2.Қасым сұлтан мен оның балаларының отаршылдыққа қарсы жүргізген күресі Патша үкіметінің 1822–1824 жылдары Орта жүз бен Кіші жүзде енгізген басқару ережелері қазақ ұлтының дəстүрлі басқару жəне құқық жүйесін жойып, орнына округтік жəне шекаралық ресейлік басқару мекемелерін ашты. Ресей билеушілері қазақ жерінің ең шұрайлы жерлерін тартып алып, Ақтау, Ақмола, Қызылжар, Көкшетау, т.б. жерлеріне өз əскери бекіністерін сала бастады. Қазақ халқының қарулы қарсылығына бір ғана əкімшілік басқару жүйесіндегі отаршыл үкімет жасаған өзгерістер себеп болып қана қойған жоқ, оған Солтүстік, Шығыс Қазақстанда суы мен жайылымы мол Ертіс, Есіл өзендерінің бойындағы жерді біртіндеп орыс-казак шаруаларының өз иелігіне бөліп алуы, алым-салықтың өсуі де қатты қозғау салды.
1822 жылдан бастап, Көкшетау өңірінде беделімен белгілі, Абылай ханның ең кіші ұлы Қасым сұлтан өзінің балаларымен Ресейге қарсы күрес жүргізді. Абылайдың қалмақ қоңтайшысы Галдан Сереннің қызынан дүниеге келген Қасым сұлтанның бəйбішесі Айкүмістен Кенесары (алты ағайынды — Саржан, Есенгелді, Көшек, Ағатай, Бопай), екінші əйелінен Наурызбай туған [2]. Қасым сұлтан округтік тірек пунктер құру туралы патша үкіметінің шешіміне қарсы шықты. Ол 1825 жылы 14 маусымда Орынбор генерал-губернаторына, тағы басқаларға хат жазды. Округтік тірек пунктерді жоюды талап етті. 1826 жылы 18 сəуірдегі хатында Қасым сұлтан жазалаушы отрядтың бейбіт ауылдарға шабуыл жасап, халыққа көп зардап шектіргенін айыптап жазды.
Ресей империясының саясатына қарсы алғашында Абылай хан ұрпақтары Ғұбайдолла сұлтан, кейін Қасым төренің ұлы Саржан сұлтан көтеріліске шықты. Саржан сұлтанның жасақтарының арасында жас сұлтан Кенесары да болды. Ол сол кезде-ақ бостандық туралы ойларымен көзге түсті. Өкінішке орай, Қасым сұлтан мен оның балаларының (Саржан, Есенгелді, Кенесары) Ресейге қарсы күресінде одақтас болған Қоқан хандығы сатқындық жасады. 1836 жылы Қоқан билеушісінің нұсқауы бойынша Саржан өлтіріледі.
1840 жылы Қасым да, Есенгелді де азаттық үшін күрес жолында Ташкент билеушілерінің қолынан қаза табады. Алайда Қасым сұлтан мен оның балаларының отаршылдыққа қарсы бытыраңқы сипатта жүргізген күресі тоқтап қалмады.
Есенгелді мен Саржан өлген соң, Қасым сұлтанның қызы Бопай ханша мен ұлы Кенесары билікті қолға алды. Ұлт-азаттық күресті белсенді түрде Кенесары сұлтан бастады.