Сегізінші тарау
ЖОЛАҚЖОН КИТ
Капитан Гуль кит аулау ісінде тəжірибесі мол аңшы еді, ол осы
жолғы сапарын қайырлы болады деп болжаған жоқ. Жолақжон китті
аулау — оңай емес, сақтану шараларының нендей түрі болса да артық
емес. Капитан Гуль керекті шаралардың бірде-бірін қалдырмай түгел
қамтитын-ды.
Ең алдымен ол рульшіге, китке ық жағынан бар деп бұйырды,
ондағы ойы, аңшының жақындағанын кит сезбесін деген.
Говик қайықты кит жүзіп жүрген қызыл алаңның жиегін орай
жүргізді. Сөйтіп, жел жақтағы аңшылар енді киттің ық жағына өтулері
керек болды.
Боцман, тəжірибесі мол қарт теңізші жəне ерекше салқын қанды
адам еді. Капитан Гуль рульшіге толық сенуге болатынын білетін-ді.
Өйткені ол шешуші кезеңдерде асып-саспай, жəне керекті маневрді тез
де дəл орындайтын.
- Говик! — деді капитан Гуль.— Жолақжонды абайсызда бас салып
көрейік. Гарпун атуға болатын шамаға білдірмей жетуге тырысып бақ.
- Құп болады, капитан! — деді Говик.— Егер қызыл алаңды
жиектей жүрсек, өнебойы желге қарсы жүземіз.
- Дұрыс! — деді капитан.
Матростарға қарап:
- Жігіттер, шалпылдатпай есіңдер!—деп үстеді ол. Ескектер суға
ақырын ғана сүңги берді.
Боцман қайықты шебер басқара отырып, шаянсымақтардың қызыл
алаңына жеткізді. Оң жақтағы ескек əлі де болса көгілдір тартқан
мөлдір суға батып келе жатқанда, сол жақ ескектен қан сияқты
қызғылт сұйықша тамып жатты.
— Əрі шарап, əрі су,— деді матростардың біреуі.
— Ие,— деп жауап қатты капитан Гуль,— бірақ бұл су болып
сусыныңды қандырмайды, шарап болып мас қылмайды! Қане,
достарым, енді əңгімені доғарыңдар!
Қайықтың жылжуы, май бетінде жүзгендей, шылп етіп дыбыс
шықпайды. Жолақжонда да түк қимыл жоқ, келе жатқан кішкене
қайықты елемеген сияқты.
Қайықтың алыстан орағытып, иін жасай «Пилигримнен» ұзап
кеткенін жоғарыда айтып өттік. Ескектер сілтенген сайын, кеменің
қарасы кішірейген үстіне кішірейе берді.
Теңіз бетіндегі заттардың бəрі ұзаған сайын əдеттегі көлемінен
бірте-бірте кішірейіп көрінеді. Бұл көрініс, төңкеріп көрсететін подзор
дүрбіден қараған сияқты, адамға бір түрлі əсер береді. Бұл сияқты көз
алдану ұшы-қиыры жоқ шалқып жатқан теңіз бетіндегі алыстап бара
жатқан заттың көлемін ешбір затпен салыстыруға болмайтындығын
дəлелдейді.
Қазірде де дəл осы жағдай еді. «Пилигримнің» қарасы минут сайын
кішірейе берді, қайықтағыларға, «Пилигрим» қалған жерінен
анағұрлым алыста тұрған сияқты боп көрінді.
Капитан Гуль мен оның жолдастары кемеден кеткен соң, жарты
сағаттан кейін, қайық китті айналып өтті. Кит енді «Пилигрим» мен
қайықтың арасында, жел жақта тұр. Жолақжонға жақындай түсетін
мезгіл жетті. Бірақ дыбыс шығармай бару керек. Кит аулаушылар
кейде тақалып барып гарпунды тіптен жақыннан ататын уақыттары да
болады.
— Жігіттер, ақырын!— деп капитан Гуль ескекшілерге сыбырлап
қана команда берді.
— Мына балық əлденені сезген сияқты-ау деймін,—деді Говик.—
Оның нақ, қазіргі дем алған шуылы, бұрынғысындай емес.
— Ақырын! Ақырын! — деп қайталады капитан Гуль.
Бес минуттан соң аңшылар мен киттің арасы болғаны бір-ақ
кабельтов қалды.
Боцман Говик кормода тік тұрған күйі, қайықты киттің сол жақ
бүйіріне қарай туралады, бірақ оның қатерлі құйрығынан біршама
қашық болуға тырысты.
Капитан Гуль қайықтың тұмсығында тұрып, құлап кетпеу үшін
аяғын алшағырақ тіреп, қолына гарпун алды.
Бес шумақ сым арқанның бір шумағы капитанның жанындағы ағаш
шелекте жатыр, арқанның бір ұшы гарпун сабына нық байланған. Егер
кит тереңге сүңгитін болса, арқандарды бірінен соң бірін кідіріссіз
жалғай беру үшін, қалған төрт шумақ арқан да аяғының астында,
оңайда жатқан.
— Əзірленіңдер! — деп сыбырлады капитан.
— Құп болады, капитан! — деді Говик, руль-ескекті тірей ұстап.
— Жақында!
Боцман, капитанның айтқанын орындап, қайықты жолақжонға
қапталдата түсті. Қайық пен киттің арасы енді он-ақ фут.
Кит қозғалған жоқ, ұйықтап жатыр екен. Китті ұйықтап
жатқанында шанышқылау, аңшыға аса қолайлы болады. Кейде бір
ұрғанда-ақ киттің жұмысын бітіреді.
«Ғажап!—деп ойлады капитан Гуль.— Бұл қу ұйықтап жата қойды
ма екен... жоқ, мұнда басқа бір мəн бар!»
Бұл пікір боцман Говиктің де ойында елестеген еді, ол киттің арғы
жақ қабырғасын көруге əрекеттенді, бірақ қаншама қадалып қараса да,
көре алмай-ақ қойды!
Ойланып тұратын уақыт жоқ: əрекет ететін мезгіл жетті. Капитан
Гуль гарпунды ортан белінен ұстап жоғары көтерген күйі, көздеп
тұрып, бірнеше рет толғады да, керіле беріп, жолақжонға туралап бар
пəрменімен сілтеп кеп жіберді.
— Кейін! Кейін! —деп айқайлады капитан сол сəтте. Матростар
ескекті еңкейе сермеп, жаралы хайуанның құйрығына қайықты
соқтырмай аулақ əкетуге жанталасты.
Осы сəтте жолақжонның ұзақ уақыт қимылдамай жатуының құпия
сырын боцманның айқайы анықтады.
- Баласы бар екен ғой! — деп дауыстады Говик.
Жараланған ана кит жиырыла түсіп, ырши жөнелді. Осы сəтте
оның баласын теңізшілер де көріп қалды. Кит баласын емізіп
жатқанда, оған гарпун қадалған еді.
Киттің баласы қасында болса, оны аулау өте қауіпті екенін капитан
Гуль жақсы білетін-ді. Ана кит өзін ғана қорғай қоймай,
«кішкентайын» да қорғауы керек, сондықтан оның ызасы өрши
түсетінінде сөз жоқ; кит баласының ұзындығы алты метрден астам
келеді, олай болса, кит баласын «кішкентай» деп атауға сияр ма екен!
Əйтсе де, жағдай капитан Гульдің қауіптенгеніндей емес, керісінше
болды, жолақжон бірден қайыққа ұмтылмады, ызаланған киттен
қашып құтылу үшін, кей кездерде гарпунға байланған арқанды қиып
жібереді; бұл арада олай етудің де қажеттігі болмады.
Жолақжон бірден тереңге сүңгіп, сосын атылып үске шықты да,
пəрменімен зымырап, жүзе жөнелді. Оның соңынан баласы да ере
кетті.
Капитан Гуль мен боцман Говик кит суға сүңгігенше шамалап,
лайықты бағасын да мөлшерлеп үлгірген еді. Бұл жолақжон кит
ұзындығы жиырма бес метр шамасы келетін орасан ірі хайуан екен.
Оның сары-қоңыр терісі қарауытқан теңбілдермен шұбарланған.
Істің басы сəтті болды, ендігі жерде бұл сияқты мол олжадан бас
тартып құр алақан қалу, əрине өкінішті болар еді. Аңшылар китке
ілесіп кете берді. Ескегі көтерілген қайық толқынды сүйкей атылған
оқша зымырады. Жаралы хайуан аласұрып бір олай, бір бұлай
бұлтарса да, Говик қайықты киттің ізіне салудан жаңылмады.
Капитан Гуль олжадан көз айырмай:
— Байқа, Говик! Байқа, Говик! — деп үздіксіз айқайлаумен болды.
Бірақ, боцман оның ескертуінсіз-ақ сақтануда еді.
Қайық киттен гөрі бəсең жүзіп келе жатты, ал сым арқанның
тарқатылуы соншалықты тез, қайықтың қапталына ысылған сым арқан
өзінен өзі тұтанып жанып кете ме деп қауіптенді капитан. Сондықтан
ол арқан салынған астауға жалма-жан су толтырды.
Жолақжонның тоқтайын деген немесе жүрісін бəсеңдетейін деген
ойы жоқ сияқты. Капитан Гуль екінші арқанды жалғады. Бірақ бұл
арқан да көпке жетпей-ақ таусылды. Бес минуттан соң арқанның
үшіншісін жалғауға тура келді, о да тезінен суға батып жоқ болды.
Жолақжон судың түбіне батып, бұрынғысынша алға қарай
зымырай берді. Шамасы, гарпун оның жанды жерінен қадалмаса
керек. Арқанның төмен қарай тұңқиғанына қарағанда, кит су бетіне
шығуды ойламайтын тəрізді, керісінше, тереңдеп бара жатыр десе де
боларлық еді.
— Пері соқсын!—деп айқайлады капитан Гуль.— Мына оңбаған
арқанның бесеуін де жұтатын болды-ау!
— Бізді «Пилигримнен» алыстатып əкетті,— деп үстеді боцман
Говик.
— Дегенмен, бұл қарғыс атқан дем алу үшін су бетіне шығуы
керек,— деді капитан.— Кит балық емес қой, адамға ауа қандай керек
болса, оған да соншалықты қажет.
— Ол шапшаң жүзу үшін демін ішіне тартып барады,— деп күлді
матростардың біреуі.
Шынында да, арқанның тарқалу тездігі алғашқы қарқынынан əлі
кеміген жоқ-ты. Көп кешікпей үшінші арқанға төртінші шумақ
жалғанды.
Киттен түсетін пайдадан өзіне тиетін үлесті ойша есептеп қойған
матростар енді торыға бастады.
— Мына қарғыс атқан хайуанды-ай! — деп күбірледі капитан Гуль.
— Мұндайды өзім өз болғалы көрген емен.
Ақырында бесінші шумақ арқанды да жалғау керек болды. Бұл
арқанның жарымына жуығы тарқатылған кезде, шертіле тартылған
арқан бірден босап кетті.
— Ура!—деп айқайлады капитан Гуль.— Арқан іркіліп қалды,
демек жолақжон болдырды деген сөз!
Осы кезде қайық «Пилигримнен» бес миль қашықтап кеткен-ді.
Капитан Гуль багордың сабына вымпел байлап жоғары көтеріп,
«Пилигримге» жақында деп белгі берді.
Көз ашып жұмғанша болған жоқ, «Пилигрим» желкенінің желге
кернеліп, рейдің желге қарсы бұрылғанын байқады капитан. Дик Сэнд
бұл маневрді Томның жəне басқа негрлердің жəрдемі арқасында тез де,
дəл істеді.
Бірақ жел өте əлсіз еді, баяу ғана соққан болды да, ізінше басылып
қалды. Бұл жағдайда «Пилигримнің» қайыққа жетуі тым-ақ қиын.
Сол арада капитан Гульдің болжағанындай, жолақжон демалғалы
теңіз бетіне шықты. Бүйіріне қадалған гарпун бұрынғысынша сорайып
тұр. Жаралы хайуан су бетіне шығып бірсыпыра уақыт қимылдамай
сұлық жатты, жара ашуымен жан ұшыра қашқан уақытта қалып қойған
баласын күтіп жатса керек.
Капитан ескекшілерге есіңдер деп бұйырды, қайық көп кешікпей
жолақжонға тағы жақындады.
Капитанның бұйрығымен екі матрос ескектерін қойып, жаралы
китті шанышқылап өлтіру үшін қолдарына ұзын сапты сүңгі алды.
Говик сақтанып əзір тұрды. Бұл өте қауіпті минут еді, өйткені
киттің бұларға тап беруі ықтимал, сол сəтте қайықты қатерлі
жағдайдан тез алыстатып əкетуге дайын тұрулары керек.
- Əзірленіңдер! — деп айқайлады капитан Гуль.— Дəлдеп
көздеңдер, жігіттер, қапы жібермей ұрыңдар! Говик, сен дайынбысың?
- Мен дайынмын ғой, капитан,— деп жауап қатты боцман,— бірақ
есі кеткен сүргіннен кейін мына қарғыс атқан жолақжонның су бетінде
бөрене құсап қимылсыз жатуы мені таңдандырып тұр!
— Мен де күмəнданып тұрмын.
— Сақтану керек!
— Ие. Дегенмен, əрекет етпей, тастап кетуге болмайды ғой! Ілгері
бас!
Капитан Гульдің қаны қайнап, ызасы келді.
Қайық китке жақындады, бұрынғысынша тапжылмастан бір
орында əлі жатыр. Баласы да көрінбейді.
Жолақжон құйрық қанатын сермеп жіберіп отыз футтай ілгері
жүзіп кетті.
Ол тағы қашқалы бара жатыр ма? Ұшы-қиыры жоқ сүргін тағы
басталатын болар ма?
— Сақтаныңдар!—деп айқайлады капитан Гуль.— Жолақжон қазір
екпінімен келіп бізге шабады! Бұра бер, қайықты, Говик, бұра бер!
Шынында да, жолақжон қайыққа қарай бұрылып алды да, бар
күшін сала, қанаттарымен су сабалап, адамдарға қарай тұра ұмтылды.
Боцман, киттің келе жатқан маңдай алдын дəл байқады да бір жақ
шетке жанталаса жалтарды, екпіндеп келе жатқан кит қайыққа соқпай
өтіп кетті. Капитан Гуль мен екі матрос киттің жанай өткен кезеңін
пайдаланып, оның бүйіріне сүңгі салып үлгірді.
Жолақжон бірнеше фут ұзап барып тоқтағанда, қан аралас екі
фонтан тіп-тіке аспанға шапшып жатты, кит бұрыла салып тағы да
қайыққа қарай ұмтылды.
Ызаланған алыптың жолында тұрып ажал қармағына ілінбеу үшін
асқан ерлік керек болды. Сөйтіп, Говик қайықты китке соққызбай тағы
да бір жақ шетке қарай бұрып үлгірді.
Жолақжон қайықты жанай өткен мезетте, аңшылар оған тағы да үш
жерінен ойсырата: жара салды. Кит өзінің сұмдық күшті құйрығымен
суды пəрменінше қойып жібергенде, теңіз бетінде таудай толқын пайда
болды. Қайық аударылмай шақ қалды. Жоталанған толқын борттан
асып, ішке құйылған су қайықтың ортан белінен келді.
— Шелек əкел! Шелек! - деп айқайлады капитан.
Матростар ескекті тастай беріп, жандарын сала қайықтағы суды
төгіп жатыр. Осы арада капитан Гуль гарпунға байланған арқанды
қиып жіберді, өйткені бұдан былай арқанның пайдасы жоқ-ты, жара
ашуы жанға батып есі кеткен хайуан, бұдан былай қашуды қойған еді.
Адамдарға енді кит өз кезегімен шабуыл жасай берді, оның өлім аласы
өте үрейлі болды.
Жолақжон қайыққа қарай үшінші рет бұрылды. Бірақ ішіне су
толып ауырлаған қайық, жүрісін мандыта алмады, енді не кейін
қашуға, немесе шабуыл жасаған киттің маңдай алдынан бір жақ шетке
жалтарып кетуге мүмкіндік болмады.
Матростар қаншама күш салып ессе де, жолақжон қанатын тағы
бірнеше сермесе болғаны, қайыққа жететіні сөзсіз.
Ендігі жерде шабуылды қойып бас сауғалау керек. Капитан Гуль
бұл жағдайды жақсы ұқты.
Киттің үшінші шабуылында боцман Говик қайықты жолақжоннан
сəл алыстатуға ғана шамасы келді, бірақ алыптан құтыла алмады.
Жолақжон қайықты арқа қанатымен қағып өтті. Оның қатты соққаны
сонша, қайық, басқарып тікесінен тұрған Говик ұшып түсті.
Киттің бұл жолғы соғуы, үш найзагердің дəлдеп көздеуіне кедергі
болып, атқан сүңгілерін тигізе алмады.
— Говик! Говик! — деп айқайлады капитан Гуль, өзі аяғын зорға
басып тұрып.
— Мен мұндамын, капитан! — деп боцман жауап қатты да, жатқан
жерінен ұшып тұрып өз орнына қайта барды.
Бірақ боцманның қолындағы руль-ескек қақ ортасынан омырылып
қалған еді. Ол үндеместен қолында қалған ескектің сынығын көрсетті.
— Басқасын ал!
— Құп болады!
Осы сəтте қайық маңынан су үйірілгендей болды да, теңіз бетінде
киттің баласы көрінді.
Жолақжон баласын көре сала, оған қарай бар пəрменімен жүзе
жөнелді.
Жолақжон енді қазірден бастап баласы үшін де, өзі үшін де
арпалысуға тиіс. Ендігі арпалыс өте-мөте күшті болмақ.
Капитан «Пилигрим» жаққа көз тастап, багорге байланған
вымпелды көтеріп жанталаса бұлғай берді.
Дик Сэнд капитан Гульдің алғашқы берген белгісін көрісімен-ақ
қолынан келгенінің бəрін істеп үлгірген болатын. Бірақ аңшылардың
ажалына қарай, кеменің жүрісін тездетерлік басқа түрлі лаж жоқ. Дик
енді не істеуі керек? Тағы бір қайықты суға түсіріп, негрлердің
жəрдемімен тезінен капитанға жəрдемге жетуі керек пе? Бірақ ескек
есіп қайықпен оларға жету үшін кемінде бір сағат уақыт керек, суға
қайық түсіріп жолдастарына жəрдемге барайын десе, нендей жағдай
болса да, кемені тастап кетуші болма деп, жасөспірімнің кемеден
кетуіне капитанның өзі тиым салып кеткен.
Сонда да болса Дик Сэнд кормодағы қайықты суға түсіріп, кеменің
артына тіркеді, ондағы ойы, егер қажетті жағдай бола қалса, апатқа
ұшыраған адамдар пайдаланар деген еді.
Осы уақытта жолақжон баласын денесімен қалқалап тіп-тіке
аңшыларға қарай тағы ұмтылды.
- Сақтан, Говик! — деп капитан Гуль ақырғы рет айқайлады.
Бірақ рульші құралсыз қалған еді. Ұзын сапты руль ескектің
орнына, оның жұмсайтыны кəдімгі қысқа сапты ескек. Онымен тез
маневр жасау мүмкін емес.
Ол, қайықты бұруға əрекеттенді. Бірақ мұнысы жүзеге аспады.
Матростар өздерінің апат болатындарына көздері жетті. Барлығы
тік тұрып шулап қоя берді. Мүмкін, бұлардың дауысы
«Пилигримдегілерге» жететін де болар...
Кит құйрығының кереметтей күшпен соғылған екпіні қайықты
шүйіріп аспанға атып жіберді. Қайық үшке бөлініп, кит құйрығының
екпінімен пайда болған иірімге келіп түсті.
Матростардың бəрі жараланды, сонда да болса ол бейшаралардың
су бетінде қалқып уақытша жан сақтай тұрарлық əлдері бар-ды.
Боцман Говиктың қайық сынығына жармасып, оған капитан Гульдің
жəрдемдесіп жүргенін «Пилигримдегілер» көріп тұрды...
Бірақ, кит ақырғы рет жиырыла түсіп құйрығымен су сабалады.
Құйынша үйірілген толқын бірнеше минутқа созылып, шашыраған су
мен көбіктен басқа ешнəрсе көрінбей кетті. Дик Сэнд негрлерді
қайыққа мінгізіп апат болғандарға жəрдем еткелі жөнелді, аңшылардан
тірі қалған ешкім жоқ, су бетінде қанмен боялған қайықтың
сынықтары ғана қалқып жүрген.
34
|