Ертегі ермек емес. Табиғатта туған адам сол табиғаттың бір бөлшегі болса керек. Сондықтан болар адам өзін қоршаған табиғи ортаның түрлі қасиеттері, кескін келбеті, бітім болмысы туралы ой толғамай, бір тұжырым жасамай бейтарап қала алмайды. Пайымдаулар мен жасалған тұжырымдар есте жақсы сақталатындай жүйеленді.
Жоғарыда кез келген құбылыстың, нәрсеің геометриялық сипаты болады дегенбіз. Сол сияқты тағы бір сипаты ауыз әдебиетінде көрініс береді.Болған уақиғалар, табиғат құбылыстары мен өзгеріс сипаттары адамның өзіне етене таныс жағдайлармен, адам өміріндегі белгілі құбылыстармен бейнеленеді. Адам қиялы кейде әсірелей суреттеп, бір қарағанда сенімсіздеу әңгімелерді де тудырып отырған. Қалық ертегілеріне ортақ бір оқиға бар. Мысалы, ағайынды үш жігіт (кейде үш батыр) пен бойы бір қарыс, сақалы қырық қарыс шалдың күресі айтылады... Екі күн бойы екі батырдың әрқайсысына әлімжеттік қылып, тамақтарын тартып жеп жүрген бір қарыс шалды үшінші батыр үшінші күні жеңіп, сақалынан бір бәйтерекке байлап қояды. Шал бәйтеректі тамырымен қопарыпалып қашып кетеді. Батырлар ізімен қуып барса, бойы бір қарыс жер астына түсіп кеткен екен. Оның соңынан беліне арқан байлап үшінші батыр, шыңырауға түседі. Жер асты толған бойы бір қарыс сақалы қырық қарыстар екен. Батыр олардың бәрін, һәм шалды да жеңіпті. Сөйтіп жер астынан бір сұлу қызды кездестіреді. Батыр қыздың беліне арқан байлап жер бетіне шығарыпты. Жер бетіндегі жолдастары батырды жер астында қалдырады. Батыр есебін тауып, қырық күннен соң жер бетіне шығыпты. Өзін қалдырып кеткен жолдастарына келіп, оларды кешіріп, татуласыпты. Міне, ертегінің ұзын ырғағы осындай.
Бұл ертегідегі оқиға аспан шырақтарының қозғалысын тұспалдайды. Үш батырдың бір жерге жиналуы жыл маусымындағы жұлдыздардың тоғысын бейнелесе керек. Ал бойы бір қарыс, сақалы қырық қарысты құйрықты жұлдыз (комета) деп пайымдауға болады. Кім біледі, бәлкім, Галлей кометасы шыгар дейді-міс.
Бұл кометаны «Әл Фараби» деп атау орынды болар. Кометаның әр 76жылда бір рет жерге жақындап өтетіні мәлім. Әл Фараби 52 жасында (922 жылы) кометаны өзі көріп, бақылап зерттеген, - деген болжамды ғұлама ғалым Әл-Машани (А.Ж. Машанов) айтып, дәлелдеген. Құйрықты жұлдыз екі Шоқжұлдыздан өтті, үшінші Шоқжұлдыздың тұсынан қайтты, яғни үшінші батыр шалды жеңді. Осы кезде Құйрықты жұлдыздың құйрығы қысқарды. Мұны шалдың сақалын бәйтерекке байлау арқылы бейнелеген. Шал қашып жер астына түсті, яғни Құйрықты жұлдыз біртіндеп алыстап, көк жиектен асып көрінбей кетті. Кешікпей батыр оның соңынан шыңырауға түсті, Шоқжұлдыз да көкжиектен төмен түсіп кетіпті. Жер асты толған сақалдылар екен, яғни көптеген құйрықты жұлдыздар (кометалар) көрінді. Бұл Бикеш шоқжұлдызы, әлде Шолпан болар. Қырық күннен соң батыр жер астынан шықты, қырық күн бойы көрінбей кеткен шоқжұлдыз көк жиектен жоғары көтерілді.
Міне, ертегідегі оқиғаның осындай мақамдалған мағынасы болса керек. Бұдан ертегілердің бәрі бірдей астрономиялық жұмбақ деген ой тумайды. Қай ертегі болмасын негізгі өзегімен қоса физикалық, химиялық, һисабтық т.б. білімнің қарапайым қағидаларымен таныстыратындай, әрі тәрбиелік мәні бар көріністермен әдіптеліп отырады. Қай ертегіні алып қарасақ та қисынды қиял мен қоса, астарлы мағына, жасырын сыр бар. Қанша әсіреленіп өзгергенімен ертегілердің негізінде шындық жатады. Әсіреленіп сипатталатыны сондай, тіпті кейбір ертегінің терең сыры, қалықтың дүниетанымын көрсетеді дегенге сену қиын емес. Аспан мағынасы бар «Күн астындағы Күнікей қыз», «Ай астындағы Айбарша сұлу», «Қырық қарақшы», «Үркердің қызы Үлфілдек», «Үш арһар жұлдыз» сияқты ертегілерді саралай қарасақ аспан шырақтарының қозғалысы, шығуы, батуы, т.б. қасиеттері жұмбақталғанын көреміз.
Ертегілердің тағы бір шарасында адамның дүниетанымын, Әлемдік құрылымды көрсететін бейнелер суреттеледі. Әркімге де жақсы таныс Ертөстік ертегісіндегі жер асты әлемін жер бетімен жалғастырушы өткел аузындағы бәйтеректі алайық. Бәйтеректі әлемдік дің, ұстынның шартты белгісі деп танысақ, төменгі яғни жер асты әлемін айдаһар жылан (қос мекенді) арқылы бейнеленген. Ортаңғы әлемнің ишара белгісі болып Ертөстік пен Күнке алынған, яғни тіршіліктің, жалпы өмірдің жұптық бейнесі деп түсінеміз. Ал үстіңгі Әлем - аспан әлемін самұрық білдіреді. Адам баласының дүниетанымы, талғам түсінігі әлемнің тұтастығын, өлшеусіз шексіздігін түйсіну осындай қарапайым, адамға етене таныс оқиғалармен суреттеледі. Ендеше Ұлы ғаламдық қасиеттер де адамның кіші әлемінің бойынан көрінсе керекті. Әлемдік құрлысты түсіндіретін қалық аңызында жерді көк өгіз көтеріп тұр делінеді. Ол өгіздің үлкендігі сондай, бір ғана мүйізінің ұзындығы жерден кокке дейін. Өгіз алып кеменің (балықтың) үстінде тұр. Кеменің үлкендігі сондай, ұзындығы 650 жылдық жол дейді. Кеме алып мұқиттың үстінде жүзіп жүреді. Ал мұқит кұдайдың құдіретімен көтеріліп тұр, асты бос кеңістік. Бұл аңыз, аңызда болса, маңыз деп қараған жөн болар. Бабаларымыздың бұл теңеуін түсіну қиын, тек, білеріміз біз біле бермейтін, ғылым анықтай қоймаған, немесе фантазиялық әсірелеу күшінің шарықтауы деп қана қарауға бармыз. Айтылғанның мәнін өзіміз терең түсіне алмай, бабаларымыздың дүниетанымы анайы болған ба, деп қарауымызға болмас. Арада өткен дандайсыған көңіл, дәйекті дәлелден алыстата береді де, ақиқат көмескілене бастайды. Пайымдап қараған кезде шындықты тануға болады. Ой жіберіп көрелік...
Мұқиттың асты бос, құдайдың құдіретімен тұр. Яғни шетсіз де шексіз аспан әлемі деген ойға саяды. Ал мұқит дегені ғарыш бағыты болса (метагалактика), оның үстіндегі кеме Күн жүйесі (галактика) болар. Ал көк өгіз... сол Күн жүйесіндегі нысандардың бірі - Жер планетасының ишара бейнесі болар. Көк өгіз, ел аузындағы сиыр судан делінетін сөздің негізі, белгі-бейнесі дегенге саяды, олай болса, Жерді су көтеріп тұр деген түсінік қой. Құрлықтың шеті суға барып тіреледі.
Құдық іздеп жер шұқысаң кез келген жерден су шығады. Мұны тани білген бабаларымыз тұрмыстық бұйымдарда да осы тіршілікті ишаралап бейнелеген. Бұл ишараларды да олардың толық білмегендігінен деген ой тумаса керек, себебі дін тәртібіне келсек қолмен ұстап, көзбен көрмегенді дәлдеп айту ғайбат, сондықтан да көкірегі кең, көзі ашық, Әлемшарды ат үстінде жүріп жұлдызға қарап таныған, жер-судың негізін біліп, тау-тастың атын толғаған, дана да саңлақ бабаларымыз Жетіқат жер астын біліп, Жеті қабат көктің көбесін білсе де, ишаралап, тұспалдап, жұмбақтап жеткізе білген. Бізге өте-өте алыста қалған біраз білім дүниелері оларға бізден гөрі таяулау болды емес пе? (Осы тұста офтальмолог жазушы, зерттеуші ғалым Эрнст Молдашевтің «От кого мы произошли?» деген және оның 1, 2, 3,4, 5- томдарын оқыған жанның «жетінші көзінің» ашылуына жол болады демекпін. Әрине, талай жаугершіліктен із-түзсіз жоқ болған дүниелерді білмеген мүскіндерге сыры терең саналы дүниені түсіну мүмкін де емес, оларды кіналаудан аулақпыз, бірақ, үлкен түсіністік пен қарайтынына сенеміз, сондықтан да бізге өлмей жеткен ертегі еріккеннің ермегі емес(Б.Т.С.) Мәселен, сырмақ, текемет сияқты төсеніштердің шетіне салынған ирек көмкерме әшекейді «су жүгірту» дейтіні белгілі. Яғни төрт құбыла да суға барып тіреледі. «Жерді су көтеріп тұр» - деген сөз, тіршіліктің негізі, көтеруші күші - бәрінің бастауы судан деген мағына берсе керек. Бұл туралы қазақ «Суға түкірме», «Суға қарап дәрет сатпа», «Дәрет алғанда көл жағасында тұрсаңда суды ысырап етпе», «Су Сүлеймендікі...», «Сусыз өмір жоқ» «Судың буы жазда жаңбыр,қыста қар» (БТС) деген сияқты ұлағатты да, тыйым сөздер айтқан. Қазақ қалқы суды ерекше қасиетті деп есептеген. «Бар тіршіліктің басы - су», -деген пікір құранда жиі кездеседі екен. Барлық мақұлықты Аллаһмыз судан жаратты. Олардың кейбіреуі баурымен жорғалайды, бірі екі аяқпен, енді бірі төрт аяқпен жүреді...» (24 сүре, 45аят) «Барлық нәрсені ол келістіріп отырып, талғамына үйлестіріп жасады,... оның негізін судың бір тамшысынан қалады...» (32 сүре, 7-9 аяттар) «..жанды мақұлықтың барлығын судан жараттық» (21сүре,30 аят)
Ел аузындағы көне жырларда, әфсін-аңыздарда «Маһтан шығып маһиға, сапар шектім баһиға», - деген сөз кездеседі. Мұның мағынасы да осы айтылғандарға сәйкес. Мәселен Маһ
су, маһи - жою, жоғалу, баһи - мәңгілік. Яғни, судан жаралып, фәниден өтіп, мәңгілікке жетесің деп түсіну керек. Терең фәлсафалық танымның тұжырымы, бар бейнесі қысқа ғана нақыл сөзбен шебер берілген. Дүниеге келу - Ұлы сапардың басталуы, өмір; о дүниеге қайту - сапардың жалғасы; сапарсоңы - мәңгілік, баһи.
Адам жаны ұдайы жетіле беруге тиіс. Дами келе руһ Нұрға айналады, иәки Аллаһға қауышады - Ұлы Нұрға құйылады.
Тариһи даму сатысының барлық кезеңіндегі өзгермейтін бір ақиқат осылай түсіндірілген...
Ол, Он нұр немесе он түрлі ізгілік, кезінде Мұса пайғамбар қалдырған тас кітаптағы он өсиетті білдіреді. Бұл өсиеттер Мұһаммет пайғамбардың һадистерінде де бар:
жаратушыны бір деп тану
адамды құдайға теңгермеу
жеке адамға табынбау, орынсыз
Аллаһны ауызға ала бермеу
Аллаһның берген адал ризығын тыныштықпен жеп, жеті күннің
бірінде дем алып отыру
ата-ананы сыйлау және жақсы көру
наһақ кісі өлтірмеу
зинақорлықтан сақтану
ұрлық жасамау
ғайбат сөйлемеу, кісіге жала жаппау және
іштарлық жасап қызғаншақ болмау.
Әлемнің жоғарыдағыдай түсінігі, дүниетанымның бір бейнесі көнеден келіп жеткен ескерткіштерде аз кездеспейді. Солардың бірі тұнжыраған бас бейнелер сынтастардағы тәсім — сызықтар мен суреттер. Кейбір сынтаста (бәдізде) құмыра мен құс ұстап тұрған кісі бейнесі. Енді бірінде балық пен кесенің суреті, ал құстың орнына қауырсын немесе оның тәсімдік бейнесі салынады. Бұл бейнелер терең ойды білдірсе керек. Құс - көк аспан, құмыра ыдыс сұйыққа (су) арналған. Кісі бейнесі — тіршілік. Ұғына түссек, астыңғы, ортаңғы, һәм үстіңгі әлемнің бірлігі деген түсінікті білдіретін жәдігер екендігі көрінеді, Дүниені құраушы төрт тектің басын біріктіруші ғарыши бағытын білдіретін жұлдыз әлемі — ғаламшар. Сонымен көк өгіз (су), көк өскін (жердегі тіршілік), көк аспан яғни бүкіл Ұлы ғаламшар құрылымының бір түсінігі көгілдір — Нұр Әлемін құрайды. Қазақтың шөпті жасыл демей, көк деп айтуының өзі осындай ұлы үндестікті түсінуінен болар.
Көгілдір Нұр Әлеміне Жер нысанасының өзі де кіреді.
Ғарышкерлердің айтуы бойынша ғарыштан қарағанда жер нысаны мөлдір көк болып көрінеді екен. Бабаларымыз ғарышқа ұшпаса да көңілмен - көгілдір әлемді болжап білген шығар. (Бір ескерер жай және ізденіп, оқып білуді кажет ететін нәрсе... алғаш өмірде адам жаратылғанда, олар құрлықта да, суда да, аспан ғаламында да еркін өмір сүрген дейді-міс. Осының дабір шындық сыры бар сияқты-ау... БТ).
Сырт көрінісін ғана атап қоймай, мұндай таным, түсініктің ішкі мазмұны да қалықтың пайымдаулары мен оның һәм дүниетаным деңгейін білдіреді. Әлемдік тылсымды танып, білу жолындағы әрекеттер құдірет күштердің құпияларын ашуға және түсінуге мүмкіндік береді. Тылсым күштерді түсіндірудің ғұрыптық көріністері мен түрлі тыйымдар, салт-дәстүрлер пайда болды. Солардың бірі көне ескерткіштерден көрінетін әлемді ұстаушы негізгі заңның, ұлы күштің тектік бейнесі. Адам жаны ұдайы дамып, жетіле отырып Ұлы Нұрға қауышады. Дүниенің шар тарапынан келіп бойға құйылатын Нұр бар. Шартарап деп аспани бейненіалсақ,көктен жауатын Аллаһның нұры деген мағына шығады. «Дүниенің шығысы да, батысы да Аллаһнікі. Жүзіңді қай жакка қаратсаңызда Аллаһ сол тараптан табылады» ( 2 - сүре, 115 аят). Ежелгі түсінік бойынша үш саны ерлік сипатты білдіреді «Ер кезегі үшке дейін». Ал әйелдік сипатқа төрт саны ие «Төртқұбыла, шартарап», Әйелдік және еркектік сипаттардың бірігуіне жалпы жұптық бейне, яғни тұтастық үш, төрт, жеті көрінеді. Әлемді құраушы бөліктердің саны жетіден болуы осыдан шықса керек. Біз «Жер - Ана» дейміз Жер - Ата немесе қара жер - әке деген сөз жоқ. Бұл да төрттік бейнеден шығатын түсінік. Яғни Жердің бейнесі текше (куб) оның жағы шаршы әйелдік сипатты мезгейді. Болмысты біліп айтсын, білмей айтсын Адам баласы «Жер - Ана дегенде ішкі бір әсерлі күшпен саналы түрде екшелеп, Ұлы үйлесімділікті түйсініп түсінгені болар. Аллаһның ирада бейнесі деген осы болар. Қалықтық зерденің жоғары болғанын бабалар сөзі, іс- шарасы, кәсіби болмысы ұрпактан ұрпаққа жеткізіп отыр. Мысал ретінде бір әңгімеден үзінді келтірейік. «Сырымға бір малшысы сізге «бере сал», - деп еді деп, екі жапырақ ескі шүберек береді. Сырым шүберекті Тана Қоске би мен Бөкен биге көрсетеді. Сонда Бөкен би былай дейді. Мынаны шаршылап кесіпті-ау. «Басым байлаулы, аяғым тұсаулы» дейді ғой, шамасы. Мынаны үшкүлдеп... «сенің сүйегіңмін» дейді гой. Осы әңгімедегі әйелдік һәм еркектік бейненің көрінісі терең ойды білдіріп тұрғанын байқаймыз. Екі жапырақ шүберекпен айтылған сәлемнің соңы өмірдегі ауқымы үлкен оқиғамен аяқталады. (Балалар, әрі қарай 1994 ж. 1-ші қаңтардағы «Ақжелкен журналынан өздерің оқып алуға тырысыңдар). Терең зердені танытатын, әлемдік танымның көрсеткіші боларлық мұндай мысалдарды көп келтіруге болады.