Жумадуллаева А. А.,Өтеген Қ. О.,Сыдыкова З. Е. ҚАзақ этнопсихологиясы шымкент 2016



бет9/12
Дата11.02.2018
өлшемі2,48 Mb.
#37507
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   12

«Белбеу» — жігіттер мен қыздар дөңгелектеніп тұрады. Біреу оларды айналып жүріп, қалаған біреуінің сыртына белбеу тастап кетеді. Оны қарап көруге болмайды, сезу керек. Сезбеген жігітті, не қызды белбеумен соғады, айналып орнына жеткенше. Ойын сақтыққа үйретеді.

Жастар ойынының тағы бір түрі — «Ақ сүйек». Қойдың жілігін тазалап, оның бір жағын тесіп, оған қырғауылдың құйрығын тығып, лақтыруға ыңғайлы етеді. Ойынды айлы түнде жазда, күзде ойнайды. Бір топ жастар жиналып тұрғанда әлгі сүйекті, оны «Құс бек» дейді, бір жігіт қалыңға қарай лақтырады. Қалған қыз-жігіттер жаппай бәрі соны іздеуге лап қояды. Оны іздеп табуға 15—20 минуттай уақыт кетеді. Ғашықтардың бірін-бірі табысуына бұл ақылмен табылған қолайлы жағдай.

Ал жігіттер арасындағы ойындары ішінде жылқы малына байланысты «Бәйге», «Көкбар», «Жамбы ату», «Аударыспа», «Қыз қуу» сияқты түрлері болған. Үлкен тойларда, ас беру кезінде сәйгүліктердің жасына қарай «Құнан бәйге», «Дөнен бәйге», «Бесті бәйге» деп бөліп 15, 25, 40 км жарыс ұйымдастырылған. Оған жан-жақтан ел жиналып, сәйгүліктерін бәйгеге қосқан. Атқа отыратын, әрине, 12—13 жасар жас балалар болатын. Бәйге де, егер той үлкен болса, пәлен жүз аттан қай ат келеді, озып келген ат үстінде отырған "бала руының ұранын айқайлап айтқанда, аты озған ру үлкен қуанышқа бөленген.

«Көкбарды» спорттық ойынның ең ауыр, күшті түрі десе де болады. Әрине, көкбарды бір үй серке сойып, жиналған атты адамдарға береді. Алғашқы бастамада ең ауыры дода басталады. Көкбарға бәрі бірдей тартысып, бір күшті, аты мықты адам алып шығып, аты жүйрік болса ала қашады. Қалғандары қуа жөнеледі. Қуып жетсе тағы тартыс басталып, аяғы додаға айналады. Дода кезінде қамшы тиіп, көзі шығып, не басы жарылып, қолы сынатындар да, тіпті жазым болатындар да болған. Көкбарды алып қашқан кісі оны бір үйге әкеп салады. Көкбар түскен үй әлгі жігітке сыйлық береді. Этимологиясы «Көкбар» — көк бөрі деген сөзден туындаған. Мақсат ешкіні көк бөріден тартып алу, содан «ағайын» деген сөздің «аға-іні» деген сөздерден туындағаны сияқты «көкбар» деген сөз пайда болған. Қөкбар үлкен кәде. Пәленше көкбар беріпті, оны түгеншенің үйіне әкеп салыпты дегенді ел мақтап, айтып жүретін. Келесі жолғы көкбарды әлгі көкбар түскен үй беретін болған.

Жамбы ату мергендікке баулу, шауып келе жатқан ат үстінде отырып жерде жатқан орамалды іліп кету машықтыққа баулыған.

Аударыспақтың да өзіндік мәні болған. Ол күш сынасуға да, ептілікке де байланысты. Ойынның қалған түрі «күрес», «жаяу бәйге», «доп ойнау», «қыз қуу» деген сияқты. Күреске әдісқой, палуан жігіт түгіл, әйел де шық-қан, доп ойнау көктемде наурыз кезінде болған. Допты сиырдың асығынан жасап, жігіттер басы имек таяқпен ұрып ойнаған. «Қыз қуу» ойынында шабандоз қыз жүйрік атпен жігітті қамшымен тартып жіберіп шаба жөне-леді. Жігіт атпен оны қуып жетіп, бетінен сүю керек. Оған жете алмаған жігітті ел күлкіге айналдырған. Бұл ойындар біріншіден, халықты бірлікке, жарысқа шақырып, машықтықка, ерлікке баулыған. «Ағайынның аты озғанша, ауылдастың тайы озсын» деген мақал ауылдас адамдардың бір-біріне жақын болатындығын көрсетеді. Екіншіден, ол ойындар дене мен бойды шынықтырып, шыңдап, жалпы елге қозғау салған, рухын көтерген.

Қазақ халқының рухани өмірі аса бай, әсіресе ауыз әдебиеті кең тараған. Табанда жанынан бір-екі шумақ өлең шығара алмайтын қазақ кемде-кем десе болады. Көшпелі халықтардың ондай ерекшелік қабілеттерін кезінде Шоқан Уәлиханов та айтқан. Қазақ кез келген кұбылысты өлеңге айналдыра білген. Бірінші кісі өлең ұйқасын бастаса, екінші кісі оның жалғасын табанда тауып іліп әкететін болған, немесе табанда бірінші кісіге жауап қайтарған. Сондықтан да болса керек, қазақта суырып салма, айтыс, шешендік сөз кең тараған. Айтыс өнері ғажап нәрсе. Табанда өлеңмен айтылған сынға өлеңмен жауап қайтару, мүмкін болса, одан асып түсу қажет. Бұл компьютер машинасына да келешекте мүмкін бола ма, жоқ болмай ма, әйтәуір әзірше, қол жетпейтін бізге ғана тән ерекше құбылыс. Сонда адам миы — компьютерден асып түскені. Қазақ арасында құрдас адамдардың ойыны , бірін-бірі кекетіп сынауы, әзіл-күлкі түрінде кемістіктерін бетіне басу, оны елдің көзінше айтып жариялау, бұл өркениеттіліктің үлкен бір көрінісі десек те болады, керек десеңіз Бұхар жырау Абылайханның да кемістіктерін бетіне басып, халыққа жария еткен. Бұл өзара сынның ең күшті көрінісі еді. Сол сын арқылы халық өз кемістіктерін көріп, жөндеуге тырысты. Абайдың қара сөздерінде де қазақ халқының кейбір кемістіктері баса айтылады.

Алтайдан Атырауға дейінгі мыңдаған шакырым алқапты қамтып жатқан көшпелілер тілінде диалекті болмаған дедік. Олардың әдет-ғұрпы, салт-санасы, қисса-ертегілері бірдей болған. Елдің бір шетіне жау тисе, жан-жақтан жиылып, бірге қорғаған, бас қосып жиын, той өткізген, ас берген. Қазақ жұрты бір-бірімен тез әрі тығыз байланыс орнатып отырды. Мәселен, арасы алты айлық жердегінің бір өңірге болған оқиға жөнінде шыққан хабар кешікпей екінші шетіне жетіп отырған. «Ұзын-құлақ» деген сөз де содан қалған. Кейін ғылыми техникалық прогресс кезінде осындай тәсілмен жеткен хабарды «шуда жіп телефон» деп күлетін болдық.
3.5 Жыл айыру және мал бағудан туындаған астрономиялық көзқарастар
Қазақ даласы көбінесе шегіне көз жетпейтін теп-тегіс жазық болып келеді де, кейде көз тоқтатып, нысана етерлік зат жоқтығынан айналаны барлау да қиынға түседі. Мұндай кезде жөн білмейтін адамның адасып кетуі түкке тұрмайды. Сауда жасап, қазақ арасына келген бір өзбек айтыпты-мыс: «Қазақтың мынау тұрған жер» деп иегімен нұсқағанын іздеп, алты ай жүрдім» деп. Бұл күлкі болғанымен, бірақ негізсіз емес. Сол ұшы-қиыры жоқ, сап-сары ен далада қазақтар адаспай жол таба білген. Орыс саяхатшыларының жазып кеткен жазбаларында Таймыр, тіпті Архангельскге айдалған қазақтар адаспай, талмай тұп-тура өз аулына қайтып оралатындықтарын айтқан болатын. Бұл олардың қиындыққа төзімді, қолға ілінгенін жеп, азық ете алатынын байқатады. Оның себебі неде деп сұрауға тоқтар болсақ, екі нәрсеге назар аударған жөн секілді. Бірі көшпелі қазақтар өмір бойы із кесіп үйренген. Олар өте пайымдағыш болған. Мәселен, далада айқыш-ұйқыш мыңдаған іздердің қайсысы қай аңға, не малға, әлде адамға жатады, қашан жүрген, соларды аңғарған. Көшпелілердің қисық- қиғаш, күлгенде тіпті жұмылып кететін көздері өте қырағы, 25 шақырым жердегі қараны байқаған, 12 шақырым жерден олар адам ба, әлде мал, не аң ба соны анық ажыратқан. Көшпелілер ауылы қашан да ықтау, ойпаңдау жерге, жоғарыда айтқандай төбенің етегіне қоныстанған. Жолаушыға ауыл көрінбегенімен ол бірнеше шақырым жерден ошақтан шыққан түтінді байқаған. Қазақ арасында біраз болып, көп нәрсені байқап, «Бикей және Мауляна», «Майна» т. б. повестер жазған атақты В. И. Даль бір әңгімесінде былай дейді: Далада, түнде келе жатқан жолаушы болсаңыз, әрине, ауыл сізге көрінбейді. Сондықтан, ауыл іздесеңіз жылтылдап көрінген отқа қарай емес, ит үрген жаққа қарай жүр. Өйткені бұл ауыл жақын, бір қырдың астында екенін көрсетеді. Ал отқа қарай жүрсеңіз, оған жетемін дегенше таң атып кетеді. Жарықта от көрінбейді, сіз адасасыз,— дейді. Ол рас, жазық далада от алыстан көрінеді. Сондықтан, қазақтар оны «шайтанның оты» деп жоритын болған. В. И. Даль да осы жағдайды негізге алып жазып отыр.

Екіншісі, көшпелі қазақтар үшін дүздегі нақты нысана — әдетте аспан жұлдыздары. Сол жұлдыздарға қарап, түн мезгілін, ай, жыл уақытын айнытпай айтып отырған. Оны олар жылдың, айдың, түннің қай мезгілінде қандай жұлдыз пайда болады, аспандағы жұлдыздардың орны қалай өзгереді және ол қай уақытта болады, соны байқап, айтып отырған. Жылқы баққан, қой күзеткен малшылар сол жұлдыздарға қарап, кезектескен, жұлдыздарға қазақтар атты да өз тұрмысына, көшпелі мал шаруашылығына ұқсатып қойған. Мәселен, терістікті нақты көрсететін, өзгермейтін, қозғалмайтын жұлдызды — «Темір қазық» дейді. «Темір қазық» деп терістік жұлдызға ат қою, сірә Темір дәуірінен кейін пайда болған болса керек. Әйтпесе «қола», не «тас» қазық деп неге атамаған. Ғажабы магнит тілі тек темірге ғана бағы-нады. Ол заманда компас көшпелілерде болмаған, ал магнитті білген болса керек. Сондықтан, бағытын еш өзгертпейтін, магнит тілі де соны көрсететін жұлдызды «Темір қазық» деп атаған. Қола да, тас та магнит тіліне әсер етпеген. Ондай қасиет тек таза, қоспасы жоқ темірде болған. Орнын қозғалтпайды. Оған қашан да ат арқандаған. Сол «Темір қазыққа» аңыз бойынша екі ат байлаған. «Ақ боз ат» пен «Көк боз ат». Ол екеуі қараңғы түскеннен таң бозарып атқанша «Темір қазықтан» ұзап кете алмай, тек оны айналып жүреді де қояды. Ал енді сол аттарды ұрламақ болған, «Жеті қарақшы» таң атқанша аттарға жақындамақ болып, барлайды да жүреді. Енді жақындай бердім дегенде таң атып, ертең бәрі тағы қайталанады, дейді халық аңызы. Міне, сол жұлдыздар кешкісін «Темір қазықтың» қай жағында, түн ортасы болғанда қай жағында, таң алдында қай жағында болады.

Сонымен «Темір қазық» бір жағынан кеңістіктегі адамның өз бағытын пайымдауына тікелей әсер етсе, екінші жағынан уақытты барлауға мүмкіндік берген. Жұлдыздарға қарап, көшпелілер көктем уақытын, жайлауға шығар кезді, немесе күз түсетін уақытты шамалаған. Мәселен «Үркер» жұлдызы жерге жақындаса көктем келді дегенді білдіреді. Ал егер, ол жерге батып, көрінбей кетсе жаз (айталық шілдеде Үркер көрінбейді), кейін қайтадан көріне бастаса, жыл мезгілі күзге қарай бет бұрғаны болады. Қысты күні жұлдыз төбеде тұрады. Көшпелілер «Ай» мен «Жұлдыздарға» қарап, жолға шыққан. Ай мен жұлдыз қатар тұрса, сапар сәтті болады деп түсінген. Осыдан «Айың тусын оңыңнан, жұлдызың тусын солыңнан» деген жақсы тілектер айтылатын болған. Қазақтар Галактиканы «Құс жолы» деген. Орыстарда да солай аталады. Бұл терістіктен түстікке қарай жол сызып тұрғандай. Көшпелілер көктемде темір қазыққа қарай, күзде құс жолын бағдарлап, түстікке қарай көшкен. Күз жұлдызын қазақтар «Сүмбіле» (Сириус) деген. «Сүмбіле туса су суыйды» деп ел қысқа дайындала бастаған. «Темір қазыққа» қарап төрт кұбыланы (Терістік, Түстік, Батыс, Шығыс) байқаған. Өмір бағдары анық, жан-жағы толысқан, уайымы жоқ адамды қазақ: «Төрт құбыласы түгел» деген мақалмен сипаттаған.

Таң атар алдында туатын жұлдызды «Шолпан» дейді. «Таң Шолпаны атқанда, ел ұйқыда жатқанда» деген шумақтар сол елең-алаңды білдіреді. Шолпан — үлкен жарық жұлдыз. Ол туысымен алысқа сапар тартатын адам жолға шығады, ертеңгі салқынмен жүріп, жол қысқартады. Осыған сәйкес мынадай бір аңыз бар: Есектеріне жүк артқан саудагерлер «Керуен сарайға» келіп, дем алмақ болып, күзетшілерге, ертең Таң Шолпаны атқанда бізді оят , — дейді. Түннің бір кезінде күзетшілер қараса, жарық жұлдыз туған екен. Содан ол жолаушыларды оятады. Олар жолға шығып кетеді. Жолы әрі ұзақ, әрі ауыр екен. Дем алып үлгірмеген есектер қиын жолды көтере алмай қырылып қалады. Таң ата қоймайды. Сөйтсе, әлгі Шолпан деген жұлдызы Шолпан болмай басқа, одан бұрын туатын жұлдыз екен. Европалықтар оны «Юпитер» жұлдызы дейді. Бірақ әлгі оқиғадан кейін ол жұлдызды қазақтар «Есек қырған» деп атап кеткен. Бұлардан басқа Босаға, Таразы т.б. жұлдыздарды аңғарған. Көшпелілер, сөйтіп, жұлдыздарға қарап шаруасын ыңғайлаған.

Қазақтар ерте замандарда жыл мезгілін кұстың келуі-кетуімен есептеген. «Жыл құсы» деген сөз содан туындаған.

Қазақ қауымы негізгі планеталарды жақсы білген. Олар жайында өлең, жыр, сан алуан аңыздар шығарған. Қазақтар жұлдыздарға қойған аттарды да өздерінің малшылық өмірінен алған. Қазақтар аспан картасын Темірқазықтан бастайды. Темірқазық қазақтардың түнде жол жүргенде бет алысын бағдарлайтын астрономиялық компасы деуге де болады. Сондай-ақ олар үшін ол астрономиялық сағат та болған.

Қыста малын кешкі Шолпан жүлдызына қарап қораға енгізген. Таңсәріде көрінетін жарық жұлдызды қазақтар «Таң шолпаны» деген. Онысы «Меркурий», «Марсты» — «Қызыл жұлдыз», «Сириусты» — «Сүмбіле» жұл-дызы деген.

«Үркер» жұлдызының қазақтар үшін мәнісі аса зор болған. Бұл шашырап бара жатқан топ жұлдыз. Қашып, үркіп бара жатқан үйір жылқы, не қой сияқты. Соған ұқсатып ат қойған.

Үркер жамбасқа түскенде түн ортасы ауып кетті деп түсінген. «Үркер жерге түспей, жер қызбайды» деген. Шілдеде үркер 40 күн көрінбей кетеді. Оны қазақтар үркер жерге түсті деген. Шілде аяғында Таразы жұлдызы көрінеді. Бұл шілде бітті деген сөз. Бұл кезде егін піседі, «Таразы» жаз ортасы ауды, күн күзге қарай ауысты деп түсінген. «Таразы» туса таң суыйды дегеи. Буындары ауыратын адам құмға түсуін тоқтатады. Дүниенің төрт жағын да қазақтар Күнмен байланыстырған, мәселен — «Күн шығыс», «Күн батыс», «Оңтүстік», «Солтүстік». Қазақтардың ежелгі күн тізбегінде 12-ай — бір жыл, үш айы — бір тоқсан, жеті күн — бір апта, бір күн — бір тәулік. Айды «жұлдыз» деген.

Жыл қайыру. Шығыс елдеріне кең тараған бір дәстүр — ол жыл айыру. Ол — 12 жылдан тұратын хайуан стилі. Былайша айтқанда әрбір жыл бір хайуанның атымен аталады. Олардың алтауы үй жануарлары, қалған алтауы — дүз тағысы. Қазіргі Григорьян күн тізбесі (календарь) бойынша әрбір жыл басы 21 мартта басталады. Бұл күн мен түннің жазғытұрымға қарай теңелетін кезі. Осы күннен бастап күн ұзара бастайды, табиғат оянып, тіршілік басталады. Жыл санауды хайуандар атымен атауды Шығыс елдерінен келді деген пікірді қазір барлық елдер мойындап отыр. Бірақ, Шығыс елі деген кең мағынадағы ұғым. Оған Жапон елі де, Қытай да, Үнді елі де, басқалар да жатады. Олардың барлығында дерлік ондай жыл санау бар. Сонда, хайуанат стилін кім бастаған, қай ел алғаш ойлап шығарған? Әрине, ол бірте-бірте нақтыланып, толықтырылуы мүмкін.

