Жюль верн. Он бес жасар капитан



Pdf көрінісі
бет6/41
Дата19.05.2022
өлшемі4,71 Mb.
#144105
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   41
Байланысты:
Он-бес-жасар-капитан
Теңдеу 25,01, 1. Қысқаша көбейту формулаларының көмегімен өрнект (1), Ерімбет Әлібек 1, Алгебра 1-тоқсан 10-сынып ЖМБ (1), 13 Презентация13 (1) сонгы, Суюнхан Ж
Алтыншы тарау


КӨКЖИЕКТЕН КӨРІНГЕН
КИТ
Дингоның адам таңқаларлық қылығы капитан Гульдің, миссис
Уэлдонның жəне Диктің кеме кормосындағы əңгімелеріне əлденеше
рет тақырып болғанын аңғару қиын емес. Кеме аспазының мінезі
əзірге бұрынғысындай қалтқысыз бола тұра, жас матрос іштей
Негороға сенімсіз қарады.
Бақтағы команда бөлмесінде болған əңгімеде, оқи білетін иттердің
арасында Динго білімдірек, тіпті кейбір жаман-жəутік матростардан
жақсырақ жаза алады деген сөздер айтылды. Егер ол əзір адамша
сөйлемесе, оның құпия сырды сақтай тұруға байланысты бірер себебі
бар шығар.
— Бір сəтті күні,— деп шешенси кетті рульші Болтон, — бұл
төбеттің маған келіп: «Болтон, біз бүгін қай жаққа қарай бет алып бара
жатырмыз? Норд-вестке
31 
ме, болмаса вест-полунордқа ма?» деп
сұрағанын əлі-ақ көрерсіздер. Əрине, сонда мен оған жауап
қайырамын ғой.
— Тіл білетін хайуандар аз емес,—деді екінші матрос,— мысалы,
сауысқандар, тотылар!.. Олар сөйлей білгенде, ит неге сөйлемеске?
Ауызбен сөйлеуден гөрі, тұмсықпен сөйлеу анағұрлым қиынырақ
болар.
— Дұрыс қой,— деді боцман Говик,— дегенмен, адамша сөйлейтін
ит ешқашан болған емес.
Дүниеде адамша сөйлей алатын ит бар екенін «Пилигрим»
командасы білсе, қайран қалар еді. Бір дотчан ғалымның жиырма сөзді
анық айта алатын иті болыпты. Бірақ иттің сөзі мен мағыналы сөздің
арасы жер мен көктей алшақ жатыр. Дотчан ғалымның итінің үн


шығаратын мүшесі, дауысты анық шығара алатын болып ерекше
жаралған. Бірақ ол ит айтылған сөздің мазмұнына, тотыдан немесе
шықылдақ торғайдан артық түсінбеген. Сөйлей білетін хайуандар үшін
бұл сөздер əн мен айқайдың бір түрі сияқты.
Қанша айтқанмен, əйтеуір «Пилигрим» бортында Динго ең қадірлі
хайуан болды. Иттің осы ерекшелікті мақтан етіп мардамсымағанын
айта кету керек. Капитан Гуль ағаш текшелерді иттің алдына бірнеше
қайтара жайып тастап байқау жасады, бірақ Динго жаңылып не
болмаса қобалжымастан «С» мен «В» əрпінің таңбасы салынған
текшені ғана ала берді. Алфавиттің басқа əріптеріне қараған да жоқ.
Капитан Гуль осы тəжірибесін Бенедикт ағайдың алдында бірнеше
рет қайталап жасады. Бірақ ғалымның бар ықыласы жəндікте болып,
Дингоның қылығына ешқандай қызықпады.
Бұл сияқты қабілеттілік тек итке ғана тəн деп ойлауға болмайды,—
деді: ол бір күні.— Басқа да толып жатқан ақылды хайуандар бар.
Бірақ олар да ит сияқты, ішкі сезімге бағынады. Дегенмен, кеменің
апатқа ұшырап талқаны шығатынын алдын ала сезіп кемеден қашатын
егеуқұйрықты мысалға алсақ та болады. Құндызды еске түсіріңіз, олар
өзен суы көтерілер алдында өздерінің бөгеттерін биіктетіп алады,
есектің қатері деген қатер тіптен тамаша; өлген иесін жоқтап, соның
қайғысынан ақырында өзі де өлген атты да айта кетуге болады.
Үйретілген кұстың үйретушісіне ілесіп бір сөйлем сөз сөйлегені де
белгілі. Біз бір бөлмедегі қонақтың есебін дəл санап шығаратын
тотыны да білеміз, оның бұл данышпандығын астраномия
обсерваториясының есепшісі де күндер еді. Құмырсқалар үлкен
қалаларымыздың құрылысшыларын үйрете алады. Мен титімдей ғана
жəндіктердің де ақыл-сезімінің өрістегеніне шексіз мақтанамын. Бір
кардиналдың (католик дінбасыларының бірі) тотысы туралы əңгіме
бар, ол тоты бүкіл дұғаны мүдірмей қатарынан оқып шығатын
болыпты; тоты бұл еңбегі үшін жылына жүз алтын ақша алып
тұрыпты деседі. Физика заңын білмейтін су өрмекшісі су түбіне ау
күмбезін орнатады, бүргелер желгіш ат сияқты арба сүйрейді, олар
сапта тұрып жаттығу ісін карабинерлерден кем орындамайды, олардың
зеңбірек атуы, Вест-Пойнтты
32 
бітіріп диплом алған зеңбірекшілерден


ешбір кем емес. Жоқ, Динго сіздердің мақтауларыңызға лайық емес.
Ал енді ол əліппеге жетік болса, онысы өз еңбегі боп табылмайды, бұл
əлі де біз білмеген «сayатты иттер» тұқымынан шыққан болуы
ықтимал.
Бірақ, көпшілік пікірінше, күншіл энтомологтың бұл сияқты
сөздері Дингоның беделін ешбір кеміте алмады, ол туралы жəне иттер
дүниесіндегі адам таң қаларлық уақиғалар жайындағы əңгімелер бақта
бұрынғысынша өтіп жатты.
Итті мақтаған қызу əңгімеге жалғыз-ақ Негоро қатысқан жоқ. Əлде
ол оны өте-мөте ақылды деп ойлайтын болар.
Дингоның кеме аспазына деген өштігі өзгерместен бұрынғы
күйінше қала берді. Егер Динго, біріншіден, өзін өзі қорғауға
қабілетсіз ит болса, екіншіден, оны бүкіл экипаж жақсы көріп
қадірлемесе, Негоро Дингоның сыбағасын берер де еді.
Негоро енді бұрынғыдай емес, Дингоның көзінен аулақ жүретін
болды. Текше алфавитінен кейін адам мен иттің арасындағы
өшпенділік өршіп бара жатқанын Диктің байқауына, Негороның бұл
қашқалақтауы кедергі бола алмады. Ол екеуінің арасындағы бұл
сияқты өшпенділік мүлдем түсініксіз мəселе еді.
Адамдарды мезі қылып, «Пилигримді» бір орыннан тапжылдырмай
февральдың онына дейін созылған тымырсық, солтүстік-шығыстан
қарсы соққан желге ауысты. Бірақ сол күні норд-осттың желі
бірсыпыра бəсеңдей түсті, енді капитан Гуль тез арада жел ыңғайы
ауысады деп үміттене бастаған-ды. Солтүстік-батыстан жел соқса,
кеме желкендерін түгел көтеруге мүмкіндік болады, капитанның
үміттенгені де осы еді. «Пилигримнің» Окленд портынан шыққанына
небəрі он тоғыз күн. Кідіріс көп емес, жел ыңғай соқса, жақсы
жабдықталған кеме, бос өткен күндердің есесін оп-оңай толтырар еді.
Бірақ жел əлі ауысқан жоқ. Мұны бірнеше күн күту керек болды.
Мұхит беті бұрынғысындай құлазыған күйі. Оңтүстік полюс
теңіздерінде кит аулап жүрген аушылар елдеріне қайтуды əлі ойлаған
да жоқ. Сондықтан да, ерекше жағдайдың қысымымен кит аулау


кəсібін уақытынан бұрын тоқтатып, аушылық орнын тастап кеткен
«Пилигрим», тропикке қарай Козерогқа бара жатқан бірер кеме
кездесер деп үміттенген.
Жоғарыда айтылып өткен Америка мен Австралия арасында
қатынап тұратын трансокеандық пакетботтар өте төмен ендікпен
жүретін-ді.
Алайда теңіз беті иесіз жатқан кездерде айнала төңіректі шолмай
бейқам отыруға болмайды. Теңіз беті ілтипатсыз теңізшіге біркелкі
өзгеріссіз көрінгенмен, нағыз теңізші оның құбылып, алуан түске еніп
тұрғанын көре алады.
Теңіздің көз тойғысыз көркем көрінісі, теңіз сүйетін адамдарды
рақатқа бөлейді. Міне, бір уыс теңіз шөбі қалқып келеді, ұзын-ұзын
теңіз өсімдігінің теңіз бетінде болмашы ғана ізі қалып барады; ана бір
жақта тақтай сынығы көрінеді; ол сынықта не-не қызық жұмбақты
жағдайлар болуы мүмкін. Осынау шексіз көк айдын адам қиялына
қаншама азық десеңізші! Бірде бу болып бұлтқа ұшып, бірде жаңбыр
болып теңізге құйған осы бір су тамшыларының əрқайсысында əлдене
бір апаттың құпия сыры жоқ деймісіз!
Мұхиттың құпия сырын алдыңа жайып сала білетін адамдардың
сол бір алғыр ақылы жан сүйсінерлік нəрсе-ау!
Судың бетінде де, түбінде де — қайда қарасаң да қайнаған өмір.
«Пилигрим» жолаушылары, қыс болып суық түсер қарсаңында поляр
жақтан қайтып бара жатқан құстардың ұсақ балықтарды аулап
жүргенін тамашалап келе жатты. Дик Сэнд аңшы мылтығына да, алты
атарға да — екеуіне бірдей мерген болатын: жас жігіт ұшып бара
жатқан құстардың бірнешеуін атып түсірді.
Ақ дауылпаздар аспанда қалықтап айналып жүр. Сонау шырқау
биікте, аспан айдынына шарықтай өрлеп, алып шағалалар қалықтайды.
Судан алатын азығын көргенде, біресе ол жағына, біресе бұл жағына
төңкеріліп, төмен қарай құйылғаны-ақ тамаша! Балықты іліп алған
кейбір алып шағалалар, толқын жалын жалай ұшып, аспандайды.


Теңіз бетінің осылай үздіксіз құбылуы кереметтей көркем көрініс.
Тек табиғат құбылысына немқұрайды салқын қарайтын кейбір
адамдарға ғана теңіздің бірқалыпты көрінуі ықтимал.
Февральдың оны күні миссис Уэлдон «Пилигрим» палубасында
серуендеп жүріп, теңіз бетінің кенет қызғылт тартып бара жатқанын
байқап қалды. Су қанмен боялған тəрізді боп көрінді. Осы жұмбақ
қызыл алқап көз жетерлік жерге тегіс жайылған.
Миссис Уэлдон, палубада кішкентай Джекпен ойнап жүрген Дикке
қарап:
— Дик, ана қарашы, теңіз беті нендей ғажап. Мына қызыл бояу
қайдан пайда бола қалды? Бұл əлде бір түрлі теңіз шөбі болар ма? —
деді.
— Жоқ, миссис Уэлдон,— деді бала жігіт,— теңіз суын бояп тұрған
миллиондаған құмдай ұсақ шаяндар, бұл жəндіктер теңіздің сүт
қоректі алып хайуандарының азығы. Балықшылар бұларды «кит
көжесі» дейді.
— Ұсақ шаяндар! — деді миссис Уэлдон таңданып.— Тіптен
құртымдай екен, өздерін теңіз жəндіктері десе де болады! Бенедикт
ағай бұларды коллекциясына қуана-қуана қосатын болар.
Сөйдеді де, миссис Уэлдон айқайлап Бенедикт ағайды шақырды.
— Бенедикт ағай, мұнда келіңізші...
Бенедикт ағай мен капитан Гуль каюталарынан қатар шықты.
Бенедикт ағай, ана қараңызшы! Теңіз бетіндегі құжынаған қызыл
дақты көресіз бе? — деп сұрады миссис Уэлдон.
— Ие, көрдім,— деп дауыстады капитан Гуль.— Кит көжесі ғой!
Мінеки, Бенедикт мырза, шаянсымақтарды зерттейтін болсаңыз, өте
қолайлы жағдайыңыз келді.
— Түк те емес! — деді энтомолог.


— Түк емесі қалай? — деп таңданды капитан.—Бұларға сіздің
көңіл бөлмей, немқұрайды қарауға хақыңыз жоқ! Егер жаңылмасам,
бұл шаянсымақтар — буынды жəндіктер тобына қосылады, жəне сапа
жағынан да...
— Түк те емес! — деді Бенедикт ағай басын шайқай түсіп.
— Япырай! Энтомологтың бұл сияқты немқұрайдылығы...
— Капитан Гуль,— деп Бенедикт ағай оның сөзін бөлді,— сіз менің
жəндік зерттеуші екенімді ұмытпаңыз.
— Демек, Бенедикт мырза, сіз бұл шаянсымақтарға қызықпайтын
болдыңыз ғой? Егер сіздің кит құрсағындай құрсағыңыз болса, мына
тойға қандай қуанар едіңіз! Миссис Уэлдон, біздер кит аулаушылар
теңізде жүріп бұл сияқты шаянсымақтарға кездесе қалса, гарпун мен
қайықтарымызды əзірлеп қоюға асығатынбыз. Мұндай жағдай
ұшырасса, олжаның жуық екеніне күмəнданбауға болады...
— Бірақ мына құртымдай ғана шаянсымақтарға кемедей үлкен кит
тоя қоя ма? — деп сұрады Джек.
— Ей, балапаным, мұның таңданарлық несі бар? — деді капитан
Гуль.— Астың ең дəмдісін жарма мен майда тартылған ұннан пісіреді
ғой. Киттер бұл сияқты шаянсымақтар тобына кезіге қалса, мұны оның
үшін жаюлы тұрған дастарқан дей бер. Оның кеңірдегінен келгенше
көжеге тоюы үшін тек қана аузын ашса, болғаны. Мың-мыңдаған
шаянсымақтарды асап алады да аузын жабады. Оның таңдайындағы
щетка сияқтанып салбырап тұрған «кит мұрты» деп аталатын мүйіз
талшықтар сүзекі болып балықшы ауының міндетін атқарады. Сөйтіп,
оның аузына түскен шаянсымақтар құтылып кете алмайды, сенің
жұтқан көжең қарныңа қарай қалай жылжыса, мың-мыңдаған
шаянсымақтар да киттің орасан кең құрсағына солай жылжи береді.
— Джек, сен кит мырзаның шаянсымақтарды бір-бірлеп қабығын
аршып уақыт оздырмайтынын біліп қой! — деп үстеді Дик.


— Алып мешкей көжемен жеңсігін басып жатқан кезде,— деп
капитан Гуль сөзін жайғастыра берді,—оны шошытпастан кеменің
мүлдем таяу барып қалуы да ықтимал. Кит аулаушылар осындай
жағдаймен...
Осы сəтте, капитан Гульдің сөзін қостағандай, вахтада тұрған
матрос айқайлап жіберді:
— Кит! Алдыңғы жағымызда, сол жақ бортқа таман!
Капитан Гуль ұшып тұра келді де:
— Кит! — деп айқайлады. Ол кенет аңшылық делебесі қозып,
тұмсыққа қарай тұра жүгірді.
Оның соңынан миссис Уэлдон, Джек, Дик Сэнд, Бенедикт ағай да
бара жатыр.
Төрт миль шамасы ық жақта теңіз беті қайнап жатқан тəрізді.
Тəжірибелі кит аңшысы қателеспепті: теңіздің сүт қоректі алып
хайуаны шаянсымақтар тобының арасында жылжып жүр екен. Бұл
хайуанның қай түрлі кит екендігін анықтауға екі ара орасан алшақ еді.
Бұл, бəлкім, солтүстік теңізде жүретін аңшылардың көбірек
аулайтын нағыз киттерінің бір түрі болар? Нағыз китте арқа қанат
болмайды. Олардың жарғақ қанаты тым жалпақ та, кесіп алғандай
моп-молтақ, ал мүйіз талшықтары— кит мұрты — аса ұзын да көп
болады. Əйтсе де нағыз киттің ұзындығы он екі метрден он алты
метрге шейін келеді, некен-саяқ жиырма метрге жететіндері де, тіптен
одан артық келетіндері кездеседі, тері астындағы май қабаты жарты
метрге жетеді. Бұл сияқты алып киттің бір өзінен ғана үш жүз
гектолитрге тарта май алуға болады.
Бұл əлде жолақ жон немесе бүкіш кит болар? Бүкіш киттің бауыр
ескегі ұзын, қанат сияқты болады, ұзындығы үш метрге таяу. Бүкіш
киттер, киттің ішіндегі ең жуаны да ебедейсіз, ең ойыншылы болады:
ол дəйімі су бетіне ыршып шыға береді.


Мына көрінген кит ірі жолақжон болуы да ықтимал. Жолақжондар
ірілік жағынан нағыз киттерден қалыспайды, салмағы да бір мың екі
жүз центнерге жуық.
Əзірге бұл көрінген қай тұқымды кит екенін ажыратудың
мүмкіндігі болмады.
Капитан Гульдің өзі жəне «Пилигримнің» бүкіл экипажы сүт
қоректі хайуандарға сұқтана қараумен болды.
Егер сағат шебері əлдеқалай басқа бір бөлмеде ілулі тұрған сағатты
көрсе, оған сағаттың бұрауы таусылған, бұрау керек сияқты көрінеді,
ал енді кит аулайтын аңшы теңіз бетінде жатқан китті көрсе қайтер
еді? Ұсақ аң аулаушыларға қарағанда, ірі аң аулайтын аңшылар, өз
кəсібіне көбірек көңіл бөледі деседі. Егер ірі аңның желігі де күшті
болса, онда піл мен кит аулаушылар қайтпек?
«Пилигрим» 
экипажы 
кеменің 
жүгін 
толтырмай 
елге
қайтқандарына наразы еді, өйткені бұл жағдай матростардың табысын
азайтқан-ды.
Капитан Гуль теңіз бетіне қараумен болды. Кит əлі алыста, көмескі
көрінеді, бірақ танау тесігінен шаншылып аспанға атылған суға қарап,
оның қай түрлі кит екенін шамалауға болатын еді.
— Бұл нағыз кит емес! — деді капитан Гуль.— Нағыз киттің
фонтанынан мынаның фонтаны биігірек. Бүкіш те емес! Фонтанның
шуылы, алыстан естілген зеңбірек гүріліндей боп шықса, бүкіш екен
дей бер. Мына киттің шуылы мүлдем өзгеше. Дик, сен бұған қалай
дейсің? — деді капитан Гуль бала жігітке қарап.
— Мен мұны жолақжон кит болар деймін,— деп жауап қатты Дик
Сэнд.— Фонтанының күштісін қараңызшы. Егер жаңылмасам, бұл
ерекшелік тек жолақжон киттерге ғана тəн?
— Дұрыс айтасың, Дик! — деді капитан Гуль.— Ана қызыл судың
ішінде жүзіп жүрген жолақжон екендігінде күмəн жоқ.


— Қандай тамаша! — деп айқайлады кішкентай Джек.
— Ие, балақайым, ол алып хайуан жайбарақат көжесін сылқытып
жүр, тіптен өзін кит аулаушылардың бақылап тұрғанын да сезер емес!
— Меніңше,— деді Дик Сэнд салмақты пішінмен,— бұл
жолақжонның ең ірісі болса керек.
— Күмəн жоқ! — деп жауап қатты капитан Гуль көзі жайнап.—
Оның ұзындығы кем дегенде жиырма екі—жиырма үш метр.
— Тамаша! — деді боцман.— Осындай киттің алтауы болса,
«Пилигримнің» жүгі жетіп жатыр.
— Ие...— деп күрсінді капитан Гуль.
Китті анықтап көру үшін бушпритке шықты ол.
— Егер біз осы китті соғып алсақ,— деп боцман оның сөзін
жалғады,— бос тұрған кеспектердің кем дегенде жарымын майға
толтырар едік-ау...
— Ие... шынында да... не! — деп күбірледі капитан Гуль.
— Бұл, ақиқат,— деді Дик Сэнд,— бірақ бұл алып жолақжонға
шабуыл жасау — қауіпсіз де емес, қиын. Жолақжонның құйрығы
сұмдық күшті болады, бұған сақтанып бару керек. Ең мықты деген
қайықты, мұндай жолақжонның құйрығы бір соққаннан қалдырмай
быт-шыт қылады. Бірақ бұл еңбекке тұрарлық олжа.
— Бұл жолақжон бізге аз олжа емес!— деді матростардың бірі.
— Бұл жолақжонмен тілдеспей өтіп кете берудің өзі өкінішті! —
деп даурықты үшіншісі.
Осы жолақжонды аулауға бүкіл команданың көңілі кетті. Су
бетінде жүзіп жүрген денеде жүз кеспек май бар. Тек кеспектердің
аузын тосса болғаны — май өзінен-өзі сорғалап құйылғалы тұр.


Матростар бизан-мачтаның рейіне шығып, киттің əрбір қимылына
сұқтана қарасып тұрды.
Капитан Гуль үндеген жоқ. Ойланып тырнағын тістей берді.
Мына жолақжон, аса қуатты магнит сияқты, бүкіл экипажымен
«Пилигримді» өзіне қарай тартты.
— Мама! Мама! — деп кішкентай Джек кенет айқайлап жіберді.—
Киттің түрін көргім келеді!
— Ах, балақайым, китті жақыннан көргің келді ме? Несі бар, сенің
құмарыңды неге қандырмасқа? Рас емес пе, достарым? — деп капитан
Гуль матростарға қарады, ол аңшылық желігімен бұдан былай қарыса
алмады.— Бізде адам кемістеу... Дегенмен, қайтсек те амалдармыз
деймін...
— Амалдаймыз, амалдаймыз! — деп матростар бір дауыспен
айқайлап жіберді.
— Мен гарпуншылық міндетін бірінші рет атқарғалы тұрғаным
жоқ, ұмытып қалмадым ба екен, байқап көрейін...
— Ура! Ура! Ура! —деп экипаж бір ауыздан жауап қайырды.


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   41




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет