- Мал басын түгендедік, адам саны ше? Архив деректерінде бұл нәубеттің адам шығыны қалай сипатталған? - Демографияда халықтың кемуі деген ұғым бар. 1930 жылы халыққа қысым күшейе түскен кезде Қазақстан халқының саны 317 373 адамға кеміген. 1931 жылы – 754 888, 1932 жылы – 769 160, 1933 жылы – 690 020 адамға кемігені тіркелген. Барлығын қосқанда – 2 миллион 531 мың 441 адам. Оның ішінде аштан өлгені, аштықтан қашып жан-жаққа кеткендері бар. Жалпы ашаршылық жылдары өзге елге босып кеткендердің 330 мыңы елге 1935-1938 жылдары оралды. 1940 жылға дейін барлығы 600 мыңдай адам Қазақстанға қайтып келді. Сонымен, ашаршылық жылдары қаза болғандар – 2 миллион 200 мың адам. Оның 1 миллион 750 мыңы қазақ, қалғаны басқа ұлт өкілдері. 200 мыңдай адам жер ауып келгендер.
Бұл статистиканы 1991-92 жылдары аталған комиссияның құрамында болған демограф ғалым Мақаш Тәтімов бізбен қатар отырып есептеп шығарған. Аталған цифрларды мен ҰҚК-нің архивіндегі мұрағаттық істерден алдым. Жалпы, НКВД, ОГПУ деген Үкіметке елде болып жатқан шынайы жағдайды жеткізетін мекеме болды. Осы арнайы қызмет облыс, аудандар бойынша ашаршылыққа қатысты мәліметтерді де тіркеп отырған.
Қазақстандағы мал басының кемуі, адамдардың қырылуы туралы деректер сол істерден алынды. Атап айтарым, бұл нақты деректер. Оның рас екеніне көзім анық жетті. Осыдан 4 жыл бұрын Мәскеудің мемлекеттік архивінде, экономика архивінде материал қарадым. Сондағы құжаттарға сәйкес, ВЦИК – Бүкілодақтық орталық атқару комитетінің (қазіргіше айтқанда – үкімет) құрамында көшпелі және жартылай көшпелі халықтарды отырықшылыққа көшіру жөніндегі комиссия құрылған. Мұндағы көшпелі және жартылай дегеннің ішінде қазақ, қырғыз, қалмақ, якут, тува, моңғол, бурятқа дейін бар. Комиссия сол халықтардың статистикасын берген. Біріншіден, бұл құжатта Қазақстандағы адам санының кемуі НКВД-дан мен алған цифрлармен сәйкес болып шықты. Екіншіден, сол құжаттар бойынша, 1930 жылдары қазақстан басқа көшпелі халықтар аштан өлмеген. Бұл тек бізде болған сұмдық трагедия. Кеңестік саясат осылайша қазақты мүлде жоюға итермелеген.