- Ол құжаттар интернеттегі архивтердің ашық қорынан табыла ма? - Олардың барлығын бірдей көпшілікке жайып сала бермейді. Архивтің өзіне қажет, тек арнайы зерттеушілерге ұсынатын материалдары болады. Осы ретте айта кетерлігі, қазір Өзбекстан бізді өз архивтеріне жібермейді. 1991 жылғы тамыз айында (Мәскеуде бүлік болған кез) мен Ташкент архивінде болған едім. Архив ол тұста ашық, оның үстіне құпия құжаттар қарауға рұқсатым бар. Сонымен 20 күн отырып Өзбекстан үкіметінің, Халық комиссарлар кеңесінің мұрағаттық істерін қарағанда осы елге аштықтан босып барған қазақтар туралы бір де бір құжат таба алмадым. Бір істі ашқанда «Совет народных комиссаров Узбекской ССР» деп жазылған ресми бланктегі қаулы тұр, бірақ парақтың жартысы жыртып алынған. Атауы: «Рассмотрение вопроса об устройстве казахов-голодобеженцев». Яғни, ашаршылықтан босқын болып келген қазақтарды орналастыру жөніндегі қаулы. Асығыс жұлып алынған болуы керек, бас жағы қалып қойған. Ақырындап залдың меңгерушісінен «Біз өзбек еліне 278 мыңдай қазақ босқын болып жеткенін білеміз. Бірақ бұл жөнінде бір де бір құжат жоқ» деп, жұлып алынған бетті көрсеттім. Сонда жаңағы қызметкер Шараф Рашидов басшы болған кезде ашаршылықта босқын болып келген қазақтар туралы құжаттардың көзін жою туралы арнайы нұсқау болғанын айтты. Сөйтіп архивтерді тазартқан, бұл істерді арнайы сақтауға берді ме, әлде мүлде құртып жіберді ме, ол жағы белгісіз. Бәлкім, облыстық архивтерде бар болар. Ал Ташкенттің орталық мемлекеттік архивінде жағдай осындай.