік: ізеттілік, кішіпейілділік, көпшілдік деген сөз.

От басындағы әдептілікті де әлеуметтік қарым-қатынастың негізі ретінде, әр адам қатаң қадағалап, бұзуға жол бермей, оны қалыптасқан ереже деп түсінуі қажет. Талап қою, әдептіліктің орындалуын талап ету - бүкіл қазақ жұртының, оның мың-мыңдаған әулеттерінің қастерлі міндеті.



Қонақжайлылық. Бұл - қазақ халқының әлеуметтік, географиялық, тұрмыстық жағдайына байланысты қалыптасқан ерекше қастерлі қасиеті. Бізде "қонақ десе, жон етін кесіп беретін қазақпыз" дейтін аталы сөз бар. Тәуліктің қай мезгілінде келгеніне қарамастан "көлденең келген көк аттыны" да жылы жүзбен қабылдап, төріне отырғызып, дастархан жайып, бар мәзірін алдына қойып, күту халқымыздың санасына мықтап орнаған имандылық пен шынайы адамгершіліктің белгісі. Әрбір қазақ үйінде тамағының дәмдісін, жылы-жұмсағын өздері жеместен келетін қонағына сақтайды. Майы мен құрты, ірімшігі мен женті, соғымның мүшелері - сыбаға ретінде өзінің қадірменді қонағын күтіп, көп уақыт түнекте сақтаулы тұрады. Қонақ күтіп, қонаққа баруды халқымыз өмірдің биік мәртебесі деп түсінеді.

Бұрынырақта қазақ ауылдарына қонақтар есепсіз көп келіп жататын. Әрине, олардың арасында сыйлысы да, қадір-қасиеті кемдері де кездесетін.

Бірде әрі батыр, әрі шешен Сырым Датұлы (1725—1802) үйіне қонып отырған сыйлы қонағы, белгілі Төленді биден:


  • Биеке! Қазақтың қонағы неше түрлі болады, соны айырып беріңізші - деп
    өтінген екен. Сонда би: - қазақта төрт түрлі қонақ бар. Олар: арнайы қонақ,
    құдайы қонақ, қыдырма қонақ және қылқима қонақ, - деп жауап беріпті.

  • Ал, олардың бір-бірінен қандай айырмасы бар? — деп сұрағанда, Төленді
    би мұны әрмен қарай былай деп түсіндіреді:

Арнайы қонақ алыстан әдейі іздеп келген тума-туыстары, жолдастары.
Бұлар нағыз сыйлы, сағына күткен қонақтар. Оларға деген құрмет, сый-
сияпат «жат жанынан түңілетіндей» дәрежеде болуға тиіс.

Құдайы қонақ - бейтаныс, шалғай елден, алыс жерден жолаушылап жүрген тосын қонақ. Олар нағыз сауабы тиетін қонақтар. Оларды да ықылас-
ынтамен қарсы алып, дұрыстап күткен жөн.

Қыдырма қонақ - ерігіп, желігіп, үйден-үйді, ауылдан-ауылды кезіп, сөз аңдып, өсек теріп, қымыз ішіп, ет жеуді әдетке айналдырған сандалма қонақ.

Қылқима қонақ - түтіні түзу шыққан үйлерді торып, құлқыны үшін аузына салғанын шала шайнап, қылқытып жұтып, тағы бір түтіні шыққан үйге тарта жөнелетін нағыз сұғанақ қонақ. Соңғысын халқымыз ұнатпай, "күнде қонақ" - деп те әжуалайды.

Қазақтар үшін сыйлы қонақтың бірі "құдайы қонақ". Бұл жолаушылап келе жатқан, түскен үйіне ешбір туыстық, не таныстық қатынасы жоқ, бейсауат кісі. Дегенмен, құдайдың атын атап келген соң, мұндай қонаққа ерекше сый-сияпат білдіріп, қонақасы беру әрбір отбасының борышы. "Құдайы қонақты" үйіне қондырмай жіберген адам ауыл, ел-жұрт алдында "қара бет" атанып, беделінен айрылған.

Халқымыз қонақты ілтипатпен қарсы алу, оны күту, құрметтеп шығарып салу дәстүрін ерекше қастерлеп, оны ұрпақтан-ұрпаққа үлгі-өнеге ретінде үйретіп, мұны отбасы тәрбиесінің басты бір саласы деп түсінген.

