Жюль верн. Он бес жасар капитан



Pdf көрінісі
бет9/41
Дата19.05.2022
өлшемі4,71 Mb.
#144105
1   ...   5   6   7   8   9   10   11   12   ...   41
Байланысты:
Он-бес-жасар-капитан
Теңдеу 25,01, 1. Қысқаша көбейту формулаларының көмегімен өрнект (1), Ерімбет Әлібек 1, Алгебра 1-тоқсан 10-сынып ЖМБ (1), 13 Презентация13 (1) сонгы, Суюнхан Ж
Тоғызыншы тарау


КАПИТАН СЭНД
Адам айтқысыз мына апат «Пилигрим» жолаушыларының есін
алып, жанын түршіктірді. Капитан Гуль мен бес матростың қазасы
жүйке құртқандай аса ауыр əсер қалдырды.
Үрейлі апатты көзбен көріп, өлім тырнағындағы жолдастарға
жəрдем ете алмаудан қиын не бар! Тіптен Диктің өзі мен жолдастары
да жаралыларды судан шығаруға жетісе алмай қалды.
Апат болған жерге «Пилигрим» жүзіп жеткен кезде капитан Гуль
мен бес матрос қайтпас сапарға кеткен еді.
Миссис Уэлдон, Бенедикт ағай жəне бес негр көз жастарын
көлдетіп құлазып жатқан теңіз бетіне тұнжырай қарасып қалды...
Жақын маңдағы құрғақ жерден мың миль шамасы қашықта, ұшы-
қиыры жоқ тынық мұхиттың қақ ортасында, капитаны мен
матростарынан айрылған кеменің ендігі тағдыры бейшаралыққа түсіп
жел мен ағыстың ойыншығы болу ғана.
Бұл жолақжонды «Пилигримге» душар еткен қандай ғана қырсық
тағдыр екен? Капитан қашан да болса алдағысын болжай жүретін сақ
адам еді, оны осы жолғы қайырсыз кəсіпке итермелеген қай зұлым
тағдыр?
Кит аулау кəсібінің тарихында, бір қайық экипажымен түгелдей
жойылып кету өте сирек кездесетін уақиға.
Қалай да капитан Гуль мен бес матростың қазасы жан түршігерлік
апат! «Пилигримнің» негізгі командасынан ешкім қалған жоқ,
айтпақшы біреуі қалған; ол, Дик Сэнд... Бірақ Дик он бес жасар
балғын жас, əлі бала ғой. Осы бала енді капитанның да, боцманның да,
бүкіл экипаждың да орнын басып бəрінің жұмысын атқаруға тиіс.


«Пилигрим» үстіндегі жұмысқа жарарлық адамдарды санасақ, тағы
бес негр бар, олар ержүрек адал адамдар болғанымен теңіз кəсібінен
түк хабарлары жоқ.
Дик Сэнд қозғалмастан палубада ұзақ тұрды. Ол екі қолын
көкірегіне айқастыра ұстап, өзінің əкесіндей жақсы көретін адамы —
капитан Гульді жұтқан суға қарады.
Сосын көкжиекті көзімен айнала бір шолып өтті. Жəрдем сұрауға,
немесе, ең болмаса миссис Уэлдонды паналатарлықтай бірер кеме
көрінер ме деп үміттенген-ді. Ол «Пилигримнен» кетуді ойлаған да
жоқ, айта көрмеңіз! Кемені жақын маңдағы бірер портқа жеткізудің
барлық амалын істейді ол. Бірақ миссис Уэлдон мен оның бөбегі басқа
кемеде болса, қауіп-қатерден аулақ жəне бұл екеуінің өмірін ойлап
Диктің мазасы кетпес еді.
Мұхит бетінде жанды қара көрінбейді. Жолақжон ғайып болғаннан
кейін «Пилигрим» маңында тек аспан мен судан басқа түк те жоқ.
Сауда кемелерінің əдеттегі жүретін жолынан «Пилигримнің»
шеткері екенін жəне жылдың бұл маусымында кит аулаушы
флоттардың бəрі оңтүстік жақта, алыста жүргендерін Дик Сэнд жақсы
білетін-ді.
Ол қауіп-қатердің бетіне тайсалмай тіке қарау керек екенін де
жақсы ұғынды.
«Енді не істеу керек?» — деп сұрады ол өзінен өзі.
Осы сəтте кеме аспазы палубаға шықты.
Негоро қырсықты аңшылықтың күллі жағдайына аса зер сала
қарады, бірақ тіс жарып бір ауыз сөз айтпады, ешқандай қимыл да
жасаған жоқ. Орны толғысыз қазаның оған қандай пікір туғызғаны
ешкімге мəлім емес.
Дик Сэнд кормода тұр еді, Негоро енді жайлап басып соған қарай
жүрді де, жасөспірімге үш қадамдай таяу барып тоқтады.


— Сіз маған бірдеңе айтайын деп пе едіңіз? — деп сұрады Дик
Сэнд.
— Жоқ, — деп аспаз жауапты салқын қайырды. —Мен капитан
Гульмен немесе боцман Говикпен сөйлесейін деп ем.
— Сіз олардың қаза тапқанын білесіз ғой,— деп айқайлады Дик.
— Енді кеменің командирі кім? — деді ол беті бүлк етпестен.
— Мен!— деді жасөспірім қобалжымастан.
— Сіз?! — деп Негоро иығын қозғап қойды.— Он бес жасар
капитан?!
— Ие, он бес жасар капитан! — деп Дик Сэнд аспазға қарай бір
аттады.
Негоро ығыса бастады.
— «Пилигримде» капитан бар,— деді миссис Уэлдон.— Ол — Дик
Сэнд. Жаңа капитанның əркімді орны-орнына қоя білетінін ұғынып
алуларың теріс болмас.
Негоро тəжім етті, сосын мыңқылдап сықақтай бірнеше ауыз сөз
айтқан болды да, камбузына тайып тұрды, оның не айтқанына ешкім
түсінген жоқ.
Сөйтіп, Дик Сэнд тəуекелге бел байлады.
Осы кезде жел де жандана бастап, кеме «кит көжесінің» қызыл
алаңын артқа салды.
Дик Сэнд желкенге қарап, сосын палубаны шолды. Жасөспірім өз
мойнына түскен жауапкерлік соншалықты зор болса да бас тартуға
хақы жоқ екенін сезді. Кемедегі барлық жолдастарының назары өзіне
ауғанын, бұл адамдарға сенуге болатынын олардың көздерінен оқып
білді, бұлар да маған сене алады деді ол өзіне өзі.


Дик өз күшін аса бағаламады. Том мен оның қасындағы төрт
негрдің жəрдемімен, қажетті жағдайға қарай желкендерді көтеріп
немесе түсіріп қоюға болады. Бірақ ол кеменің дəл қай жерде
тұрғандығын шамалауға өзінің білімі жетпейтінін мойындады.
Дик Сэнд төрт-бес жыл теңізде жүрсе, қиын да қызғылықты теңіз
мамандығын түгел үйреніп алар еді. Сол уақыттың ішінде, капитан
Гульдің күн сайын мұхиттың кеме тұрған ендігін шамалайтын сектант
құралын қалай пайдаланғанын да үйренер еді-ау. Гринвич
меридианының уақытын көрсететін хронометр
35 
капитан Гульге
бойлықты білдіретін. Күн — оның сенімді кеңесшісі болған. Ай мен
жұлдыздар: «сенің кемең пəлен жерде тұр!» — деп хабарлайтын. Оның
мүлтіксіз де, қателеспейтін алып сағатының циферблаты — аспан
əлемі де, керсеткіш тілі — жұлдыздар болатын. Бұлар кеменің жүрген
жолының мөлшерін күн сайын баяндап тұратын-ды. Астрономиялық
бақылау «Пилигримнің» тұрған жерінен баратын жерінің бір миліне
шейін дəл көрсететін-ді.
Ал Дик Сэнд кеменің тұрған жерін тек компас пен лагтың
36
көрсетуімен ғана шамалай алады.
Сөйтсе де Дик Сэнд сасқан жоқ.
Миссис Уэлдон ержүрек баланың ішкі дүниесінде болып жатқан
құбылыстың бəрін білді.
— Рақмет, Дик! — деді ол салмақты үнмен.— Капитан Гуль өлді.
Онымен бірге бүкіл экипаж да қаза тапты. Енді кеменің тағдыры сенің
қолыңда. Кемені де, біздің бəрімізді де сен құтқарады деп сенемін.
— Ие, миссис Уэлдон,— деді Дик,— мен бұл сенімді ақтауға
тырысып бағармын...
— Том да, оның жолдастары да адал адамдар. Сенің оларға толық
сенуіңе болады.
— Мен мұны білемін. Мен оларға теңіз ісін үйретемін, сөйтіп
кемені бірге басқарамыз. Ауа райы жақсы уақытта бұл оншалықты


қиын іс емес. Егер ауа райы бұзыла қалса... е, қайтуші еді, біз қолайсыз
ауаны да жеңеміз, миссис Уэлдон, сізді де, кішкентай Джекті де,
басқаларды да құтқарамыз! Мұны жүзеге асыруға күшім жетеді деп
сенемін!
— Сен қазір «Пилигримнің» қай жерде екенін білесің бе?— деп
сұрады миссис. Уэлдон.
— О, мұны білу оп-оңай,— деді Дик.— Картаны қарасақ болғаны:
кеше капитан Гуль біздің тұрған жерімізді картадан белгілеп жатқан.
— Баратын жағымызға кемені алып бара аласың ба?
— Апара алармын деп сенемін. Біз американ жағалауындағы елге
жетуіміз керек, кемені соған қарай жүргіземін жəне сол бағытқа бет
түзеймін.
— Дик, сен мына апаттың салдарынан алғашқы бағытымызды
өзгертуге мəжбүр екенімізді білетін боларсың?
«Пилигримнің» Вальпарайсоға бармайтыны өзінен өзі түсінікті.
Жақын маңдағы американ портына жетуіміз керек - кемені апаратын
жерің сол!
— Тыңдап тұрмын, миссис Уэлдон,— деп жауап қатты Дик.—
Қысылмаңыз, американ континенті оңтүстіктің қиыр шетіне қарай
созылып жатыр. Біз қайтсек те оған соқпай кете алмаймыз.
— Ол қай жақта? — деп сұрады миссис Уэлдон.
— Ана жақта...— деп Дик шығысқа қарай қолын шошайтты.
— Сөйтіп, кеме Вальпарайсоға бара ма, немесе Американың басқа
бір портына бара ма, біз үшін бəрібір. Біздің бар мақсатымыз —
құрлыққа жету!
— Біз онда жетеміз, миссис Уэлдон! — деді жасөспірім сенімді
түрде. —Сізді қауіпсіз орынға жеткізуге кепілмін. Құрғақ жерге жуық


маңда каботаждық
37 
рейс жасап жүрген бірер кемеге кездесерміз деген
үмітім зор. Миссис Уэлдон, сіз байқайсыз ба, солтүстік-батыстан жел
соға бастады. Егер соққан ыңғайынан айнымаса, жағалауға қалай
жетіп қалғанымызды білмей де қалармыз. Желкен біткенді тегіс
көтерсек, атқан оқтай зымыраймыз!
Жас матрос бұл сөздерді өз кемесін бағалай білетін жəне оны
нендей қиын-қыстау жағдайда болса да дегеніне көндіре алатынына
көзі жететін тəжірибелі, көпті көрген ескі теңізшілерше толық
сеніммен айтты.
Дик Сэнд енді желкен көтеріп штурвалға
38 
тұруға ыңғайланып еді,
миссис Уэлдон алдымен «Пилигримнің» қай жерде екендігін анықтау
қажет екенін ескертті.
Шынында да, бұл бірінші кезектегі мəселе еді. Дик Сэнд капитан
Гульдің каютасына барып, өткен күні кеменің қай жерде болғандығы
жайлы белгі салынған картаны тауып алды. Ол енді миссис Уэлдонға
«Пилигримнің» 43°35' оңтүстік ендік пен 114°13' бойлықта
болғандығын картадан көрсете алады. Өткен тəуліктің ішінде кемені
бір орыннан қозғалмады деуге боларлық еді.
Миссис Уэлдон картаға үңілді. Ол жер белгісі салынған қоңырқай
даққа қадала қарады. Бұл Тынық мұхит пен Атланд мұхитының арасын
бөліп тұрған Оңтүстік Америка жағалауы — үлкен бөгет еді. Оңтүстік
Америка жері ғана емес, тіптен шексіз мұхит түгелдей сыйып тұрған
картаға қарағанда, құрғақ жер өте жақын жəне оған жету оншалықты
қиынға соқпайтын сияқты көрінді. Мұндай алдамшы əсер карта
масштабына көзі үйреніп əдеттенбеген адамдардың бəрінде де бола
береді.
Миссис Уэлдон жерді бір табақ қағаздан көріп, нағыз жердің өзі
жақын жəне оған жетуге болады екен деп жорыды.
Егер дұрыс масштабымен «Пилигримнің» суреті осы бір табақ
қағазға түсірілсе, микроскоппен қарағанда ғана көрінетін тым ұсақ
жəндіктерден де кішкене боп көрінер еді. Көлемін біліп болмайтын


математикалық нүкте сияқтанып, ұшы-қиырсыз мұхит кеудесінде
жалғыз қалған «Пилигрим» де картаға түскенде көрінбей қалар еді.
Диктің пікірі, миссис Уэлдонның пікірінен мүлдем басқа болды.
Ол кеме мен құрғақ жердің арасы орасан алшақ, көптеген миль екенін
білді. Бірақ бұл жағдай оның қажырлы жігерін мұқата алмады.
«Пилигрим» үстіндегі адамдардың тағдырына жауапкерлік, бала
жігітті егде адам қатарына қосты.
Іске кірісіп əрекет ететін уақыт жетті. Солтүстік-батыстан жел
тұрып, сағат сайын күшейе түсті, бұлар енді ыңғай соққан желді
пайдаланып қалулары керек. Түпсіз аспанда қалқи көшкен селдір бұлт
бар, оған қарағанда жел жуық арада басыла қоймайтын тəрізді.
Дик Сэнд Том бастаған төрт негрді қасына шақырып алып:
— Достарым,— деді ол,— «Пилигримде» бізден басқа экипаж жоқ.
Сіздердің көмегіңізсіз ешбір маневр жасай алмаймын. Əрине, сіздер
теңізші емессіздер, бірақ сіздерде қарулы білек бар. Егер де сіздер күш
аямайтын болсаңыздар, біз «Пилигримді» басқара аламыз. Біздің аман-
есен жер басуымыз осыған байланысты.
— Капитан Дик,— деді Том,— менің жолдастарым жəне өзім де
сіздің матросыңыз болуға жан-тəнімізбен ризамыз. Күш-қуатымызда
мүлтік жоқ. Бес адам сіздің басшылығыңызбен қолынан келгенінің
бəрін істейді, істей алады да!
Том қарт, тамаша айттыңыз! — деп айқайлады миссис Уэлдон.
— Алайда, біз сақтық тəртібін сақтауға тиіспіз,— деді Дик Сэнд.—
Мен ешқандай орынсыз тəуекелге көз жұмып аяқ баспаймын, желкен
біткеннің бəрін көтермеймін де. Жай жүрсек, аздаған уақыт
ұттырармыз, бірақ оның есесіне қауіп-қатерден аулақ боламыз.
Жағдайдың жатқа қақсап бізге айтатыны осы тоқтам. Мен сіздерге
қазір міндетті орындарыңызды көрсетемін. Ал, өзім əлімнің
келгенінше штурвалда тұрам. Ара-тұра бірер сағат ұйықтап та
алармын. Бірақ менің демалысым соншалықты аз болса да, штурвалды
иесіз қалдыруға болмайды, сондықтан сіздердің біреуіңіз менің


орныма тұра тұруға тура келер. Том, қаласаңыз штурвалды сізге
үйретейін? Компастың көрсетуімен кемені бағытқа қарай жүргізу
оншалықты қиын емес. Талабыңыз болса, кемені бағдарға туралап
ұстауды оп-оңай үйреніп аласыз.
— Мен əзірмін, капитан Дик,— деп жауап қатты қарт негр.
— Жақсы,— деді жасөспірім.— Кешке шейін менімен бірге
штурвалда тұрыңыз, егер əлім құрып жығыла қалсам, сіз күні бүгін-ақ
менің орныма тұра алатын боласыз.
— Ал, мен ше? — деп сұрады кішкентай Джек.— Менің Дикке
тигізетін ешқандай пайдам жоқ па?
— Сенің оған пайдаң тиетіні сөзсіз ғой, бөбегім! — деді миссис
Уэлдон, баланы бауырына қыса түсіп.— Кеме басқаруды саған да
үйретеді, сен штурвалда тұрсаң, жел ыңғайдан соғатынына сенімім
кəміл.
— Əрине, мама, əрине! — деп бала қолын шапақтап айқайлап
жіберді.— Мен бұған уəде берем!
— Ие,— деді Дик Сэнд күліп,— жақсы юнга — кеменің ырысы, ол
жүрген жерде жел де ыңғайдан соғады дейді қарт теңізшілер.
Дик Томға жəне басқа негрлерге қарап:
— Достарым, іске кірісейік! Гротты көтеру керек. Сіздерге
істелетін істің жөнін көрсетейін, сіздер менің нұсқауымды мүлтіксіз
орындауға тиістісіздер,— деп үстеді, жас капитан.
— Бұйырыңыз, капитан Сэнд, біз дайынбыз,— деп жауап қатты
Том қарт.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   5   6   7   8   9   10   11   12   ...   41




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет