Жумадуллаева А. А.,Өтеген Қ. О.,Сыдыкова З. Е. ҚАзақ этнопсихологиясы шымкент 2016


Мәшһүр-Жүсіп Көпеев (1857-1931), Ғұмар Қарашев (1876 – 1921)



бет5/12
Дата11.02.2018
өлшемі2,48 Mb.
#37507
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   12

Мәшһүр-Жүсіп Көпеев (1857-1931), Ғұмар Қарашев (1876 – 1921).

ХХ ғасырдың алғашқы ширегінде педагогика, психология саласында өздерінің соны да сындарлы пікірлерімен көрінген қазақ ғұламаларының ішінде М.Ж. Көпеев ерекше орын алады.

Дін оқуынан мейілінше сусындап, кейіннен белгілі фольклоршы-публицист атанған шежіреші ақын М.Ж.Көпеев Қазан төңкерісіне дейінгі кезеңде-ақ әр түрлі тақырыпта бірнеше кітап жазып шығарған. Оның әлі де баспа бетін көрмеген қолжазбалары қаншама! Бұлар да тәлім-тәрбие, педагогика, психология мәселелері, атап айтқанда, сезім мүшелері, ми мен жүрек, қиял, ойлау, бала мен үлкендердің қарым-қатынасы, әйелдерге білім беру, т.б. қатысты ой-пікірлер көптеп кездеседі.

Мәселен, «Аспан, жер және адам жаратылысы туралы» еңбегінде былай дейді: «Дене бір қараңғы үй. Жан сол үйдегі жарық қылып тұрған бір сәуле. Әркімнің жаны бір қалыпта, бір түрде болмайды. Сондай болғаны үшін айтылады: Арық пен семіздің басы бір ме, жан бар, дене бар. Екеуі бірінен-бірі жасырын емес, бірақ жан деген нәрсені ешкім көрген емес. Адамның денесі өзіне де, басқаға да көріністе тұр. Жанның өзі көрінбейді, бірақ белгісі көрінеді (автордың жанның барлық белгісі деп отырғаны – ойлау, сөйлеу, қиял, зейін т.б.), жанның барлығы сонан танылады. Барлық белгісі – адамда бір нәрсені ойына салып ойлау бар, сезу бар. Ойланып сезген нәрсенін орындап, орнына келтіру бар. Жылынады, тынығады, бір нәрсені жақсы көреді, бір нәрсені жек көреді. Міне, осындайлар – жанның барлық белгісі... Денедегі жанға серік болуға жарайтұғын нәрсе – қан».

М.Ж.Көпеев айналадағы дүниені танып-білу үшін көз бен құлақтың зор маңыз алатынына тоқталады. Көз мимен жалғасып жатады. Ол миға сыртқы дүниедегі әр түрлі нәрселерден ақпарат әкелуші дәнекер рөлін атқарады. Танымның келесі бір түрі адамның бір көрген нәрсесін қайта жаңғырту қабілеті. Көпеевтің тілімен айтсақ, бұл сырттан келген нәрсенің бәрін жазып отыратын хатшы іспеттес аппарат. Танымның үшінші түрі – аппараттың дұрыс-бұрыстығын тексеріп, бақылаушы мидың әрекеті. Мұның төртінші түрі – кісінің көрген – білгеніне қоса көрмегенін де тануға жәрдем беретін ішкі танымның, яғни қиялдың мазмұнымен үйлесіп келеді. Қиял неғұрлым ұшқыр да, аумақты болса, таным соғұрлым тереңдей түспек. Қиялда елестетудің де мәні зор... Адам танымы бес бастаудан нәр алатын асау өзен іспеттес. Оның бірі – көру, екіншісі – есту, үшіншісі – түйсіну, төртіншісі – иіс сезу, бесіншісі – дәм... Сезім органдарына тек тап-таза бейнелер ғана келіп түспейді, сонымен бірге бұған ескі-құсқысы араласа, тіпті лас нәрселер келеді. Ойлау оларды сұрыптай отыра жарамдыларын ғана қабылдап, жарамсызын шығарып тастайды... Тіл-ой маржаны, ойсыз тіл жоқ... Арман – сөздің қаймағы, нәр –тұзы. Қиял - өмірдің гүлі, әдеміліктің мәйегі. Қиялсыз адам - дәрменсіз. Қиял мен арман үміт пен тілек ақылды дамытып, дүние-танымды кеңейтіп, ойды тебіретіп толқытады. Осындай қиял ғана мінез-құлықты түзетіп, кісіні адамгершілікке, имандылыққа тәрбиелейді... Егер біреу бақытсыздыққа дұшар болса, екіншісі оған көңіл айтып, қайғысын бөліседі. Ал қуаныш пен шатыққа кенелген кісі дәл қайғыға ортақтасқандай болмайды. Өзгенің қайғы-қасіретіне шын мәнісінде ортақтаса білу үшін тәрбие барысында біртіндеп қалыптасқан адамгершілік қажет... Ғұлама ақын ерік-жігер туралы айта келіп, еркі күшті адам алдына қойған мақсаты жолында ештеңеден қайтпай, талабынан бас тартпай, үміт үзбей, ұсақ-түйекпен айналыспай, жоқшылыққа мойымай әрекет етеді. Жігерлі жан тыныш өмір сүре алмайды, оның тыныс-тіршілігі ылғи да талас-тартыс пен күреске толы, өйткені кісінің бар арманы мақсатқа жету жолында бағытталады. Көп жағдайда оның мақсат-мүдесі, талап-тілегі өзгелердің қалауымен үйлесе бермейді, оның алдына кесе-көлденең тұрып, қалаған жолына кедергі келтіреді.

Мәшһүр Жүсіптің пікірінше бейғамдық та әр түрлі. Бейғамдықтың бір түрі – айналада болып жатқан нәрселерге мүлде көңіл аудармай, одан тиісті сабақ алмай, қалай болса солай бейғам отыру. Бейғамдықтың келесі түрі – кісінің бір іске ұқыпты-құнтты болып, өзгелеріне мақұрым қарауы. Бейғамдықтың алғашқы түрінен үміт жоқ, ал екіншісін аз да болса ақыл-ойды дамыту, ес пен адамгершілікті тәрбиелеу арқылы түзетуге болады. Ақын сондай-ақ қызбалық секілді сезімнің табиғатын, оның бірнеше түрлері болатындығын, ішкі сезімі күшті адам тез әсерленгіш, ұр да жық келетіндігін, мұндай кісінің кейде бақытсыздыққа да дұшар болатындығын ескертеді. М.Ж.Көпеевтің тәлім-тәрбиелік пікірлерінің бұдан басқа да пайдалы жақтары баршылық, бұларды зерттеп, жұрт игілігіне айналдыру – келешектің ісі.



Ғұмар Қарашев қазақтың рухани мұрасының дамуына елеулі үлес қосқан, педагогика, психология ғылымдары саласында сындарды ой-пікір атйқан ғұлама тәлімгер-ақын, кезінде ишан, ахун, қазы атанғанымен, өмірінің соңғы жылдарында ол ағартушылық жолға түседі. Оның демократиялық көзқарасының қалыптасуына 1905-1907 жылдардағы бірінші орыс буржуазиялық төкерсінің, сондай-ақ орыс, қазақ ағартушы-демократтарының идеялары елеулі әсер етеді.

1910-1918 жылдары Ғ.Қарашевтың «Ойға келген пікірлерім», «Өрнек», «Қарлығаш», «Тұмыш», «Бала тұлпар», «Аға тұлпар», «Көксілдер», «Шайыр», «Бәдел қажы», «Тұрымтай», т.б. кітаптары, өлең-жырлары Орынбор, Уфа, Қазақ қалаларында татар, қазақ тілдерінде басылып шықты.

Ғ.Қарашев тіл үйрену, білім алу мәселелріне ерекше маңыз береді. Бұл жайында ақын пікірлерін қысқа да нұсқа афоризм түрінде келтіріп отырады. Олар: Тіл - көңілдің ашқышы (кілті деген мағынада). Көңіл – жарық, жан-қия. Білім – бақтық (бақыттылық деген мағынада). Қараңғыда жол қия.

1919 жылы Орда қаласында «Мұғалім» журналы шыға бастағаны белгілі. Оны шаруалардың бірі және әдеби редакторы Ғ.Қарашев болды. «Мұғалімнің» бірнеше нөмірінде оның «Педагогика» атты еңбегі басылды. Ол тәлім-тәрбие мәселесін өз ұғымынша қалай болса солай жаза салмайды. Ескі заманда педагогикалық пікірлер айтқан түрлі ойшылдарға (Аристотель, Сократ, т.б.) назар аударып, олардың еңбектерін елеп-екшеп, талдап жинақтайды. Оның педагогикалық нысандары Сократтан гөрі Аристотельге көбірек жанасады дейтін пікірі талас тудырмайды.

Ол адамның мінез-құлқын қалыптастыруда еңбектің маңызына ерекше мән береді, кімде-кім өзінің мінезі және істейтін жұмысы туралы ылғи да ойланбай тұра алмайды, адал іс-әрекет үстінде өсіп-жетіледі, мінез–құлықты дұрыс қалыптастыру үшін жалаң ой мен жел сөзден аулақ болып, бала тәрбиелеу ісіне ерекше көңіл аудара қарап, ақтара тексеріп отыру қажет, «ата-ана» бала мінезін жақсы долға салуда, мынаны істеуге болмайды деп үйретуі тиіс» дейді. Баланың ақылы бірте-бірте өспекші, міне, осы мезгілде оған жолбасшылық ету тәрбиенің басты бір шарты. Үйретудің, жол көрсетудің қай орында тұрғандығы осыдан көрінсе керек. Балаға ұрсу, жекіру жолымен үгіттеудің пайда бермейтіндігін айта келіп: «Бала өзіне жаза күтіп тұрған кезінде, иә болмаса жаза тартып болысымен үгіттеуден сақтану керек. Мұндай кезде берілген үгіттің тудыратын әсері жақсы сөзден жиренуден басқа ештеңе емес!» - деп мәселенің психологиялық астарына үңіледі.

Ғ.Қарашев жас ұрпаққа тәлім-тәрбие беруде мұғалім негізгі тұлға екенін әркез естен шығармайды. Ол мұғалімге қойылатын талап-тілекке оқыту, үйрету, тәрбиелеу ісіне жеңіл қарамай, оған аса жауаптылық пен тиянақтылық керек екенін ескертеді. «Жансыз түсіндіру, дейді ол, - тыңдауға тартымсыз және де естуге ауыр болған адамның шәкірттері риза боларлықтай мінезі, оларды толық қанағаттандырарлықтай білімі болуы керек. Ондай білімі жоқ ұстаздан шәкірт тәлім көре алмайды. Мұны мықтап есте ұстау керек. Шәкірт өзі жан-тәнімен сүйген мұғалімнен ғана тиянақты білім ала алады», - деп өз ойын тұжырымдайды.

Ғ.Қарашев баланың үйдегі тәлім-тәрбиесіне де ерекше мән береді. Тәлім-тәрбие ісі, әулеттің ортақ мүддесі екендігін айтады. Сондай-ақ іскерлігі мол адамдардың да өнеге үлгісінің үлкен маңызы бар. «Бір адам өзінің жағымсыз мінез-құлықтарын түзететін болса, - дейді ол, - мұның әсері тіпті жанұясынан да асып, туысқан ұрпақтарына, онан да кеңейіп отандастарына да жұғады». Қарашевтің психологиялық мұрасын зерттеу де кезек күттірмейтін іс.

Әлихан Бөкейханов (1866- 1937).

Қазіргі Қарағанды облысының Қарқаралы ауданында туған 1888 жылы Омбы техникалық училищесін, 1894 жылы Санкт-Петербургтегі Орман-техникалық институтының экономика факультетін бітірген. Кейіннен Омбыдағы орман шаруашылығы училищесінде сабақ береді, ғылыми жұмыспен айналыса бастайды. Ол «Россия. Общее географическое описание нашей Родины» 18 томдық іргелі ғылыми еңбектің авторларының бірі. Семей облысынан бірінші Мемлекеттік думаға депутат болып сайланды. Революциялық жұмыстары үшін бірнеше рет түрмеге қамалады. 1905-1907 жылдары Омбы кадет партиясының губерниялық комитетіне мүше болады. «Иртыш», «Голос степи» газеттерінің редакциясында істейді. 1913 жылы А.Байтұрсынов, М.Дулатовтармен бірге «Қазақ» газетін ұйымдастыруға ат салысады, Бүкілресейлік земство одағының жұмысына қызу араласады (1916). Ақпан төңкерісінен кейін Уақытша үкіметтің Түркістан комитетінің жұмысына қатысып, Торғай облысының комиссары болады. 1917 жылы кадет партиясы қатарынан шығып, басқа қазақ зиялылармен бірге Алаш партиясын құрады, жаңадан құрылған Алашорда үкіметінің төрағасы болып сайланады. 1919 жылдан бастап баспагерлік жұмыспен айналысады. 1920 жылы ҚазАССр Бірінші Кеңесінің съезіне құрметті қонақ ретінде қатысады. 1937 жылы халық жауы ретінде тұтқындалып, өлім жазасына кесіледі. 1989 жылы СССР Бас прокурорының шешімімен толық ақталады.

Оның әр жылдары түрлі тақырыптың төңірегінде жазған шығармаларынан ұлт психологиясына қатысты, сондай-ақ психология ғылымының кейбір теориялық қағидаларымен тоқайласатын түйіндерді көптеп кездестіруге болады.

Ғалым бұл арада әр халықтың өзіндік әдет-ғұрпы, дәстүрі, салты, ұлттық мінез бітістері, әлеуметтік сезімдері мен көңіл күйлері, алуан ойлары мен талап-тілектері, яғни рухани өмірдің сан қилы жақтары мен қым-қиғаш қайшылықтары болатындығын үнемі ескертіп отырады. Бұл жөнінде оның ой-түйіндері төменгі жолдардан жақсы байқалады. «... Түрік затты халықта біздің қазақтай бір жерде тізе қосып отырған іргелі ел жоқ... Анық түрік затты халық біздің қазақта... Қазақ жұрты түптен келе жатқан зорлық, тепкіде өскен...» Ғалымның ұлттық психология мәселелерінен кейін сөз еткен психологиялық түйіндерінің негізгі желісі – жалпы психологияның теориялық қисындарының төңірегінен табылады. Бұл жөнінде ол: «Ақыл да, ұсталық та оқумен, істеумен жүре ұлғаяды... Халық ісін орнына салуға көп ақыл, көп қызмет, көп жылғы шебер істеген әдіс керек.. адамның хайуаннан айырмашылығы – ойлай, сөйлей алатындығы, имандылық пен имансыздықты, ұят пен ар-намысты түсіне де, сақтай да білетіндігінде». Ә.Бөкейханов еңбектерінде адамның тіршілігі үшін іс-әрекетпен айналысу жәйі, бұл жолда оқу-білім, шеберлік, айла-тәсіл, дағдының қажеттігі ерекше сөз болады». Адам баласы, - дейді ол, - үнемі ізденіс үстінде, жалықпай, талмай, әрекет еткенде ғана мақсатына жете алады, өмір үнемі күрес, бірлесіп тіршілік ету, бұл үшін шеберлікке, айла-тәсілге жетілу қажет... Кім шебер болса, жалықпай-талмай ізденсе, бірігіп, тізе қосып іс қылса, ғұмыр бәйгесі соныкі...Әр нәрсенің амалын біліп, өз орнына жұмсаса іс көркейеді... Адам шеберлігі араласып іс қылмаса, таудай алтын – бір өлі қазына... Тіршілік, ғұмыр белгісі – алыс-тартыс, арбау, әдіс... «Қай заманда болмасын енжар, бұйығы адамға өмір сүру қиын, өйткені ... жылап мұратқа жетемін деу аш түйенің күйсеуі болады ... Заманың түлкі болса, тазы болып шал» дегендей, кейбір мансап иелері адамгершілік – имандылықты белінен басып, өздерінің мақсатына жетіп отырады, бұларды адам деп айтуға болмайды. Олардың әрекетінің хайуаннан еш айырмасы болмайды. Өйткені бірін –бірі жеген, бірін-бірі алдаған, бірін-бірі аңдыған, бірінен-бірі кек алған хайуан тұрмысы салты» дейді.

Туған халқы үшін қызмет ету – азаматтық қасиет, абыройлы іс. Ол үшін оңы мен солын жақсы аңғаруы, білім-ғылымды терең меңгеруі тиіс. Сонда ғана оның адамшылығы да, ақыл-ой өрісі де өз дәрежесінде болады, сөзі мен ісі бір жерден шығатын болады. Ақылды болу сондай қиын. Ол үшін көп оқып, зейінді болса кісі білімді болады. «Адам баласы қылып жүрген іс, ой-ақыл болып басталады, адамды бала тапқан қатындай қинап, сөз болып сөйленеді, иә жазылады, ақыл сөз соңынан соң барып іске айналады. Не жұмыс қылсақ: осы үшеуі: ақыл, сөз, сана талқысынан өтпей жұмысқа айналмайды... Ақылды сөз қылу сондай қиын... Сөзді іс қылмақ мұнан неше есе қиын».

Ахмет Байтұрсынов (1879 – 1937).

Қазақ ғылымы мен мәдениетінің аса көрнекті өкілі, әмбебап ғалым, қоғам қайраткері А.Байтұрсынов оқу-ағарту, тәлім-тәрбие саласында артына аса бай мұра қалдырды. Ол психология ғылымы саласында да өзіндік қолтаңбасымен дараланады. Мәселен, тек «Әдебиет танудың бір өзінде ғана осы ғылымға қатысты толып жатқан ой-пікірлер мен салмақты түйіндер баршылық. Мұндағы «Көркем өнер», «Сөз толғау», «Лұғат әуесіздігі», «Жан жақтау», «Жан қоштау», «Көріктеу», «Ес ұғымы», «Іс ұғымы», «Зейіндеме», т,б, атаулар мен ұғым түсініктерде, сондай-ақ оның жұмбақ, жаңалтпаш, айтыс, толғау, терме, тақпақ, жоқтау, жарапазан, бата, мақал, т.б. әдебиеттану ғылымына қатысты пікірлерінде халықтық психологияның теориялық қисындары үшін іздесе таптырмайтын әдістемелік қазық боларлықтай түйіндер мол. Ғалымның тіл мен сөйлеу психологиясы жайлы айтқандары да аса мәнді. «Тілдің міндеті, - деп жазады ол, - ақылдың аңдауын аңдағанша, қиялдың меңзеуін меңзегенше, көңілдің түйінін түйгенше айтуға жарау... Сөз көңілге сипат жағының көркемдігімен, сөз мағына жағының күштілігімен жағады... Тіл дәлдігі деп ойлаған ұғымға сөз мағынасы сәйкес келуі айтылады...». Психологиялық жағынан өте пәрменді тұжырым, өйткені қазақтың қазіргі кездегі ұлттық тәрбиесінің мықтап ақсап, тіпті батпаққа белшесінен батып жатуының себебінің бірі – осы халықтың, әсіресе тәлімгер қауымның (мұғалім, ата-ана, құрбы-құрдас, т.б.) өз ана тілін жоғарыда Ахаң айтқандай түлетіп, оның тәрбиелік ықпалын өз дәрежесінде пайдалана алмай жүргендігінде. Расында да, егер тәлімгер атаулының сөз саптауы шорқақ, ойы саяз, тыңдауға әсерсіз болса, шәкірт тәрбиесінде берекесіздік туады, сөздің тәрбиелік қадір-қасиеті, құны төмендейді. Олай болса, баланың сөз өнеріне жетілуінің, сөйлеу мәдениетінің арта түсуі үшін ерекше көңіл бөлу қажеттігі ылғи да естен шықпауы тиіс.

А.Байтұрсыновтың психология ғылымының төңірегінде ой қозғаған терең мәнді, салиқалы пікірлері «Әліппе – таңбалар жұмбағы» дейтін еңбегінен елеулі орын алған. Мұнда ол арап әрпінің латын таңбасынан әлде-қайда ұғынуға тез жазып, миға тоқуы жеңіл екендігін психологиялық тұрғыдан дәлелдеп береді. Мұнда екі таңбаның қайсысымен басылған, иә жазылған сөз оңай оқылады, бұлардың қайсысымен жазылғанынан тану жеңіл, қайсысы баспаға сыйымды, қайысысы көркемдік (эстетикалық), сондай-ақ, көруге көзге жайлылығы жағынан қайысысы артық дегендей психологиялық жәйттарға тоқталады. Ғалым латын, арап әріптерін оқуға қайсысының жеңіл, қолайлы екендігі жөнінде былай дейді: «Сауаты ашылған адам жазылған иә басылған сөзді әрпіне қарап оқымайды, бүтін тұрған суретін танып оқиды. Таныс адамды көргенде мынау пәленше, анау түгенше деген сияқты әр сөзді тұрпатына қарап, танып айтады. Неғұрлым сөз суреті көзге елеулірек болса, соғұрлым жылдам танылып, шапшаң оқылмақшы... Немістің Мейман деген профессоры... мынаны байқаған: басылған сөздің ішінде не төмен, не жоғары сойдыйып қатардан шығып тұрған әрпі бар сөздер немесе үстіне қойған қосымша белгісі бар әріп кіріскен сөздер тез танылып, шапшаң оқылады екен». Байтұрсынов арап әріптері бірі биік, бірі аласа, бірі ұзын, бірі қысқа келіп, екінші жағынан қосымша таңбалары (белгілері) көп болып, сөз суретін көзге елеулі етіп, кісінің тез оқуына, харып тануына қолайлы болады дейді.

А.Байтұрсынов адамда жазу дағдысының қалыптасу жолын да психологиялық тұрғыдан түсіндіреді. «Сауатты адал адам, - дейді автор, - жазғанда қол дағдысымен жазады. Жазып отырғанда әр әріпті ойлап барып жазбаймыз, қолымыз дағдыланған күйімен өзі кетеді... Неғұрлым сауаты көбірек ашылған адам болса, неғұрлым жазуды көп жазатын адам болса, оның көз бақылауынан гөрі қол дағдысы басым болмақ... Оқыған уақытта адамның көзіне күш түспей, етіне күш түседі». А.Байтұрсыновтың осы түйіндері психологияда оқу мен жазуды қалыптастырудың психологиялық заңдылықтарына сүйенген түйін. Мұны психологиядан аздап хабары бар адам, арнайы түсініктемесіз-ақ ұға алатыны хақ. Латынша жазуда қолға күш түсетіндігін А.Байтұрсынов орыс психологы П.П. Блонский зерттеулері арқылы түсіндіреді. Блонский жазғанда қолдың талу-талмауына ерекше көңіл аударған. Жазған кезде қолдың талмауы саусақтардығы ұсақ бұлшық еттерге байланысты деп былайша жалғастырады: Менің оған қосатыным – қарды жаюдан жию жеңілірек. Солдан оңға қарай жазғанда қол қардың жайылатын жағына қарай жылжиды, жылжыған сайын қиындайды... Араб әрпімен жазғанда стенограф жазуымен жазған сияқты қолдың қимылы көбінесе ұсақ болып келеді. Ирегінің ұсақтығы жазуды жеңілдетіп, шапшаң жазуға қолайлы... латын жазуымен салыстырғанда қол сермеуі бармақ нүктелерін қосып есептегенде, латындыкінен 25-30 % кем болып шығады».

Халқымыздың осынау бір туар ғалымы араб грамматикасының оқу, жазуға латын харпінен гөрі әлдеқайда тиімділігін психологиялық тұрғыдан пайымдай келіп, өз ойын былайша тұжырымдайды: «араб әрпі латын әрпімен жазғанда да, оқығанда да оңай, сауат ашу үшін баспаханада әріп теруге де ол латын таңбасынан әлде қалай тиімді, - дей келіп, латыншаға көшу керек деп жүргендерді «еріккен адамдардың ермегі есебіндегі құр қиял», - дейді. А.Байтұрсынов өмірінің соңғы сәтіне дейін, өзі түрлеген, өзі реформа жасап жетілдірген қазақтың жаңарған жазу үлгісін осылайша ғылыми негізде дәлелдеп, қызғыштай қорғап өтті.

Ғұлама ғалымның телегей-теңіздей рухани мұрасында осы айтылғандардан басқа да психологиялық мәні терең ой-тұжырымдары көптеп кездеседі. Бұларды саралап, зерттеп, халық игілігіне айналдыру – қазақ психологиясының келешектегі міндеті, парызы болмақ.



Халел Досмұхамедов (1883 – 1939).

Ол қазіргі Атырау (бұрынғы Гурьев) облысы, Қызылқоға ауданында дүниеге келді. Алдымен ауыл молдасынан хат таниды, кейіннен жергілікті орыс-қазақ мектебінде оқиды. Одан соң Орал қаласындағы реалдық училищеге оқуға түседі. Оны үздік бітірген соң Петербургттегі Әскери –медициналық академияда оқиды, оны алтын медальмен бітіріп шығады. Академияда Х.Досмұхамедов дүние жүзі физиологтарының ақсақалы, шартты рефлексттер туралы әйгілі ілімнің авторы, академик И.П.Павловтың лекцияларын тыңдайды. Кейінірек ұлы ғалымның дәрісін тыңдаған екінші қазақ зиялысы – профессор С.Асфендияров болды.

Сол жылдары Ресейде болған буржуазиялық-демократиялық төңкерісті өз көзімен көріп, оның мәнісін түсіне бастауы Халелдың идеялық жағынан шыңдала түсуіне зор ықпал етеді. Патшалық империяның қазақ халқын аяусыз қанап, тонап отырғанына оның көзі жете бастады. 1909 жылы Академияны бітірген соң әуелі Пермь губерниясында, кейіннен 22-Орал қазақ-орыс атқыштар батальонында әскери кіші дәрігер болып қызмет істейді.

1917 жылдан бастап Алашорда өкіметінің басшылық жұмысына белсене араласады. Оның Қазан төңкерісіне дейінгі осы іс-әрекетін бетіне шіркеу ғып, есімін атамай келгеніміз белгілі. Алайда, оның ісі Республика Жоғары сотының 1958 жылғы ақпандағы шешімімен қайта қаралып, толық ақталады. Кеңес өкіметі жылдарында ол халық ағарту институтында оқытушы, Орта Азия университетінде ординатор қызметін атқарады, ал 1924 жылы Ресей академиясының Орталық өлкетану бюросының корреспондент-мүшесі болып сайланады.

1926 жылы Қазақ педагогика институтының проректоры, кейіннен педология кафедрасының меңгерушісі, профессор қызметін (1929) атқара жүріп, бұған қоса Қазақ АССР Денсаулық сақтау халық комиссариатында жоспарлау-ұйымдастыру басқармасының меңгерушісі болып істейді. Сол жылдары ұлттық мектептердің жаңа жүйесін құруға, қазақ тіліндегі ғылыми терминология жасау ісіне, ұлт тілінде журнал шығаруға белсене кірісіеді. Тарих, әдебиет, тіл, ғылымдарына қатысты іргелі проблемалармен («Қазақ халық әдебиеті», «Қазақ –қырғыз тіліндегі сингармонизм заңы», «Кенесары-Наурызбай», «Тайманұлы Исатайдың қозғалысы туралы қысқаша мағлұмат», т.б.) айналысады. Осы жылдары оның қаламынан «Адамның тән тірлігі» (1927), «Сүйектілер туралы» (1928), «Жануарлар» (1928) атты еңбектер туындайды. Х.Досмұхамедов еңбеткерінде психологияның төңірегінде айтқан сындарлы пікірлер жиі кездеседі. Мәселен, оның 1925 жылы жазған «Аламан» атты мақаласынан этнопсихологияға қатысты бірсырдырғы ғылыми түйіндерді аңғару қиын емес.

Ол бұрынғы қазақ елінде «аламандық» деп аталатын ешкімге бағына қоймайтын, бәсекешіл топтың жиі кездесетіндігін сөз етеді. Қазіргі ғылым тілімен айтсақ-бұл бір-бірімен келісімге келе бермейтін бейресми топ.

Автор түсінігінде аламандық ру менмендігінің бір сипаты. Аламандық қазақ мінезінің анадайдан бадырайып, бесенеден байқалып тұратын көрінісі. Бұл жеке адамға да, сондай-ақ топтарға тән құбылыс. Х.Досмұхамедовтың аламандықты ру психологиясының ерекшеліктерінен туындайды деуі өте орынды. Ғылымда ру (род), тайпа ( племя), халық (народ), ұлт (нация) ұғымдарының спихологиялық ерекшеліктері екені көптеп айтылып жүр. Бұл жөнінде психологтар мен философтардың, этнографтар мен антропологтар да көзқарастары бір-біріне тоқайласып жатады. Ру-гендік ерекшеліктеріне, туыстық қарым-қатынастарына орай бірлескен аталас, ауылдас адамдардың тобы. Бұрыңғы кезде бір рулы ел жекелеген территорияны,бір ауылды мекендеген. Оның басында сол ауылға, елге беделді, сөзін жұртқа ре басшылығына беделді ата-аналар да енген. Ру - бұл тарихи-этнографиялық ұғым. Қазақ тарихындағы рулық болмысты ғылым жоққа шығармайды. Қазақ халқы өзінің саяси-экономикалық, тарихи-географиялық жағдайына қарай ХV ғасырдан бермей қарай үш жүзге бөлініп келеді. Бұлардың әрқайсысында ірі-ірі елуден астам ру-тайпалар тағы бар. Олардың әрқайсысының көсемдері (ру басы), өзіндік рәміздері (таңбалары) болғандығы да тарихтан мәлім. Ал рушылдықы деген тағлымның психологиялық астары басқаша. Егер ру белгілі жүздің, аймақтың, территория жағынан отандасқан, қауымдастық біірлігі болса, рушылдық – бұл объективтік жағдайларды ескіртпей, субъективті факторларды, яғни жеке бір рудың ғана мүддесін көздейді, соның тыныс тіршілігін есепке алып отыратын құбылыс. Еуропа елдеріне қарағанда Азия халықтарында рушылдық құбылыстың жиі кездесетіні байқалады. Өйткені рулық психологияның өріс алуына, кейбір қоғамдық мәнді факторлардың кенжелеп дамуы, бытыраңқылықтың зардаптары, бір орталыққа бағынған біртұтас мемлекеттің болмауы, т.б. осындай факторлар әсер етеді.

Автордың халықтың тіршілік салты, жаугершілік мінезі, орталықтанған мемлекеттік құрылыстың болмауы қазақ даласына аламандықты алып келді деген қағидасы ғылымилығы жағынан дәлелді. Сондай-ақ оның сананы салт туғызады», «ақсақалшылдық – рудың ақылгөйі, басшысы» деген пікірлері де көкейге қонымды түйіндер. Оның қазақ қоғамының саяси-әлеуметтік жағдайының өзгеруімен әлеуметтік мінезі де, аламандының мән-мағынасы да өзгеріп отырады дейтін қисыны, бұлармен қатар «әлеуметшілік» дейтін ұғымға берген анықтамасы да, «аламандық бар жерде әлеуметшілік бола алмайды, әлеуметшіліксіз қазақта ұлт тіршілігі, ұлт мемлекеті болуы мүмкін емес» деуі де ғылымилығы жағынан терең тұжырым.

Халелдің психологиясының әр жақты мәселелеріне байланысты айтқан басқа пікірлері де мазмұны жағынан терең. «Адамның табиғаттағы бір мінезі, - дейді ол, - ойын-сауық қылып қызықтап кетуі. Ойнамайтын адам жоқ. Күлмеген адам – адам емес. Салтымызға , тұрмысымызға қарай түзелуге елімізде көп ойындар бар. Бұларды менсінбей ұмытып барамыз. Бұл жарамайды. Біздің кейбір ойындарымызға Еуропа таңданарлық». Ол тілмен қатар әдебиетіміздің де ұлт психологиясының айнасы екендігіне көңіл аударады. «Халықтың құлқы, мінезі, ойы – дейді автор өз пікірін әрмен қарай жалғасытырып, заманындағы әдебиетінен білінеді... Әдебиет - халықтың түрлі қимылдарының айнасы... Осы әдебиетті тексеріп отырсақ қазақтың өткендегі құлқы, мінезі, заманындағы күйініші, сүйініші арасында болған түрлі әлеуметтік қимылдары анық сезіледі... Бұрынғы әдебиетпен танысқанда қазақтың бойына біткен мінездің бірнеше түрі орасан адырайып тұр».

Ғұлама ғалымның психологиялық тұрғыдан ерекше назар аудартар ендігі бір түйіні – ұлттық психологияның қалыптасуына қоғамдық ортаның, әсіресе ондағы әлеуметтік тәрбиенің ықпалы жайлы мәселе. «Ұлт мемлекетін жасап, - деп жазады ол, - қазақ арасынан әлеуметшілікті туғызамыз деген дәуірде тұрмыз. Жаңа әлеуметішілкіті тура жолмен жасау үшін елдің бұрынғы, соңғы әлеумет мінездерін тексеру керек... Әлеуметшіліксіз қазақта ұлт тіршілігі, ұлт мемлекеті болуға мүмкін емес. Қазақ әлеуметішілігінің өткенін жөндеп түсініп, кәзіргі қалпын анық көріп, кемісін болжай білу ... – оқыған зиялылардың міндеті... Оңды әлеуметішілік құру үшін елдің өткен-кеткен тұрмысын, бұрынғы болған әлеумет қимылдарын тану керек». Бұл түйіндерден оның ұлт (этнос) психологиясының іргелі мәселелеріне ерекше көңіл аударғанын байқаймыз. Оның физиология мен психологияның көптеген терминдік атауларын төл тілімізде сонау жиырмасыншы жылдардың өзінде-ақ іріктеп, құрастырғаны белгілі болып отыр. Мәселен, оның жүйке жүйесі , «жүйке талы» , жүйке орталығы , «жүйке түйіні» , «ерік» , «сана» , «мишық» , «қозу» , т.б. осы іспеттес көптеген ғылыми атаулары күні бүгінге дейін өзгеріске түспей қолданылып келеді.

Х.Досмұхамедұлы тіл, сөйлеу – адам психологиясының басты белгілерінің бірі екендігін ерекше атап өтеді. «Тіл-жұрттың жаны. Өз тілін өзі білмеген ел болмайды. Тілінен айырылған жұрт – жойылған жұрт. Мектеп пен баспаның тілі дұрыс болса, елдің тілін көркейтіп, байытып, гүлдендіреді, мектеп пен баспада қолданудан қалған тіл – шатасқан тіл. Ол ел – сорлы ел, мұндай елдің тілі бұзылмай қалмайды... Ана тілін білмей тұрып, бөтенше жақсы сөйлесең – ол күйініш. Ана тілін жақсы біліп тұрып, бөтенше жақсы сөйлеу – бұл сүйініш. Өз тілін білмей тұрып жат тілге еліктей беруі зор қате».

Х.Досмұхамедовтың психология ғылымдарына қатысты басқа да әр түрлі ой-толғаныстары толып жатқанын жоғарыда айттық. Бұлардың бәрі-бәрін ғылыми талдауға алу – арнаулы зерттеуді қажет етеді.




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   12




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет