- Қазақстанда ХХ ғасырдың басында бірнеше дүркін ашаршылық болғаны белгілі. Бұл жөнінде зерттеулер не дейді? - Мен Қазақстан, Мәскеу архивтерінің құпия грифтері алынған мұрағаттық істерінен 1921-22 жылғы ашаршылықтың статистикасын арнайы қараған едім. Бұл аштықтың 1930 жылғыдан елеулі айырмашылығы бар. 1921 жылы мамыр айында Кеңес үкіметіне елдің көптеген жерінен хабар түсе бастайды, себебі, көктемгі егістен кейін қуаңшылық пен шегіртке сияқты зиянды жәндіктердің кесірінен қылтанақ болып шыққан егін құрып кетті. Содан мамыр-маусым айларында тексеру жүргізіліп, жағдай анықталады. Сол 1921 жылдың жазында Лениннің өзі «Бұрынғы Ресей империясының орнына келген жаңа Кеңес мемлекеті осындай қиындыққа душар болып отыр, сондықтан біз әлемдік қауымдастықтан жәрдем сұраймыз» деп, әлемдік қауымдастыққа үндеу жариялайды. Сөйтіп, Америкалық көмек қоры (ARA – American Relief Administration), Нансен қоры, Ұлыбританиядағы Квакерлер қоғамы сияқты халықаралық ұйымдар аштық жайлаған КСРО-ға көмек көрсетіп, азық-түлік жіберген. Архивте шетелден келген көмектің мөлшеріне дейін бар. Айта кетерлігі, азық-түлікті жан-жаққа жіберген кезде негізінен жол бойындағы орыс елді мекендеріне көмек көбірек беріліп, алыстағы қазақ ауылдарына жетпей де қалған.
Ол тұста Қазақ Кеңес автономиялы республикасы құрылған, орталығы Орынбор еді. РКП(б) Қырғыз облыстық комитетінің хатшысы Абдолла Асылбеков – 1921-22 жылдардағы ашаршылықта халыққа көмек көрсетуді ұйымдастыру жұмыстарын басқарған адамның бірі. Архивте сол кісінің берген есептері бар, сол есепте Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Қостанай облыстары бойынша кеміген адам саны 411 мыңға жеткен, оның ішінде қырылғаны да, жер ауып кеткені де бар. Оңтүстіктің егін егетін отырықшы аудандарына, «тоқ қала» деп Ташкентке ойысып кеткен. Міне, жаңағы цифрлар халықтың қаншалықты кемігенін көрсетеді.