Адамның дене мүшелеріндегі кем-кетік атаулары басқа сөздермен
алмастырылады.
Қазақ тіліндегі эвфемизмдердің тек қана тыйым салынған сөздерге байланысты ғана емес, этика, эстетика нормаларына қарай дәрігерлік этикаға байланысты туғанын төмендегі мысалдардан көруге болады.
Адам бойындағы кейбір кемшіліктерге байланысты да бірнеше эвфемизмдер жасалынған. Мысалы: «соқыр» сөзінің орнына «көзі көрмейді», «керең» сөзінің орнына «құлағының мүкісі бар», «құлағы қағыс естиді», «құлағы естімейді» тіркестерін қолданады. Сондай-ақ “шолақ” сөзінің орнына «қолы жоқ», «жалғыз қолды», «ақсақ» сөзінің орнына «аяғының ақауы бар», «аяғын сылтып басады» деп айтады. Сонымен бірге «жынды», «есалаң» сөздерінің орнына «ақылынан адасқан, «есінен айырылған» тіркестері қолданылады. Бұл эвфемизмдер тек қана ауызекі тілде ғана емес, ғылыми шығармаларда, көркем әдебиеттерде де қолданылады.
Туа біткен немесе кеселді дерттердің салдарынан болатын адамның дене, ақыл-ой кемістігін білдіретін – ақсақ, шолақ, соқыр, пұшық, бүкір, керең, саңырау сияқты жағымсыз сөздер де естіген құлаққа ауыр тиетіндіктен кемтар, мүгедек деген жалпы ұғымды білдіретін эвфемизмдермен не болмаса эвфемистік мағыналы басқа сөз тіркестерімен ауыстырылып отырады. Мысалдар: Он үш жасында шешек ауруының салдарынан қос жанарынан айырылды. Кеше ғана тұлымы желпілдеп ойнақтап жүрген қарақаткөз жеткіншек осылайша мүгедек болып қалды. Жылдар өткен сайын көзінің зағиптығы жанына бата берді. Николай Островский, белгілі жазушы, азамат соғысының батыры, «Дауылда туғандар» атты шығармасын екі көзі көрмей әз болып қалған кезде, қатты ауру шағында жазған. Ауруға не ылаж, не амал бар, жақында таңқы мұрын самал болды. Мүкіс тартқан кәрі құлағының үстіндегі кимешегін кейін жиырып қойып, басын жоғары көтере бере, құлағын төсей түседі.
3. Мағынасы айтушы мен тыңдаушыға бірдей соншама жағымсыз дөрекі сөздер алмастырылады.
Кейде эвфемизмдер адамның бойындағы кішіпейілділік, сыпайылық қасиеттеріне байланысты да туады. Мысалы: кәрі адамды – қарт, жасы келген мосқал адам деп те атайды. Сол сияқты екіқабат әйелді «жүкті», «аяғы ауыр», «көжеге тойып қапты» деп атайды
Сонымен бірге қоғамда орын алған керітартпа әдеттерді де эвфемизмдер арқылы атап көрсетеді. Мысалы: «жезөкшелік» сөзінің орнына «жеңілтектік», «темекіші» - «шылымқор», маскүнем «ішімқор» деп атайды. Өйткені бұл да аурудың бір түрі болып саналып, емделушіге сөз ыңғайсыз, дөрекі болып көрінбесін деген ойдан келіп шыққан эвфемизмдер.
Қазақ халқының бала тәрбиелеудегі алға қоятын мақсаты – баланың үлкенге ізетпен, сыйласымдықпен қарауы, баланы сөзді ойлап, өлшеп сөйлеуге үйретіп, оның бойындағы қасиеттерді сыпайы атауға баулиды. Ата-бабаларымыз әсіресе адамның кейбір дене мүшелерін тура айтуға тыйым салған. Оларға адамның дене мүшелеріндегі аталық, аналық белгілерді табумен «ұятты жер» деп бұрмалап айтқызған.
Адам дене мүшелерінде қолданылатын эвфемизмдер тек ауызекі тілде ғана емес, көркем шығармаларда да кездеседі. Мысалы: «насыбай» (кішкене ұл баланың жыныс мүшесі), әйел адамның аналық белгісін «қос анар», «қос алма» деп атайды.
Медицина лексикасындағы эвфемизмдердің бір тобы адам бойындағы кейбір физиологиялық құбылыстар атауларының бұрмаланып айтылуына байланысты жасалынған. Адам бойындағы физиологиялық құбылыстардың барлығы табиғи болып саналғанмен, олардың кейбіреулері тура атауға ыңғайсыз болғандықтан, белгілі бір этикалық нормаларға сәйкес бұрмаланып жанама аталынады. Бұндай «ұятты» процестердің атаулары табуға айналып, тілде тура қолданылмайды. Олардың орнына эвфемизмдер пайдаланылады.
Адам ағзасындағы физиологиялық процестерге байланысты туған эвфемизмдердің көбісі әйел ағзасына байланысты болып келеді. Мысалы, баланың туылуында «бала тапты», «туды» деп айту дөрекілік болып саналады да, оның орнына «босанды», «баланы дүниеге әкелді», «баланы өмірге әкелді» деп немесе тұрмыстық деңгейдегі сөз қолданысында бір-екі жаманым бар еді, мұндай боқмұрын біздің үйде де бар, тікенегі сыртына шықты деп айтады. Бұл құлаққа жағымды естіліп, тілдің майдалылығын, шеберлігін, көркемдігін білдіріп тұрады. Сол сияқты ұл баланы мұсылмандық белгісі ретінде жыныс мүшесінің ұшын кертіп кесіп, терісін айналдыру процесінің дөрекі атауының орнына «сүндетке отырғызу» деген эвфемизмді қолданады.
Әйел баласының 13-14 жасынан бастап келетін «менструальдық циклі» болады. Ауызекі тілде бұл процестің атауы эвфемизмдер арқылы айтылады. Мысалы: «қонақ», «етеккір», «мейман», «қызыл», «айлық». Сол сияқты әйелдің баланы уақытынан бұрын тууын білдіретін сөздер «бала тастады», «баласы өлі туды» сияқты тіркестер кімде-кімнің болмасын құлағына жылы тие қоймайды. Бұл жағдайда «әйелдің уақытына жетпей босануы», «түсік» сияқты эвфемизмдер қолданылады. Сонымен бірге әйел адамның ана бола алмауын білдіретін «бедеу» сөзі де дөрекі болғандықтан, көбінесе «пұшпағы қанамаған», «құрсақ көтермеген» сияқты эвфемизмдер қолданылады [56;65]
Эвфемизмдердің қалыптасуына әсер ететін себептердің енді бірі ас қорыту процесінің нәтижесінде адам организмінен сыртқа бөлінетін заттар мен соларға қатысты кейбір ұғымдардың құлаққа оғаш немесе жағымсыз естілетін атауларында жатыр. Мәселен, адамның ішінен шығатын, тамақ қорытуына байланысты пайда болатын, анайылау түрде естілетін осырық, осыру сөздерінің орнына жел, жел шығару, жидіту, мүңкіту эвфемизмдері қолданылады. Мысалдар:
Біраздан кейін бізге батқаны жарық емес, ішетін тамақ пен адамның табиғи қажеттері. Қараүлекке күзеттірген үйдегі Зейнеп ел жатқан кезде «сыртқа шығар» деп күзеттегі құлдың мазасын алды. Мылқау Қараүлек «шаруасын бағана неге бітірмеді екен» деп, піскен бауырсақтай томпиған жас тоқалдың көңілін қимай, сайға алып барған. Қазақ тілін білетін орыс-қазақ арқылы ол түзге отыруға рұқсат сұрады. Итбай дәрет сындырып боп, Асқар екеуі үйге беттегенде, алдарынан Бүркітбай шықты. Бір жақтан келе жатып Алдайбай деген кісінің үйіне қонған екен, түнде төсегіне несебі жүріп, ұялғанынан таң біліне аттанып кетіпті. Бұл сияқты эвфемизмдердің қатарына үлкен дәрет, кіші дәрет, зәр, нәжіс деген сөздерді де жатқызуға болады [57;121]
Сонымен, медицина лексикасына байланысты туған эвфемизмдер бірнеше жолдар арқылы жасалынады екен. Олар:
Ескі діни наным-сенімдерден, ырымшылдықтан атын атауға тыйым салынған «киелі аурулар» есебінен;
Дәрігерлік этикаға байланысты жасалынатын эвфемизмдер;
Адам бойындағы сыпайыгершілік, адамгершілік қасиеттеріне байланысты айтуға жеңіл, сыпайы сөздермен айтуға қатысты жасалынады.
Ауру атауларының орнына латынша термин сөздерді қолданылу барысында жасалынады.
Достарыңызбен бөлісу: |