- Қазір елімізде ашаршылықтың тарихи, саяси бағасы берілмегені жөнінде көп қозғалады. Осы мәселені зерттеп жүрген тарихшы ретінде бұған не айтар едіңіз?
- Қазір елімізде ашаршылықтың тарихи, саяси бағасы берілмегені жөнінде көп қозғалады. Осы мәселені зерттеп жүрген тарихшы ретінде бұған не айтар едіңіз? - Ашаршылық трагедиясын зерттеу ісі басталған 1992 жылдан бері көп уақыт өтті. Енді қазір «Жаңа Қазақстан» форумы сияқты ұйымдар, жекелеген журналистер елімізде ашаршылық тарихшылар тарапынан ешқашан зерттелмегендей сыңай танытып отыр. «Көрмес түйені көрмес» дегендей, олар Қазақстандағы ашаршылық тарихын өздері жаңа ашып жатқандай жеткізіп жүр. Бұны көпшілік біле бермейтін болған соң, әрине, оларға сенеді. Шын мәнінде мүлде олай емес, ондай ұшқары пікірлерге жол беру әділетсіздік. Тарихшылар сол мемлекеттік комиссия құрылған 1991 жылдан бері көптеген архивтерді көтеріп, зерттеулер жүргізді. Олардың ғылыми еңбектері жинақтарға, оқулықтарға енді.
Комиссия жұмысының қорытындысы жайлы мақалалар 1992 жылы 21-22 желтоқсанда «Егемен Қазақстан», «Казахстанская правда», «Халық кеңесі», «Советы Казахстана» газеттерінде жарық көрді. Сондай-ақ, 1998 жылы «Қазақстандағы 1931-33 жылдардағы күштеп ұжымдастыру және ашаршылық» атты жинақ құрастырып, сол жинаққа комиссия қорытындысын тұтастай бердік. Одан кейін тарихшы Жұлдызбек Әбілхожин екеуміздің «Этноцид» атты көлемді мақаламыз «Егемен Қазақстанның» 1992 жылғы 30 мамырдағы нөмірінің бірінші бетінен бастап жарияланды. Яғни, «геноцид» – бір халыққа қарсы жасалған қырғын болса, «этноцид» – этносқа, ұлтқа жасалған қырғын. Сөйтіп, біз «Қазақстанда 1930 жылдары болған ашаршылық – қазақ ұлтына қарсы жасалған қылмыс» деп тұжырымдадық және соны дәлелдедік.
Шынында да Кеңестік биліктің қазақ халқына эволюциялық жолмен емес, күшпен басқа даму үлгісін таңуы оның дәстүрлі шаруашылық жүйесінің бұзылуына әкеп соқты. Соның салдарынан қазақ халқы жартысына жуығынан айрылды. Бұл өз кезегінде оның тіл аясының тарылуына, ұлттық мәдениетіне, салт-дәстүріне, т.б. жойқын кесірін тигізді. Сондықтан ашаршылықты этноцид деп қабылдауға тиіспіз.
Қазақ халқының 1930 жылдың басындағы нақты санын білмей ашаршылықтан қырылғандардың пайыздық үлесін анықтау мүлде мүмкін емес.
Бұл мәселеде мұрағат қойнауларында қажетті деректер сақталғанын да атап көрсетеміз. Негізінен бұлар Бүкілодақтық санақ көрсеткіштері. 1926 жылдың соңында Кеңестер Одағындағы қазақтардың саны – 3 млн. 968 мың адамды құраса, ал 1937 жылғы санақ мәліметі бойынша қазақтар – 2 млн. 862 мың адам, ал 1939 жылдың басындағы санақта – 3 млн. 842 мың адамды құрады. Ашаршылықтың демографиялық салдарларын зерттеушілер әдетте осы мәліметтерді басшылыққа алып, оларды салыстырмалы түрде талдайды. Олардың арасында шетелдегі Роберт Конгвест, Робер Дэвис, Стивен Уиткрофт, Никола Пианчиело және тағы басқалар да бар.
Дегенмен де, зерттеушілер үшін негізгі деректерді құрайтын бұл санақтарда қазақтардың саны бұрмаланып көрсетілгені ешкімді ойландыра қоймайды. Мұны дәлелдеу үшін 1897 жылғы халық санағына жүгінейік: бұл кезде қазақтардың саны – 3,5 млн. адамды құрады. Осыны бастау етіп алар болсақ, 1921-1922 жылғы ашаршылықта қазақтардың 30 пайызы қырылғанын ескергеннің өзінде де, 1926 жылғы Бүкілодақтық халық санағының қазақтардың санын толық қамтымағанын байқау қиын емес. 1916 жылғы патша үкіметінің есепке алу санағынан қаймыққан қазақтар 1926 жылғы санақтан жасырынып қалуға тырысты. Зерттеушілер осы мәселені ескере бермейді. Ал 1937 жылға қаңтардағы және 1939 жылғы қаңтардағы санақтардағы қазақтар санын салыстырғанда, кейінгі санақ көрсеткіштерінің қазақтарда орын алған ашаршылық құрбандықтарын азайту үшін адам санын асырып көрсететінін байқау қиын емес. Өйткені жоғарыда айтқанымыздай, 1937 жылғы санаққа жауапты адамдар (санақ басқармалары басшылары) түгелдей атылған соң, 1939 жылғы санақты жүргізушілер ашаршылық жалмаған аймақтарда адам санын (оның ішінде қазақтардың) үстемелеп көрсетуге амалсыздан барды. Бұлай болмаған жағдайда соңғы санақты жүргізушілер де алғашқылардың қасіретті тағдырын құшатын еді.
Бұдан шығатын қорытынды: аталмыш Бүкілодақтық санақ мәліметтері 1930-1933 жылдардағы ашаршылық құрбандарының санын анықтауда негізгі дерек көздері бола алмайды. Оларды мұрағат қойнауындағы әртүрлі мекемелердің ресми мәліметтерін талдауда қосымша, жалпылама және жанама деректер ретінде ғана пайдалануға болады. Өкінішке қарай, шетелдіктерді айтпағанда өзіміздің зерттеушілерміз де осы санақтардағы олқылықтарды ескере бермей жүр.
Шындықты іздестірер болсақ, басты деректер қатарына Халық Комиссарлар Кеңесі жанындағы Отырықшыландыру жөніндегі республикалық комитеттің техникалық кеңесінің ресми мәліметтері де есепке алынуы тиіс. Осы мекеменің 1931 жылы 14 желтоқсандағы мәжілісінде мемлекеттік жоспарлау мекемесінің ресми мәліметі тыңдалған. Бұл бойынша Қазақстандағы барлық көшпелі және жартылай көшпелі қожалықтар санының 706 мың екендігі атап көрсетіледі. Олардың 42 мыңы, яғни 5 пайызы ауқатты қожалықтар еді. Бұл дегеніңіз, сол жылдары осы мекемеде қызмет жасаған М.Г.Сириустың есебі бойынша, 4 млн. 236 мың қазақ болып шығады. Ол кезде Қазақстандағы барлық ауыл халқының (басқа ұлттарды қосып есептегенде) саны – 5 млн. 800 мыңнан асып түсетін.
Бірақ бұл деректердің де кемшілігі бар: біріншіден, мұнда ашаршылықтың алғашқы жылында қырылған қазақтар есепке кірмей қалған; екіншіден, мұнда тек көшпелі және жартылай көшпелі қазақ шаруаларының саны ғана есепке алынған. Әйтсе де, бұл көрсеткіш сол жылдардағы қазақ халқының 90 пайызға жуығы болып табылады. Отырықшы қазақтарды есептемегенде, осы жылдары қазақтардың 6 пайызға жуығы қалаларда тұрғанын ұмытпауымыз керек. Бұл жылма-жыл өткізілетін, біршама шынайы қала халқының санағында көрсетілген. Алайда қазақ халқының саны 1928 жылғы ірі байларды тәркілеу науқанынан бастап қысқара бастағанын ескеруге тура келеді. Бұл мәселеде де бізде нақты мұрағаттық дерек бар. Ол бойынша 1928 жылы қазақтардың барлық қожалықтарының саны – 826 мың (яғни 4 млн. 800 мыңнан астам адам) екенін көреміз. Бұлардың 120 мың қожалығы отырықшы болса, 700 мыңнан астамы көшпелі және жартылай көшпелі еді. Міне, қасіретті зобалаң қарсаңындағы қазақтың нақты саны осындай.
1937 жылдың 14 ақпанында республика санақ басқармасының бастығы (Қазнархозучет) Саматовтың Мәскеудегі бастығы Кравальға және Мирзоянға жолдаған мәліметі бойынша, 1930 жылы 1 маусымда ауыл халқының саны – 5 млн. 873 мың адам (оның ішінде қазақтар 4,5 млн-нан асып түсетін) болатын. Осылайша, ресми деректер ашаршылық қарсаңындағы Қазақстандағы қазақ және басқа халықтардың ауыл шаруашылығындағы санын анықтауға мүмкіндік беретінін ескергеніміз жөн. Бұл айтылғандарды дәлелдейтін жанама ресми деректер де баршылық. Олардың ішінде Л.Мирзоянға жазылған «Алтаудың хатындағы» (Ғ.Исқақов, И.Қаболлов, Ж.Арыстанов, В.Айбасов, Ғ.Тоғжанов, У.Жандосов (Ораз Жандосовтың ағасы)) ресми мәліметтер де бар. Онда хат авторлары Қазсовнаркомның мәліметі бойынша 800 мың қазақ шаруашылығынан (4 млн. 800 мың адамнан) 1932 жылдың көктемінде 450 мың қазақ шаруашылықтары (2 млн. 250 мың қазақ) қалғанын атап көрсетеді.