Байланысты: Оқу құралы Кәсіби лидерлік негіздері 2018
екіншісі: заман талабына және әлеуметтік жағдайға сәйкес келмейтіні, ал жаңа бағдарлама туралы: «Жаңа программ бұл екі кемшілікті жойып, барлық пәндерді ұйымдастырып, үндестіріп, барлық мектепті бір салаға салып, бір арнамен ағызғандай «бірегей еңбек мектебі» қылып отыр». деп жазды.
Оқу бағдарламалары: «Күзгі комплекс», «Қыс басы», «Қысқы тұрмыс», «Қыс аяғы», «Жазғытұрым»... деп аталған.
Ж. Аймауытов екі түрлі бағдарламаны салыстырмалы түрде талдай отырып, жаңа ГУС бағдарламасының тиімділігін атап айтты. Жаңа бағдарламада берілген барлық материал жыл мезгілдеріне қарай жіктелген, табиғатта болатын өзгерістер мен құбылыстар, адамдардың еңбегі, іс-әрекеттері барлығының арасында үйлесімділік пен сәйкестік бар екенін ескергенін мына ойларынан білуге болады: «Әрбір құбылыс, әрбір нәрсе өзінің болатын кезінде қолма-қол көріп отырып зерттеледі. Мысалы: шөп шабу, жиын-терін, гүл-шешек, құрт-құмырсқа, күз жайлы қысты күні сөйлеуге, оқытуға болмайды. Сол сияқты қыста болатын нәрселерді: қардың қалың түсуін, мұз қатуды, малдың астын күтуді, сырғанақ тебуді... жазғытұрым, не күз басында оқытуға жол жоқ. Күзді күні құс қайтуды, жапырақ сарғаюды, қораның жыртық-тесігін бүтіндеуді көктем кезінде сөз қылудың жөні жоқ». Бағдарламада Ж. Аймауытов сабақ тақырыптарын жыл мезгілдеріне байланысты: оқушылардың өтілген материалдарды жақсы қабылдауына, көздеріне елестетуіне және оқуды өмір мен табиғат құбылыстарымен, яғни тәжірибемен байланыстыруға қолайлы екенін айтқан. Бұл баланың дүниетанымың қалыптасуы мен білімінің кеңейуінің нағыз көрнекілігі.
Дегенмен Ж.Аймауытов өз елінің нағыз лидер азаматы ретінде бағдарламаның жетістіктері мен бірге кемшіліктерінде көре білді.
Қазақстанның барлық мектептерінде бір бағдарламамен оқытуға болмайды деді. Себебі Қазақстанның жері, жаратылысы, өсімдігі, жан-жануары, ауасы, соның салдарынан тұрмысы, кәсібі әр алуан болса, сонымен қабат үй салуында, киімінде, аспап, құралында, әдет-ғұрпында, ән-күйінде, тілінде, мінезінде де ерекшеліктеріне байланысты оқу бағдарламасының мазмұны қазақ тұрмыс жағдайларына әлі де болса толық сәйкес келмейтінін айтты. Ұсынылған бағдарламанының керек жерін пайдаланып, әр алуан әр елдің мектептері өз жағдайына лайықтап, толықтырып, өзгертіп, бағдарлама құрастыру керек деді. Сонымен баланың қалыптасуына мен дамуына қоршаған және әлеуметтік ортаның әсер ететінін айта келе әр мектепке оқу бағдарламаларын тиімді жасауды ұсынған.
Қазақтың зиялы қауымының бірі – Т. Шонанұлы оқу-ағарту, әдебиет пен тіл майданындағы көшбастаушылардың қатарында болды. Ол А. Байтұрсынұлы, М. Жұмабайұлы тәрізді лидерлермен бірлесе отырып, еліміздің болашағы, мәдениеті, әдебиеті, ғылымы үшін бар талант-жігерін жұмсады.
Елде жергілікті жағдайлары ескерілген мектептер санын көбейту, ана тіліндегі білімді тегін алу, балаларды оқыту екі жыныс үшін бірдей деңгейде жүргізуді іске асыру, мектептерді мемлекет есебінен қаржыландыру міндеттерін жүзеге асыру жолында еңбек етті. Т. Шонанұлы қазақ тілін білмеу ұлттық құлдырауға және мәдениеттің жойылуына әкеледі деген пікірде болды.
Т. Шонанұлының кітаптары кезінде 100 мыңдаған таралыммен шығып, бүкіл қазақ арасына, алыстағы ауылдарға тараған және 1922-1937 жылдар аралығында 12 жыл бойы қайта-қайта жаңарып, шығарылып отырған. Т. Шонанұлы оқулықтарын бастауыш сыныптарға, жаңа сауаттанып жүрген ересектерге және 1923 жылдан кейін қазақ тілін мемлекеттік тіл ретінде оқи бастаған ұлт өкілдеріне арнаған. Ол бастауыш сынып педагогикасы мен әдістемесін қатар меңгерген. Оған қоса еміле, тіл дамыту, хрестоматия, қазақ тілін оқыту әдістемесі сияқты әртүрлі салаларды қамтыған.
Т. Шонанұлы бастауыш білім беру, сауат ашу мәселелеріне бірден-бір өнімді үлес қосқан ғалым. Сол себепті оны қазақ бастауыш мектебінің теориялық әрі практикалық негізін қалаушысы деуімізге болады. Тағы бір ерекшелігі оқулықтарының құндылығы күні бүгінге дейін өз мәнін жоймаған.
1926 жылы педагогика тіл білімі саласында өзіне ұстаз тұтқан замандасы А. Байтұрсынұлымен бірге «Оқу құралы» атты үлкен хрестоматиялық еңбек және ҚазПИ-дің (қазіргі Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті) доценті М. Жолдыбаев және А. Байтұрсыновпен бірге «Жаңа арна» оқулығын шығарған.
Т.Шонанұлының «Диаграммдар – графиктер қандай болады?», «Жаңалыққа жетекші», деген әдістемелік кітаптары және «Орыстарға қазақ тілін үйрету әдісі жайында», «Ересектерді сауаттандыру әдісі», «Дауыстап оқытудың әдісі» т.б. ғылыми мақалалары А. Байтұрсынұлының «Баяншы», «Әліппе астары», «Нұсқаулар» сияқты еңбектерінің жалғасын тапқан.
Сонымен қатар 1930 жылы Б. Майлин мен С. Мұқановтың 4 сыныпқа арналған «Колхоз ауыл» атты оқулығы мен Ғ. Мүсіреповтың 2 сыныпка арналған «Жаңа ауыл» атты оқулықтары жарық көрді; 1934 жылы 5-7 арналған қазақ әдебиеті мен тарихының бағдарламалары оқулықтары; 1935 жылы көрнекті әдіскерлер Ғ. Бегалиев, С.Жиенбаевпен бірлесіп «Бастауыш мектептегі қазақ тілінің әдісі» атты көлемді еңбек және 3-4 сыныпқа арналған бағдарлама шықты. Бағдарламада:
- көркем шығармалардың мағанасын, идеясын ашып көрсету;
- әңгіме, ертегі, өлең, мысалдарды танып, талдай білуге үйрету;
- көркем әдебиеттің өткен қоғамдық өмірде, қазіргі әлеуметтік құрылыста қандай мәні бар екені жөнінен алған білімін қорту;
- әдебиет сабағының басқа пәндермен айырмашылығын үйрету.
Мектепті жаңаша құру мақсатында өздерінің өмір сүрген кезеңдерінде қазақ зиялы қауымының лидерлік іс-әрекеттері мен идеялары бүгінгі күнгі жас ұрпақты оқыту мен тәрбиелеуде өзектіліктері арта түспесе кемімеді.
XX ғасырдың басында қазақ зиялыларының бір ғана ғылым саласымен шектеліп қоймағаны тарихтан белгілі. Себебі ол кезеңдегі қоғам талабы, заман қажеттілігі солай болды.
Қазақстанда педагогика ғылымының қалыптасуына зор ықпал еткен, 1930 жылдары репрессияның құрбаны болған қазақ ағартушыларының ішінде педагогикалық мұраларымен ерекшеленетін лидер тұлғалардың бірі: көрнекті дәрігер, педагог, қоғам қайраткері, ғалым, профессор Х. Досмұхамедұлының кәсіби лидерлік іс-әрекеттерін айтпау кету мүмкін емес.
Х. Досмұхамедұлы көптеген жауапты қызметтерді атқара жүріп, ұлттық мектептердің жаңа жүйесін құруға, олар үшін төл оқулықтар даярлауға, ұлттық ғылыми терминология жасау ісіне белсене қатысты. Ана тілінде әртүрлі ғылым саласына байланысты оқу-құраларын дайындау, көрнекті қазақ зиялылары Ж.Аймауытов, М.Жұмабайұлымен бірлесе педагогика-психология, әдебиет, тіл ғылымы жайлы кітаптар жазуы – сол кездегі аса зәру қажеттіліктен туындаған еді.
Х.Досмұхамедұлы еңбектерінде этнопедагогика мен этнопсихология саласындағы тұжырымдары, құнды пікірлері ерекше орын алады.
Ғалымның 1928 жылы Ташкентте орыс тілінде жарияланған «Казахская народная литература» деген еңбегінде, қазақ халқының ауыз әдебиеті – тәлім тәрбиенің негізгі қайнар көзі деген идеяны ұсынады. Автор қазақ әдебиетінің қандай жанры болмасын, тәлім-тәрбиелік мазмұнға бай келетінін, онда көшпелі халықтардың өмір салты, психологиясы жан-жақты көрініс табатынын айтады. Х.Досмұхамедұлының пайымдауынша, ұлттық тәлім-тәрбие сәбилік, бозбалалық, жастық шақ кездерінде, айтыс, ән-күй, өлең-жырларының мазмұнында жақсы көрінеді. Яғни қазақ баласының шыр етіп дүниеге келгеннен бастап кәмелетке толғанға дейінгі тыныс тіршілігі ән мен жырдың құшағында өтеді. Ал, мұның жас буын тәрбиесінде маңызы ерекше.
Қазіргі балалар психологиясының негізгі қағидалары Х.Досмұхамедұлның түйінділерінен алшақ кетпегенін: «Әдетте оның ең бірінші еститін үні – анасы айтқан бесік жырының әуені» деген ойынан білеміз. Х.Досмұхамедұлының педагогикалық қызметінің тағы бір қыры – этнопедагогикалық терминдерді ұсынуында. Автор олардың қатарына жоқтау, жұбату, көңіл айту, айтыс, терме, сыңсу, наным-сенім, насихат, толғау, билік сөз, тыйым т.б. жатқызады. Аталған ұғымдардың мән-мағынасын былайша түсіндіреді: