Міржақып Дулатов (1885-1935).
Екі жасында шешеден, он екі жасында әкеден жетім қалған ол 1897 жылы Торғайдағы орыс-қазақ мектебіне түсіп, оны 1902 жылы бітіріп шыққаннан кейін алты-жеті жылдай ауылда бала оқытады. Кейіннен Омбы, Қарқаралы қалаларын аралайды, Петербургте шығатын «Серке» газетінде «Жастарға» (1907) деген өлеңін бастырады. 1909 жылы Уфада «Оян, қазақты», содан соң Қазандағы ағайынды Кәрімовтар баспасынан «Бақытсыз Жамал» романын бастырып шығарады. «Айқапқа» түрлі тақырыптар төңірегінде (оқу-ағарту, мәдениет, тіл, т.б.) үзбей мақала жазып тұрады. Осы жылдары А.Байтұрсыновпен бірлесіп «Қазақ» газетін шығаруға ат салысады. Қазан төңкерісіне дейін, сондай-ақ Кеңес өкіметі жылдарында бірнеше рет түрмеге жабылады. Оның Алаш өкіметі пен партиясының басшыларының бірі болғаны белгілі. Ол 1920 жылдардан бастап жаңа өкіметке де аянбай қызмет істейді. («Ақжол» газеті, облыстық сот, т.б.), 1922-1926 жылдары Орынбордағы Қазақ ағарту институтында оқытушы болады. 1922 жылы екі бөлімнен тұратын «Есеп құралын», 1924 жылы «Қирағат» кітабын, қазақ кітаптарының библиографиялық көрсеткішін бастырады. 1928 жылғы зобалаңда бір топ қазақ оқығандарымен бірге тұтқынға алынып, ату жазасына кесіледі, онысын кейіннен 10 жыл абақтыда қамаумен алмастырады. 1935 жылы тұтқында жүріп, Балтық каналының бойындағы Сосновец деген жерде қайтыс болады. 1988 жылы Республика Жоғары сотының коллегиясы қылмыс құрамы болмағандықтан оны біржолата ақтайды.
Әмбебап ағартушының артына қалдырған рухани мұрасында кешегі көшпелі қазақ елінің әдет-ғұрпы, дәстүр-салты, жол жоралғысы, тәлім-тәрбиесі мен үлгі-өнегесі, өзіне тән этикалық, эстетикалық ұнам-талғамдары ұлттық колоритке толы сан алауан нақты деректермен безендіріле баяндалған. Осы тұрғыдан «Оян, қазақ» атты туындысының орны бөлек. Ұстазы Ы.Алтынсариннің оқу-ағарту мәселесіне байланысты идеяларын әрмен қарай дамыта келіп, ол да А.Байтұрсынов сияқты, оқу-тәрбие мәсеслесіне ғылыми тұрғыдан қарауға, атап айтқанда оқытудың жаңа әдіс-тәсілдеріне, шәкірттердің жаңа бағдарламалар арқылы білім алуына, ғылыми –дидактикалық қағидаларға сәйкес сабақ жүргізуге ерекше мән береді. Бұл айтылғандарды оның «Мұғалімдерге» атты мақаласынан (1914), «Қирағат» кітабына жазған алғы сөзінен жақсы байқауға болады:»... балаларды, - деп жазды ол, - оқыту өз алдына бір ғылым. Ғылым-педагогика... Мектеп программасында бірінші орын алған нәрсе қирағат, баяндап оқыту... Қирағаттың мақсатын түсінбеген мұғалім үміт еткен пайданы бере алмайды.. Жас балаларды оқыған нәрсесі хақында ойлануға, оның мағынасын, қасиетін сездіруге қалай үйретпек керек? Балаларды оқыған нәрсесін бір-біріне ұйқастырып ойлануына, оқып шыққаннан кейін жадында ретті һәм толық мағынасымен қалдыруға әдеттендіру керек. Ол орыс педагогикасының атасы К.Д. Ушинский айтқандай, оқу-тәрбие процесіне (жазу, сызу, есептеу, оқу, т.б.) шәкірттердің сезім мүшелерін (көз, құлақ және т.б.) түгелдей қатыстырып отыру қажеттігін орынды аңғарып, мұны тәлімгерлердің жадына салуды ойластырады. Осыған орай ол былай деп жазды: «Әр бір жазылған сөз – (тақтаға, дәптерге, тіпті ауыз екі сөзде) жазушының сезінуімен, естуімен, көруімен(табиғаттан һәм тұрмысынан) шыққан нәрсе».
Табиғатынан тәлімгерлік қасиеті мол жазушы қазақ арасында көбінде көзге түспей, түссе де еленбей жүрген ғылым-білімге, өнерге, зерек, дарынды балаларды оқытып-тәрбиелеудің мәні жайында сөз ете келіп, дарындылықтың кейбір табиғи астарларына үңіледі. Осы жәйт автордың мына төмендегі түйіндеуінен жақсы аңғарылып тұр: «Туысында қанша зеректік болса да, - деп жазды М.Дулатов, - ғылымсыз, тәрбиесіз кемеліне жетпейді. Кімде-кім өзінің табиғатына не нәрсеге шеберлік барлығын сезіп, өз жолына түссе ғана көзге көрінеді... Жақсы суретші адамның сыртқы түрін айнытпай сала білсе, жақсы жазушы адамның ішкі сырын, мінезін, әдетін бұлжытпай көресете біледі, оқығанын да көріп тұрғандай боласың...»
Халқымыз егемендік пен тәуелсіздікке ие болып жатқан кезде жас өрендерді жерге шырылдап түскен кезден есейіп, есі кіріп болғанға дейінгі аралықта ана тілінің уызына жарытып қана қоймай, олардың ұлттық рухпен, дәстүр-салт, әдет-ғұрыптан мейілінше сусындауына ерекше көңіл аударуымыз қажет. Бұл жөнінде ол мектепке зор міндет жүктелетіні жәйлі жеріне жеткізе айтқан: «Бастауыш мектепте алған тәрбиенің,- деп жазды ол, - әсерлі, күшті, сіңімді болуы, қай халықтың мектебінде болса да, оқу кітаптары ана тілімен, өз ұлтының тұрмысынан һәм табиғаттан жазылып, баяндап оқытудың асыл мақсатына муафик үйретуден, осылай біліп, баяндап, оқытқанда, балқыған жас баланың ойына, қанына, сүйегіне ұлт рухы сіңісіп, ана тілінанық үйреніп, керекті мағлұмат алып шығады. Мұндай балалар бастауыш мектеп медресесінде оқыса да, қай жұрттың арасында жүрсе де, сүйегіне сіңген ұлт рухы жасымайды. Қайда болса да, тіршілігіне қандай ауырлық өзгерістер көрсе де, ұлт ұлы болып қалады. Оқудағы мақсат жалғыз құрғақ білім үйрету емес, біліммен бірге жақсы тәрбиені қоса беру...
Нәзипа Құлжанова (1887-1934).
Кеңес өкіметінің алғашқы жылдарында өзінің тәлім-тәрбиелік ойларымен қазақ әйелдерінің арасынан тұңғыш әлеумет өмірінде көрінген кісінің бірі – Нәзипа Құлжанова болды. Ол өткір журналист, педагог-тәлімгер, екі тілде бірдей жазатын аудармашы, Шығыс еңбекші әйелдерінің І-съезін ұйымдастырушыларының бірі, орыс география қоғамының Семей бөлімшесінің мүшесі еді. Ол 1902 жылы Қостанайдағы қыздар гимназиясын бітірген соң, Торғайдағы қыз балалр училищесінде мұғалімдікке тағайындалады. Н.Құлжанова 1904-1919 жылдар арасында Семейдің мұғалімдер семинариясында оқытушы болып істейді, 1920-22 жылдары Ақмолада әуелі мұғалім, кейіннен уездік комитетте жауапты қызмет атқарады, одан соң Орынборда, 1923-1925 жылдары «Қызыл Қазақстан» журналының жауаптыхатшысы, ал 1925-1929 жылдары республикалық «Еңбекші қазақ» газетінде редколлегия мүшелерінің бірі, «Әйел теңдігі» журналының бөлім меңгерушісі, кейіннен жауапты хатшысы қызметтерін атқарады. Оның тәлім-тәрбиелік пікірлері медицина ғылымымен сабақтасып жатады. Бұл жәйт «Бала күтімі», «Баланың өміріне күн сәулесінің әсері», «Таза ауа аса қажет», «Баланың аурулары», т.б. мақаларынан жақсы байқалады. Автор жаңа қоғамның белсенді құрылысшыларын тәрбиелеуді жөргекте жатқаннан бастауды ұсына келіп, өзі түйіндеген тұжырымның түп негізі «Тәні саудың – жаны сау» дейтін халық даналығына саяды.
Құлжанованың ұстаздық, тәлімгерлік тұлғасын таныта түсетін екі еңбегі бар. Оның бірі – 1923 жылы Орынборда шыққан «Мектептен бұрынғы тәрбие», екіншісі «Ана мен бала тәрбиесі» (Қызылорда, 1927).
Қазақ қоғамы жағдайында жас ұрпақты тәрбиелеудің ғылыми астарлары әлі де болса айқындала қоймаған кезде Н.Құлжанованың осынау тың жатқан істі өзіне зор – міндет, басты проблема етіп көтеруі – оның асқан батылдығы да, бала тәрбиесінің сан-сапалы шараларын көрсете алатын біліктілігінде еді. Аталмыш еңбектерінде автор мектепке дейінгі балалар мекемелерінің тарихын, олардың отандық және шетелдік үлгілерін сөз етуімен бірге қоғамдық ортадан тәрбие алатын баланың жас ерекшеліктеріне қарай, оның қоршаған ортасының ықпал-әсерінен туындайтын психологиялық өзгерістерді кеңінен баяндайды. Ғалым-педагог баланың жан тәрбиесіне де, әр жас кезеңінде әр түрлі тәрбие беру керек екенін айта келіп, үш жасар баланың психологиясын былай сипаттайды: «Үш жасар бала бір тыным жоқ «басты қатырады» деп шешесі зарлайды. Үш жасар бала істі өзі орындағанды тәуір көреді. Өзім істеймін деп араласады. Сұрамайтын сөзі жоқ, неге бұлай? Ол өзі ұстап байқағанды жақсы көреді. Кісіні шаршатады. Ат болады, түйе болады. Шешесі болып ойнайды, тағы да басқа ойын дүниесіне кіріседі... Үш жасардың мінезі, сөзінің түбі жоқ. Айтқанды тыңдауға, тынымсыз, сөзбен жағалас жүреді... Нәрсенің бәрін білгісі келеді... Тапқан заттарының бәрін ойын қылады... Ойын оның шын тіршілігі... Төңіректегі нәрседен өзіне қызықты ғана көзіне түсіп, ықылас тартады....»
Бұдан 70 жыл бұрын айтылған осынау психологиялық сипаттамалардың қазіргі ғылыми психология айтатын түйіндерден ешбір айырмашылығы жоқ, өресі биік, сындарлы ой-пікір екендігіне шүбә келтіруге болмайды.
Н.Құлжанова қазақ отбасыларында мектепке дейінгі бала тәрбиесіндегі орын алып келе жатқан кейбір кемшіліктерді көрсетеді. «Жас балаға үлкендер тыныш отыруды бұйырады. Үйге қамап қояды. Шамасынан артық қызмет тапсырады. Қазақ қыздарын үйге отырғызып қояды. Балалар далаға шығып, балалармен ойнағысы, қозы қуғысы келеді. Үлкендер өз еркімен жүргісі келген балаға зорлық жасайды... Баланың өзіне керегін істетпей, «адам болмайсың» деп ұялтады... Онан білгенің көбіне көңіл бөлмейді... Бала ойнақтаған құлынтайдай, желкілдеген гүлдей өсуі керек».
Қазақ баласының психологиялық ерекшеліктерін жазбай танитын ол ересектер мен бөбектер арасындағы қарым-қатынас мәселесіне айрықша мән береді. Бұл жөнінде ол былай дейді: «Балаға сусындай керегінің бірі-сөйлеу». Түрлі білімнің түбірі – баланың сөйлеуі, білуге құмарлығы. Сұрағына жауап бермей «мазамды алма» деп, үнемі баланың бетін қайтару арқылы оның сол білімге құмарлығының негізін жоғалтып жіберуге болады», - дей келе автор, бала ойының тану, білу құмарлығымен ұштасып жататындығын ескертеді. Н.Құлжанова баланы жас кезінде көбінде табиғат аясында бағып-қағудың тиімділігін айтады: «Жаратылыстың, - деп жазды ол, - өз дүниесінде, даланың кеңшілігінде шалпылдап суына түсіп, жүгіріп, құспен бірге сайрап, көбелек қуып, шыбын-шіркей, құрт-құмырсқамен бірге көкорай шалғын, тоғай арасында сайрандап жүріп, көңілді де, жан-тәні де бірдей тегіс өсіп, өркендемек». Ол осы пікірін әрмен қарай жалғастыра келіп: «Әрбір құлықты, жақсы адам мінезінің түпкі негізінде болатын еңбек ету, көңіл және дене мүшелерінің машықтары бала әдетіне төңіректегінің бәріне еліктегіш, талшыбықтай икемді, нәзік, жас кезінде кіріп, сіңіп қалады», - дейді автор. Ойын баласының мектеп жасына дейінгі бүткіл-тыныс –тіршілігі, оның мектепте алар тәлімінің әзірлік сатысы болып ерекше табылатындықтан осы кезеңдегі тәлім-тәрбиеге ерекше мұқият қараудың маңыздылығына тоқталады.
Н.Құлжанова мектепке дейінгі тәрбиенің басты бағыттарын «Тән саулығы», «Баланың сырт сезімдерінің дамуы», «Нәрсенің түр-түсін тану», «Дененің қимылын түзету», «Шеберлігін көтеру», «Баланың білімін арттыру», «Бала тілінің шеберленуі», «Еңбекке машықтандыру», «Әдемілік сезімін көтеру», «Мейірімділік әдеттерін көркейту», «Көпшілік және еңбек», - деп бұлардың әрқайсысын жекелеп қарастырып, жеке-жеке сипаттама береді.
Н.Құлжанованың еңбектерінде Қазан төңкерісінің қарсаңаныдағы көшпелі қазақ елінің тұрмысы, сол уақытағы ауыл мен қала өмірінің шындығынан алынған нақты көріністер айқын байқалады. Анамен бала тәрбиесі, әсіресе баланы мектепке тәрбиелеу жайында методикалық құралдар төл тілімізде әлі күнге дейін тапшылық етеді. Сондықтан да аталған еңбектер бұдан жарты ғасырдан астам бұрын жарық көрсе де, қазіргі кездегі қазақ оқырманының жүрегіне жылы тиіп, қолдан түспесі хақ.
Жүсіпбек Аймауытов (1889-1931).
Туған халқымен 60 жылдан кейін қайтадан көрісіп, табысқан біртуар қазақ зиялыларының ішінде тәлім-тәрбие, оқу-ағарту мәселелері саласында сындарлы, терең мағыналы ғылыми еңбектерді өндіре жазған адамның бірі – Жүсіпбек Аймауытов. Бас-аяғы 5-6 жылдың ішінде оның осы салада 6 кітап жазуы – бұл айтқанымыздың жақсы айғағы. 1924 жылы мектеп мұғалімдері мен педагогикалық оқу орындарында оқитындарға арнап «Тәрбиеге жетекші», 1926 жылы екі кітап, бірі – «Психология», екіншісі – «Жан жүйесі және өнер таңдау», 1929 жылы «Комплекспен оқыту жолдары», мектеп оқушыларына арналған «Жаңа ауыл», «Сауатсыздықты қалай жою керек?», т.б. жариялайды.
Мәселен, оның «Тәрбиеге жетекшісінде» дидактика мен педагогикалық психологияның ғылыми астарлары, ұлт тіліндегі тәлім-тәрбиелік терминдер жүйесі сөз болады. Еңбек төрт бөлімнен, 29 параграфтан тұрады. Осы кітаптың «Дидактика» бөлімінде оның психологиялық негіздері (ынталы оқыту, үйрету әдістері, машықтану жолдары, оқытудағы көрнекілік, оқыту түрлері, т.б.) жиырмасыншы жылдардағы қазақ мектептерінің өмірінен алынған нақтылығы мысалдармен терең талданады. Еңбектің төртінші бөлімінде де педагогикалық психологияның кейбір мәселелері сөз болады. Олар: ұстаз бен шәкірт ынтымақтарының басты белгілері, қазақ мектебінің өзіндік ерекшеліктері, мұндағы еңбек тәрбиесі, т.б.
Әрине, кітаптың құрылымы жағынан жекелген олқылықтар да жоқ емес. Мәселен, мұнда кейбір тәлім-тәрбиелік ұғымдар әр бөлімде белгілі жүйеге түспей қайталанып отырады. Нақтылап айтсақ, кітаптың екінші бөліміндегі «Ынталы оқыту», «Сабақтың жүрісі» дейтін параграфтар төртінші бөлімде тағы да қайталанады. («Сабақты баланың ынтасына сүйеніп беру», «Белсенді сабақ жүзеге қалай шығады?, т.б.). Әйтсе де осы еңбектің қазақ топырағында педагогикалық психологиядан жазылған алғашқы төл туынды екендігінде дау жоқ.
Кезінде осы кітап жөнінде жұртшылық былайша жылы лебіз білдірген еді: «Жүсіпбектің «Тәрбиеге жетекші» кітабы – жыл құсы. Бұл кітаптың тілі өте жеңіл... Жаңа сарынмен жазылған... Бұл кітап әр оқытушы столының үстінде жатуы керек». Кітапқа берілген осы баға күні бүгінге дейін өзінің құнын жойған жоқ.
Ж.Аймауытовтың психологиялық мұрасы туралы айтқанда, оның «Психология» атты төл оқу құралы толығырақ сөз етуді қажет етеді. Өйткені бұл психология саласының төл тілімізде жазылған ғылыми мәнін күні бүгінге дейін жоймаған екендігі даусыз.
«Психология», - деп жазды автор осы кітаптың «Бет ашарында», - терең ой, терең білім, терең пәлсапаға соғатын пән... өзге білімдер затшылдыққа (материализм) табанын тіресе де, психология әлі тіреп, яғни нық басқан жоқ... Қарапайым адамға жұмбақ сиқылды көрінетін талай нәрселер психологияда қаралады... Себептері, сырлары айқындалады, бұлардан хабары болу, ақыл-ойына ерік беру кімге де болса керекті. Бұл кітапты алдымен бала оқытушыларға ұсынамыз. Қала берсе, кімде-кім әлеуметпен, қоғаммен қатынасып, қызмет ететін болса, оның бәріне де психология пайдалы кітап деп ойлаймыз. Хат танитын жәй қазақ та, арындамай оқи алса, недәуір білім алар деп сенеміз. Қиын жерлерін салғаннан ұқпаса оңай жерлерін оқып көрер, сөйте-сөйте біріне тісі батар». Оқырманына осылайша ой сала келіп, Жүсіпбек «Психология нені сөйлейді?» дейтін бірінші тарауда осы ғылымның екі жарым мың жылдық тарихынан біраз мағлұмат береді. Бұл жерде рационалистік (ақыл-ой), эксперименттік (тәжірибе) психологияның жай жапсарын баяндайтын беттері өте тартымды. Кітаптың екінші тарауында адамның жан дүниесін, мінез-құлқын, зерттеуді қайтіп ұйымдастыруға болатындығын айта келіп (бақылау, анкета, әңгімелесу, тәжірибе әдістерінің мән-жайы), тәптіштен түсіндіреді. Ол - жан-дүниесінің заңдылықтарын зерттеуде математиканы, оның «болжау қисыны» (теория вероятности) дейтін саласын қалайша пайдалануға болатындығын қазақ топырағында алғаш рет сөз етеді. Кітаптың үшінші тарауы «Тірі заттардың қылығын жалпы мінездеу» (қазіргі терминде «Психика және сана») деп аталады. Мұнда психофизикалық және психофизиологиялық құбылыстар, атап айтқанда, организмнің, тітіркену-шілік пен сезгіштік ерекшеліктері, жануар мен адамның дағды, инстинктері (соқыр сезімдер) бұлардың бір-бірінен айырмашылықтары, өсімдіктер дүниесіндегі тіршілік белгісі (тропизмдер) ғылыми талдауға алынады. Осы тарауда академик И.П. Павловтың шартты рефлекстер туралы ілімінің негізгі қағидалары сөз болады. Автор адам санасының даму жолын тарихи-қоғамдық тұрғыдан дұрыс көрсете келе, қоғамдық, әлеуметтік-психологияның негізгі мәселерінің (топ, жұртшылық, қоғам, парасат, әдет, т.б.) мәнін қазіргі психологиялық түсініктердің төңірегінде тәптіштейді.
«Денедегі кейбір мүшелер, олардың қызметтері» деп аталатын төртінші тарауда жан қуаттарының анатомиялық-физиологиялық механизмдері, яғни жүйке саласы мен оның атқаратын қызметі, қозу, тежелу процестері, ми бөліктері, олардың қызметі, негізгі, сезім мүшелерінің (көз, құлақ, иіс, дәм, тері, т.б.) анатомиялық құрылысы жөнінде мағлұматтар беріледі. Мәселен, адам тәнінің шамшырағы – көздің психофизиологиялық механизмдері өте тартымды, шебер тілмен, дәйекті баяндалған.
Бесінші тарауда эмоция мен сезім, бет пен денедегі түрлі мәнерлі құбылыстардың келбет, көз әлпеті, ым-ишара, т.б. қазақ өмірінен алынған қызғылықты да, нақтылы деректер арқылы түсіндіріледі. Адамда жиі ұшырайтын сезім, көңіл күйлері (таңсықққойлық, қорқыныш, еліктеу, тентектік, пандық, т.б.) және бұлардың психологиялық астарлары сөз болады. Түйсік пен қабылдау, перне іліктестігі, ассоциация мен апперцепция, ынта мен ілтипат, ес пен елес, қиял мен шығармашылық мәселелрі, алтыншы, сегізінші тараулардың бас тақырыптары. Бұларда классикалық психологияның негізгі қисындары: түйсіктің Бебер-Фехнер тұжырымдаған психофизикалық заңы, Г.Гельмгольцтің резонанс (жаңғырық) теориясы, Беркли қисыны, т.б. төл тіліміздің өзіндік нақышымен жақсы түсіндіріледі.
Ал психологиялық басты проблемалардың бірінен саналатын ойлау мен сөйлеу, ұғым мен сөз, елестету мен ұғым, ойлау формалары (ұғым, пікір, ой қорытындылары) сияқты күрделі ғылыми категориялардың мәні-мәнісі логика, психология ғылымдары тұрғысынан өз дәрежесінде талдау тапқан. Тоғызыншы тарауда ерік-жігер, қажыр-қайрат, бұларды тәрбиелеу жайлы әңгіме болса, оныншы тарауда – ұйқы, түс көру, көз байлау (гипноз), т.б. парапсихологиялық құбылыстар жайлы айтылады. Он бірінші, он екінші тарауларда әдет-ғұрып, салт-сана, дәстүр, түрлі оң, теріс қылықтардың табиғаты, кісі психологиясын әлеуметтік, қоғамдық тұрғыдан қалыптастыру, сондай-ақ мәдениет пен өнердің: дін мен пәлсапаның, жағырапиялық ортаның (қазіргі терминде «экологияның»), тіл мен ауыз әдебиетінің адамның жан – дүниесіне қалайша әсер ететіндігін нақты әрі тартымды мысалдар арқылы түсіндіреді.
Психология оқу-құралында сурет, таблица, схема т.б. түрлі безендіруге ерекше мән берілген. Бұл айтылғандардың бәр-бәрі оқу кітаптарының ажарын кіргізетін, олардың дидактикалық пәрменділігін арттыратын мәнді өлшемдер. Мұнда классикалық психологиядан түпкілікті орын тепкен, күні бүгінге дейін қолданбалық мәнін жоймаған түрлі аспап-құралдардың (спимограф, эстезиометр, кимограф, камертон, т.б.), сондай-ақ көптеген схема, таблицалардың суреттері (жүйке саласының бөліктері, ми жарты шарларының құрылысы, есту, сипай-сезу мүшелері – көз, құлақ, тері, жүйке талшықтары, т.б.) орын тапқан.
Ж.Аймауытовтың психология саласында жазған екінші төл еңбегі «Жан жүйесі мен өнер таңдау» (Мәскеу, 1926) өзіне ерекше назар аудартады. Мұнда автор ғылыми психологияда кең тараған анкета, байқау әдістері арқылы Кеңес өкіметінің алғашқы жылдарында қыр қазақтарының ұлт, әлеуметтік ерекшеліктерін ескере отырып, олардың мамандық таңдау жолындағы талпыныстарын тәжірибе арқылы анықтағысы келген.
Автор мамандық таңдауға адам өзінің жеке қасиеттері мен кейбір туыстан берілетін ерекшеліктерін де (темперамент, нышан, т.б.) ескеру қажеттігін бұл жерде кісі өзін-өзі басқарып, жеке басын жетілдіруге кісілікке ұмтылуға ерекше мән берудің маңыздылығына жалықпай қайталап айтп береді. Өзінде қандай талант,қандай зеректік, қандай қабілет, бір сөзбен айтқанда, қандай қасиет барлығын білуің қажет. Дәлдеп айтқанда, әр адам өзін-өзі тану қажет. Өзін-өзі танымаған адам, өзгені де тануға шорқақ болады деп тұжырымдайды.
Аталмыш зерттеудің ғылымилығын арттыра түсетін басты ерекшелігі – мұнда еуропалық психолог ғалымдардың осы тақырып төңірегінде жүргізген зерттеу жұмыстарына ерекше көңіл бөлініп, солармен салыстыра сабақтастыра баяндалатындығында. Мәселен, автор өз тұжырымдарын сол кездегі белгілі орыс психологы А.Ф.Лазурскийдің (1874-1917), сондай-ақ аттары әлемге әйгілі неміс және американ психологтарына (Джеймс, Мюнстерберг, Штерн, т.б.) сілтеме жасап, бұларға, ұңғыл-шұңғылына ой жүгіртіп, сайып келгенде, күні кешегі көшпелілер психологиясының жаңа жағдайдың әсерімен біртіндеп өзгеріске түсе бастағанын паш етеді.
Ж.Аймауытов психологиясының жекелеген мәселерін өзінің соңғы еңбегі «Комплексті оқыту жолдары» атты кітабында да жол-жөнекей сөз етеді. Кітап 9 тараудан тұрады, ол педагогикалық курсты тыңдаушылар мен педтехникум студенттеріне арналып жазылған. Онда оқу бағдарламасының жекелеген түрлеріне талдау жасалынады, оның негізгі үш тірегі (жаратылысы, еңбек, қоғам мәселелрі) туралы айта келіп, оқудың түп қазығы – еңбек екендігін, мұны шәкірт психологиясына орайластыра жеткізудің қажеттігіне баса назар аударады. Автор «Комплексті оқыту не ?» деген сауалға былайша жауап береді: «... бұл өмірдегі сан алуан құбылыстарды, нәрселерді бір тақырып пен бір пікірдің төңірегіне жинап, қосып, түйдектеп, біріктіріп оқыту». Автор оқыту барысында шәкірттердің эстетикалық (сұлулық) талғамының ерекшелік-терімен санасу қажет дейді. Халық әндерінің психологиялық жақтарына талдау жасай келіп, ол былай дейді: «Жер, тұрмыс жағдайына қарай, әр елдің сазы (ән-күйі) де әралуан, Түркістан елінің әні бұлтарысы жоқ, тік тартар айқай, қайырмасы жоқ, келте, немесе бірыңғай текірек болып келеді, түйеге, атқа, есекке мінген адам болсың, ауылдан былай шыға беріп: «Ауылың сенің белде елді, аридай», - деп қозғайды. Арқаның әні толқынды, ырғақты, айқалы, зарлы, қайталамалы, қайыруы ұзын болып келеді. Теріскейдің, батыстың әні мұңды, зарлы, шерлі, желдірме, көй-көй болып келеді». Ж.Аймауытов бұл жерде ұлттық (этностық) психологияға ерекше мән беріп отыр. Автор тәлімгер қауымға арналған тұжырымдарын: «Ізденсе, талаптанса, қолдан жасалмайтын шарт жоқ. Құнтталмаған, ізденбеген, соңына түспеген адамның жұмысы еш уақытта берекелі болмақ емес», - деп психологиялық тұрғыдан түйіндейді. Осы кітаптың да қазіргі қазақ мектептерінде ұстаздық жасап жүрген тәлімгерлерге тигізер көмегі аз болмаса керек.
Жүсіпбектің психологиядан жазған еңбектері жайлы айтқанымызда оның ғылыми терминдерді жасау, таңдау, қолдану принциптеріне қысқа болсада пікір білдірмесек болмайды.
Біздегі ұлттық психологиялық терминдердің алғаш жүйеге түсуі де Аймауытов есімімен байланысты. Қай кезде де термин сөздерге ауыр жүк жүктелген, олардың жекелеген ғылымның өзіндік ерекшелігін бажайлап көрсете алуы абзал. Ғылыми ұғымдардың ана тілімізде дұрыс түйінделуі аса мұқияттылықты қажет етеді, сондықтан да біз әрбір терминнің тұрақты орын алуына, біртіндеп ширай түсуіне қамқор болғанымыз жөн. Жасыратыны жоқ, біздер осы күнге дейін терминдік олқылықтан шыға алмай келеміз.
Осы айтылғандарға жиырмасыншы жалдардың өзінде-ақ Аймауытовтың ерекше назар аударғаны құптарлық жәйт. Ұлттық ерекшелікпен санасуды термин жасаудың негізгі принципі етіп ұстау – оның термин жасау тәжірибесінің негізгі кредосы дер едік.
Ғылыми терминдік сөздерді автордың таңдау тұрғысы да ерекше назар аудартады. Себебі белгілі бір ұғымның баламасына алынып отырған термин сол ұғымның дәл мағынасын беруі, сондай-ақ оның келешекте қазақ тілінде алатын тұрақты орны қандай болмақ деген мәселе осы тұрғының негізгі мазмұнын белгілейді.
Мәселен, автор еңбектерінде кездесетін әсер - впечатление, әуестік – любопытство, балалық – детство, тілек – желание, жан қуаттары – душевные силы, амал – действие, қызмет – деятельность, қылық – поведение, көңіл күйі – настроение, мағына – смысл, мақсат – цель, мейірімділік – гуманность, ерік- воля, елігу – влечение, еліктеу – подражание, ұғым-понятие, ниет – намерение, рух – дух, т.б. осы іспеттес психологиялық ұғымдар күні бүгінге дейін төл оқулықтарымызға еш өзгеріске түспей, ұлттық терминдер қорының төрінен орын алып келеді.
Аймауытовтың ғылыми терминология, стиль ерекшелігі, оның психологиялық жақтары үлкен тақырып, бұл өз алдына арнайы зерттеуді қажет ететін мәселе.
Мағжан Жұмабаев (1893 – 1938).
Мағжан – поэзиясы адамның, жан-дүниесінің қыры мен сырына терең бойлатыны, оның адам жанын дәл басып жататыны көпшілікке мәлім. Ал осынау жыр дүлділінің тәлім-тәрбие ғылымының теориялық жағына үңілуі таңқаларлық жәйт. Өйткені, бұл салада ғылыми еңбек жазғанғұлама, зиялылар некен-саяқ. Осы тұрғыдан алғанда Мағжанның 1922 жылы «Педагогика» атты (Ташкент, Орынбор) кітап жазуы өмірде өте сирек кездесетін, тек аса талантты, данышпан адамдарға тән қасиет.
Қазіргі кезде психология ғылымының қырықтан астам жекелеген саласы бар. М.Жұмабаев осылардың ішінен оқу-тәрбие ісіне тікелей байланысты педагогикалық психологияға ден қоюы да ерекше құптарлық. Оның жан қуаттары жайлы пікірлерінде дала өмірі мен өзінен бұрыңғы және замандас қазақ зиялыларының туындыларын ұлттық психологиялық нақышты шеберлікпен пайдалана білу тәсілі қазіргілерге өнеге. Жан көріністерінол білу яки ақыл, сезім яки көңіл, һәмқайрат көріністері болыпүш тармаққа бөле келі, олардың өзара табиғи үлесімін Абай тұжырымдарымен байланыстырып, ежелгі Шығыс ғұламаларының гуманизмімен үндестіре, тарих тереңінен сөз қозғайды. Шытырман мәселенің арқауын осылайша түйіндеп, Шығыс кәусарынан мейірі қана сусындау, есейе келе Еуропа мәдениетіне құлаш ұрған Мағжанға етене жақын да, түсінікті нәрсе.
Ол сыртқы сезімдері (қазіргі кезде түйсік деп аталады) көру, есту, иіскеу, тау, сипау, ет сезімі деп алты айырыммен анықтап алып, оларды дұрыс жетілдіру тәрбиесіне арнайы назар аударады. М.Жұмабаевтың пікірінше бұл сезімдердің сау һәм берік болуына, олардың өткір, терең, дұрыс қалыптасуына ыждахат қылу керек. Бұлардың біреулері жақсы, біреулері нашар тәрбие қылынса, жан тұрмысы да тегіс, бүтін болмақ емес. Әр сезімді (көру,есту, т.б.) психологиялық тұрғыдан құарастыра келіп, ақын олардың әрқайсысына өзінше анықтама беріп, бұларды тәрбиелеуде ұлттық тәстүрлерге сүйену қажеттігін айтады. Мәселен, жарық дүниеге келген күнне бастап нәрестенің есту сезімін дамыту үшін түрлі дыбыстардың мән-мәнісіне көңіл бліп, әсіресе бесік жыры үнінің тәрбиелік мәні зор екенін атап өтеді. «Адамның әдемілікті сүю сезімін тереңдететін де осы есту сезімі», дей келе, өзінің осы пікірінгректің Орфей жайлы, қазақтың Қорқыт туралы айтылған терең де тұнық ойларымен тиянақтайды.
Кітапта «зейін» туралы біраз деректер бар. «Абай» дегеніміз - деп жазды ол, - сыртқы дүниедегі бір затқа яки, ішіміздегі бір жан көрінісімізге – ойға, ішкі сезімге, қайратқа жанның тұнуы, нүктеленуі». Оның бала зейінін тәрбиелеу жөніндегі айтқандары қысқа да боса нұсқа. Автор шәкірттерде зейін даму үшін әсердің күшті, жеке, жаңа болуын, жаңа алынған білім мен ескі білімнің байланысуын және оның болашақ әсерге даярлану есебінде болуын талап ете отырып, оқу жүйесінің сабақтастығына мұқият зер салады. Ол кейбір оқушылардың зейінсіз болуының себептерін де аша кетеді. Бұған дененің һәм жанның шаршауын, зейіннің толқынданып тұруын, бейғамдықты, т.б. жатқызады. Автор бейғамдықтың екі түрін көрсетеді. Оның бірі еш нәрсеге абай тоқтата алмайтын өте қолайсыз түрі. Оған терең, ұзақ тәрбие қажет. Екінші түрі- бір нәрсеге абайлы болып, басқа нәрселерге абайлы болмайтын адамдардың бейғамдығы. Ақын мұндай қасиеттің зиянсыздығын, мұның көбінесе ғалымдарда жиірек кездесетіндігін ескертеді. Адам зейінін ол ерікті, еріксіз, табансыз, ішкі, сыртқы деп жіктейді. Баланы тәрбиелеу оның жас ерекшелігіне тәуелді болатындығын айтады.
Автор «Ақыл көріністері» (Қазіргі терминологияда – ойлау) тақырыбын әсерлену, оның пайда болу шарттары, күші һәм тоны деп жеке-жеке талдай келіп, кейбір психологиялық терминдердің мәнін ашып көрсететді. Заттарды ұғу үшін жұмсалатын жан көрінісі ойлау деп аталады. Мәселен, «әсерленуді туғызатын себепті, яки затты табуды перпеция, әсерленуді бұрыңғы болған тәжірибемен толықтыруды аперпеция,ал аперпеция перпецияны жеңіп кететін болса, ол уақытта иллюзия, яғни сезімде алдану пайда болады», - деп осындай психологиялық ұғымдардың әрқайсысына анықтама беріп, оларды жеке-жеке талдап, ересек пен бала әсерленуінің айырмасын да арнайы сөз етеді.
Ақын тілдің адам өміріндегі маңызы жайлы айта келіп, оның ұлттық мәнін мәйекті мәнермен жеткізеді: «Ұлттың тілі кеми бастауы, - деп жазды ол, - ұлттың құри бастағанын көрсетеді. Бұл ұлттың тілінде сол ұлттың жері, тарихы, тұрмысы, мінезі айнадай ашық көрініп тұрады. Қазақ тілінде қазақтың сары сайран даласы, біресе құйындай екпінді қайратты, біресе желсіз түндей тымық, сар далада үдере көшкен тұрмысы, асықпайтын, саспайтын мінездері көрініп тұр».
Мұны «Педагогиканың» 1923 жылы Ташкентте шыққан екінші басылымының төмендегі мазмұнынан жақсы аңғаруға болады. 1.Сөз алды, 2. Жетекші сөз. Тәрбие деген не? 3. Педагогика бөлімдері. Жалпы педагогика. Дене тәрбиесі. 4. Жан тәрбиесі. Психология. 5. Жан көрністерін топ-топқа бөлу. Ақыл көрністері, яки жанның білуі, әсерленуі. 6. Әсерленуді бөлу. 7. Абай. 8. Суреттеу. 9. Ес (зейін). 10. Қиял. 11. Ойлау. 12. Хүкім. 13. Тіл. 14. Ішкі сезім көрністері, яки көңіл. 15. Қайрат. 16. Баланың жалпы жаратылысы.
Әрине, М.Жұмабаев сөз етіп орырған психология ғылымының мәселелері сонау жиырмасыншы жылдар деңгейінде, әсіресе оның терминдерінің өзі Европа, орыс тілдерінде де белгілі бір жүйеге түсіп, топтаса қойған кезінде төл тілімізде ғылыми жағынан сөз болған. Бірақ кемшіліктері де жоқ емес. Онысы кешірімді де. Сондықтанда бұл еңбекке қазіргі күн тұрғысынан қарап баға беру әділ болмас еді. Ал, мұның қазақтың ұлттық ғылыми терминдері ілік бастауына төрден орын алатыны даусыз.
Енді мұнда сөз болған кейбір психологиялық ғылыми түйіндер мен атаулардың олпы-солпы жақтары туралы қысқаша тоқталып кетейік. Кітапта кейбір түйінді тұжырымдар дәл беріле қоймапты. Мәселен, «Перцепция - әсерлеуді туғызатын себепті, яки затты табу», дұрысы - бұл затты тұтастай, толық, зат күйінде қабылдау «перцепцияның өзі латын сөзі, қазақша - «қабылдау» деген ұғымды білдіреді. «Иллюзия», - деп жазыпты автор, болып тұрған әсерлеуді бұрынғы әсерлеу жеңіп кеткенде болатын сезім алдауы». Дұрысы – иллюзия - әр түрлі себептерге байланысты айналадағы объектілерді қате, теріс бұрмалап қабылдау, яғни қабылдаудың затқа сәйкес келуі. Автор - иллюзия ұғымын «елес» деп алыпты. Оның қазақша баламасы «алдану немесе көз байлау» дегенге келеді. Мұндай дәлділігі мен ғылыми тұжырымдар кітаптың әр жерінен кездесіп қалады. Енді термин олқылықтарына келейік. Автор «абстракция» деген ұғымды «жалаңаштау» деп айтыпты, бұдан гөрі «оқшаулау» «дерексіздендіру» деген дұрыс еді. Күні бүгінге дейін осы термин ана тілімізде абстракция күінде алып жүр. М.Жұмабаев абстракция заттың сынын заттан бөліп алып, сол сынды жеке бір зат қылып ойлау, депті. Дұрысы: заттар мен құбылыстарды жалпылау арқылы оның бір елеулі қасиетін қалған қасиеттерінен ойша бөліп алу. Мәселен «бор», «қант», «айран», «сүт», т.б. ақ заттардың ортақ белгісі «ақшыл» - осы сонғы ұғым абстракция деп аталады. Автордың «түйсікті» - «әсерлену» «елестеуді» - суреттеу, «есті - зейін» , пікірді - хүкім, т.б. баламаларды да қазіргі психологияның қазақ тілінде ғылыми атаулармен үйлесінкіремейді.
М.Жұмабаев орыс педагогикасының білгірі К.Д.Ушинскийше педагогиканы жан сырының заңдылығын зерттейтін психологиямен астарластыра байланыстырған тұңғыш қазақ ойшылы. Ол педагогиканы психологиясыз, яғни шәкірттің жан жүйесі ерекшеліктерін ескермейінше, оқу-тәрбие процесінің теориялық қисындарын баяндайтын педагогиканың дәрменсіз болатындығын ерекше ескертеді. Педагогика адамды жан-жақты тәрбиелеу үшін оны жан-жақты терең зерттеу қажеттігіне нұсқаған К.Д. Ушинский пікірімен Мағжан түйіндері керемет үйлесіп жатыр.
М.Жұмабаев өз кітабына психологиялық ой түйіндерінің негізгі арқауы «....адам баласын тәрбиелі қылу деген де, әрине, адам баласының, әсіресе жанын тәрбиелі қылу керек дегенді ұғу керек.... Дүниеде теңіз терең емес адамның жаны терең.... адам тіл арқасында ғана жан сырын сыртқа шығарып, басқалардың жан сырын ұға алады. Адам өз жанының көрністерін өзі бақыламаса, жан көрністерімен таныс болмайды.... ұлттың тілі кеми бастауы құри бастағанын көрсетеді... ұлттың тілінде осы ұлттың жері, тарихы, тұрмысы, мінезі айнадай анық көрініп тұрады. Ойдың тілі сөз. Біз сөз арқылы ғана неше тірлі ойымызды сыртққа білдіре аламыз. Баланың маңайында сөйлейтін сөздер де әдепті, сұлу болуға тиісті. Былық сөзді естіп өскен бала өмір бойы былық, «былапыт» тілді болады. Ата-ана қатал болса бала да қатал, ата-ана жұмсақ болса бала да жұмсақ. Сондықтан баланың маңайындағы адам дұрыс мінезді болуы керек. Мінез тәрбиесі жан иесі тиісті азық беріп, сол жан иесінің дұрыс өсуіне көмек көрсету деген сөз. Адамның өзін-өзі тексеруі оның жан тұрмысының өркендеуіне, түзу жоға түсуіне, бірінші шарт қазақтың қаны бір, жаны бір жолбасшысы мұғалім тәрбиешінің табансыздығын сезсе бала оны сыйлаудан, тілін алудан қалады...», т.б.
Ұлы ақынның методикалық еңбектерінде психологиялық жағынан ерекше көңіл аударарлық. Мәселен, оның қазақ мектептері оқу құралдарын қандай етіп жазу керектілігі жайлы («жазбаша оқу құралдары һәм мектептеріміз», бостандық туы , мектеп) сонадай ақ «бастауыш мектепте ана тілін оқыту жолы» (1925), «сауатты бол», «әліппе» т.б. газет журналдарда жарияланған ғылыми материалдық мақалалары өз алдына әңгіме етуді қажет ететін тақырып.
Достарыңызбен бөлісу: |