Бесінші тарау
«С» жəне «В»
Қарсы соғатын желмен сіресіп қалатын тымырсықты ойлап
капитан Гульдің мазасы кетті. Өйткені Жаңа Зеландиядан
Вальпарайсоға дейін əдеттегі мерзімнен көп болса бір-екі жеті уақыт
артық жүрер, əбігер шегерлік түк те жоқ. Бірақ бұл сияқты кездейсоқ
кідіріс жолаушыларды қалжыратуы мүмкін.
Мүлгіген тымырсық пен қарсы соққан жел «Пилигримді»
мұхиттың осы бөлегінде аялдатқанның арқасында ғана, қираған кемеге
паналаған алты тірі жанға капитан Гуль жəрдем ете алды.
Ендігі мəселе, апат уақытында ұдайы үш жыл азаптанып азды-
көпті тапқанынан айрылған бес негрді еліне жеткізіп, басталған
адамгершілікті ақырына жеткізу ғана. Үстіндегі жүгін— кит майын
Вальпарайсоға өткізіп, «Пилигрим» Оңтүстік пен Солтүстік Америка
жағалауын бойлай жүзіп Сан-Францискоға баруы керек. Миссис
Уэлдон Том мен оның жолдастарына Калифорниядан Пенсильванияға
жетулеріне қаражат беретін болып уəде етті.
Негрлер миссис Уэлдонның мына уəдесін естіп қатты қуанысты.
Негрлер бұларға онсыз да борышты еді, олар миссис Уэлдон мен
капитан Гульге шын көңілдерімен алғыс айтты. Борышымызды бір
кезде өтерміз деген үміт ізгі адамдардың көңілінде терең сыр болып
сақталып қалды.
Миссис Уэлдон жол қиыншылығына ешқандай наразылық
білдірмей, аса шыдамдылықпен төзді.
Сол күні, екінші февральдің кешінде, «Вальдек» қаңқасының
қарасы үзілді.
Капитан Гуль өлімнен құтқарылған негрлерге барынша жақсы
жағдай туғызуға тырысты. «Пилигримнің» командасы тұратын бөлме,
жаңадан бес адам қосылған соң тығыздық ете бастады, сондықтан
капитан Гуль негрлерді кеменің арт жағына, палубаға орналастырмақ
болды. Олар ауыр жағдайларда жұмыс істеп көндіккен адамдар ғой,
анау-мынау ыңғайсыздықты елеген де жоқ. Ауа райы жақсы түндерде,
— күндізгі ми қайнатқан ыстықтан кейін,— ашық ауада жатып
ұйықтаудың өзі қандай рақат!
«Пилигрим» үстіндегі өтіп жатқан бір қалыпты тамаша өмірді
«Вальдектің» кездесуі бұзып жіберген тəрізденді, бірақ ол жағдай
ұзаққа бармады, кеме үстіндегі тұрмыс бұрынғы қалпына қайта түсті.
Том, Остин, Актеон, Бат, Геркулес жұмыстың нендей түрі болса да
тартынбастан шын ықыластарымен істеп жүрді. Бірақ жел үнемі
бірыңғай соғып, желкендер тегіс көтеріліп қойылған кездерде, кеме
үстінде істейтін жұмыс та болмайтын. Оның есесіне жел ыңғайына
байланысты кеме бағытын өзгерту керек болған шақтарда, қарт негр
жолдастарымен бірге экипажға жəрдемдесуге асығатын-ды. Алып
денелі Геркулестің арқан тартқан кездерінде, басқа матростардың
істеуге жұмыс таппай қолдарын қусырып тұрып қалатынын айта кету
керек. Бойы алты футтан астамырақ келетін бұл қуатты жігіт,
тегершікті жалғыз өзі-ақ айналдыра беретін-ді.
Кішкентай Джек алып негрдің жұмыс істегеніне таңдана қарайтын
болды. Геркулес оны қуыршақтай етіп жоғары секіртетін, ал Джек
мұндай ойыннан сескенбек түгіл, қайта рақаттана сықылықтайтын.
— Геркулес, əлде де жоғарырақ! — деп айқайлайтын ол.
— Тағы секіртейін, Джек,— дейтін Геркулес.
— Шаршаған жоқсың ба?
— Сені тіптен қаңбақ құрлы көрмеймін.
— Ендеше, əлде де жоғарырақ секірт! Барынша жоғары!
Кейде Геркулес өзінің жалпақ алақанына Джекті тік тұрғызып,
қолын соза, бейне цирк ойыншылары сияқты, палубада жүретін.
Геркулестің мұнысына жаны сүйсінген Джек, өзін алыпқа теңеп бəріне
жоғарыдан қарайтын еді. Ол барынша салмағын салса да, Геркулес
оны қаңбақ құрлы көрмейтін-ді.
Сөйтіп, кішкентай Джектің досы екеу болды: біреуі Дик Сэнд, енді
біреуі Геркулес.
Ол көп кешікпей-ақ Дингоны үшінші дос етіп алды.
Дингоның адамға үйірлігі жоқ төбет екенін жоғарыда айтып өттік.
Оның бұл қасиетінің өрши беруі, «Вальдектегі» адамдар иттің көңіл
күйіне жақпағандығынан болуы да мүмкін. Бірақ «Пилигримге» келген
соң, иттің мінезі жедел өзгерді. Шамасы, кішкентай Джек Дингоның
ықыласын өзіне аударып алудың амалын тапса керек. Динго баламен
құмарта ойнайтын; бұл ойын балаға да зор қуаныш, ермек болды.
Динго өте-мөте баланы жақсы көретін иттердің бірі еді. Джек те
оны ешқашан зəбірлеп əурелеген жоқ. Төбетті бəйгі атына айналдырып
алу, иттің ықыласын өзіне аударып ала алғандық емес пе? Қай бала
болса да, мұндай атты аяғына дөңгелек орнатып əбден жасандырып
қойған ағаш аттан анағұрлым артық көреді деп ойланбай-ақ айта
салуға болады.
Кішкентай Джек Дингоға мініп мəз-мейрам боп үнемі
шапқылайтын да жүретін, ит те өзінің кішкентай досының зауқы
шапқан талабын арсалаңдап қуана-қуана қарсы алатын-ды. Өзі арық
балада не жөнді салмақ болсын, үстіне мінген Джекті Динго тіптен
ауырламайтын да.
Баланың мейірі қанды-ау, бірақ бұл жағдай камбуздағы қантты
шығындатты.
Динго көп кешікпей бүкіл экипаждың еркесі болып кетті.
Дингомен кездесуге жалғыз-ақ Негороның зауқы шаппай, аулақ
жүретін болды. Неге екені белгісіз, алғашқы кездескен сəттен-ақ ит
оны жек көре бастап еді.
Дик Сэнд пен Джек екеуі ескі дос қой, Джектің итпен айналысуы,
екі достың арасындағы көптенгі татулықты салқындата алмады. Дик
Сэнд өзінің қызметтен бос уақытын бұрынғысынша кішкентай
досымен ойнап өткізетін-ді. Бұл екеуінің достасып кеткеніне миссис
Уэлдонның да аса риза болғандығы өзінен өзі түсінікті.
Бір күні,— бұл февральдың алтысы күні болған еді,— миссис
Уэлдон, капитан Гульге Дик туралы əңгіме айтты. Капитан жас
матросты қызулана мақтады.
— Осы баланың тамаша капитан болып шығуына мен кепіл,— деді
капитан.— Оның жаратылысында теңізге деген бір түрлі ерекше сезім
бар, оның білімді өте тез меңгеріп ала қоятынына таңым бар жəне аз
уақыттың ішінде қаншама нəрсе үйренді десеңізші!
— Мұның үстіне,— деді миссис Уэлдон,— адалдығы мен
ақпейілдігі бар, жас та болса байсалды да ұқыпты бала. Мен оны
көптен білемін, өмірі кісі ренжірлік іс істеп көрген емес.
— Несін айтасыз! — деп капитан іле түсті. — Бұл Дик деген
жігіттің сырбазы ғой! Оны жұрттың бəрі жанындай жақсы көреді,
əрине, бұл тегін емес.
— Сан-Францискоға барған соң,— деп сөзін жалғастырды миссис
Уэлдон,— капитандық диплом алып шығуы үшін менің ерім оны теңіз
мектебіне береді.
— Онысы өте жақсы,— деді капитан Гуль.— Диктің бір уақытта
жақсы теңізші болып шығатынына сенімім мол.
— Бейшара баланың балалық шағы ауыр жағдайда өтті ғой. Бұл
бала өмірдің ауыр мектебінен шықты...
— Диктің қиыншылық мектебінен алған сабағы бекерге кеткен
жоқ. Адамды адам қатарына қосатын тек қана қажырлы еңбек екенін
Дик жақсы білген.
— Ол осы күнде де дұрыс бағытта.
— Өзіңіз байқасаңыз, миссис Уэлдон,— деп капитан Гуль сөзін
жалғастыра берді,— ол кəзірдің өзінде-ақ штурвал вахтасында тұрып,
бушприт басынан көзін айырмайды. Ол аса ұқыпты да, басқа нəрсеге
алаңдамайды, сондықтан да кеме өз бетімен қаңғымай, бет алған
бағытқа тура жүреді. Бұл балада осы күннің өзінде-ақ тəжірибелі
рульшінің қалпы бар. Бұл əдет теңізші үшін жақсы бастама. Сіз білесіз
бе, миссис Уэлдон, жақсы теңізші болу үшін теңізшілік кəсібімен бала
жастан шұғылдану керек. Жастайынан матростық қызметін атқармаған
адам, ешуақытта да жақсы капитан болып шыға алмайды, əсіресе сауда
кемесіне капитан бола алуы мүмкін емес. Балалық шағыңда бəрінен де
сабақ алсаң, сенің істеген ісіңнің орынды болып шыға беретіні былай
тұрсын, тіптен ішкі сезімнің өзі-ақ істетеді, соның нəтижесінде,
кеменің желкенін ауыстырған сияқты, оп-оңай тоқтамға келесің.
— Дегенмен, озат теңізшілер соғыс кемелерінде де аз емес қой,—
деді миссис Уэлдон.
— Əрине, бірақ мен білген озат теңізшілердің бəрі де қызметті
жастайынан теңіз ісінен бастаған. Бұл жөнде Нельсонды,
28
тағы басқа
озат теңізшілерді еске алсақ та жетеді.
Осы минутта Бенедикт ағай каютасынан шығып палубаға
көтерілді. Ол бұрынғы əдетінше ойға шомған күйі, жарық саңылау
біткенді сығалап, борттың смола жабысқан жерлерін тіміскілеп,
абыржыған кескінмен палубаны кезе берді.
— Жайыңыз қалай, Бенедикт ағай? — деді миссис Уэлдон.
— Рақмет, Уэлдон қарындас... Шүкір, жаман емес... Ренжитін
жөнім жоқ... Əйтсе де, тезірек жерге жетсек екен деймін, мені
асықтырып жүрген тек осы ғана.
— Бенедикт мырза, сіз скамейка астынан не іздеп жүрсіз? — деп
сұрады капитан Гуль.
— Шыбын-шіркей іздеп жүрмін, сударь! — деп кейіген кескінмен
жауап қатты Бенедикт ағай.— Мен олардан басқа не іздеуші ем.
— Шыбын-шіркей? Бір өкінішті жері, сізге əлде де болса шыдай
тұруға тура келер, ашық теңізде коллекцияңызды толтыра алмассыз
деймін.
— Толықтырмайтын несі бар? Кеме үстінде шыбын-шіркейлердің
бірнеше түрі болатыны түсінікті...
- Жоқ, Бенедикт ағай,— деп миссис Уэлдон оның сөзін бөлді.—
Сіздің капитан Гульге ренжуіңіз тым-ақ орынды. Бұл кісі кемесін
барынша таза ұстайды, сондықтан сіздің шыбын-шіркей іздеп əуре
болуыңыз бекершілік.
Капитан күліп жіберді.
— Əрине, миссис Уэлдон əзілдейді ғой,— деді ол. — Бірақ, егер сіз
каютадан шыбын-шіркей іздесеңіз, шынында да уақытты бекерге
өткізерсіз-ау деймін.
— Білемін, білемін! — деп Бенедикт ағай ызалана айқайлап, иығын
қомдай түсті.— Каюталардың ұңқыр-шұңқырын қалдырмай əбден
қарап шықтым...
— Бірақ сіз трюмді тінтіп көрсеңіз,— деп капитан Гуль сөзін
жалғастыра берді, — ол жерден тарақан табуыңыз ықтимал, əрине, ол
сияқтылар сізге қажет бола қалса...
— Қажет болуында сөз жоқ! Олар тамақ таңдамайтын тік қанатты
жəндіктер, мекендейтін жері...
— Былғанышты, лас...— деді капитан Гуль.
— Борт патшалығы!—деп Бенедикт ағай оның сөзін түзей қойды.
— Тарақан патшалығы!
— О, сударь, сіздің энтомолог емес екендігіңіз бірден-ақ көрініп
тұр.
— Ешқандай да.
— Сіз мынаған құлақ салыңызшы, Бенедикт ағай,— деп күлді
миссис Уэлдон, — ғылымды сүйсеңіз де, дымыңды шығармай
тарақанға жем бола беріңіздер деп айтпассыз деймін?
— Қарындас Уэлдон, сізге ешқандай талабым жоқ! — деп жауап
қатты қызуланған энтомолог.— Менің талабым біреу-ақ, ол сирек
кездесетін жəндіктермен коллекциямды толықтыру ғана.
— Демек, сіз жаңазеландиялық табыстарыңызға наразы екенсіз
ғой.
— Керісінше, қарындас Уэлдон, өте ризамын. Мен ол жерден
стафилин деген қоңыз ұстадым, бұл қоңызды менен бұрынғы
ғалымдар тек қана Жаңа Каледониядан тапқан.
Манадан бері Джекпен ойнап жүрген Динго, осы сəтте Бенедикт
ағайдың қасына келді.
— Кет əрі, кет! — деп ақырды ол итті итермелеп.
— О, Бенедикт мырза!—деп үн қатты капитан Гуль.— Итті жек
көріп, тарақанды тəуір көргеніңіз қалай?
— Ие, осындай жақсы итті жек көруге бола ма! —деді кішкентай
Джек, екі қолымен Дингоның басын құшақтап.
— Ие... бəлки...— деп міңгірледі Бенедикт ағай.— Бірақ бұл
жексұрын менің сенімімді ақтамады, алдап кетті.
— Бенедикт мырза, мұныңыз қалай! — деп миссис Уэлдон шаңқ
етті.— Сіз шынымен-ақ Дингоны да қос қанаттылар немесе қабыршақ
қанаттылар тобына жатқызғыңыз келе ме?
— Жоқ, — деп шындап жауап қатты ғалым.— Динго австралиялық
иттердің тұқымынан болғанымен, ол батыс африкалық жағалаудан
табылған!
— Əбден дұрыс,— миссис Уэлдон оның сөзін мақұлдады.— Том
мұны «Вальдекте» болған уақытында естіген.
— Сондықтан... мен... мен бұл хайуанның үстінде батыс африкалық
жануарлар дүниесіне тəн бірер жəндік болар деп түсінген едім...
— О, тоба! — деді миссис Уэлдон.
— Оның үстінен, оңдырмай шағатын бірер бүрге табылып қалуы
да ықтимал.
— Динго, естимісің? — деді капитан Гуль.— Естимісің? Сен
борышыңды өтемепсің ғой.
— Бірақ мен оның жүнін тарап босқа əуре болдым,— деді
энтомолог, өзінің ренжіп қалғанын жасырмай.— Оның үстінен ең
болмаса жалғыз бүрге де табылмады.
— Егер оның үстінен бүрге табыла қалса, сіз оны өлтірер ме едіңіз?
— деп сұрады капитан.
— Сударь,— деп Бенедикт ағай салқын жауап қатты,— сэр Джон
Франклин
29
ешқашан да жəндікті бекерден-бекерге өлтіре бермеген,
мұны біліп қою сізге артық болмас деймін, ол кісі тіптен бүргенің
шаққанынан анағұрлым улы американ масаларын да өлтірген емес.
Сэр Джон Франклиннің теңіз ісінде аз да болса еңбегі бар екендігіне
таласпассыз деймін?
— Дұрыс! — деп капитан Гуль басын изеді.
— Бір кезде оны көкшыбын — москит шағыпты. Бірақ Франклин
оны үркітіп жіберіп былай депті: «Жөніңе кетсейші. Дүние кең,
екеумізге де еркін жетеді ғой!»
— Aha! — деді капитан Гуль көп мағыналы үнмен.
— Ие, сударь!
- Бенедикт мырза, бұл сөзді Франклиннен көп бұрын басқа біреудің
айтқанын білесіз бе?
- Басқа біреу?!
- Ие, оны Тоби ағай айтқан екен.
- Ол энтомолог болған ба? — деп сұрады жалма-жан Бенедикт ағай.
- О, жоқ, Стерннің Тоби ағайы
30
энтомолог болмаса да, мұрнының
астына келіп ызыңдаған шыбынға: «Əрі кет, оңбаған сорлы! Мен саған
зиян келтіріп қайтем? Дүние кең, қысылып, қымтырылмай-ақ екеуміз
де еркін сиямыз» деген сөзді мейірбандық етіп айта алған.
- Бұл Тоби ағай дегеніңіз жігіт екен! — деп айқайлады Бенедикт
ағай.— Ол кісі өлген бе?
- Өлген болар деймін,— деп жайбарақат жауап қатты Капитан Гуль,
— өйткені Тоби ағайдың өзі дүниеде болған емес.
Жұрттың бəрі Бенедикт ағайға қарап күліп жіберді.
Бұл сияқты достық əңгіме-əзіл, ұзаққа созылған жолдың
қысқаруына себепші болды. Бенедикт ағай қатысқан жердегі əңгіме
энтомология ғылымының маңында болатындығы өзінен өзі түсінікті.
Теңіз беті толқынсыз үнемі тынық болды, бірақ баяу ескен жел,
кеме желкенін əлсіз керіп, «Пилигримнің» шығысқа қарай жүзуі
мандымады. Капитан Гуль кеменің жел жақсы соғатын аймаққа енуін
асыға күтті.
Бенедикт ағай энтомологияның жасырын сырын Дикке түсіндірмек
болып əрекеттенгенін айта кетуіміз керек. Бірақ жасөспірім оның бұл
құрметіне көңіл бөліңкіремей, жалтара берді, сондықтан ғалым
лекцияны негрлерге оқи бастады. Ақырында шыбын-шіркей туралы
əңгімеден олар да тойып, қашқалақтай берді. Бенедикт ағай палубада
көрінсе-ақ болды, негрлер команда бөлмесіне кіріп тығылатын болды.
Құрметті энтомолог енді лекцияны бір ғана тыңдаушыға — тек
Геркулеске ғана оқып қанағат етуіне тура келді; ол Геркулестің бит-
бүргеден жарғаққанаттыларды ажырата аларлықтай қабілеті барлығын
білген еді.
Алып негр енді қоңыздар арасында болды, олардың ішінде
ызылдауық қоңыз, шелкундар, мүйізді қоңыздар, ұзынтұмсық
қоңыздар, шұбар қоңыздар, қабық кемірушілер, дəн жеушілер, тағы
басқалар бар. Геркулес Бенедикт ағайдың коллекциясын аударыстырып
көре берді; Бенедикт ағай өзінің кеудіреп тұрған құрт-құмырсқаларын
Геркулестің жұп-жуан қышқаштай қатты қолдарымен дөрекі
ұстағанын көргенде, қиратады деп қорқып, зəресі қалмады. Бірақ
есейіп қалған оқушы лекцияны аса зейін қоя тыңдайтын-ды.
Сондықтан да профессор өз байлығын алыптың қолына беруге тəуекел
етті.
Бенедикт ағай Геркулеске сабақ беріп жүрген кезде, миссис Уэлдон
да кішкентай Джекке жазу жаздырып, хат танытты, ал Дик Сэнд оған
есеп бастамасын үйретті.
Үйретілген сабақ қызғылықты ойын сияқты болғандықтан, бес
жacap сəби оқуды оңай меңгеріп кетті. Миссис Уэлдон, кішкентай
Джекке оқу үйреткенде, əліппе қолданбай, қызыл бояумен үлкен етіп
əріптің таңбасы салынған ағаш ойыншық қолданды. Кейде ол
əріптерден бірер сөз құрастыратын да, араластырып жіберіп, əлгі сөзді
қайтадан құрастыртатын-ды.
Бұл ойын балаға аса ұнады. Ол біресе əріптерден сөз құрап, біресе
барлық əріптерді араластырып жіберіп, əлгі сөзді қайтадан құрап,
каютада немесе палубада күн сайын ұзақ уақыт əуреленетін болды.
Бұл ойын дəріптеп айтуға тұрарлық, сондай ғажап, ойда жоқ бір
оқиғаның пайда болуына себепші болған еді.
Бұл уақиға тоғызыншы февраль күні ертеңгісін болды.
Джек текшеден бірер сөз құрастырып палубада отыр, сөз
құрастырылған текшені Джек араластырып жіберген соң, Том қарт əлгі
сөзді жаңадан өзі құрауға тиіс. Ол Джектің нендей сөз құрастырғанын
көрмеу үшін, көзін қолымен басып, ойын тəртібін сақтап, бір шетте
отыр.
Онда бас əріптер мен жол əріптерден басқа, цифрлар жазылған
текшелер де бар-ды. Сөйтіп бұл ойын оқып үйрену үшін ғана емес,
есеп үйрену құралы да болды.
Джек текшелерді қатарынан тізіп қойды да, қабағын түйе түсіп,
ішінен өзіне керекті əріпті алды. Ауыр жұмысқа баланың беріліп
кеткендігі сонша, тіптен өзінің қасында жүрген Дингоны да байқаған
жоқ.
Ит ойда-жоқта бір əріпке көзін қадап, тұрған орнында сіресті де
қалды. Оң жақ алдыңғы аяғын көтеріп, құйрығын бұлаңдатты. Сосын
текшені тістеп алып, бірнеше қадам арырақ апарып палубаға қойды.
Бұл текшеде «С» əрпі жазылған еді.
— Бер, Динго! — деп айқайлады Джек, текшені Динго жеп
қоятындай көріп.
Динго қайтып келді де, тағы бір əріпті тістеп алып ана əріптің
қатарына апарып қойды.
Екінші текшеде «В» əрпі бар-ды.
Джек айқайлап жіберді.
Оның айқайына палубада жүрген миссис Уэлдон, капитан Гуль
жəне Дик Сэнд — бəрі жүгіріп келді.
Джек оларға иттің таңғажайып қылығын баяндады.
Динго əріп таниды екен! Мұны кішкентай Джек өз көзімен көрген.
Дик Сэнд текшені Джекке əкеліп бергелі итке барып еді, Динго оны
ырылдап қарсы алды.
Сонда да болса жасөспірім текшені иттің алдынан алып,
қалбырдағы текшелерге əкеліп қосты. Динго жүгіріп келіп, əлгі екі
əріпті қалбырдан қайта аралап тауып алды да, бір шетке апарып
қойды. Əріптің үстіне аяғын салып, ешкімге бермеймін деген сияқты
кейіп көрсетіп, тұрған адамдарға алара қарады. Əліппенің басқа
əріптеріне қараған да жоқ, оған бөтен əріптер мүлдем керексіз сияқты.
— Нендей ғажап! — деп дауыстады миссис Уэлдон.
— Шынында да өте ғажап,— деді капитан, текшеге тесіле қарап.
— С, В,— деп оқыды миссис Уэлдон.
— С, В,— деп капитан Гуль де қайталады.— Дингоның қарғы
бауындағы əріптер де осы!
Сосын ол қарт негрге кенет бұрылып:
— Сіз бұл итті «Вальдек» капитаны жуырда асырап алды дедіңіз
білем? — деп сұрады.
— Ие, Дингоның «Вальдекке» келгеніне небəрі екі-ақ жыл шамасы
ғана.
«Вальдектің» капитаны бұл итті Африканың батыс жағалауынан
тауып алып па еді?
— Ие, Конго жағасынан тапқан. Бұл туралы «Вальдек»
капитанының бір емес, əлденеше рет айтқанын естігенім бар.
— Сөйтіп, Дингоның бұрынғы иесінің кім екенін жəне оның
Африкаға қалай барып қалғанын ешкім білмеді ме?
— Ол жағы ешкімге мəлім емес, капитан. Иттің тағдыры тастап
кеткен нəрестеден де жаман ғой: өйткені, оның ешқандай документі,
айтуға тілі жоқ.
Капитан Гуль ойға қалды.
— Сіз, бұл екі əріптен бірдеңе түсіндіңіз бе? — деп сұрады миссис
Уэлдон.
— Ие, миссис Уэлдон, бұл əріптер мені ойға қалдырып тұр...
Дегенмен, мүмкін, əлдеқалай дөп келе қалған болар.
- Қалайша?
- Бұл екі əріпте мəн болуы мүмкін, бұлар бір ержүрек саяхатшының
тағдырын анықтауға жəрдем етер деймін.
- Сіздің не айтқалы тұрғаныңызға түсіне алмадым.
- Миссис Уэлдон, сабыр етіңіз, қазір айтам: 1871 жылы, дəлірек
айтқанда, бұдан екі жыл бұрын, бір саяхатшы континентті батыстан
шығысқа қарай кесіп өтпек болып, Францияның географиялық
қоғамынан
тапсырма
алып,
Африкаға
жөнелген.
Оның
экспедициясының аттанған жері дəл Конго өзенінің жағасы болатын.
Барып тірелетін ақырғы пункті Ровум өзенінің сағасындағы Дельгадо
мүйісі; саяхатшылар Ровум өзенін жағалап төмен ағуға ниеттенген. Ол
Самюэль Верной деген адам еді.
- Самюэль Вернон?! — деп қайталады миссис Уэлдон.
- Ие, Самюэль Вернон. Байқайсыз ба, ол кісінің аты мен
фамилиясы Дингоның алфавит ішінен аралап алған əріптерінен
басталады, жəне ол əріптер оның қарғы бауына ойылып жазылған.
— Шынында да сəйкес екен,— деді миссис Уэлдон.— Ал сонымен
ол саяхатшы не болды?
— Ол кісі экспедицияға аттанып кеткен,— деп жауап қатты
капитан Гуль,— сол күннен бері одан ешқандай хабар жоқ.
— Мүлдем хабарсыз кетті ме? — деп сұрады Дик Сэнд.
— Ие, мүлдем хабарсыз,— деді капитан Гуль.
— Бұдан нендей қорытынды шығармақсыз?—деп сұрады миссис
Уэлдон.
— Демек, бұл ит...
— Бұл ит, Самюэль Вернонның иті болса керек. Бірақ егер менің
болжалым əділетті болса, Динго қожасынан гөрі бақыттырақ: ол өзін
«Вальдектің» капитаны тауып алған жерге, Конго өзенінің сағасына
кері оралып жетуіне мүмкіндік болды.
— Капитан, сіз мынаны айтыңызшы, француз саяхатшыға ит еріп
шыққанына сеніміңіз бар ма, əлде бұл сіздің тек жорамалыңыз ба?
— Жоқ, миссис Уэлдон, бұл менің тек жорамалым ғана,— деп
жауап қатты капитан Гуль.— Дегенмен, Дингоның бүкіл алфавит
арасынан «С» пен «В» əрпін ажырата білуі, Самюэль Вернонның иті
екендігіне талассыз дəлел бола алады. Əрине, иттің жиырма алты
əріптен құралған алфавит арасынан екі əріпті ажырата білуді қайдан
жəне қалай үйреніп жүргенін айта алмаймын. Əйтеуір сол екі əріпті
Дингоның білетіні анық, ана қараңызшы, оның текшелерді аяғымен
ысырып қоюы, мынаны оқыңыз деп бізге жалынған сияқты емес пе?
Шынында да Дингоның қылығын басқаша пайымдауға болмайтын
еді.
— Бұл қиын экспедицияға Самюэль Вернон жалғыз шыққан ба? —
деп сұрады Дик Сэнд.
— Білмеймін,— деді капитан Гуль.— Бірақ жергілікті халықтан
жүк көтеруші отряд алуы ықтимал.
Осы минутта Негоро палубаға шыға келді. Алғашқыда оның
келгенін ешкім байқаған жоқ, жəне «С» пен «В» əрпін бұрынғысынша
аяғымен басып тұрған итке португалдың отты көзімен қарағанын да
ешкім сезбесе керек. Бірақ Динго кеме аспазын көрісімен, тісін
ақситып ызалана ырылдады.
Негоро сол сағатында кері бұрылып өзінің каютасына кіріп кетті,
бірақ оның итке қарап өткен отты көзінде ешқандай жақсылықтың
нышаны жоғы айқын еді.
— Мұнда бір құпия сыр бар екен,— деп күбірледі капитан Гуль.
— Иттің алфавит ажыратуды үйренуі ғажап емес пе? — деді Дик
Сэнд.
— Жоқ, жоқ! — деп айқайлады кішкентай Джек.— Мамам оқи да,
жаза да білетін иттің əңгімесін маған талай айтқан. Ол иттер тіптен
мектеп мұғалімі сияқты домино ойнауды да біледі екен.
— О, қарашығым,— деді миссис Уэлдон күлімсірей сөйлеп,— мен
саған Мунито деген итті əңгіме еткенмін, ол ит мүлде сенің
айтқаныңдай білімді емес. Егер менің естігеніме сенетін болсаң,
Мунито өзінің сөз құрастырған əріптерін бірінен бірін ажырата да
білмейді, оның «білгірлігіндегі» күллі жасырын сыр, — есту
органының аса сезгіштігінде екен. Оның иесі бір пысық американ
болған, ол Мунитоның бұл қасиетін біліп, итті үйрете бастайды,
сөйтіп, ақырында таң қаларлық нəтиже шығарған.
— Миссис Уэлдон, ол адам Мунитоны қалай үйретті екен? — деп
сұрады, жас əйелдің əңгімесіне Джектен де бетер қызыққан Дик.
— Ол былай, достым! Мунито жиналған жұртқа «ойын»
көрсетерде, стол үстіне мына текшелер сияқты əріп таңбасы салынған
текшелер қойылады. Ит құрастырылуға тиісті сөзді халықтың айтуын
күтіп стол үстінде əрілі-берілі жүре береді. Айтылған сөзді ит иесінің
білуі шарт.
— Демек, иесі қасында болмаса...— дей беріп еді Дик.
— ...Ит өздігінен түк те істей алмас еді,— деп миссис Уэлдон
Диктің сөзін жалғастырып əкетті.— Əріп таңбалары жазылған
текшелердің стол үстінде жаюлы жатқанын жаңа ғана айтып өттім,
Мунито ол əріптердің жанына келіп əрілі-берілі жүре береді.
Құрастыратын сөзге керекті əріптің тұсына келеді де, қалт тұра
қалады, бірақ ол өзіне керекті əріпті танығандықтан тоқтайды емес,
иесінің қалтасындағы тіс шұқуыш қауырсынның шырт еткен дыбысын
естіп тоқтайды, қауырсынның шырт еткенін басқа адамдар аңғармай
қалады. Болмашы дыбыс иттің əлгі текшені алып, басқа текшелердің
қатарына апарып қоюына берілген белгі еді.
— Мұндағы жасырын сыр бар болғаны осы-ақ па? — деді Дик
Сэнд.
— Ие, бар болғаны осы, жасырын сырдың ешқандай қиындығы
жоғын байқаған боларсың,—деп жауап қатты миссис Уэлдон.—
Дегенмен, циркте көрсетілетін басқа да фокустердің көпшілігі осы
сияқты оңай болады. Иесі жанында болмаса, Мунито «талантты
білгірлігін» өздігінен істей алмас еді. Ал енді мына Динго Самюэль
Вернонның жоғында-ақ,— егер мұның иесі шынында да сол болса,—
мына екі əріпті тани білді, мен бəрінен бұрын осыған таңданып
тұрмын.
— Расында да бұл таңданарлық уақиға,— деді капитан Гуль:—
Дегенмен, бұл арада Динго жұрттың қалауымен сөз құрастырып
тұрған жоқ: оның аралап алатыны тек қана екі əріп, сол əріптен
жаңылып жаза баспайтыны ғажап. Бір ит қайыршыларға үлестіруге
арналған қалдық астан ас сұрап монастырь есігіндегі қоңырауды
шылдыратуды үйренген екен, сол ит ет қақтайтын істік темірді күнара
аударып тұруға тиіс бопты, осы жұмысын кезексіз күндері істемей
жүріпті. Мүмкін, ол иттер біздің Дингодан анағұрлым зейіндірек
болар. Бірақ əңгіме онда болып тұрған жоқ. Біздің алдымызда талассыз
екі факты тұр: Динго, текше алфавитының ішінен тек қана «С» пен
«В» əрпін аралап алады. Шамасы, ол басқа əріптерді танымайтын
шығар. Бұдан бір ғана қорытынды шығаруға болады: осы екі əріп
иттің есінің қалмастай бір уақиғаға себеп болған.
— Ах, капитан Гуль,— деп күрсінді Дик Сэнд,— Дингоның тілі
болса, мына екі əріпті қайдан білетінін жəне аспазға неліктен тісін
қайрайтынын айтып берер еді!
— Tic болғаныңа! — деп күлді капитан Гуль, Динго есінегенде
оның ақсиған өткір тісін көрсетіп.
Достарыңызбен бөлісу: |