3.Кенесарының көтерілісшілердің көсемі ретінде саяси аренаға шығуы Қасымұлы Кенесары хан — Қазақ хандығының соңғы ханы, Орта жүздің саяси өмірінде жүз жыл бойы басшылық рөл атқарған шаңырақта дүниеге келіп, тəрбиеленген. Ол өзінің тегі жағынан Төре тұқымынан. Арғы аталары Шыңғыс ханның Жошы деген үлкен баласынан тарайды: Шыңғыс хан — Жошы хан — Орда Ежен хан — Сартақай хан — Баян хан — Сасықбұқа хан — Ерзен хан — Шымтай хан, Орыс хан, Қойыршық хан, Барақ хан — Жəнібек хан (Əбу Сейіт) — Қасым хан — Хақназар хан — Шығай хан — Тəуекел хан — Есім хан — Салқам Жəңгір хан — Уəли (Бақы) — Абылай хан (Əбілмансұр) — Қасым — Кенесары хан [3].
Ауыз əдебиеті нұсқаларына қарағанда, Кенесары тым кішкентай болып туылыпты. Оған ат қойған адам титтей нəрестені алақанына салып тұрып: «Өзі құрттай ғана екен, ендеше, аты Кене Сары болсын» депті деген аңыз бар. Кенесары 1802 жылы қазіргі Көкшетау облысының Көкшетау деген елді мекенінде дүниеге келген. Кенесары бала кезінен əкесі Қасымның патша өкіметіне қарсы күресінің куəгері ғана емес, сол күреске қатысушы да болған [4; 10].
Текті отбасында дүние есігін ашқан Кенесары көркем Көкшенің тау-тасын кезіп, жабайы аңдарды аулауды бала күнінен кəсіп етіп өсті. Ол жастайынан-ақ ат құлағында ойнап, садақ ату сияқты ер жігітке тəн түрлі өнерді меңгерді. Оны көрген адамдар атасы Абылайға ұқсататын еді, əкесі Қасым да осы баласынан көп үміт күтсе керек. Кенесарының өзі де бала кезінде-ақ маңайындағы құрдастарына: «Мен ешқашан өзімнің батырлығымнан танбаймын жəне керемет ерлік көрсетіп барып өлемін» [5], — деп айтқан екен.
Кенесары тəуелсіздік жолындағы күреске ерте араласты. 20 жасында жас күрескердің ат үстіндегі өмірі басталды. Ағасы мен əкесі өмірден өткеннен кейін ол күрес тізгінін түгелдей өз қолына алды. Дегенмен, Кенесары сұлтан ашық күреске шықпас бұрын патша өкіметінің қазақ жерінде қорған салуларын тоқтатуын бейбіт түрде талап етті. Ол Абылай хан тұсындағы Қазақ хандығының аумақтық тұтастығын қалпына келтіруді, Ресей құрамына кірмеген аймақтардың тəуелсіздігін сақтауды көздеді. Отаршылдарға қарсы соғысты бастамас бұрын Кенесары бірнеше рет дипломатиялық қадамдар жасап: Николай І патшаға, Орынбор генерал-губернаторлары В.А.Перовскийге, В.А.Обручевке, Сібір генерал-губернаторы П.Д.Горчаковқа хат жолдады. Ақылды саясатшы жəне əскери қолбасшы ретінде Кенесары сұлтан жаудың мықты қарулы күші бар екендігін жақсы түсінді, сол себепті соғысқа мұқият даярланды. Бұл оның қазақтың Үш жүзін бір мақсат жолына біріктіру саясатынан, қару-жарақ соғуды, соның ішінде зеңбірек құюды жүзеге асыру үшін орыс жəне өзге ел шеберлерін тартуынан көрінеді. Қазақ ақсүйектері екі жарылып, бір тобын көтерілісті қолдаушылар құраса, екінші жағы оған қарсылар болды. Соған қарамастан, Кенесары қол астына 20 мыңға жуық сарбаз жиналды. Оның ішінде Орта жүз руларынан басқа, Кіші жүздің шекті, тама, табын, алшын, шөмекей, жаппас, жағалбайлы, т.б. руларының, Ұлы жүздің үйсін, дулат, т.б. руларының сарбаздары болды [6].
Сонымен, Кенесарының заңды талаптарына құлақ аспаған патшалық үкіметтің басқыншылық əрекеттері қарсы қозғалысқа əкеп соқты. Табаны күректей он жылға созылған Кенесары-Наурызбай қозғалысы халық жадында ұмытылмастай із қалдырды. 1836 жылы ағасы Саржан қаза тапқанға дейін өзінің нағыз батыр екенін дəлелдеген Кенесары өзі бас болып барлық шайқастарға қатысты. Иығына полковниктің эполеттерін тағып, қасына ерген ту ұстаушылары бар ол əрдайым əскерінің алдында жүрді. Сондықтан да жауларының өздері оның көзсіз батырлығын мойындаған, Кенесарыны көтерілісшілердің өздері де хандардың арасынан шыққан ең қаһарманы əрі ақылдысы деп білген. Кенесары бастаған күрес шын мəнінде ұлт-азаттық күреске айналды. Көтерілісшілердің өз əнұраны болғаны да белгілі. Сол кездері Кенесары үлкен көрегендік танытып халқының бірлігіне кедергі келтіретін жүзге, руға бөлінушілікті тыюға көп əрекет жасады. Даңқты қолбасшы мемлекет тəуелсіздігінің өте маңызды іс екенін халық санасына құюда қыруар еңбектер атқарды. Мемлекет мүддесін қорғау жолында жауды жеңіп, тəуелсіздікке қол жеткізу үшін халықты біліктілікпен басқару көп септігін тигізетінін ол жете түсінді.
Кенесары Қасымов өз айналасына ең адал кеңесшілер мен батырларды, халық арасынан отарлық езгіге қарсы күрестегі ең беделді, белсенді азаматтарды топтастыра білді.