Келген қонаққа қонақасы беруде де үлкен мән бар. Қазақ халқы қонақ күтуге әрдайым дайын отырған. Ол үшін үйде ас-дәм қорын жинап, тіпті соятын малын өріске жібермеген. Қонаққа дәмді аспен бірге жылы лебіз де керек. Оларды құшақ жайып, қуана қарсы алып, жағдай жасау - үй адамдарының басты міндеті. Келген кісіні аттан түсіріп алу, ат көлігін жайлау, сырт киімін шешкізіп ілу, төрге шығарып, қолына су құйып, сүлгі ұсыну, т.б. игі ілтипатты отбасында негізінен жас балалар атқарған.

Қазақ аулында қонақтың көңілін көтеру үшін "қонақ кәде" жасайтын дәстүр бар. Ол алдымен "ауылдың алты ауызынан" басталады. Мұнда күй тартылып, ән, өлең-жыр айтылады. Оған қонақтар да қатыстырылады. Кейде "қонақ кәде" бірте-бірте өнер сайысына да айналады. Онда ауыл адамдарынан қонақтар да өнерін іркіп қалмайды. Өнерлі қонақты аттандырарда үй иесі өзінің шама-шарқына қарай оған сый-сияпат, жөн-жоралғы жасайды.

Қазақ салтында қонақтарға сусын ұсынудың өзіндік рет салты бар. Мәселен, шәй құю үйдің бойжеткеніне жүктеледі. Ол шәй құюдың жөн-жосығын жас кезінен-ақ өзінің шешесінен, апа-жеңгелерінен үйреніп өседі. Шәй құюға қажетті икемділік пен шеберлікке жастай баулыған бойжеткен шәй құйғанда кесе-шәйнекті орынсыз сылдырлатпай, ауыстырып алмай оларды қонақтарға әдептілікпен ұсынуы керек. Самаурынның суын кесеге сызылтып құюдың орнына шорылдата құю, не кесені қонаққа ұсынғанда жоғары не тым төмен ұстау қыз тәрбиесінің кемшілігі болып есептеледі. Сондай-ақ, кеседегі шәйдің шамадан тыс қою, не сұйық болуы, көлемінің аз не шамадан тыс мол құйылуы да қолайсыз болады.

Қазақ әйелдері қонақ күтуді өздері үшін қатал сын деп түсінетін. Қонақ түскен үйдің қарттарынан бастап, жас балаларына дейін оның ризашылықпен аттануын сол отбасының басты парызы деп түсінген.

Бауырмалдық. Қазақтың ұлттық психологиясына тән имандылық қасиеттің ерекше бір көрінісі - бауырмалдық. Халқымыздың бауырмалдығы "бала бауыр еттен жаралған" деп, оны ерекше қастерлеп, әлпештеуден басталады. Ата текті дұрыс ажырата алу - бауырмалдықтың бір көрінісі. Бұл "рушылдық" емес, өзінің шыққан тегін білуге деген ынтызарлық. Өз руын ғана қастерлеу, қызмет бабында қандастарына ғана қамқорлық жасау білімді, инабатты, зиялы адамға жараспайды. Кеңпейілді, ақ-ниетті, адал жүректі, пәк көңілді қазақ халқының тұрмысындағы мінез-құлқына қарама-қайшы келетін "бөліну", "бөлшектену" пиғылдарын уағыздайтын адамдарда имандылық пен адамгершілік жағы жетіспей жатады. Ондайлар ел бірлігіне нұқсан келтіріп, кейде жекелеген руларды, тіпті қайғы-қасіретке ұшыратуы да ықтимал.

Халқымыздың бауырмалдық секілді атам заманнан сүйегіне сіңген асыл қасиеті "Кұран кәрім" қағидаларымен де ұштасып жатады. Осы туралы қасиетті кітап: ешбір адам баласы жат емес, барлық адамзат баласы бір-біріне дос, бауыр дейді.

Олай болса, "Ақ, қарамыз, сарымыз - дос-бауырмыз бәріміз" деп, халықты ру мен жүзге бөлмей, кішкентай кезден жас ұрпақты бауырмалдық қасиетке баулуымыз қажет. Жас ұрпақ әркез "бауыр", "бауырым", "бауырластық" деген сөздердің мән-мағыналарын терең де жете түсінгені абзал. Өйткені бауырмалдық халқымыз ерекше қастерлейтін құдіретті қасиет. Онсыз өмір жоқ, ол бар өмірдің "тұздығы", жылуы мен қуаты, сәні мен мәні.



Қайырымдылық. Қайырымдылық- халқымыздың ең ізгі қасиеттерінің бірі. «Қазақтардың»- деп жазды, осы халықтың өмірін, тұрмыс-салтын алғаш зерттеушілердің бірі А.И.Левшин, (1799-1879) басқа Азия халықтарына қарағанда қайырымдылық, адамды аяу, қарттарға құрмет көрсету, баланы аялап, жанындай жақсы көруі айрықша қасиеті.

Біздер – «жылуы жоқ үйден без, қайырымы жоқ биден без» деп, осынау қасиеттен жұрдай адамның жұртқа қадірі болмайтынын бірден кесіп айтатын халықпыз.



Адам өміріндегі ең игі істің бірі — қаріп-қасірге, кедей-кепшік, жарлы-жақыбайларға қамқорлық жасау. "Құран кәрімде"де қайыр-садақа беру әр адамның мұсылмандық парызы делінген. Қайырымдылық - кең мағыналы ұғым. Мәселен, отбасындағы үлкеннің кішіге қамқорлығы, кішінің үлкенге ізеті, баланың ата-анаға, әке-шешенің бала-шағасына мейір-шапағаты, ұл мен қыздың ер жеткен соң еліне қызмет етуі - қайырымдылықтың түрлі көріністері мен қайнар көздері. Халқымыз өз ұрпағына осы қастерлі қасиетті ес біліп, етек жаба бастаған кезден үйретіп, мұны тұрмыстық салтқа, адамгершілік дәстүрге айналдырып отырған. Халық "бір үйлі жансың, бір-біріңе меймансың", "бір-біріңді сыйласаң - жан семіреді" -деп, қайырымдылық қасиетті ұрпағына мирас етіп, ерекше қадір тұтып, қастерлеп келгенін біздер еш уақытта естен шығармауымыз қажет.
Этнопсихологиялық терминдердің кысқаша түсіндірме сөздігі:
Менталитет - әрбір этностың өмір сүру стилі, көзқарастары мен стеротиптерінің, мінез-құлық ерекшеліктерінің жиынтығы.

Этнопсихология — ғылыми психологиясының бір саласы, ол әр ұлттың этникалык ерекшелігін, ұлтгық мінезі, этностық сана-сезімінің қалыптасу заңдылықтарын зерттейді.

Этностық таптаурындар — әр этностың мінез құлқының тұрақты белгісін білдіретін ұғым.

Этноцентризм — басқа ұлттың тыныс тіршілігіне мән бермей, тек өз этносының жәй-күйіне ерекше мән беру.

Этносаралық қарым-қатынастар — этностардың бір-бірімен түрлі деңгейде байланысқа түсуі.

Этностық тұлга — әр этноспен ұлттың тілін, дінін, әдет-ғұрпын бойына әбден сіңірген кісі.

Этностық идентификация — этностардың бір-бірімен тіл табысып бірігудегі жағымды көзқарасы.

Этностық ассимиляция — басқа халықтың тілін, әдеп-ғұрпын, мәдениетін меңгеру нәтижесінде бір этностың өз тілін, мәдениетін, ұлттық сана-сезімін жоғалтуы.

Этностық дискриминация — нәсілі мен ұлтына қарай адамның азаматтық құқы мен мүдесіне қасақана қысым жасау.

Этностық контакт — әртүрлі ақпаратгар мен мәдени құндылықтар араласу барысында әр халықтың бір-біріне ықпал жасайтын этносаралық әрекеттестік.

Этностық топ — тіл мен мәдениеттің, діннің маңызды ерекшеліктерін сақтай алған халықтың оқшау бөлігі.

Этностық толеранттық - басқа этнос өкілдерінің бейтаныс өміріне, мінез-құлқына, салт-дәстүріне, сенімдеріне шыдамдылық білдіру.

Этностық кикілжің — көзқарастары мен мүдделерінің бір-бірімен үйлеспеуінен, нәтижесінде этностардың өзара наразылығы.

Ағайын – бір рудан не тайпадан өсіп өніп өрбіген ұрпақтар қауымы.

Айтыс – екі адамның бір-бірімен мәселенің төңірегінде мазмұны терең кезектесе айтылатын сөз жарысы.

Аламан – елдік сезімінен гөрі рушылығы басым, менмендігі күшті топ.

Әдет-гұрып - әр этносқа тән біртіндеп дәстүрге айналған қоғамдық салт-сана.

Әулиеге түнеу — адам тағдырына ықпал жасай алатын киелі, аруақты кісінің мазарына түнеу, тәңірге жалбарыну.

Барымта – бір-бірімен араздасқан екі рулы елдің өрістегі малдарын айдап әкетіп, олжалау.

Бақсы - түрлі жасанды тәсілмен (дем салу, үшкіру, тамыр ұстау т.б.) ем жасайтын тәуіп.

Бақылдасу - о дүниелік болар алдында кісінің үй ішіндегілермен, тума-туыстарымен тілдесіп, артына өсиет қалдыру.

Дәстүр — әр халықтың әдеп-ғұрпына әбден сіңген әдеп-ғұрпы.

Елбасы — еддің, жұрттың сеніміне ие болған басшы.

Ерулік - жаңадан көшіп келген отбасына көршілерінің беретін қонақ асы.

Естірту — ата-анасы, жақын туысы қаза болған жағдайда оны тұспалдап айтып жеткізу.

Журағат - тоғызьшшы ұрпақ, жүрежаттан туған перзент.

Жеті ата - кісінің өз әкесінен бастап сегізінші атасына дейінгі қандас туыстықтың тоқтаған шегі.

Жеті жарғы — қазақтың құн нормаларын белгілеген Тәуке ханның заң жиынтығы.

Жоқтау — өлген адамның үй-ішіне, оның тіршіліктегі қадір-қасиетін айтып, қайғысына ортақтасу салты.

Жүрежат — сегізінші ұрпақ, туажаттан туған перзент.

Зәузат — адамның өз кіндігінен өсіп-өрбіген ұрпағы, жеті буынға дейін ұрпақтардың жиынтығы.

Имандылық — адамның өмірдегі іс-әрекетін белгілі бір қалыпқа түсіретін ішкі рухани қадір қасиет, адамгершілік, ізгілік, кісілік белгісі.

Кәде ойын - тойда, базарлық жиындарда берілетін сый немесе алым.

Кісілік — тұлғаның аса жарасымды қасиеті.

Киіт кию - қазақ халқында құда-құдағиларға киім кешек ретінде берілетін тарту-таралғысы.

Көңіл айту — өлген адамның туыстарының қайғысына ортақтасу.

Көңіл сұрау – науқастың жәй-күйін біліп, оған тез сауығып кетуіне тілек білдіру.

Кірме - басқа рудан, не басқа жұрттан көшіп келген келімсектер.

Көшпенділер психологиясы — үш мың жылдың тарихы бар дала тұрғындарының тұрмыс-салтына байланысты қальштасқан өзіндік жан жүйесі.

Көрісу — адамның өмірден өтуіне байланысты оның жақындарының кейіннен жүздесу кезінде жасалатын ритуал.

Қазақылық - кеңпейіл, дархан, той думанға жаны құмар, жомарттық, орынсыз ашылып-шашылу.

Қара шаңырақ - әке-шешесінің түтін түтетіп отырған үлкен үй.

Кұлдық психология — патша өкіметінің отаршылдық саясаты мен коммунистік идеология тұсында қалыптасқан тұлғалық жаман қасиеттер жиынтығы.

Лақап — алып-қашпа сөз, жалған хабар, қауесет.

Мәңгүрт — тілін, дінін, ата-тегінен хабары жоқ мақұрым адам.

Мүшел жас — әрбір 12 жылда қайталап келетін жас мөлшерінің атауы.

Немене — алтыншы ұрпақ, шөпшектен туған перзент.

Обал — әр нөрсені тіршілік қажетіне қарай пайдаланып оны бүлдірмеу, аяушылық ету (мәселен, аққуды аттау, т.б.)

Оралман — түрлі себептермен шет жұртқа кетіп қалған адамдардың кейіннен тарихи отанына қайтып келгенін білдіретін атау.

Парыз — адамның ел-жұрт, қоғам алдыңдағы борышын білдіретін атау.

Ру — бір атадан тараған (13 ата) туыстық байланыстары бар тайпалар бірлестігі.

Рушылдық - белтілі бір рудың адамдары бір бірімен ғана ымыраға келіп, соның ғана мерейі үстем болуын көздеу.

Сүпдетке отырғызу - ер балаға мұсылман болудың белгісі ретінде жасалатын рәсім.

Сауға — өлімге не ауыр жазаға кесілген адамға кешірім, жеңілдік сұрау дәстүрі.

Сыңсу - ұзатылатын қыздың туған-туыс, ел-жұртымен қоштасар кезде айтылатын мұңды әні.

Тайпа — аталас, аралас-құралас отырған екі-үш рудың бірлестігі.

Тамыр — екі ұлттың өкілі бір-бірімен сыйлас болып, алыс-беріс жасап, достасуы.

Тәубе — тағдырға риза болып, барға қанағат ету.

Тектілік - ру, тайпалардың туыстан берілетін өнгелі мінез-құлқы.

Тобыр — қарапайым бұхара халықтың стихиялы бас қосуы.

Туажат - бір атадан тараған жетінші ұрпақ, неменеден туған бала.

Тыйым сөздер — қазақ халқының жас ұрпаққа үлгі өнеге берудегі тәрбие құралы.

Ұлт - біртұтас территориясы, экономикасы мен мемлекеттік тілі, ұлттық болмысы (психика) калыптасқан халықтар жиынтығы.

Ұлтшылдық — өз ұлтының көсегесін көгерту жолында аянбай әрекет етуге бел байлаған кісілердің қасиеті.

Ұлттық құндылық — ата мекен, тіл, тарих, өнеге, әдебиет.

Ұлттық мақтаныш — өз ұлтының рухани құндылықтарын ерекше қастерлеуден көрінетін жоғарғы сезім.

Ұлттық мінез — белгілі ұлтқа ортақ психикалық ерекшеліктің жиынтығы.

Ұлттық намыс — ұлт өкілдерінің ата-мекенін, тілін, тегін, салт-дәстүрін ерекше қадірлеп, оның абыройын кір жуытпай, оны қызғыштай қоруы.

Ұлттық пессимизм — ата-баба дәстүрін аяққа басу, өз ұлтынан жирену.

Ұлттық психология— басқа ұлттарда қайталанбайтын ұлттық рух, оның өзіне ғана тән мінез-құлық, салт-дәстүр.

Ұлттық сана — ұлтты бір-бірінен ажырататын саяси-экономикалық, рухани-әлбуметтік қасиеттер жиынтығы.

Ұлттық лидер - белгілі ұлт пен этностың басын біріктіруде ерекше көзге түскен, топ жарған тұлға.

Ұлттық психологиялық тұрпат — ұлтқа тән әдет-ғұрып, таным-сенім, сезім, мінез ерекшеліктерінің жиынтығы.

Ұлттық темперамент — ұлттық мінездің жүйке санасына байланысты белсенділігі мен қимыл-қозғалысын, им-ишарасын көрсететін ерекшелік.

Ұлттық тіл — әр этностың, ұлттың өзіндік дүние танымының басты белгісі.

Халықтық психология - ұлттық психика мен мінез-құлықтың халықтың қанына "сіңген" ерекшелігі, қарапайым психологиялық білімдердің жүйесі.

Халық рухы — халықтық психология ұғымының синонимі, әр ұлттың өзіне тән психологиялық ерекшелігі, олардың психологиялық ерекшелігінің жиынтығы.

Шежіре — қазақ халқының ру, тайпа болып қалыптасу жолының генесологиялық картасы.

Шешендік сөз — қазақ халқына көшпенділік өмір тудырған сөйлеу өнерінің аса жетілген халықтың логикасы. Билер мен жырау, данагөй адамдардың қисынды, дуалы сездері.

Ырым - халықтың жақсы ниеті мен тілегінен туған ғұрып.

Каталог: sites -> default -> files -> kitap
kitap -> Л. С. Динашева K. У. Қарабаева Әлемдік өркениеттер тарихы шымкент 2016
kitap -> «Ғылыми педагогикалық зерттеу әдістемесі» пәнінен (дәріс жинағы) Шымкент-2017ж
kitap -> ТҮсіндірме жазба пәнді оқыту
kitap -> ТӨлеген ұ. Ш., Жанысбеков м.Ә. ҚАзақстанның Қазіргі заман тарихы пәнінен студенттердің даярлығын жетілдіру
kitap -> Р. Д. Дарібаева Қазақстандағы педагогика ғылымының дамуы
kitap -> Естественные и педагогические науки
kitap -> Қалмұрзаев қ. С, Орынбасар қ. О., Рахымбаев б. О. ҚАзақ КҮресінің ОҚыту әдістемесі
kitap -> ТҮсіндірме жазба пәнді оқыту


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   12




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет