Жюль верн. Он бес жасар капитан



Pdf көрінісі
бет7/41
Дата19.05.2022
өлшемі4,71 Mb.
#144105
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   ...   41
Байланысты:
Он-бес-жасар-капитан

Жетінші тарау


АУҒА ДАЙЫНДАЛУ
Сүтқоректі алыптың көрінуі «Пилигрим» экипажына неліктен бұл
сияқты қозғау салуы, əрине түсінікті мəселе. Теңіз бетінде қызыл
алаптың ортасында жүзіп жүрген кит орасан ірі көрінді.
Бұл китті соғып алып кеме трюмін толтырсақ деген үміт — олқы
құмарлық емес! Аңшылар бұл сияқты ұтыры келіп тұрған жағдайдан
қайтып қана құр алақан қала алсын?
Миссис Уэлдон капитан Гульден:
— Бұл китке шабуыл жасау қауіпті емес пе? — деп сұрады.
— Жоқ, миссис Уэлдон,— деп жауап қатты капитан Гуль —
Ешқандай қауіп жоқ... Китті жалғыз қайықпен əлденеше рет аулағаным
бар, көздеген мақсатыма жетпей қайтқан сапарым болған емес.
Қайталап айтамын, бізге төніп тұрған ешқандай қауіп жоқ, ендеше,
сізге де қауіп жоқ.
Миссис Уэлдонның көңілі орныққандай болды, ол басқа жағын
қайтып сұрамады да.
Капитан Гуль сол сағатында жолақжонды аулауға керекті
дайындықтар жасауға бұйырды. Ол осы жолғы аушылықтың қиынға
соғатынын жақсы білді, сондықтан да сақтануға қажетті барлық
шараларды қолдануға ұйғарды. Кит аулауға үш қайық баруы керек еді,
капитан Гуль сол үш қайықтың орнына болғаны жалғыз-ақ қайық
жібере алатын болды. Кит аулау маусымында «Пилигримнің» тұрақты
командасына жəрдемдесу үшін Жаңа Зеландиядан матростар мен
гарпуншылар алғанын жоғарыда айтып өттік. Қазіргі кезеңде ол
жəрдемші команда жоқ, енді «Пилигримнің» ауға шығара алатыны тек
болғаны бес-ақ матрос, былай айтқанда бір қайықты басқаруға қанша
адам керек болса, сонша адам шығара алады. Өз еңбектерін асыға


ұсынған бес негрдің жəрдемін капитан Гуль қабылдамады: өйткені, кит
аулауда қайықты басқару тек қана тəжірибелі теңізшінің қолынан
келеді. Китке шабуыл жасаған кезде рульдің епсіз қимылы немесе
ескектің мезгілсіз есілуі қайықты апатқа ұшыратуы ықтимал.
Тағы бір қиын мəселе, капитан Гуль кемеде ең болмаса бір
тəжірибелі матрос қалдырмай кете алмайды, дүние деген алмағайып
нəрсе ғой.
Бірақ кит аулайтын қайыққа адамның əлдісі керек, капитан
амалсыздан кемені Дикке тапсыратын болды.
— Дик,—деді ол, — ауға кеткен уақытымда, сені өзімнің
орынбасарым етіп қалдырамын. Аушылық ұзаққа созылмас деймін.
— Құп болады, капитан!—деп жауап қатты жасөспірім.
Диктің өзі де кит аулау ісіне қатысқысы келіп еді, бірақ ол, қайық
үстінде тəжірибелі кит аулаушы пайдалырақ екенін жəне
«Пилигримде» капитан Гульдің орнын өзі ғана баса алатынын ескерді.
Сондықтан да ол сөз қайырмай капитанның бұйрығына бағынды.
Сөйтіп, «Пилигрим» командасы түгелдей ауға аттанды Төрт матрос
ескек есуге отырды, ал боцман Говик өзінің үйреніп қалған жұмысы
рульді артқы есікті ұстады. Руль тез маневр жасауға мүмкіндік
бермейді. Егер китке шабуыл жасаған кезде ескек күректер жазатайым
сынып қалса, шебер теңізші жалғыз артқы күректің өзімен-ақ,
жараланып жан ұшырған хайуанға қайықты соқтырмай аман əкете
алады.
Капитан Гуль гарпуншы орнында тұрады, бұл міндет оның бірінші
рет атқарғалы тұрған ісі емес, осы орында тұрып талай китті
гарпундаған болатын. Оның атқаратын міндеті — китке гарпун
лақтыру, гарпун сабына байланған ұзын арқанның тарқатылуын
қадағалау жəне жараланған китті мұхит бетінде жүзіп жүргенінде
шанышқылап өлтіру еді.


Кейде кит аулау кəсібіне дəрімен атылатын зеңбірек сияқты
қарулар да қолданылатын. Кеме бортына немесе қайықтың тұмсығына
ерекше жасалған зеңбірек орнатады да, жарылатын снаряд немесе
сабына арқан байлаған гарпун атады. Бірақ «Пилигримде» бұл сияқты
құралдар жоқ-ты. Дұрысын айтқанда теңізшілер мұндай жаңа əдістер
қымбатқа түседі жəне оның тетігін кім көрінген біле бермейді деп
жаратыңқырамайтын, сондықтан да өздерінің үйреніп қалған
қарапайым құралы — гарпунды қолданатын-ды. Сөйтіп, капитан Гуль
өзінің 
ескілікті 
қаруымен 
ғана 
ауға 
аттанды. 
Жолақжон
«Пилигримнен» бес миль шамасы қашықта еді.
Ауа райы да аңшыларға кесірін тигізбей жəрдем еткісі келген
тəрізді. Теңіз де тыныш, бұл жағдай қайықты басқару ісіне жеңілдік
береді. Жел жоқтың қасында, экипаж ауда жүргенде «Пилигримді» бір
жаққа жел айдап əкетеді деп қауіптенудің орны жоқ.
Штирборттағы қайық суға түсірілді, төрт матрос қайыққа түсіп өз
орындарына отырды.
Боцман Говик оларға екі гарпун жəне ұшына өткір ұштық қадаған
бірнеше шанышқы əкеліп берді. Шабуылға керекті бұл құралдардың
үстіне, əрқайсысының ұзындығы алты жүз футтан келетін бес шумақ
сым арқан алды. Бір шумақ арқан тарқатылып жатқанда, матростар
оның ұшына екінші шумақты жалғайды, одан соң үшіншісін,
төртіншісін жалғай береді. Бірақ кейде үш мың фут арқанның да
жетпей қалатын кездері болады.
Гарпундар, шанышқылар мен арқандар — кит аулауға керекті
жабдықтар — тəртібімен түп-түгел қайықтың тұмсығына қойылды.
Говик өз орнына тұрды да, қайықты шешіп арқанның ұшын бер деген
бұйрық күтті. Енді қайықтың ішінде бір ғана бос орын қалды,— бұған
капитан Гульдің өзі тұруға тиіс.
Бұлар ауға аттанар алдында кемені дрейфке тоқтатқан-ды, басқаша
айтқанда, желкендердің біреуі ілгері тартқанда, екіншісі қарсы
итеретін етіп қойылған. Желкендердің қарама-қарсы əрекетінің
нəтижесінде «Пилигримді» бір орыннан қозғалмайды деп сенуге
болатын-ды.


Қайыққа түсер алдында капитан Гуль ақырғы рет мачтаға көзін
салды. Желкендер нық бекітілген, арқандары берік тартулы. Дик Сэнд
кемеде жалғыз қалатын болды, мүмкін, оның жалғыз болуы бірсыпыра
уақытқа созылар. Капитан желкендерді ауыстыру əурешілігінен Дикті
құтқарудың əрекетін ойлап еді.
Бəрі де дұрыс, орын-орнында екеніне көзі жеткен соң, капитан,
жасөспірімді шақырып алып, былай деді:
— Дик, мен сені жалғыз қалдырып бара жатырмын. Бекем, сақ бол!
Егер ойдағымыз болмай шықса, «Пилигрим» біздің алдымыздан
шығатын болар, Том қарт пен оның жолдастары саған желкендерді
ауыстырып қоюға көмектесер. Не істеу керек екенін оларға өзің
жақсылап түсіндірерсің, оларды қолынан іс келетін адамдар деп
сенемін.
— Капитан Гуль,— деді Том қарт,—Дикке өзіміз де қуана-қуана
көмектесеміз.
— Ол тек қана жұмыс бұйырсын! — деді Бат.— Біз оған жұмысты
қалай істейтінімізді көрсетеміз!
— Нені тарту керек? — деп сұрады Геркулес, білегін сыбана түсіп.
— Қазір тарта қоятын түк те жоқ,— деп күлді жасөспірім.
— Мен əзірмін! — деді алып.
— Бүгінгі ауа райы аса жақсы,— деп капитан Гуль сөзін
жалғастырды,— жел де ауыса қоймас деймін. Дик, нендей қиын уақиға
болса да қайықты суға түсіруші болма жəне ешуақытта да кемені иесіз
тастап кетпе!
— Құп болады, капитан!
— Біздер китті қуып бір жаққа ұзап кете қалсақ, «Пилигрим» біздің
артымыздан келетін болсын, мен багорге байлап вымпел
33 
көтеріп
белгі берермін.


— Ол жағынан қам жемей-ақ қойыңыз, капитан. Мен сіздің
қайықтан көзімді айырмаймын,— деп жауап қатты Дик Сэнд.
— Əбден жақсы,— деді капитан Гуль.— Аса пайымды да, батыр
бол, сен енді капитанның орынбасары болдың. Абайла, атағыңа дақ
түсіріп алма! Сенің жасыңда əлі күнге шейін бұл дəрежеге ешкім ие
болып көрген емес.
Дик Сэнд оған жауап қайырған жоқ, тек қана қызарып күлімсірей
берді. Капитан Гуль оның қызаруы мен күлімсіреуінің мəнісіне түсіне
қалды.
«Қандай сүйкімді бала! — деп ойлады ол.— Кішіпейілділік пен
батылдық — Диктің күллі мінезі осы екі сөздің ішінде!»
Капитан Гульдің қоштасардағы тапсырмалары мен өсиет сөздеріне
қарағанда, ол ұзақ уақытқа кетіп бара жатпаса да, ешқандай қауіп-
қатер байқалмаса да, оның кемені амалсыз қалдырып бара жатқанын
оңай түсінуге боларлық еді.
Теңіз бетінің толқынсыз тыныш болуы, кит аулау сапарын
оңайлататын тəрізденді. Аңшылық құмарының ыстық сезімі мен кеме
жүгін толтырсам деген ашкөздік үміт капитанды итермелеп еркіне
қоймады. Капитанның командасы да, оның өзі де өздерін итермелеген
ішкі сезімге қарсы тұра алмады. Мұның үстіне ауға керекті жабдықтар
дайын еді, сондықтан капитанның соңғы ой-пікірі өзінің бойындағы
барлық сезімдердің бəрінен басым болды.
Ол батыл аттап қайыққа түсірілген арқан басқышқа барды.
— Жолдарың болсын! — деді миссис Уэлдон тілеу тілеп.
— Рақмет! Айтқаныңыз келсін!
— Капитан Гуль, ол бейшара китті қатты ұра көрмеңіз! —деп
айқайлады кішкентай Джек.
— Есте болар, балапаным! — деп жауап қатты капитан.


— Оны қатты ұстамаңыз!..
— Ие... ие... қолыма қолғап киермін!
— Кейде бұл сүтқоректілердің арқасында қызғылықты жəндіктер
де болатын,— деді Бенедикт ағай.
— Несі бар, Бенедикт мырза,— деді капитан Гуль күліп,—
жолақжонды желкелеп əкеліп «Пилигрим» бортына шығарсақ, оның
үстін тінтуіңізге ешкім кедергі жасай қоймас!
Сосын Томға қарап:
— Том, біздер китті соғып ала алсақ, сіздер оны союға
жəрдемдесер деп сенемін...— деді.
— Қызметіңізге дайынбыз, капитан мырза!
— Рақмет! — деді капитан Гуль.— Дик, біздер ауда жүргенімізде,
мына мейірбан адамдар бос кеспектерді палубаға шығарып қоюға
жəрдемдесер. Біздер қайтып оралған қарсаңға бəрі де дайын тұрсын,
жұмыстың қарқынды жүруіне себеп болар.
— Құп болады, капитан! Бəрі де істеледі!
Капитан Гуль борттан асып, арқан басқышпен қайықтың
тұмсығына түсті.
Миссис Уэлдон, Джек, Бенедикт ағай, Том жəне оның жолдастары
капитанға жолын болсын деп ақырғы рет тілеу тіледі.
Тіптен Динго да, екі артқы аяғымен тік тұрып басын борттан
шығарып экипажбен қоштасқан сияқтанды.
Бұдан соң «Пилигрим» жолаушылары қатерлі аңшылықты
анықтаңқырап байқау үшін кеменің тұмсығына жиналды.
Арқанның ұшы кемеден шешіліп қайықтағыларға тасталды, қайық
тең ескен төрт ескектің айдауымен «Пилигримнен» ұзап та кетті.


— Дик, мен саған сенемін! — деп айқайлады капитан Гуль
жасөспірімге ақырғы рет.
— Құп болады, капитан!
— Бір көзің кемеде болсын да, енді бір көзін қайықта болсын.
Осыны ұмытпа!
Жеңіл қайық «Пилигримнен» бірнеше фут ұзап та кеткен еді.
Капитан Гуль қайықтың тұмсығында тұрған-ды. Ол əлі де болса
бірдеңелер айтып дауыстап бара жатты, бірақ оның дауысы естілмей
кетті, тек қана капитанның қолын сермеп тапсырмалар беріп бара
жатқанын Дик анық білді.
Динго осы сəтте борттан кетпей, аянышты түрде ұли берді. Миссис
Уэлдон не болса соған илана беретін ырымшыл əйел емес еді, сонда да
болса оның денесі түршігейін деді.
— Өшір үніңді, Динго! — деді ол.— Ұялсайшы! Аңға кетіп бара
жатқан досына осылай тілеу тілей ме екен? Қане, арсалаңдап үрші!
Динго тына қалды да, кертеден аяғын алып, жайыменен миссис
Уэлдонға келіп, қолын жалады.
— Динго құйрығын бұлаңдатып көңілденбейді,— деп күңкілдеді
Том.— Жаман ырым! Жаман ырым!
Динго кенет арқа жүнін тікірейтіп ырылдап қоя берді. Миссис
Уэлдон бұрылып оның ырылдаған жағына қарады. Негоро каютадан
шыққан екен. Аңшылық оны да еліктірген сияқты.
Динго кеме аспазына дүрсе қоя берді. Ызаға булыққан ит қалш-
қалш етеді. Оның неліктен үйтетіні əлі күнге түсініксіз еді.
Негоро палубада жатқан қолшығырдың келдек тұтқасын алып
қорғана бастады.
Ит оның кеңірдегінен алуға ыңғайланды.


— Динго, кейін! —деп айқайлады Дик Сэнд.
Кетіп бара жатқан қайықты қадағалап тұрған Дик, кеме кормосына
қарай тұра жүгірді. Миссис Уэлдон да Heгороны иттен арашалай
бастады. Динго амалсыз көнді. Ырылдай түсіп, жайымен бала жігітке
қарай бұрылды.
Негоро тіс жарып үндеген жоқ. Бірақ ол өте сұрланып кеткен еді.
Қолындағы келдек ағашты палубаға тастады да, кеpi бұрылып
каютасына кіріп кетті.
— Геркулес,— деді Дик Сэнд,— осы кісіні бақылап жүруді сізге
тапсырсам деймін!
— Орындалады,— деп жайбарақат жауап қайырды алып,
шоқпардай үлкен жұдырығын түйе түсіп.
Миссис Уэлдон мен Дик Сэнд кемеден тез ұзап бара жатқан
қайыққа көздерін қайта тікті.
Бұл уақытта қайық шексіз теңіздің ортасында кішкене ғана
нүктедей боп кетіп бара жатыр еді.


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   ...   41




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет