4.Кенесары Қасымұлы бастаған ұлт – азаттық көтерілістерінің тарихи бағалануы Шет елдерде жүргізілген тарихи зерттеулерде Кенесарының жеке басына қатысты айтылған пікірлер
1917 жылғы Қазан төңкерісіне дейінгі Смирнов, Потто, Середа, Красовский, тағы басқа көптеген зерттеушілер Кенесарыны «қара басынан қалың бұқараның қамын жоғары қойған тұлға» деп сипаттаған:
Сырдария Статистикалық комитетінің толық мүшесі Е.Т.Смирновтың Кенесарыға берген мына бір сипаттамасы ерекше: «1844 жылы Кенесарының күш-қуаты артып, атақ-даңқы асып тұрған жыл болды. Шабандоз партизан есебінде ол таңғажайып əрекеттер жасап, қырғыз даласының ержүрек сайыпқыран жігіттерін төңірегіне топтай білді. Иығына «полковник эполеті» тағылған əдемі барқыт бешпентті Кенесары ту ұстаушысы мен ұзын қарағай найзаларын ырғай кезеніп, даланы дүбірлете шауып келе жатқан көк сауытты нөкерлерінің алдында əманда құйындатып, оқ бойы озық жүрер еді де, сол тау жығар екпінді шабуылымен келіп, қысас рулар мен билеуші сұлтандар жасақтарын оп-оңай жайпап кетер еді, ал жаулары болса, ақырында бас сауғалап, маң даладан безіп, Орынбор казактары шебіне барып паналап немесе соның маңында «ербеңдеп», көзге күйік болар еді.
Орынбор линиялық батальондары дүркілдете атқан оқтары мен зеңбіректерінің күркірете атқан картечьтері астында шыбын жанын шүберекке түйіп, зымырап жүрген қолбасшы батырдың айбынды түр-пошымының өзі, əр түсті байрақтар, белгілермен əшекейлеген, желден жүйрік салт атты əскерлердің даланы гуілдетіп шауып өткені, сəтті жортуыл жорықтардан кейінгі той-томалақтар, құла түзде емін-еркін аң аулап, ит жүгіртіп, құс салғаны — осының бəрі қырғыз халқының қиялына қанат бітіріп, оның ұйқы жеңіп, қалғи бастаған ескі сезім-түйсігін түрткілеп оятатын» [18].
«Түркістан тарихының» авторы Н.Павлов: «Кенесары өзінің бітім-болмысында қажымайтын- талмайтын дала батырларының типіне жатады: ол, тегі, аса ірі дарынның адамы болса керек. Дала перзенттерінің жыртқыштық бостандығын сақтап қалу Кенесарының ұраны болды. Кенесары өзінің ақтық демі біткенше Ресейдің қас жауы болса да, мен оны «түздің соңғы батыры» деп атасам, өз отанымның алдында күнə жасадым дей алмаймын» [11; 251], — деген əділ пікірін айтқан.
Орыс тарихшысы М.Красовскийдің: «Ақылы жағынан атасынан төмендеу тұрса да, мінезі мен қимылының адуандылығы бойынша əкесі Қасымнан, сол Абылайдан алшақ тұрды, аз ғана уақытта Кенесары бүкіл Сібір өңіріне белгілі болды» [4; 11], — деп ойын қорытындылауы, бір жағынан, азаттық күрестің себебін ашып көрсетсе, екінші жағынан, жаңа жағдайда тарихи сахнаға көтерілген ханның отаршылдыққа қарсы халық көтерілісін бір арнаға бұруда септік болғандығын аңғартады.
Ағылшындық зерттеуші Томас Аткинсон: «Кенесары қазақтардан ғажайып жауынгерлер даярлады. Найза мен айбалтаны тамаша игерген, шапшаңдығына көз ілеспейтін Кенесары жігіттері өзінен күші басым жаудан қаймықпай соғысып, жеңіп шыға беретінін естігенім бар. Егер білікті офицерлері болса, қазақтар əлемдегі ең əйгілі атты əскер құрар еді. Оларға тарихта даңқы асқан Шыңғыс хан жиһангерлерінің керемет қасиеттерінің бəрі тəн», — деген баға берген.
Ал əскери тарихшы В.А.Потто 1872 жылы өзінің «Қырдағы жорықтар хақында» деп аталатын дəрістерінде Кенесары көтерілісі туралы айта келіп, көтеріліс «бірауызды жəне жаппай көтеріліс сипатына ие болып, сондықтан оны ауыздықтау енді оңай болмады; оның үстіне бүлікті өжет, бірақ дарынды жəне асқан жігерлі адам басқарады» [19], — деп жазған.
Көтеріліс кезінде Кенесары ханның қабылдауында болған көпестер мен дипломаттар немесе тағдыр талқысымен атышулы қолбасшымен тілдескен басқа да жандар бірауыздан оның ілтипаттылығын, қонақжайлылығын атап өтеді. Осындай қолбасшының ауылында бір аптадай қонақтаған саудагердің көмекшісі Порфирий Глебович Уфимцевтің жазбаларында ханның тұрған үй- жайы жөнінде тартымды мəліметтер келтірілген: «Ханның киіз үйі, шындығында, патшаның тұратын жайындай бай екен. Қайда көз жүгіртсең де, қымбат кілемдер, қабырғада алтын жіпті шəлілер. Кенесарының жантайып отырған жастығы да алтын жіппен тігілгені көз нұрын алады. Киген киімі жібек, алтын жіптермен безендірілген. Үйдің табалдырығынан аттап, үш мəртебе жерге иілдік, Кенесарының киімін сүюге ыңғайланып едім, ол қолын көтеріп, өзі басыма ернін тигізді. Одан соң отырғызып, əр жайды сұрастырды» [4; 10].
Кезінде ресейлік генералдар Кене ханның ғаламат қолбасшы екенін еріксіз мойындап, лекциялар оқып, Кенесары əскерлерінің таңғажайып қимылдары туралы əсерлерін сол кезде батыс елдеріне кең тараған «Вестник Европы», «Современник», «Эхо», «Родина» сияқты журналдарға жариялап отырған. Француздың əйгілі жазушысы Жюль Верн осы деректерді молынан пайдаланып, «Патша шабарманы» деп аталатын роман жазған [20].
Жалпы, тарихта көзге ерекше түсетін, харизмалы тұлғалар болады ғой. Жюль Верн де осындай кейіпкер іздеген тəрізді. Оған Кенесарының Ресейге қарсы шығуы романтикаға теңдес болған. Қызығушылығы да осы романтикадан туындаған.
1847 жылы Сібір шекаралық комиссиясының əміршісі генерал-майор Вишневскийдің экспедиясымен Орта жəне Ұлы жүзде қазақ феодалдарымен тілдескен поляк Адольф Янушкевич: Кенесарыны бірде Алжир халқының француз отаршылдарына қарсы күресінің көсемі, шешен, ақын Абд-Əл-Қадерге (Абд Аль–Кадир); бірде біздің жыл санауымызға дейін екінші ғасырда Рим империясымен күресіп, көптеген соғыстар жүргізген Нумидия патшасы Югуртаға теңеген.
Ал белгілі ғалым П.П.Семенов Тян-Шанскийдің Кене ханды «Қырғыз даласының Митридаты» деп бағалауында мол негіз бар. Көпті көрген, өз заманының аса білімді перзенттерінің бірі — орыс саяхатшысының қазақ сұлтанын Рим империясының жаулау саясатына қарсы табанды күрес жүргізген, Кіші Азиядағы шағын ғана Понт патшалығының дербестігін сақтап қалуда əр түрлі жолдарды қарастырған, айла-амалдардан да тайынбаған, белгілі қолбасы Гней Помейдің жеңісінен кейін өзін-өзі өлтірген Митридат Евпаторға теңеуі — Кенесарының қолбасшылық, дипломатиялық қасиеттерін өте жоғары бағалауында [21].
Орыс офицері, белгілі тарихшы Николай Середа Кенесарының жеке басына мынадай қызық мінездеме берген: «Сұлтан Кенесары Қасымов Абылай сұлтанның тегінен тараған. Мұрагерлік кек алу талаптарында тəрбиеленген ол батыл əрі жігерлі, ал жеңілген жауына рақымсыз əрі қатал адам болатын. Ерте жасынан жортуылдар мен барымталарға қатысуы оны тамаша шабандоз етіп қалыптастырды.
Сəтсіздікке тап болған жағдайда тіршілік етуге қолайсыз далалы аймақтарға қашу оның рухын шыңдай түсті. Жалпы айтқанда, бұл адам аса көрнекті тұлға болатын жəне оны басқаша жағдайда тəрбиелегенде, сөзсіз, одан аса көрнекті мемлекет қайраткері шығар еді...
Епті саясаткер ретінде Кенесары өз тыңшыларын жан-жаққа, тіпті Сібір жəне Оренбург аймақтарына да жібереді. Олар өз басшыларына қатысты барлық əкімшілік шараларды алдын ала біліп алып, оны сол сəтте-ақ ханға жеткізіп отырды. Оренбург əкімшілігі қанша ізіне түссе де, Кенесарыны үнемі көздерінен таса етіп алатындарына таңғалатын. Даланың барлық ой-қырын бес саусағындай білген сұлтан ізімен жүріп келе жатқан əскерді адастырып, бір жерден екінші жерге ұшқыр қаршығадай лезде орын ауыстыра қоятын.
Өз антына адал Кенесары мен оның інісі Наурызбай жəне олардың тобындағы 3000 адамның барлығы Алатаудың бір шатқалында дулаттардың сатқындығының кесірінен (дулат руының қырғыздары) қаза табады. Сұлтанның басы, дұрысын айтқанда, бас сүйегі князь Горчаковтың қолына түседі. Ол оны Батыс Сібір басқармасында «Кенесары бүлігі жайында» атты іс бойынша сақтауға бұйрық береді.
... Кенесары өлді, бірақ оның ерлік істері жайлы естеліктер аңыз əңгімелер мен патриоттық өлеңдерге айналып, ордада əлі күнге дейін өмір сүруде» [22].
1837 жылы көтерліске шыққан Қазақ халқының басшысы, соңғы ханы Кенесары Қасымұлы осындай ірі саяси тұлға болды. Оның айтуынша, қазақ халқы дербес өркениетті мемлекет болуға дайын еді. Осы ойға байланысты Кенесары жəне оның ең жақын серіктері, туыстары мен əріптестері — барлығы да бұл қызметке белсенді қатысты.
Ерекше айта кететін мəселе, Кенесары хан ірі тұлға ретінде көшпелі мемлекеттің тəжірибесін одан ары дамытты. Осы жағынан ол орыс отаршыларына өте қауіпті саяси қайраткер еді. Міне, содан кейін де оның күресінің мəнін төмендетіп «вор, разбойник, мятежник» деп атап кеткендігі. Сол дəрежеде айыптау оларға ыңғайлы еді. Кенесарының өміріне қатысты көп қайшы мəселелер осыған байланысты. Соңғы жылдарға дейін оның жарқын бейнесіне көлеңке түсірер көптеген жайлар айтылып келген еді. Бірақ шындығы ондай мес. Көптеген құжаттарды толық жəне жүйелі түрде оқып, пайдалану барысында, Кенесарының саясаты дұрыс жолмен жүргізілді деуге мүмкіндік туды.
Қорыта келе айтарымыз, Кенесары Қасымұлының сіңірген тарихи еңбегі — ол қазақ халқының салт-дəстүрін сақтай отырып, оны бостандық пен тəуелсіздік жолындағы күреске жұмылдыруында. Кенесары хан адамзат тарихындағы біреуді біреудің отарлауы, құлдануы дұрыс еместігін Абд Əл- Қадер, Дожи, Гарибальди, Шамил, Ганди, Галеб, Боливар жəне тағы басқа тұлғалар секілді ерекше түсіне білгендігімен ерекшеленді. Ол — құлдыққа қарсы қарулы көтерілістің көсемі! Міне, сол үшін отарлаушылар оны қанша ұмыттырам десе де, ел ешқашан ұлы ханын ұмыта алмады.