Дегенмен, ондай жыл санау мал шаруашылығымен айналысқан біздің алыстағы бабаларымыздан басталған демекпіз. Оның бірнеше дәлелдері бар. Біріншіден, хайуанат стилінде жылқы бар, ал Жапон аралына жылқы б. з. I ғасырында ғана пайда болған. Жыл айыру тәртібі одан бірнеше ғасырлар бұрын дүниеге келген. Екіншіден, жыл санаудың хайуанат стилінде піл, арыстан деген хайуандар жоқ. Олар Үнді елінің хайуандары. Барыс бар, ол Сыр бойында XIX ғасырдың орта шеніне дейін болған. Үшіншіден, жыл басын тышқан бастайды, бірақ түйе жоқ. Ал түйе болса көшпелі халықтың ең басты түлігі. Мінсе көлік, сүті шипа — шұбат, еті тағам, жүні жібектей жұмсақ, әрі жылы. Түйенің жыл аттарына кірмей қалуы жайында мынадай аңыз бар. Барлық жан-жануарлар жыл келеді деп жиналып, сап түзеп тұрса керек, түйе бойына сеніп мен бәрінен бұрын көремін деп тұрғанда, жылды алдымен көрген тышқан болып шығады. Сөйтсе, ол түйенің арқасы арқылы оның құлағына шығып тұр екен. Бұған өкпелеген түйе, хайуанаттар қатарын тастап кетіп қалыпты. Содан ол жыл санау тізбегінен түсіп қалыпты деседі. Мұндай аңыз басқа шығыс халықтарында жоқ, ол тек көшпелі халықта ғана бар. Сонымен жыл тізбегі былай аталады: 1) Тышқан, 2) Сиыр, 3) Барыс, 4) Қоян, 5) Ұлу, 6) Жылан, 7) Жылқы, 8) Қой, 9) Мешін, 10)Тауык, 11) Ит, 12) Доңыз. Төртіншіден, әрбір жыл аттары түрлі жануар, хайуандар атымен тегін аталмаған.

Жыл санау, әр жылға ат қою көшпелілерде өз тұрмысын, айналасындағы құбылыстарды байқап, солардың ерекшелігін білу арқылы қалыптасқан. Мәселен, ұдайы мал шаруашылығымен айналысқан халық — кей жылдардың мал бағуға қолайлы, енді бір жылдардың қолайсыз екенін байқағаннан кейін, олардың қай уақытта қайталанатынын шамалады. Байқап қараса, әлгі қолайлы, немесе қолайсыз жылдар әрбір 12 жылда қайталанып, ауысып келіп тұрады екен. Оны олар мүшел деп атаған. Мүшел деген сөз парсыша «мүш» деген сөзден туындаған. Мәнісі — он деген сандық ұғымды білдіреді. Сонда, «Алты мүш» деген алпысты, «жеті мүш» деген сөз жетпісті бейнелеген.

Ертеде әрбір мүшел он жылдан тұрған. Кейін оған «Ұлу» (қытайша — айдаһар), «мешін» (маймыл) деген үғымдар косылып, әрбір мүшел 12 жылдан тұратын болған. Енді сол 12-жылдың ішінде мал-жанға қолайлы және қолайсыз жылдардың қайталанатын кезегін анықтап, ажыратып, оларға ат қою мәселесі туындады. Мәселен, қолайсыз жылдар қабаттасып, қатарласып, жалғасып, тіркесіп келеді екен де, одан әрі әлгі тәртіппен қолайлы жылдар басталады екен. Сонымен мал бағуға қолайсыз жылдарды қоян, не түсі суық жылан, айдаһар деп атаған. Мәселен, алдымен «қоян» жылы келеді, сосын «ұлу», одан соң «жылан» келеді. Ол кездерде жазда қуаңшылық, қыста өте қатты суық жылдар қабатынан кейде екі, енді бірде үш жылға созылады екен. Жазда шөп шықпай, қыста жауын жауып, арты қатты суыққа ұласса, айнала көк мұз болып жұттан мал қырылып, ел қалжырайды екен. Осындай біріне-бірі ұласқан қиындықты байқаған ел «Жұт — жеті ағайынды» деп мақалдаған. Ал одан кейін келетін малға да, жанға да қолайлы жылдарға жылқы, қой, сиыр деп ат қойған. Бір аштықтың бір тоқтығы бар, деген халық, жақсылықтан күдер үзбеген. Қалған жылдар түрліше болған. Оларға қойылған аттар да белгілі және оларды қалай болса, солай атамаған. Олар — тышқан, мешін, барыс, ит, доңыз, тауық. Әрине, көшпелілер түнгі аспанға қарап, жұлдыздарды ажыратып, олардың орындарын ауыстырып тұратынын, оның жыл, ай, тәулік мезгілін байқауға әсері, байланысы барын сезген. Соған сәйкес кейбір жұлдыздарға ат қойған. Қай жұлдыз, қай уақытта көрінеді, немесе тұрған орны қалай өзгереді, соған сәйкес өз шаруасын реттеген. Сонымен бірге кейін жұлдыздардың адамдардың да ісіне, еміріне, көңіл-күйіне, әрекеттерінің сәтті, не сәтсіз болуы да жұлдыздарға байланысты екенін білген. Аспандағы шоқ жұлдыздарға қарап, оларға тоқты (овен), торпақ (телец), егіздер (близнецы), шаян (рак), арыстан (лев), бикеш (дева), таразы (весы), бүйі (скорпион), мерген (стрелец), ешкі мүйіз (козерог), суқұйғыш (водолей) және балықтар (рыбы) деп ат қойған. Бұлардың да саны 12. Бұл көшпелілерден емес, кейін басқа халықтардан енген кәде. Сірә, бұл отырықшы халықтардан шыққан деген де болжам бар. Әрине, жаңа Айдың тууы, немесе, жұлдыз бен Айдың қатар келуі ұлы іске сәтті жағдай деген ырым да болған. Дегенмен көшпелі қазақ елі тек малдың жағдайын алға қойып, хайуан атымен аталған жыл тізбегіне мән берген. Оның үстіне, әлгі жұлдыздар тізбесіне кірген «Арыстан», «Таразы», «Шаян», «Балық», «Суқұйғыш» деген сияқты аттар көшпелілерге байланысты емес. Олардың тұрмысынан туды деуге болмайды. Мәселен, көшпелілер малдың етін таразымен емес, жілікпен бөлген, қалған астықты қаппен, қанармен шамалаған. Ал балық болса, көшпелілер балықты тіпті жемеген, балық аулауды кәсіп етпеген.

Осыған сай көшпелілер арасында аңыз болған. Бір балықшының қызы қырдағы малшылар еліне ұзатылып, елін сағынып айтқан екен: «Бекіре балық бес кеспе, жемеуші едім мен кеше, енді қоламсыған қойдың етіне қор болған басым-ай!», — деп көз жасын төккен көрінеді деп көшпелілер күлкі етіп, айтатын болған, — деседі.

Сөйтіп сипатына сай әр жылға хайуан аттары берілген. Былайша айтқанда әрбір жылға оның хайуан аты дәл болған. Ел аңыздары бойынша, әрбір адамның аспанда жұлдызы болады деп түсінген. Түнде аспаннан аққан жұлдыз көрсе, бір адам өлді деп тұжырымдаған. Осыдан келіп, «жұлдызы жоғары», не «жұлдызы жарқыраған» деген сияқты ұғымдар қазақ санасынан кең орын алған. Сөйтіп, адам, жан-жануарлар мен космос арасында бір байланыс бар екенін, ол замандарда қазақтар осылай болжаған. «Жылан» жылы қыста қар үстіне жаңбыр жауып, арты боранға айналса, дүниені көк мұз басып, әдетте аяғымен қар теуіп, әрі бойы қысқа, әрі сирек шөпті тауып жейтін мал мұндайда мұз астында қалған шөпті ала алмай, аштан тегіс қырылып, көптеген байлар таяқ ұстап қалған жағдайлар болған. Кеңес дәуірі жылдарында мал саны Қазақстанда бұрынғыдай болмағанмен, біраз (яғни 35—40 мың шамасында) болған. Бірақ олар жұтқа ұрынбаған. Оған техника үлкен жәрдем берді. Малға шөп дайындау, мұзды трактормен бұзу т. б. Сөйтіп мал бағуға қолайлы жылдар: қой, сиыр, жылқы, барыс, ит жылдары, ал ауыр жылдар: қоян, тауық, мешін, жылан жылдары ұмыт бола бастады. Осы келтірілген мысалдардан да көрініп тұрғандай «хайуанаттар стилі» атанған жылдар мал өсіріп, көшпелі өмір сүрген халық өмірінен туындаған. Тоқ жылдары туған баланың дені сау, мықты болып келеді де, қуаң, аштық жылдары туған бала әлсіз, нашар, аурушаң болып келеді. Сондықтан қазақтар адамды бөлгенде: «Жілігінің майы бар, не жілігінің майы жоқ» деуі де осыдан.

Ақырында, көшпелілерде әрбір 12 жыл біткенде бір кезең аяқталып, екінші кезең, басталады. Осыған сәйкес заңдылық адамның да өмірінде де әрбір 12 жыл біткенде бір кезең аяқталып, қайталама кезеңі басталатын болған. Оны бір мүшел деп атаған. Әрбір мүшел 12-ден 13-ке, 24-тен 25-ке, 36-дан 37-ге, 48-ден 49-ға, 60-тан 61 -ге, 72-ден 73-ке, 84-тен 85-ке қарағанда болады. Әрбір мүшел ауысқан кезеңді қазақ қатерлі деп атаған. Сондықтан бір мүшелден бір мүшелге ауысқан кезеңде садақа беріп отырған.

Мүшел есептеу ғалымдардың пікірінше бұдан 3000 жыл бұрын Алтай тауларының бөктерлері мен Амур өзенінің жағалауында мал бағып, күн көрген елдерден басталған көрінеді.

Орыс ғалымы А. Чижевский өзінің «Земное эхо солнечных бурь» деген еңбегінде 500 жылдық кезеңдегі тарихи оқиғаларды зерттей келіп, өзгерістердің Күн бетіндегі кейде пайда болатын теңбілдерге байланысты болатынын айтқан. Теңбілдің пайда болуы, көбеюі Күн сәулесінің күшеюі, ал ол жердегі адамдардың қан айналымына, миының, жүрегінің жұмысына, мінезіне, іс-қимылына әсер ететінін айтқан болатын. Бұл жылдары адамдардың кенет қайтыс болуы, түрлі апаттардың, не тыныштықтың бұзылуына себепкер болған. Сонымен қатар, бұл жылдары шығармашылық жаңалықтар да көп болған. Ғалымдардың есептеуі бойынша, бұл әрбір 10—12 жылда қайталанып және екі-үш жылға созылады екен.

Көшпелі халықтардың барлық табиғатты түсінуі, мезгілдік өлшем сол үйренген тұрмыстан туындаған. Мәселен, кірпік қаққанша (секунтқа жетпес уақыт), қас пен көздің арасы (жақын деген сөз), сүт пісірім уақыт — (шамасы 15 минут), ет пісірім уақыт (2 сағат), әудем жер (бір айқай жететін, яғни шақырым жер) болған. Былайша айтқанда, айқайлаған дауыс жететін жер. Бір көш жер (10—15 км шамасы), ат шаптырым жер — (ол да сондай).

Сондай-ақ «Күн арқан бойы көтерілді» — ертеңгі 8— 9 шамасы, «Шаңқай тал түс» — 12—13 кезі, «Бесін» — сағат 3 пен 4-тің кезі, «Намаздыгер» — күн батар алды, «Намаз шам» — кешкі қараңғылық түсіп, шам жаққан кез, «Іңір» -— кешкі 9—10 шамасы, Түн ортасы — түнгі 12-нің шамасы, «Таң сәрісі» немесе «Елең-алаң» — таң жарық беріп келе жатқан кез. Бұған қоса бір күндік, үш күндік, бір айлық, алты айлық жол деп те сапар қашықтығын шамалаған. Бұл, әрине, атпен жүретін жол ұзындығының өлшемі. Сөйтіп, қазақ кеңістік пен уақытты мал шаруашылығы тұрғысынан келіп, дәл шамалаған. Бұл да мыңдаған жылдық тәжірибеден туындаған әдеттер. Қазақтың із кесуі, Ай мен Жұлдыздарды бақылап, уақыт мерзімін шамалауы, түрлі табиғат құбылыстары арқылы ауа райын болжауы, ертектері мен жұмбақтары, немесе маң-маң басқан түйе жүрісін аспандағы бұлттармен, киіз үй шаңырағынан шыққан ирек-ирек түтінмен салыстыру, осының бәрі ойлаудың, тапқыштықтың бейнесі, дүниедегі құбылыстарды салыстыра, көре, байланыстыра білетіндігін байқатады. Сондықтан да көшпелілерде сонау Геродот байқап, жазып кеткендей ой-пікірін тікелей емес, салыстырып, басқа бір құбылыстар қимылы, нәтижесі арқылы түсіндіру, ымдау арқылы айту кең дамыған. «Ымға түсінбеген дымға түсінбейді», деген мақал сол замандардан келе жатқан болса керек.


ІҮ-бөлім.

ҚАЗАҚТЫҢ ҰЛТТЫҚ МІНЕЗ ПСИХОЛОГИЯСЫ
4.1 Дала тұрғындарының өмір салты мен психологиясы

Ата-бабаларымыз өздерінің сан ғасырлар бойғы ұлы тарихында жас ұрпаққа тәрбие берудің бай тәжірибесін жинақтап, өзіндік салт-сана мен әдет-ғұрып, дәстүр рәсімдерін қалыптастырды. Бұлар адамдардың тұрмысына сіңген жөн-жосық, жол-жоралғылары, әр адамның іс-әрекетінің қоғамдық ортада қалыптасқан нормалары мен принциптерінің көріністері еді. Көшпелі халық өзі өмір сүрген қоғамның әлеуметтік-экономикалық жағдайларына, мәдениеті мен тарихына, табиғатына орайлы жас буынға тәлім-тәрбие берудің айрықша талап-тілектерін дүниеге әкелді. Мәселен, жас адамның жұртқа танымал моральдық-психологиялық нормасы белгіленді, оның мәні «сегіз қырлы, бір сырлы» делінетін қанатты нақыл сөздермен қисындалады. Адамға койылатын талап-тілектер мыналар еді: көшпелі мал шаруашылығын жете игеру; еңбексүйгіштік, қиыншылыққа төзе білу, ел намысын қорғау, жаудан беті қайтпау, ата тегін жадында сақтау, сөз асылын қастерлеу, тапқырлық пен алғырлық, ат құлағында ойнау, ата салтын бұзбау (жасы үлкенді сыйлау, құдайы қонақтың меселін қайтармау, көрші хақын жемеу, т. б.).

Халқымыздың бойындағы осынау асыл қасиеттерді өткен ғасырларда қазақ даласында болған Еуропа зиялылары асқан көрегендікпен дәл басып айтқан еді.

Көшпенді өмір тіршілігі қара күшке мығым, қиыншылыққа төзімді, құбылмалы табиғат жағдайына тез икемделгіш болумен бірге, жан-жүйесі жағынан да жан-жақты жетіліп, кемел адамдарды қалыптастырды. Үйде де, түзде де бала ес білгеннен бастап із кесіп, жол қарап, жұлдыз санап өсті. Олардың көзі қырағы, құлағы сақ, қияндағыны шалатын болды. Аң аулап, мал бағып, күнделікті күйбең тіршілікпен жүрсе де жас өскін ақынның сөзін, жыраудың жырын, әншінің өлеңі мен әуенін қалт жібермей тыңдап, ел аузындағы ұтымды мақал мен мәтелді, ертек пен жұмбақты, терме мен шежірені жадында сақтап, халық даналығын өзіне рухани азық стіп отырды. Әрдайым көшіп-қонуға дайын отырған қазақтар үшін аң-құс аулау, мал күзету, жау түсіру тұрмыстың, дағдылы машығына айналды. Әрбір жас, әрі жауынгер, әрі малшы, әрі шаңырақ иесі болып саналды. Халық аузында макал болып кеткен «өнерді үйрен де жирен», «Жігітке жетпіс өнер де аз», «Шебердің қолы ортақ», «Жауда жүрсе, ат ойнатқан батырым, үйде жүрсе, құрт қайнатқан батырым» деген сияқты бес аспап адамның психологиясы жайлы қанатты сөздердің біздің заманымызға дейін жеткені мәлім. Көшпелі қауым бірін-бірі жақсы білген, әр адамның қадір-қасиеті, оның жасына, жол-жоралғысына, әлеуметтік ортадан алатын орнына қарай белгіленіп отырды. Мұндай қоғамдық, адам аралық қатынастарды қаршадайдан көріп өскен бала да өсе, ержете келе ортақ мүдделілікті, өміргс көзқарастың сәйкестілігін, кісіліктің белгісін, жеке: бастың өзіне бұра тартуына мүмкіндік бермеді. Психологиялық тұрғыдан «бірауызды» болып қауымдасқан жандар үнемі өздерінің рулық одағына етене сіңіскен салттар мен дәстүрлерді ұстанды. Осыған орай көшпелі тұрмыс тәліміне лайықталған бата беру, ант ішіп ақталу, айтысқа, дау-дамайға төрелік айту сияқты этностық таптаурындар (стереотип) кең өріс алды. Әрине, осы таптық санамен бірге әркімнің жеке басының әлеуметтік және биосфералық факторларға орайлас жеке-дара, жас, жыныстық ерекшеліктердің де болатындығы еске алынды. Мәселен, көшпелі халық қыз баланы ерекше қадірлеп, қастерлеп, әлпештеді. Оны әдемілік пен әдептіліктің, сұлулық пен іңкәрліктің символы деп ұқты. Халық мінезі жақсы, әдепті жігітті «қыз мінезді жігіт екен» дейтін болды. Сондай-ақ «қыздың жиған жүгіндей», «қыздың тіккен кестесіндей» деген тіркестер де қыз баланың нәзіктілігі мен шеберлігі, ұқыптылығы мен биязылығы жайлы айтылды.

Әрбір отбасы, әке-шеше, аға-жеңге, бойжеткенді ылғи да таза, мінезінің жайдары болуын қадағалап отырған. Жас өспірім шақтағы олардьң балқыған, толқыған, еліктегіш қасиеттерін ескеріп, оған «қырық үйден тыю» салу керектігін де үнемі еске алған. Халқымыз сұлулық пең сымбаттылықты, шеберлік пен нәзіктікті қажетсінетін үй ішіндік еңбекке (кесте, өрнек, кілем тоқу) көркем сөз, ән-күй, айтыс секілді түрлі өнерге баулуды - бойжеткен тәрбиесінің басты міндеті деп білген.

Халықтық дәстүр қыз балаға тәлімі-тәрбие беруде тек бағыт, бағдар берумен қатар, өнеге көрсетіп, әдептілік жөн-жосық нұсқайды. Оның барлық сыры мен сыпайы салты оның санасына, әдебі мен әліне, тілі мен дініне, әні мен күйіне, мінезі мен құлқына кіріге өрілген төрт ұғым төңірегінде топтасады. Олар: адал мен арам, обал мен сауап. Адам үшін ең қымбат түсінік жанымен сезіну, ойлану, толғану, әсерлену, әрекеттену. Мұның алғы шарты — бақылай білу, көре білу, кісінің ішкі сырын танып ұғыну аркылы өзін өзі түсініп, имандылық пен өнегені бойына сіңіріп, шама-шарқына қарай оны жүзеге асыра білу. Халық бүгінгі бойжеткенді ертеңгі отбасы ұйтқысы, болашақтағы асыл жар, аяулы ана, ел ардағы,- ақылман әже деп түсінді. Олай болса, бойжеткен үшін — имандылық, инабаттылық, ізеттілік, әдептілік, ісмерлік, биязылық, мейірімділік — бәрі жарасымды болды.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   12




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет