Босқындардың саны қанша? Бұл мәселеге байланысты мұрағат қойнауларында деректер өте көп. Өйткені кезінде Мәскеудегі Тұрар Рысқұловтың арнайы тапсырмасымен Қазақстан басшылығы үкімет жанынан Босқындарды шаруашылықтарға орналастыру комитетін құрған болатын. Оның өкілдері қазақтар босып кеткен Кеңестер Одағының аймақтарында жұмыс жасап, босқындар санын анықтаумен және оларды Қазақстанға қайтарумен айналысты. Осыған қатысты құжаттар мұрағат қойнауларында сақталған.
Босқындар саны Тұрар Рысқұловтың Иосиф Сталинге жазған екінші хатында да әртүрлі аймақтар бойынша біршама нақты көрсетілген. Сонымен бірге Батыс Сібірдегі, Орта Еділдегі, Қырғызстандағы, Орталық Азиядағы қазақ босқындары туралы мәліметтерді сол аймақтың басшылары да Мәскеуге және Қазақстанға жолдаған ресми және жедел хаттарында нақтылай түседі. Олардың бәрін тарихи салыстырмалы түрде талдар болсақ, 1932 жылдың 1 ақпанына дейін қазақстандық 1млн. 500 мың адамның босқыншылыққа ұшырағанын байқаймыз.
Бірақ босқыншылық 1933 жылдың шілде айына дейін созылды. Қазақстан үкіметінің 1933 жылы Мәскеуге берген ресми мәліметтеріне қарасақ, 1931-1933 жылдары Қазақстан бойынша ауыл халқының саны – 2 млн. 600 мың адамға кеміген. Бұл негізінін қазақ қожалықтарына қатысты. Жылдар бойынша қарастырар болсақ, 1930-1931 жылдары (маусым айындағы есеп) ауыл халқы 759 мың адамға кемісе, 1931-1932 жылдары 1 млн. 887 мың адамға, 1932-1933 жылдары 733 мың адамға, барлығы – 3 млн. 379,5 адамға кеміген. Атап көрсетер бір нәрсе, бұл мәліметтер қайтыс болғандарды да, тірі босқындарды да қамтиды. Яғни, мұрағат қойнауындағы деректерде аштық құрбандары мен тірі қалған босқындар сандары көбіне бірге көрсетіледі. Мұның өзі босқындар санын ашаршылық құрбандарынан бөліп көрсету қажеттігін туғызады. Өйткені тірі қалған босқындарды анықтамай, аштан өлгендердің санын нақтылау мүмкін емес.
Санақ мәліметтерін талдағанда, көрші республикалардан Қазақстанға қайтпай қалған қазақтардың 300 мыңнан астам адам екенін аңғара аламыз. Қазақстанның өз ішіндегі босқындарға келетін болсақ, бұл мәселеде де нақты деректер бар. 1934 жылдың 1 қаңтарына дейін Қазақстандағы шаруашылық, өндіріс орындарына орналастырылған босқындар саны – 628,2 мың адам (139,6 мың қожалық). Жалпы 1933-1934 жылдары Қазақстанда 640 мың адам (160 мың шаруа қожалықтары) босқындарға көрсетілген көмектің нәтижесінде Қазақстанға орналастырылды. Жалпы босқындардың Қазақстаннан шығып кеткен 500 мыңнан астамының 200 мыңдайы Қазақстанға қайтып оралды. Л.Мирзоян өзінің 1933 жылы 23 наурызда Сталинге және Молотовқа жазған хатында республика ішіндегі босқыншылыққа ұшыраған халықтың санын – 300 мың адам (90 мыңнан аса қожалық) деп атап көрсеткен болатын. Сонымен қатар, Қазақстанның 30 ауданында босқыншылық орын алғаны туралы Голощекиннің 1932 жылға 9 қыркүйекте Мәскеуге жазған хатында нақты атап көрсетіледі. Жанама және ресми деректерді талдау нәтижесінде алапат ашаршылықта 1930 жылы қазақ босқындарының саны жалпы алғанда (шетелдегілерді қосып есептегенде) 1 млн. 100 мыңнан асып кетті.
Босқындар санын толығырақ көрсету үшін шет елге өткен қазақтар санын анықтап алуымыз керек. Бұл мәселенің осы уақытқа дейін едәуір бұрмаланып келгенін де айтпасқа болмас. Тағы бір айта кетер нәрсе, Қазақстан тарихына байланысты іргелі зерттеулерде Қазақстанда аштан қырылғандар шығынын аман қалған босқындар есебінен жауып, осылайша ашаршылық құрбандарын азайтып жіберетіндер де бар. Мысалы, Роберт Конквест Қазақстанның шекаралық аудандарынан Батыс Қытайға 200 мың қазақ көшіп кетті десе, ал ресейлік тарихшылар Ю.А.Поляков, В.Б.Жиромская, И.Н.Киселев олардың санын 1,3 млн. адамға жеткізеді. Әсіресе соңғылардың Қытайға өткендердің санын ешбір негізсіз тым ұлғайтып көрсетулері Қазақстанда аштан қырылған қазақтардың сандарын көпе-көрнеу азайтып көрсетуге алып келетінін айтуға тура келеді.
Өкінішке қарай, Қытайға кеткен қазақтар санын 500 мыңдай адам деп көрсететін қазақстандық тарихшылар да (Б.Төлепбаев, В.Осипов) бар. Мұның өзі кейбір зерттеушілерді аштық қасыретіне байланысты қате қорытындылар жасауға итермеледі. Егер 1930-1933 жылдары Қазақстанда қысқарған ауыл халқының саны босқындарды қосып есптегенде – 3 млн. 379,5 мың деп есептесек, қазақтарды шет елге көптеп көшіріп жіберу аштан қырылғандарды азайтады. Мұндай қорытындылар, сөз жоқ, ашаршылық жылдарындағы тарихымыздың шындығын көлегейлейді. Айта кетер бір мәселе, Қытайға кеткен қазақтар саны ОГПУ-дың шекаралық бөлімдерінің мәлімдемелерінде және Қытайдағы КСРО барлаушыларының құпия баяндауларындағы деректерде нақты көрсетілген. Олар бойынша тіптен Қытайға көшкендердің әлеуметтік құрамы да нақтылана түскен. Мысалы, 1930 жылы Қытайға 15 мың 302 қазақ өткен болса (олардың 3 510 – байлар, 5039 – орташалар, 40463 – кедейлер, 2290 – колхозшылар), ал 1931 жылы Қытайға өткендер 36 965 адам (олардың 7542 – байлар, 3606 – орташалар, 14 840 – кедейлер, 8469 – колхозшылар) екенін көреміз. Яғни екі жылда Қытайға өткендер саны барлығы – 49 мың 759 адамды құрайды.
Сонымен қатар шекарадан өтерде ұсталғандарының да саны деректерде атап көрсетілген. Мысалы, 1931 жылдың 1 қаңтарынан 1 қарашасына дейінгі аралықта ғана шекарадан 14 мың 412 адам ұсталған. Шекараны бұзып өтпек болған босқындардың қанды қырғынға ұшырағандары да тарихи шындық. Ресми мәлімет бойынша 1930 жылдың өзінде ғана Іле округінің шекарасынан Қытайға өтерде 1000-нан астам қазақ босқындары өлтірілген. Дегенмен де, Батыс Қытайда 1931 жылдың 1 қарашасынан бастап шекара күзеті барынша күшейтілді. Дәл осы кезеңде Кеңес үкіметі тарапынан да шекараны күзетуге байланысты қосымша шаралар қолға алынды. Өз кезегінде Батыс Қытайдың Үрімші және Чигучак губернаторлары 1932 жылдың наурыз айында Қытай шекара күзетіне КСРО-дан өтіп келген босқындарды жедел кейін қайтару туралы арнайы нұсқаулар берді. Бұл бойынша босқындарды жасырған Қытай шекрашылары жауапкершілікке тартылатын болды.
Айта кетер нәрсе, 1930 және 1931 жылдардағы Қытай мен Қазақстанның шекаралық аудандарындағы халықтың қысқаруы туралы Мемлекеттік Жоспарлау мекемесінің мәліметі де бар. Ол бойынша осы кезеңде Қазақстанның шекаралық аудандарында халық саны – 87 мыңдай адамға қысқарған. Сонымен қатар Қытайдағы барлаушылардың мәліметтері бойынша Батыс Қытайда осы жылдары Қазақстаннан көшіп келген 60 мың адам өмір сүріп жатты. Осыларды және 1932 жылы шекарадан өткендерді және шекара бойындағы қарулы қақтығыстарда қайтыс болғандарды қосып есептейтін болсақ, Қытайға өткен қазақтардың санын 70 мыңның айналасы деп көрсетер едік. Бұларға Ауғанстанға және тағы басқа шет елге өткендерді қосып санағанның өзінде күштеп ұжымдастыру жылдарында шет елге өткендер саны шамамен 100 мыңның айналасын ғана құрайды. Шекаралық ОГПУ органдарының мәліметтерінде қазақтардан кейін Қытайға көп көшіп жатқан ұйғырлар болып табылатыны атап көрсетіледі. Олар негізінен Жаркент және Октябрь аудандарынан көшіп кетті. Қытайға кеткендер арасында дүнгендер мен орыстар да бар. Бұлар Жаркент, Лепсі, Үржар және Зайсан аудандарынан көшіп кеткендер болатын. Ресми мәліметтерде Қытайға қазақстандық дүнгендердің жартысынан жуығы көшіп кеткені атап көрсетіледі.
Дегенмен де, Қытайға өтушілердің негізін қазақ босқындары құрады. 1931 жылы Қытаймен шекаралас аудандардың саны 11 (бұрын 16 еді) болды: Алакөл, Лепсі, Октябрь, Жаркент, Кеген, Катонқарағай, Зайсан, Тарбағатай, Үржар аудандары. Сонымен қатар Талдықорған және Ақсу аудандары да шекараға жақын орналасты. Шекаралық аудандардың халқы 1931 жылы 505 мың адамнан асып түсті (бұл Қазақстан халқының 7,33 пайызы болатын). Шекаралық аудан халықтарының 66,10 пайызы қазақтар (334 мың 268 адам) болды. Бұдан байқайтынымыз, шекаралық аудан халқының өзі жарты миллионнан сәл ғана асатындықтан Қытайға бұл кезеңде 1 миллионнан астам адам көшіп кетті деуге ешбір негіз жоқ. Оның үстіне 1930 жылдан бастап Батыс Қытайда халықты паспорттық жүйеге тіркеу қолға алынған еді. Мұның өзі Қытай жағының сырттан келген босқын қазақтарды арнайы есептеуіне алып келді.
Қорыта келгенде айтарымыз, Қазақстаннан сыртқа шығып кеткен босқындарды және Қазақстанның өз ішіндегі босқындарды есептегенде, олардың жалпы санының 1 миллионнан асып түсетінін (нақты санақ бойынша 1 млн. 149 мың адамнан асатынын) аңғара аламыз.